Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84%-ға дейін арттырды — ҚР ИИДМ

Азаматтық авиация комитеті рейстер санын одан әрі ұлғайту және Қазақстанға/Қазақстаннан ұшу географиясын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Мәселен, 2023 жылғы 3 қаңтардан бастап «Qatar Airways» әуе компаниясы Алматы және Доһа қалалары арасында орындалатын тұрақты жолаушылар рейстерінің санын аптасына 4-тен 7-ге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Екі ел арасындағы әуе қатынасы күнделікті болмақ. 

Сонымен қатар «Qatar Airways» әуе компаниясы 2023 жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде Қазақстан мен Катар астаналары – Астана мен Доһа арасында рейстерді жоспарлап отыр. Рейстерді көбейту және ұшу географиясын кеңейту Қазақстан мен Катар арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.

Оған қоса, «Pegasus Airlines» әуе компаниясы Алматы мен Анкара арасындағы рейстерді іске қосты.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы мәселелері бойынша Түркияның авиациялық органдарымен келіссөздер жүргізілген болатын. Нәтижесінде тараптар маршруттар, рейстер санын екі есе және тасымалдаушыларды көбейту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

Осы жұмыстың нәтижесінде «Pegasus Airlines» түрік әуе компаниясы осы жылдың 1 қарашасынан бастап Алматы – Анкара бағыты бойынша жаңа рейсті іске қосты, осылайша қазақстандық жолаушылар Түркия астанасына тікелей саяхаттауға мүмкіндік алды.

Алматы және Анкара қалалары арасындағы тұрақты рейстерді А320 және Б737 әуе кемелері сәрсенбі және сенбі күндері аптасына 2 рет жиілікпен орындайтын болады.

Сонымен қатар Жапонияға тікелей әуе қатынасын жаңарту мәселелері талқыланған болатын.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев пен Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ямада Джун мырзаның кездесуі өтті.

Кездесу барысында Жапонияға тікелей рейстерді қалпына келтіру, оның ішінде Токиоға ауа еркіндігінің 5-ші дәрежесін қолдана отырып, рейстер орындау мәселелері талқыланды. Қазақстандық тарап Жапонияға рейстерді қайта бастауға дайын екенін айтты.

Сондай-ақ Кувейттен Түркістанға жаңа рейс іске қосылады.

Қазақстан Республикасы мен Кувейт мемлекетінің авиациялық билігі арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде «Jazeera Airways» Кувейт лоукостері биылғы 3 желтоқсаннан бастап Кувейт – Түркістан бағыты бойынша рейстерді орындауды бастауды жоспарлап отыр.

Кувейт астанасы мен түркі әлемінің рухани орталығы арасындағы тұрақты жолаушылар рейстері сейсенбі және жексенбі күндері Airbus A-320 әуе кемесімен аптасына 2 рейс жиілігімен орындалатын болады.

Сонымен қатар «AnadoluJet» Алматы мен Анкара арасындағы рейстерді іске қосты.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша биылғы шілдеде Қазақстан мен Түркияның авиациялық билігі Қазақстан мен Түркия арасында рейстер мен маршруттар санын ұлғайту жөнінде келіссөздер жүргізді. Осы тапсырманың, сондай-ақ Қазақстандағы «ашық аспан» режимі аясында ұшу географиясын одан әрі кеңейту және халықаралық рейстер санын ұлғайту жөніндегі жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылғы 20 қарашада «Turkish Airlines» түрік әуе компаниясының еншілес кәсіпорны «AnadoluJet» түрік бюджеттік тасымалдаушысының Алматы – Анкара жаңа бағытын ашу салтанатты рәсімі өтті.

Іс-шара ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтың, «AnadoluJet» компаниясы бас директорының орынбасары Маджит Боярдың және «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Альп Эр Тунг Ерсойдың қатысуымен өтті. Рейстерді «AnadoluJet» тасымалдаушысы аптасына 2 рейс жиілігімен В-737 әуе кемесінде орындайтын болады. Бұл рейстің ашылуы Қазақстан мен Түркия арасындағы сауданы, туризмді, бизнесті дамытуға оң әсерін тигізеді.

Анықтама: AnadoluJet – түрік бюджеттік тасымалдаушысы, «Turkish Airlines» әуе компаниясының еншілес кәсіпорны. 2008 жылы құрылған. Бірінші халықаралық рейс 2020 жылдың 11 маусымында орындалды. Ыстанбұл қаласының Сабиха Гөкчен халықаралық әуежайында және Анкара қаласының Есенбога халықаралық әуежайында орналасқан. Әуе кемелері паркінде 59 Boeing-737 әуе кемелері бар.

Түркияның, Еуропаның және Таяу Шығыстың 89 қаласына (41 ішкі және 48 халықаралық) 134 бағыт бойынша (69 ішкі және 65 халықаралық) рейсті жүзеге асырады.

Осы орайда ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев: «Ұшу географиясын кеңейту мен рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыстар күн тәртібінен түспеу керек», — деді.

Министр Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қызметімен танысып, акционерлік қоғамның ұжымымен жұмыс кеңесін өткізді. 

Әуе тасымалына сұраныс жыл сайын ұлғайып келеді. Сол себепті ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасына сәйкес артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін отандық әуе кемелерінің паркі жаңа ұшақтармен толықтырылып жатыр. Сондай-ақ рейстердің кешігу фактілеріне байланысты шағымдарды ескере отырып, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тарапынан тиісті тергеулер жүргізілді.

«Қазақстанның авиациялық билігі халықаралық стандарттардың жоғары деңгейіне сай жақсы жұмыс атқарады. Қазір Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитетімен өзара тығыз байланыс орнатылған. Десе де, алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен халық үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне басымдық беріп келеді. Сонымен қоса еліміздің Президенті ұшу географиясын кеңейту мен рейстер санын ұлғайтуға байланысты жұмысты жалғастыруды тапсырды», — деді ведомство басшысы Қ. Өскенбаев.

Өз кезегінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду жүргізіліп жатқан жұмыстар мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру туралы айтып берді. Оның айтуынша, осы жылдың басынан бастап Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тікелей рейстерді іске қосу үшін FAA (IASA) алдағы халықаралық ұшу қауіпсіздігін бағалауға дайындық аясында техникалық әлеуетті арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев айтқандай, тексеру қорытындысына сәйкес, Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84%-ға дейін арттырды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 15%-ға жоғары.

Бұл орайда авиациялық әкімшілік азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігінің техникалық бақылауы мен қадағалау жұмыстарына жауапты екенін айта кетейік. Қазір ҚР Мемлекеттік тізілімінде 912 әуе кемесі бар. 75 кеме тұрақты жолаушылар рейстерін жүзеге асырады. Тұтастай алғанда, елімізде 25 әуежай мен 6 тікұшақ айлағы жұмыс істейді.

Кездесуді қорытындылай келе, министр аталған саланы дамыту бойынша бірқатар міндетті атап, Азаматтық авиация комитетіне авиациялық әкімшілікпен бірлесіп, ұшу қауіпсіздігі мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

«Рас, қазір әуе көлігінде жолаушылар санының артуы байқалып келеді. Сондықтан әуе кемесінің паркін ұлғайту және қазақстандық әуе компанияларының тасымалдау сыйымдылығын арттыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет», — деп түйіндеді Қ. Өскенбаев.

Айта кету керек, сонымен қатар Boeing компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың Boeing компаниясының Ресей мен ТМД-дағы сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Монти Фрейзермен және Boeing компаниясының Еуразиядағы стратегия және нарықты дамыту жөніндегі директоры Марио Антонио Эбчиммен кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Boeing компаниясының одан әрі ынтымақтастығы мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ тараптар министр Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша және Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен 2022 жылғы сәуір айында Сиэтл қаласына (АҚШ) ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация сапарының қорытындысы бойынша орнаған ынтымақтастықтың оң серпін беретінін атап өтті.

Осылайша, «Эйр Астана» әуекомпаниясы Boeing-787-9 «Dreamliner» үш ұшағын сатып алу жөніндегі келісім-шартқа қол қойды. Лайнерлер тасымалдаушының флотына 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында түседі деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 14-19 қараша аралығында Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейсті ашу бойынша жұмыс аясында Астанада «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ базасында Boeing компаниясы Қазақстанның Азаматтық авиация саласының өкілдері үшін Airline Planning Workshop (APW) әуе компанияларын жоспарлау бойынша арнайы семинар өткізеді. Оқыту барысында стратегия мен бәсекелестік, әуе кемелері паркін жоспарлау және кірістер менеджменті, әуе кемелерінің экономикасы және т. б. тақырыптар бойынша модульдер қамтылады. 

Семинарға Азаматтық авиация комитетінің, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ, «Эйр Астана» («Fly Arystan»), «Qazaq Air», «SCAT» әуе компанияларының, Астана, Алматы, Ақтау әуежайларының өкілдері, бас-аяғы 50 тыңдаушы қатысып жатыр. Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар Қазақстан мен Boeing компаниясы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және жаңа перспективалы жобаларды іздеу жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті. 

Еске сала кетейік, осы жылдың басынан бастап Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей рейстерді іске қосу үшін FAA (IASA) ұшу қауіпсіздігін алдағы халықаралық бағалауға дайындық аясында техникалық әлеуетті арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу