Энергетика министрлігі электр станциялары мен желілеріне техникалық аудит жүргізу бойынша жұмысты бастады

11 ақпанда ҚР энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Қостанай облысының тұрғындарымен кездесуде сөйлеген сөзінде өңірді жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етудің ағымдағы өзекті мәселелері туралы баяндады.

Энергетика министрлігінің қазіргі қызметі мұнай-газ және энергетика салалары сияқты стратегиялық бағыттарда шоғырланған. Сондай-ақ ведомство газ инфрақұрылымын, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды іске асыру және халықты мұнай өнімдерімен және сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету бөлігінде халық өмірінің негізгі салаларындағы мемлекеттік саясатты жүргізеді.

Жылу энергетикасы

Электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері Энергетика министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қостанай облысында жылу энергиясының көздері – Рудный, Қостанай және Арқалық жылу электр орталықтары.

3 жылу электр орталығының белгіленген жылу қуаты 1301 Гкал/сағ құрайды, қолда бар жылу қуаты 1190 Гкал/сағ, өңірде жылу энергиясын өндіру тапшылығы жоқ.

«Ағымдағы жылыту маусымында Рудныйда 3 рет жылу магистраліндегі ақауға байланысты жылудың жаппай сөнуі орын алды. Жалпы, әрине, еліміз бен Қостанай облысындағы жылу желілері қатты тозған. Сонымен қатар Энергетика министрлігінің құзыретіне жылу электр орталығының өзі, ал жылу желілері мәселелері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзыретіне жатады. Бұл ретте Энергетика министрлігі жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылдауда», — деді энергетика вице-министрі.

Оның айтуынша, Рудный жылу электр орталығының жылу қуаты 720 Гкал/сағ, жабдықтың физикалық тозуы 76% құрайды. Алдағы жылыту маусымында жұмыстың сенімділігін арттыру мақсатында 2023 жылы ЖЭО-да №6 қазандықта және № 2,3 2 турбинада жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қаланың орталық және оңтүстік-батыс аудандарын жылумен қамтамасыз ететін Қостанай жылу электр орталығы қатысты. Бұл ЖЭО-дағы жағдай тұрақты.

Жылу электр орталығы жабдығының физикалық тозуы 64% құрайды, тозу дәрежесі бойынша сары аймақта орналасқан, белгіленген жылу қуаты – 481,9 Гкал/сағ.

2023 жылы жылу электр орталығындағы №4, 5-ші 2 қазандықта және №2 турбинада жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Арқалық жылу электр орталығының жылу қуаты 100 Гкал/сағ, жабдықтың физикалық тозуы 90% құрайды. Арқалық жылу электр орталығында ағымдағы жылы № 2 қазандықта және № 1 турбинада жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Энергетика министрлігі елдегі жылумен жабдықтау жағдайын жақсарту үшін бірқатар жүйелі шараларды қабылдауда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың 1 тоқсанында барлық жылу электр орталығы аудиті аяқталады.

Нарық субъектілерін ынталандыру үшін қуаттарды қайта құруға және жаңғыртуға инвестициялар бағытталатын болады, «Инвестиция орнына тариф» жаңа бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама бойынша салаға инвестициялар көлемі жыл сайын шамамен 400 млрд теңгеге бағаланады.

«Осы жылы «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады. Заң өңірлерді жылумен жабдықтау проблемаларын шешуге бағытталған, ұзақ мерзімді жоспарларды жүзеге асыруға, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара қарым-қатынастарды жүйелеуге мүмкіндік береді», — деді Жандос Нұрмағанбетов.

Сондай-ақ атомдық және энергетикалық қадағалау комитетінің сапалы жөндеу науқандарын қамтамасыз ету және инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау саласындағы рөлін күшейту жоспарлануда.

Электр энергетикасы

Энергетика вице-министрінің айтуынша, 2022 жылы өңірде электр энергиясын өндіру көлемі 1,066 млрд кВтсағ құрады. Бұл ретте өңірдегі тұтыну 4,584 млрд кВтсағ құрайды. Облыста электр энергиясының негізгі көзі Рудный жылу электр орталығы болып табылады, белгіленген электр қуаты 267 МВт-қа тең.

Электр энергиясының жетіспейтін көлемі Қостанай облысына Екібастұз-Павлодар энергокешенінен (Ақсу қ. «ЕЭК» АҚ) және Петропавл қаласынан («Севказэнерго» АҚ) жеткізіледі.

Электр энергиясын беру және бөлу бойынша қызметтерді 8 энергетикалық кәсіпорын көрсетеді.

Облыстағы ең ірі өңірлік энергия беруші компания «ЭПК-forfait» серіктестігі болып табылады, оның активтерінде 13,5 мың км кабельдік және әуе электр беру желілері және шамамен 3,5 мың кіші станция бар. Желілердің тозуы 83% құрайды.

2023 жылы Қостанай қаласында «Батыс» кіші станциясын пайдалануға беру жоспарлануда. Шарттар бойынша жобаның жалпы құны 7,7 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру нәтижесінде Қостанай қаласының 150 мыңнан астам тұрғыны сапалы және үздіксіз электрмен жабдықталатын болады.

Энергия жүйесіндегі теңгерімсіздіктердің туындау тәуекелдерін және жаңадан енгізілетін жаңа энергия көздерінен жоғары тарифтердің әсерін болдырмау үшін электр энергиясы нарығының жаңа нысаналы моделіне көшу жөніндегі нормалар пысықталды, оған сәйкес электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және теңгерімдеуші нарықты енгізу көзделеді.

Бұдан басқа, Энергетика министрлігі электр желілерінің тозуының жоғары деңгейін 2025 жылға дейінгі мерзімде кезең-кезеңімен 15% деңгейінде төмендету бойынша шаралар қолданып, осы бағыттағы жұмысын жалғастыруда.

Ведомство Дүниежүзілік банктің гранттық көмегі шеңберінде елдің электр станциялары мен желілеріне техникалық аудит жүргізу бойынша жұмысты бастады. Аталған жұмыстар 2 кезеңмен жүзеге асырылмақ. Бірінші кезеңде электр станцияларына аудит жүргізіледі; Екінші кезеңде электр желілік ұйымдарға аудит жүргізу жоспарлануда.

Жандос Нұрмағамбетовтың айтуынша, бірінші кезең шеңберінде 2022 жылғы желтоқсанда республиканың электр станцияларына бару басталды. Энергия өндіруші ұйымдар бойынша техникалық аудитті 2023 жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Техникалық аудиттің 2-ші кезеңінде энергия беруші ұйымдарға бару және аудит көзделген.

«Техникалық аудит жүргізу қорытындылары бойынша саланың ағымдағы жай-күйіне талдау жүргізіледі, оның негізінде энергия үнемдеуге және энергия тиімділігіне, сондай-ақ қажетті инвестициялар көлеміне бағытталған жаңғырту мен реконструкциялауды жүргізу үшін қажетті техникалық ұсынымдар дайындалады. Бұл ретте аймақтық электр желісі компанияларының жабдықтарын жаңғыртуға арналған шығындар нақтыланатын болады», — деді вице-министр.

Жаңартылатын энергия көздері

Өңірде жалпы қуаты 50,3 МВт болатын 2 жаңартылатын энергия көздері объектісі бар, оның ішінде қуаты 50 МВт болатын 1 жел электр станциясы және қуаты 0,35 МВт болатын 1 биогаз станциясы бар. 

Сонымен қатар Қостанай облысында «Қуаты 48 МВт ЖЭС салу» жобасын 2024 жылы және «Қуаты 50 МВт Арқалық қ. ауданында ЖЭС салу» жобасын 2027 жылға дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Газ саласы

Жалпы, бүгінгі таңда Қостанай өңірін газдандыру деңгейі 58,3%-ды құрайды немесе 485 мың адам табиғи газға қол жеткізе алады. Облыс әкімдігі үшін 2023 жылға бекітілген республикалық бюджет шеңберінде 2 жобаны іске асыруға 1,2 млрд теңге қаражат көзделген. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2024 жылы табиғи газға қосымша 10,5 мыңға жуық адам қол жеткізе алады.

Жалпы, Қостанай облысы Ресей Федерациясынан РФ мен ҚР арасындағы айырбастау операциялары шеңберінде «Қарталы – Рудный – Қостанай» магистральдық газ құбыры арқылы газбен қамтамасыз етіледі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Энергетика министрлігі мүдделі органдармен және ұйымдармен бірлесіп, елді мекендерді одан әрі газдандыру және өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын газбен қамтамасыз ету үшін Ақтөбе облысынан Тобыл станциясына дейін магистральдық газ құбырын салу мүмкіндігін қарастыруда. Тауарлық газдың бағасы 25,3 теңге/м3 құрайды.

2022 жылы газ өндіру мен өндіруді ынталандыру мақсатында заңнамалық түзетулер қабылданды, атап айтқанда:

  • тұтынушылардың 2 жаңа санаты енгізілді (ірі коммерциялық тұтынушылар мен майнерлер);
  • жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алудың ынталандырушы жаңа формуласы әзірленді;
  • 5 жылдық кезеңге тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді реттейтін норма қабылданды. Бұл ұзақ мерзімді перспективада газ нарығы субъектілерінің қызметін жоспарлауға мүмкіндік береді. Өздеріңіз білетіндей, бұрын баға 1 жылға бекітіліп, ұзақ мерзімді жоспарлар құруға мүмкіндік бермеді.

Газ саласын 2026 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары қабылданды, онда газдың ресурстық базасын ұлғайту, газға баға белгілеуді реформалау және азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін бағаны тежеу жөніндегі шаралар көзделген.

Жанар-жағармай материалдары

2022 жылы ішкі нарықты мұнай өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында:

– АИ-80, 92-93, жазғы және маусымаралық дизель отынын бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды реттеу белгіленді;

– мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынды;

– дизель отынының бағасы бірнеше есе жоғары шекара маңындағы елдерге дизель отынын бақылаусыз әкету тәуекелдерін төмендету мақсатында оның бағасы сараланды;

– мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесінде өнімсіз делдалдарды болдырмайтын заңнамалық нормалар қабылданды.

Жандос Нұрмағамбетов Энергетика министрлігінің биылғы негізгі міндеті ішкі нарықты сапалы мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті. 

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша битум өндіру көлемі 200 мың тоннаға ұлғайтылатын болады, нәтижесінде ішкі нарықтың қажеттілігі толығымен жабылатын болады.

Сұйытылған мұнай газы

Энергетика министрлігі өндіруші зауыттардың шығындарын ішінара өтеу мақсатында шекті көтерме сауда бағасын 33 600 тг/тонна (19,7 теңге/литр) деңгейінде бекіту туралы бұйрық шығарды.

Бұл шара СМГ өндірушілері мен сатушылары арасында табысты әділ бөлуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ зауыттарды СМГ өндірісіне ынталандыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаларды мемлекеттік реттеуді сақтап, Қостанай облысы үшін 1 литр үшін 70-75 теңге мөлшерінде сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасын бекітті.

Өңірде 4 газ толтыру станциясы (көтерме) және 79 автомобильге газ құю станциясы бар. Облыста сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылы 48,1 мың тоннаны құрады. Осы жылдың қаңтар айында шамамен 4,6 мың тонна тұтынылды.

«2023 жылы «Сұйытылған мұнай газының айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша» Заң қабылданады деп күтілуде. Белгіленген бөлшек сауда бағаларын негізге ала отырып, өндіруші зауыттардың сұйытылған мұнай газына шекті көтерме бағаларын айқындау жөніндегі қағидалар әзірленді, бұл СМГ өндірушілері мен өткізушілері арасында кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ зауыттарды СМГ өндірісіне ынталандыруға мүмкіндік береді», — деді энергетика вице-министрі.

Сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағаларын мемлекеттік бағалық реттеуді 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту көзделген. Барлық мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында

15 ақпанда ҚР энергетика вице-министрі Асхат Хасенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Энергетика министрлігінің жер қойнауы саласындағы көмірсутегі бойынша атқарған жұмысының басты қорытындыларымен таныстырды.

Сонымен қатар жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамадағы негізгі өзгерістер және осы саладағы 2022 жылғы жетістіктер туралы хабардар етті. 

Бүгінгі таңда көмірсутектер бойынша 276 келісімшарт қолданылады, оның ішінде ӨБК (Өнімді бөлу туралы келісім) – 9, барлауға – 137, өндіруге – 130. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдалануға салынған инвестициялар сомасы 7,7 трлн теңге, оның ішінде өндіруге – 2,8 трлн теңге, геологиялық барлауға – 135,7 млрд теңге, қалған 4,7 трлн теңге күрделі шығындарға, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтарды оқытуға, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға тиесілі. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда геологиялық барлауға инвестициялар ағынының оң серпіні байқалады.

«Сондай-ақ Мемлекет басшысының жер қойнауы учаскелерін тексеру тапсырмасы аясында, ұзақ уақыт бойы келісімшарттық міндеттемелерді орындамай, жүйелі бұзушылықтары бар 27 келесімшарт бойынша жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, 12 келісімшарт бұзылып, 9 келісімшарт бойынша 1,8 млрд теңге көлемінде айыппұл төленді, 6 келісімшарт бойынша жұмыс жасалуда, оның ішінде сот тәртібінде», — деді энергетика вице-министрі.

Мемлекетке қайтарылған жер қойнауының учаскелері инвестициялар тарту үшін аукционға қойылады.

2018 жылғы 29 маусымда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекс қабылданды.

Кодексте келесі тұжырымдамалық өзгерістер қарастырылған:

  • жер қойнауын пайдалану құқығын беруді оңайлату;
  • қорларды бағалаудың халықаралық тәртібіне көшу;
  • геологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділік беру және тағы басқа өзгерістер.

Заңнаманы жетілдіру Энергетика министрлігінің басты міндеттерінің бірі болып табылады, осыған байланысты 2022 жылы Жер қойнауы туралы кодекске бірнеше өзгеріс дайындалды:

Бірінші. Алынуы қиын қорларды игеруге тарту мақсатында «дәстүрлі емес көмірсутектер» бойынша тиісті нормалар енгізілді. Қазақстан, бүкіл әлемдік қоғамдастық сияқты, «Жеңіл мұнай» дәуірі біртіндеп аяқталып келе жатқанын және тиісті шараларды, оның ішінде заңнамалық шараларды бүгінде қабылдау қажет екенін түсінеді. Осылайша, алу қиын көмірсутектерді әзірлеу қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны сәйкестендіруді талап етеді. Осыған байланысты, бұл бастама «жеңіл мұнайды» («дәстүрлі») игеруден «алу қиын» («дәстүрлі емес») өңдеуге алдын ала көздеуге және дайын болуға мүмкіндік береді.

Екінші. Аукциондар арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша рәсімдер жеңілдетілді, атап айтқанда, қолданыстағы дерекқорлармен интеграциялау, бұл құжаттар санын қысқартуға мүмкіндік береді; кепілдік жарнаны енгізу; екінші орын алған қатысушымен келісімшарт жасасу. Бұл бастамалар елге инвестициялар ағынын арттыруға мүмкіндік береді. 

Үшінші. Реттеушілік және фискалдық преференциялардың елеулі пакетін бекітетін күрделі жобалар бойынша жер қойнауын пайдалану саласында «Жақсартылған модельдік келісімшарт» (ЖМК) енгізілді.

Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігі Қазақстанның мұнай-газ саласының минералдық-шикізат базасын толықтыруға және күрделі жобалар бойынша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Күрделі жобалар үшін күкіртсутегінің жоғары мөлшері (3,5% немесе одан көп), тұздың қалыңдығы кемінде 100 метр болатын тұз асты шөгінділері, құрылымдық емес тұзақтар және басқалар сияқты нақты өлшемшарттар белгіленді.

Реттеуші преференциялар пакеті мыналарды көздейді:

  • берілетін преференциялардың тұрақтылығы;
  • Қазақстан соттарында да, халықаралық төрелікте де бұзылған құқықтарды қорғау мүмкіндігі;
  • барлау кезеңінен өндіру кезеңіне оңайлатылған көшу және басқалары.

Фискалдық преференциялар пакеті жер қойнауын пайдаланушыларға салық салудың оңайлатылған режимін қолдану (жер қойнауын пайдалануға балама салық), және күрделі шығындарды есепке алудың жеке тәртібін көздейді.

Аталған преференциялар пакеттерін ұсыну инвесторлардың қарама-қарсы міндеттемелерімен қатар жүретінін атап ату маңызды, оларды орындамау ЖМК-ны тоқтатуға әкеп соғады. Осындай қарама-қарсы міндеттемелерге, атап айтқанда, мамандар мен жұмысшылар бойынша кадрларға елішілік құндылықты бекіту 70%-дан кем емес (бүгінгі күні бұл шек 50%-дан кем емес); құзыретті органның келісімі бойынша өндіру кезеңінде жергілікті тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметерді (ТЖКҚ) жеткізушілерін дамыту бағдарламасын міндетті түрде әзірлеу), геологиялық барлау жұмыстарының көлемін, түрлерін, мерзімдерін көрсете отырып, жұмыс бағдарламасын әзірлеу, аймақты оқытуға, НИОКР және әлеуметтік дамытуға төлемдер бойынша барлық ағымдағы міндеттемелерді орындау, сондай-ақ ірі жобалар үшін қосымша инвестициялық міндеттемелерді бекіту және басқалары.

Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновтың айтуынша, аукцион арқылы көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру бөлігінде бұл рәсім 2020 жылдан бастап толығымен автоматтандырылған және электрондық түрде көрсетіледі, бұл оны барынша ашық етеді.

2020-2021 жылдары 3 электрондық аукцион өткізілді. Нәтижесінде көмірсутектерді барлауға өндіруге және өндіруге 39 жаңа үлгілік келісімшарт жасалды. Мемлекеттік бюджетке төленген қол қою бонусының сомасы 12,8 млрд теңгені құрады, геологиялық барлауға $237,4 млн инвестициялар мәлімделді.

«2022 жылы Энергетика министрлігі 2 аукцион өткізді, онда 55 жер қойнауы қойылды. Аукциондардың нәтижелері бойынша шамамен 26 млрд теңге сомаға қол қою бонусын төлей отырып, 38 жер қойнауы учаскесі өткізілді, бұл өткен жылдармен салыстырғанда ең үлкен болып табылады. Геологиялық барлауға салынған инвестициялар $100 млн доллардан асты», — деді Асхат Хасенов.

Жер қойнауы туралы кодекске сәйкес аукционда өткізілмеген учаскелер қайта қойылады. Осылайша, Энергетика министрлігі салаға инвестициялар ағыны үшін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, әрбір кезеңде жер қойнауын пайдалану құқығын берудің түсінікті және ашық рәсімдерін қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыратын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу