23 Қаңтар 2025, 16:15
Қазіргі уақытта еліміздегі су қоймалары, бөгеттер мен басқа да құрылыстардың беріктігі тексеріліп, тасқынға қарсы жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері мәлімдеді.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, Министрлік суару маусымында шаруаларды суармалы сумен үздіксіз қамтамасыз еткеннен кейін, су саласының барлық мамандары алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне белсенді дайындықты бастады.
«Былтыр Министрлік су қоймалары мен басқа да гидротехникалық нысандарды жаңғырту және жөндеу бойынша ауқымды жұмыс бастап, 20 жобаны іске асырумен айналысты. Бүгінде аяқталған құрылыстар туралы айтсам, Ақтөбе су қоймасына 36 жылда алғаш рет реконструкция жасалды. Бүгінде қойманың сыйымдылығы 245 млн текше метрге жетті. Ал, Батыс Қазақстан облысында соңғы 58 жылда алғаш рет Киров су қоймасы жөнделді. Бұдан бөлек, суару каналдары қалпына келтірілді», — деп атап өтті ол.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, аталған жұмыстардың нәтижесінде шаруалар мен фермерлерге қажетті суармалы судың сапасы жақсаруда.
Мәселен, Атырау облысында 41 жылда алғаш рет ұзындығы 74 шақырым болатын «Ақсай» каналы жөнделді. Ал, Астана су қоймасын реконструкциялау үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында Қандысу өзеніндегі су қоймасын қайта жаңғыртуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар еліміздің 16 өңірінде су тасқынына дайындық аясында жалпы ұзындығы 584 шақырым болатын 400-ге жуық бөгет жөнделді.
«Бұл жұмысты Су ресурстары және ирригация министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігі және әкімдіктермен бірлесіп іске асырып жатқанын атап өтемін. Оған қоса аталған мемлекеттік органдардағы әріптестерімізбен бірге 6 облыстың 84 елді мекенінде қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстарды салу, реконструкциялау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары. Бұл жұмыстың қорытындысы 359 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Әбдірайымов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Қазіргі сәтте еліміздегі гидротехникалық нысандар мен барлық су қоймалары тасқын суды қабылдап, қауіпсіз өткізуге дайындалып жатыр. СРИМ-нің бассейндік инспекциялары Төтенше жағдайлар министрлігі және әкімдіктермен бірге республика бойынша 1502 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізді. Нәтижесінде барлық анықталған кемшіліктер жойылды.
Сондай-ақ 105 гидроқұрылысқа көп факторлы зерттеу жүргізілуде, бұл өткен жылға қарағанда 20 нысанға артық. Министрлік пен әкімдіктер Жол картасын бекітіп, нәтижесінде 10 облыста 51 өзен учаскесі мен 1 көл анықталды. Тазартылатын учаскелердің жалпы ұзындығы – 814 шақырым.
Министрлік өкілдері түсіндіргендей, су дипломатиясы су тасқыны кезінде де, суару маусымы кезінде де маңызды.
«Қазір ол жоғары деңгейде деп айта аламыз және көрші елдермен келіссөздер бойынша қиындықтар жоқ. Су тасқыны кезеңін өткізу бойынша өзара іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылды. Бүгінде жұмыс тобының құрамы, ережесі және 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Яғни, Қазақстан мен Ресей су тасқыны кезеңінде ақпарат алмасуға келісті», — деді вице-министр Нұрлан Алдамжаров.
Оның айтуынша, Қытаймен де су тасқыны кезіндегі жұмыс екі жақты келісім арқылы жүзеге асады. Трансшекаралық өзендердегі су тасқыны кезінде табиғи апаттар туындаған жағдайда тараптарды шұғыл хабардар ету жөнінде келісім бар.
Қырғызстанмен жүргізілген келіссөздер барысында Қазақстан тарапы Талас өзені арқылы су беру көлемін ұлғайту туралы келісімге келді. Бұл Киров су қоймасынан су жіберуді реттеу және су тасқыны кезеңінде апаттың алдын алу мақсатында жасалады.
Сонымен қатар шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу белсенді жүріп жатыр. Жапония елшілігінің қолдауымен Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің мамандары Қазақстанның 4 облысындағы 13 гидротехникалық құрылысты тексерді.
Сарапшылар су тасқыны кезінде өте үлкен көлемде су қабылдаған Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы нысандарды зерттеді. Ал, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Дельфт Су білім беру институты арасындағы меморандум аясында нидерландылық мамандар Астана мен Ақтөбеде су тасқыны тәуекелдерін басқару бойынша семинарлар өткізді.
Бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Су ресурстары және ирригация министрлігі, Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін Tasqyn ақпараттық жүйесін әзірлеуде. Қазір жүйе жаһандық GloFAS су тасқыны туралы ескерту жүйесіне біріктірілді.
Tasqyn жүйесі 135 өзен бойынша су тасқыны кезеңіне қатысты ұзақ мерзімді болжам алуға мүмкіндік береді. Бірінші болжам шамамен ақпан айының басында, екіншісі наурыздың басында беріледі.
«Біздің министрлік Есіл өзенінің Сергеев су қоймасынан төмен бөлігін, Жайық өзенінің Орал қаласынан Январцево гидропосты бағытындағы бөлігін және Нұра өзенінің Қошқарбаев ауылынан төмен Оразақ ауылына дейінгі учаскелерін батиметриялық түсірілім жұмыстарын аяқтады. Жинақталған мәліметтер су тасқынын болжау үшін де пайдаланылатын болады», — деді су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Сонымен қатар Tasqyn жүйесінде жұмыс істеу үшін су тасқынын болжау және модельдеу әдістемесі әзірленіп, бекітілді. Ол бойынша алгоритм келесідей: құзырлы органдар жүйеге су айдындарындағы су деңгейі, су жіберу көлемі және гидрометеоболжам бойынша мәліметтерді енгізеді.
Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері үшін жүйеде жұмыс істеу бойынша оқыту семинарларын өткізу жоспарланып отыр. Қазір Tasqyn жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеруден өтуде.
Бұдан бөлек, елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерланд Су білім беру институты арасындағы меморандум аясында екі шетелдік әзірлемені пайдалана отырып, су тасқынын болжау жүйесі енгізілуде. Бұл голландиялық Delft-Fews платформасына біріктірілген Talsim неміс жүйесі. Пилоттық жоба су ресурстарын басқару саласында техникалық сараптаманы жұмылдырған БҰҰ Даму Бағдарламасымен бірге іске асырылуда.
Айта кету керек, ақпан айының басында Қазгидромет су тасқыны бойынша алдын ала болжам береді, одан кейін су қоймаларынан су жіберу көлемі қосымша реттеледі. Ал, еліміздің оңтүстік аймақтарындағы су қоймалары суару маусымына керек суды жинау тәртібінде жұмыс істеуде.
Осылайша, министрлік су ресурстарын қауіпсіз басқаруды қамтамасыз ету және ықтимал тәуекелдерді азайту арқылы су тасқыны кезеңіне дайындалу үшін барлық қажетті іс-шараларды алдын ала орындап жатыр.
#Су тасқыны #су ресурстарыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу