11 Қазан 2024, 12:15
Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) әлеуетін арттыру мақсатында ҚР Көлік министрлігі Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тасымалдауды ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыруда.
Мәселен, Құрық теңіз портында жыл басынан бері жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 1,5 млн тоннадан асқан. Жыл соңына қарай оның көлемі 2,2 млн тоннаға дейін жетеді деп жоспарланған.
Биыл Құрық портын тереңдету шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл кемелердің портқа кіруі үшін жеткілікті тереңдікті қамтамасыз ету үшін қажет. Тереңдету жұмысы жыл соңында аяқталғанда астық терминалын іске қосу жоспарланған. Одан бөлек, логистикалық кластер құру және паром флотын жаңарту жұмысы жүргізілуде. Келешектегі жобалық қуаты жылына 6 млн тонна жүкті құрайды.
Ал, Ақтау теңіз сауда портында 2024 жылғы 8 айда жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 3 млн тоннадан асты. Портта контейнерлік хаб құрылысы жүргізілуде, алғашқы іске қосу кешені келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Қайта тиеу техникасы кезең-кезеңімен жаңартылуда, биыл жүк көтергіштігі 64 тонна порталдық кран сатып алынды.
Жалпы, сауда флотын дамыту мақсатында Қазақстанда кеме жасау қуаттарын құру жоспары қарастырылуда. Орта мерзімді перспективада отандық сауда флоты 7 жаңа сауда кемесімен толықтырылады.
2024 жылғы 25 қыркүйекте Қазақстанның Көлік министрлігінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ТХКБ бойынша жүктерді тасымалдау жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.
Тараптар Қытай – Еуропа қатынасында және 2029 жылдың соңына дейін кері бағытта Қытайдан ТХКБ бойынша жүк ағынының болжамды көлемін талқылады. Осылайша, екі ел бірлесіп 2025-2026 жылдары ТХКБ бойынша тасымалдау көлемін жыл сайын 600 контейнерлік пойызға дейін, 2027 жылы 1000-ға дейін және 2029 жылы 2000-ға дейін ұлғайтады.
Бұдан бөлек, қазақстандық тарап контейнерлерді уақтылы тасымалдау және транзиттік контейнерлік пойыздар санының өсуіне сәйкес кідірістерге жол бермеу үшін отандық порттарда тиісті инфрақұрылымды қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылдайды. Мәселен, 2025 жылы жылына кемінде 50 мың стандартты контейнерді, 2026-2029 жылдары жылына кемінде 85 мың контейнерді ауыстырып тиеу жүзеге асырылады деп болжануда.
Бүгінде Қазақтан Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы тасымалдау көлемі 2,76 млн тоннаны құраған, бұл 2022 жылдан 65%-ға жоғары (1,7 млн тонна). Бағыттың қазақстандық учаскесінде «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолдарын, «Алматы» айналма теміржол желісін, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Дарбаза – Мақтарал жаңа теміржол желісін салу сияқты бірқатар жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Екі тарап көлік және көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы екіжақты қатынастарды дамытудың оң динамикасын атап өтті.
2024 жылғы 5 қазанда Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев Оңтүстік Кореяның LX Pantos Co Ltd., көлік-логистикалық компаниясының басшысы Ли Али Хо-мен кездесті.
Кездесу барысында тараптар ТХКБ бойынша контейнерлік жүктерді Еуропадан Қазақстанға кері жүктеу мәселесін пысықтады. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық пен қолданыстағы транзиттік дәліздер мен жаңа маршруттар шеңберінде «LX Pantos» компаниясының қатысуын талқылады.
Еске сала кетейік, LX Pantos Co., Ltd. – LG Group ірі конгломератының құрамына кіретін Оңтүстік Кореяның жетекші көлік-логистикалық компаниясы. 1977 жылы құрылған «LX Pantos» логистикалық қызметтердің кең спектрін ұсынады. Соның ішінде теңіз, әуе және теміржол көлігі, қойма, тарату және сандық логистикалық шешімдер. Бүгінгі таңда компания Кореядағы ең ірі логистикалық компания және әлемдегі жетекші компаниялардың бірі болып табылады. Компания жыл сайын теңіз арқылы 1,5 млн ЖФБ (жиырма футтық баламасы) және әуе көлігімен 120 мың тоннадан астам жүк тасымалдайды.
Кездесу қорытындысы бойынша «PTC Holding» ЖШС мен «LX Pantos» арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Осылайша, Транскаспий бағыты Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі транзиттік дәліздердің біріне айналып отыр. Соңғы екі жылда жүк тасымалдау көлемі екі есеге өсті.
Атап айтқанда, Қытайдың контейнерлік тасымалының транзиті қарқынды өсуде. Биылғы 9 айда шамамен 23,5 мың ЖФБ тасымалданды, бұл өткен жылдың көлемінен 20 есе көп. ТХКБ бағыты бойынша айына шамамен 40 контейнерлік пойыздар жүреді. Бұған теміржолдардың, теңіз порттарының және сауда флотының үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды.
Қазір Қытайдың басқа жүк өндіруші провинциялары, атап айтқанда, Чунцин, Иу, Санпинь, Нанкин, Цзинхэ, Дунзячжэнь TХКБ-ға қызығушылық танытуда. Болашақта контейнерлік тасымал көлемі жылына 3 мың контейнерлік пойызға дейін ұлғайтылады.
Сонымен қатар халықаралық автотасымалдаушылар ТХКБ бағытында жүйелі түрде қайта бағдарлануда. Биыл Қытаймен үкіметаралық келісімге қол қойылып, визасыз режим енгізілгеннен кейін қытайлық тасымалдаушылар да бұл бағытты дамыта бастады. Шілде айынан бері TХКБ арқылы Қытайдың 2300-ден астам көлігі өткен.
#Көлік #Логистика #СаудаҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу