19 Қараша 2025, 19:06
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ағымдағы эпидемиологиялық жағдайға қатысты баспасөз конференциясы өтті. Оған денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері – денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова, денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов қатысты.
Тимур Сұлтанғазиев «Жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл сайын республикада ЖРВИ-дің 3-4 млн және тұмаудың 2 мыңға дейінгі дерегі тіркеледі. Биылғы эпидемиологиялық маусым басталған 1 қыркүйектен бері елімізде ЖРВИ-дің 1 461 819 оқиғасы анықталған, бұл өткен эпидемиологиялық маусым кезеңімен салыстырғанда бұл 20%-ға төмен. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 963 847 адам ауырған (65,9%). Ал соңғы аптада елде ЖРВИ-дің 183 074 жағдайы тіркелген, бұл өткен маусымдағы ұқсас аптадан 16%-ға жоғары. Эпидемиялық маусым басталғалы бері тұмаудың зертханалық расталған 590 жағдайы, оның ішінде А типінің (H3N2) 587 дерегі (Қазақстанда 2001 жылдан бері тіркеліп келе жатқан Гонконг тұмауы деп аталады), А (H1N1) типінің 3 дерегі тіркелді.
«Соңғы кездері әлеуметтік желілерде «гонконг» вирусы деп аталатын вирустың айналымда жүргені туралы қауесет қатты таралуда. Ол халық арасында тұмау штаммының жаңа немесе әдеттегіден тыс түрінің таралуы туралы жалған сенім тудырады. Осыған байланысты «гонконг» вирусы деп аталатын А (H3N2) тұмауы жаңа вирус емес екендігі туралы ресми түрде түсіндірме бергім келіп отыр. Ол алғаш рет 1968 жылы анықталған, содан бері әлемде үнемі айналымда жүрген вирус. Қазақстанның аумағында да бұл вирус көп жылдан бері бар және ол маусымдық эпидемиологиялық кезеңде тіркеледі. Биыл тұмаудың айналымы 41 аптада, яғни қазанның бірінші жартысында анықталды, бұл өткен эпидемиологиялық маусымнан сәл ерте. Қазақстанның аумағында бұрын айналымда болмаған тұмаудың жаңа түрлері анықталған жоқ. ЖРВИ және тұмау белгілері бар пациенттер тұмау емес вирустарға да тексеріледі. Жалпы республика бойынша 3 мыңнан астам үлгі зерттелді, риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус, коронавирус, РС вирусы, метапневмовирус айналымы анықталды. Олар ағымдағы маусымдағы вакциналық штаммдарға толығымен сәйкес келеді, бұл аурудың ауыр түрлерінің алдын алуда вакцинацияны өзекті және тиімді етеді. Бүгінгі күні елімізде тұмауға қарсы 2,1 млн адам вакцина алды, егу А (H3N2) қоса алғанда, өзекті айналымдағы штамдардан қорғауды қамтамасыз етеді», — деді ол.

Денсаулық сақтау министрлігі халықты эпидемияға қарсы қорғауды қамтамасыз ету және уақтылы медициналық көмек көрсету мақсатында келесідей шараларды жүзеге асыруда: Аурудың маусымдық өсуіне байланысты МСАК ұйымдарының жұмысы күшейтілді. ЖРВИ және тұмау белгілері бар пациенттер үшін медициналық ұйымдарға кіре берісте «сүзгі» кабинеттері ұйымдастырылған. Эпидемияға қарсы температуралық және дезинфекциялық режимдердің талаптарын сақтау қатаңдатылған, мекемелердің санитариялық жағдайына бақылау жүргізілуде.
Жұқпалы аурулардың маусымдық күшеюі кезеңінде респираторлық белгілері бар пациенттердің ағындарын бөле отырып, қосымша төсектер дайындалды. ЖРВИ және тұмаумен ауыратын пациенттердің 80% -ға жуығы амбулаториялық деңгейде емделуде. Пациенттерге МСАК деңгейінде медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 995 мобильді бригада, 1792 сүзгі кабинеті, оның ішінде жүкті әйелдер мен балалар үшін 1097 кабинет ұйымдастырылды. Жедел медициналық көмекті 1618 бригада көрсетеді.
Инфекциялық стационарлар мен мамандандырылған ауруханалардың инфекциялық бөлімшелерінде стационарлық көмек көрсету үшін қосымша резервтік 1987 төсекті (ересектер - 3791, балалар - 7038) ескере отырып, 10829 төсек-орын ұйымдастырылды. 2025 жылғы 18 қарашадағы жағдай бойынша 8239 пациент (ересектер - 1430, балалар - 6809) емдеуге жатқызылды, республика бойынша төсек-орынмен қамту 76% -ды құрайды. Инфекциялық бөлімшелердің шамадан тыс жүктелуі байқалмайды - барлық өңірлерде сырқаттанушылықтың одан әрі өсуі жағдайында төсектердің жеткілікті резерві бар. Вирусқа қарсы және дене қызуын төмендететiн препараттардың, жеке қорғаныш құралдары мен дезинфекциялау құралдарының жеткiлiктi қоры қамтамасыз етiлген.
«Білім беру және балаларды тәрбиелеу ұйымдарында оқушылар мен қызметкерлердің сырқаттануы мен сабаққа қатысуына күн сайын мониторинг жүргізіледі. ЖРВИ және тұмау белгілері бар балаларды анықтау үшін күнделікті таңертеңгі «сүзгі» ұйымдастырылады, температуралық және дезинфекциялық режимдердің сақталуы қамтамасыз етіледі. Халық арасында ЖРВИ/тұмау және COVID-19 алдын алу мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы санитариялық-ағарту жұмыстары жалғасуда. Халық көп жиналатын жерлерде ақпараттық жадынамалар, нұсқаулықтар, плакаттар, бейнематериалдар орналастырылған. Жұқтыру қаупін төмендету үшін қарапайым алдын алу шараларын сақтауды ұсынамыз: адамдар көп жиналатын жерлерге, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу, үй-жайларды үнемі желдету, қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдалану, тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру, балабақша, мектептерге жібермеу керек», — деді денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу