Еліміздегі жергілікті жолдардың сапасын жақсарту шаралары қаралды

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» тақырыбындағы республикалық семинар-кеңес аясында жергілікті маңызы бар автожолдар сапасын жақсарту мәселелерін қарады.

Көлік министрлігі ұйымдастырған семинар-кеңеске орталық мемлекеттік органдар мен өңірлер басшыларының орынбасарлары, сондай-ақ бейінді компаниялар мен ұйымдардың басшылары қатысты. Жиын барысында жол жұмыстарын жүргізудің жекелеген кезеңдері ғана емес, жергілікті жол желісін басқару жүйесін толық жетілдіру мәселелері де талқыланды.

Жол сапасы мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының нақты нәтижесіне баса мән беру қажеттігін атап өткен болатын. Бұл ретте жол сапасына қойылатын талаптарды күшейту, саладағы жауапкершілікті арттыру өзекті міндеттердің бірі болып қала береді.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары атқарылатын жұмыстардың сапасын бақылауды күшейту, жолдардың бұзылуына жол бермеу туралы атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар нысандардың белгіленген талаптарға толық сәйкес болған жағдайда ғана қабылдануын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.

«Кепілдік мерзімі ішінде ақаулар анықталған жағдайда, оларды мердігерлер өз қаражаты есебінен жоюы тиіс», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері бір апта ішінде жергілікті жолдардың сапасын жақсарту жөніндегі үш жылдық жоспарлар әзірлейді.

Жоспарлар жол жұмыстарының барлық кезеңін қамтуы тиіс. Атап айтқанда, басым учаскелерді айқындау, жобалау құжаттамасын әзірлеу, құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу, олардың сапасын бақылау, жолдарды кейіннен күтіп-ұстау мәселелері ескерілу қажеттігі атап көрсетілді. 

Семинар қорытындысы бойынша республикалық, жергілікті маңызы бар автожолдар желісінің сапасын жақсартуға бағытталған нақты міндеттер айқындалды.

#Жол карталары #Көлік #Президенттің тапсырмасы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу