Халықаралық жоғары оқу орындарының ашылуы, тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асыру, туризмді белсенді ілгерілету — Алматы қаласы 2021 жылдың 11 айында қалай дамыды 

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алматыны «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» деп атап өтті. Мұнда Тәуелсіздік Декларациясы, Мемлекеттік рәміздер, ұлттық валюта секілді маңызды шешімдер қабылданды. Елбасы мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ықыласы мен қолдауының арқасында Алматы тәуелсіздік жылдары дамудың тұрақты динамикасын көрсетуде.

 

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі Алматының жетістіктері

Тәуелсіздік жылдары қала экономикасы 1993 жылы 2,1 млрд теңгеден 2020 жылы 13,5 трлн теңгеге дейін өсті.

«Тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекет шағын және орта бизнесті қолдауда белсенді рөл атқаруда, нәтижесінде Алматыда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 94,6 есе және шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің саны 9,3 есе артты. Халық саны 1,8 есе өсті және қазір мегаполисте 2 миллионнан астам халық тұрады. Халықтың қажеттілігін ескере отырып, 30 жылдың ішінде денсаулық сақтау ұйымдарының саны 1,5 есе ұлғайды. Қала тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 74 жасқа жетті», — деді Б. Сағынтаев.

Тәуелсіздік жылдарында білім алуға қолжетімділік айтарлықтай өсті, мемлекет 61 балабақша мен 45 мектеп салды, бизнес 450-ден астам балабақша мен 84 мектепті іске қосты. Тұрғын үй құрылысының көлемі 7,5 есе ұлғайды – 26,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынды.

Сонымен қатар әкімнің айтуынша, пандемияның барлық қиындықтарына және оған байланысты қабылданған шектеулерге қарамастан, Алматы өз әлеуетін арттыруды тоқтатпады және Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қалпына келтірудің жоғары қарқынын көрсетуде.

Жыл басынан бері Алматы экономикасы 5,5%-ке өсіп, 5,8 трлн теңгені құрады. Бюджетке түсетін түсімдер 28,7%-ке, 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

«Биылғы жылдың 10 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар 15%-ке өсіп, 873 млрд теңгеден асты. Құрылыста 22,2%-ке өсім қамтамасыз етілді. Бөлшек сауда көлемі 12,7%-ке артып, 3,3 трлн теңгені құрады, көтерме сауда – 2,3%-ке, 8,7 трлн теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бері инфляция 7,6%-ті құрады», — деп қосты Алматы қаласының әкімі. 

Жыл басынан бері өнеркәсіпте 18% өсім қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін Индустриялық аймақта 4 жаңа жобаны іске қосу, 519 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл жобалардың қатарына ПТР-тест өндірісі бойынша шетелдік қатысуы бар маңызды жоба кіреді.

Сонымен қатар қалада Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Алматы – капитал мен жеке бизнес қаласы екені баршаға мәлім. Қала экономикасының өсуін қамтамасыз етуде шағын және орта бизнес жетекші рөл атқарады, ол экономиканың барлық салаларында: қызмет көрсету, сауда, құрылыс және өнеркәсіп салаларында жұмылдырылған.

Әкімнің берген ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері шағын бизнеске несие беру көлемі 1,4 есе өсті. Қалалық бағдарламалар бойынша несиелеу бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 55%-ке өскенін атап өткен жөн.

«Қабылданған шаралардың арқасында жыл басынан бері шамамен 55 мың жұмыс орны құрылды. Соның нәтижесінде жұмыссыздық 5,1%-ті құрайды. Сондай-ақ үшінші тоқсанда орташа айлық жалақы 20%-ке көбейіп, 283,7 мың теңгені құрады», — деп нақтылады Б. Сағынтаев.

Брифинг барысында Алматы қаласының әкімі эпидемиологиялық жағдайға тоқталып өтті.

«Биыл біз коронавируспен күресу үшін ауқымды шаралар қабылдадық. Нәтижесін де көріп отырмыз. Егу науқаны басталған кезден бастап миллионнан астам алматылық вакцина алды. Балаларды, жүкті және бала емізетін аналарды вакциналау үшін қалаға Pfizer вакцинасының 23,4 мың дозасы жеткізілді. Қазірдің өзінде ол 17,8 мыңнан астам адамға салынды. Алматыда эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Біз жасыл аймақтамыз. Күнделікті өсім 0,2%-ті құрайды, кеше 65 адам індеттен сауықты. Инфекциялық стационарларда 257 пациент ем қабылдауда», — деді әкім.

Қаланың денсаулық сақтау жүйесі тұрақты және жаңа жағдайларға дайын. Қазіргі таңда денсаулық сақтау объектілерін жабдықтау көрсеткіші 91,5%-ті құрайды, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері 100% жабдықталған. 

Сондай-ақ білім беру саласында мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығын төмендету үшін 3 мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталды, 72 жеке балабақша ашылды. Нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 91%-ті құрайды. 

Б. Сағынтаевтың айтуынша, Алматыда қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша 8 мемлекеттік мектеп салынуда, оның 3-і осы жылдың желтоқсан айында тапсырылады.

«Жыл соңына дейін 8,2 мың орынға арналған 17 қосымша құрылысты да пайдалануға береміз. Оның 11-інде балалар оқып жатыр. Бұдан басқа, оқу жылының басынан бері 2,6 мың орындық 13 жеке меншік мектеп ашылды. Жалпы, осы жылдың соңына дейін 16 мыңнан астам жаңа оқушы орны құрылады, бұл тапшылықты 47%-ке төмендетуге мүмкіндік береді», — деді Алматы әкімі.

Сонымен қатар, қалада жуырда беделді De Montfort университетінің филиалы ашылды, онда студенттер бизнес, АT, қаржы және құқық секілді бағыттар бойынша оқытылады. Оған қоса, Елбасының бастамасымен Алматыда Назарбаев университетінің Жасанды интеллект мектебінің құрылысы басталады.

Б. Сағынтаев брифинг барысында инклюзивті білім беру, қосымша білім беруді кеңейту мәселелеріне де тоқталды.

Бүгінде мемлекеттік мектептердің 80%-інде инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Қазір ерекше қажеттіліктері бар 4 мыңнан астам бала білім алуда.

«Президент өз Жолдауында балалардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Жан басына қаржыландыру арқылы балаларды тегін спорт секцияларымен қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге бағытталды. Бүгінде Алматыда 33 мыңнан астам бала спорттың 37 түрі бойынша үйірмелерге тегін қатысады. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған секциялар қарастырылған. 36 шығармашылық үйірме жұмыс істейді, оған 15 мың бала барады», — деді Алматы қаласының әкімі.

Алматыда спорт инфрақұрылымының дамуына келер болсақ, бүгінде 660 мыңнан астам қала тұрғыны дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады, қалада 3,6 мыңнан астам спорт ғимараты бар.

Желтоқсан айында 3 дене шынықтыру-спорт кешенінің құрылысы аяқталады. 64 мектеп спорт алаңын жаңғырту бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгінде 54 алаң жаңғыртылды.

Алматыда мектептердің спорт құрал-жабдықтарымен жабдықталуы бойынша еліміздегі ең үздік көрсеткіш белгіленген.

Б. Сағынтаев қала тұрғындарын әлеуметтік қолдау мәселесіне тоқталды.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында карантин жағдайында халықтың табысын сақтауға басымдық берді. Бүгінде 156 мыңнан астам алматылық жеңілдіктер мен жәрдемақылар алуда. Бұл мақсатқа биыл 25,7 млрд теңге бөлінген», — деді әкім.

Алматыда ерекше қажеттіліктері бар 53 мыңнан астам тұрғын тұрады. Биыл 24,7 мың мүгедек адам 4,9 млрд теңгеге оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілді.

Тұрғын үй құрылысына келер болсақ, саны артып келе жатқан халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жыл соңына дейін 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беріп, мемлекеттік бюджет есебінен 3,9 мың пәтер салу көзделген.

Өткен кезеңде барлығы 3516 отбасы баспанамен қамтылды. «Шаңырақ» пилоттық жобасы басталды, бұл 2114 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 910 отбасы, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 431 отбасы, коммуналдық тұрғын үй қорынан 61 отбасы пәтерлермен қамтамасыз етілді.

Меншік иелерінің бірлестігі қағидаттарын енгізу шеңберінде жыл басынан бері 2500 көппәтерлі тұрғын үйді қамтумен 800 жиналыс өткізілді. Алматыда басқарудың 2985 жаңа нысаны тіркелген.

Сондай-ақ «Жаңа Алматы» кешенді жоспарын іске асыру аясында қаланың шеткі аймақтарындағы көлік, бизнес және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша 286 жоба орындалуда. Бүгінгі күні тұрғындардың 98,5%-ті орталық су жүйесіне қосылған, үйлердің 99,2%-іне газ тартылған. Экологиялық ахуалды жақсарту үшін келесі жылдан бастап 2-ші Жылу электр орталығын (2-ЖЭО) газға көшіру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. 

«Мемлекет басшысының жақында Алматыға жасаған жұмыс сапары кезінде капсула салынды. Президент айтып өткендей, жаңа қондырғының салынуы Алматының бүкіл энергия кешенін кең ауқымда жаңартуды бастауға мүмкіндік береді», — деді Б. Сағынтаев.

2-ші Жылу электр орталығын жаңғырту зиянды заттардың көлемін 7,5 есе азайтады. Қазірдің өзінде 15 экопост орнатылды, жыл соңына дейін тағы 4-еуі кезекпен орнатылады. Барлық посттар өлшеу құралдарымен және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 3 жылжымалы экопост пен зертхана іске қосылады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 3 жылда 1 млн ағаш отырғызу жөніндегі «Жасыл Алматы» бағдарламасы екінші жыл іске асырылуда. Қазірдің өзінде 570 мың түрлі көшет отырғызылды. Жыл соңына дейін 190 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарда бар.

Алматыда көлік инфрақұрылымы жақсаруда. Алматының шеткі аймақтарындағы 274 көшеге 65 км жаңа жол салынды.

Анықтама: 415 көшеде барлығы 108 км, оның ішінде 141 көшедегі 43,1 км 2022 жылға өтеді.

30 км жолға күрделі жөндеуден және 200 км астам жолға орташа жөндеуден өтті. Абай даңғылы, Саин және Әуезов көшелерін 6,6 км-ге ұзарту жұмыстары жүріп жатыр. Осы айда Абай даңғылындағы жол қозғалысы ашылады. Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары басталады. Соның нәтижесінде, биыл қалада 300 км-ден астам жол салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«3 көлік жолайрығы салынуда. Құлжа күре жолы – Бұқтырма жолайрығында бір эстакада бойынша қозғалыс ашылды, Рысқұлов – Емцов жолайрығы бойынша жыл соңына дейін барлық бағыттарда қозғалысты ашамыз. Жыл басынан 7 км велоинфрақұрылым жайластырылды. Вело және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту стратегиясы әзірленді», — деді Алматы қаласының әкімі.

Желтоқсан айының соңына дейін Сарыарқа және Б. Момышұлы станцияларын техникалық іске қосу жоспарланған. Болашақта метро Наурызбай ауданы арқылы Райымбек даңғылына дейін баратын болады.

Алматы агломерациясының аумағында қала маңындағы және қала ішіндегі желілерді бірыңғай жүйеге біріктіруді ескере отырып, Талғардың аудандық шекарасынан Алматыға дейін жеңіл рельсті трамвай салу мәселесі пысықталуда

Осы жылдың қазан айынан бастап әуежайдың ауданы 50 мың шаршы метр болатын жаңа терминалының құрылысы басталды, бұл әуежайдың өткізу қабілетін 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Қабылданған 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясында біз экономикалық өсуді жеделдетуді қамтамасыз етуді мақсат етіп қойдық. Өзіміздің құрылымдық саясатымызда креативті индустрияны, туризмді және цифрландыруды дамытуға ерекше назар аударамыз. Туристік саланы дамыту үшін 84,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Биыл жалпы сомасы 54,3 млрд теңгеге 3 қонақ үй салынды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы жылдың 2-ші тоқсанында туристік саланы дамыту жұмыстарының нәтижелері шетелдік туристер санын 42%-ке арттыруға мүмкіндік берді.

Еліміздің креативті экономикасының орталығы ретінде Алматының әлеуетін дамыту үшін креативті индустрияның кәсіпкерлеріне қолдау көрсетілуде. «Almaty Finance» және «Алматы микроқаржы ұйымы» желісі бойынша қаржыландырылған 9 жоба табысты жұмыс істеуде. Сондай-ақ креативті индустриялар саласындағы алғашқы табысты инфрақұрылымдық жоба – «ALATAU» креативті хабы ашылды, онда күнделікті 700-ге жуық адам жұмыс істейді.

Сонымен қатар қаланың инфрақұрылымын дамытуды тиімді модельдеу, оның жүйелерін басқару үшін «Цифрлық егіз» жобасы жүзеге асырылды. Жабдықты баптау жұмыстары аяқталып келеді, 2022 жылдың 1-тоқсанында қаланың барлық шұғыл қызметтерін біріктіретін «Бірыңғай кезекші диспетчерлік орталық» өз жұмысын бастайды. Бұл республикадағы теңдесі жоқ алғашқы орталық.

Алматының стратегиялық дамуы Үлкен Алматы, яғни қала маңы ауқымында қаралуға тиіс. Үкіметпен және Алматы облысымен бірлесіп «Агломерация туралы» заң әзірленуде. Төтенше жағдайлар, шағын және орта бизнес, көлікті дамыту және экологияны жақсарту бойынша 4 пилоттық жобаның тұжырымдамасы әзірленді. Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың азаматтардың мүддесі үшін өзара іс-қимыл жасау жұмысын күшейту міндетін қойып отыр.

«Әрбір қала тұрғыны менің қатысуыммен «Almaty» телеарнасында өтетін «Akimat LIVE» бағдарламасының апта сайынғы эфиріне қатысып, өз сұрақтарын қоя алады. Мемлекеттік органдардың есеп беруін қамтамасыз ету және қала тұрғындарының проблемаларын шешу үшін қала әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы, сондай-ақ 1308 call-орталығы жұмыс жасауда. Қала тұрғындарының әлеуметтік медиадағы сұраныстарына жедел ақпараттық ден қою жүйесі жұмыс істейді. Қоғамды қаланы басқаруға тарту мақсатында Алматыда екінші жыл қатарынан «Бюджетке қатысу» жобасы іске асырылуда. 23 тамыздан бастап жобаларды іске асырудың үшінші жылына өтінімдер қабылданып жатыр. Қазірдің өзінде 934 жобалық ұсыныс келіп түсті», — деді әкім.

Тәуелсіздік жылдарында Алматы экономика тұрғысынан нығайып қана қоймай, заманауи мегаполистің жаңа қырларына да ие болды. Қаланың соңғы 30 жылдағы айтарлықтай жетістігі, ең алдымен, білімді, кәсіби және талантты алматылықтардың қажырлы еңбегімен байланысты. Бүгінде қаланың болашақта өркендеуі үшін барлық негіздер бар: құрылымдық реформалар жүргізіліп жатыр, соның арқасында экономикадағы жоғары технологиялық салалардың, сондай-ақ креативті экономиканың үлесі артатын болады. Жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында жоғары нәтижелі жұмыс орындары құрылады. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін Алматыда барлық қажетті жағдайлар, бірінші кезекте, сапалы адами капитал және батыл мақсаттарға қол жеткізуге деген ұмтылыс бар. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу