Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі және АӨК-ті дамыту мәселелері талқыланды

6 желтоқсанда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин және ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Сенатта өткен азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне арналған парламенттік тыңдауда баяндама жасады.

Вице-премьер Серік Жұманғарин азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі аспектілері «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңда көрсетілген және мемлекеттің халықты физикалық және экономикалық тұрғыдан сапалы және қауіпсіз азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету қабілетімен айқындалатынын атап өтті. Бұл ретте елдің азық-түлік тәуелсіздігі халықтың жылдық тұтыну қажеттілігінің кемінде 80%-ін өз өндірісі есебінен қамтамасыз ету арқылы жүзеге асады. 

«Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенде зор әлеуетке ие, 27,1 млн га егістік және 183,2 млн га жайылымды қоса алғанда барлығы 219 млн га ауыл шаруашылығы жері бар, өңірдің аграрлық секторындағы көшбасшы болып табылады. Жыл сайын елімізде 18 млн тоннадан астам астық өндіріліп, оның 7 млн тоннадан астамы экспортталады, сондай-ақ 3,5 млн тоннадан астам сүт пен 1 млн тоннаға жуық ет өндіріледі.  Біз өзімізді азық-түлік тауарларымен 80%-дан 100%-ға дейінгі қамтамасыз етеміз. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн – бұлардың барлығы ішкі нарық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті көлемде өндіріледі», — деді  Серік Жұманғарин.

Алайда бірқатар тауар бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр. Атап айтқанда, құс еті – 73%, шұжық өнімдері – 60%, балық – 54%, ірімшік және сүзбе – 57%, қант – 42%.  Бұл мәселені шешу мақсатында сүт тауарлы фермаларды, өңдеу кәсіпорындарын, құс фабрикаларын салу бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері енгізілуде.  Ал инвестициялық бағыттар тұтынушылық шығындардың бағыттарын зерттеу нәтижесі бойынша анықталады. Мысалы, 2022 жылы халықтың номиналды ақшалай табыстарындағы азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға кеткен шығындардың үлесі 23,4% болды, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 22,2%-ға дейін төмендеді. Оның ішінде:

8% - нан және жарма өнімдері,

шамамен 17% - ет,

5% - сүт және сүт өнімдері,

4%-дан - көкөністер, жемістер, қант және кондитерлік өнімдер.

Жалпы тұтынушылық шығындар құрылымында азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға кеткен шығындардың үлесі әлі де шамамен 50% деңгейінде.

Азық-түлік қауіпсіздігінің басты элементі – азық-түлік өнімдерінің экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Негізгі міндет – ішкі нарық қажеттіліктерін қолжетімді бағамен қамтамасыз ету және азық-түлік тауарларын өткізу жүйесін тиімді ету. Бұл мақсатқа жету үшін сауда инфрақұрылымын жаңғырту шаралары қолға алынуда. Сауданың заманауи форматтарының үлесін 2029 жылға қарай 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл үшін базарларды жаңарту және жаңа сауда шарттарын құру бойынша елеулі күш қажет болады. Биыл сауда субъектілерін қолдауға бағытталған жеңілдетілген несиелендіру механизмдері енгізілді, бұл олардың сөрелерде отандық тауарлардың үлесін арттыру міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді.

Электрондық сауданы дамыту – маңызды бағыттардың бірі. Оның үлесі 12,7%-ға дейін өсті. Жаңартылған инфрақұрылымды дамыту, заңнаманы жетілдіру және онлайн сауданы, соның ішінде трансшекаралық сауданы ынталандыруды қамтитын экожүйе құрылды. Бұл кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, азаматтардың сапалы және қолжетімді өнімдерге қол жеткізуін жеңілдетеді.

Өндіріс, экспорт, импорт және ішкі тұтыну арасындағы тұрақты тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін шекаралық сауда-экономикалық хабтар желісі құрылуда. Олар көлік байланысын тұрақты етіп, логистикалық шығындарды азайтуға және жеткізу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кешенді жоспар аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қуаттылықтарын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2025 жылдың соңына дейін жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау үшін жалпы сыйымдылығы шамамен 700 мың тоннаны құрайтын 92 заманауи қойманы іске қосу жоспарлануда. 2023 жылы жалпы сыйымдылығы 293 мың тоннаны құрайтын 35 қойма, биыл 123 мың тонналық 14 жоба іске асырылды.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде тұқым шаруашылығына ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта майлы дақылдар (рапс – 10%, сафлор – 12,9%), көкөніс және қант қызылшасы сияқты кейбір ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарымен қамтамасыз ету деңгейі 15%-дан төмен.

Тұқым құнын субсидиялау шаралары қолға алынуда. Сонымен қатар отандық тұқым шаруашылығын одан әрі дамыту үшін шетелдік гибрид тұқымдарға жұмсалатын өтемақы үлесін қысқарту арқылы мемлекеттік қолдауды жетілдіру жоспарлануда.

2024-2028 жылдарға арналған селекция және тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

«Біз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді несиелендіру процесін пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудың күрделі схемасынан бас тарту арқылы  жетілдірудеміз.  Енді фермерлер көктемгі дала жұмыстары мен егін жинау үшін 5% төмендетілген мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген кредиттер ала алады. Мұндай кредиттің көлемі алғаш рет 580 млрд теңгеден асты (бұған дейін 180 млрд. теңге), ал болашақта бұл көрсеткішті 1,5 трлн теңгеге жеткізу жоспарлануда.  Биыл көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген кредит беруді қарашаның соңында бастадық, бұл фермерлерге жанармай, қосалқы бөлшектер және басқа да қажетті ресурстарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді. Біз ауыл шаруашылығын белсенді түрде дамытып, инновацияларға баса назар аударып отырмыз. Заманауи технологияларды пайдалану аграрлық сектордың тиімділігін арттырудағы негізгі құралға айналуда», — деп атап өтті вице-премьер.

Ерекше қауіпті зиянкестердің ошақтарын мониторингілеу және оқшаулау, сондай-ақ өсімдіктерді химиялық өңдеу үшін агродрондарды енгізу мәселесі қарастырылуда. Бұл өсімдік ауруларымен, зиянкестермен және арамшөптермен жедел күресуге, сондай-ақ өнімді қорғау шараларының тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. 

Етті және сүтті мал шаруашылығы мен қой шаруашылығында модельдік шаруашылықтар базасында өндірістік технологиялық процестерді автоматтандыру технологиялары қолданылуда. 

Егіншілік саласында нақты егіншілік элементтерін енгізу жүзеге асырылуда (электрондық танап карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг және басқа да шешімдер). 

Сондай-ақ орта бизнесті жүйелі түрде дамытудың жаңа тәсілдемелері, оның ішінде экополия және кластерлік әдістер енгізілетін болады. Бұған «Шардара экспорттық агроөнеркәсіптік кластері», «Шеңгелді көпсалалы кластері», «Aksu-Boskan қант кластері», «Бірлік асыл тұқымды қой шаруашылығы кластері» және басқалар мысал бола алады. 

«Мақта шаруашылығында 75 кәсіпорын негізінде 9 кластер құрылады, бұл шамамен 42 мың жұмыс орнын қамтамасыз етеді.  Аталған шаралар елдің азық-түлік қауіпсіздігін одан әрі нығайтуға және Қазақстанның аграрлық азық-түлік нарығының сыртқы өзгерістерге тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді», — деп түйіндеді сөзін Серік Жұманғарин.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров азық-түліктің физикалық қолжетімділігін қамтамасыз етуде Ауыл шаруашылығы министрлігі басты рөл атқаратынын атап өтті.

«Осы бағытты дамытудың негізгі индикаторлары мен міндеттері Министрліктің стратегиялық құжаттарында көрсетілген. Атап айтқанда, Агроөнеркәсіп кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында және Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2028 жылға дейін 2 есеге ұлғайту жөніндегі жол картасында қойылған міндеттерге сәйкес ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша саланың оң серпін алғанын атап өту қажет. Мысалы, ауыл шаруашылығы нақты көлемінің индексі өткен жылмен салыстырғанда 12,7%-ға өсіп, 7,1 трлн теңгені құрады. Өсімдік шаруашылығында өсім 18,8%  мал шаруашылығында 3,3% құрады», — деп атап өтті министр.

Ағымдағы жыл астық өнімі бойынша рекордтық жыл болып, 26,7 млн тонна астық бастырылды, бұл 2023 жылғы деңгейден бір жарым есе көп. Ішкі қажеттілік 7,5 млн тонна көлемінде болғанда, жыл сайын орта есеппен кемінде 18 млн тонна астық өндіріледі. Күріш, қарақұмық, майлы дақылдар, картоп сияқты басқа да негізгі дақылдар бойынша да өсім байқалады. Күріш, 2023 жылмен салыстырғанда 16%-ға (2023 жылы – 485,2 мың тонна, 2024 жылы – 563,1 мың тонна), қарақұмық – 42%-ға (2023 жылы – 83,5 мың тонна, 2024 жылы - 118,1 мың тонна) көп жиналды.

Майлы дақылдар өнімі 3,2 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдан 46%-ға көп (2023 жылы 2,2 млн тонна). Күнбағыс тұқымдарыбойынша өсім 35%-ды құрады (2023 жылы 1,2 млн тонна күнбағыс тұқымы бастырылды). 2,9 млн тонна картоп жиналды, өткен жылдың деңгейінен 40%-ға көп.

Еңбек өнімділігінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін заманауи агротехнологияларды енгізу өте маңызды. Жоғары сапалы тұқымдарды, тыңайтқыштарды, өсімдік қорғау құралдарынпайдалануға инвестицияны көбірек салғанфермерлер 20-дан 40 ц/га-ға дейін жоғары өнімділікке ие болды.  Бұл тәсіл өндірістік процестерді оңтайландырады, шығындарды азайтады, сонымен қатар кәсіпорындардың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Ағымдағы жылдың 10 айында ет өндірісінің көлемі 4,4%-ға (889,0 мың тонна), оның ішінде сиыр еті – 6,2%-ға (313,8 мың тонна), құс еті – 10,3%-ға (296,7 мың тонна) өсті. Жыл басынан бері 3,1 млн тонна сүт өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,2%-ға көп және тауық жұмыртқасы бойынша өсім 0,9%-ды (3 734,5 млн дана) құрады. Тауарлық сүт фермаларында орташа сүт сауымы 7,4%-ға (4 659-дан 5 003 кг-ға дейін) өсті. Технология сақталатын заманауи тауарлық сүт орташа сүт сауымы 7,8 мың литрді құрайды. Жекелеген тауарлық сүт фермаларында сиырлардың сүт өнімділігі сауу кезеңінде 11 мың литрден асады, бұл әлемдік деңгейге сәйкес келеді.

Тиісті азықтық базамен қамтамасыз етпей саланы табысты дамыту мүмкін емес. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы жануарлары үшін бір жарым жылдық шөп қоры (35,2 млн тонна) дайындалды, қалған азық бойынша қажеттілік 111% дайындалды. Дайындалған азық көлемі ауыл шаруашылығы жануарларын қыстан аман-есен шығаруға мүмкіндік береді.

«Агробизнестің тұрақты дамуы және фермерлердің экономикалық тұрақтылығы – азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болып табылады. Жаһандық нарықта өсіп келе жатқан бәсекелестік жағдайында шаруашылықтар үшін қолайлы жағдайлар жасау және бәсекеге қабілеттілігін нығайту өте маңызды. Министрлік саланы қолжетімді жеңілдетілген қаржы ресурстарымен қанықтыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл шаралар фермерлерге қажетті материалдар мен жабдықтарды уақтылы сатып алуға және өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді», — деді А. Сапаров.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 580 млрд теңге бөлінді, оның 400 млрд теңгесі – коммерциялық қаражат. 2025 жылы көлемді 700 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда, бұл ретте бюджеттен тыс қаражат деңгейі 560 млрд теңгеге дейін жеткізілетін болады. Алғаш рет қаржыландыру қараша айының соңында басталған болатын. Бүгінгі күнге 695 шаруашылықтардан шамамен 85 млрд теңгеге өтінімдер келіп түсті. Қазіргі уақытта жеңілдетілген қарыз қаражаты тек көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жіберіледі. Алайда осындай 5% пайыздық ставкасы бар құралдарды аграрлық сектордың басқа да негізгі бағыттарына тарату қажет. Әсіресе, мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде тері мен жүнді қайта өңдеуді, сондай-ақ саланың инвестициялық бағыттарын дамытуды қолдау ерекше маңызды.  Бұл бастамаларды іске асыру – азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды қадам боладыжәне ауылдық аумақтарды дамытуға қосымша серпін береді.

Қайта өңдеуді дамытуға қатысты: ағымдағы жылдың 10 айында тамақ өнімдерін өндіру 1,1%-ға өсіп, 2,7 трлн теңгені құрады.

Оның ішінде:

- жарма өнімдері 77%-ға (45,3 мың тоннадан 80,6 мың тоннаға дейін);

- өсімдік майы 10,1%-ға (548,3 мың тоннадан 604 мың тоннаға дейін);

- ірімшік пен сүзбе 9,9%-ға (37,4 мың тоннадан 41,1 мың тоннаға дейін);

- сүт өнімдері 5,2%-ға (190,4 мың тоннадан 200,3 мың тоннаға дейін);

- шұжық өнімдері 3,4% (56,7 мың тоннадан 58,6 мың тоннаға дейін);

- сары май 2,8%-ға (26,3 мың тоннадан 27 мың тоннаға дейін).

Жалпы Қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде ет, сүт, күріш, жүгері, күнбағыс, қарақұмық сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу және 2028 жылға қарай азық-түлік өндірісінің көлемін 4,5 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.

Бүгінгі күні отандық өндірістің есебінен барлық негізгі азық-түлік тауарларымен 80%-дан 100%-ға дейін және одан да жоғары қамтамасыз етілді. Тек 5 тауар бойынша ғана импортқа тәуелділік бар (қант (42%), ірімшік және сүзбе (57%), құс еті (73%), шұжық өнімдері (60%), балық (54%). Инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөніндегі тапсырманы орындау жоспарлануда.

2027 жылға дейін барлығы 2,3 трлн теңгеге 780 инвестициялық жобаны, оның ішінде импортқа тәуелді тауарлар бойынша 855 млрд теңгеге 170 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ішкі нарықты сүт өнімдерімен қанықтыру үшін СҚО тәжірибесін тираждау бағдарламасы аясында 69 тауарлық сүт фермасы (ТСФ) қаржыландырылды (26-сы пайдалануға берілді).

Соңғы 10 жылда сүт саласына тек 78,5 млрд теңге бөлінсе, ал соңғы жылы ғана салаға тартылған жеке инвестициялар көлемі 100 млрд теңгені құрады. Инвестициялар ағымын ынталандыру үшін бағдарлама бойынша кредит беру бағыттарын 13 бағытқа дейін көбейтілді және 2025 жылға арналған республикалық бюджет жобасында 200 млрд теңге қаражат көзделген. Сондай-ақ инвестициялық мақсаттарға ұзақ мерзімді ақшаны тікелей субсидиялау және ауыл шаруашылығының барлық салаларына коммерциялық банктердің қаражатын тарту көзделген.

Алайда азық-түлік қауіпсіздігін нығайту басқа да бірқатар факторларға, оның ішінде тауар өткізгіш желіге және сақтау инфрақұрылымына байланысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға дейін қуаттылығы 690 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдерін сақтайтын 92 объектіні іске қосуды жоспарлауда.

2023 жылы 293 мың тоннаға 35 жоба, ағымдағы жылы қуаттылығы 123 мың тонна болатын 14 көкөніс қоймасы іске қосылды. Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығындағы ұстанымын нығайту үшін көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және кеңейтуге көңіл бөлу аса маңызды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарыққа шығару үшін көлік қатынасын уақтылы қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет.

Сондай-ақ қазақстандық өнімді экспортқа шығарған кезде әуе көлігімен тасымалдауға қажетті жағдайды жасау керек.

Азық-түлік қауіпсіздігі тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуді де қамтиды. Бұл бағытта Министрлік фитосанитариялық және ветеринариялық тәуекелдерді азайту және болдырмау шараларын іске асыруда.

Фитосанитария бойынша ағымдағы жылы шегірткелер 2,5 млн гектарға таралуы мүмкін деген болжаммен 3,1 млн га өңделді.  Шегірткелермен күресуге 8,1 млрд теңге (РБ - 4,2 млрд теңге, Үкімет резерві 3,9 млрд теңге) бөлінді, бұл пестицидтер мен химиялық өңдеу бойынша қызметтерді уақтылы сатып алуды қамтамасыз етті. Өңдеу тиімді, оңтайлы уақытта жүргізілді, бұл дақылдардың зақымдануына және зиянкестердің көрші елдерге кетуіне жол бермеді.

Фитосанитариялық жағдайды жақсарту және карантиндік фитосанитариялық бақылауды күшейту жоспарланған:

- Үкімет резервінен қаражат қалдығы есебінен зерттеу және химиялық өңдеу үшін дрондар мен автомобильдерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылуда;

- шегірткелерге қарсы күрес жөніндегі функцияларды республикалық деңгейден жергілікті деңгейге беру;

- тораптық теміржол станцияларында (БҚО, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар және Жамбыл облыстары) 6 фитосанитариялық бақылау пунктін (ФБП) ашу;

- жүк ең көп өтетін шекара маңындағы аудандарда 8 модульдік зертхана құру жоспарлануда (БҚО, Павлодар, Ұлытау, Жетісу, Маңғыстау, Жамбыл, Абай және Түркістан облысы).

Мал шаруашылығы өнімдерін әкелуді бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері өткізу пункттерінде 600 мың тоннаға жуық өнім тексерілді. Ветеринариялық-санитариялық талаптарды бұзудың 643 жағдайы анықталды, 26,4 млн теңге сомасына айыппұл салынды. ЕАЭО-ның 13 кәсіпорнына қатысты күшейтілген зертханалық бақылау түрінде ветеринариялық санитариялық шаралар қабылданды, Ресей Федерациясының бірнеше кәсіпорнынан өнім әкелу уақытша шектелді.

«Ұлттық референттік орталық және Республикалық ветеринариялық зертхана мал шаруашылығы өнімдері мен азыққа 732 мыңнан астам зерттеулер жүргізді, олардың ішінде 5 мың зерттеуде сәйкессіздік анықталды, өнімдер жойылды. Республикалық ветеринариялық зертханалардың заманауи зертханалық жабдығының 9 бірлігін сатып алуға Үкімет резервінен 3,8 млрд теңге бөлінді, жыл соңына дейін жеткізіліп іске қосылады. Осылайша, қазіргі уақытта Министрлік азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мен ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыруғабағытталған барлық қажетті шараларды қабылдауда», — деп түйіндеді баяндамасын АШМ министрі.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу