19 Мамыр 2026, 19:10
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы және алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық туралы баяндады.
Комитет төрағасының айтуынша, елімізде өткен жылыту маусымы штаттық режимде аяқталды. Бұл – жөндеу науқанын уақытылы жүргізу, энергия объектілерінің жай-күйіне бақылауды күшейту және өңірлер мен энергетикалық кәсіпорындардың жұмысын үйлестіру нәтижесі. Жөндеу науқаны аясында 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ 17 мың шақырым электр беру желісі, 420 қосалқы станса жөнделіп, 323 шақырым жылу желісі ауыстырылды.
Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша тозу деңгейінің төмендеуі тіркелді:
- электр стансаларында – 53%-ға дейін;
- электр желілерінде – 66,2%-ға дейін;
- жылу желілерінде – 50%-ға дейін.
Сонымен қатар электр желілеріндегі технологиялық бұзушылықтар саны 12%-ға, ал электр стансаларында 15%-ға қысқарды. Жылу көздерінде температуралық кестенің сақталмау жағдайлары үш есеге азайды.
2025 жылғы желтоқсанда электр энергиясын өндірудің ең жоғары көрсеткіші – 17 273 МВт деңгейіне жетіп, бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 7%-ға жоғары болды. Брифинг барысында ЖЭО рейтингінің көрсеткіштері жақсарғаны да атап өтілді. Жылыту маусымының қорытындысы бойынша бес ЖЭО қызыл аймақтан сары аймаққа, тағы үшеуі сары аймақтан жасыл аймаққа өтті. Отын қамтамасыз ету мәселелері үнемі бақылауда болды. Өткен жылыту маусымында энергия көздерінің қоймаларында 5,6 млн тонна көмір және 152 мың тонна мазут қоры жиналды. Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін 8,15 млн тонна көмір дайындалды, осылайша жоспар 109,8 %-ға орындалды.
Ержан Ертаевтың айтуынша, 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық басталды. Биыл электр стансаларында 9 энергия блокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 25 қазандықта және 11 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 1 энергия блогында, 4 қазандықта және 2 турбинада жұмыстар аяқталды.
Сондай-ақ 17 мың шақырымнан астам электр беру желілерін және 444 қосалқы стансаны жөндеу көзделген. Бүгінде 1,2 мың шақырым электр желісі, 91 қосалқы станса және 505 тарату пункті жөнделді. Жылу желілері бойынша 2026 жылға арналған қайта жаңғырту және жөндеу жоспары 377 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта 170 шақырым жылу желісінде жұмыстар басталып, оның шамамен 3%-ы аяқталды.
Жөндеу науқанын іске асыру қорытындысы бойынша тозу деңгейін одан әрі төмендету күтілуде:
- электр стансаларында – 52%-ға дейін;
- электр желілерінде – 65,7%-ға дейін;
- жылу желілерінде – 48%-ға дейін.
Алдағы жылыту маусымына отын дайындау мәселесі де басты назарда. Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың көмірге деген қажеттілігі 7,5 млн тонна деңгейінде айқындалды. Қажетті көлемдер бекітілген жоспар-кестеге сәйкес қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықты көмірмен қамтамасыз ету процестерін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Цифрлық шешімдерді енгізу көмір жеткізілімдерінің ашықтығын арттыруға, әкімшілік рәсімдерді қысқартуға және көмір қозғалысын түпкі тұтынушыға дейін тиімді бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Брифинг соңында Комитет төрағасы Энергетика министрлігі жөндеу науқанының барысына, энергия нысандарының жай-күйіне және өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындығына тұрақты бақылауды жалғастыратынын атап өтті. Негізгі міндет – халық пен әлеуметтік нысандарды сенімді әрі үздіксіз жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу