Экологиялық бастамалар және заңнаманы жетілдіру — 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның геология және табиғи ресурстар саласының дамуы

Бүгін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2021 жылғы қызметінің қорытындылары мен 2022 жылға арналған міндеттері бойынша алқа отырысы өтті.

 

Орман шаруашылығын жүргізудің негізгі міндеті – 2027 жылға қарай үздіксіз орман орналастыруға көшу — Ә. Шалабекова

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова Орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және балық шаруашылығы комитетінің 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын орындауы және қызмет қорытындылары туралы баяндады.

2021 жылы жоспарға сәйкес 138 млн дана ағаш отырғызылды. 2022 жылға жоспарланған орманды молықтыру көлемі 112 мың га алаңда жүзеге асырылады, отырғызылатын ағаштар саны 279 млн дананы құрайды. Ағаштарды отырғызу бойынша цифрлық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында интерактивті карта және OrmanMap мобильді қосымшасы әзірленді.

Анықтама: ағаш өсіруге арналған алаңдармен 100% қамтамасыз етілген. Ағаш отырғызу үшін отырғызу материалдарын өсірумен қатар, жеке көшеттіктерден 40 млн отырғызу материалын сатып алу жоспарланып отыр. Биыл бизнесті жеке көшеттіктер мен тез өсетін ағаш бұталарының плантацияларын дамытуға және құруға ынталандыру мақсатында шығындарды 50%-ға дейін өтеуге 707 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Геодеректер базасына ҚР облыстары бойынша Ормандарды молықтыру және ағаш өсіру бойынша бекітілген кешенді жоспарлардан мәліметтер енгізілді. Интерактивті карта облыстар бойынша барлық жоспарланған көрсеткіштерді картографиялық түрде көрсетуге, сондай-ақ бекітілген жоспарлардың сапалы орындалуын бақылауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының Аралдың құрғаған түбіне сексеуіл екпелерін отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 2021 жылы 100 мың гектар жерге фито-орман мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. 2022 жылы 250 мың гектар жерге егу жоспарланған.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік орман қоры аумағында орман өрттерінің 751 жағдайы тіркелді, жалпы ауданы – 167 мың га. Өрттерден келген жалпы залал 6,3 млрд теңгеден асты. Өткен жылы мемлекеттік орман қоры аумағында 9780 м3 көлемінде заңсыз ағаш кесудің 397 жағдайы анықталды. Шығын 152,7 млн теңгені құрады. Заңсыз ағаш кесуге Шығыс Қазақстан облысының орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінде (4200 м3) және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында (4054 м3) үлкен көлемде жол берілген. Ағаштарды заңсыз кесудің барлық фактілері бойынша материалдар құқық қорғау және сот органдарына берілді.

Орман өрттерінің ең көп аудандары Қостанай, Алматы, Ақмола, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген. 

2021 жылғы кезеңде мемлекеттік орман қоры аумағында 9780 текше метр көлемінде заңсыз ағаш кесудің 397 жағдайы анықталды. 

Анықтама: облыстық атқарушы органдардың және басқа да мемлекеттік орман иеленушілердің қарамағындағы ормандарда 5 359 м3 көлемінде заңсыз ағаш кесудің 131 жағдайы тіркелді. Залал 99,8 млн теңгені құрады; Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарамағындағы ормандарда 4 421 м3 көлемінде заңсыз ағаш кесудің 98 жағдайы тіркелді. Шығын 52,9 млн теңгені құрады. ҚР бойынша барлығы 94,8 млн теңге сомасына талап қойылды; өндірілгені – 11,2 млн тг. Соттар 7 қылмыстық іс пен 55 әкімшілік істі қарады.

2014 жылдан бастап 2021 жылға дейін мемлекеттік орман қорында 24,7 млн га (82,3%) алаңда орман жайластыру жұмыстары жүргізілді. 2022-2024 жылдары бұл жұмыс жалғасатын болады. Орман жайластырудың негізгі міндеті – 2027 жылға қарай үздіксіз орман орналастыруға көшу. Осылайша, орман жайластыру жұмыстарының мерзімділігі (әрбір 10 жыл сайын орман мекемелері, 15 жыл сайын табиғи парктер мен резерваттар, 25 жыл сайын қорықтар) қалпына келеді, орман орналастыру жобаларының мерзімін өткізіп алу мәселесі шешілетін болады.

Анықтама: орман жайластырудың жақын келешекке арналған негізгі міндеті — орман басқарудың бірыңғай тізбегін – орман орналастыруды – геоақпараттық жүйелерді құру. Ол үшін мыналар жоспарланған:

1) Орман шаруашылығы жүйесіне үздіксіз орман орналастыруды енгізу және орман шаруашылығы мекемелеріне бағдарлама модулін тарату мақсатында кәсіпорын әзірлеген SOLI_N бағдарламалық кешенін жетілдіру;

2) Орман жайластыру бойынша бірыңғай деректер базасын құру үшін бастапқы құжаттардың деректер базасын құрудың пилоттық жобасын әзірлеу және «Орманшылық» автоматтандырылған бағдарламалық кешенін (ақпараттық жүйе) өндіріске кезең-кезеңмен енгізу – 2022-2025 жж.;

3) 2023 жылы «Жасыл аймақ» РМК базасында үздіксіз орман орналастыруды жүргізуді пысықтау мақсатында пилоттық жобаны іске қосу, «Жасыл аймақ» РМК өндірісіне тиісті ұйымдастыру техникасымен және бағдарламаларымен қамтамасыз ете отырып, ГАЖ бағдарламаларымен жұмысты енгізу;

4) 2027 жылы үздіксіз орман орналастыруға көшу.

Мемлекеттік ұлттық табиғи паркте (МҰТП) экологиялық туризмді дамыту Туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. 2021 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға (ЕҚТА) келушілердің жалпы саны шамамен 1,5 млн адамды құрады. Экотуризмнің негізгі драйвері — құрамына 4 МҰТП («Алтын емел», «Көлсай көлдері», Іле-Алатауы және Шарын) аумақтары енгізілген Алматы өңірінің тау кластері. Бүгінгі таңда инвесторлар 2,2 млрд теңге көлемінде жобаларды іске асырды.

Анықтама: шарттың талаптарына сәйкес 2021-2025 жылдары аталған саябақтарда 26,5 млрд теңге көлемінде инвестициялар жоспарланып отыр. Болжамды кезеңге қарай күтілетін туристер ағыны 2 млн-нан астам адамды құрайды және 1200-ден астам жұмыс орнын құрады.

Қазіргі уақытта МҰТП-да Іле Алатауы, «Көлсай көлдері», Бұйратау және Жоңғар Алатауы ЕҚТА қолданғаны үшін Kaspi.kz қосымшасы арқылы төлем жасауға болады.

Өткен жылы 2179 кешенді рейд және 624 тексеріс жүргізілді, оның ішінде 1113 табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтар анықталды, оның ішінде аң аулау бойынша – 416, орман бойынша – 697. Браконьерлікпен күресу үшін жыл сайын ЭГТРМ ІІМ және ҰҚК бірлесіп «Киік» акциясын өткізеді.

Анықтама: көрсетілген бұзушылықтар бойынша 1089 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде аң аулау бойынша – 400, орман бойынша – 689 адам. 12,2 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды, оның 10,6 млн теңгесі өндірілді.

2020 жылы 2146 рейдтік іс-шара және 648 тексеріс жүргізілді. 1243 хаттама толтырылды. 1841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 12 149,35 мың теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды, 11486,7 мың теңге сомасына өндіріп алынды.

Өткен жылы заңнамалық деңгейде келесі жұмыстар жүргізілді:

  • босалқы жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне қайта ауыстыру тәртібі регламенттелді;
  • зейнеткерлерден, мүгедектерден, ардагерлерден, еңбек ардагерлерінен және мектеп жасына дейінгі балалардан ақы алуды болдырмау бойынша заңға түзетулер енгізілді;
  • мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің учаскелерін 25 жылға дейін ұзақ мерзімді пайдалануға беру мерзімі қысқартылды;
  • Парламент депутаттарының белсенді қолдауымен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданды.

«Мүмкіндікті пайдалана отырып, Парламент қарауында жатқан мынадай заң жобаларын қолдауды сұраймыз: Өсімдіктер әлемі туралы және оған ілеспе заңнамалық акт, ЕҚТА-дағы экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі заң жобалары», — деп атап өтті Ә. Шалабекова.

Биыл Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстар жалғасатын болады:

- 2 млрд ағаш отырғызу, сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған түбінде отырғызу;

- жануарлар дүниесін сақтау және өсімін молайту бойынша;

- экологиялық туризмді дамыту бойынша.

Жалпы қуаты шамамен 10 мың тонна балық өндіретін, 280-ге жуық жұмыс орнын құрумен және 3 млрд теңгеге жуық жеке инвестицияларды тартумен 9 инвестициялық жоба іске асырылды.

Индустриялық инвестициялық жобалармен қатар, табиғи су айдындарында 156 жаңа көл-тауар және торлы шаруашылық құрылды.

Өткен жылы бизнес үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында заңнамалық деңгейде бірқатар түзетулер қабылданды, олар балық шаруашылығы субъектілерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік берді.

Қолданыстағы 25% инвестсубсидия түріндегі мемлекеттік қолдау шараларымен, сондай-ақ жем-шөп шығындарын 30% субсидиялаумен қатар, мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары қосымша енгізілді.

Балықтардың уылдырық шашу кезеңінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. ЭГТРМ, ІІМ және ҰҚК бірлескен бұйрығы аясында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре» балық қорғау акциясы өткізілді.

Қорғау іс-шараларымен қатар, жыл сайын табиғи су айдындарының балық ресурстарын сақтау және өсімін молайту жөнінде шаралар қабылданатынын атап өткен жөн. Бұл — көктемгі және күзгі кезеңдерде балықтарды құтқару, қысқы кезеңде қатуға қарсы іс-шаралар, сондай-ақ бағалы балық түрлерін жасанды жолмен молайту.

Балық ресурстарын тұрақты пайдалану балық шаруашылығы су қоймаларын бизнеске ұзақ мерзімді бекіту институтының арқасында қамтамасыз етіледі. Соның негізінде бизнес балық аулауға бекітілген лимиттер шеңберінде балық ресурстарын пайдалану құқығын алады. Балық ресурстарын сақтау жөніндегі осы іс-шаралар кешенін жүргізу балық аулау көлемін 2020 жылғы 45 мың тоннадан 2021 жылы 48 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Балық шаруашылығы субъектілерінің қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған балық аулау саласындағы заңнама жетілдірілді, бұл оларды балық ресурстарын ұтымды пайдалануға және су айдындарын бекіту тетігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға ынталандырды.

Сонымен қатар 2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен Бесінші Каспий саммитін іске асыру үшін Мемлекет басшысы өткен жылдың қазан айында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР заңына қол қойды. 

2022 жылы балық саласында мынадай міндеттер белгіленген:

Бірінші. Балық өсіру көлемін 13 мың тоннадан 23 мың тоннаға дейін ұлғайту.

Екінші. «Акваөсіру туралы» заң жобасын Үкіметтің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізу.

Үшінші. Балық шаруашылығына мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу.

Төртінші. Балықты қадағалау жүйесін енгізу.

 

Су ресурстары – елдің тұрақты дамуының маңызды элементтерінің бірі — С. Қожаниязов 

Өз кезегінде, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Министрліктің су саласын дамыту бойынша 2021 жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары және 2022 жылға арналған жоспарлары туралы баяндады.

Қазақстан трансшекаралық ағын суларға тәуелді, сондықтан шекаралас елдермен өзара тиімді ынтымақтастық елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторы екені белгілі. Трансшекаралық ағынға Арал-Сырдария, Жайық-Каспий және Шу-Талас бассейндері неғұрлым тәуелді.

«Сырдария өзенінің бассейні бойынша Өзбекстанмен бірлесіп Қырғыз Республикасы және Тәжікстан Республикасымен электр энергиясымен тауар алмасуды жүзеге асырамыз, бұл Тоқтоғұл және «Бахри-Точик» су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз етеді. Мәселен, өткен жылы осындай шаралардың арқасында жоғарғы су қоймаларынан қазақстандық тараптың қажеттіліктері үшін қосымша 700 млн м3 су ағызылды. Қырғызстанмен бірге Шу және Талас өзендерінің бассейндері бойынша Мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі комиссия шеңберінде Орта Тоқой және Киров су қоймаларының жұмыс режимдерін, сондай-ақ мемлекетаралық пайдаланудағы арналар арқылы су беру кестелерін бекітеміз», — деді С. Қожаниязов.

Жайық өзенінің бассейні бойынша 2018 жылдан бастап су аздығы байқалады. Осының салдарынан Жайық өзенінің ағыны орташа көп жылдық мәндермен салыстырғанда 2 есе азайды. Су аз жылдары Жайық өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту үшін су аз жылдары ең жоғары шығыстарға жақын тасқын ағынын қамтамасыз ету үшін гидрологиялық режимге бірлескен зерттеулер жүргізу жөніндегі Бірыңғай жол картасы іске асырылуда.

Одан бөлек, 2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасы қабылданып, іске асырылуда.

Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының шеңберінде Ертіс, Іле, Емел, Текес, Үлкен Ұласты өзендері бойынша іс-шаралар іске асырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, трансшекаралық ағынға тәуелділікті азайту және суармалы жерлерді қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және қайта жаңарту және суару каналдарын цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Су басу қаупін жою және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында апаттық су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда, 16 гидротехникалық құрылыс қайта жаңартылды, оның ішінде 2021 жылы Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында орналасқан 4 нысан (Қызылағаш, Үйдене бас тоғаны, Әйтек, Досан Қарабас) қалпына келтірілді.

9 жаңа су қоймасын салу аясында өткен жылы Түркістан облысындағы «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы пайдалануға берілді. Қалғандары бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Республикалық бюджет және халықаралық қаржы ұйымдарының (Ислам Даму банкі, Еуропалық Даму және Қайта құру банкі, Дүниежүзілік банк) қарыздары есебінен 1050 км суару каналдары қайта жаңартылды, бұл 78 мың га қалпына келтіруге және 13 мың га суармалы жерге сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік берді. 

Бұдан басқа 2021 жылы каналдардағы 6 мыңға жуық гидротехникалық құрылыстар қайта жаңартылды және тік дренаждың 95 ұңғымасы қалпына келтірілді. 16 канал цифрландырылды. Нәтижесінде су шығыны 273 млн м3 азайды.

Анықтама: ЕҚДБ қарыз қаражаты есебінен Ақтөбе (15,7), Жамбыл (51,3) және Түркістан (25,7) облыстарында жалпы алаңы 92,7 мың га жобалар іске асырылуда.

ИДБ қаражаты есебінен – Алматы және Жамбыл облыстарында жалпы ауданы 136,9 мың га, жалпы құны – 53,2 млрд теңге. Іске асыру кезеңі – 2018-2024 жылдар. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары Дүниежүзілік банктің қарызы есебінен – 106 млрд теңге, оның ішінде РБ – 74 млрд теңге. 101 мың га суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсарту.

Су тартудың барлығын алатын болсақ 12,1 текше километр тұрақты суаруға келеді. Оның ішінде 11,8 км3 4 оңтүстік облысқа тиесілі: 1,25 млн га суармалы алаңы бар Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Яғни, бұл суаруға арналған су тартудың 97% және ел бойынша барлық суармалы алаңның 78%.

Бұл ретте 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республика бойынша су үнемдеу технологияларымен қамтылған алаң 258 мың гектарды құрады, оның ішінде оңтүстік өңірде 1,25 млн гектардың тек 5,4%-ы немесе 67,7 мың гектары ғана енгізілген. 

Су аз болғанда 2021 жылғы вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде өте қиын өтті. Уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде фермерлерді көп шығынсыз суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды.

Ағымдағы жылдың вегетациясы да қиын жағдайда өтеді. 

Алматы облысында суару алаңы 472 мың га құрайды. Су ресурстарының тапшылығын азайту мақсатында облыс әкімдігі ылғал сыйымды дақылдардың, оның ішінде Балқаш ауданында күріштің 1 мың га егістігін төмендетуді жоспарлап отыр. Облыстың барлық су қоймалары жинақтау режимінде.

Жамбыл облысы бойынша суару алаңы 182 мың га құрайды.

Қырғыз тарапымен уағдаластыққа қарамастан, мемлекетаралық су объектілері бойынша келісілген көлемдерді толық алмау тәуекелі бар. Бұдан басқа, облыс бойынша суару желілерін қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, суармалы суды беру айналма каналдар арқылы жүзеге асырылатын болады, бұл тиісінше судың жоғалуына әкеледі.

Осыған байланысты, облыс әкімдігіне су үнемдеу технологияларын барынша қолдану, сондай-ақ суару технологияларын сақтау бойынша фермерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды. 

Кезектілікті сақтай отырып, су айналымы әдісімен шаруашылықтар арасында су бөлу жұмыстары жалғастырылатын болады.

Жалпы, осы екі облыс бойынша алдағы вегетация өткен жылдың деңгейінде өтеді деп жоспарлануда. 

Сырдария өзенінің бассейні ерекше алаңдаушылық тудырады. 

Алдын ала есептеулер бойынша ағымдағы вегетация аралық кезеңде Шардара су қоймасына ең төменгі ағын күтіледі.

«Біз Шардара су қоймасын толтыруда, өзеннің төменгі ағысына төгуді шектеуде үлкен қиындықтарға тап боламыз. Вегетациялық кезеңнің басынан бастап өзеннің төменгі ағысында 2 млрд м3 астам су жетіспеді. Бүгінгі күні Шардара су қоймасы мен Көксарай контрреттегішінде өткен жылмен салыстырғанда 770 млн м3 аз су жинақталған. Осы және күтілетін төмен ағындылықты ескере отырып, келісілген болжамға сәйкес су қоймасын толтыру өте қиын болады. Соның салдарынан Түркістан және Қызылорда облыстарының фермерлерін суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар проблемалар, сондай-ақ Арал өңіріндегі экологиялық жағдай нашарлауы мүмкін», — деді С. Қожаниязов.

Қызылорда облысы бойынша (251 мың га) магистралдық және шаруашылықаралық каналдарды механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде, 67 қосымша сорғы сатып алу жоспарланып отыр (Үкімет резервінен жалпы сомасы 3,7 млрд теңге қаражат бөлу бойынша Қаржы министрлігімен және әкімдікпен жұмыс жүргізілуде), сондай-ақ суармалы суды ұтымды бөлу және су бөлу бойынша шаралар қабылданатын болады.

Бұдан басқа, өткен жылдың тәжірибесі бойынша суару кезектілігі және коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану қолданылатын болады. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, әкімдікке күріш егісін қысқарту ұсынылды.

Түркістан облысы бойынша (484 мың га) Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы Достық каналына байланған алқаптардағы күріш егістерін алып тастау ұсынылды.

Сондай-ақ, магистральды және шаруашылықаралық каналдарды тазарту, коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану үшін қосымша сорғыларды сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Сырдария өзенінің ағысын ескере отырып, Көксарайға су жетпеу қаупі жоғары (барлығы 300 млн м3 дейін немесе жобалық көлемнің 10%). Осыған байланысты Түркістан облысының әкімдігіне Көксарай контрреттегіші ауданындағы егістікті алып тастау ұсынылды.

Вегетациялық кезеңге дайындық шеңберінде АШМ, ЖАО, су шаруашылығы ұйымдары мен фермерлер өкілдерінің қатысуымен Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында көшпелі кеңестер өткізілді.

Өткізілген кеңестердің қорытындысы бойынша әрбір облыс бойынша әкімдіктер мен фермерлерге ұсынымдар, сондай-ақ бассейндік инспекциялар мен «Қазсушар» РМК-ға фермерлерді суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету министрліктің басым міндеттерінің бірі.

Министрлік топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылады.

2021 жылы Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында 5 топтық су құбыры пайдалануға берілді. Сондай-ақ тестілік режимде Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы 3 нысан (жалпы ұзындығы 800 км) бойынша сапалы ауыз су беріліп жатвр.

Осылайша, 5,8 мың адам тұратын 5 ауылдық елді мекен сапалы ауыз суға қол жеткізді және 203 мың халқы бар 51 АЕМ мен 3 қалада (Жезқазған, Сәтбаев, Макинск) сумен жабдықтау жақсартылды.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы (Нұра топтық су құбыры, Есіл топтық су құбыры, Булаев топтық су құбыры) 50 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген магистральдық сумен жабдықтау желілерінің жоғары тозуына байланысты (желілердің тозуы 65%-дан жоғары) пайдаланушы ұйым оларды күтіп-ұстауға айтарлықтай шығындар көтереді. Өз кезегінде министрлік жоспарлы қайта жаңартуды жүргізуде, бұл су құбыры желілеріндегі су шығынын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді (2025 жылға дейін).

«Жоғарыда айтып өткенімдей, елдегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралармен қатар, шектес елдердің аумағынан келетін су ағынының қысқаруы болжануда. Ел ішінде де, одан тыс жерлерде де антропогендік әсерді ескере отырып, 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы шамамен 23,2 км3 құрауы мүмкін. Негізгі себептері: трансшекаралық су ағындарына жоғары тәуелділік, суды пайдалану тиімділігінің төмендігі, су шаруашылығы инфрақұрылымының тым тозуы, уәкілетті органның құрылымының жетілмегендігі мен жасақталуының төмендігі, ғылыми сүйемелдеудің әлсіздігі болып табылады», — деді С.Қожаниязов.

Осы проблемалардың бірқатары қазірдің өзінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде шешілуде, оған сәйкес 2025 жылға қарай суару кезіндегі шығынды 4 км3 қысқарту, ал өнеркәсіпте таза су алу көлемін 1,3 км3 азайту жоспарлануда.

Анықтама: 7,4 мың шақырым суару желілерін реконструкциялау, 212 арнадағы су есепке алуды цифрландыру және 16 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау бойынша іс-шаралар кешенін іске асыру есебінен 4 км3 суару кезіндегі ысырапты қысқарту жоспарланып отыр. Өнеркәсіпте таза су алу көлемін 1,3 км3 қысқарту айналым және/немесе қайта сумен жабдықтау көлемін ұлғайту есебінен жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес қазіргі уақытта келіссөз процестеріндегі Қазақстанның ұстанымын күшейтуді, Су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларының кадрлық әлеуетін нығайтуды көздейтін мемлекеттік су саясатын іске асыру бойынша негізгі тәсілдер әзірленуде. Бұл тәсілдер белгіленген мерзімде Үкіметке енгізілетін болады.

1. Келіссөз процестеріндегі Қазақстанның ұстанымын күшейту үшін мемлекетаралық өзара қарым-қатынастардың аса маңызды мәселелерінің шешімдерін әзірлеу жөніндегі Ұлттық су кеңесін құру қажет.

2. Жоспарланып отырған министрліктің штат санын қысқарту есебінен Су ресурстары комитетінің кадрлық әлеуетін арттыру және оның бассейндік инспекцияларын күшейту.

3. Ғылыми-негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау және мемлекетаралық келіссөз жүргізу ұсынымдарын әзірлеу үшін Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын (ҚазСШҒЗИ) күшейтіп, оның құрамында су ресурстары мен су шаруашылығы проблемалары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығын құру қажет.

Өз кезегінде, ұсынылып отырған шараларды іске асыру үшін заңнамалық өзгерістер талап етіледі және бірінші кезекте жаңа Су кодексін қабылдау қажет (Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде берген тапсырмасы).

Жаңа Су кодексі бойынша жұмыс басталды.

«Шет елдердің су заңнамасына және су ресурстарын басқару саласындағы тәжірибесіне талдау жүргізілді. Ашық НҚА порталында және министрліктің интернет-сайтында орналастырылған реттеу саясатының консультативтік құжаты әзірленді және Әділет министрлігімен келісілді. Жаңа Су кодексінің және ілеспе заң жобасының Тұжырымдамасы әзірленді. Сарапшылармен және ғылыми ұйымдармен консультациялар өткізілді. Су кодексінің жаңа редакциясының тұжырымдамасы жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Су кодексінің жалпы бөлігінің жобасы әзірленді, ерекше бөлігі және ілеспе заң жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Аталған мерзімде жаңа Су кодексінің жобасы Президент Әкімшілігі мен Парламент Мәжілісіне енгізілетін болады», — деді вице-министр.

Заң жобаларын Парламентке енгізу мерзімі – 2023 жылдың бірінші жартыжылдығы. Су кодексінің жаңа редакциясындағы негізгі ережелер мыналар:

Бірінші. Елдің су ресурсы әлеуетін сақтау.

Екінші. Су пайдаланушыларды су үнемдеу технологияларын пайдалануға ынталандыратын тетіктерді айқындау.

Үшінші. Су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуды қолдау үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдануды ынталандыратын тариф белгілеу моделін құру.

Төртінші. Қазақстанның су ресурстары әлеуетінің моониторингін цифрландыру, есепке алу және болжау, сондай-ақ су ресурстарын басқарудағы ғылымның рөлін арттыру.

Бесінші. Ұлттық заңнаманы халықаралық құқық принциптерімен үйлестіру.

«Енді биылғы жылға арналған жоспарлар туралы. Апатты су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жұмыстары жалғастырылады. 2022 жылдың соңына дейін Шығыс Қазақстан облысында 3 апатты су қоймасы (Үйдене, Шар, Қарғыба) қалпына келтіріледі. 9 жаңа су қоймасын салу аясында 2025 жылға дейін Қызылорда облысында Қараөзек су қоймасын салу басталады және 5 су қоймасын салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталады», — деді вице-министр.

Республикалық бюджет және халықаралық қаржы ұйымдарының (Ислам даму банкі, Еуропалық даму және қайта құру банкі, Дүниежүзілік банк) қарыздары есебінен шамамен 1720 км магистральдық және шаруашылықаралық арналар (оның ішінде 712 км GEBL-2) қайта жөнделеді, бұл 80 мың га қалпына келтіруге және 24 мың га суармалы жерде сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, арналардағы шамамен 14 мың гидротехникалық құрылыс қалпына келтіріліп, 676 км коллектор қайта жөнделеді. 23 арна цифрландырылды. Жоғарыда аталған шараларды іске асыру нәтижесінде жыл сайынғы су шығыны 458 млн м3 азаяды.

Сондай-ақ, Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында ұзындығы 194 км топтық су құбырларын салу мен реконструкциялаудың 5 жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл халқының саны 300 мыңнан асатын 94 ауылдық елді мекенде сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.

Анықтама: бұдан басқа, министрлік ауыз сумен жабдықтаудың 18 жобасын іске асыруды бастау үшін бірінші нақтылауға 3,6 млрд теңге мөлшерінде бюджеттік өтінім жіберді. Атырау және Қызылорда облыстарында халқының саны 4 мың адам болатын 6 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау салынып, қайта жөнделіп, қамтамасыз етіледі және жақсартылатын болады.

 

Қызылорда, Атырау облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында жосықсыз қоқыс орындары толық жойылды — З. Жолдасов

ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасовтың айтуынша, шығарындылардың нақты көлемі 2021 жылы 2,4 млн тоннаны құрады, бұл 2020 жылғы деңгейден 6%-ға төмен. Төгінділер көрсеткіші 9%-ға төмендеді. Шамамен 4,2 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзілген, бұл 2020 жылмен салыстырғанда аз. Қолданыстағы 3007 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының 2404-і экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмейді.

«2021 жылғы экомониторинг нәтижелері бойынша Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалалары атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейі сақталған»,— деді З. Жолдасов.

Ауаның ластануының негізгі себебі болып табылады:

● Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы жылу көздері (ЖЭО, қазандықтар), автокөлік және жеке сектор;

● Өскемен және Теміртау қалаларындағы өнеркәсіп;

● Ақтөбе және Атырау қалаларындағы ескірген кәріздік-тазарту құрылыстары. 

Экологиялық ахуалды жақсарту үшін ҚР Экология министрлігі келесі шараларды қабылдады:

1. өңірлерде экологиялық проблемаларды кешенді шешу бойынша Жол карталары іске асырылуда;

2. атмосфералық ауаның сапасын қамтамасыз ету бойынша «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының іс-шаралары орындалуда;

3. өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысына экологиялық реттеу және бақылау жүргізіледі;

4. анықтамалықтар әзірленеді және өндірістік объектілерде НТҚ енгізіледі;

5. парниктік газ шығарындыларын азайту жөніндегі Жол картасы әзірленді;

6. экологиялық заңнама жетілдірілуде;

7. бұрыннан болған ластау көздері жойылуда;

8. экологиялық шиеленіс ошақтарының картасы әзірленуде.

З. Жолдасов қабылданып жатқан шаралардың әрқайсына жеке тоқталды.

Жол карталары

Министрлік және облыстардың жергілікті атқарушы органдары жұртшылықпен бірлесіп, 485 іс-шараны қамтитын 16 Жол картасын қарап, бекітті.

  • Нұр-Сұлтан қаласындағы ЖЭО-1 және ЖЭО-2 су жылыту қазандықтары газға ауыстырылды;

  • Жанар-жағармай отын сапасын бақылау функциясын қарастыратын «Техникалық реттеу туралы» Заң қабылданды;

  • жасыл желектер алаңын ұлғайту бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді;

  • Алматы қаласында дизельді отынмен жүретін жолаушылар көлігін сатып алуға тыйым салынды;

  • «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіру жобасын, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының цехтарын жаңғырту және қайта құру жобасын іске асыру басталды;

  • «Қошқар-ата» бұрынғы ластау көзін жою басталды;

Жоспарланған:

  • Алматы агломерациясының іргелес 3 ауданын газдандыру (2023 жыл);

  • Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газға ауыстыру (2026 жыл).

«2025 жылға қарай жол карталарын іске асыру 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді», — деді З. Жолдасов.

 

«Жасыл Қазақстан» және эмиссияны төмендету

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында 16 ірі өнеркәсіп нысаны эмиссияларды 20%-дан 30%-ға дейін төмендету бойынша міндеттемелер қабылдады. Кәсіпорындар 2022 жылы Ұлттық жоспарға сәйкес эмиссия нормативтеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін эмиссияларды төмендету жөніндегі іс-шараларды әзірледі.

2021 жылы табиғатты қорғау шараларына 167 млрд теңге бөлінді. Мысалы, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» 2022 жылы «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырынан су тұтынуды 70%-ға дейін қысқартуды және қайта су пайдалануды ұлғайтуды жоспарлап отыр. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жаңа электр сүзгілерін салуды және эмиссияны 2025 жылға дейін 115 мың тоннаға төмендетуді жоспарлап отыр.

Бақылау-инспекциялық қызмет

2021 жылы экологиялық заңнаманың сақталуы бойынша 1032 тексеру жүргізілді. 3299 бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша 1760 ұйғарым берілді. 27 млн теңге сомасына 2046 әкімшілік айыппұл салынды және 7 млрд теңге мөлшерінде залалды өтеу туралы 530 нұсқама берілді. Сот шешімімен шаруашылық қызметті тоқтату туралы 148 талап қанағаттандырылды.

Ремедиация

Жергілікті жерлерде экологиялық заңнаманың жаңа нормалары мен қағидаттары қолданыла бастады. Мәселен, Қарағанды облысында «Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинаты» ЖШС жергілікті жер бедеріне заңсыз қоқыс тастаудың нәтижесінде қоршаған орта компоненттерінің жоғалған қасиеттерін қалпына келтіру бойынша ремедиация жүргізді. 

ҚТҚ мәселесін шешу

134 қала мен ауданда қалдықтарды бөлек жинау енгізілді, бұл 65% құрады, ал 96 елді мекенде қалдықтарды сұрыптау енгізілді. Қалдықтармен айналысатын 205 ұйым тіркелген.

«Біз қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 21%-ға дейін, яғни 2020 жылғы деңгейден 2,7%-ға арттыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта біздің алдымызда оларды кәдеге жарату үлесін 34%-ға дейін, ал өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жарату үлесін 46%-ға дейін арттыру міндеті тұр», — деді З. Жолдасов.

Бұрыннан бар ластау көздері проблемасын шешу бойынша да жұмыс жүргізілуде. Құрамында ПХД және тұрақты органикалық ластағыштар бар қалдықтарды жою мәселесін шешу бойынша өнеркәсіптік даму жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп қауіпті қалдықтарды жою жөніндегі қондырғыны Қазақстанға өтеусіз беру жөніндегі жоба пысықталуда.

Жосықсыз қоқыстарды жою

Ғарыштық мониторингпен 7 328 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды, 6 740 немесе 89% жойылды. Қызылорда, Атырау облыстарында және Алматы мен Шымкент қалаларында қоқыс үйінділері толығымен жойылды. Министрлікке жедел желі арқылы 479 өтініш келіп түсті, оның 54%-ы жосықсыз қоқыстарға тиесілі. Жүйелі мәселені шешу үшін қолданыстағы полигондарды жою және жаңа стихиялық полигондардың пайда болуына жол бермеу бойынша кешенді шаралар әзірленді.

Жүйелі шаралар:

1) жосықсыз қоқыстардың пайда болуының жолын кесу бойынша бірлескен бұйрыққа (ІІМ, ИИДМ, ЭГТРМ) қол қойылды;

2) тұрғындардың жосықсыз және контейнерлік қоқыс тастайтын жерлерге қатысты шағымдарына ден қою үшін қауырт желі құрылды;

3) қауіпті қалдықтарды қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындарды лицензиялау;

4) қоқыс шығаратын кәсіпорындардың тізілімі жасалды.

Көміртекті бейтараптық тұжырымдамасы

Қазақстан Париж келісімі бойынша 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15%-ға, яғни 56 млн тоннаға қысқарту міндеттемесін қабылдады. 2019 жылы парниктік газ шығарындыларының 1990 жылғы деңгейден 2,4%-ға төмендеуіне қол жеткізілді. Министрлік барлық негізгі нысандар үшін парниктік газ шығарындыларын азайту жөніндегі Жол картасын әзірледі.

«2060 жылға дейін көміртекті бейтараптық стратегиясының жобасын әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Ұлттық деңгейде айқындалатын салымды жаңарту жоспарланған, сондай-ақ 2025 жылға дейінгі перспективада көміртегі квоталарының Ұлттық жоспарын бекітеміз», — деді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы.

Ең үздік қолжетімді технологиялар

2025 жылдан бастап ең озық қолжетімді технологияларға көшу бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Ол үшін біз кәсіпорындарға технологиялық аудит жүргізе бастадық. Екі жыл ішінде 83 ірі компания технологиялық аудиттен өтті. НТҚ 4 анықтамалығы әзірленді (жылу энергетикасы, мұнай өңдеу, химия және цемент салалары). Биыл біз оларды бекітіп, тағы 4 анықтамалық әзірлейміз», — деді ол.

2023 жылдың соңына дейін барлығы 16 анықтамалық әзірленеді.

Экологиялық заңнаманы жетілдіру

2021 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексі күшіне енді, оның шеңберінде 133 құқықтық акт дайындалды.

Маңызды қысқа новеллалары:

1) ең озық қолжетімді технологиялар анықтамалықтарын әзірлеу және енгізу. Күтілетін нәтиже — технологиялық процестерді жаңғырту есебінен қоршаған ортаға эмиссияларды төмендету. Бірінші кезеңде шығарындылары елдегілердің 80%-ын құрайтын 50 ірі компанияны көшіру жоспарланған.

2) әсерді бағалауды жүргізу тетігі. ҚОӘБ-ны белгіленген қызметтің бастапқы кезеңінде жүргізу. Сараптаманың барлық кезеңдерінде жұртшылықты тарту. Тұжырымдамалық жобаны әзірлегенге дейін қызметті ең ерте кезеңде іске асыру туралы шешім қабылдау.

3) мемлекеттік жоспарлау құжаттарын стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ).

4) 1-санаттағы объектілер үшін шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін міндетті түрде енгізу және деректерді уәкілетті органға беру. Бұл бұзушылықтарға уақтылы жауап беруге және халықты сенімді және уақтылы ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

5) нақты әсерлерді жобадан кейінгі талдау.

6) экологиялық заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасуда.

Процестерді автоматтандыру

Процестерді цифрландыру аясында Бірыңғай экологиялық портал әзірленді. Порталға 3719 ӨЭК есептері келіп түсті, талдамалық деректер және олардың ашықтығы қамтамасыз етілді. Табиғат пайдаланушылардың санаттарын айқындау тәртібі цифрландырылды, бүгінгі күні 27 мың оператордың санаты айқындалды. Тіркеу автоматтандырылған және жұртшылық үшін қолжетімді қоғамдық тыңдаулар порталы құрылды.

Болашақта:

  • «сараптама», «рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыруды жетілдіру;
  • мемлекеттік экологиялық бақылауды автоматтандыру;
  • есеп беруді автоматтандыру (2-ТП ауа, 2-ТП су, ЛШТТ)

Экологиялық мәдениет пен тәрбиені қалыптастыру

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында ҚР ЭГТРМ халықтың экологиялық білімі мен мәдениетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

1. Орта мектептің 6-сынып бағдарламасына «Экология» жаңа курсы енгізіледі;

2. Экологиялық ағарту орталықтарының желісін (экостанциялар, үйірмелер және т. б.) құру және «Үздік экобілім беру ұйымы» жыл сайынғы ұлттық конкурсын өткізу жоспарланған;

3. Экологиялық білім беру жөніндегі медиа-жоспарды әзірлеу және іске асыру жоспарлануда;

4. Жергілікті және ұлттық деңгейде түрлі экошаралар мен акциялар өткізіледі. 2021 жылы «Birge taza Kazakhstan» акциясына 668 мыңнан астам адам қатысты. 55 мың тоннадан астам қалдық жиналды. Жиналған қоқыс сұрыпталып, қайта өңделді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу