31 Қазан 2024, 19:11
Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында еңбек және халықты әлеметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев баспасөз мәслихатын өткізді. Өз кезегінде спикер Инклюзивті саясат тұжырымдамасының жобасы туралы, осы орайда Министрлік жүргізіп жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Бүгінгі таңда қоғамдағы инклюзияны көбіне өткір қажет ететін – ол мүгедектігі бар адамдар. Қазір елімізде 732 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Атап айтқанда ерекше күтімді қажет ететін балалардың үлесі – 15%-ды, 18 жастан асқандар – 85%-ды, оның ішінде, еңбекке қабілетті адамдар – 57,2%-ды, зейнет жасындағылар – 27,5%-ды құрайды.
«Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарды қолдау шығындары бюджеттің әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету шығындарының шамамен – 11%-ын құрайды. Осы орайда, мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеміне 2024 жылы мемлекеттік бюджеттен 624,1 млрд теңге бөлінді», — деп мәлімдеді спикер.
Оның айтуынша, жалпы, мүгедектігі бар адамдардың мүгедектігі бойынша жәрдемақылардан басқа өмір сүру деңгейі мен сапасын көтеру жөнінде негізгі бағыттарда жұмыс жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында елімізде мүгедектігі бар жандар үшін әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту басталған. Осылайша, Семей, Тараз және Кентау қалаларында 150 орындық 3 оңалту орталығы қолданысқа берілді.
Еліміздің 6 өңірінде (Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз және Қостанай) аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларға және басқа да менталды бұзылушылықтары бар балаларға күндізгі оңалту орталықтары ашылды.
Сонымен қатар:
мүгедектігі бар адамдарды жөргектермен қамтамасыз ету нормасы ұлғайды;
спина бифида диагнозы қойылған мүгедектігі бар жандарға бір рет қолданылатын майланған катетерлер енгізілді;
менталды бұзылушылықтары бар ерекше күтімді қажет ететін балаларға емдеу-сауықтыру орындарында ем алу ұсынылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленді. Бүгінде мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделінен әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне көшуге жағдай жасау қажетті жаңашылдық болып саналады. Инклюзивті саясатты жүзеге асырудың жаңа тәсілдері мүгедектігі бар адамдар құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасуы үшін қажетті жағдайлар жасауға бақытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді.
Жалпы, тұжырымдама жобасы 13 бағытты қарастырады, атап айтқанда:
1. Теңдік және кемсітпеу;
2. Құқықтық қорғау және сот төрелігіне қол жеткізу;
3. Тұрмыс деңгейі және әлеуметтік қорғау;
4. Инклюзивті еңбек нарығы және өндірістік орта;
5. Инклюзивті білім беру;
6. Көрсетілетін қызметке қолжетімділік және кедергісіз орта.
Теңдік және кемсітушілікке жол бермеу
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа әлеуметтік-құқықтық қорғау моделі аясында мүгедектігі бар адамдар құқықтарына қатысты кемсітушілікті анықтау және жою мақсатында ұлттық заңнаманы талдау жұмыстарын қарастыруда. Нәтижесінде, мүгедектігі бар адамдарға қатысты теңдік пен кемсітушілікке жол бермеуді қамтамасыз ететін заң жобасы әзірленеді. Атап айтқанда, қолданыстағы «мүгедектік», «балалар мүгедектігі» және басқа да ұғымдар Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектігі бар адамдар құқықтары туралы конвенциясына және әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне сәйкестендіріледі.
Әділ сотқа қолжетімділік
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтық қорғалуы тиімді заңнамалық және нормативтік актілерді қабылдау, сондай-ақ мониторинг және бақылау тетіктерін енгізу арқылы кеңейеді.
Сонымен қатар мүгедектігі бар көшіп-қонушы және босқын (тұруға ықтиярхаты жоқ ата-аналары бар) балаларға әлеуметтік қорғау шараларын, медициналық көмек пен инклюзивті білім алуға ұсыныстар әзірленеді. Сот ісін жүргізуге инклюзивті мамандардың (ымдау тілінің аудармашылары, жеке көмекшілер) қатысуы мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.
Пенитенциарлық мекемелерде мүгедектігі бар адамдарды ұстау жағдайын жақсарту үшін инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қайта құру жоспарланып отыр.
Тұрмыс деңгейі және әлеуметтік қорғау
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлы картасы арқылы отбасының қажеттіліктерін бағалау бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар медициналық-әлеуметтік сараптаманы кезең-кезеңмен трансформациялау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл шара кейбір нозология түрлері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай проактивті форматта өткізуге толық көшуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ абилитация және реабилитация саласын ғылыми-практикалық қолдау шараларын кеңейту мақсатында Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының трансформациясы жүзеге асырылуда.
Реабилитациялық іс-шаралардың тиімділігін арттыруға цифрлық технологияларды кеңінен қолдану арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр. Цифрлық реабилитация күнделігін және қашықтықтан реабилитация технологиясын енгізу оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Оңалтудың техникалық құралдарының тозу деңгейін анықтау, мұндай өзекті емес құралдарды уақтылы ауыстыру үшін медициналық-әлеуметтік сараптама енгізіледі. Оңалту процестерінің үздіксіз жалғасуын қамтамасыз ету үшін оңалтудың техникалық құралдарын уақытша әрі тегін пайдалану мәселесі қарастырылуда.
«Аймақтарда оңалту орталықтарының құрылысын жалғастыру жоспарланып отыр. Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту процесі де жалғасуда. Мәселен, инклюзивті тұруға арналған әмбебап дизайн негізіндегі шағын сыйымдылықтағы үйлер желісін кеңейту жоспарланған. Бұл қазіргі стационарлық жағдайдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына балама ретінде қарастырылып отыр», — деді спикер.
Оның айтуынша, арнаулы әлеуметтік қызметтер сапасын арттыру әлеуметтік қызметкерлер үшін жаңа кәсіби стандарттарды енгізу арқылы мүмкін болады. 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі және олардың міндетті аттестациясы, әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізіледі.
Еңбек нарығы және өндірістік орта
Мүгедектігі бар жандар – халықтың экономикалық жағынан ең осал топтарының бірі. Мемлекет тарапынан жұмыспен қамту шаралары қабылданғанына қарамастан, елдегі мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамту деңгейі небәрі 28%-ды құрайды. Ал, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 60-70%-дан төмен емес.
Көптеген кәсіпорындар мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын сақтамайды және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Еңбекке жарамдылықты қалпына келтіруді, жұмысқа орналасуды немесе жаңа кәсіпке оқытуды қамтитын кәсіби еңбек оңалтуы баяу дамып жатыр.
Бейімделген жұмыс орындарының болмауы, тиісті білім мен тәжірибенің жеткіліксіздігі, төмен жалақы жұмысқа орналасудағы басты кедергілерге жатады.
«Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру шараларын әзірлеу аясында олардың еңбек құқықтарын реттеу, сақтау және қорғау бойынша нормативтік-құқықтық база қайта қаралады», — деп атап өтті вице-министр.
Оның мәлімдеуінше, бизнеске әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілерге квотаны орындамаған жағдайда бюджетке өтемақы төлемдерін енгізу тетіктері қарастырылуда.
Инклюзивті білім беру
Бүгінде мүгедектігі бар жандар сапалы білім алуға қол жеткізуде қиындықтарға тап болып отыр. Бұл олардың жұмысқа орналасу және әлеуметтену мүмкіндіктерін шектейді.
Мұғалімдердің ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге әдістемелік дайындығының жеткіліксіздігі, арнайы жағдайлар мен бейімделген оқу бағдарламаларының жоқтығы, сондай-ақ үздіксіз психологиялық-педагогикалық қолдаудың жетіспеушілігі байқалады.
Тұжырымдама жобасы аясында арнайы білім беру жүйесін жетілдіру, білім берудің барлық деңгейлерінде инклюзияны қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қарастырылған.
Білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету шаралары шеңберінде арнайы білім беру ұйымдарында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған ерте психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерін құру жоспарланып отыр.
Кедергісіз орта құру
Тұжырымдама жобасындағы негізгі блок кедергісіз орта құруға арналған.
Мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру мәселесі нысандар мен көрсетілетін қызметтер қолжетімділігінің ұлттық стандарттарын өзектендіру және біріздендіру, оларды тіршілік әрекетінің барлық саласына енгізу үшін тиімді шаралар мен уәждеу жағдайларын жасау жөнінде жаңа шаралар қабылдауды талап етеді.
Инфрақұрылым нысандары мен көрсетілетін қызметтердің халық үшін қолжетімділігін регламенттейтін ұлттық стандарттарды енгізу – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың кедергісіз орта құру жөніндегі жұмыстарды өзектендірудің негізі. Нәтижесінде, мемлекеттік және қоғамдық бақылау артады, оның шеңберінде барлық меншік нысанында мүгедектігі бар адамдар үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі тұрғысынан тексеру міндетті болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдарға, елорда және облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктеріне жобалау құжаттамасының инклюзивтілігін, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, халықтың аз қозғалатын топтары үшін нысандардың қолжетімділігі тұрғысынан қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі құзыретті бекіту көзделеді.
Төтенше жағдайлар мен климаттық қатерлер жағдайындағы қауіпсіздік
Климаттың өзгеруiне және техногендiк апаттарға байланысты мүгедектiгi бар адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төнетiн жағдайда төтенше апатты жағдайлар мен дүлей зiлзалаларда қауiпсiздiктi және оларды қорғауды қамтамасыз етуге кешендi көзқарас талап етiледi.
Төтенше жағдай кезінде мүгедектігі бар жандардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауға кепілдік беретін стандарттар мен құқықтық нормалар енгізілетін болады, атап айтқанда:
1) мүгедектігі бар адамдарды қолжетімді форматтар мен құралдарға негізделген құлақтандыру тәсілдері;
2) төтенше жағдайларда және дүлей зілзалаларда мүгедектігі бар адамдардың осалдығын төмендету мақсатында қауіп-қатерлерді болжау тетігі;
3) төтенше жағдайларда мүгедектігі бар жандарға қатысты ерекше ден қою алгоритмдері.
Мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасы мүшелері үшін төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз мінез-құлықты меңгерту жүйесі құрылады.
Мәдени өмір, демалыс және спорт
Мәдениет, спорт және туризм инфрақұрылымын дамытудың негізгі міндеттерінің бірі – мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді нысандар мен қызметтердің санын арттыру:
1) концерттік ұйымдарда, театрларда, мәдени демалыс ұйымдарында, кітапханаларда, мұражайлар мен мұражай-қорықтарда, цирктерде, мүгедектігі бар жандарға арналған спорт гысандары мен құрылыстарында кедергісіз орта құру;
2) концерттік ұйымдарды, театрларды, мәдени демалыс ұйымдарын мүгедектігі бар жандарға арналған электрондық ақпарат тасығыштар, аудио және бейне ойнатқыштар, Брайль шрифтымен басылған кітаптар, арнайы пернетақтамен жабдықталған компьютерлер және басқа да арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету;
3) әмбебап дизайн негізінде жаңа мәдениет, спорт және туризм нысандарын салу.
Инклюзивті мәдениетті дамыту қоғамның хабардарлығын арттыру жөніндегі ақпараттық науқандарды кеңейту арқылы қамтамасыз етіледі.
Спорт пен дене шынықтыруды инклюзиялау идеологиясы ерекше қажеттіліктері бар әйелдер мен балаларды параспортпен айналысуға тартуға баса назар аудара отырып, одан әрі ілгерілетіледі.
Оқу-ағарту-тәрбие жұмысы
Тұжырымдама жобасы бағыттарының бірі – қоғамдағы инклюзивті сананы дамыту. Инклюзия саласындағы ағарту жұмыстарының негізгі міндеті қоғамның хабардарлығын арттыру арқылы адамның қадір-қасиетін, адамзаттың физикалық әртүрлілігін құрметтеу құндылықтарын ілгерілету болады.
Инклюзия саласындағы ағарту жұмыстары тиімділігінің өсуі мүгедектіктің құқық қорғау моделін ілгерлететін ақпараттық, ойын-сауық және тартатын контентті құру және тарату процесіне тартылған ақпараттық индустрия қызметкерлерінің қызметін сапалы әдістемелік сүйемелдеуді талап етеді.
Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау:
ұлттық заңнаманы жетілдіру;
еңбек нарығының инклюзивтілік деңгейін, медициналық қызметтердің сапасын, инклюзивті білім беруді, мүгедектігі бар адамдарды саяси және қоғамдық өмірге тартуды арттыру;
кедергісіз орта, мүгедектігі бар адамдарға төтенше жағдай туындаған кезде қажетті көмек көрсетіп, қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін іс-қимыл алгоритмін құру және басқа да шаралар.
«Бағдарламалық құжатты әзірлеу қоғамдық пікірді барынша қамту форматында жүргізілгенін атап өту қажет. Мүгедектігі бар азаматтардың мүдделерін білдіретін үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізілді, репрезентативті сауалнама және ұсыныстар жинау. Тұжырымдама жобасы үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен мүгедектігі бар адамдар ұйымдарының халықаралық одағы мүшелерімен қоғамдық тыңдауларда талқыланды, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерімен мақұлданды», — деп мәлімдеді Асқарбек Ертаев. Оның мәлімдеуінше, жоба мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшелерімен талқыланған.
Мүгедектігі бар адамдар құқықтарын және әлеуметтік қорғау – мемлекетіміздің басты басымдығы.
«Біз мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтар үшін тең мүмкіндіктер жасау, шын мәнінде мұқтаж адамдарды қолдау жөніндегі жұмыстарды жалғастырамыз. Алда ең алдымен, қазақстандық азаматтардың өмірі мен әл-ауқатына оң әсер ететін ауқымды өзгерістер күтіп тұр», — деп түйіндеді сөзін спикер.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу