Қарағанды облысында 9 айда экономиканың барлық саласында өсімге қол жеткізілді

Биылғы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша ел экономикасының өсу динамикасы оң нәтиже көрсетіп отыр. Жалпы ішкі өнімде 4% нақты өсім тіркелді. Экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлар — өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс және басқа да салалардың есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім тіркелген өңірлердің бірі Қазақстан индустриясының негізгі тірегі — Қарағанды облысы. 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы шолуды назарларыңызға ұсынамыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту туралы тапсырмасы өңірде белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысы биылғы өзінің Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Өнеркәсіптік өңір тұрғындарының басым бөлігі жұмысшылар мен өз ісінің кәсіби мамандары. Мұнда көптеген өнеркәсіптік, құрылыс индустриясы, энергетика саласының кәсіпорындары бар, онда жарты миллионнан астам жұмысшы қызмет етеді. Басты міндет — өңір халқының тұрмыс сапасын жыл өткен сайын жайлы ету.

 

Биылғы 9 айдағы ЖІӨ-нің нақты өсімі

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша экономиканың барлық салаларында өсім қамтамасыз етілді: өңдеу өнеркәсібінде 10,7%-ға; құрылыста 35,2%-ға; саудада 20%-ға; көлікте 9,2%-ға және ауыл шаруашылығында 16,6%-ға; байланыс саласында 3,8%-ға өсім тіркелді.

9 айда өнеркәсіпте өсу қарқыны 2,9 трлн теңгені құрады (2 853,6 млрд теңге, НКИ – 110,5%), оның ішінде өңдеу секторында – 2,2 трлн теңге (2 220,9 млрд теңге, НКИ – 110,7%).

 

Өңірге тартылған инвестиция

Биыл шамамен 220 млрд теңге сомасына 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Жаңа кәсіпорындарда 3 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Шет ауданында «Қызыл Арай Купер» катодты мыс, Сарыарқа арнайы экономикалық аймағында «Қарағанды Пауэр Силикон» кремний қорытпалары, «Тэмпо Қазақстан» тікелей тігісті болат құбырлар, «Қазақстандық ыстық мырыштау зауытында» мырышталған металл бұйымдарын шығару және т.б. өндірістер жолға қойылады.

Инвесторларды тарту үшін екі өнеркәсіптік алаң – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы және «Саран» индустриялық аймағы жұмыс істейді. Бұл – бизнесті жүргізуге дайын инфрақұрылымы және салықтық жеңілдіктері бар ірі өнеркәсіптік алаңдар.

Қазіргі уақытта аймақта 22 кәсіпорын тіркелген. «Сарыарқа» АЭА аумағында 10 жоба іске қосылды, 176,1 млрд теңге тартылды, өнім өндіру көлемі 197,8 млрд теңгені құрады, 1 221 жұмыс орны құрылды. Іске асыру сатысында 12 жоба бар, оның ішінде 2 жобаны биыл іске асыру көзделген.

«Саран» индустриалдық аймағы мен РТИ алаңында 3 жоба іске асырылды, 6 жоба қазіргі таңда құрылыс сатысында. Индустриялық аймақ Саран қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативті әсерін тигізді. Қалада аймақ құрылған кезден бастап өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6 есе артты, 200 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. 4 мыңнан артық жаңа жұмыс орны құрылды. Салық түсімдерінің көлемі 10 млрд теңгеден асты.

Автобустар (Қазтехна), автомобиль шиналары (Тенгри Тайрс), тұрмыстық техника (Силк Роуд Электроникс) өндірісі бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылды.

Жақын арада болат түзу тігісті құбырлар (Тэмпо Қазақстан), мырышталған металл бұйымдары (Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты) және жылу оқшаулағыш материалдар (Техно-Қарағанды зауыты) өндірісі іске қосылады.

Басты міндеттердің бірі – экономикалық өсімді қамтамасыз ету және инвестиция тартуға негізделген экономиканы әртараптандыру. Кез келген инвестор жаңа жобаны іске асыруды көздесе, инвестиция салып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрады, салық түсімін ұлғайтады және жаңа технологияларды енгізеді. Өңір тарапынан бастапқы циклдан бастап толық өндірісті іске қосуға дейін қолдау көрсетіледі. Жалпы, облыста инвесторлармен нақты жұмыс құрылған. Инвесторларға ыңғайлы болуы үшін өңір мамандары толық сүйемелдеу мақсатында әрбір инвестициялық жобаға дербес бекітіледі.

«Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы базасында инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларға қызмет көрсетіледі, атап айтсақ: жобаларды сүйемелдеу, инвестицияларды тарту, жобаларды іске асыру мониторингі және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді шешу.

Облыс мамандары құрылысқа барлық рұқсат беру құжаттарын ресімдеуге, визалық қолдауға, сондай-ақ инвестициялық келісімшарт жасасуды дайындауға жәрдем көрсетеді. Бұл инвестициялық саясат оң нәтиже беруде. Соңғы 3 жылда өңірге екі трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл осы оң қарқынды сақтап, 910 млрд теңгеден астам қаражат тарту жоспарда бар.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша облысқа 670 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Сонымен қатар облыста инвестиция салу үшін резервтер бар. 

Импортталатын негізгі тауар позициялары: тау-кен және карьерлік техника, гидравликалық жабдық, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, лак-бояу өнімдері, отқа төзімді материалдар, метиз және кабель өнімдері. Бұл позициялар Қарағанды облысы үшін жаңа өндірістер құруға резерв болып табылады.

 

Облыстағы экономикалық басым салалар көрсеткіштері

Жалпы облыс экономикасы тұрақты дамуда. Өндірілген жалпы өңірлік өнім көлемі нақты мәнде 8,6%-ға өсіп, 3 трлн теңгеден астам соманы құрады. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң даму үрдісін көрсетті.

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 13,1% деңгейінде қалыптасты. Өнеркәсіпте (10,5%-ға), құрылыста (35,2%-ға), ауыл шаруашылығында (16,6%-ға), сауда (20%-ға) және көлік салаларында (9,2%-ға) өсім қамтамасыз етілді. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету инвестициялық белсенділік деңгейімен тікелей байланысты.

Бизнес-бастамаларды мемлекеттік қолдаудың арқасында есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің өсуі 14,6%-ды құрады және 679 млрд теңгеден астам сомаға жетті.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,4%-ға артып, шамамен 102 мың бірлікті құрады. ШОБ секторы облыс бойынша жұмыс орындарының 42%-ға жуығын (232 мың адам немесе облыстың жұмыспен қамтылған халқының 42,4%-ы) құрайды, сол арқылы өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бойынша маңызды әлеуметтік міндеттерді орындайды.

Жалпы облыс бойынша осы жылдың басынан бері 12 591 жұмыс орны құрылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарының саны – 9 885.

Жұмыссыздық деңгейі еліміздегі ең төмен деңгейдің бірі – 4,1%. Қабылданған шаралар осы көрсеткішті бұрынғы деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.

 

Шағын және орта бизнес 

Қарағанды облысында бизнестің іскерлік белсенділігі қарқынды түрде артып келеді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 101,8 мың бірліктен асып, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4%-ға және жыл басынан бері 2,6%-ға өсті.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 231,6 мың адам жұмыспен қамтылды, бұл облыстың барлық жұмыспен қамтылған халқының 43%-ын құрайды.

Шағын және орта бизнес өнімдерінің өндірісі жылдық мәнде 3 трлн теңгеге жетті, мұны өңір алыптары Қармет және Қазақмыстың өндіріс көлемімен салыстыруға болады.

ШОБ субъектілерінен бюджетке түсетін салықтық түсімдер 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,5% өсіммен 240,6 млрд теңгені құрады.

ШОБ-ты қолдаудың басқа да шаралары іске асырылуда. Бұл «Ауыл Аманаты» жобасы және «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген кредиттеу; жұмыспен қамту желісі бойынша ХӘОТ гранттық қаржыландыру; облыс және өңірлер әкімінің гранттары қарастырылған.

Облыс бойынша 2024 жылдың 9 айында 35 млрд. теңгеге жуық кредит сомасына 2,8 мыңнан астам бизнес жобасы қаржыландырылды.

«Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингін бағалау бойынша Қарағанды облысы елімізде 7-ші орында.

 

Ауыл шаруашылығы

2024 жылы Қарағанды облысында егін ору жұмыстары жоспарға сәйкес табысты жүргізілді. Жалпы, облыс бойынша 909,3 мың гектар алқаптан, орташа түсімі гектарына 15 центнерден 1,3 млн тоннадан астам астық жиналды. Бұл – өңір үшін өте жоғары көрсеткіш.

2024 жылы картоп жинау науқаны да айтарлықтай табысты өтті, шаруашылық құрылымдары 11,3 мың гектар алқаптан 299 мың тоннаға жуық өнім алды, аймақтың ішкі қажеттілігі артық мөлшерде қамтылды.

Бұған, ауыл шаруашылығы техникаларын дер кезінде дайындау, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау бойынша уақтылы ұйымдастырылған дайындық іс-шаралары өз ықпалын тигізіп, 9 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өндірісінің нақты көлем индексі 116,7%-ды құрады.

Астық оруда жоғары түсім көрсеткішіне облыс бойынша Абай, Бұқар Жырау, Нұра және Осакаров аудандарының шаруашылық құрылымдары қол жеткізсе, картоп түсімінің жоғары көрсеткіші Нұра, Шет және Оскаров аудандары ауыл шаруашылығы құрылымдарына тіркелді. 33,6 мың гектар алқаптан 23,4 мың тонна майлы дақылдар жиналды.

Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау үшін 81 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 2 млрд 113 млн теңге сомасында субсидия төленді.

Егін жинау жұмыстарын жүргізу және астықты кептіруге бөлінген 15 мың тонна арзандатылған дизель отынын тасу кестеге сәйкес жүргізіліп, шаруашылықтарға литрі 245 теңгеден босатылуда. Келесі жылғы егіс жұмысына қажетті дәнді дақылдар және картоп тұқымдарының қажетті көлемі толығымен дайын.

Өсімдік шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау шеңберінде шамамен 5 млрд теңге сомасында субсидиялар төленді. Жыл басынан бері агроөнеркәсіп кешені саласына 21,4 млрд теңге сомасына немесе 111% инвестиция тартылды.

Биылға жоспарланған 23 млрд теңгенің 30 инвестициялық жобасының 15-і жүзеге асырылды. 9 айда агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау аясында 2 491 шаруашылық құрылымына 16,3 млрд теңге сомасында субсидия төленді.

 

Құрылыс индустриясы

Құрылыс жұмыстарының көлемі 307,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34%-ға өсті. 330,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін «Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары» санаты бойынша кезекте тұрғандар үшін 2000-ға жуық жалға берілетін пәтер салу және сатып алу жоспарланған. Жыл соңына дейін 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

 

Өнеркәсіп

Биыл облыс өнеркәсібінің көлемін 3,7 трлн теңге көлемінде немесе 7,9% өсімін қамтамасыз ету жоспарланған. Алда жүйе құраушы кәсіпорындардың тұрақты жұмысын және жаңа өндірістерді іске қосуды қамтамасыз ету міндеті тұр.

2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп 10,5%-ға өсіп, 2,8 трлн теңгеге өнім өндірілді. Өнеркәсіптің 80%-ын өндеу секторы алады, ол 10,7%-ға өсіп, 2,2 трлн теңгені құрады.

Осы жылы «Кармет» компаниясы болат өндірісінің 16%-ға, прокаттың 10%-ға және шойынның 17%-ға өсуімен болат департаментінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. «Қазақмыс Смелтингке» мыс өндірісі 160,5 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ металлургия саласының «Бапы Майнинг», «Нова Цинк» және «Алтыналмас» сияқты басқа да кәсіпорындарында оң динамика күтілуде.

«Қазтехнада» автобустардың тұрақты өндірісі жалғасады, ағымдағы жылдың басынан бастап 916 автобус пен арнайы техника шығарылды. «Силк Роуд Электроникс» кәсіпорнында 9 айда 116 мың бірлік тұрмыстық техника өндірілді.

Екінші жартыжылдықтан бастап «Тенгри Тайрс» автомобиль шиналарының сериялық өндірісі басталды. 2024 жылдың шілдесінен бастап 90 мың шина шығарылды.

Жұмыстағы басты міндеттердің бірі – экономикалық өсімді қамтамасыз ету және инвестиция тартуға негізделген экономиканы әртараптандыру. Соңғы 3 жылда өңірге 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл оң динамика сақталуда, жыл қорытындысы бойынша 910 млрд теңге инвестиция тарту жоспарда бар. 9 ай қорытындысы бойынша облысқа 680 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.

 

Өндірістік қауіпсіздікті сақтау шаралары

2024 жылғы есепті кезеңде еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізілді, олардың 15-і экономиканың нақты секторын білдіреді. Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша жағдайды жақсарту үшін, сондай-ақ кәсіптік тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу мақсатында облыстың 162 ірі кәсіпорны Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі халықаралық және ұлттық стандарттарды (OHSAS 18001, ХЕҰ-АҚҚ) енгізді, 94 кәсіпорын VisionZero бағдарламасына қатысады, 35 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді.

Қарағанды облысының ұйымдары мен кәсіпорындарында 1 150 (2023 ж. – 1 136, +1%) өндірістік кеңес жұмыс істейді, оларда кәсіподақтардан Еңбекті қорғаудың 1 323 (2023 ж. – 1 316, +1%) қоғамдық инспекторлары сайланады және жұмыс істейді.

Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау және олар бойынша еңбекті қорғау жөніндегі шаралар кешенін жүргізу мақсатында өндірістік объектілерді аттестаттау жүргізіледі. 422 өндірістік нысан аттестатталды. 

Өндірістік жарақаттанудың жасырын фактілерін болдырмау үшін облыстың денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп ай сайын медициналық мекемелерге келіп түскен, өндірісте зардап шеккен пациенттер бойынша жұмыс жүргізіледі.

 

«Qarmet» металлургия комбинаты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында «Qarmet» металлургия комбинатында өндірілетін өнім көлемін айтарлықтай арттыру туралы тапсырды. Өңірдегі ірі өндіріс орнында бұл жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, 2023 жылғы 8 желтоқсанда Қарағанды металлургиялық комбинаты ұлттық инвесторға кешенді жаңғырту шарттарымен сатылды. Qarmet өндірісті дамытуға $3,5 млрд-тан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. Олардың ішінде $552 млн-ға кокстық батареялар салу, $239 млн-ға мырыштау және бояу желісін салу, $300 млн-ға аглодомен өндірісін реконструкциялау, $150 млн-ға ыстықтай илемдеу цехын жаңарту және тағы басқа жобалар бар. Көмір департаментіне $500 млн, ал темір рудасы департаментіне $978 млн инвестиция қарастырылған.

2024 жылдың 9 айында болат өндіру 14%-ға артып, 2,6 млн тоннаға жетті (2023 жылдың осы кезеңінде 2,3 млн тонна болған), көмір өндіру 2%-ға өсіп, 4,7 млн тоннаға жетті (өткен жылдың осы кезеңінде 4,6 млн тонна болған), концентрат өндірісі 17%-ға өсіп, 2,3 млн тоннаны құрады (2023 жылдың осы кезеңінде 1,9 млн тонна болған). 

2024 жылдың мамыр айында Qarmet соңғы бес жылдағы ең үздік өндірістік нәтижесін көрсетіп, бір айда 330 тонна болат өндірді. Барлық ағымдағы жетістіктер компанияның «5-9-5» даму бағдарламасының тиімділігін дәлелдейді: 2028 жылға қарай 5 млн тонна болат, 9 млн тонна көмір және 5 млн тонна концентрат өндіру жоспарланып отыр.

Алдағы жетістіктердің басты критерийі ретінде өнеркәсіптік қауіпсіздік танылды. Компания барлық активтерге тәуелсіз аудит жүргізді және оның нәтижесінде өндіріс процестерін қауіпсіздікті арттыруға басымдық бере отырып, кең ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.

2024 жылы Көмір департаментінің орталық диспетчерлік бөлімі іске қосылды, ол барлық шахталардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылайды. Оған газ датчиктерін бақылау, кеншілердің жұмыс кезінде денсаулығын талдау, төтенше жағдай кезінде жедел хабарлау және 700 метр тереңдікте де шахтерлермен тікелей бейнебайланыс мүмкіндігін қамтамасыз ету кіреді. 2025 жылы заманауи цифрлық шешімдер әлі енгізілмеген 6 шахтада позициялау жүйесін орнату жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар алдын ала дегазациялау тәжірибеге енгізілді, ол қазу бригадаларының алдында жер бетінен бұрғылау арқылы жүзеге асырылады. Бұл жұмыс орындарындағы метан деңгейін 50%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Қоршаған ортаға әсерді азайту бойынша ең ірі экологиялық жоба – өндірісті табиғи газға көшіру іске асуда. Жоба «Сарыарқа» газ құбырына қосылу арқылы жүзеге асырылады, ол кәсіпорыннан 25 км қашықтықта орналасқан. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың шілде айында басталып, газ құбырын цехтарға жеткізу 2025 жылы аяқталады.

Қаланың экожүйесін жақсарту бойынша тағы бір бастама Теміртау қаласында трамвай қозғалысын қайта жаңғырту болды, ол 2023 жылдың ақпанында жабылған болатын. 2024 жылдың сәуір мен қыркүйек айлары аралығында 15,3 км теміржол ауыстырылды. Жалпы 30 шақырым жол жөндеуден өтеді. Qarmet 8 жаңа заманауи вагон сатып алды, оның біріншісі осы жылдың 1 қазанында сынақтан өтті. Тұрақты қозғалыс 2024 жылдың соңына дейін барлық сынақтар аяқталғаннан кейін басталады.

 

Моноқалаларды дамыту

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Саран қаласын дамыту тәжірибесін басқа моноқалаларға да енгізу қажеттігін айтты. Осы орайда Қарағанды облысында Абай, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларын одан әрі дамыту бойынша жұмыстар қолға алынған.

Өңірлердің өнеркәсіптік бағытын ескере отырып, олардың әлеуеттеріне талдау жүргізіледі. Бүгінгі таңда қалалар арасындағы еңбек көші-қонын, бір-біріне жақын орналасуын, логистиканы ескере отырып, Қарағанды қаласында орталығы бар 28 елді мекен мен 5 қаланы дамыту шаралары іске асырылуда.

Өңдеу өнеркәсібі жетілдірілуде. Ауданы 940,5 га «Сарыарқа» АЭА-ға 183,1 млрд теңге инвестиция салынды, 1 250 жұмыс орны құрылды.

Сондай-ақ Қарағанды қаласында металл өңдеу өндірісі, резеңке-техникалық бұйымдар мен тұрмыстық химия өндірісі, сервистік-техникалық орталық, геохимиялық зертхана, жиһаз және металл пластик терезелер өндірісі жоспарланып отырған шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бойынша жұмыстар атқарылуда.

Шахтинск қаласында («Шахтинск жолаушылар автокөлік кәсіпорны» ЖШС) бос тұрған алаңдарда, Абай, Балқаш қалаларындағы индустриялық аймақтарда шағын өнеркәсіп аймағын құру перспективалары қарастырылып жатыр.

«Qarmet» АҚ кәсіпорны моноқалалардың өнеркәсібін дамыту үшін 16 іс-шара бойынша ұсыныстар берді (Теміртау қаласы бойынша – 13 жоба, Шахтинск – 2, Абай – 1).

Қарағанды агломерациясының даму әлеуетін зерделеу үшін ғылыми-талдамалық зерттеу жүргізілді; 1 трлн теңгеге 196 іс-шараны қоса отырып, Кешенді жоспар жобасы әзірленді, қазіргі таңда жоба Үкіметте қаралып жатыр.

Облыста бар әлеуетті кеңінен ашудың келесі тәсілі — Балқашта туризмді дамыту. Қарағанды облысының Балқаш қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды.

Бүгінгі таңда жағалау аймағын дамыту, туристік объектілерді ашу және кеңейту, көлік логистикасын жақсарту – Астана қаласынан Алматы қаласына дейін төрт жолақты автобан салу, Балқаш қаласының әуежайын реконструкциялау, әуе желілері мен теміржол көлігінің рейстерін ұлғайту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Жалпы, өңірлердегі жұмыс азаматтардың өмірінің барлық саласына оң әсер ететін жаңа «өсім нүктелерін» қалыптастыруға бағытталған.

 

Әлеуметтік қамсыздандыру

Қарағанды облысы тұрғын саны жөнінен елімізде бесінші орында тұр. Өңір тұрғындарын әлеуметтік қамсыздандыру бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарды қолдау шаралары қарастырылған.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында мынадай төлемдер жүзеге асырылады: 

  • атаулы әлеуметтік көмек (отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінің белгіленген мөлшерінен төмен болған жағдайда беріледі (биылғы ІІІ тоқсандағы кедейлік шегі – 36 488 теңге);
  • тұрғын үй көмегі;
  • Сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер қарастырылған.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында оларға заңгерлік, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсету үшін облыста 10 отбасын қолдау орталығы (бұдан әрі – Орталықтар) жұмыс істейді.

Жоба бағытталған негізгі мақсатты топтар:

  • арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж отбасылар;
  • қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар;
  • отбасының әлеуметтік әл-ауқатын анықтау әдістемесіне сәйкес төтенше дағдарыс деңгейіне жататын отбасылар. Бұл Орталықтарда барлық отбасылар заңдық, психологиялық, әлеуметтік көмек ала алады.

Психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмекпен қатар, Орталықтар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетеді.

Қолдау шараларының бірі – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға үйлерді газға қосу үшін төлемдер беріледі.

1 287 отбасы (5,9 мың адам) 365 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алды, сондай-ақ 1,2 млрд теңгеге 3 375 отбасына АӘК берілді. Мүгедектігі бар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға күтім жасайтын адамдар үшін облыста Террикон алқабы базасында IT саласындағы мамандықтарды оқыту бойынша жаңа жоба іске асырылуда. Жоба аясында үш жыл ішінде 300-ден астам адам оқытылады, олар болашақта платформалық жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.

 

Балқаш қаласын дамыту 

Былтыр Үкімет Балқаш қаласын дамыту бойынша кешенді жоспар қабылдаған болатын. Осыған орай, бір жыл ішінде көлемді жұмыстар атқарылды.

Туризм саласында жағалау аймағын, қала жағажайын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 10 туризм нысаны (демалыс аймағы) салынып жатыр. 2024 жылы 172 нөмір (382 төсек-орын) ұсына отырып, жалпы инвестиция сомасы 1 050 млн теңгеге 6 демалыс аймағын пайдалануға беру жоспарланған. Жылумен жабдықтау саласында 1 және 2 кезек жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары қолға алынған. 4,4 км құбырды ауыстыру көзделген. Бүгінгі күні 3210 м ауыстырылды. Сондай-ақ магистральдық және орамішілік жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Сумен жабдықтау бойынша 2-ші және 3-ші кезектегі Балқаш қаласының қалаішілік су құбыры желілерін қайта жаңарту жүргізілуде. 15,4 км су құбырларын ауыстыру жоспарланған. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 12 км су құбыры ауыстырылды. Төменгі Тоқырау жер асты сулары кен орнының су жинау құрылыстарын қайта жаңарту жоспарланған. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Тоқырау – Саяқ су құбырының суару жүйесін қалпына келтіру және ағымдағы жөндеу, сондай-ақ Саяқ кентінің орамішілік су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Балқаш қаласы – Тораңғылық кентінің магистральдық су құбырының құрылысы және Шұбартүбек кентінің су құбыры желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Балқаш қаласында аула аумақтары абаттандырылуда.

Биыл қаланың 9 аула аумағын абаттандыру қолға алынған. Ағыбай батыр көшесі мен Иванов көшесі бойындағы Алғашқы құрылысшылар атындағы саябақ абаттандырылып жатыр. Тұрғын үйлердің шатыры мен қасбетіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Балқаш – Шымкент», «Балқаш – Түркістан», «Балқаш – Жезқазған» бағыттары бойынша маусымдық республика ішінде субсидияланатын әуе рейстерін ашу жоспарда бар. Сонымен қатар 2024 жылғы мамыр айынан бастап «Оңтүстік аспаны» әуе компаниясы» АҚ авиакомпаниясымен «Астана – Балқаш» (аптасына 3 рейс) және «Алматы – Балқаш» (аптасына 3 рейс) әуе рейстері бойынша коммерциялық рейстер ашылды. Сондай-ақ «Қарағанды – Балқаш» теміржол бағыты бойынша вагондар саны 4-тен 6 вагонға дейін ұлғайтылды.

Білім беру саласында 9-шы ықшамауданда 280 орындық балабақша салынып жатыр. Балқаш қаласының орталық ауруханасын жаңа ғимарат салу және қолданыстағы нысан ғимаратын күрделі жөндеу арқылы жаңғырту жоспарлануда. Тазарту құрылыстарының құрылысы басталды. Іске асыру мерзімі — 2024 жылғы маусым – 2026 жылдың IV тоқсаны.

 

Өңірдегі автокөлік жолдарының жай-күйі

Қарағанды облысының автомобиль жолдарының желісі 9 332 шақырымды құрайды, оның ішінде:

  • республикалық маңызы бар жолдар – 1 825 км;
  • облыстық маңызы бар жолдар – 2 566 км;
  • аудандық маңызы бар жолдар – 2 212 км;
  • елді мекендердің ішіндегі жолдар – 2 729 км.

«Қарағанды – Қарқаралы» жолы бойынша. Жолдың жалпы ұзындығы – 200 шақырым. 2024 жылға дейін 62 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл тағы 53 шақырым жол орташа жөндеумен қамтылды. Бұл – екі жылдық жоба, аталған учаскені 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ осы жылы Қарағандыға дейін қалған 85 шақырымды жөндеуге қосымша қаражат бөлінді. Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін бүкіл жол сәйкестендіріледі.

«Қарағанды – Ақтоғай» жолы бойынша. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Ақсу-Аюлы – Ақтоғай» облыстық маңызы бар автожолының орташа жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Ұзындығы 57 км (103-160 км) болатын жол учаскесі жөнделіп жатыр. 2022 жылы аталған автожолдың 16 шақырымы жөнделсе, 2023 жылы 50 км жөндеуден өтті. Биылғы жөндеу жұмыстары соңғы кезең болып табылады, осы арқылы Ақсу-Аюлы ауылынан Ақтоғай ауылына дейінгі барлық жол жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Қазіргі уақытта мердігер ұйым ой-шұңқырларды жою жұмыстарын аяқтады. Бүгінгі күні 54,917 шақырым жолдың негізі Recycling әдісімен өңделді, 50,75 шақырым жолға асфальт төселді, ал 35 км жол жиегі бекітілді. Жұмыстар жалғасуда, жобаны осы жылдың құрылыс маусымының соңына дейін аяқтау көзделген.

«Қарағанды – Жезқазған» жолы бойынша. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының автожол саласын жаңғырту шеңберінде «Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына» сәйкес басым жобалар анықталды, оның ішінде «Жезқазған – Қарағанды» автомобиль жолы да бар. Бұл учаске республикадағы болашағы зор автожол жобаларының қатарына кіреді. 2021 жылы басталған «Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автомобиль жолының «Жезқазған – Қарағанды» учаскесін (433-946 км) қайта құрудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жалпы ұзындығы 513 км болатын бұл учаске 12 бөліктен тұрады. Қазіргі кезде жұмыстардың 80%-ы аяқталды. 

 

Коммуналдық инфрақұрылым

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру саласында биыл 57 жобаны іске асыруға 23,6 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражатқа 267,3 км (қала – 105 км, ауыл – 162,3 км) су құбыры және кәріз желілерін салу және реконструкциялау жоспарланған.

Бүгінгі таңда 12,1 млрд теңге игерілді, осы қаражатқа 229,7 км (қалалар бойынша – 88,4 км, ауылдар бойынша – 141,3 км) су құбыры және кәріз желілері салынды және реконструкцияланды.

Биыл Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран қалаларында 17 шақырым жылу желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары орындалды. Сондай-ақ ағымдағы жылы Осакаров ауданының Молодежный кентін үздіксіз жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін «ThermoGazEnergy» ЖШС жеке инвестициялар есебінен қуаты 15 МВт жаңа қазандықты іске қосты.

Модульдік қазандықты салу кезінде энергия тұтыну ерекшеліктеріне, отын мен судың сапасына сүйене отырып, су дайындау, желілік сорғыларды басқару жөнінде барлық заманауи шешімдер пайдаланылды.

 

Су мәселесі

Биыл облыс бойынша жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеге 58 жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде:

  1. Жаңа желілерді салу – 18 жоба, 3,7 млрд теңгеге, 17 км су құбыры желілері;
  2. Қолданыстағы желілерді қайта жаңарту – 22 жоба, 5,4 млрд теңгеге, 142 км су құбыры желілері;
  3. Су тазартатын кешенді блок-модуль (КБМ) орнату – 0,67 млрд теңгеге, 18 ауылда.

Бөлінген қаражатқа 159 км (қала – 82 км, ауыл – 77 км) су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша 14 ауылда су құбыры желілері салынып, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда 99,4%–ға дейін, ауылдарда 95,8%-ға дейін артады.

 

Білім беру жүйесі

Бүгінгі күні облыста бір үш ауысымды мектеп Қарағанды қаласындағы №101 мектеп-лицейі жұмыс істейді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептердің үш ауысымдылығын жою мақсатында Қарағанды қаласының «Гүлдер» ш/а 300 оқушыға арналған мектеп салу жоспарланған.

Қарағанды облысында білім беру саласында «Білімал» ақпараттық жүйелерінің бірыңғай кешені жұмыс істейді, оған облыс мектептерінің 100% қосылған. Жүйе Edu-mark қосымшаларының қосалқы мүмкіндіктерін ұсынады. Соның арқасында оқушылар мен ата-аналардың мектеппен тұрақты байланысы қамтамасыз етіледі. Білім беру қажеттіліктері ерекше балаларға арналған инклюзивті білім берудің электрондық жүйесі – «Malahit» бағдарламасы енгізілді. Арнайы білім берудің барлық жүйесінің жұмыс істеуіне байланысты барлық негізгі процестер автоматтандырылған. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді сүйемелдеу INDIGO жүйесі арқылы автоматтандырылған.

Білім беру объектілерінің қауіпсіздігін күшейту мақсатында Қарағанды қаласының Абай атындағы мектеп-гимназиясының базасында өтеусіз негізде «Alaqan Mektep» жүйесін енгізу бойынша қанатқақты жоба басталды. Жобаның нәтижелері бойынша жүйені енгізудің тиімділігі, жүйені облыс мектептерінде енгізуге жұмсалатын шығындар көлемі айқындалды және техникалық сипаттамасы әзірленуде.

Бұл жоба сәтті жүргізілген жағдайда жүйені Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Балқаш қалаларының 130 мектебіне енгізу жоспарланып отыр. Қамту 110 мыңнан астам баланы құрайды. Қосымша 27 мыңнан астам оқушыны қамтитын Саран, Приозерск қалаларының 64 мектебін және аудан орталықтарын қосу жоспарланған.

Сондай-ақ облыстың барлық білім беру ұйымдары 100% бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Облыстың 404 мемлекеттік мектебінде 11 732 бейнебақылау камерасы, 134 мемлекеттік балабақшада 3 814 камера, 29 мемлекеттік колледжде 1 620 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Объектілерді терроризмге қарсы қорғау нұсқаулығына сәйкес 1 және 2-ші топтарға террористік тұрғыдан осал барлық 483 ұйым: 327 мектеп, 127 балабақша және 29 колледж кіреді. Жедел басқару орталығына (ЖБО) және полиция департаментінің кезекші бөлімдеріне 440 (90%) білім беру ұйымы, оның ішінде 120 (94%) балабақша, 294 (90%) мектеп, 26 (90%) колледждің бейнебақылау жүйесі қосылған. Қалған ұйымдар бойынша ЖБО-ға бейнедабылды шығару бойынша жұмысты осы жылдың қазан айының соңына дейін аяқтау көзделген.

Шалғайдағы ауылдық мектептер кіретін террористік тұрғыдан осал объектілер тізбесінің ұлғаюына байланысты негізгі мәселе бейнебақылау камераларынан сигнал шығаруды жүзеге асыру болды. Бұл мәселені шешу жолы – облыстың 106 ауылдық мектебінде орнатылған Starlink спутниктік интернетіне қосылу.

 

Денсаулық сақтау жүйесі

Қарағанды облысының ұйымдарында 16 мыңға жуық медицина қызметкері (15 710 адам), оның ішінде 5 мыңнан астам дәрігер (5 168 адам) және 10 мың орта медицина қызметкері (10 542 адам) жұмыс істейді. Барлығы ауылда 391 дәрігер, 1 408 орта медицина қызметкері бар. 

Облыста әкімдік пен медициналық ұйымдар жүзеге асырып жатқан кадрларды тарту бағдарламасы қабылданды. Облыс әкімдігі едәуір көтерме жәрдемақы бөледі (аса тапшы мамандар үшін 8,5 млн теңгеге дейін, дәрігерлер үшін 5 млн теңге және ауылдық жерлерде жұмыс істейтін орта медициналық қызметкерлер үшін 1,5 млн теңге), жиһаздалған пәтерлер береді, сондай-ақ жақын және алыс шет елдерде дәрігерлердің резидентурада оқуы және тағылымдамадан өтуі ұйымдастырылады.

Биыл ауылдық жерлерде жұмыс істеу үшін 100 медицина және фармацевтика қызметкерін тарту жоспарланып отыр, оған көтерме төлемдерге 407 млн теңге бөлінді. Жыл басынан бері ауылдық аймақтарға 56 маман келіп, оларға көтерме ақы төленеді.

2025 жылы Балқаш және Теміртау қалаларында ауданаралық ауруханаларды ашу жоспарланған, оған қосымша қазіргі уақытта резидентурада (2,3-курс) оқитын 40-тан астам медицина қызметкері (реабилитологтар, рентгенологтар, интервенциялық кардиологтар, нейрохирургия терапевтері және басқалары) тартылады. 2024 жылы жергілікті бюджет қаражатынан 182 резидент оқуын жалғастырды.

Жалпы мамандарды даярлауға, резиденттерді әлеуметтік қолдауға, кадрлардың біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға 675,5 млн теңге, оның ішінде 383,8 млн теңге – резиденттерді оқытуға, 291,7 млн теңге – біліктілікті арттыру мен қайта даярлауға бөлінді. 130 медицина қызметкері шетелде оқытылады.

Биыл Бұқар жырау ауданының Доскей кентіндегі 45 пәтерлі үй мен Қарағанды қаласындағы 92 пәтердің қайта жөнделуі аяқталды. Соның нәтижесінде 137 қызметкерге қызметтік тұрғын үй берілді. Жыл аяғына дейін Балқаш қаласында тағы 30 пәтер сатып алынады және Теміртау қаласының әкімдігі жас мамандарға тағы 35 пәтер береді.

Алдағы жылы «Отбасы банктің» жеңілдетілген несиесі арқылы Жаңа қала ықшам ауданында 350 пәтерлік бизнес-класс тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр.

Қолайлы және сапалы медициналық инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Биыл жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеге 16 объектіге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр (ЖСТ – 935 млн теңге, ОБ – 960 млн теңге, резерв – 318 млн теңге).

Жөндеу жұмыстары 7 объектіде аяқталды: Доскей кентіндегі тұрғын үй, ОКА инфекциялық және хирургиялық бөлімшесі, Қарағанды қаласының №1 емханасы, Саран қаласының ауруханасы (шатыры жөнделді), Балқаш қаласының медициналық колледжі, Шахан кентіндегі емхана. Игерілген сома қазіргі уақытта 1,1 млрд теңгені құрайды.

7 объектіде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Олардың ішінде ОКА реанимация бөлімшесі, Сәрепті ауылының дәрігерлік амбулаториясы, жедел жәрдем қосалқы стансасы және Балқаш қаласындағы орталық аурухана (бұрынғы шипажайдың ғимараты), Облыстық психоневрологиялық диспансер жанындағы наркологиялық орталық, Шахтинск қаласындағы емхана, Нұра ауданы Киевка кентіндегі тұрғын үй ғимаратын реконструкциялау, «Үміт» оңалту орталығы, т.б.

Дәрімен қамтамасыз ету бойынша. Амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ҚР ДСМ 2021 жылғы 5 тамыздағы №75 бұйрығы шеңберінде Бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы жүзеге асырылады.

Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 18,2 млрд теңге бөлінді. Облыстық бюджеттен қосымша 1,044 млрд теңге 214 пациентті, оның ішінде орфандық пациенттерді өмірлік маңызды препараттармен қамтамасыз ету үшін бағытталды.

Бұдан басқа «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен 3,1 млрд теңге сомасына 36 пациентке қымбат препараттар беру жалғасуда. Дәрілердің қолжетімділігін арттыру үшін облыста БМСК емханалары жанынан 29 әлеуметтік дәріхана және аудан орталықтарында 7 жылжымалы дәріхана пункті жұмыс істейді, онда дәрілер көтерме бағаның 5%-нан аспайтын үстеме бағамен сатылады.

Денсаулық сақтау саласында бүгінгі күні облыста цифрлық экожүйе орнатылған, яғни меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдар (ТМККК жүйесіне қатысушылар) бірыңғай медициналық ақпараттық жүйеге қосылған, зертханалық талдауларға қол жеткізе алады, сондай-ақ бірыңғай PACS жүйесіне қосылған. Бұл дәрігерлерге пациенттерге диагностика жасап, емдеуді қысқа мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді.

Инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі «GE HealthCare» базасында медициналық бейнелердің орталықтандырылған вендор-бейтарап мұрағатын құру бойынша жұмыс жүргізуде. Аталмыш бағдарлама бойынша облыстың медициналық ұйымдарынан пилоттық және тәжірибелік апробация ұсынылды.

Kometa Damumed PACS жүйесі Қарағанды облысында 2019 жылдан бастап іске қосылған. Осы цифрлық жоба жұмыс істеген бес жыл ішінде PACS Damumed жүйесі арқылы 3 млн 250 мыңнан астам радиологиялық зерттеулер жүргізілді.

Осы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында PACS жүйесіне қосылған аппараттардан зерттеулер жүргізілді, атап айтқанда: КТ – 87 645, МРТ – 38 140, рентген – 638 150, маммография – 64 695, ангиография – 3 225.

 

Бұқаралық спортты дамыту

Облыс бойынша бұқаралық спортты және спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы басты міндет – 4 индикатордың көрсеткіштерін орындау, атап айтқанда:

  • жалпы халықтың 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі – 65,4%; 
  • дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту – 38%;
  • дене шынықтыру және спортпен айналысуға денсаулығы жарайтын, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын мүмкіндіктері шектеулі адамдардың, ерекше қажеттіліктері бар жандардың үлесі – 14,9%; 
  • дене шынықтырумен және спортпен жүйелі айналысатын балалар мен жасөспірімдерді (3-18 жас) қамту – 28% құрады.

Осы бағытта облыста 1 250 дене шынықтыру және спорт ұйымы жұмыс істейді, олардың қызметімен 430 мыңнан астам адам қамтылған.

Балалар мен жастардың бос уақытын қамтамасыз ету мақсатында:

  • 27 816 адамды қамтитын 39 спорттық ұйым;
  • 10 211 балалар мен жасөспірімдерді қамтитын 85 балалар мен жасөспірімдер клубы;
  • 3 251 адам қамтылған 12 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы;
  • жалпы білім беретін мектептерде 67 542 баланы қамтитын 4 197 спорт секциясы;
  • колледждерде 14 595 білім алушыны қамтитын 205 секция;
  • жоғары оқу орындарында 14 237 студентті қамтитын 102 секция жұмыс істейді.

Халықты, әсіресе, ауылдық жерлердегі жастар мен ересектерді дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту жұмыстарын ұйымдастыруда спорт нұсқаушыларының алатын орны зор. Бүгінгі күні облыс бойынша 338 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді, соның ішінде ауылдық жерлерде – 121. 

«Арт спорт» мемлекеттік спорттық тапсырысын іске асыру шеңберінде биыл спорттың 23 түрі бойынша жұмыс істейтін 206 секцияға 9 947 бала мен жасөспірім тартылды, оның ішінде ауылдық округтерде – 1 353 адам. Бұл үшін облыстық бюджет есебінен 2 млрд 262 млн теңге қарастырылған.

Дене шынықтыру мен спортты насихаттау және дамыту мақсатында облыста жыл сайын спорт түрлері бойынша спартакиадалар, турнирлер, біріншіліктер өткізіледі.

Осы жылдың басынан бері облыста 2 194 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді, оған 143 492 адам қатысты. Оның ішінде 25 мыңнан астам адам қатысқан 9 облыстық дәстүрлі салалық спартакиаданы атап өткен жөн.

Жыл сайын облыста 11 спорт түрінен үш жас тобы арасында 55 мыңнан астам оқушыны қамтитын «Мектеп лигалары», сондай-ақ спорттың 3 түрінен облыстық гимназиада өткізіледі.

Студент жастар арасында дәстүрлі түрде қазақ күресі, үстел теннисі және волейболдан 1500-ден астам адамды қамтитын «Студенттік лигалар» өткізіледі.

Спорт инфрақұрылымын дамытуға келер болсақ, облыста 1 247 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның 299-ы ауылдық жерлерге тиесілі. Халықты жаппай қамту үшін спорт ғимараттарының қолжетімділігін кеңейту жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында 6 млрд 982,3 млн теңгеге 8 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 4 нысанның құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілуде:

  • Абай ауданы Топар кентіндегі 100 орындық ДШСК;
  • Бұқар жырау ауданы Ғ. Мұстафин кентіндегі 320 орындық ДШСК;
  • Ақтоғай ауданы Сарышаған кентіндегі 150 орындық ДШСК;
  • Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентіндегі 100 орындық ДШСК.

Осы жылдың қыркүйек айында Бұқар жырау ауданы Қарақұдық ауылындағы ДШСК пайдалануға берілді және жергілікті бюджет есебінен 3 нысанның құрылысы жүргізілуде:

  • Приозерск қаласындағы 210 орындық ДШСК;
  • Саран қ. Ақтас кентіндегі 150 орындық ДШСК;
  • Қарқаралы ауданы Қарқаралы қаласындағы стадион.

Сондай-ақ биыл облыс өңірлерінде 40 ашық спорт алаңы, 5 стрит-воркаут алаңы және 6 хоккей корты орнатылды.

Бұдан басқа, спорт инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін «Қазақстан халқына» және «Самұрық-Қазына» қорлары арқылы Ақтоғай ауданы Шашубай және Қарқаралы ауданы Бүркітті ауылдарында, Нұра ауданы Ахмет ауылы және Шет ауданы Өспен ауылында, Бұқар жырау ауданы Доскей және Баймырза ауылдарында, Қарқаралы ауданының Жарлы ауылында және Шет ауданының Ағадыр кентінде тез салынатын кешендерді салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаларды іске асыру су тасқынына байланысты 2025 жылға ауыстырылды. Бұқаралық спорт пен спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауда болады.

 

Туризм 

2023 жылы облыстың туризм саласын дамыту жөніндегі картасы әзірленді, ондағы туризмді дамытудың негізгі нүктелері – Балқаш курорттық аймағы және Қарқаралы ауданы. Салада оң динамика байқалады.

Тұру мен демалысты ұйымдастыру бойынша қызметтерді 6,1% өсіммен 245 нысан көрсетеді. Қызмет көрсетілген келушілер саны 150 мың адамды құрады, оның ішінде 8,6 мың шетелдік қонақ бар. Көрсетілген қызметтер көлемі 3,3 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 22%-ға жоғары. Туризм саласында негізгі капиталға салынған инвестициялар 17 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30% өсім тіркелді.

Қонақтардың жайлылығы үшін туристік инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Балқашта демалыс аймақтарына ИКИ жеткізілуде, қалалық жағалауды абаттандыру, әуежайды қайта жаңарту жұмыстары қолға алынған. Қарқаралыда «Бұғылы» рекреациялық аймағын абаттандырылып жатыр. Барлық бағыттар бойынша автожолдарға күрделі жөндеу жүргізілуде.

Инвесторлар үшін 170 га бос жер учаскелері ұсынылған. 2027 жылға дейін Балқашта BALKHASH RESORT демалыс аймағын, Қарағандыда «Эдем» қонақ үй кешенін, Теміртауда тау шаңғысы кешенін, Абай ауданында, Топар кентінде SERENITY аймағын, Қарқаралыда Бұғылының рекреациялық аймағын дамыту жоспарлануда. Туристік сала бизнесіне мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2024 жылдың басынан бері субсидиялау және кепілдік беру түрінде 49 жоба қаржыландырылды.

Санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындар субсидияланады, туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бөліктері өтеледі. Өткізілетін іс-шаралар туристік ағынның өсуіне ықпал ететін болады.

 

Жылумен қамтамасыз ету 

Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес Қарағанды облысында 3 энергия көздерінің меншік иелері (Қарағанды 3-ЖЭО «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС, «Топар БЭТС» ЖШС, Балқаш ЖЭО «Kazakhmys Energy» ЖШС) уәкілетті органмен жаңғыртуға, кеңейтуге, реконструкциялауға және (немесе) жаңартуға инвестициялық келісімдер жасасты. Мәселен, 2028 жылға дейінгі кезеңде облыста энергия стансаларының инвестициялық бағдарламалары шеңберінде жаңа 2 қазандық пен 4 турбинаны іске қосу жоспарлануда.

Бұдан басқа, «Qarmet» АҚ-ның жеке инвестициялары есебінен Теміртау қ. 2-ЖЭО-да №7 қазандық агрегаты құрылысының жобасы аяқталу сатысында.

Облыста іске қосу жоспарланған энергетикалық жабдықтың жалпы қуаты 510 МВт электр және 425 Гкал/сағ жылу энергиясын құрайды. Бұл – стансалардың қуатын арттыруға, сондай-ақ жабдықтардың резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Осы мақсаттарға 260 млрд теңгеден астам сомада инвестициялар жұмсау көзделіп отыр.

Энергия беруші ұйымдарға қатысты

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы №90 бұйрығымен бекітілген Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес, облыс аумағында электр энергиясын беру және бөлу қызметтерін көрсететін 2 табиғи монополия субъектісіне («Қарағанды Жарық» ЖШС, «Қарағанды өңірлік энергетикалық компаниясы» ЖШС) «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын іске асыру шеңберінде негізгі қорлардың тозуын төмендетуге бағытталған іс-шараларды ескере отырып, инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Инвестиция сомасы 14 млрд теңгеден астам және 69 км электр беру желілерін жаңғыртуға және күрделі салуға бағытталмақ.

Жаңартылатын энергетиканы дамытуға қатысты

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану бойынша 7 қондырғы жұмыс істейді, олар жыл сайын өндіруді ұлғайтады.

Мәселен, 2024 жылдың 9 айында ЖЭК қондырғыларымен 320,2 млн кВт сағ (өткен жылдың кезеңіне 97,4%) немесе облыстың жалпы электр энергиясын өндіруден 3% өндірілді.

2023 жылы ЖЭК қондырғыларынан өндіру 383,6 млн кВт/сағ немесе жалпы электр энергиясын өндірудің 2,7% құрады.

Сондай-ақ облыста белгіленген қуаттылығы 4 МВт «Қарағанды қаласының ГорКомТранс» ЖШС БиоЭС құрылысының жобасын іске асыру және жалпы қуаттылығы 150 МВт болатын 4 жел электр стансасының («Гиперборея» ЖШС, Осакаров ауданы) құрылысы жалғасуда. Оны 2026-2027 жылдары пайдалануға беру көзделген.

Келешекте облыста барлығы 6 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 5 ЖЭС («Гиперборея» ЖШС, Осакаров ауданы, China Energy Overseas Investment Co. Ltd.) және жалпы қуаты 650 МВт болатын 1 БиоЭС (Қарағанды қ., Горкомтранс) бар.

#Ауыл шаруашылығы #Білім беру #Денсаулық сақтау #Спорт #Туризм #ШОБ #Экономика #Өнеркәсіп

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу