Қазақстандағы 2022 жылдың қорытындысы: демонополизациялау, көлеңкелі айналыммен және бағаның өсуіне қарсы күрес

Өтіп бара жатқан жылды қорытындылайтын кезекті материалда Primeminister.kz редакциясы Үкіметтің отандық экономиканы дамыту, оған сыртқы және ішкі жағымсыз факторлардың әсерін азайту жөніндегі қадамдары туралы деректер келтіреді.

2022 жылы мұқым мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан да бұрын-соңды болмаған экономикалық және әлеуметтік сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Геосаяси шиеленіс жағдайында өндірістік, логистикалық және сауда байланыстарының бұзылуы іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әкеліп, тауарлар мен қызметтер бағасының өсуіне, ал бұл өз кезегінде инфляцияның көтерілуіне себеп болды.

Жылдың екінші жартысына қарай келеңсіз факторлардың жиынтығы Қазақстандағы экономиканың өсу қарқыны мен іскерлік белсенділіктің төмендеуіне алып келетіні белгілі болды. Сонымен қатар Үкіметтің жоспарлы әрі дәйекті іс-қимылдарының арқасында сыртқы факторлардың зардаптарын едәуір азайтып, экономиканың одан әрі өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік туды.

Негізгі «экономикалық» көрсеткіштер

Ел экономикасының қорытындысына арналған шолуды негізгі көрсеткіштерден бастаған жөн. Мәселен, биылғы 11 айда ЖІӨ 2,7%-ға өсті, сыртқы тауар айналымы 34%-ға, яғни $111 млрд-қа дейін, экспорт 45%-ға, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 35%-ға өсті. Оң сауда балансы 2 есе өсіп, $31 млрд-қа жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,6%-ға ұлғайды.

Білім беру, сауда, құрылыс, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты экономиканың негізгі салаларына тартылған инвестициялар едәуір өсті.

Инфляцияға қарсы күрес

2022 жылы туындаған негізгі өзекті мәселелердің бірі азық-түлік бағасының өсуі болды. Қымбатшылық Қазақстан сияқты экономикасы дамушы елдерге ғана емес, сондай-ақ Еуроодақ, АҚШ және Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты орнықты экономикалық аймақтарға да әсер етті. Мәселен, қарашадағы жағдай бойынша АҚШ-та инфляция 7,1%-ға, ал азық-түлік бағасы 10,6%-ға өсті. Осы кезде ЕО-да инфляция 11,1%-ға жетіп, ал азық-түлік бағасы 17,9%-ға көтерілді. Ал біздің елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 22,3%-ға өскен.

Сыртқы экономикалық келеңсіз факторлардың салдары енді сезіле бастаған көктемнің басында Үкімет қажетті жедел шараларды қабылдады. Атап айтқанда, өңірлерге бағаны ұстап тұрудың неғұрлым тиімді нарықтық тетіктерінің бірі – «айналым схемасын» қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін жеткізу міндеттелді.

«Айналым схемасы» – азық-түлік өндірушілері мен сауда объектілеріне жеңілдікпен несие беру. Есесіне олар тауарларды белгіленген бағамен сатуы керек болады. Талдау нәтижелері маусымаралық кезеңде «айналым схемасына» қатысушы сауда объектілеріндегі өнімдердің бағасы нарықтағы орташа деңгейден төмен екенін көрсетті.

Бұдан басқа, барлық өңірде делдалдық схемаларға қарсы күрес жөніндегі арнайы комиссиялар құрылды, рұқсат етілген 15 пайыздық сауда үстемесін бақылау үшін дүкендер мен ірі объектілерге мониторинг басталды, нарықта монополияға қарсы белсенді іс-қимылдар жүргізілді.

Осы және басқа да шаралар, соның ішінде Қант өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспарын қабылдау бағаның өсуін айтарлықтай тежеп, оң нәтижесін көрсетті.

Тамыз айында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуді тапсырды. Олар нарықтық механизмдерге сай келіп, қымбатшылықтың салдарымен емес, себебімен күресуге бағытталды. 

Осы кезеңнен бастап бағаны ұстап тұрудың тиімділігін арттыру үшін негізгі мемлекеттік тетіктерді қайта форматтау басталды. Атап айтқанда, ішкі нарықты өз өнімдерімізбен толықтыру үшін «айналым схемасы» бойынша қаржыландыруды сауда желілерін емес, өндірушілерді қолдауға бағыттау туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар делдалдық схемаларды зерттеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта құрылды, өйткені дәл осы ұзын-сонар делдалдар тізбегі бөлшек саудадағы өнімдер бағасының кейде 60%-ға дейін өсуіне себепші болып отыр.

Оған қоса, Сауда және интеграция министрлігіне бақылау функцияларын беру үшін қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілді, ал бизнеспен өндірушілердің құқықтарына нұқсан келтірмейтіндей етіп, бөлшек саудадағы бағаларды бекіту ережелері келісілді.

Бұл жұмыс, соның ішінде жаңа заманауи көкөніс қоймаларын салу, алдағы егіннің көкөністері мен жемістерін жеткізуге келісім-шарт жасау, ішкі нарықты импорттық өнімнің демпингінен қорғау бойынша жұмыстар келесі жылы жалғасын табады.

Шағын және орта бизнесті дамыту

Биыл «таза парақтан бастап» бизнесті реттеудің түбегейлі жаңа тәсілдерін іске асыру Үкімет жұмысының басты бағыттарының бірі болды.

Мәселен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнеске кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Бүгінгі таңда экономиканың түрлі салаларында жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келмейтін 10 мыңға жуық талаптар анықталды. Келесі жылдың басында нормативтік база жаңа тәсілдерге сәйкестендірілетін болады.

Сонымен қатар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап автоматтандыру арқылы тексерістен бұрын заң бұзушылықтардың алдын алуға көшуді көздейтін мемлекеттік бақылау жүйесін реформалаудың жаңа кезеңі басталды. Профилактикалық бақылауды жоспарлауға адамдар араласпайтын болады, тек проблемалық субъектілерге көңіл бөлінеді. Нәтижесінде 2023 жылдың ортасына қарай 62 бақылау саласы автоматтандырылады. Реттеушілік саясаттағы жаңа тәсілдер толыққанды 2024 жылдың басында іске қосылады.

Биыл кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірқатар басқа да шаралар қабылданды. Мәселен, моноқалаларда, шағын елді мекендерде және ауылдарда 5% жеңілдікпен шағын несие беру енгізіліп, 1%-дан бастап мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен несие беретін ШОБ-ты қолдаудың өңірлік бағдарламасы іске қосылды, сондай-ақ батыс және оңтүстік өңірлер үшін 5% жеңілдікпен несие беріле бастады. Несиелеудің ең жоғары сомасы 7-ден 3 млрд теңгеге дейін төмендетілді, бұл бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік берді және қолдау көрсету кезінде салалық тәсіл енгізілді.

 

Жалпы 2022 жылы ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 35,7%-ға жетті (II тоқсан), кәсіпкерлік субъектілерінің саны 20%-ға 1,7 млн-ға дейін (1 желтоқсандағы жағдай бойынша), ал ШОБ-та жұмыспен қамтылған адамдардың саны 9,3%-ға 3,7 млн-ға дейін өсті (II тоқсан).

Демонополизациялау және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес

Биыл Үкімет жұмысының маңызды бағыты жеке монополистерге қарсы іс-қимыл, нарықтағы ашық бәсекелестікті дамыту және заңсыз берілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару болды. Бұл мәселелер бойынша негізгі шешімдер ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша құрылған Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия аясында қабылданды, оны ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов басқарды.

Мемлекет меншігіне өнеркәсіп пен энергетика, теміржол және телекоммуникация қызметтерін көрсету салаларындағы 11 негізгі компания, сондай-ақ Астана мен Алматыдағы бірқатар ірі жылжымайтын мүлік объектісі, $100 млн және 2,5 млрд теңге қаражат қайтарылды. Бүгінде Комиссия тағы 26 компанияны мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жалғасуда. Бұл орайда заңнамалық базаны және валюталық бақылауды жетілдіру, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру, тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін құру, сондай-ақ қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Соның нәтижесінде 11 айда бюджетке 900 млрд теңгеден астам қосымша қаражат түсті. Жалпы жыл қорытындысы бойынша Қазақстанда көлеңкелі экономика үлесі ЖІӨ-нің 19%-не дейін төмендейді деп күтілуде. 

Жаңа салық-бюджет саясаты

2022 жылы Үкімет жаңа салық-бюджет саясаты аясында белсенді жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, контрциклдық бюджеттік қағидалар енгізілді, бұл 2023 жылы Ұлттық қордан трансферттерді 1,4 трлн теңгеге қысқартуға, сондай-ақ мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынын тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

Биыл пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемелері ұлғайтылды, дивидендтер бойынша жеңілдіктер алынып тасталды, цифрлық майнинг үшін мөлшерлеме көтерілді, ал микро және шағын бизнес үшін жалпы жүктемені 35%-дан 20%-ға дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бюджет процесін жеңілдетуді және бюджетаралық қатынастарды одан әрі орталықсыздандыруды, салық саясатының тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуді, салықтық әкімшілендіруді цифрландыруды көздейтін жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу басталды.

Жалпы республикадағы салық-бюджет саясаты 2030 жылға қарай мұнайлы емес тапшылықты 5%-ға дейін төмендетуге, сондай-ақ Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға дейін өсіруге бағытталатын болады. Сонымен қатар сән-салтанат салығын салудың жаңа тәсілдерін енгізу жоспарланып отыр.

Мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту және шетелдік инвестицияларды тарту

Қазақстанда бәсекелестікті одан әрі дамыту үшін мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Атап айтқанда, Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарына қосымша 171 объект енгізілді, бірақ өңірлердегі халықтың тіршілігін қамтамасыз етуде маңызы бар су, электр және жылумен жабдықтау бойынша 200-ге жуық әлеуметтік маңызы бар объекті жоспардан алынып тасталды. Бүгінгі таңда 296 млрд теңге сомасына Кешенді жоспардың 352 объектісі бәсекелестік ортаға берілсе, 62 объект – қайта ұйымдастыру және жабылу сатысында.

Биыл Қазақстанның қор нарығы үшін ең ірі жетістіктердің бірі – «ҚазМұнайГаз» мұнай компаниясының Халықтық IPO-сы өткізілді. IPO-ның жалпы көлемі шамамен 154 млрд теңгені ($330 млн) құрады, берілген өтінімдер саны – 130 мыңға жуық, қазақстандық инвесторлардың үлесі – 95%-дан астам. Болашақта мемлекеттің қатысуы бар Air Astana, QazaqGaz, ҚТЖ және басқа да ірі компанияларды қор нарығына шығару жоспарда бар, бұл олардың қоғам мен акционерлер алдындағы есептілігі мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы қабылданып жатқан шаралардың арқасында мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін 2025 жылға қарай 14%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Шетелдік инвестицияларды тартуға келетін болсақ, I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша $14,5 млрд тікелей инвестиция тартылды (өткен жылмен салыстырғанда 28%-ға көп). Жалпы сомасы шамамен $32 трлн инвестиция тарта отырып, 930 жобадан тұратын (әлемнің 30-дан астам елінен) жалпыұлттық пул бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, ол шамамен 130 мың жұмыс орнын құруды көздейді. Бүгінгі таңда 15 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 2,3 трлн теңгеге 190 жоба іске қосылды, оның ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 45 жоба бар.

Жаһандық алмағайып жағдайында экономиканы басқару, әсіресе оны белсенді реформалау – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар үшін үлкен сынақ әрі зор жауапкершілік. Биыл қол жеткізілген нақты нәтижелер Қазақстанның алған бағытының дұрыстығын көрсетеді. Елімізде жаппай цифрландыру, ешкімге пайдасы жоқ жеке монополистерді экономикадан аластау, бизнесті және шынайы бәсекелестікті дамыту бойынша және т. б. маңызды қадамдар әрі қарай жалғасатын болады.

Барлық мемлекеттік органдардың және ведомстволардың жеке сектормен өзара тиімді іс-қимылы, сондай-ақ өңірлерде қабылданған даму бағдарламалары мен тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуы қойылған міндеттерге қол жеткізудің басты факторларының бірі болып табылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу