26 Маусым 2026, 17:10
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев «Қазақстанды газдандыру» тақырыбында баяндама жасап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасын газдандыру 2035 жылға дейінгі бекітілген Қазақстан Республикасын газдандырудың Бас схемасы аясында жүзеге асырылуда. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша газдандыру деңгейі 62,4%-ды құрады немесе 12,6 млн адам табиғи газға қол жеткізді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 354 мыңнан астам адам немесе 94 елді мекен табиғи газға қол жеткізді. 2 000 шақырмнан астам газ құбыры салынды, 82 газбен жабдықтау жобасының құрылысы аяқталды.
«2026 жылғы 1 қаңтарда газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті немесе 20,5 млн адамның 13,1 млн адамы табиғи газға қол жеткізді. Республиканың барлық батыс өңірлерінде, Жамбыл облысында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында газдандыру деңгейі 90%-дан асады. Алматы, Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстары және Жетісу облысында газдандыру деңгейі 60%-дан 90%-ға дейінгі аралықты құрайды. Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында газдандыру 60%-дан төмен деңгейді құрайды. Биыл республикалық бюджеттен газ тасымалдау жүйесін дамытуға бөлінген 27,3 млрд теңгені ескере отырып, газдандыру деңгейін 64,3%-ға дейін жеткізу немесе 32 мың адам табиғи газға қол жеткізу жоспарлануда», — деді вице министр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша тауарлық газ тұтыну көлемі 21,3 млрд текше метр құрады. Осы жылға арналған тұтыну болжамы – 22,3 млрд текше метр. Қостанай облысында салынуы жоспарланған астықты терең өңдеу, алюминий шығару бойынша зауыттарын, газ-химия кешенін және ыстық брикеттелген темір өндіру зауытын және басқа да жобаларды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «КС-14 жаңа компрессорлық стансасының құрылысы және «КС-14–Қостанай» магистральдық газ құбыры» жобасын жүзеге асыру жүргізілуде. Бұл жоба Қатар мемлекетімен жасалған Үкіметаралық келісім шеңберінде қатарлық инвестормен бірлесіп жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар бүгінгі күні «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі жүргізілуде. Бұл жоба да қатарлық инвестормен бірлесіп жүзеге асырылуда. Осы жылдың соңына дейін қуаттылығы жылына 10 млрд текше метрге дейінгі ұзындығы 1 450 шақырым газ құбырының желілік бөлігінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. 2027-2029 жылдарға жоспарланған екінші кезең шеңберінде газ құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін компрессорлық стансалар салу жоспарлануда.
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ екінші желісі жобасы жоспарланған энергетикалық жобаларды қажетті көлемдегі тауарлық газбен қамтамасыз етуге, елдің оңтүстік өңірлеріне қосымша газ көлемін жеткізуге, экономиканы дамытуға және тұрақты әрі уақытша жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық өсуін ынталандыруға мүмкіндік береді.
Алматы облысы мен Жетісу облысының дамуына серпін беретін тауарлық газдың қосымша көлемімен қамтамасыз етудегі тағы бір маңызды жоба – «Алматы-Талдықорған» МГҚ 2-ші желісін салу жобасы. Бүгінгі күні жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде, сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін жобаны одан әрі жүзеге асыра отырып, қаржыландыру мәселесі қаралатын болады.
«Бұдан басқа ел халқын табиғи газға қолжетімділікпен толыққанды қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні ҚР Энергетика министрлігі елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыруды пысықтауда. Қазақстан Республикасының Үкіметі «Газпром» ЖАҚ-пен «Сарыарқа» қолданыстағы газ тасымалдау жүйесін Ресейдің Ишим қаласы ауданындағы газ құбырымен байланыстыратын жаңа магистральдық газ құбырын салу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуде. Бұл Қазақстанның солтүстік өңірлерін және Астана қаласын табиғи газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ газ жеткізу маршруттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Өткен жылдың қазан айында Санкт-Петербург қаласында Петербург халықаралық газ форумының аясында Үкімет пен «Газпром» ЖАҚ арасында 2030 жылдан бастап көлемі 6,3 млрд текше метрге дейінгі Ресей газының импортымен Қазақстан Республикасының солтүстік өңірлерін және Астана қаласын газбен жабдықтау үшін Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына жаңа магистральдық газ құбырының жобасын жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойылды. Қазәргі таңда Ресей тарапымен келіссөздер жалғасуда», — деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Республика бойынша тауарлық газдың ішкі тұтынуының өсуін, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобаларды қажетті газ көлемімен қамтамасыз ету мақсатында, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 20 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай отырысында берген меншікті қаражат есебінен геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру және көмірсутектер бойынша жаңа кен орындарын игеруді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде, министрлік «Самұрық-Қазына» АҚ, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Қазақстан Республикасының көмірсутектер бойынша жаңа перспективалы кен орындарын 2035 жылға дейін игеру жоспарына қол қойды. Жоспар Қазақстан Республикасының жаңа перспективалы мұнай және газ кен орындарын игерудің жүйелі және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын тетігін көздейді, бұл көмірсутектердің ресурстық базасын тұрақты түрде ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы (ЖҚҚББ) шеңберінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен тікелей келіссөздер арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын кейіннен беруге көзделген 30 жер қойнауы учаскесі қарастырылған. Бүгінгі күні «QazaqGaz» ҰК» АҚ және оның еншілес ұйымдарымен көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалануға 9 келісімшарт жасалған, оның ішінде 3-і өндіру сатысында, 6-ы барлау сатысында.
«Сонымен қатар бүгінгі күні елдің газ саласын дамыту үшін стратегиялық маңызы бар газ өңдеу зауыттарын салу бойынша бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда және жоспарлануда. Қазіргі таңда Қашаған кен орнының шикізат базасында жылына қуаттылықтағы жылына 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар осы жылдың 12 маусымында Қашаған кен орнының шикізат базасында қуаттылықтағы жылына 2,5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Қарашығанақ кен орнының шикізат базасында қуаттылығы жылына 5 млрд текше метрге дейінгі газ өңдеу зауытын салу жоспарланған. Жаңаөзен қаласында қуаттылықтағы жылына 900 млн текше метрге дейінгі газ өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде», — деді ол.
Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру, тауарлық газды үнемді тұтынуды енгізу, тауарлық газды есепке алуды цифрландыру, газбен жабдықтау бойынша бюджеттік объектілердің құрылыс сапасын арттыру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және электр энергиясы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасады. Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын қамтиды, оның ішінде:
Заң жобасын биыл 11 маусымда екі оқылымда Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты қабылдады. Жақын уақытта Мемлекет басшысының қол қоюы күтілуде.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу