16 Шілде 2024, 17:30
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы елімізде үйірлі шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан қорғаныс шаралары туралы баяндады.
Осы уақытқа дейін Қазақстанда үйірлі шегірткенің таралу ошақтарын анықтау бойынша 15,1 млн га немесе жоспарланған 17,1 млн га алаңның 88,4%-ы тексерілді. Өңдеуге жататын жер көлемі – 2,5 млн га. Өңдеу жұмыстары 2,4 млн га алаңға немесе болжанған көлемнің 98,3%-ына жүргізілді.
Ел аумағында үйірлі және саяқ шегіртке тектес зиянкес түрлері таралған. Атап айтқанда, азиялық шегіртке, итальялық прус және марокко шегірткесі. Саяқ шегіртке тектестердің шамамен 270 түрі бар.
«Биологиялық циклділік пен миграцияға байланысты кезеңді жаппай көбею қабілеті бар үйірлі шегіртке тектестердің жаппай көбею жылдарында ауыл шаруашылығы жерлері мен егістіктеріне үлкен қауіп төндіреді. Осыған байланысты үйірлі шегіртке тектестерге қарсы қорғаныш шараларын ұйымдастыруды Министрлік республикалық бюджет қаражатынан пестицидтерді сатып алу, сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері арқылы орталықтандырылған түрде жүзеге асырады. Саяқ шегіртке тектестерге қарсы күрес жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі», — деп түсіндірді вице-министр.
Оның сөзінше, соңғы жылдары шегірткенің таралу алаңының өскені байқалады. Мысалы, 2020 жылы 514 мың га, 2021 жылы 626 мың га, 2022 жылы 975 мың га, 2023 жылы өңдеу 1,6 млн га алаңда жүргізілді.
Биыл үйірлі шегіртке тектестердің таралу болжамы 2,5 млн га құрады. Сондай-ақ ең көп Ақтөбе (784,4 мың га); Қостанай (775,6 мың га), Түркістан (271,6 мың га) облыстарында таралуы мүмкін деп болжанып отыр.
Үйірлі шегіртке тектестерге қарсы күреске 8,1 млрд теңге қаражат бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен – 4,2 млрд теңге және Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен – 3,9 млрд теңге. Бұл қаражатқа жоғары тиімді препараттардың қажетті көлемі сатып алынды, сонымен қатар жеткізушілер анықталып, пестицидтерді сақтау және тасымалдау қызметтері бойынша келісімшарттар жасалды.
Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы қорғаныш шараларын республикалық деңгейде үйлестіру үшін Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен жедел штаб құрылды. Барлық өңірде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жергілікті деңгейдегі жедел штабтар құрылды.
Шегіртке тектестердің таралуына фитосанитарлық мониторингті 17 облыста, республикалық маңызы бар 2 қалада және 168 ауданда филиалдары бар, штат саны 1113 бірлік және штаттан тыс қызметкерлер саны 437 бірлік (5 айға) құрайтын «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ мамандары жүзеге асырады.
Вице-министрдің айтуынша, әдістемелік орталықтың филиалдары мониторингтік тексерулер жүргізу үшін 247 бірлік автокөлікпен қамтылып, 5 ай мерзімге 421 автокөлік жалға алынды. Барлығы 673 бірлік автокөлік тартылды. Үйірлі шегіртке тектестердің таралу ошақтарын анықтау бойынша 15,1 млн га немесе жоспарланған 17,1 млн га алаңның 88,4%-ы тексерілді. Өңдеуге жататын жер көлемі 2,5 млн га құрады. Өңдеу жұмыстары 2,4 млн га алаңға немесе болжанған көлемнің 98,3%-ына жүргізілді.
Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 427 арнайы бүріккіш техника, атап айтқанда, 289 жерүсті вентиляторлық және штангалық бүріккіш, 56 аэрозоль газ генераторы, 36 жеңіл авиация кеме, 36 ұшақ, 2 пилотсыз авиациялық жүйе және 8 аспалы бүріккіш қолданылды.
«Үйірлі шегіртке тектестерге қарсы қорғаныш шаралары Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстарында толық аяқталды. Мароккалық шегірткеге қарсы химиялық өңдеулер Жамбыл облысында аяқталды, сонымен қатар Алматы облысында азиялық шегірткеге қарсы өңдеулер аяқталды. Итальяндық прусқа қарсы өңдеулер Абай, Атырау, Жамбыл және Батыс-Қазақстан облыстарында аяқталды. Қазір Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Қостанай облыстарында итальяндық прусқа қарсы, Абай және Жамбыл облыстарында азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеулер жалғасып жатыр», — хабарлады Ермек Кенжеханұлы.
Биыл шегіртке тектес зиянкестерге қарсы қорғаныс шараларына барлығы 2500-ден астам адам жұмылдырылды.
2024 жылға саяқ шегіртке тектестердің таралу болжамы 664,9 мың га құрады. Бүгінде саяқ шегіртке тектестерге қарсы 586,48 мың га жер көлемі өңделді. Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу және Павлодар облыстарында саяқ шегіртке тектестерге қарсы қорғаныс шаралары аяқталды.
Вице-министр шекаралас аймақтардағы шегіртке тектес зиянкестер бойынша мәселені ведомство тұрақты бақылауында ұстап отырғанын атап өтті. Шегірткелердің көрші аумақтарға көшуін болдырмау мақсатында көршілес мемлекеттермен бірлескен мониторингтік жұмыстардың жоспарлары жасалуда. Өзбек және ресейлік мамандармен бірлескен тексерулер жүргізіліп жатыр.
Оның сөзінше, қорғаныс шараларының жүргізілу қарқынына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі – күннің райы.
#ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі«Қазіргі таңда Ақтөбе және Қостанай облыстарында болып жатқан жауын-шашын және қатты жел мониторинг жасауға және химиялық өңдеулерді жүргізуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты өңдеу көлемінің ұлғаю қаупі бар. Бұл ретте, ықтимал қауіптерге уақытылы жауап беру үшін пестицидтер нарығына талдау жүргізіліп, шамамен қосымша 500 мың га жерге пестицидтердің қосымша көлемін жеткізуге келісімшарт жасалынды. Сонымен қатар қызмет көрсетушілермен қосымша жер көлемінде шегіртке тектес зиянкестерге қарсы қорғаныс шараларын резервтегі техникамен жүргізуге келіссөздер жүргізілді», — деп түйіндеді сөзін Ермек Кенжеханұлы.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу