2019 жылдың соңына дейін студенттер жатақханаларында қосымша 4 мыңнан аса орынды пайдалануға беру жоспарланған — ҚР БҒМ

2018 жылы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев студент жастардың тұру жағдайларын жақсарту тұрғысынан Үшінші әлеуметтік бастаманы іске асыру аясында 2022 жылдың соңына дейін кем дегенде 75 мың орынға жатақхана салуды тапсырды, бұл алдағы жылдардағы қажеттілік өсімін ескере отырып, мәселені толықтай шешуге мүмкіндік береді. Бұл үшін Елбасының атап өткеніндей, ЖОО-лар мен колледждерді МЖӘ қағидаларын қолдана отырып, студент жатақханаларын салуға және жөндеуге ынталандыру қажет. Аталған бағытта елімізде қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы PrimeMinister.kz шолу материалынан оқыңыздар. 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде республикада 69 жоғары оқу орны мен 105 колледжге 90 484 төсек орнына студенттердің жатақханалары қажет.

«Жатақханаларда орындар беру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: 2019 жылы – кем дегенде 5 мың орын, 2020 жылы – 15 мың орын, 2021 жылы – 25 мың орын, 2022 жылы – 30 мың орын», — делінген хабарламада.

Тапсырманы орындау мақсатында оқу орындары мен жеке секторды студенттер жатақханаларын салу (реконструкциялау) жобаларына қатысуға ынталандыруға бағытталған арнайы тетік жасалды, нормативтік-құқықтық база әзірленіп, қаржыландыру көлемі анықталды.

Бес әлеуметтік бастама жарияланғаннан бері 4 771 орын берілді. Осы жылдың IV тоқсанында қосымша 4 020 орынды беру жоспарда бар. Осылайша, 5 мың төсек орны жоспарымен 2019 жылдың соңына қарай 8 791 төсек орны беріледі (жоспардың асыра орындалуы 3791 орын немесе 75,8%), оның ішінде 5 211-і мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы беріледі.

Қазіргі уақытта 26 676 орынға 63 жоба жүзеге асырылуда: 33 келісімшарт жасалды, оның аясында 10 594 төсек орнын пайдалануға беру көзделген.

Сонымен, Нұр-Сұлтан қаласында — 4, Алматыда — 6, Шымкентте — 2. Қарағанды облысында — 4, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында 3 жатақханадан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда облыстарында — 2-ден. Батыс Қазақстан облысында — 1 жатақхана. 2019 жылы жасалған келісімдер аясында 4 970 орын пайдалануға беріледі.

Оған қоса, Оператордың қарауында 1 550 төсек орнына арналған 7 өтінім бар. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс тетігіне қатысу мәселелері бойынша 14 532 орынға 23 жеткізушімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Ведомствода атап өтілгендей, жергілікті бюджет пен демеушілік қаражат есебінен 928 орынға 8 жатақхана құрылыс сатысында: Атырау облысында (7), Алматы облысында (1) (2019 жылы пайдалануға беру – 388 орын, 2020 жылы – 640 орын).

Осы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша Шымкент қаласында 1 443 орынға арналған 8 нысан пайдалануға берілді («Кайпова» ЖК – 350 орын, «Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы» АҚ – 250 орын), Алматы қаласында (ҚазИТУ – 188 орын), Ақтау қаласында («Гусейнов» ЖК – 180 орын, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті – 170 орын), Қарағанды қаласында ​​(«Рыспаева» ЖК – 100 орын, Қарағанды ​​гуманитарлық колледжі – 100 орын), Семей қаласында («Қайнар» жоғары колледжі – 105 орын).

Жалпы, тапшылықтың орнын толтыру үшін 184 нысанды пайдалануға беру жоспарланған, оның 20-сын — реконструкциялау арқылы, 164-і – құрылыс арқылы.

Айта кету керек, жаңа жатақханалардың құрылысы 169 жер телімінде жүргізіледі, оның 44-ін әкімдіктер бөлген, 125-і білім беру мекемелері мен инвесторлардың меншігінде. Жобалық-сметалық құжаттамада 12 419 орынға 28 нысан қатынасы көрсетілген. 62 ЖСҚ әзірлену үстінде.

45 нысан бойынша жаңа орындарды пайдалануға беруді қаржыландыру білім беру ұйымдарының өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады деп жоспарлануда. 71 жобаны іске асыру үшін инвесторлардың қаражатын тарту жоспарлануда, 23 — білім беру ұйымдары мен инвесторлардың бірлескен қаржыландыруы арқылы құрылады. 23 жоба бойынша қаржыландыру көздері анықталып жатыр.

Studdom.fincenter.kz сайтында құрылыс салушылардың шығындарын оңтайландыру үшін студенттік жатақханалардың үлгілік және жеке жобаларынан тұратын ЖСҚ банкі құрылды.

Бұдан өзге, республикалық бюджетте студенттерге, магистранттар және докторанттарға жатақханадарда орын беру бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қаражат қарастырылған (2019 жылы – 1 млрд тг, 2020 жылы – 4 млрд тг, 2021 жылы – 10 млрд тг). 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу