01 Қазан 2024, 17:02
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 29-шы Халықаралық «Мұнай және газ» – KIOGE 2024 көрмесі мен конференциясында Қазақстанның мұнай-газ саласының жетістіктері мен болашақ жоспарларын жариялады. Министр баяндамасында еліміздің энергетикалық секторында айтарлықтай жетістіктерге жеткенін және Қазақстанның әлемдік мұнай-газ нарығында маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
Қазақстан биыл мұнай-газ саласының 125 жылдығын атап өтіп, осы уақыт ішінде әлемдік нарықта жетекші ойыншылардың біріне айналды. Министрдің айтуынша, еліміздің мұнай-газ саласы айтарлықтай дамып, халықаралық деңгейде сенімді әріптестермен тұрақты байланыстар орнатқан.
«Біздің еліміз барлық әріптестерімізбен екіжақты деңгейде де, көпжақты құрылымдар мен халықаралық ұйымдар аясында да сындарлы диалог орнатуға ұмтылуда. Жалпы, еліміздегі инвестициялық ахуал аймақтағы ең қолайлы жағдайлардың бірі ретінде саналады, сондай-ақ біздің стратегиялық геоэкономикалық рөлімізді мойындай отырып, трансұлттық мұнай корпорациялары Қазақстанда ондаған жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді», — деді министр.
Республика әлемдегі ең ірі мұнай мен газ өндіруші және экспорттаушы елдердің бірі саналады. Өткен жылы Қазақстан 90 млн тонна мұнай өндіріп, 70,5 млн тонна мұнай экспорттады. Ал 2030 жылға қарай еліміз мұнай өндіру көлемін жылына 100 млн тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұдан бөлек, 2023 жылы Қазақстан табиғи газ өндірісін 59,1 млрд м3-ке жеткізіп, 2030 жылы газ өндірісін 90,7 млрд м3-ке дейін арттыруды жоспарлауда.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда өндірілген көмірсутектердің 80%-ға жуығын экспорттауға, сондай-ақ ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін мұнай тасымалдау жүйесі бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша дәйекті стратегияны ұстанатынын атап өту маңызды. Геологиялық барлауға инвестиция тарту мақсатында Үкімет Жақсартылған стандартты келісімшарт деп аталатын жаңа теңіз және күрделі құрлық пен газ кен орындарына нормативтік және фискалдық преференциялардың кең спектрін ұсынады», — деп мәлімдеді Алмасадам Сәтқалиев.
Қазақстанның энергетикалық секторына тартылған инвестициялар көлемі де ұлғайып келеді. Қазіргі уақытта жалпы сомасы $9 млрдты құрайтын 6 келісімшартқа қол қойылды. Қазақстан үшін қысқа және ұзақ мерзімді перспективадағы тағы бір басымдық – көмірсутегі шикізатын терең өңдеу, атап айтқанда мұнай-химия саласын дамыту.
2022 жылы қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаратын әлемдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі іске қосылды. Құрылысы халықаралық экологиялық нормалар мен стандарттарға сәйкес жүргізілді. Жақын арада қуаты 1,25 млн тонна, жалпы инвестиция көлемі шамамен $7,4 млрд құрайтын бірінші полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы басталды.
Жалпы, осы саладағы әлеуетті жобаларды мемлекеттік қолдау барлық қажетті инфрақұрылым мен салықтық преференцияларды, соның ішінде жер, мүлік салығы, қосылған құн және кедендік баж салығын 0% қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін тағы бір басымдық – өнімді локализациялау.
«Біз елімізде қосылған құны жоғары өндірісті дамытудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Осы мақсатқа жету үшін Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығын құрдық. Қазақстанда Honeywell (АҚШ), PetrolValves (Италия), Sigma Solutions, Emerson (АҚШ), Wika (Германия) сияқты компаниялар да өндірісті бастады. Нәтижесінде біз құны $240 млн асатын шамамен 23 келісімшартқа қол қойдық», — деді министр.
Сондай-ақ осы жылдың басында ТШО, КПО, NCOC және қазақстандық өндірушілер арасында одан әрі ынтымақтастық туралы бірнеше өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Мердігер компаниялардың күш-жігерінің арқасында осы жылдың соңына дейін жасалған меморандумдарды нақты сатып алу келісімшарттарына трансформациялау аяқталатыны анық.
Қазақстанның негізгі басымдығы – жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру. Министрдің айтуынша, Үкімет 2030 жылға қарай еліміздің энергетикалық балансында жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға (7 мың МВт) жеткізуді, ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл бағытта Қазақстан халықаралық серіктестерімен, оның ішінде БАӘ (Masdar), Сауд Арабиясы (Acwa Power), Франция (Total Energies) және Қытай (China Power, Energy China) сияқты елдермен бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізуде.
Қазақстан сонымен қатар, газ өңдеу саласында ірі жобаларды қолға алды. Министр атап өткендей, газ өңдеу зауыттарын салу бойынша үш жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар жылына 6,9 млрд м3 тауарлық газ, 410 мың тонна сұйытылған мұнай газы, 60 мың тонна газ конденсатын және 777 мың тонна күкірт өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тауарлық газ өндірісін 18%-ға арттыруға, жаңа инфрақұрылым, газ құбырларын тартуға және ірі энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайды.
Қатармен ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату жөнінде жасалған келісімнің де маңызы зор. Бұл келісім Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсартуға, әлеуетті инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтуға және жалпы сомасы $20 млрд инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстан мұнай тасымалдау мен Каспий аймағында мұнай өңдеу саласындағы ынтымақтастықты да дамытып келеді. 2023 жылы БАӘ ADP компаниясымен бірге Каспий мен Қара теңіздер арқылы мұнай тасымалдауды арттыру мақсатында келісімге қол қойылды.
Алмасадам Сәтқалиев Министрліктің келешекке қойып отырған маңызды мақсаттарының бірі – көміртек бейтараптығына жету екенін айтты. Қазақстан 2060 жылға дейін көміртек шығарындыларын нөлге жеткізуге ұмтылуда. Бұл мақсатқа жету үшін төмен шығарындылармен жұмыс істейтін озық технологиялар мен жасыл қаржыны жұмылдыру қажет болады. Қазақстанның энергетикалық саясаты жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, жасыл сутегі өндірісін бастауға және басқа да экологиялық таза технологияларды енгізуге бағытталған.
Жаһандық климаттық күн тәртібін ескере отырып, Қазақстан энергетикалық ауысу мен жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық береді. Осы ретте елімізде алғаш рет 5 жылдық аукциондық жоспар іске асырылды. 2027 жылға дейін жалпы қуаты 6,7 ГВт болатын жаңа жобалар жүзеге асырылмақ, оның 860 МВт қуаты 2023 жылы аукционға қойылған.
Қазақстанның энергетика саласындағы жетістіктері мен мақсаттарын ескере отырып, 2028 жылы еліміз Дүниежүзілік мұнай конгресін өткізу құқығын жеңіп алды. Бұл еліміздің мұнай-газ саласының жаһандық маңызын арттыра түсіп, жаңа технологияларды енгізу мен инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қорытындылай келе, Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа бағыттар бойынша серіктестіктер орнатуға дайын екенін мәлімдеді.
#Инвестициялар #Мұнай-газ саласы #Халықаралық ынтымақтастық #Энергетика«Біз барлық серіктестерімізбен сындарлы және теңгерімді диалогты одан әрі дамыту мен нығайтуды мақсат етіп отырмыз және энергетика саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын зерттеуге ашықпыз», — деп түйіндеді министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу