Халықты қорғау үшін кадрлардың кәсіби деңгейін үздіксіз арттыру қажет – Ю. Ильин

Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың сенім деңгейін арттыру мақсатында ҚР төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Астана қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді

Юрий Ильин кездесу барысында Министрліктің негізгі міндеттері – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Мемлекетіміздің даму бағыты – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Бүгінгі кездесуіміз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және азаматтардың сенім деңгейін арттыру шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Елордалық төтенше жағдайлар және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімшелері, «Апаттар медицинасы орталығы» мен «Қазавиақұтқару» филиалдары халықтың және азаматтардың қауіпсіздігін төтенше жағдайлардан қорғау қызметін жүзеге асырады. Бүгінгі таңда елордалық гарнизонда шамамен 2 мың қызметкер бар, олар заманауи арнайы техникамен және жабдықтармен қамтылған», — деді министр.

Министрліктің жүргізіп жатқан жаңғырту жұмыстарының аралық қорытындыларына келер болсақ, біріншіден, Мемлекет басшысының қолдауы арқасында азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы өсті. Бірінші кезекте қарапайым өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы 70%-ға дейін көтерілді, қазір өрт сөндірушінің орташа жалақысы жүз жиырма мың теңгеден (119 441 теңге) екі жүз мың теңгеге (195 892 теңге) дейін артты.

Сонымен қатар, Министрлік 2027 жылға дейінгі Кешенді жоспар әзірледі. Ондағы негізгі іс-шаралардың бірі – азаматтық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін жақсарту. Бұл тұрғын үй және көтермелеу төлемдері, сондай-ақ кезекшілікті жүзеге асыру кезіндегі тәуліктік рациондар.

Екіншісі, былтыр Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында және Түркістан облысында 4 өрт сөндіру бөлімшесі құрылды. Жыл соңына дейін 18 құрылыс жоспарланып отыр, оның екеуі Астанадағы Көктал және Үркер шағын аудандарында салынатын болады.

Бұл ретте техниканы кезең-кезеңімен жаңарту жүргізілуде. Өткен жылы өңірлерде 240-тан астам (242) арнайы техника сатып алынды, биыл 260-тан астам (268) сатып алу жоспарлануда.

Үшіншісі, халықты қорғау үшін кадрлық ресурстар және олардың кәсіби деңгейін үнемі арттыру қажет. 

«Биыл Министрліктің штаты құтқарушылар, өрт сөндірушілер және дәрігерлер есебінен қосымша ұлғайтылды. Ақтөбе облысында әскери бөлім құрылды. Кәсібилік туралы айтатын болсақ, ақпан айында біздің құтқарушылар мен дәрігерлердің Түркияға көмек көрсетуге барғанын айтпай кету мүмкін емес. Іздестіру-құтқару операцияларына қажетті жабдықтармен жабдықталған ең тәжірибелі, білікті мамандар жұмылдырылды. Оның ішінде елордалық гарнизоннан 23 қызметкер қатысты», — деді Ю. Ильин.

Халықпен кездесуде іздестіру-құтқару қызметтерінің дайындығын арттыру және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тәжірибе алмасу үшін «Қазқұтқару» халықаралық оқу-жаттығу жиындары жоспарланғаны белгілі болды.

Бүгінгі таңда елімізде жағдай тұрақты. 2023 жылдың І тоқсанында елімізде екі мыңнан астам төтенше жағдай тіркелді, оның 7%- ға жуығы елордаға тиесілі. 

«Азаматтарымыздың көмек сұраған әрбір сигналына Министрліктің бөлімшелері сол сәтте ден қоятынын атап өткім келеді. Бірінші тоқсанда 1,5 млн-нан астам қоңырау түсті («112» – 1 587 843 қоңырау, «101» – 310 206 қоңырау). Министрліктің бөлімшелері республика бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге және өрт сөндіруге 13 мыңнан астам рет шығып, 9 мыңға жуық азамат пен бала құтқарылды және эвакуацияланды, зардап шеккендерге – 1 мыңнан астам адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді», — деді министр. 

Жаһандық климаттың өзгеруі біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде орын алуда. Бұл тұрғыда Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісін, Филиппиндегі су тасқынын атауға болады.

«Жақында ғана қалың қар жауып, Қазақстанның орталық өңірі мен елорда тұрғындары температураның күрт төмендеуіне куә болды. Ел тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Министрлік күн сайын төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша бірқатар шара қабылдап, оны жүзеге асырып отыр. Жылыту кезеңінде азаматтардың қаза болуына жол бермеу мақсатында жыл сайын еліміз бойынша өрт қауіпсіздігі және пеш жабдықтарын қауіпсіз пайдалану қағидаларын түсіндіре отырып, тұрғын үй секторына профилактикалық тексеру жүргізіледі. Бұл ретте көпбалалы отбасылар, мүгедектер және халықтың басқа да белгілі бір санаттарына баса назар аударылады. Биыл қала бойынша әлеуметтік осал санаттағы мыңнан астам отбасы анықталды, оларға нақты және атаулы мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсетілді. Қайырымдылық ұйымдарымен бірлесіп Астана қаласындағы төрт отбасының пештері мен мұржаларына күрделі жөндеу жүргізілді, көмір жеткізіп берілді», — деп атап өтті Ю. Ильин.

Сондай-ақ, бөлімшелермен аралау кезінде орын алған өрттерге қарсы уақтылы әрекет етуге мүмкіндік беретін өрт «датчиктерін» орнату ұсынылады. Мысалы, 12 желтоқсанда Астанада осындай құрал іске қосылып, бұл 6 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Жалпы, осы кезеңде еліміз бойынша 3 млн-нан астам тұрғын үй (3 061 490 үй), ал Астана бойынша-39 мыңнан астам тұрғын үй (39 049 үй) алдын алу шараларымен қамтылды.

«Алдын ала жасалған қорытындыға сәйкес еліміз бойынша өрт кезінде қаза болған азаматтардың саны төмендеді. 2022 жылы 211 адам, осы жылдың басынан бері 197 адамның өмірі құтқарылды. Астана қаласы бойынша азаматтар мен балалар өлімінің өсуіне жол берілмеді», — деді министр.

Ю. Ильин өрт оқиғаларының белең алуына әкелетін негізгі факторлар ретінде жылу жүйесінің ақауын, тозған электр сымдарын және тұрғын үйге немесе «заңсыз жатақханаларға» жарамсыз үй-жайларды атады.

Оның айтуынша, соңғы жылдары елордада пешпен жылытудың газбен жылытуға көшуі белсенді түрде жүзеге асырылуда. 

«Статистикаға сәйкес, орталық газбен жабдықтауға 8 мыңға жуық абонент немесе олардың жалпы санының 26%-ы қосылған. Бұл жеткіліксіз. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың назарын тұрғын үй секторын газдандыру және алдағы жылыту кезеңіне дайындалу қажеттігіне аударамын», — деді ол.

Министрдің мәліметінше, барлық өңірлерде дерлік коммуналдық желілердің қатты тозуына байланысты ауыр апаттар жиі орын алады. Еліміз бойынша тек қыс мезгілінің өзінде халық өмірі үшін маңызды, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде 450-ге жуық авария болды. Жағдайды тұрақтандыру және бақылау үшін барлық өңірлерде жедел штабтар жұмыс істеді.

«Бүгінде қала аумағындағы тұрғын үйлердің 5 мыңнан астамы, яғни 17%-ы апаттық жағдайда немесе тозығы жеткен, оларда әдетте жылыту және электрмен жабдықтау жүйелері жарамсыз және өрттің туындау қаупін тудырады. Бірінші тоқсанда өрттердің пайда болу себептеріне жүргізілген талдау электр жабдықтарын дұрыс орнатпау және техникалық пайдалану салдарынан өрт саны 26%-ға, тұрмыстық аспаптарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу себебінен 44%-ға өскенін көрсетеді», — деді Ю. Ильин.

Әкімдік тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңартып отырады. Мысалы, желтоқсан айында 5 апаттық жағдайдағы үй бұзылып, осындай 2 үйдің тұрғындары көшірілді. Дегенмен, тұрғын үй иелері мен жалға алушылар өздерінің қауіпсіздігіне және жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға мүдделі болуы керек. 

«Осыған байланысты елорда тұрғындарына адам өлімі мен қаржылық шығындардың алдын алу үшін тиісті шараларды уақтылы қабылдау қажеттігін айтқым келеді», — деді ол.

Төтенше жағдайлар туралы айтатын болсақ, олардың басым бөлігін өрт құрайтынын атап өткен жөн. 

«Жекелеген адамдар мен жұрт көп жиналатын нысандар және құрылыс нысандарындағы өрттерге тоқталғым келеді. Бүгінде Астанада құрылыс қарқынды жүргізілуде. 2016 жылдан бастап Министрлік қабылдау комиссияларының жұмысына қатыспайды. Өрт қауіпсіздігі өрескел бұзылған бірқатар объекті пайдалануға берілді. Бұл түтінсіз баспалдақ торларының, түтінге қарсы қорғаныс жүйесінің болмауына, тұрғын үй ғимараттарының ауласына арнайы техниканың өту ені қарастырылмағанына (6 метрден аз) қатысты. Соңғы фактор өртті жоюға тікелей теріс әсер етеді. «Қаһарман» тұрғын үй кешеніндегі өртті және біздің қызметкеріміз Асқар Забикуллин ерлігін бәріміз есімізде сақтаймыз. Аталған келеңсіз оқиға кезінде өрт сөндіру техникасы үшін жолдың болмауы өртті уақтылы сөндіруге кедергі жасады», — деді министр.

Сондай-ақ, құрылыс нысандарында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандықтан өрттер жиі орын алады. Азаматтардың қауіпсіздігін жақсарту үшін министрлік үш функцияны енгізу бойынша нормаларды пысықтады, бұлар:

  • адамдар жаппай баратын объектілердің, жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлерді/ғимараттарды пайдалануға беру сатысында олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытынды беру;
  • өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру;
  • объектілерді өрттен қорғаудың ерекшелігін көрсететін арнайы техникалық шарттарды келісу.

Елордада құрылыс объектілерінде мұнара крандарының қауіпсіз пайдаланылуын бақылауды өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі бөлімше жүзеге асырады.

Егер статистикаға жүгінсек, онда өткен жылы өнеркәсіптік нысандарда 4 авария, оның үшеуі көтергіш құралдарда немесе мұнара крандарына қатысты тіркелді. 

«Негізінен құрылыс нысандарында жеке мұнара крандары қолданылады, олар көбінесе ішінара өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелеріне сәйкес келмейді. Апаттық жағдайларды және персоналдың қауіпсіздігін сақтау мақсатында құрылыс ұйымдары жүк көтергіш механизмдерге қойылатын талаптарды сақтауы қажет. Адамдар көп жиналатын объектілердің, әсіресе базарлар мен сауда орталықтары иелерінің назарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, өз қызметкерлері мен бизнесіне уақтылы қамқорлық жасау қажеттілігіне аударамын», — деді төтенше жағдайлар министрі.

Осы орайда ол балалар өлімі туралы да айтып өтті. Аталған келеңсіз жағдайлар көбінесе көп қабатты үйлердің терезелерінен құлап кету, жабдықталмаған жерлерде шомылу, көміртегі тотығымен улану сияқты қайғылы оқиғалармен байланысты болып жатады. Мұның ең негізгі себебі – балаларды ата-аналары мен ересектердің қараусыз қалдыруында екенін баса айтты.

«Жыл басынан бері еліміз бойынша балалардың терезеден құлауының 20 фактісі, Астанада балалардың жарақат алуының үш фактісі тіркелген. Балалардың қазаға ұшырау қаупін ескере отырып, ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды және олардың қауіпсіздігі бойынша шаралар қабылдауды сұраймын», — деді Ю. Ильин.

Министрдің айтуынша, биыл елімізде су тасқыны жағдайлары күрделі болған. Осы жылы республика бойынша температураның күрт көтерілуіне және қардың тез еруіне байланысты 350 тұрғын үй су астында қалып, негізінен Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары зардап шеккен.

Тұрғын үйлерді су басып қалуына әсер ететін негізгі факторлар – жауын-шашын және арық жүйесінің болмауы, судан қорғау аймағында нысандар құрылысын немесе үйлер салу кезінде нормалардың сақталмауы, гидротехникалық нысандардың дайын еместігі, сондай-ақ қарды уақтылы шығарылмауы.

Осыған қарамастан, жедел және алдын алу шараларын уақтылы ұйымдастырудың арқасында еліміздің 7 өңірінде, оның ішінде елордада 155 елді мекенді су басуға жол берілмеген. Мысалы, Астана қаласында коммуналдық қызметтер арық жүйесін уақтылы тазарту жүргізіліп, 4 млн текше метр қар шығарылған, Сонымен қатар Есіл өзенінің бассейнін зерттеу ұйымдастырылып, Ақбұлақ және Сарыбұлақ шағын өзендерін кезең-кезеңімен қайта жаңарту жүргізіліп келеді.

Халықты су тасқыны қаупінен қорғау үшін биыл Жол картасын іске асыру аяқталуда, осы орайда министр жергілікті атқарушы органдардың назарын іс-шаралардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуге аударды.

«Бүгінгі таңда елімізде жекелеген өңірлерде табиғи өрттермен күрес, сондай-ақ шомылу маусымына дайындық белсенді жүргізілуде. Жазғы мерзім қарсаңында Министрлік өрт қаупі күшейетін кезеңге арналған күштер мен құралдарды топтастыруды бекітті, шекаралас өңірлермен өзара іс-қимыл жоспарларын пысықтады. Ірі табиғи ықтимал өрттерге қарсы іс-қимылға Қазавиақұтқару авиациясы дайындалды. Жыл сайын олардың қатысуымен бірнеше орман өрті сөндіріледі. Жергілікті деңгейде қала аумағында табиғи жанулар мен өрттердің туындау қауіп-қатерлерін азайту және оларды сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді», — деп атап өтті министр.

Цифрландыру шеңберінде қала периметрі бойынша өрттерді уақтылы анықтау үшін Департаменттің күштері мен құралдарын жедел басқару орталығына бере отырып, 4 биік ғимаратқа («Эгалите», «Байқоңыр», «Северное сияние», «Свечка» ТК) 32 бейнебақылау камерасы орнатылды. 

«Жалпы, қазір 216 қалалық бейнекамераға және «СЕРГЕК» жүйесіне қол жетімділік бар, бұл оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді, Қаланың коммуналдық ұйымдары шекараларының периметрі бойынша жоғары өтімді техникамен және өрт сөндіру құралдарымен (хлопушкалар мен аспалы қондырғылар)жарақтандырылған жылжымалы күзет бекеттері ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғындар мен елорда қонақтарына әкімшілік ықпал ету шараларын қолдана отырып, бұзушылықтардың жолын кесу бойынша полиция органдарымен бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізу туралы арнайы айтқым келеді. Нақтылай айтқанда, рұқсат етілмеген жерлерде шомылған, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкен және от жаққан азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Рұқсат етілген шомылу орындары туралы ақпаратты «2 ГАЖ» қосымшасынан табуға болатындығын еске саламын», — деді министр.

Ю. Ильин Министрліктің қызметі туралы баяндаманы аяқтай отырып, бұқаралық ақпарат құралдарының, жергілікті атқарушы органдардың, волонтерлік ұйымдардың өкілдеріне және қарапайым азаматтарға азаматтық қорғау органдарына халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде уақтылы қолдау көрсеткені және көмектескені үшін алғысын жеткізді.

Соңында министр елорда тұрғындары мен қонақтарын алда келе жатқан мерекелермен құттықтап, баршаға денсаулық, амандық тіледі және сақтық шараларын ұмытпауға шақырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу