Газдандырудың жеделдетілген қарқыны 13,5 млн адамды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді — Энергетика министрлігі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев ағымдағы жылы отын-энергетика саласында атқарылған жұмыстар туралы және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы жөнінде айтып берді. Сонымен қатар ол келесі жылға қойылған мақсат-міндеттерге тоқталды.

Энергетика министрлігі мұнай-газ, мұнай-газ-химия, атом саласы, электр энергетикасы және жаңартылатын энергия көздері сияқты стратегиялық бағыттарды жүзеге асырады. Сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында газ инфрақұрылымын іске асыру, электрмен жабдықтау және халықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету бөлігінде мемлекеттік саясатты жүргізеді.

Алдымен М. Мырзағалиев мұнай саласының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. 

2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тоннаны, мұнай экспорты 67,6 млн тоннаны құрады. Мұнайды қайта өңдеу көлемі 17,1 млн тоннаға және мұнай өнімдерін өндіру көлемі 13,1 млн тоннаға тең болды.

Тәуелсіздік жылдары ішінде мұнай өндірудің ұлғаю серпіні байқалды. Министрдің айтуынша, перспективада мұнай өндіру одан әрі де өсетін болады.

Еліміздің мұнай өндірудегі драйверлері үш ірі мұнай-газ жобасы – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған болып қалуда. Олар елдің экономикалық өсуіне айтарлықтай үлес қосады.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Теңіз жобаларында мұнай өндіру көлемі 26,5 млн тоннаны, газ өндіру көлемі 14,5 млрд текше метрді құрайды.

«Теңіз кен орнында құны $45,2 млрд құрайтын «Келешек кеңейту жобасы» іске асырылуда, бұл мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жоба бойынша жұмыстардың жалпы ілгерілеуі 87% құрайды, жобаны 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр», — деді М. Мырзағалиев.

Келесі ірі жоба – Қашаған. Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемі ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша 15,9 млн тонна, газ өндіру көлемі 9,7 млрд текше метр деңгейінде күтілуде.

Кен орнында жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу газ өңдеу зауыттарын салу есебінен қамтамасыз етілетін болады, бұл зауыттар жылына қосымша 3 млрд  тауарлық газ өндіруге және мұнай өндіруді жылына 16 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру көлемі 11,6  млн тоннаны, газ өндіру көлемі 18,7 млрд текше метрді құрайды.

Бүгінгі таңда Қарашығанақта сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін жылына 11-12 млн тонна шегінде ұстап тұруға мүмкіндік беретін жобалар іске асырылуда.

Бірінші. Құны $1,1 млрд құрайтын «Газ өңдеу қуаттарын ұлғайту жобасы», бүгінгі күні ол пайдалануға берілді.

Екінші. Құны $578 млн құрайтын «Газды кері айдаудың 4-ші компрессорын салу». Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.

Үшінші. «Газды кері айдаудың 5-ші компрессорын салу». Жобаның бюджеті $970 млн. Аяқталу мерзімі – 2025 жыл.

Алдағы онжылдықтың перспективалық жобаларының бірі «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» жобалары болып табылады. Құны $4,5 млрд құрайтын осы кен орындарын игеру 2028 жылдан бастап 4 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді. «Жетілген кен орындарының» сарқылуын ескере отырып, бұл жобалар Маңғыстау облысында мұнай өндіруге айтарлықтай үлес қосатын болады.

Бұдан бұрын айтылғандай, 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерін өндіру көлемі 13,1 млн тонна деңгейінде күтілуде. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлерінен бензин өндірісі 4,7 млн тонна, дизель отынын өндіру 4,8 млн тонна, мазут 2,4 млн тонна, битум 933 мың тонна және авиакеросин 600 мың тонна көлемінде өндіру  болжанып отыр.

Бұл ретте ағымдағы жылғы тамыздан қазанға дейін жанар-жағармай материалдары нарығында дизель отынының тапшылығы пайда болды. Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды:

  • 2022 жылғы 21 мамырға дейін автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды;
  • Атырау мұнай өндеу зауытындағы жоспарлы жөндеу 2022 жылға ауыстырылды;
  • Павлодар мұнай химия зауытындағы жөндеу жұмыстары а. ж. қыркүйек айынан қараша айына жылжытылды;
  • Ресей Федерациясының мұнай өңдеу зауыттарынан 281 мың тонна көлемінде дизель отынының импорты жүзеге асырылды.

Жедел қабылданған шаралардың арқасында дизель отыны нарығындағы жағдайды тұрақтанды. Болашақта жағар май материалдарының тапшылығын болдырмау мақсатында бірқатар шаралар әзірленді:

Бірінші. Мұнай өңдеу зауыттарының кеңейтілген жөндеу аралық кезеңіне көшу. Жөндеу мерзімдерін қысқарту.

Жылына бір рет үш мұнай өңдеу зауытының біреуіне ғана күрделі жөндеу жүргізуді көздейтін бес жылдық кезеңге арналған жөндеу кестесі әзірленді, бұл өндіріс көлемін жылдар бойынша теңестіруге мүмкіндік береді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары тек қажет болған жағдайда ғана жүргізілетін болады.

Екінші. 200 мың тонна көлемінде мұнай өнімдерінің резервтік қорларын құру (ҚМГ – 150 мың тонна, ҚТЖ – 50 мың тонна).

Үшінші. Мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарының және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынын тиеп-жөнелту мерзімдерін үйлестіру, оған сәйкес ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынын жөнелту ақпан айында, бұрынғы мерзімдерден бір ай бұрын басталатын болады.

Төртінші. Мұнай базаларын есепке алу бақылау аспаптарымен жарақтандыру.

Бұдан бұрын бұл мәселе бойынша заңдық негіз болмаған. Әуежайлардың барлық мұнай базалары мен отын-құю кешендерін есепке алу бақылау аспаптарымен міндетті жарақтандыру бойынша заңнамалық өзгерістер әзірленді.

Қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада өндірісті одан әрі ұлғайту үшін бірқатар іс-шаралар жоспарланған.

Шымкент зауытында 2022 жылы мұнай жүктеуді 5,2 млн тоннадан 6 млн тоннаға дейін арттыруды қарастырылады. Бұл шара ішкі нарықтағы өсіп келе жатқан сұранысты жабу үшін ЖЖМ өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Технологиялық тәуекелдерге байланысты бұл зауыт бұрын 100%-ға жүктелмегенін атап өткен жөн.

Кеңқияқ-Атырау реверсі бойынша Батыс Қазақстан мұнайын жеткізу көлемінің ұлғаюы белгілі бір шектеулер қоюы мүмкін.

Шымкент зауытында 2022 жылы жүктемені 800 мың тоннаға арттыру жоспарлануда. Ішкі нарықта мұнай өнімдерінің профицитіне байланысты, алдында зауыт толық жүктелмеген болатын.

Павлодар мұнай зауытында 2025 жылға дейін гидротазалау қондырғысын реконструкциялау жөніндегі жоба іске асырылатын болады, ол өнімділікті 6 млн тоннаға дейін ұлғайтуға және бұрын өндірілмеген қысқы дизель отынын 160 мың тонна көлемінде өндіруге мүмкіндік береді.

Ақтау битум зауытын жаңғырту битумның өндіріс қуатын жылына 400 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, жеке инвесторлар Түркістан облысында мұнай өңдеу зауыттарын салу бойынша жобаларды іске асыруда, оларды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр:

  • «Standart Рetroleum & Со» ЖШС – өңдеу қуаты 2 млн тонна мұнай (бензин 260 мың тонна, дизель отыны – 500 мың тонна);
  • синтетикалық мұнай және кейіннен мұнай өнімдерін ала отырып, 100 мың тонна көмірді өңдейтін «Стандарт Ресурсиз» ЖШС.

М. Мырзағалиевтің айтуынша, министрлік қызметінің басым бағыттарының бірі – газ саласын дамыту және газдандыру.

«2021 жыл бойынша газ өндіру көлемі 54 млрд текше метр газ деңгейінде күтілуде, тауарлық газ өндірісі 29,4 млрд текше метр, газ экспортының көлемі 7,7 млрд текше метр, ал сұйытылған газ өндірісі 3,1 млн тоннаны құрайды», — деді ол.

Тәуелсіздік жылдарында газ өндіру 7 есеге артты. Алдағы уақытта Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз объектілерінде жобаларды іске асыру, сондай-ақ жаңа перспективалы кен орындарын уақтылы пайдалануға беру шикі газ өндіруді 2030 жылға қарай 87,1 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Шикі газ өндірудің ұлғаюымен қатар тауарлық газ өндірісінің ұлғаюы да күтілуде. 7 жаңа кен орнын (Орталық Өріктау, Батыс Прорва, Придорожное, Анабай, Рожковское, Аңсаған, Токорев тобын) игеру, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде қамтамасыз етілетін Қашаған мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарын салу, оларды іске асыру есебінен тауарлық газ өндірісі 2030 жылға қарай 42,2 млрд текше метрге дейін ұлғайтылатын болады.

Елді газдандыру бойынша соңғы 5 жылда газдандыруға бөлінетін қаражат көлемі 5,4 есеге ұлғайды, бұл елді газдандыру деңгейін 8% арттыруға мүмкіндік берді.

2021 жылы министрліктің бюджеттік бағдарламасы бойынша жергілікті атқарушы органдарға 146 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 51,3 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Аталған жобаларды іске асыру 3 жыл ішінде 154 елді мекенді немесе 330 мыңға жуық халықты газдандыруға мүмкіндік береді. Биыл 1,8 мың км газ желісі салынды, бұл 46 елді мекен немесе қосымша 135 мың адам газға қол жеткізді.

«Осылайша еліміздің газдандыру деңгейі 55%-ға жетті. Бұл дегеніміз 10 388 мың адам табиғи газбен қамтылды. Газдандырудың жеделдетілген қарқыны 2030 жылға қарай 13,5 млн адамды немесе ел халқының 65% табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді сала басшысы.

Газбен жабдықтау жобалары бойынша. Тұтынушылардың табиғи газға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін жабу үшін газ тасымалдау жүйесін салу жөніндегі жобалар әртүрлі сатыда іске асырылуда.

Маңғыстау және Атырау облыстарындағы 307 млрд теңге сомасына 3 жоба – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы барысында берілген тапсырмаларын орындау шеңберінде іске асырылуы қамтамасыз етілетін негізгі газбен жабдықтау жобалары болып табылады.

Бұл жобалар «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупингін салу, «Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салу және «Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 1-ші желісін күрделі жөндеуді қамтиды.

Министрлік қызметінің келесі бағыты – мұнай-газ-химия өнеркәсібін дамыту.

Қазіргі уақытта республикада хош иісті көмірсутектер өндірісі, полипропилен және бензинге арналған октан көтеретін қоспалар шығаратын зауыт, сондай-ақ майлау майларын шығаратын зауыттар жұмыс істейді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газхимия өнімдерін өндіру көлемі 185 мың тонна деңгейінде күтілуде.

«Отын энергетика кешенін дамыту тұжырымдамасының жоспарларына сәйкес 2030 жылға қарай мұнай-газхимия өнімдерін өндіру көлемі 18 есе артып, 3,4 млн тоннаға дейін жетеді», — деді М. Мырзағалиев.

Мұнай-газ-химия жобаларын атап айтар болсақ, мәселен, Шымкент қаласында қуаты 57 мың тонна метил-трет-бутил эфирі бар зауыт іске қосылды. 2022 жылы қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты пайдалануға беру жоспарланған. 

Мұнай-газ-химия саласында бірқатар ірі жоба, атап айтқанда қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен және қуаты жылына 189 мың тонна бутадиен өндіру бойынша жобалар іске асырылатын болады. Полиэтилен жобасы бойынша бүгінгі таңда стратегиялық инвестормен ынтымақтастықтың базалық шарттары бойынша келісімдерге қол қойылды. Бутадиен жобасы бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында стратегиялық әріптес ретінде «Татнефть» жария акционерлік қоғамымен жобаны бірлесіп іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Жобаның ТЭН-ін әзірлеу жүргізілуде. Бұл жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасына шамамен $8,6 млрд көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Электр энергетикасы саласына келетін болсақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру 113,7 млрд кВтсағ деңгейінде күтілуде. 2020 жылмен салыстырғанда тұтынудың өсуі шамамен 6% құрайды. Сонымен қатар ағымдағы жылы 0,25 млрд кВтсағ көлемінде электр энергиясының тапшылығы байқалды. Ол Ресей Федерациясының энергия көздері есебінен өтелді.

«Бүгінгі таңда министрлік 2035 жылға дейін электр энергиясын өндіру және тұтыну балансын әзірледі. 2030 жылға дейін 11 ГВт қуаттылықты іске қосу жоспарлануда», — деді М. Мырзағалиев. 

Осыған қол жеткізу үшін келесідей шаралар жүзеге асырылады:

Біріншіден, 1 100 МВт көлемінде жұмыс істеп тұрған электр станциялары жаңғыртылатын болады.

Екіншіден, 3 050 МВт болатын жаңа маневрлік генерация салынады.

Үшіншіден, жаңартылатын энергия көздерін іске қосу шеңберінде 7 ГВт өндіруші қуаттар іске қосылады.

Осылардың есебінен  2030 жылға қарай электр энергиясын өндіруді 141,2 млрд кВтсағ дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Электр энергетикасы саласын дамыту жобалары бойынша бүгінгі таңда 3 жоба жетекші жоба болып табылады:

  • Ақтөбе жылу электр орталығында құны 21,7 млрд теңге кәдеге жаратушы қазандығы бар газ турбиналы қондырғысын салу. Оның электр қуаты 57 МВт құрайды;
  • Екібастұз бірінші станцисында электр қуаты 500 МВт құрайтын бірінші энергия блогын қалпына келтіру. Жобаның құны – 110,5 млрд теңге;
  • қуаты 636 МВт, құны 450 млрд теңге болатын №3 энергия блогын орната отырып, Екібастұз екінші станцисын кеңейту және реконструкциялау. 

Осы жобаларды іске асыру қорытындылары бойынша 2025 жылға қарай жиынтық белгіленген қуаты 1 100 МВт-тан асатын қосымша қуаттарды іске қосу қамтамасыз етілетін болады.

Бұдан басқа, Екібістұз екінші станциясында 4 және 5 блоктарды салу мәселесі қарастырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Біртұтас энергия жүйесінің Оңтүстік аймағында 2026 жылға дейін жалпы жиынтық қуаты 3 050 МВт болатын жаңа маневрлік генерацияны енгізу бойынша 7 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалардың жалпы құны – 1,5 трлн теңге.

«Министрлік осы жобаларды пысықтау бойынша белсенді шараларды жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда газ станцияларын салу үшін қосымша алаңдар айқындалып, газ генерациясын салу жобаларын іске асыру үшін халықаралық инвесторлар шақырылды», — деді министр.

Жаңартылатын энергия көздері бойынша. Дамудың ұзақ мерзімді трендтерін талдау көміртексіз энергия көздері барған сайын сұранысқа ие болып келе жатқанын көрсетеді. Жаңартылатын энергия көздері соңғы жылдары Қазақстанның энергетикалық кешенін дамыту векторларының бірі болып табылады.

Ағымдағы жылы жиынтық қуаты 392 МВт болатын 19 объект іске қосылды, шамамен $400 млн инвестиция тартылды.

Жаңартылатын энергетика объектілері өндірген электр энергиясының көлемі ағымдағы жылы 4,2 млрд кВт/сағ құрайды. Республика бойынша жаңартылатын энергия көздерінен алынған электр энергиясының үлесі 3,7%  деңгейінде күтілуде. 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға дейін ұлғайту күтілуде. Индикаторға қол жеткізу үшін инвестициялар көлемі 3 трлн теңгеден асатын шамамен 7 ГВт (ЖЭС – 3,5 ГВт, КЭС – 2 ГВт, СЭС-1,5 ГВт) жаңа қуаттарды қосымша енгізу талап етіледі.

Жергілікті қамту бойынша. Қазіргі уақытта министрлік жергілікті қамтуды дамытуға ерекше көңіл бөледі. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес көмірсутек шикізатын және уран өндіру бойынша жер қойнауын пайдаланушыларының тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алудың жалпы көлемі шамамен 6,8 трлн теңге. Бұл ретте осы сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі 46,5% құрайды.

Жергілікті қамтуды одан әрі дамыту бойынша бірқатар шаралар мен бастамалар жүргізілуде.

Ағымдағы жылы «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» және «Норт Каспиан Оперейтинг компани» консорциаларымен мұнай-газ машинасын жасауды дамыту халықаралық орталығы құрылды. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – ҚР мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндірісін жергіліктендіру, атап айтқанда, жаңа өндірістер ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту.

Қазіргі уақытта операторлардың ұсынысы бойынша орталық үш тауар тобын:

  • бекіту арматурасы (клапандар);
  • электротехникалық жабдық;
  • бақылау-өлшеу аспаптары және автоматиканы талдауға және оқшаулауға бағытталған.

Сондай-ақ Жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қоры құрылды. «Шеврон» компаниясы hеспублика алдындағы өзінің қайта инвестициялау міндеттемелері шеңберінде жергілікті қамтуды дамытуға $248,5 млн бөлуде. Инвестициялар басымдылық технология мен IT, базалық тауарлар өндірісі және мұнай-газ секторына арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру және қоршаған ортаны қорғау  сияқты үш бағытқа салынатын болады, бұл ретте онымен ғана шектелмей қоймайды. Бүгінде қор «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген.

«Шеврон» жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қорының сайтында өтінімдерді қабылдау а.ж. 29 желтоқсаннан басталады.

«Осындай бастамалардың арқасында біз мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндіруге бағытталған өз жүйемізді қалыптастыруымыз керек. Қиындықтарға қарамастан, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі, соның ішінде тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Өз кезегінде, біз Энергетика министрлігінің алдына қойылған міндеттерді іске асыруды одан әрі жалғастырамыз», — деп түйіндеді М. Мырзағалиев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу