Инвестициялар өсімі, сыртқы сауда айналымы мен тауарлар өндірісінің ұлғаюы — Қазақстанның негізгі экономикалық үрдістері қандай

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов халықпен есепті кездесуінде ведомствоның 2019 жылғы және 2020 жылдың 4 айындағы жұмысының негізгі нәтижелері туралы айтып берді. 

Р. Дәленов өз есебінде Ұлттық экономика министрлігі қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Бұл — экономикалық көрсеткіштер, экономикалық белсенділікті қалпына келтіру шаралары, кәсіпкерлік, бәсекелестік, өңірлік саясат, салық-бюджет саясаты, сондай-ақ инвестициялар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік.


Негізгі экономикалық көрсеткіштер

2019 жылы ЖІӨ өсімі 4,5%-ды, инфляция — 5,4%-ды, халықтың нақты мәндегі табысы — 6,5%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,5%-ға өсті. Жұмыссыздық 4,8% деңгейінде қалыптасты. Экспорт $58 млрд құрады. Жалпы, сыртқы сауда айналымы $96 млрд-қа жетті.

«Жалпы, әлемдік экономикада осы жылдың басынан бері карантин шаралары аясында іскерлік белсенділіктің төмендеуі байқалады. Сондай-ақ негізгі биржалық тауарларға конъюнктураның төмендеуі белгіленген», — деп хабарлады министр.

Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері мынадай: ЖІӨ 0,2%-ға төмендеді. Дегенмен тауарлар өндірісі 5,8%-ға өсті. Сонымен қатар қызметтер өндірісі 4%-ға қысқарды. Соның нәтижесінде ЖІӨ жалпы 0,2%-ға төмендеді. 

Негізгі капиталға инвестициялардың өсуі нақты мәнде 0,9%-ды құрады. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен төмен. Дегенмен, оң өсу сақталуда. Инвестицияларды тарту мақсатында жаңа тәсілдер әзірленуде.

Осы жылдың қаңтар-сәуірінде экспорт $18 млрд-тан астамды құрады.

 

Экономикалық белсенділікті қалпына келтіру жөніндегі шаралар

Р. Дәленов атап өткендей, экономикалық белсенділікті қалпына келтіру мақсатында шұғыл, жедел сипаттағы шаралар, сондай-ақ 2020 жылдың соңына дейінгі кешенді жоспар қабылданды.

Бірінші. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет экономиканы қолдау жөніндегі шұғыл, жедел шаралардың екі топтамасын қабылдады.

Микро, шағын және орта бизнес салаларындағы салықтық және әлеуметтік төлемдер бойынша босату және кейінге қалдыру ұсынылды. Бұл — қоғамдық тамақтану, АӨК, сауда, сауда-ойын-сауық орталықтары, қонақ үйлер, туризм, АТ компаниялары және басқа да қызметтер.

ШОБ-қа жеңілдікпен несие беру құралдары айтарлықтай кеңейтілді. Несиелеу көлемі 1 трлн теңгеге ұлғайды. Бұл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қосымша 400 млрд теңге және Ұлттық банк желісі бойынша жаңа 600 млрд теңге.

«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша салаларды қамту елеулі түрде кеңейтілді. Қарыз алушылар үшін соңғы мөлшерлеме 6% құрайды.

Инфрақұрылымды жаңғырту мен қайта жаңартуды жүзеге асыруға және жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылып жатыр.

ШОБ қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін несиелер бойынша негізгі борыш пен сыйақыны төлеу бойынша 90 күнге кейінге қалдыру ұсынылды.

Отандық тауар өндірушілер үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жеңілдетілді.

Екінші. Осы жылдың 20 мамырында 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспары қабылданды.

Кешенді жоспарды Үкімет Ұлттық банкпен, «Атамекен» ҰКП және бизнес қауымдастықтармен бірлесіп әзірледі. Салалық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және бизнес-қауымдастықтардың барлық ұсыныстары қаралды.

Кешенді жоспар қолданбалы сипаттағы нақты шараларды қамтиды. Бұл — Өнеркәсіпті дамыту қорын құру. Өңдеу секторы кәсіпорындарына 3% жеңілдік мөлшерлемесі бойынша несие беру көзделіп отыр.

Ұлттық Банк бағдарламасы және БЖК-2025 желісі бойынша шағын және орта бизнесті қолдауда қызмет түрлері кеңейтілуде, несиелеу рәсімдері жеңілдетіліп жатыр. Сондай-ақ «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасында бизнес үшін микрокредиттерді субсидиялауды қарастыратын, мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын жаңа «Микрокредиттеу» бағыты пайда болады. Бұл шаралардың барлығы сыртқы шоктардан болатын жағымсыз салдарды төмендетуге бағытталған.

Сондай-ақ Кешенді жоспар экономика салаларындағы жедел мәселелерді шешуге, ішкі өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндік береді. Осылайша, экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге ықпал етеді.

Кешенді жоспар 10 бағыт бойынша 164 келісілген шараны қамтиды. Бұл — ШОБ дамыту, жұмыспен қамту, сервистік экономиканы қолдау, инвестициялар тарту, макротұрақтылықты қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп және тау-кен металлургия кешендері, құрылыс саласы мен өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ азаматтық авиация мен туризм.

Жалпы Кешенді жоспарды жүзеге асыруға бүгінде 49 заңнамалық актіге түзетулер енгізіледі.

 

Экономиканың 29 секторында жұмыс істейтін шағын бизнес субъектілеріне салықтық жеңілдіктер ұсынылды 

«Кәсіпкерлікті дамыту мәселесі – негізгі басымдықтардың бірі. ШОБ-ты дамыту – экономиканы әртараптандырудың, жұмыспен қамтудың, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің, сондай-ақ халық үшін тауарлар мен қызметтер өндірудің басты факторы», — деді Р. Дәленов.

 

Белгілі болғандай, қазіргі жағдайда карантиндік шектеу шаралары ШОБ-қа, әсіресе микробизнеске тікелей әсер етті. Сондықтан, ШОБ-ты қолдау үшін салықтық ынталандыру ұсынылды, кредит беру кеңейтілуде және бизнесті жүргізу шарттарын одан әрі жеңілдету шаралары қабылданып жатыр.

Биыл ШОБ-тың неғұрлым көп зардап шеккен секторларын қолдауға бағытталған бизнесті салықтық ынталандыру шаралары қабылданды.

2020 жылғы 1 маусымға дейін барлық шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін ұзарту енгізілді (2020 жылғы 27 наурыздан бастап). Экономиканың неғұрлым осал секторларында жыл соңына дейін мүлік салығының ставкасы нөлге теңестірілді (2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап).

Агроөнеркәсіп кешені саласында да ынталандыру шаралары қарастырылған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін жер салығының мөлшерлемесі жыл соңына дейін нөлге дейін төмендетілді (2020 жылғы 1 қаңтардан бастап).

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату және импорттау үшін ҚҚС мөлшерлемесі 2020 жылдың 1 қазанына дейін 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді (2020 жылғы 27 наурыздан бастап).

Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында импорттау кезінде ҚҚС есептеу әдісімен, яғни айналым қаражатын бөлмей төленуі мүмкін (2020 жылғы 5 мамырдан бастап).

Экономиканың аса зардап шеккен секторларында 2020 жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша нөлдік ставкалар белгіленді. Бұл 0% еңбекақыдан алынатын жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік салық және әлеуметтік аударымдар, міндетті медициналық сақтандыруға арналған жарналар.

Жеңілдіктер шағын және орта бизнес қызметінің 29 түрін қамтиды.

Сондай-ақ министр микро және шағын бизнес үшін маңызды қолдау шарасы ретінде өткен жылы айтылған Мемлекет басшысының бастамасын іске асыру екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылы микро және шағын бизнес кірістеріне салынатын салықтан босату үшін заңнамалық база қабылданды. Бұл арнайы салық режимін қолданатын бизнеске қатысты. Босату 2020, 2021, 2022 жылдарға — 3 жыл қолданылады.

«Соның нәтижесінде микро және шағын кәсіпкерліктің 1 млн-нан астам субъектісі үш жыл ішінде салық бойынша шамамен 382 млрд теңге үнемдейді», — деп атап өтті Р. Дәленов.

Сонымен қатар бизнестің қаржыландыруға қол жеткізуін кеңейту бойынша шаралар кешені қабылданды, өйткені кредиттер мен кепілдіктердің қолжетімділігі — «ШОБ-тың, әсіресе микробизнестің дамуының факторы».

«Сондықтан "БЖК-2025" мемлекеттік бағдарламасына жаңа бағыт – "шағын және микробизнесті микрокредиттеу" енгізіледі. Қаржыландыру субсидиялау есебінен 6% аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді болады. Бүгінде осындай несиелер бойынша мөлшерлемелер жоғары. Жаңа бағыт 6% мөлшерлемесі бойынша несие алуға мүмкіндік береді. Несие айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін және өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін беріледі. Бұл микробизнес өкілдерін кеңінен қамтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Р. Дәленов.

Бұл ретте кепіл беру мәселесі шешілуде. «Даму» қоры қарыздың негізгі берешегіің 85%-ына дейін кепілдік беруді қамтамасыз етеді. Микро және шағын бизнес жобаларын қарау келісу рәсімдерін оңайлату арқылы жеделдетілетін болады.

Жаңа бағыт «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізуді, сондай-ақ ЕДБ-ны тартуды талап етеді. Сондықтан бір ай ішінде микро несиелендірудің жаңа бағытын іске қосу жоспарланған.


2019 жылы 30 мыңнан астам кәсіпкер оқытылды

Жалпы Министрлік ШОБ қолдау бойынша бірқатар бағдарламаларды жүзеге асыруда, атап айтсақ: Бизнестің жол картасы, «Еңбек» және «Қарапайым заттар экономикасы».

Өткен жылы және осы жылдың 4 айында бағдарламалар арқылы 6 мыңнан астам жоба бойынша қаржылық қолдау көрсетілді:

  • «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша (қалаларда микрокредит беру) қалаларда шамамен 20 млрд теңге сомасына 1 700-ден астам микрокредит берілді (6% мөлшерлемемен);

  • «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 185 млрд теңгеден астам сомаға 1 400 жоба қаржыландырылды (6% мөлшерлемемен);

  • БЖК аясында 197 млрд теңге сомасына 3 100 жоба қаржыландырылды(орташа мөлшерлеме — 8,5%).

Қаржы қолдаумен қатар кәсіпкерлер бизнестің функционалдық бағыттарына оқытудан өтті, сондай-ақ сервистік қолдауға ие болды.

2019 жылы 30 мыңнан астам кәсіпкер оқытылды.

Оның ішінде 1 200-ге жуығы өз біліктіріктерін арттырды, 29 мыңы кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.

55 мың қызмет бойынша 43 мың кәсіпкерге сервистік қолдау көрсетілді. Бұл — бухгалтерлік және салықтық есеп, заңдық және маркетингтік қызметтер, сондай-ақ құжаттамалық сүйемелдеу. Қазіргі уақытта кеңес беру қызметтерін қашықтан және онлайн алуға мүмкіндік беретін жаңа оқыту модульдері дайындалуда.

 

Бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдету

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін әкімшілік жүктемені төмендету және бизнесті жүргізуді жеңілдету үшін микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты тексерулер, бақылау және қадағалау (барумен) жүргізуге мораторий енгізілді.

Мораторий енгізу нәтижесінде үш жыл ішінде 100 мыңға жуық тексеру жасалмайды. Бұл әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді және бизнесті жүргізудің тұрақтылығына ықпал етеді. Бизнес ахуалды жақсарту мәселелері бойынша 8 заңнамалық шаралар топтамасы әзірленді.

Бақылау-қадағалау қызметінің реформасын жүзеге асыру және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында алғаш рет бизнес-қауымдастық алдында бақылау-қадағалау органдарының бірыңғай есеп беру күні өткізілді. Есеп беру күнін жыл сайын өткізу жоспарланған.

«Кәсіпкерлердің адалдық презумпциясы» және «өтпелі кезең» қағидаттарының тетіктері әзірленді. Яғни, заңнамадағы барлық түсініксіздіктер мен дәлсіздіктер кәсіпкерлердің пайдасына түсіндіріледі, сондай-ақ кәсіпкерлікке әсер ететін өзгерістер бірден енгізілмейді, өтпелі кезең болады.

 

Халықаралық рейтингтегі орын

Doing Business халықаралық рейтингінде Қазақстанда бизнесті жүргізу шарттарын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар оң бағаланды.

Бүгінгі таңда Қазақстан рейтингте 25-ші орында тұр. Бұл ұстанымды сақтау және жақсарту өте маңызды. Бұл сандар үшін жасалып жатқан жұмыс емес. Жоғары ұстанымды сақтау кәсіпкерлікті дамыту үшін заңнаманы үнемі жетілдіруді білдіреді.

Жетекші индикаторлар — келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз ету (4 орын), миноритарлық инвесторларды қорғау (7 орын) және кәсіпорындарды тіркеу (22 орын).

Сонымен қатар халықаралық сауда (105-орын), электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу (67-орын), төлем қабілеттілігіне рұқсат беру (42-орын) бағыттарын жақсарту қажет. Аталған бағытта жұмыстар атқарылып жатыр.
 

Экономикадағы ШОБ үлесі

2019 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 30,8% құрады. 2015 жылы бұл көрсеткіш 24,9% құрады. ҚР ҰЭМ экономикадағы ШОБ үлесін 2025 жылы 35%-ға дейін арттыру мақсатын қойып отыр.

Бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде ол 3,4 млн адамды құрайды.


Бәсекелестік — экономиканың сапалы дамуының негізі

Адал бәсекелестікке жағдай жасау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Бұл — бизнестің нарықтағы жұмысының кедергілерін жою және мемлекеттің қатысу үлесін төмендету.

Нарыққа кіру кедергілерін алып тастау және бизнестің тұрақты жұмыс істеуі үшін бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін заңнамалық нормаларды тексерудің екінші кезеңі өткізілді.

Бәсекелестіктің 73 әлеуетті шектеулері анықталды. Бұл нарық субъектілерін конкурссыз іріктеу, айрықша құқықтар беру, нарық субъектілеріне ерекше құқықтық мәртебе беру.

Аталған шектеулерді жою бойынша тиісті түзетулер бизнес ахуалды жақсарту мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілген.

Мемлекеттік ұйымдар үшін рұқсат етілген қызмет түрлерін қысқарту бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Квазимемлекеттік компаниялар қызметінің түрлері үштен бірге қысқарды (107 түр). Бұл бәсекелі ортаға 200 млрд теңгеден астам тұратын жұмыс көлемін беруге жол ашты.

20 негізгі тауар нарықтарына талдау жүргізілді. Бәсекелестікті бұрмалайтын 7 фактор анықталды.

Бәсекелестікті дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді, онда 104 іс-шара қарастырылған.

Мемлекет үлесінің төмендеуі Жекешелендірудің кешенді жоспары шеңберінде жүзеге асырылады. Жекешелендіру жоспары 2016 жылдан бастап іске асырылуда. Жалпы, Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асырудың қорытындылары оң қарқын көрсетті.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі аз болған сайын нарық тиімді жұмыс істейді және бәсекелестік деңгейі жоғары болады. ЭЫДҰ көптеген елдерінде мемлекеттің экономикаға қатысу деңгейі төмен.

2019 жылы мемлекеттің экономикаға қатысуы 16%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш квазимемлекеттік сектор компаниялары өндірген өнімнің жалпы қосылған құнының сомасы ретінде есептеледі, ол кейіннен елдің ЖІӨ-ге бөлінеді.

 

2019 жылы ауылдарда 4 мыңнан астам маман жұмыс істей бастады

Р. Дәленов атап өткендей, өңірлердің теңдестірілген дамуы маңызды міндет болып табылады. Өңірлік дамудағы негізгі басымдық тірек ауылдарға жасалады. Бұл «Ауыл – Ел бесігі» және «Дипломмен ауылға» жобалары. Тірек ауылдар ұзақ мерзімді перспективада бар әлеуетті ескере отырып айқындалады.

Бұған қоса моно -, шағын қалаларда жобалар іске асырылып жатыр. Ірі қалалардың төңіректерін жақсарту шаралары қабылдануда.


«Ауыл – Ел бесігі»

Елбасының бастамасымен 2019 жылдан бастап «Ауыл – Ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып келеді. Ол ауылда өмір сүру сапасын жақсартуға, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғыртуға және салуға бағытталған.

2019 жылы «Ауыл – Ел Бесігі» жобасы бойынша 53 ауылда 34 млрд теңгеге 520 жоба жүзеге асырылды.

Бұл — ауыл жолдары, мектептер, ауруханалар, емханалар, жарықтандыру, спорт алаңдары, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері және басқа да инфрақұрылымдық нысандар.

2020 жылға қаржыландыру 3 есеге, қамтылған ауыл саны 4 есеге өсті. Бұл «Ауыл – Ел бесігі» бойынша 216 ауылда 98 млрд теңгеге 920 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, 2027 жылдың соңына дейін қажетті іс-шаралар 3 561 ауылда жүзеге асырылады.

 

«Дипломмен – ауылға»

Ауылдық жерлерге мамандарды тарту үшін «Дипломмен – ауылға» жобасы жүзеге асырылуда.

Өткен жылы 4 мыңнан астам маман 1 200 ауылда жұмыс істей бастады. Бұл — мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және спорт қызметкерлері, сондай-ақ ветеринарлар мен агрономдар.

Оларға тұрғын үйге бюджеттік несие беру түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оның ең жоғары сомасы жыл сайын ұлғаяды. Бүгінгі таңда ол 4,1 млн теңгені (1500 АЕК) құрайды. Кредит беру мөлшерлемесі 15 жылға несие беру мерзімімен небәрі 0,01%-ды құрайды.

Сондай-ақ, көшкені үшін көтерме ақы беріледі.

Биыл тұрғын үйге бюджеттік несие беру түрінде әлеуметтік қолдау шараларымен тағы 5 мыңға жуық жас маман қамтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жастар жылы» аясында қаржыландыру көлемі төрттен бірге артып, биыл 20 млрд теңгені құрайды.


2020 жылы моно- және шағын қалаларды дамытуға 8,8 млрд теңге бөлінді

«Моноқалаларды және шағын қалаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Елімізде 27 моноқала мен 41 шағын қала бар. Оларда жалпы саны 2,3 млн адам немесе еліміздің қала тұрғындарының бестен бір бөлігі тұрады», — деді министр.

Әдетте, мұндай қалаларда экономика бір немесе бірнеше ірі кәсіпорындарға тәуелді, өйткені қала халқы көп емес.

2019 жылы 10 млрд теңге бөлінді, 17 моноқаланы және 9 шағын қаланы қамтыды. Онда 46 жоба іске асырылды, оның ішінде 18-і қала ішіндегі көшелерді салу/қайта жаңарту бойынша, 28-і инженерлік желілерді салу/қайта жаңарту бойынша.

2020 жылы 8,8 млрд теңге бөлінді. 16 моноқалада және 5 шағын қалада 26 жоба іске асырылып жатыр.

 

Мегаполистердің төңіректері қалай дамып жатыр?

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының маңындағы аумақтар белсенді түрде дамып келеді.

«Онда саны өсіп келе жатқан халықты жолдармен, мектептермен, ауруханалармен, сумен, сондай-ақ инженерлік желілермен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті болып тұр. Сондықтан үш ірі қаланың шеткері аймақтарын дамыту шаралары қабылданып жатыр», — деді Р. Дәленов.

2019 жылы 55 жоба іске асырылды.

Нұр-Сұлтан қаласының шеткері аймақтарында 1 емхана салынып, 34 км автожол және 81 км инженерлік желі салынып, реконструкцияланды.

Алматы қаласының төңірегінде 4 мектеп салынды, 36 км автожол және 33 км инженерлік желі салынып, қайта жаңартылды.

Шымкент қаласының шеткері аудандарында 9 км автожол және 165 км инженерлік желі салынып, реконструкцияланды.

Биыл 56 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл — 23 автожол жобасы, білім беру саласында – 7 жоба, денсаулық сақтау саласында – 1 жоба және 3 спорт нысаны, сондай-ақ инженерлік желілер бойынша 22 жоба.

Жобалардың жалпы сомасы екі жылға 56 млрд теңгені құрайды.



Үкімет облыстық маңызы бар барлық қалада «Халық қатысатын бюджет» жобасын кеңейтуге ниетті

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау шеңберінде шешім қабылдау процесіне халықты кеңінен тарту мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру көзделуде, дербес ауылдық бюджеттер енгізілген және тұтастай алғанда бюджет жүйесінің тұрақтылығын арттыру бойынша шаралар қабылдануда.


«Халық қатысатын бюджет»

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында енгізілген «Халық қатысатын бюджет» жобасы шешім қабылдау процесіне азаматтардың кеңінен қатысуының бір құралы болып табылады.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы келесі тәртіп бойынша жүзеге асырылады: веб-порталда идеялар конкурсы өткізіліп, нақты сол ауданның барлық тұрғыны аудандық әкімдікке өздері маңызды деп тапқан жобаны жүзеге асыруды ұсынады.

Келіп түскен өтінімдер талданып, кейін ол бойынша «1 тұрғын – 1 дауыс» тәртібімен ашық дауыс беру жүргізіледі. Дауыс берудің нәтижесі бойынша сарапшылық қауымдастық жобаларды қаржыландыру кезегін белгілейді. Аудандық әкімдіктің сайтында тұрғындардың қандай жобаға қалай дауыс бергенін көруге болады. Жобалардың авторы, статусы, суреті жарияланады. Жоба авторы тұрғын үй ПИК-і немесе тұрғын бола алады.

Бүгінгі таңда «Халық қатысатын бюджет» жобасы Алматы қаласының 8 ауданында және Нұр-сұлтан қаласының Сарыарқа ауданында пилоттық режимде жүзеге асырылуда. 2019 жылы осы қалалардың тұрғындары шамамен 1,5 млрд теңгені бөліп, аулаларды абаттандыру, аула және спорт алаңдарын (ворк-аут) орнату бойынша 69 жоба мақұлданды.

Биыл облыстық маңызы бар қалған қалаларда «халық қатысатын бюджет» жобасын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыстық маңызы бар 55 қалада енгізілуде.



Дербес ауылдық бюджет. Бюджеттің жаңа IV деңгейі

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды кезеңі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту болып табылады.

Негізгі элемент – ауылдық округтің дербес бюджетінің болуы.

2020 жылдан бастап бюджеттің жаңа IV деңгейі енгізілді. Бұл – ауыл, кент, ауылдық округтердің бюджеттері. Реформаның басты ерекшелігі халықтың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуы болып табылады.

«Бұрын бюджеттер, ауыл шығындары аталған ауыл тұрғындарының қатысуынсыз жоғары тұрған аудандық бюджеттен белгіленетін. Енді қаржыландыру басымдықтарын анықтауға жергілікті халық қатысады. Азаматтарға қаржыны басқару процесіне қатысуға мүмкіндік берілген. Жергілікті қоғамдастық жиындарында жоспарланған іс-шаралар тұрғындармен талқыланып, басым жобалар анықталады», — деп атап өтті ұлттық экономика министрі.

Бюджеттің IV деңгейін енгізу жергілікті қоғамдастыққа қаржыландыру басымдықтарын дербес айқындауға мүмкіндік береді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті елдің барлық аумағында енгізілді және 2 353 әкімшілік-аумақтық бірлікте жұмыс істейді.

Дербес ауылдық бюджетті енгізу нәтижесінде ауылдық округтердің қаржылық мүмкіндіктері кеңейтілді. 2018 жылдан бастап ауыл бюджеті 34,4 млрд теңгеге өсті.

Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың рөлі күшейтілді. 270 мың адамның қатысуымен 5,8 мың жиын және 165 мың адам қатысуымен 7,7 мың жиналыс өткізілді. Ауылдық округ әкімдері аппараттарының жауапкершілігі мен құзыреттілігі жоғарылады.


Айқын бюджет

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджетаралық қатынастарда маңызды реформа жүргізілді. Шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығының түсімдері жергілікті бюджеттерге есептеле бастады.

«ШОБ корпоративтік табыс салығын республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге беру неге маңызды? Бұл қаражатты бюджет деңгейлері арасында техникалық қайта бөлу емес. Аталған жаңашылдық өңірлердегі іскерлік белсенділікті арттыруға, ШОБ және жалпы өңірлік экономиканы дамытуға ынталандырады», — деді министр.

Бюджет жүйесінің тұрақтылығын арттыру мақсатында контрциклдік бюджеттік ережені бекіту бойынша заңнамалық түзетулер дайындалды.

Ереженің мәні мұнай бағасы жоғарылаған кезде Ұлттық қордағы қаражатты үнемдеуге негізделеді.

Сондай-ақ бюджеттік процестерді жеңілдету үшін бюджетті атқару және бюджеттік өтінімдерді әзірлеу бойынша рәсімдер жетілдірілді. Олар: бюджеттік процестерді автоматтандыру және цифрландыру, сондай-ақ ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру.

Осыған байланысты бюджет жүйесін одан әрі жақсарту үшін бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері жөніндегі Заң жобасы әзірленді.



Қазақстанда бес жыл ішінде 2 мыңнан астам инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда

ҚР ҰЭМ ЖІӨ-дегі инвестициялар деңгейін 30%-ға дейін арттыру міндетін қойды.

Қойылған мақсаттарды орындау үшін келесі жұмыстар жүргізіледі.

Инвестициялар тартудың түбегейлі жаңа тәсілдері – қосылған құнның тұтас тізбегін қалыптастыру үшін инвесторлармен тікелей жұмыс істеу айқындалды.

Экономиканың басым салаларындағы стратегиялық инвестициялар үшін шарттардың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша заңнамаға түзетулер жасақталды.

Инвестиция тарту үшін АХҚО әлеуетін белсенді пайдалану жоспарлануда.

5 жылға арналған инвестициялық жобалар пулы құрылды. Пул құны 44 трлн теңге болатын 2 мыңнан астам инвестициялық жобадан тұрады.

Министрлік негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізудің ай сайынғы мониторингін жүргізуде.

Инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесінде проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін орталық және жергілікті атқарушы органдармен белсенді жұмыс жалғасуда.

Инвестициялар бойынша нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізудегі жұмыс мониторингінің тиімділігін арттыру мақсатында өңірлерде көшпелі іс-шаралар жүргізілетін болады.

Инвестициялар – экономиканың тұрақты және сапалы өсуінің кепілі.


Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту

Бүгінгі күні (2005-2011 жж.) 1,6 трлн теңге сомасына 755 МЖӘ шарты жасалды, оның ішінде 2019 жылғы 187 шарт сомасы 184,4 млрд теңгені құрайды.

МЖӘ тетіктерін пайдалана отырып барлық кезеңде 578 нысан салынды, оның ішінде білім беру саласында – 347, денсаулық сақтау саласында – 124, энергетика және ТКШ – 31, көлік және инфрақұрылым – 20, мәдениет және спорт саласында – 33, тұрғын үй және әлеуметтік объектілер – 13, басқалары – 10.

Р. Дәленов атап өткендей, бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясындағы министрліктің маңызды міндеті Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының жаңа редакциясын қалыптастыру болып табылады.

Осыған байланысты экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру жөніндегі шаралар әзірленеді. Негізгі екпін отандық өндірісті ұлғайтуға, экономиканы әртараптандыруға, жоғары бөліністі өнімдер шығаруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, цифрландыруға, сапалы инвестициялардың жаңа толқынын тартуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және ШОБ дамытуға бағытталады.

Стратегиялық жоспар жаңа экономикалық шынайылыққа жауап болады және еліміздің орта мерзімді кезеңге арналған жаңа экономикалық бағытын айқындайды.

Есепті кезеңнің қорытындысын шығара отырып, Руслан Даленов министрліктің үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті.

«Қазіргі күрделі кезеңде экономиканы қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдау бойынша жұмыс жалғасады. Біз елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз», — деді министр.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу