Қазақстандағы ғылым және жоғары білім: білім, технология және жаһандық бәсекеге қабілеттілік бағдары

Ғылым мен жоғары білімді дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық басымдықтардың бірі. Президент тапсырмаларында білі беру сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті нығайту, қолданбалы зерттеулерді дамытуға және олардың экономиканың нақты секторымен байланысына ерекше мән берілген. Еңбек нарығы сұранысына сай маман даярлау, инновациялар енгізу және білімге негізделген экономика қалыптастыру негізгі міндеттер қатарында. 

1–10 тамыз аралығында Қазақстанда Абай күніне арналған онкүндік өтеді. Ұлы ақын әрі ойшылдың ағарту, ғылым және өзін-өзі жетілдіру жөніндегі идеялары өзектілігін сақтап, еліміздің экономикалық жаңғыруы мен технологиялық прогресінің негізі ретінде жоғары білім мен ғылымның дамуында көрініс табуда. 

Қазақстанда кадр даярлау, ғылыми зерттеулер, инновациялар және халықаралық ынтымақтастықты біріктіретін Бірыңғай экожүйе қалыптасып келеді. Шетелдік жоғары оқу орындарын тарту, жас ғалымдарды қолдау, ғылымды цифрландыру және коммерцияландыру басым бағыттар ретінде айқындалған.

Жүргізіліп жатқан реформалар сапалы білімнің қолжетімділігін арттыру, ғылымға инвестиция тарту, отандық университеттердің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін нығайту мен білім экономикасының талаптарына жауап беретін мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Ғылым және жоғары білім саласындағы негізгі өзгерістер туралы PrimeMinister.kz. редакциясының шолу материалынан оқи аласыздар.

Ғылым – ел дамуының стратегиялық ресурсы

Жаһандық технологиялық бәсеке аясында ғылыми зерттеулер тұрақты экономикалық өсу, өнеркәсіпті жаңарту және білімге негізделген экономика қалыптастыру үшін стратегиялық маңызға ие болады. Қазақстан заңнамалық тетіктерді, қаржыландыру тәсілдерін және басқару жүйесін жетілдіре отырып, ғылыми саланы дәйекті түрде жаңғыртып келеді. Ғылыми зерттеулердің іс жүзінде тиімділігін арттырып, әзірлемелерді коммерцияландыруға және ғылыми ұйымдардың нақты сектор кәсіпорындарымен өзара іс-қимылын тереңдетуге ерекше басымдық берілуде.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалатын қаржы көлемінің едәуір артуы. 2023 жылдан бері ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам өсіп, 2026 жылға қарай 121,5 млрд теңгеден 260 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл зерттеу тақырыбын кеңейтуге, материалдық-техникалық базаны жаңартуға, келешегі зор әзірлемелерді қолдауға және отандық технологияларды өндіріске енгізуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар саланың кадрлық әлеуеті де нығайып келеді. 2025 жылы ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын мамандар саны 28 374-ке жетті, бұл төрт жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда үштен бірге артты. Ғылыми қоғамдастықтың жартысына жуығын жас ғалымдар құрайды. Бұл ғылымға жаңа буын  зерттеушілердің келіп жатқанын және отандық ғылымды одан әрі дамыту үшін тұрақты кадрлық резервтің біртіндеп қалыптасып отырғанын көрсетеді.

Бүгінде ғылыми қызметті реттейтін және зерттеу қауымдастығы үшін қосымша кепілдіктер беретін неғұрлым тұтас құқықтық жүйе қалыптасып келеді. Заңнамалық деңгейде «ғалым» және «ғылыми қызметкер» ұғымдары бекітіліп, Ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. PhD бағдарламасының түлектері үшін қосымша жағдай жасалып, кәсіби қолдау шаралары күшейтілді.

Жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Осы санатқа жататын азаматтардың жас шегі 44 жасқа дейін ұлғайтылды, бұл ғылыми және кәсіби тұрғыдан белсенді даму кезеңіндегі мамандардың басым бөлігін мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуға мүмкіндік береді.

Ғылымды қаржыландыру жүйесіне де жаңа тәсілдер енгізілуде. Дәстүрлі гранттық тетіктермен қатар прототиптер, тәжірибелік үлгілер және дайын технологиялық шешімдер жасауға бағытталған тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау көзделген. Мұндай тәсіл ғылыми идеядан нақты өндіріске дейінгі жолды қысқартуға және отандық әзірлемелердің өнеркәсіптегі сұранысын арттыруға ықпал етеді. Қаражыландыру кезінде еліміздің стратегиялық ғылыми-технологиялық міндеттерін шешуге және нақты экономикалық нәтижеге қол жеткізуге бағытталған жобаларға басымдық беріледі.

Ғылымды қаржыландыруға бизнестің қатысуы күшейіп келеді. Индустриялық серіктестер үшін бірлесіп қаржыландыру тетіктері кеңейтілуде, ал ал салықтық жеңілдіктер, соның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шегерімдер инновацияға инвестиция салу және жаңа технологиялар енгізу үшін қосымша жағдайлар жасайды.

Сонымен қатар бүгінде өңірлердің рөлі артып келеді. Жергілікті атқарушы органдар ғылыми зерттеулерді қаржыландыру құқығына ие болды, ал облыстар үшін олардың ғылыми-технологиялық мамандануын ескере отырып, жоспарлар әзірленді. Ерекше назар аударылатын бағыттардың бірі – Алматы, Курчатов және Астана қалаларында университеттерді, ғылыми ұйымдарды, жоғары технологиялық бизнес пен инновациялық инфрақұрылымды біріктіретін білім мен ғылымды қажетсінетін аймақтар құру.

Цифрлық трансформация және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру

Ғылыми саланы цифрлық трансформациялау жалғасуда. Жобалар, ғылыми ұйымдар, зерттеу нәтижелері және қаржыландыру туралы мәліметтерді біріктіретін «Қазақстан ғылымы» бірыңғай ақпараттық жүйесі қалыптастырылуда. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу ғылыми жүйені басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Әзірлемелерді коммерцияландыруға, яғни ғылыми идеяларды дайын технологияға айналдырып, өндіріске енгізуге ерекше назар аударылуда. Мұндай тәсіл білім беру, ғылым, бизнес және мемлекетті біріктіретін бірыңғай инновациялық экожүйені қалыптастырып, елдің ғылыми әлеуетін ұзақ мерзімді технологиялық дамудың негізі ретінде нығайтады.

Отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мүмкіндіктері кеңейіп келеді. 2025 жылы іргелі және қолданбалы зерттеулерді қоса алғанда, 1200-ден астам ғылыми зерттеу аяқталды. Сонымен қатар практикалық қолдануға бағытталған әзірлемелердің саны артып келеді. Коммерцияландыру бағдарламалары аясында жүздеген жоба іске асырылуда, олардың көпшілігі нарыққа шығып, бизнес тарапынан инвестициялар тартуда. Қазіргі уақытта елімізде 241 инновациялық жоба жүзеге асырылуда. 30-дан астам жоба халықаралық нарықтарға шықты, ал жекелеген технологиялар айтарлықтай экономикалық тиімділік пен экспорттық әлеуетін көрсетуде.

Ғылым мен өндірістің табысты ықпалдастығының жарқын мысалдарының бірі – Satbayev University ғалымдарының металлургия саласындағы әзірлемесі. Отандық кәсіпорын базасында алғаш рет вакуумдық дистилляция әдісімен жоғары тазалықтағы техникалық селен алу технологиясы енгізілді. Алынған өнімнің тазалығы 99,5%-ды құрап, өнімнің қосылған құнын едәуір арттыруға және оны экспорттық нарыққа шығаруға мүмкіндік берді.

Перспективалы зерттеулер жаңа материалдар саласында да жүргізілуде. Nazarbayev University ғалымдары отандық шикізат негізінде литий-ионды аккумуляторларға арналған катодтық материалдардың прекурсорларын алу технологиясын әзірледі. Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстанның жаңа буын энергетикасына арналған компоненттерді өндірудің жаһандық өндірістік тізбектеріне қатысуына мүмкіндік береді.

Зерттеушілердің жаңа буынын қалыптастыру

Жас ғалымдардың кәсіби өсуіне, ғылыми мансабын дамытуына және халықаралық зерттеу кеңістігіне ықпалдасуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Қазақстанда жас зерттеушілерді қолдаудың кешенді шаралары жүзеге асырылуда. Жыл сайын «Жас ғалым» гранттары беріледі, жас ғалымдардың ғылыми жобалары қаржыландырылады, докторантура және индустриялық PhD бағдарламалары арқылы ғылыми кадрлар даярлау мүмкіндіктері кеңейтілуде. 

2025-2026 оқу жылында докторанттарды даярлауға 2919 орын бөлінді, оның ішінде экономика салаларының практикалық міндеттерін шешуге бағытталған индустриялық докторантура тетігі бойынша гранттар қарастырылған. Мұндай тәсіл ғылыми кадрларды даярлауды өндіріс пен технологиялық дамудың нақты қажеттіліктерімен тығыз байланыстыруға мүмкіндік береді.

Халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктері де кеңейіп келеді. 2021 жылдан бастап қазақстандық ғалымдар әлемнің жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтуде. Осы кезеңде бір жарым мыңнан астам зерттеуші шетелдік зертханалар мен ғылыми ұйымдарда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Олардың басым бөлігін жас ғалымдар құрайды. 

Ғылыми қызметтің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2023-2026 жылдары мемлекеттік қолдау шаралары аясында 760 жас ғалым тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар ғылыми жетістіктерді ынталандыру тетіктері кеңейтілуде: жыл сайынғы «Үздік жас ғалым» сыйлығы тағайындалды, сондай-ақ гранттық бағдарламалар мен ғылыми конкурстар арқылы талантты зерттеушілерді қолдау жалғасуда. Бұл шаралар еліміздің ғылыми әлеуетін сақтауға ғана емес, сондай-ақ ғалым мамандығы жас мамандар үшін тартымды болатын жаңа зерттеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Қолжетімді білім және халықаралық ынтымақтастық 

Жоғары білімді мемлекеттік қолдау жүйесі кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Соның нәтижесінде бюджет қаражаты есебінен жоғары білім алу мүмкіндігіне ие түлектер саны жыл сайын артып келеді. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік білім беру гранттарының саны шамамен отыз мыңға артты. 2025-2026 оқу жылында олардың жалпы саны 93 232-ге жетті. Оның ішінде 77 084 грант бакалавриатқа, 13 229 грант магистратураға және 2 919 грант докторантураға бөлінді. Сонымен қатар талапкерлерге жергілікті атқарушы органдардың, салалық бірлестіктердің, жоғары оқу орындарының және қоғамдық қорлардың гранттары арқылы қосымша қолдау көрсетілуде. 

Мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін ұлғайтумен қатар, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа қаржылық тетіктер енгізілуде. Елімізде жеңілдетілген білім беру несиесі жұмыс істейді, ал 2025 жылдан бастап отбасыларға балалардың білім алуына алдын ала қаражат жинауға мүмкіндік беретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі іске қосылды. Бүгінде ондаған мың отбасы бұл мүмкіндікті пайдаланды. 

Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші білім беру орталықтарының бірі ретіндегі ұстанымын нығайтып келеді. Бүгінде елімізде әлемнің жетекші білім беру жүйелерін ұсынатын 32 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және басқа да мемлекеттердің университеттері бар. 

Халықаралық академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында заңнамалық база жетілдірілуде. Қабылданған заңнамалық өзгерістер шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу рәсімін жеңілдетіп, олардың қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды айқындайды, мемлекеттік бақылау тетіктерін күшейтеді әрі Қазақстанға әлемнің жетекші университеттерін тартуға қолайлы жағдай жасайды.  Сонымен қатар Қазақстан тарихы мен қазақ тілін оқытуды қамтитын ұлттық білім беру құрамдасын сақтау міндетті талап болып қала береді.

Сонымен бірге қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық қатысу ауқымы кеңейіп келеді. Соңғы жылдары отандық университеттердің Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Ресей Федерациясында филиалдары ашылды. Бұл қазақстандық жоғары білімнің халықаралық беделін арттыруға және өңірлік бірыңғай білім беру кеңістігін дамытуға ықпал етеді.

Бірлескен білім беру бағдарламаларының саны да артып келеді. Қазіргі таңда қазақстандық университеттердің жартысынан астамы әлемнің 24 еліндегі 131 шетелдік университетпен бірлесіп қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Мұндай ынтымақтастықтың табысты үлгілерінің бірі – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасындағы әріптестік. 2026 жылы қос диплом бағдарламасы бойынша білім алған алғашқы түлектер оқуын аяқтады. 

Отандық жоғары білімнің сапасы халықаралық деңгейде де мойындалуда. Қазақстандық университеттер әлемнің жетекші рейтингтеріндегі өз позицияларын нығайтып келеді. QS World University Rankings 2026 рейтингінде еліміздің 20 жоғары оқу орны ұсынылса, Times Higher Education 2026 рейтингінде алғаш рет бірден бес қазақстандық университет әлемнің үздік университеттері қатарына енді. Nazarbayev University-дің әлемнің үздік 500 университетінің қатарына енді. 

Студенттік инфрақұрылымды дамыту да басым бағыттардың бірі болып қала береді. Соңғы жылдары елімізде ондаған жаңа жатақхана пайдалануға беріліп, өңірлердің басым бөлігінде орын тапшылығы едәуір қысқарды. Атап айтқанда, 2018-2025 жылдар аралығында 281 жатақхана салынып, реконструкцияланып және пайдалануға берілді. Оның ішінде жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 51 323 орындық 182 жатақхана және колледж студенттеріне арналған 20 802 орындық 99 жатақхана бар.

Жаңа нысандардың құрылысы жалғасуда – 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес жоғары оқу орындарының жатақханаларында 70 мың жаңа төсек-орын енгізу (жыл сайын 10 мың орыннан) көзделген. Әлеуметтік осал санаттағы студенттер үшін жатақханада тұру шығындарын өтеуді қоса алғанда, қосымша мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.

Іске асырылып жатқан шаралар жоғары білімді дамытудың тұтас жүйесін қалыптастыруда. Университеттер тек кадрлар даярлау орталықтары ғана емес, сонымен бірге ғылыми зерттеулердің, халықаралық ынтымақтастықтың және жаңа технологияларды енгізудің маңызды алаңдарына айналуда.

#Білім беру #Президенттің тапсырмасы #Ғылым

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу