Қазақстанның ЕАЭО-дағы стратегиялық маңызы және ынтымақтастықтың басым бағыттары

Қазақстан үшін ЕАЭО елдерімен ынтымақтастықтың бірнеше маңызды басымдықтары бар, олар елдің экономикалық дамуын қолдап, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Атап айтқанда, Одаққа мүше елдер аясында сауданы кеңейту және тауар айналымын арттыру, өндірістік және өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, логистика мен көлік инфрақұрылымын дамыту, еуразиялық интеграцияның цифрлық дамуында жетекші рөл атқару, ортақ ауыл шаруашылығы және экологиялық стандарттарды дамыту басым бағыттар болып табылады. Бұл басымдықтар Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, Одақ елдері арасындағы өзара тиімді сауда-саттықты, бірлескен өндіріс пен инвестициялық жобаларды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар осы бағыттардағы ынтымақтастық Қазақстанның ЕАЭО аясындағы стратегиялық маңыздылығын күшейтіп, халықаралық деңгейде елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтады.

25 қыркүйекте онлайн форматта өткен ЕЭК Кеңесіне қатысушылар ЕАЭО техникалық регламентінің «Тасымалдауға және пайдалануға дайындалған жанғыш табиғи газдың қауіпсіздігі туралы» өтпелі ережелерінің мерзімін ұзартуды мақұлдады. Кеңес отырысында ұсынысты вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық тарап көтерді. 2018 жылы қабылданған техникалық регламент нормалары 2025 жылдың 1 қаңтарға дейін өтпелі кезеңді белгілеген табиғи газды сәйкестігін бағалаусыз және таңбалаусыз өндіру және айналымға шығаруға белгіледі. «Теңізшевройл» ЖШС өндірген табиғи газды техникалық регламент талаптарына сәйкестендіру үшін кәсіпорынға жеткілікті уақыт пен көп капиталды керек ететін салымдар қажет. Бұл қолданыстағы зауыт жабдықтарына елеулі өзгерістер енгізу қажеттiлiгiне байланысты. Жұмыстар жоспарлы күрделі жөндеу кезеңінде ғана жүргізілуі мүмкін, оның жалпы ұзақтығы шамамен 10 жыл болады. Сонымен қатар Теңіз кен орнының аумағында қуаты 9,1 млрд м3 құрғақ газды өңдейтін газды сепарациялау кешенінің құрылысы жобасы іске асырылуда. Аталған зауыттың өнімі табиғи газды тасымалдау қауіпсіздігі бойынша ЕАЭО техникалық регламент талаптарына сай болады.   Өтпелі ережелер мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту туралы шешімді ЕЭК Алқасы қабылдайды. Бұл шешім «Теңізшевройл» ЖШС-ның үздіксіз қызметін қамтамасыз етеді және елдің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызы зор.  

ЕЭК Кеңесінің отырысында қайтаруға жататын электрондық сауда тауарларын сәйкестендіру тәртібі де мақұлданды. Тәртіп тауарға немесе таңбалауға арнайы штрих-код қою рәсімдерін қарастырады, соның арқасында ол электронды сауда операторының ақпараттық жүйесінде сәйкестендіріледі. Сондай-ақ кеден ісінде электрондық сауда операторы мәртебесіне операторлар тізіліміне енгізу үшін үміткердің кемінде Є500 мың салу керектігі туралы шешім қабылданды. Электронды сауда операторының функцияларына электронды сауда тауарларын тасымалдауға, сақтауға және декларациялауға байланысты әртүрлі кедендік операцияларды орындау кіреді.

ЕЭК Кеңесі биологиялық белсенді қоспаларға, сыра және сыра сусындарына таңбалау енгізу туралы шешім қабылдады. Таңбалаудың енгізілу күні мен тәртібін ЕАЭО мүше мемлекеттер өздері анықтауы тиіс. Белгілі болғандай, таңбалау тұтынушыларға тауардың айналымда заңды екенін тексеруге және ол туралы барлық қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар таңбалау мемлекеттік органдарға тауар қозғалысы туралы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді, бұл өнімдердің заңсыз айналымының көлемін азайтуға жағдай жасайды. Бұдан басқа, салық жинау көрсеткіштері мен нарықтың ашықтығы артады.

Сонымен қатар әлемдегі органикалық ауыл шаруашылығының дамуы өндіріс пен стандарттаудың нақты ережелеріне негізделген, бірақ стандарттар санының өсуіне байланысты бірнеше сертификаттау мәселесі туындайды. Осы міндетті шешу және органикалық өнімге өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінде органикалық ауыл шаруашылығын қолдау үшін нормативтік база қалыптастырылады.

Бүгінгі таңда органикалық өнімдердің әлемдік нарығы $174,37 млрд бағаланады. Сарапшылардың болжамынша, бұл көрсеткіш 2029 жылға қарай $233,56 млрд-қа жетеді, бұл ретте орташа жылдық өсу қарқыны 6,02% құрайды. 2021 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ортақ нарығын құру жөніндегі «Жол картасын» бекітті. Бұл құжат Одақ ішіндегі органикалық өнімдерді тану және еркін сауда мәселелерін шешуге бағытталған.

«Жол картасын» іске асыру шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссия және қатысушы елдер ЕАЭО елдерінің аумағында органикалық өнімді тану туралы Келісімнің жобасын әзірледі. 17 қыркүйекте тараптар осы жоба бойынша ескертулер мен ұсыныстарды талқылады. Негізгі мәселелердің бірі «Алиментариус кодексі» сияқты халықаралық стандарттар бойынша сертификатталған өнімдерді өзара тану болды.

Келісім қабылданғаннан кейін өндірушілер өз өнімдерінің белгіленген стандарттарға сәйкестігін растайтын сертификаттар ала алады. Бұл 185 млн халқы бар ЕАЭО елдері арасында органикалық өнімдердің еркін саудасын қамтамасыз етеді. Қазақстандық кәсіпкерлер үшін бұл органикалық өнім экспорты үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Сертификаттарды өзара тану ЕАЭО елдерінің нарықтарына қолжетімділікті жеңілдетеді, бұл экспорттық әлеуетті арттыруға және Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Келісімге қол қою 2025 жылы жоспарланып отыр. Ол адал бәсекелестікті дамытуға, органикалық өнімдерге қолжетімді бағаны қамтамасыз етуге және тамақтану сапасын арттыруға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, 2 қазанда өткен ЕҮАК отырысында қатысушылар кедендік және көлік ынтымақтастығы, өнеркәсіптік өзара іс-қимыл және басқа да 25-тен астам маңызды мәселені қарастырды. Моңғолиямен еркін сауда аймақтары туралы келісімдер бойынша келіссөздер аяқталды, БАӘ-мен келіссөздер соңғы сатыда тұр. ҚР сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова бұл келісімдер нарықтарды кеңейтіп қана қоймай, елдер арасындағы өндірістік байланыстарды нығайтуға да ықпал ететінін атап өтті. Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының есебі тыңдалды. Ол экспорттық несиелерді сақтандырып, бірлескен өндірістің тәуекелдерін қорғайтын болады.

«Бұл экспорттық несиелерді сақтандыру құралы, біздің тауарларымызды үшінші елдерге шығаруға бағытталған. Бірлесіп өндірілген өнімдердің тәуекелдері сақтандырылады. Осылайша, біз өнеркәсіптік кооперацияны ынталандырамыз, бұл туралы Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан болатын. Сондай-ақ 2030 жылға дейін өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту және көлік саясаты бойынша стратегиялық құжаттар қабылданды», — деп мәлімдеді ҚР сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.

Сондай-ақ 2 қазанда өткен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді аккредиттеу жөніндегі органдар басшылары кеңесінің 24-ші отырысында күн тәртібі шеңберінде ЕАЭО елдерін аккредиттеу жөніндегі органдардың өзара салыстырмалы бағалауды жүзеге асыру тәртібін іске асыру туралы; зерттеулер (сынақтар) және өлшеулер хаттамаларының ұлттық тізілімдерін қалыптастыру бойынша тәжірибе алмасу туралы; комиссия Алқасының өнімді зерттеу (сынау) және өлшеу әдістемелерін валидациялаудың жалпы тәсілдері туралы ұсынымының жобасы туралы мәселелер қаралды.

ҰАО Бас директорының м.а. Ержан Қарасаев Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің ұлттық аккредиттеу органдарының әріптестерімен бірлесіп, аккредиттеудегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға қатысты, қарауға шығарылған барлық тақырыптар бойынша Қазақстанның аккредиттеу органының ұстанымын баяндады.

Ұлттық аккредиттеу орталығы департаменттерінің басшылары ЕАЭО бойынша әріптестеріне ЕАЭО елдерін аккредиттеу жөніндегі органдардың ынтымақтастығы шеңберінде шешімдерінің орындалу барысы туралы баяндап, оларды одан әрі іске асыру жөніндегі қадамдарды талқылады.

Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің салық органдары 2009 жылғы 11 желтоқсанда қол қойылған ведомствоаралық келісім шеңберінде төленген жанама салықтар туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады. Деректер алмасу электронды түрде жүреді, бірақ процесс әлі толық автоматтандырылмаған.

ЕАЭО ішінде тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін 2021 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, салық органдары арасында ақпарат алмасуды жетілдіру жөніндегі шаралар енгізілген.

Қазақстанда тауарларға электрондық ілеспе жүк құжаттар мен электрондық шот-фактуралар бұрыннан енгізілген, бұл жалған құжаттарды ресімдеу жағдайларын жоюға мүмкіндік берді. Осыған байланысты Қазақстан деректермен алмасу процесін толық автоматтандыруды ұсынды, бұл шекарадан өткенге дейін алдын ала ресімделетін тауарларға электрондық ілеспе жүк құжаттардан күнделікті ақпарат алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ салық органдарының ҚҚС нөлдік мөлшерлемесін қолданудың негізділігін растау механизмі және G2G, B2B және B2G сегменттерінде электрондық құжат айналымын дамыту бойынша ұсыныстар талқылануда.

Бұл процестерді цифрландыру тауарлардың қозғалысын бақылауды арттырады, жалған экспорт пен импорт жағдайларын болдырмайды, сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттерінің бюджеттеріне жанама салықтардың уақтылы түсуін қамтамасыз етеді. Талқылаулар сараптамалық деңгейде жалғасуда, одан кейін тиісті нормативтік актілер әзірленетін болады.

#ЕАЭО #Сауда-экономикалық ынтымақтастық #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу