ІІМ: Биыл 22 мыңнан астам жол апаты тіркелді, негізгі себебі – жылдамдықты арттыру

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев баяндама жасады. 

Жол қауіпсіздігі саласы еліміздің даму деңгейінің көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Қауіпсіз елдердің әлемдік рейтингтеріндегі позиция неғұрлым жоғары болса, біздің еліміз әртүрлі бағыттар үшін, мәселен, туризмге және инвистицияға тартымды болады.

Жолдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ішкі істер министрлігі кешенді шаралар қабылдап жатыр. Дегенмен, талдау көрсеткендей, олар жеткіліксіз болып отыр, дейді Қайсар Сұлтанбаев.

Биыл 22 мыңнан астам жол апаты тіркелді, онда 2 мыңға жуық адам қаза тауып, 25 мыңнан астам адам жарақат алған. Жол апаты мен жарақат алғандар көрсеткіштерінің өсуі жол көлік оқиғаларын есепке алу тәсілінің өзгеруімен байланысты.

«Қазіргі таңда денсаулыққа келтірілген зиянға қарамастан, жол апатынан кейін медициналық мекемеге жүгінген барлық адамдар есепке алынады. Жолдағы жағдайды бақылау аясында полиция тарапынан жүйелі шаралар қабылдануда», — деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қ. Сұлтанбаев.

Сонымен қатар «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Автокөлік» және «Абайлаңыз, балалар!» сияқты жедел профилактикалық шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Бұған қоса жүргізуші тәртібіне бақылау күшейтілді.

Статистикалық деректерге тоқталар болсақ, 21 мыңға жуық «мас» жүргізуші ұсталды, 10 мыңға жуық қарсы жолаққа шығу деректерінің жолы кесілді. 25 мыңнан астам жүргізуші басқару құқығынан айырылды. 20 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды. 400 мыңға жуық жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.

Жалпы, биыл 10,4 млн жол ережесін бұзу фактілері анықталды, бұл былтырғы жылға қарағанда 3 млн-ға артық. Ол үшін автоматты түрде тіркеу камералары белсенді қолданылады. Олардың көмегімен 7 млн-нан астам жол ережесін бұзғандар анықталды.

 

Автокөлік жолдарын күтіп ұстау және жол жүрісін ұйымдастыру

Құзырет шегінде бұл жұмыс күшейтілді. Атап айтар болсақ, 38 мыңнан астам тексеру жұмыстары жүргізілді, жолдарды күтіп ұстауда 36 мыңнан астам кемшілік анықталды. 5,5 мыңға жуық лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бүгінгі таңда жолдарды күтіп ұстау қағидаларын бұзғаны үшін ең төменгі айыппұл 55 380 теңгені (15 АЭК) құрайды.

«Адал емес ұйымдарға қатысты жауапкершілікті күшейту мақсатында жолдарды күтіп ұстауда бұзушылықтарды қайталап жасағаны үшін анағұрлым қатаң жауапкершілікті көздейтін түзетулер қабылданды. Барлық проблемалық мәселелер бойынша әкімдіктер мен Министрлікті хабардар еттік», — деді Қ. Сұлтанбаев.

Жолдағы адам шығыны апаттың негізгі үш түріне байланысты, олар:

  • автокөліктердің бетпе-бет соқтығысуы;
  • жаяу жүргіншілерді қағып кету;
  • аударылу.

Осы себептер бойынша болған адам шығыны жалпы жол апатында қаза тапқандардың 72%-ын құрайды.

Апаттың осы үш түрінің негізгі себебі – жылдамдықты арттыру. Жылдамдық режимін бақылаудағы тиімді шешім автоматты камераларды қолдану болып табылады. Олардың саны бүгінде шамамен 25 мыңды құрайды. Оның ішінде, елордада – 6 134, Алматыда – 9 190 және Шымкентте – 1 700 бірлікті құрайды.

Камералар жалпы жол ережелерін бұзу фактілерінің 70%-ын анықтады. Одан бөлек, статистика бойынша жол апатының 84%-ы елді мекендерде орын алады. Бұл жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру жөніндегі іс-шараларды жоспарлау кезінде әкімдіктердің көңіл бөлуін талап етеді.

 

Қала маңындағы жолдардағы жағдай күрделі

Оларға ауыр апаттардың басым көпшілігі немесе адам шығынымен болатын барлық апаттың 50%-ы тиесілі. Соңғы жылдары заманауи магистральдар жабдықталуда. Бұл жол қауіпсіздігіне оң әсерін тигізуде. Мәселен, 15 жыл бұрын жолдарда 4 мыңнан астам адам қаза болса, қазір 2 есе азайды. Ал магистральдық жолдардың жекелеген учаскелерінде адам шығыны біршамаға қысқарды.

Мысалы, «Астана – Щучинск» тас жолын қайта жаңартып, үшінші санаттан бірінші санатқа ауыстырғалы өлім-жітім саны төмендеді. Қарағанды облысындағы «Астана – Қарағанды» учаскесі жөндеуден өткен соң бұл көрсеткіш 4 есеге төмендеді. Жұмыс одан әрі жалғасатын болады.

«Көлік трафигі жоғары негізгі бағыттар бойынша елімізге 1-санаттағы жолдар қажет екенін бірнеше рет айтқан болатынбыз. Қазір 4 және одан да көп жолақтары бар жолдар небәрі 3%-ды құрайды. 6 мың шақырымнан астам жолды екінші және үшінші санаттан бірінші санатқа ауыстыру қажеттілігі бар», — деді Қ. Сұлтанбаев.

Автокөліктердің техникалық мүмкіндіктерін ескеретін болсақ, ені 7 метрден аспайтын ескі жолдар тиісті қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды және жүргізушіні бетпе-бет соқтығысудан қорғамайды.

 

Жүргізушілерді даярлау сапасы сын көтермейді

Талдау көрсеткендей, жол апаттарының негізгі себебі әлі де көлік тәртібінің төмендігі болып табылады.

«Мен келтірген сандар да осыны дәлелдейді. Мысалы, 10,4 млн жол ережесін бұзу фактісінің жолын кесу немесе 20,3 мың "мас" жүргізушіні ұстау жағдайлары тіркелген. Бұл жерде халықтың басым бөлігі заңға бағынатындар, бірақ «мас күйінде» көлік жүргізуге және жол ережелерін тұрақты түрде бұзуға жол беретін жүргізушілердің белгілі бір санаты полицияның бақылауында болады», — деді Қ. Сұлтанбаев.

Бұл жағдайға автомектептерге қойылатын талаптардың төмендеуі және жүргізушілерді даярлау сапасы ықпал етті. Жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру мақсатында уәкілетті және мүдделі мемлекеттік органдармен шаралар қабылданды.

Жүргізушілердің өз бетінше дайындалуы және онлайн оқуы шектелді.

Автомектептерді (747 оқу орталығы) және үміткерлерді тіркеу Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйесінде жүргізіледі, бұл үміткерлерге курсты аяқтау туралы куәліктерді мерзімінен бұрын беру және оларды қолдан жасау мүмкіндігін болдырмайды.

Оқу курсын аяқтағаны туралы куәлікті электронды нұсқаға толық көшіру бойынша жұмыс атқарылуда, ол өз кезегінде жалған немесе оларды формальды түрде алу фактілерін болдырмайды. Сол секілді жалған медициналық қорытындыларды болдырмау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі анықтамаларды электрондық форматқа ауыстырды.

Жүргізушілерді даярлау сапасын арттырудың тиімді шараларының бірі – автомектеп ашу қызметін рұқсат беру тәртібіне қайтару. 

«Автомектептер бұл ұсынысты қолдады, өйткені ол қызметте өзін-өзі реттеу болған жоқ, бірақ барлық бағыттары бойынша сапаның төмендеуін байқадық», — деді Комитет төрағасы.

 

Жеке мәселе – заңсыз автотасымалдаушылар

Көлік министрлігімен бірлесіп, осындай тасымал түрін жүзеге асыру үшін өз бағдарламаларын ұсынатын компаниялармен меморандумдар жасалды.

Меморандум аясында жүргізушілерге, еңбек және демалыс режимін сақтауына, медициналық тексеруден өтуіне, жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелеріне қойылатын талаптар күшейтілетін болады.

Интернет-агрегаторлар осы кезде қосымшаларының жұмысын пысықтап жатыр, ал 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап интернет-агрегатордың иелері жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген жеке тұлғаларға ғана тапсырыстар беретін болады, дейді Қ. Сұлтанбаев.

Өз кезегінде жеке тасымалдаушылар:

  • күнделікті рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық тексеруден өтуге;
  • автокөлікті күнделікті техникалық байқаудан өткізуге;
  • сол жақтан басқаратын техникалық жарамды автокөліктерді пайдалануға;
  • жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауға міндетті болады.

Көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда интернет-агрегаторлардың иелері жеке тасымалдаушыға тапсырыс бермеуге міндетті болады. 

Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдер енгізілуде. Алайда барлық камералар қалаларда орналасқан.

Сонымен қатар қала сыртындағы трассаларда қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін патрульдік автокөліктер жол ережелерін бұзуды тіркейтін борттық жүйелермен жабдықталды. Қазіргі таңда олардың саны 250-ден асады. Бір экипаждың өнімділігі 15 патрульдің жұмысымен сәйкес келеді.

«Еліміздің тұрғындары олардың жұмысы туралы біледі және олардың жолда жүруі жүргізушілерді тәртіпке келтіреді. Бірақ жолда патрульдік көлік көзден таса болғанда тыйым салынған учаскелерде жылдамдықты да асырады, одан қалды басып озу сияқты бұзушылықтарға да жол береді. Сол себепті, қала сыртындағы жолдарды қамту мақсатында “жасырын” патрульдеуді енгіздік, яғни сәйкестендіру белгілері жоқ полиция көлігінің салонына автоматты камералар орнатылды. Қазіргі уақытта “жасырын” патрульдеу режимінде полицияның 11 көлігі жұмыс істейді және жыл соңына дейін олардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз», — деді Қ. Сұлтанбаев.

«Жасырын патрульдеудің» мақсаты – мүмкіндігінше көп айыппұл салу емес, қала маңындағы жолда жүргізушілерді тәртіпке келтіру. Елді мекендердің ішінде осы тектес камералар автобустардың салондарында жасырын орнатылады, қазір 5 маршруттық автобус жабдықталған, жыл соңына дейін олардың санын көбейту және жедел жәрдем көліктеріне де орнату жоспарда бар. Бұл – көлік жүргізу мәдениетін арттыруға және жазаның бұлтартпаушылық принципін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, полицияның ғана шараларымен жол қауіпсіздігін арттыруға қол жеткізу мүмкін емес. Мамандардың пікірінше, жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі болжамды, яғни олардың алдын алуға болады. 

«Көптеген елдер апаттардың санын қысқарту және себептерін жою мақсатында салдарының ауырлығын төмендетуге қол жеткізді. Сондықтан жол көлік оқиғаларын болдырмайтын және адам қателіктерінің салдарын жеңілдететін қауіпсіз инфрақұрылым салу басты мақсат болуы тиіс», — деп түйіндеді сөзін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

#Баспасөз конференциясы #ҚР ІІМ

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу