«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орынға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынуда

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп білім сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізуде. Ведомствоның мәліметінше, биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 145 мың орын беріліп, оның 70 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Сондай-ақ, 2025 жылдың 10 айының қорытындысында инклюзивті білімге және психологиялық-педагогикалық қолдауға қолжетімділік 91%-ға жетті. Биылғы оқу жылында 1,7 миллионнан астам әлеуметтік осал санаттағы оқушы тегін тамақпен қамтылды. 2020 жылдан бері 1,1 млн оқушыға арналған 1242 жаңа мектеп салынды. Соңғы жылдардағы инфрақұрылым қарқыны үш ауысымды мектептер санын 4 есе, апатты мектептерді 2,5 есе, орын тапшылығын 4 есе қысқартуға мүмкіндік берді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту

Биылғы оқу жылында 11,9 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйымдарда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленуде. Кезекте тұрған 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту деңгейі 95,9%-ды құрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық балаға тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында соңғы екі жылда  182 мың жаңа орын ашылып, балабақша кезегі екі есеге азайды.

Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесінің енгізілуінің нәтижесінде 2025 жылдың басынан балабақша кезегі 44%-ға қысқарды, сондай-ақ үнемделген 21 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатына балаларға жаңа ваучерлер берілді.

Ваучерлік қаржыландыру механизмі қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырып қана қоймай, мектепке дейінгі білім беру саласындағы ашықтықты қамтамасыз етті. Қазіргі таңда жоба 20 қала мен 16 ауданда тиімді жүзеге асырылуда. Пилоттық жобаға 5000-ға жуық балабақша қосылып, 726 мың балаға ваучер берілді.

Биыл өңірлерде 37,7 мың жаңа орын, 284 мектепке дейінгі ұйым ашылды, 260 мемлекеттік балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Балабақшаларда халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы отбасы балалары 100% тегін тамақпен қамтамасыз етілген.

Мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған кеңес беру пункттер желісі кеңейтілуде. Жыл басынан бері олардың саны 4,2 мыңнан 6 мыңға дейін артты, бұл пункттерде 60 мыңнан астам ата-анаға кеңес берілді.

Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік тілді ерте жастан меңгеруге бағытталған «Тілге бойлау» бағдарламасы мен «Беске дейін үлгер» жобасы кеңінен енгізілуде. Бүгінде 80 мыңға жуық ата-ана «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасын пайдаланады.

Мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбие жұмысының басым бағыттарының бірі – балаларды еңбекке ерте жастан баулу. Осы мақсатта қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде 100 балабақшада 12 мың баланы қамтитын «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» жобасы іске қосылды.

Балабақша мен бастауыш сынып арасында сабақтастықты орнату мақсатында мектеп жасына дейінгі баланы дамытудың Жеке картасы Ұлттық білім беру дерекқоры базасы арқылы 1-сынып мұғалімі үшін қолжетімді болды. Балабақша тәриеленушілерінің мектепалды даярлық деңгейі  92%-ға жетті.

Орта білім беру

2025–2026 оқу жылында еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алуда. Олардың қатарында шамамен 368 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы және 232 мың 11-сынып түлектері бар.

2020 жылдан бері 1,1 млн оқушыға арналған 1242 жаңа мектеп салынды. 2025 жылы 254,5 мың оқушы орнына арналған 194 мектеп пайдалануға берілді. Соңғы жылдардағы инфрақұрылым қарқыны үш ауысымды мектептер санын 4 есе, апатты мектептерді 2,5 есе, орын тапшылығын 4 есе қысқартуға мүмкіндік берді. Бүгінде елімізде шамамен 3 мың мектеп бір ауысымда, 5 мыңға жуық мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Мұндай нәтижелерге мемлекет тарапынан мектептерді жаңғырту және жаңа мектептер салу бойынша қабылданған көпжоспарлы және ауқымды шаралар (бірқатар негізгі республикалық жобалар) арқылы қол жеткізілді:

  • Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460,4 мың орынға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынуда. Қазіргі уақытта 181 мектеп салынды, оның 44%-ы ауылдық жерлерде орналасқан.
  • Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 86 мың орындық 77 мектептің құрылысы аяқталды.

Жыл сайын 1000 ауылдық және аудандық мектепті жеті негізгі бағыт бойынша жаңғырту аясында жөндеу жұмыстары, пәндік кабинеттермен жабдықтау, қауіпсіздік жағдайын жақсарту жүргізілуде. Соңғы 3 жылда 4000-нан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 2000-нан астамы жаратылыстану-математика бағытындағы заманауи зертханалармен жабдықталды. 2025 жылы 1000-нан астам ауыл мектебі жаңғыртылды, 1176 заманауи пәндік кабинет сатып алынады.

  • Сонымен қатар, 1300 мектепті қамтитын реновациялау бағдарламасы іске қосылды. Күрделі жөндеуден өтетін мектептердің 820-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Үш жылға арналған бұл бағдарлама аясында күрделі жөндеу, кітапханалар мен асханаларды жаңарту, спорт залдарды қайта құру, заманауи ортақ кеңістіктер құру және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау көзделген. Биылғы жылы реновация бағдарламасына 190 мың орындық 245 мектеп енді.

2025–2026 оқу жылында 267 мың орынға арналған 232 жаңа мектеп салу жоспарланған, оның ішінде 121 мектептің құрылысы аяқталды.

Білім беру ұйымдары қауіпсіздік жүйелерімен (бейнебақылау камералары, дабыл түймелері және лицензияланған күзет) қамтылды. Білім беру ұйымдарының күзет қызметіне қойылатын біліктілік талаптары бекітілді.

Бүгінде орта білім жүйесінде 412 мың педагог еңбек етуде. Мемлекет басшысының биылғы жылғы тамыз мәслихатында педагогтердің құқықтарын қорғау мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» заңды жетілдіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, заңға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы 5 жылда мұғалімдердің жалақысы 100%-ға, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерінің жалақысы 130%-ға өсті. Одан бөлек педагогтердің біліктілік санаты үшін 30-50% мөлшерінде қосымша үстемеақылар қарастырылды.

2024-2025 жылдары халықаралық пәндік олимпиадалар жеңімпаздарын дайындаған 48 педагогке 13,4 млн теңге көлемінде  сыйақы берілді. Сондай-ақ биылғы жылы «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары болған 64 педагогке, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған 22 педагогке 1000 АЕК көлемінде сыйақы тағайындалды.

Педагогтер үшін мемлекеттік тегін біліктілікті арттыру курстарының саны 2 есеге артты, жыл басынан 70 мыңға жуық педагог курстардан өтті. «Ұстаз» жаңа цифрлық аттестация жүйесі енгізіліп, қағазбастылық жойылды.

2025 жылы «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында республикалық кадрлық резервке 403 адам қабылданды. 2023–2025 жылдар аралығында 986 педагог көшбасшылық сертификатын алды, олардың 434-і мектеп директорлары қызметіне тағайындалды. Олардың ішінде  «Келешек мектептеріне» 36 резервист тағайындалды. Соңғы екі жылда мектеп директорларының тапшылығы 3 есеге қысқарды.

2025 жылы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда 1720 оқушы 1006 марапат жеңіп алды. Оның ішінде: 193 алтын, 349 күміс, 464 қола медаль. Халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысқан әр екінші оқушы жүлдемен оралды.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша 7 беделді халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы 27 медаль иеленді (4 алтын, 13 күміс, 10 қола). Бұл 27 оқушыға 94,3 млн теңге мемлекеттік сыйақы берілді.

Биылғы жылы қазақстандық оқушылар әлем бойынша география пәнінен екінші орын алды, химиядан үш мәрте чемпион атанды, ғылыми физикадан абсолютті чемпион болды, Балқан математикалық олимпиадасында екінші жыл қатарынан үздік үштіктен көрінді, FIRST Global Challenge робототехника чемпионатында төрт дүркін әлем чемпионы болды.

2025 жылдың қаңтарынан бастап 1,5 миллионнан астам қазақстандық оқушы жалпы саны 70-ке жуық зияткерлік іс-шараға қатысты. Бұл еліміздегі әрбір үшінші оқушының интеллектуалды жарыстарға тартылғанын көрсетеді.

Ауыл оқушыларының республикалық олимпиадаға қатысу деңгейі 4,8%-ға жетіп, былтырғы көрсеткіштен (3,9%) айтарлықтай жоғары болды.

Оқу-ағарту министрлігі дарынды оқушылар мен педагогтарға қолдау көрсету мақсатында SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосты. Сондай-ақ Мемлекет басшысының  тапсырмасына сәйкес Алматы қаласында заманауи «Үркер» білім беру орталығын салу жоспарлануда.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, Абай атындағы республикалық мектеп-интернат концептуалды трансформацияланып, 900 орындық жаңа ғимаратқа көшірілді. Бұл – Қазақстандағы зияткерлік экожүйені жаңа деңгейге шығаратын маңызды қадам.

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстандағы барлық білім беру ұйымдарында, оның ішінде жекеменшік мектептерде де, тәрбиелік жұмыс «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы аясында жүргізіледі.

Мемлекет басшысы бастамасымен «Заң және тәртіп» қағидатын жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында осы жылдың қыркүйегінен бастап Алматы облысының мектептерінде «Заң және тәртіп» пилоттық жобасы іске қосылды.

Биылғы оқу жылынан бастап оқу процесіне жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Интеграция ең алдымен «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінен басталды. Осы бағытта орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарттары бекітілді. Оқушылар үшін Day of AI онлайн-курстары, педагогтер үшін біліктілікті арттыру курстары әзірленді.

Инклюзивті білім беру

Қазақстанда биыл қазан айында алғаш рет Дүниежүзілік Инклюзивті білім беру конгресі өтті. Оған әлемнің 40 елінен 1200-ден астам салалық сарапшылар мен мамандар қатысты.

Биылғы жылы «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленіп, үкіметтің оң қорытындысы берілді.

Инклюзивті білімге және психологиялық-педагогикалық қолдауға қолжетімділік 91%-ға жетті.  Қазіргі таңда 515 арнайы білім беру ұйымы, соның ішінде 46 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 114 ПМПК, 231 түзету кабинеті, 11 аутизм орталығы және 14 оңалту орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, өңірлерде 1200-ден астам қолдау кабинеті ашылған.

Аутизмі бар балаларды қолдау орталықтары психологиялық-педагогикалық қолдау саласындағы мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдар тізбесіне енгізілді. Сонымен бірге мектепке дейінгі білім берудің үлгілік оқу жоспарларына мұндай балаларға арналған түзету компоненті қосылды. Мүгедектігі бар азаматтарды техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау квотасы 1%-дан 10%-ға дейін артты.

Қосымша білім беру

Биылғы жылдан бастап қосымша білім беру ұйымдарына ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Біріңғай мемлекеттік тапсырысты орналастырудың пилоттық жобасы Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні 500 мыңнан астам бала қосымша білімге ваучер алды. Ата-аналар өз балалары үшін үйірмелер мен секцияларға өздері таңдайды.

2025 жылдың он айында балаларды қосымша біліммен қамту жалпы оқушылар санының 87,2 %-ына дейін өсті, оның ішінде тегін үйірмелер мен секциялармен балалардың 62 %-ы қамтылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 %-ға жоғары. Қосымша білім беру ұйымдарының желісі өткен жылмен салыстырғанда 25 %-ға өсіп, екі мыңнан астам бірлікті құрайды.

Биыл қосымша білім беру ұйымдарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазір 13 қосымша білім беру нысанының, 17 өнер мектебінің және 23 сауықтыру лагерінің құрылысы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 19 нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде 6 оқушылар сарайы, 7 лагерь және 7 өнер мектебі бар.

Балалардың құқықтарын қорғау

Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамамасыз ету бойынша заңнамалық-нормативтік база нығайтылды. Биылғы жылдың қаңтар айында Женевада өткен БҰҰ сессиясында Қазақстанның бала құқықтарын қорғау саласындағы реформасына жоғары баға берілді.

Биылғы оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептері мен колледждерінде «ДосболLike» буллингке қарсы отандық бағдарлама жаппай енгізілді. Жаңа оқу жылының басынан еліміздің барлық балабақшаларында, мектептерінде және колледждерінде 1,4 млн-нан астам «Жеке қауіпсіздік» сабақтары өткізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақстан балалары» бағдарламасының жобасы әзірленді.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап отбасылық орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізілді. Жетім балалардың 82%-ы қазақстандық отбасында тәрбиеленуде, 3 мыңнан астам бала өз отбасына оралды. 360 ересек адам арнайы оқытудан өтіп, тәлімгер болды. Қорғаншылық органдарының штаттық саны 3,3 есеге артып, 1028 бірлікті құрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 20 өңірде психологиялық қолдау орталығы ашылды. Жыл басынан бұл орталықтарда 29 мың бала мен ата-анаға көмек көрсетілді. 

Өңірлерде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрыла бастады.  Алғашқы балалардың құқықтарын қорғау басқармасы Астана қаласында және Ақтөбе облысында құрылды.

«111» байланыс орталығына 2025 жылдың 10 айында балалардан 110 мыңан астам өтініш келіп түсті.

Жаңа оқу жылында «Жалпыға бірдей білім беру» қоры арқылы 500 мыңға жуық баланы мектепке даярлауға 25,3 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді. 

Биыл білім беру ұйымдарында тамақтандырудың жаңа стандарты қабылданып, ол 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Бұл стандарт қазіргі заманғы халықаралық талаптарға сай келетін, балаларды қауіпсіз, сапалы және теңгерімді тағаммен қамтамасыз етуді көздейді.

Биылғы оқу жылында 1,7 миллионнан астам әлеуметтік осал санаттағы оқушы тегін тамақпен қамтылды.

Сондай-ақ, биылдан бастап орта білім беру ұйымдарында «Әлеуметтік әмиян» масштабталуда. Өткен жылы 107 мектепте пилоттық режимде жүзеге асырылған бұл бастама тиімділігін дәлелдеді. Оның аясында 700-ден астам оқушысы бар мектептерде балаларды тамақтандыру қызметі аппараттық-бағдарламалық кешендер арқылы «Бизнес әмиян» тегін мобильді қосымшасы пайдаланылады.

Қазіргі уақытта 6749 мектеп жобаға қатысуда, 3064 мектепке аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған, ал қалған мектептер мобильді қосымшаны пайдаланады. 

Жұмысшы мамандықтар жылы және Техникалық және кәсіптік білімді трансформациялау

Мемлекет басшысымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы техникалық және кәсіптік білім саласының трансформациялануына үлкен серпін берді.

Бірінші рет ресми түрде 2 қазан - Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні болып белгіленді.

Биылғы оқу жылы  мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 145 мың орын беріліп, оның 70 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша оқуға түсетін жастардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Соңғы үш жылда олардың саны үш есеге көбейіп, 30 мыңға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 45 мыңға жеткізу жоспарлануда.

9 сынып оқушыларының сұранысқа ие мамандықтарға түсуі 100 пайыз тегін. Колледж студенттерінің стипендиялары екі есеге өсті.

Осы жылғы қазан айында Ақтауда алғаш рет TurkicSkills халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты өтті. Оған Түркия, Әзербайжан, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен 100-ден астам жас маман мен 80-ге жуық жоғары білікті сарапшы қатысты.

Орта білім беру ұйымдарында алғаш рет педагог-кәсіби бағдар беруші лауазымы енгізілді. Бұл оқушылардың ерте жастан кәсіби бағдарлануын жүйелі түрде жолға қоюға және болашақ мамандығын таңдауда көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Колледж студенттері мен оқытушылары үшін академиялық ұтқырлықтың жаңа ережелері бекітіліп, студенттердің елімізде ғана емес, шетелде де оқу алмасу бағдарламаларына қатысуына мүмкіндік берілді. Студенттердің 89%-ы жатақханамен қамтамасыз етілді. ТжКББ жүйесінде ІТ мамандықтар бойынша онлайн оқу енгізілді.

Биылғы жылы колледждерден 500-ден астам педагог, 150 студент шетелдік тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларына кәсіптік біліктілік беру жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылуда. 11-сынып түлектері аттестатпен бірге техникалық білім туралы диплом да алады. Бүгінгі күні 905 түлек колледж дипломын алып, бірден еңбек нарығына шығу мүмкіндігіне ие болды. Колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестік те нығайып келеді.

Дуальды оқыту тәжірибесі кеңейіп, колледждерге қамқорлық жасайтын кәсіпорындардың саны бір жылда 8 есеге артып, 4 мыңға жетті. Бизнес қауымдастықпен бірлесіп 10 мыңнан астам білім беру бағдарламасы әзірленді.

Қазақстан колледждерінде алғаш рет студенттердің халықаралық сертификаттауы басталды. Бұл қадам студенттерге өз дағдыларын халықаралық стандарттарға сай растауға, шетелдік жұмыс берушілер тарапынан мойындалуға, шетелде тағылымдамадан өтуге, еңбек нарығында бәсекелік артықшылық алуға, сондай-ақ АҚШ, Канада, Еуропа, Азия елдерінде жұмыс істеуге жол ашады.

Сонымен қатар колледждер шетелдік білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. 3 колледж халықаралық аккредитациядан сәтті өтті. Қазіргі таңда Қазақстан Қытай, Корея Республикасы, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Германия және Грузия мемлекеттерін қоса алғанда 20-дан астам елмен академиялық мобильділік, тағылымдамадан өту және тағы да басқа жөнінде 50-ден астам шарт жасалды.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап колледжердегі жан басына шаққандағы қаржыландыру 2 есеге арттырылады (437 мың теңгеден 913 мың теңгеге дейін).

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу