16 Сәуір 2025, 19:22

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев пен ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиевтің қатысуымен «2025 жылғы өрт қауіпсіздік маусымына дайындық шаралары» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Нұркен Шәрбиев өз сөзінде еліміздің мемлекеттік орман қорының алқабы 31 млн гектарды, оның ішінде орманды жерлер 13,9 млн гектар құрайтынын атап өтіп, министрлік тарапынан мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, орман өрттерінің ауқымды алқаптарға таралуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылданып жатқанын баяндады.
Оның сөзінше, орман шаруашылықтарын жабдықтау нормалары мен нормативтері қайта қаралып бекітілді. Оларда өртке қарсы техника мен жабдықтардың тізімін кеңейтіліп, саны көбейтілді. Бұдан бөлек, Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен әзірленген, ірі орман өрттерін сөндіру үшін әкімдіктерде әуе жанармайы резервін құру бойынша заңнамаға түзетулерді Мәжілістің бірінші оқылымына, 23 сәуірде шығару жоспарланған. Сондай-ақ Үкіметтің №604 қаулысына орман шаруашылықтарын утиль төлем есебінен жабдықтау мүмкіндігіне қатысты өзгерістер енгізілді.
«Еліміздің оңтүстік өңірлері үшін өрт маусымы 26 наурыздан, батыс, солтүстік және орталық өңірлер үшін 7 сәуірден және шығыс өңірлер үшін 14 сәуірден бастап белгіленді», — деп хабарлады Нұркен Шәрбиев.
Осы ретте ол 2023 жылы Министрлік Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе бекіткен Алгоритм, табиғи өрттерді бірлесіп жоюда өзінің тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Оның сөзінше, орман шаруашылықтарын қамтамасыз етуге 2023-2027 жылдарға арналған жалпы қаржыландыру көлемі 68 млрд теңгеден аспайды. Бюджет тапшылығына байланысты республикалық бюджеттен қаржыландыру 8,7 млрд теңгеден 3,1 млрд теңгеге дейін қысқарды. Министрлік орман қорғау мекемелерін утиль төлем есебінен жарақтандыруды ұсынды. Сондай-ақ орман шаруашылықтарын жарақтандыру мақсатында лизинг арқылы 35 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 15 млрд теңге Министрліктің мекемелеріне қарастырылған.
Бүгінгі күнге жылдың басынан бастап 3,7 млрд теңгеге 136 шағын орман патрульдік кешені мен 60 трактор сатып алынды. Құны 11,3 млрд теңгені құрайтын қалған 166 өрт сөндіру машинасы, 27 шағын орман патрульдік кешені мен 15 трактор маусым айының соңына дейін сатып алынатын болады. Облыс әкімдіктері мекемелеріне утиль төлем есебінен лизингкке 20 млрд теңге бөлінді. Оған қоса қажетті техниканы сатып алуға жергілікті бюджеттерде 6,3 млрд теңге қарастырылған. Осылайша, биыл әкімдіктердің орман шаруашылықтарына жалпы құны 26,3 млрд теңгені құрайтын 186 өрт сөндіру машинасын, 186 шағын орман патрульдік кешенін және 247 тракторды сатып алу жоспарланған. Қабылданған шаралар еліміздің, орман өрті ең көп орын алатын, 11 өңірдің орман шаруашылықтарының техникасын жаңартып оларды 100 %-ке жарақтандыруға мүмкіндік береді.
«Орман өрттерiн анықтау мен жоюдың тиiмдi тәсiлдерінің бiрi – ормандарды авиациялық қорғау болып табылады. Мемлекеттік орман қорының неғұрлым жанатын учаскелерін бақылау үшiн ұшу уақытының 10453 сағаттық нормасы белгіленді», — деп атап өтті Нұркен Шәрбиев.
Ол орман өрттерін жоюдағы маңызды мәселе – оларды дер кезінде анықтау. Осы мақсатта орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу жалғасып жатқанын хабарлады. Жүйені енгізу нәтижесінде «Ертіс орманы» резерватының аумағында 2023 жылы бір өрттің орташа ауданы 11,6 гектардан 0,1 гектарға дейін түсті, бұл пайда болған өрттерді уақтылы анықтау мен жедел шара қолдануын көрсетеді. Елімізде осындай жүйелерiмен мемлекеттiк орман қорының 1,3 млн га қамтылған. Ағымдағы жылы жүйе бюджет қаражаты есебінен «Семей орманы» резерватында орнатылады және утиль төлем есебінен 23 орман шаруашылықтарында енгізілмек. Осылайша, жыл соңына дейін ерте анықтау жүйесі 5,6 млн га мемлекеттік орман қорын қамтиды.
Орман өрттерін алдын алу мақсатында:
• 11 мың км минералданған жолақтар мен өртке қарсы жыралар жасау;
• қолданыстағы 310 мың км минералданған жолақтарға күтім жасау;
• дала өрттерінің өтіп кетпеуі мақсатында 15 мың км көлемінде бақыланатын шөп өртеу жұмыстары жоспарланған.
Сондай-ақ орман шаруашылықтарымен орман өртін сөндіру станцияларының штаттары құрылып, тиісті оқытулар мен нұсқаулар жүргiзiлді. Бұдан бөлек, өртке қарсы техника мен жабдықтарды жөндеу жүргізілуде.
«Өрттердің ағымдағы жағдайына келетін болсақ, жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4831 га құрайтын 32 орман өрті тіркелді. Өткен жылдардағы ірі орман өрттерін талдау нәтижесіне сәйкес олардың туындауының негізгі себептері: өрттің даладан ауысуы мен құрғақ найзағай, ал таралу себептері: алшақтық, жетуге қиын жерлер және жол желісінің болмауы», — деді вице-министр.
Қазгидрометтің болжамы бойынша, биыл жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болады. Осыған байланысты облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша жан-жақты шаралар қабылдап, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік дайындыққа келтіруі қажет.
«Министрлік өз кезегінде ведомстволық бағыныстағы ұйымдарды толыққанды дайындау және мемлекеттік орман қоры аумағында ірі орман өрттерінің алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», — деп түйіндеді баяндамасын Нұркен Шәрбиев.
Өз кезегінде сөз алған ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев министрлік өрт қаупі бар кезеңі басталысымен әкімдіктер және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп, табиғи өрттердің алдын алу және халықты қорғау жұмысын белсенді жүргізуді бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша осы кезең қауіпсіз өтуі үшін бірқатар шара қабылданды. Атап айтқанда, Экология министрлігімен бірлесіп, ведомствоаралық жоспар бекітілді. Шекаралас мемлекеттермен табиғи өрттерге ден қою алгоритмдері пысықталды. Әр облыста аумақты тазарту және жырту жұмыстары жүргізіліп, орман-дала алқаптарында профилактика басталды. Қазіргі уақытта Министрліктің командалық орталығында тәулік бойы жедел топ жұмыс істейді.
«Былтырғыдай, өрт ошақтарының алдын алуға және ерте анықтауға басты назар аударылады. «Орман» және «Табиғат» ақпараттық жүйелері, орман шаруашылықтарының бейнебақылау деректері, космомониторинг және геожүйе арқылы өрт жағдайына мониторинг жүргізіледі. Қазіргі уақытта орманды аймақтарда тікұшақпен кезекшілік ұйымдастырылды. Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тікұшақтарын тарту алгоритмі бекітілді. Қауіпті аймақтарда ұшу аппараттары қолданылуда. Ахуалды аэровизуалды бақылау үшін күнделікті жүргізіледі. Министрліктің әуе тобы күшейтіледі», — деп атап өтті Ерлан Төрегелдиев.
Оның сөзінше, мамыр айында орман аймағында авиацияны тарта отырып, республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу, сондай-ақ өрт сөндіру бекеттері мен ерікті құралымдары бар өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өтеді. Ауылдық аудандарды қорғау деңгейін арттыру үшін «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы іске қосылды. Красная поляна, Қызылсуат, Жарсуат, Мәтібұлақ және Глуховка ауылдарында жаңа форматта 5 өрт сөндіру бекеті ашылды. Олар қажетті техника және жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Бүгінде 34 табиғи өрт және 405 қураған шөп өрті тіркелген. Табиғи өрттердің негізгі себептері адами факторға байланысты, атап айтқанда – құрғақ өсімдіктерді рұқсатсыз жағу және отты абайсызда пайдалану. Сондықтан БАҚ-да, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде арнайы ақпараттық науқандар басталды. Түсіндіру әңгімелері, мектептердегі қауіпсіздік сабақтары және басқа да акциялар өткізілуде. Полиция және әкімдіктермен бірлесіп, рейдтер мен патрульдер ұйымдастырылды. 400 жүзден астам адам жауапкершілікке тартылды.
Ерлан Төрегелдиев халықты өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауға шақырды. Атап айтқанда, ормандарда және ашық жерлерде от жақпай, шөп пен қоқысты күйдірмеген жөн. Сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастауға тыйым салынған. Ал өрт болған жағдайда 101 немесе 112 телефоны бойынша дереу хабарлау керек екенін еске салды.
#Экология министрлігі #ҚР ТЖМҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу