Елімізде жаңадан 42 су қоймасын салынып, жұмыс істеп тұрған 37-сіне реконструкция жасалады

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров баяндады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халыққа арнаған Жолдауларында су тапшылығы мәселесін бірнеше рет көтеріп, суға қажеттілікті шешуді мемлекет­­­тік сая­­саттың басым бағыты ретінде белгілеп бер­ді. Былтыр елімізде 1 қыркүйекте Президент Жар­лығымен Су ресурстары және ирри­гация министрлігі құрылды. Содан бері аталған ведомство 2 маңызды құжат әзірлеген. Біріншісі – 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқарудың тұжырымдамасы. Екіншісі – жаңа Су кодексі. 

Вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқарудың тұжырымдамасында 160-қа жуық шара қарастырылған. Оған сәйкес ең алдымен, елімізде 42 жаңа су қоймасын салу жоспарда бар. Олардың су жинау көлемі 2,6 млрд текше метрден асады. Одан бөлек, 37 су қоймасын қайта қалпына келтіріп, соның арқасында 2 млрд текше метр суды жинау көзделген.

Биыл Түркістан облысында 2 су қоймасының құрылысы басталды. 100-ден астам жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын.

Тұжырымдаманың нысаналы индикаторларына қол жеткізу және су шаруашылығы инфрақұрылымдарын дамыту мәселелерін жедел шешу үшін Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Жоспарды іске асыру ирригациялық жүйелердегі су шығынын азайтуға, ел экономикасының салаларын одан әрі пайдалану үшін қосымша тасқын суды жинақтауға, сондай-ақ су объектілерінің жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді.

Биылдың өзінде Қазақстанда су шаруашылығы нысандарын дамыту бойынша 411 жоба іске асырыла бастады. Атап айтқанда, 575,9 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру, жалпы ұзындығы 2000 шақырым болатын 203 каналды салу және реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Осының нәтижесінде 1 млн 48 мың тұрғыны бар 437 ауылдық елді мекенде сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады.

Сонымен қатар Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмысының 68,7 шақырымы аяқталды.

Сондай-ақ Тұжырымдамада жалпы көлемі 14,5 мың шақырымнан асатын ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру іс-шаралары қарастырылған.

«Бұған қоса, екінші маңызды құжат – жаңа Су кодексін әзірледік. Жаңа Су кодексі қазір Мәжілістің қарауында жатыр. Жыл соңына дейін қабылданады деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, елімізде иесіз қалған су шаруашылық нысандары мемлекет меншігіне қайтарылды. Бір жыл ішінде бірқатар шаралар атқарылды, әрі қарай ол жұмыстарды жалғастырып жатырмыз», — деді Нұрлан Алдамжаров. 

Суару маусымында шаруаларға 11 млрд текшеметр су берілді

Биыл құрғақшылық болады деген болжамдарға қарамастан, Су ресурстары және ирригация министрлігі төтенше жағдайдың, суармалы су тапшылығының алдын алып, былтырғы жағдайдан кейін жинаған тәжірибенің нәтижесінде шаруаларды суармалы сумен үздіксіз қамтамасыз еткен. 

«Суару маусымында шаруаларға шамамен 11 млрд текше метр су берілді. Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымы – «Қазсушар» филиалдары шаруа қожалықтарымен суармалы су беру жөнінде 25 мыңға жуық келісімшарт жасады», — деді Министрлік өкілі.

2024 жылғы суару маусымында су тұтыну көрсеткіші жоғары аймақтар: Қызылорда облысына – 3,5 млрд текше метр, Түркістан облысына – 3,2 млрд текше метрден артық, Жетісу облысына – 1,2 млрд және Жамбыл облысына 1 млрд текше метрден астам су берілді. 

Министрлік мәліметінше, жұмыс негізгі 3 бағыт бойынша жүргізілді:

1. Су тасқыны кезінде су қоймаларын толтыру, соңғы бірнеше жылда алғаш рет, тіпті кейбір нысандарды пайдалану тарихында алғаш рет су қоймалары 100% толтырылды.

2. Су дипломатиясы – бұл біздің географиялық орналасуымызға байланысты еліміздің оңтүстік аймақтары үшін өте қажет көрші елдермен келіссөздер мен келісімдер. 

3. Гидроқұрылыстарды дайындау - жөндеу жұмыстары, реконструкциялау, каналдарды тазарту, ирригациялық желілерді дайындау және басқа да ұйымдастыру мәселелері. 

Көктемгі су тасқыны кезінде еліміздің су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 15 млрд текше метрге артық. Жиналған судың 12 млрд-тан астамы тасқын су. 

Бүгінгі таңда Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс және батыс өңірлерінің су қоймалары 80%-ға толы. Астана су қоймасын тасқын суымен толтыру 2 млрд теңгеден астам қаражат үнемдеуге мүмкіндік берді, себебі су қоймасын Қ.Сәтбаев атындағы канал арқылы толтыру қажеттілігі жойылды. 

Сондай-ақ тасқын ұзақ жылдар бойы су бармаған жерлерге тіршілік нәрін жіберуге мүмкіндік берді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су келді. Осының арқасында, алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне су жетті.  Жыл басынан Балқаш көліне 12 млрд текше метр, Каспий теңізіне 7,4 млрд текше метр су жіберілді. 

Соңғы 10 жылда алғаш рет Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы 100% толып, 18 млрд текше метрден астам су жинады. Қостанай облысындағы Тобыл өзенінде 2000 жылдан бері алғаш рет мол су ағыны байқалды.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, көктемгі су тасқыны мен ірі трансшекаралық өзендер арқылы Қазақстанға айтарлықтай көп мөлшерде су келді. 1 қаңтардан «Боран» шегара маңы гидрологиялық бекетінің мәліметі бойынша, Ертіс өзенінен 10 млрд текше метрден астам су келді – бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. 

Іле өзеніндегі «Добын» шегара маңы гидрологиялық бекетінің дерегі бойынша жыл басынан Қазақстанға 7,6 млрд текше метр су келді. Былтыр бұл көрсеткіш 6,2 млрд текше метр еді.

Ал «Январцево» шегара маңы гидрологиялық бекетінің деректері бойынша Жайық өзені арқылы ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан еліміздің аумағына 15,6 млрд текше метр су келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп. Былтыр Қазақстанға Жайық өзені арқылы 6,8 млрд текше метр су келген болатын. 

Вегетацияға дайындық аясында біздің министрліктің қызметкерлері жүзден астам су бекетін жөндеп, қалпына келтірді, 700 шақырымнан астам каналды тазартты, мыңнан астам су құрылысы аттестаттаудан өтті. Сондай-ақ, еліміздің 11 өңірінде 98 гидротехникалық құрылыс жөнделді.

Су дипломатиясы – негізгі шешімнің бірі

Қазақстанның транс­ше­­каралық өзендерге тәуелділік коэф­­­фи­­­циенті 46%-дан жоғары. Бұл – жоғарғы көрсеткіш. Еліміздегі үлкен өзендер Ертіс пен Іле Қытайдан, Сырдария – Өз­­бек­станнан, Жайық – Ресейден, Шу мен Та­­­лас қырғыз жерінен ағып келеді. Яғни, жоғарыдағы 100 текше шақырым судың жартысына жуық көлемі сырттан жи­­налады.

Су дипломатиясының және көршілерімізбен бірлескен жұмыстың нәтижесінде министрлік Қазақстанның оңтүстік өңірлерін қажетті су мөлшерімен қамтамасыз етті. Биыл суару маусымында көрші елдерден келетін судың көлемі бастапқыда келісілген көлемнен артық болды. 

Мысалы, бүгінде Тәжікстаннан «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 565,2 млн текше метр су келген. Өзбекстаннан өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп су келді, Шардара су қоймасына 4,7 млрд текше метрден астам су жіберілді.

Осы жылы суару кезеңінде Қырғызстаннан Талас өзенімен 418 млн текше метр және Шу өзені арқылы 163 млн текше метр су келді. Былтыр Талас өзені арқылы 323,8 млн текше метр, ал Шу өзенімен 133,5 млн текше метр су келген болатын.

Осының арқасында Арал теңізіне су жіберу көлемі артты. Биыл Солтүстік Аралға шамамен екі млрд текше метр су жіберілді, ал теңіздегі судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Соңғы жылдары Солтүстік Аралда су көлемі азайғанымен, 2024 жылдың басынан орташа су деңгейі қайта көтеріле бастады. Ал суару кезеңінің ортасында Сырдария өзені арқылы теңізге секундына 80 текше метрге дейін су жіберілді, салыстыру үшін, бір жыл бұрын теңізге секундына 6 текше метр ғана су жіберілген болатын. 

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның қатысуымен өткен Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының алдағы отырысында Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды кестесі жасалады және келесі жылғы суару маусымына дейінгі кезеңінде су беру көлемі бекітіледі. 

Сондай-ақ Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі мен Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Сырдария өзенінде суды автоматты есепке алу жүйесі орнатылатын 10 су бекетін анықтады. Бұл трансшекаралық су ресурстарын дәл бөлуге мүмкіндік береді.

Министрлік өкілінің мәліметінше, Қазақстан мен Қытай екі ел арасындағы трансшекаралық су ресурстарын бөлу туралы үкіметаралық келісімнің жобасын әзірлеп жатыр. Құжатты екі мемлекеттің мамандары кіретін бірлескен жұмыс тобы әзірлеуде. Келісім жасаудағы негізгі мақсат – Балқаш көлін қалыпты деңгейде сақтауға кепілдік беретін су көлемінің түсуін қамтамасыз ету.

Осыған орай, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі алдағы уақытта ҚХР Су шаруашылығы министрлігімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюға ниетті. Сонымен қатар тараптар Қазақстанның су инфрақұрылымын бірлесіп жаңғырту және автоматтандыру, су үнемдеу технологияларын әзірлеу мен енгізу, сондай-ақ Қытайда қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру мәселелерін талқыламақшы.

#Президенттің тапсырмасы #Халықаралық ынтымақтастық #су ресурстары

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу