Kazakhstan Energy Week-2019: әлем сарапшылары энергетикалық болашақтың сын-тегеуріндерін талқылады

26 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында Kazakhstan Energy Week-2019 аясында өткізіліп жатқан XII Kazenergy Евразиялық форумы алаңында панельдік сессиялар, конференциялар, дөңгелек үстел отырыстары өтті, олардың барысында энергетикалық саланы дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Ең қызықты шаралар туралы толығырақ PrimeMinister.kz шолу материалынан оқыңыздар. 

XII Kazenergy Евразиялық форумы Қазақстанның энергетика саласын одан әрі дамыту жөніндегі сарапшылар пікірлерін шоғырландыруға бағытталған. Форумға әлемнің 50-ден астам елінен келген 2,5 мыңға жуық делегат қатысуда.

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанның дәстүрлі қуат көздерінің тиімділігі мен өнімділігін арттыратынын, сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздері саласындағы аймақтық көшбасшы ретінде өзінің позициясын жоспарлы түрде нығайтатынын атап өтті.

«2017 жылы Астанада Экспо көрмесін өткізгеннен бері Қазақстан экономикаға кешенді "жасыл" шараларды енгізуде табысқа жетті. Бүгінгі таңда біз өзіміздің жаңартылатын энергетика бойынша қоржынымызды 3000 мегаваттан астамға ұлғайттық. 2019 жылдың алғашқы 6 айының ішінде секторда өндіріс көлемі 31,7%-ға артты», — деді Қазақстан Премьер-Министрі.

Сонымен қатар, форумның ресми ашылу салтанатына ОПЕК бас хатшысы М. Баркиндо, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы А. Есімов, «Арктикалық шеңбер» халықаралық форумының төрағасы, Исландияның экс-президенті (1996-2016 ж.) О. Р. Гримссон қатысты.

Ашылу салтанаты «Энергия көздерінің болашағы: инновациялық даму» пленарлық сессиясымен жалғасты, онда алдағы онжылдықтардағы әлемдік энергетика нарығындағы жағдайға қатысты мәселелер, жаһандық сын-тегеуріндер дәуірінде жаңа трансформациямен түйіндесу — география және энергияға сұраныс құрылымы қалай түрленеді сұрақтар қозғалды. Сессия қатысушылары сын-тегеуріндерді еңсерудегі халықаралық серіктестіктің рөлі, болашақ өсім негізі ретінде ұлттық жобалардың маңызы мәселесіне көңіл бөлді. 

Пленарлық сессия барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов энергетика саласы әрбір мемлекет үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ол ұлттық қауіпсіздікке ықпал етеді. 

«Қазақстанда айтарлықтай көмірсутегі шикізаты мен уран қоры бар. Аталған көрсеткіштер бойынша басқа әлемдік көшбасшылармен қатар жетекші орындарды алады. Оған қоса, біз әлемдік энергетиканың дамуының түрлі көріністерінің куәгеріміз. Смарт-технологияларды белсенді түрде енгізу, цифрлық трансформация – жаһандық үдерістер. Үлкен деректерге талдау жасау, ақпараттық технологиялар, болжамды аналитика энергетикалық кәсіпорындар қызметінің ажырамайтын бөлігіне айналуда», — деді А. Есімов. 

Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің энергетика саласында елеулі рөлді атқарады. 

«Еліміздің болашағы үшін жауапкершілікті бөлісе отырып, біз инновациялық шешімдерді белсенді түрде енгізіп, қосымша құнды қалыптастырып, өндірістік тиімділігімізді арттырамыз. Қор Үкімет бекіткен кең ауқымды жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыруда, оның мақсаты – Ұлттық қорды толықтыру, корпоративтік басқарудың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін енгізу, ашықтық пен есеп берудің әлемдік стандарттарын қамтамасыз ету. Соңғы жылдары Yellow Pages қағидаларына сәйкес, 89 кәсіпорын бәсекелі ортаға берілді. Түскен қаражат 192 млрд теңгені құрайды. Энергетика, телекоммуникация және инфрақұрылым салаларында ұлттық операторлар болып табылатын қордың 8 компаниясын IPO-ға шығару жоспарда бар», — деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы.

ОПЕК бас хатшысы Мохаммед Баркиндо, өз кезегінде, Қазақстан Үкіметіне ОПЕК елдерінің ынтымақтастық туралы Декларациясын қолдағаны және оған белсене қатысқаны үшін алғыс айтты. 

«Мен Қазақстанның қомақты үлесі үшін алғыс айтамын. Біз жаһандық нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету саласында бірлесе жұмыс істеу мүмкіндіктерін бұдан әрі де іздестіретін боламыз», — деді М. Баркиндо.

Сонымен қатар, ОПЕК бас хатшысы Қазақстанның жоғары энергетикалық әлеуетін атап өтті. 

«Бүгінде Қазақстан көп жобаларда өз көршілері үшін тірек болып отыр. Сонымен қатар Қашаған тәрізді ірі және басқа да жобаларды атап өткім келеді, соның аясында Қазақстан сұйық көмірсутек өндіруді арттыруды көздеп отыр», — деді ол.

Сонымен қатар, ОПЕК бас хатшысы жуырда Сауд Арабиясының мұнай нысандарына жасалған шабуылдарға байланысты оқиғаға түсінік берді. Оның айтуынша, Сауд Арабиясы Saudi Aramco мемлекеттік компаниясының мұнай нысандарына шабылуға дейін байқалған мұнай өндіру деңгейі қалпына келтірілді. 

«Соңғы бірнеше айда жаһандық мұнай нарығында сауда пікірталастарының және геосаяси даму салдарының нәтижесінде айқынсыздық көп болды. Мұны сонымен қатар Сауд Арабиясының – әлемдегі ең ірі өндірушінің энергия жеткізуіне жуырда жасалған шабуылдар да асқындырып жіберді. Өндірістің 5-7 барреліне жуығы нарықтан шығарылды. Осылайша, мұнай бағасы 7%-дан астамға көтерілді. Бұл соңғы 30 жылда біз бетпе-бет келген ең ірі құбылмалылық. Сонымен қатар, бір минутта жойылған 5-7 млн баррель де бүкіл мұнай өндіру тарихындағы ең зор шығын. Корольдік үкіметі мен ұлттық мұнай компаниясының өндірісті қалпына келтіру бойынша жылдам жауап беруі осындай ауқымды құбылмалылықты болдырмау үшін аса маңызды болды. Әлемде мұнай мен газды қауіпсіз жеткізуге келтірілген кез-келген тосқауыл индустрия және экономика үшін зор залал келтіреді. ОПЕК Қазақстанмен бірге нарық тұрақтылығын қолдайды», — деді М. Баркиндо.

«Арктикалық шеңбер» халықаралық форумының төрағасы, Исландияның экс-президенті Оулавюр Рагнар Гримссон өз сөзінде XXI ғасырдағы негізгі сын-тегеурін ретінде болашақта әлем халқының ⅔ тұратын қалалардың жылытылу және суытылу проблемасын атады. 

Оның айтуынша, бұл сын-тегеурін екі нақты факті арқылы көрініс береді. Бірінші факт — бүгінгі таңда әлем халқының жартысынан астамы қалаларда тұрады. 20 жылдан соң әлем халқының ⅔-сі Азия, Африка, Американың мегаполис қалаларында тұратын болады. Екінші факт — әлемде өндірілетін энергияның 40-50%-ы қалаларды жылыту мен суытуға жұмсалады. Ал көліктер, оның ішінде автомобильдер тек 20%-ын құрайды. 

«XXI ғасырдағы энергияға деген ең жоғарғы қажеттілік сын-тегеурінге келесідей жауап берумен болашақта әлем халқының ⅔ -сі тұратын қалаларды біз қалай суытамыз және жылытамыз дегенге жауаппен байланысты. Өкінішке орай, энергетика саласындағы қазіргі талқылаулар мен пікірталастар аясында бұл негізгі сын-тегеурін күн тәртібіне шығарылмайды. Егер біз бұған барынша жауапкершілікпен қарап, осы міндетті шешу, сондай-ақ жаһандық қоршаған ортаны сақтау үшін тиімді шешімдер табатын болсақ, онда біз табысқа жетеміз», — деді О. Р. Гримссон.

Оның айтуынша, әлемде әрбір ұлт, әрбір энергетикалық компания бірге бас қосып, осы іргелі мәселені XXI ғасырда қоршаған ортаны қорғай отырып қалаларды қалай жылыту және суыту қажеттігін шешуі керек.

«Жақсы жаңалық мынада, менің елім Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында әзірлеген қолданыстағы технологиялық модельге негізделген шешім бар. Көптеген адамдардың күн және жел энергиясын жақсы білетініне қарамастан, олардың көбі бізщдің аяғымыздың астында қомақты энергетикалық ресурс бар екенінен хабарсыз да. Егер біз ғаламшар ішінде жылудың бір пайызын кәдеге жарата алатын болсақ, электр энергиясына деген сұраныс пен қажеттілікті мың жылға қамтамасыз ету үшін бұл жеткілікті болады. Мұнай индустриясы мен барлық технологиялық жұмыс көлемінің арқасында біз ғаламшар ішінде аяғымыздың астындағы жылуды тиімді пайдаланыла аламыз», — деді О. Р. Гримссон.

Сонымен қатар, форум алаңында «Мұнай болашағы: шынайылық және болжамдар» атты интерактивті пікірталас өтті, онда әлемде мұнайды тұтыну, алдағы жылдардағы мұнайға сұраныс пен ұсыныс географиясы, сондай-ақ, ОПЕК аясында одан әрі қауымдасу мәселелері талқыланды. Мұнай-газ саласының өзекті тақырыптарын талқылауға ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ОПЕК бас хатшысы Мохаммед Баркиндо, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, ExxonMobil Upstream Oil&Gas аға вице-президенті Том Шуслер, Eni S.p.A. бас директоры Алессандро Пулити және мұнай-газ компанияларының басқа да өкілдері қатысты. 

Тележүргізуші, PBS NewsHour арнайы тілшісі Р. Чилкот пікірталас модераторы болды.

Пікірталасты ашқан ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанның мұнай өндірудегі шектеу туралы ОПЕК+ келісімін сақтайтынын, бірақ болашақта көлемін арттыратынын айтты.

«Қазақстан өзінің міндеттемелерін сақтайды. Бірқатар елдер міндеттемелерімізді орындаудағы біздің мүмкіндіктерімізге күмән келтірді. Осы келісімнің соңына дейін біз әріптестерімізге кепілдік берген дәлізде қаламыз. Бұл келісім қандай да бір жағдайда жалғасады деп үміттенеміз. Бұл дұрыс бастама. Біз жауапты серіктес ретінде міндеттемелерімізді орындайтынымыз туралы мәлімдеме жасағым келеді. Біз орташамерзімді жоспарда өзіміздің ірі жобаларымызды іске асыруды жалғастыратын боламыз. Бұл бірінші кезекте Теңізді кеңейту, Қарашығанақта өндіру текшесін ұзарту, Қашағанда өндіру көлемін ұлғайту. ОПЕК+ аясында біз әрине, өз міндеттемелерімізді орындаймыз деп отырмыз, бірақ орташамерзімді перспективада мұнай өндіру көлемін 2023-2025 жылдарға қарай арттыратын боламыз. Ал оған дейін біз тәулігіне 1,8-1,9 млн баррель дәлізінде өндіреміз. Біз осындай міндеттемелерді ұстанамыз», — деді Қанат Бозымбаев.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев компанияның Қазақстанның энергетикалық секторының дамуына қатысуы туралы айтып берді. 

«Бүгін "ҚазМұнайГаз" үшін өзекті мәселелер мен проблемалар талқыланды, атап айтсақ: мұнай бағасы, әлемдік энергетика нарықтарындағы тұрақсыздық, т. б. Жалпы, қазіргі мұнай бағасының $60-70 аралығындағы дәлізі «ҚазМұнайГаз» үшін айтарлықтай қолайлы екенін атап өткім келеді. Біз тұрақтылықты қалаймыз, біз мұнайдың осындай бағасын негізге ала отырып, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарларымызды құрып жатырмыз. Бағалардың тұрақты болғанын қалаймыз», — деді А. Айдарбаев өз сөзінде.

ОПЕК бас хатшысы Мохаммед Баркиндо жауап ретінде ОПЕК-тің мұнай бағасының тұрақтылығына аса мән беріп отырғанын және осы баға тұрақтылығы стратегиясын ұстана беретінін атап өтті. 

«Сауд Арабиясында болған оқиғадар салдарынан біз мұның құбылмалылыққа біршама әсерін тигізгенін және өндірушілер мен өндіретін елдер үшін де, тұтынушы елдер үшін де тиімді емес екенін аңғардық. Тұрақтылыққа өндіруші елдер де, тұтынушы елдер де мүдделі. Тұрақтылықсыз жоспарлау қиын, жобалар үшін қаржыландыру тарту да қиын . Сондықтан біз қазір осы мақсатқа ден қойып отырмыз. Біз мұнайды саясаттан ажырату жұмыстарын жалғастырамыз», — деді М. Баркиндо.

Eni S.p.A. бас директоры Алессандро Пулити әлемде соңғы бес жылда мұнай мен газ өндірісінің едәуір өсімі байқалып отырғанын атап өтті. Бұл ретте сұйытылған газға баса мән беріліп отыр. Оның айтуынша, мұнай мен газ арасындағы осы өзгеріс өте маңызды. 

«Қазақстанға, негізінен Қашаған кен орнына біз $12 млрд-қа жуық инвестиция салдық. Біз серіктестерімізбен жұмыс істегеніміз үшін қуаныштымыз және оларға алығысымызды айтамыз. Біз осы жұмыстарды одан әрі ұлғайту әлеуеті бар екенін көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Біз Қазақстан Үкіметімен Каспий кен орнын кеңейту бойынша келісімге келдік. Жобаға инвестиция салу туралы шешім қабылдадық. Біз осы жерде, Қазақстанда болғанымызға, осы елге инвестиция салғанымызға қуаныштымыз», — деді А. Пулити.

ExxonMobil Upstream Oil & Gas аға вице-президенті Том Шуслер Қазақстанның үлкен ресурстары бар екенін атап өтті. 

«Көптеген жылдар бойы Қазақстанға инвестиция сала отырып, біз Қашаған және ТШО кен орындарының серіктестерімен елеулі табысқа жеттік. Жобаларымызды жүзеге асыратын кез-келген елдегі секілді, біз үшін ең бастысы – тұрақтылық. Қазақстан – инвестициялар үшін өте тартымды ел», — деді Т. Шуслер.

Қ. Бозымбаев Қазақстанда жыл өткен сайын шетелдік инвесторларға қатысты реттеу режимі жеңілдеп келе жатқанын атап өтті. 2017 жылы жаңа редакцияда Жер қойнауын пайдалану туралы кодекс қабылданды, ол нарыққа жаңа инвестордың кіруін айтарлықтай жеңілдетті. Сонымен қатар, Салық кодексінің редакциясына да бірқатар жеңілдіктер енгізілді. Бұған қоса, бүгінде жаңа Экологиялық кодекс әзірленіп жатыр, онда энергетикалық операторлардың барлық қалаулары ескеріледі.

«Газ факторы дүниежүзілік энергетикадағы негізгі тренд ретінде» панельдік сессиясы аясында көмірсутектің ең көп сұранысқа ие ресурсы ретінде газдың позициясын сақтау, әлемдегі газ өндірісінің өсуінің негізгі жобаларының болашағы және Қазақстанды газдандыру мәселелері талқыланды. Аталған мәселелер бойынша Жаһандық газ орталығының атқарушы директоры В. Дюкро, Групп Инвест бақылау сеңесінің төрағасы А. Гайдамака, Tecnicas Reunidas өнеркәсіптік нысандар бойынша бөлімшесінің бас директоры А. Кросли, Royal Dutch Shell plc. компаниясының директоры П. Чулукури, Wood Mackenzie Каспий аймағы және Еуропа бойынша аға талдаушы Э. Шерман, ҚР энергетика вице-министрі М. Жүребеков пікірлерімен бөлісті. 

   

«Энергетика секторындағы инвестициялық тәуекелдерді бағалау — 2019» презентациясы кезінде Халықаралық энергетика хартиясы Хатшылығының инвестициялар жөніндегі үйлестірушісі А. Петараки энергетикадағы инвестицияларға ықпалын тигізетін нақты тәуекелдер туралы айтып берді, мұндай тәуекелдерді саясатты, құқытық және нормативтік шектерді түзету арқылы икемдеуге болады. 

«Энергетика тұрақты даму үшін» панельдік сессиясында болашақтағы энергетика жүйелеріндегі қазба отынның рөлі мәселесі көтеріліп, шикізаттық бағыттағы экономикалар үшін болашақтың ұлттық стратегиялары талқыланды. Пікірталасқа «Электр энергетикасын және энергия үнемдеуді дамыту институты» АҚ басқарма төрағасы Б. Смағұлов, АДБ-нің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Д. Капанелли және т.б. қатысты. 

Dasco Consulting Group  компаниясы ұйымдастырған«Энергетика секторына инвестициялар салу: мүмкіндіктер мен серіктестік» панельдік сессиясы энергетика секторында инвестициялық жобаларды дамыту және алдағы 10 жылда инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық ахуал тудыру мәселелеріне арналды. Талқылауларға ҚР энергетика министрлігінің, Еуропалық Қайта құру және Даму банкінің, Дүниежүзілік банктің, S&P Global және АХҚО өкілдері қатысты. Сессия модераторы Dasco Consulting Group компаниясының басқарушы серіктесі Дәрмен Сәдуақасов болды. 

Қазақстандық мұнайшы геологтар қоғамының президенті Б. Қуандықов «Болашақтың геологиясы: экологиялық қауіпсіздіктен инновацияларға дейін» дөңгелек үстелі барысында цифрлық экономиканың даму драйверлерінің бірі ретінде геологиялық барлау мәселесін көтерді. Қатысушылар геология саласын дамытуда жүйелі тәсілді құруға қатысты пікірлерімен бөлісті: қазіргі зерттеулер мен жобалар Қазақстандағы мұнайгаз өндірісінің тиімділігін арттыра ала ма. Талқылауларға РФ табиғи ресурстар және экология министрінің орынбасары Е. Киселев, Каспий өңірінде барлау жүргізу жөніндегі вице-президент Г. Райли және т.б. қатысты.

Еуразиялық форумның энергетикалық нарықтардың қатысушыларының арасындағы тиімді диалогты қамтамасыз етуге, энергетика жүйесіндегі дамудың өзекті беталыстары мен бағыттарын қарастыруға бағытталғанын атап өткен жөн. Осы оқиға аясында ұсынылған перспективалар мен стратегиялық бастамалар еліміздің мұнайгаз және энергетика кешеніндегі динамикалы және тұрақты даму үшін қолайлы алғышарттар тудырады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу