ҚР АҚДМ: Қазақстанда қоғамдағы әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін көтермелеу және ілгерілету тұжырымдамасын өзектендіру жұмысы жүргізілуде

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өтті, оның барысында өткен жылдың қорытындысы шығарылып, келесі жылға арналған жоспарлар талқыланды. Кездесуге ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ діни ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің және БАҚ өкілдері қатысты. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров пен вице-министрі Александр Данилов 2021 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндама жасады.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылы ауқымды жұмыс атқарды, бұл  азаматтық қоғаммен қарым-қатынасқа тың серпін берді. Мемлекет басшысы мен Үкімет министрліктің басым бағыттарын заман өзгерісіне сай қайта құруды тапсырған болатын. Ендеше, былтырғы атқарылған жұмыстарға тоқталып, биылғы жоспарымызбен бөлісуге рұқсат етіңіздер», — деді ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Осы орайда, Қазақстанның Оныншы Азаматтық форумының мерекелік оныншы жиынын ерекше атап өткен жөн. Іс-шара билік пен қоғам диалогының маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Форум барысында үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, бизнес және жалпы азаматтық сектор өкілдерінен мыңнан аса ұсыныс пен ұсыным келіп түсті. 

Сондай-ақ 2021 жылы «Қоғамдық кеңестер туралы»  заңға түзетулер енгізілді. Заң қоғамдық кеңестердің өкілеттіктерін айтарлықтай күшейтті. Мәжіліске қоғам өкілдерімен талқылаудың барлық кезеңдерінен өткен «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы енгізілді. Үкіметтік емес ұйымдарға грант беру ережелеріне өзгеріс енгізілді. Халықтың сұранысы ескеріліп, ол алғаш рет жалпы талқыға салынды. 

Былтыр Президенттің бастамасымен қайырымды істер марафоны іске асырылды. Оған 5 млн жуық азамат атсалысты. 2021 жылы «Үкіметтік емес ұйымдар Академиясы» жобасы жалғасын тапты. Соның аясында былтыр 800-ден астам азаматтық сектор өкілі оқытылды. Жалпы, Үкіметтік емес ұйымдармен бірге түрлі жобалар іске асырылып жатыр. Жыл сайын республика бойынша әлеуметтік маңызы бар 2 мыңға жуық жоба жүзеге асырылады.

Биыл азаматтық қоғамды дамыту механизмдерін жетілдіруге басымдық беріледі. Біріншіден, Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру тетіктері жетілдіріледі. Тиісті заң жобасы әзірленген. (Мәжілістің қарауында). Құжат Үкіметтік емес ұйымдар мен халықтың қалауына сай келетін өзекті жобаларды ғана іріктеуге мүмкіндік береді. Осылайша, проблемалық мәселелер нақты шешілмек. 

Екіншіден, Қоғамдық кеңестер жұмысының сапасын арттыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта үкіметтік емес ұйымдарды, азаматтық белсенділерді, БАҚ кеңінен тартылмақ. Сөйтіп, мемлекеттік органдар мен өңірлер әкімдіктерінің қоғамдық кеңестері құрамы жаңартылады. Осылайша, 30 мемлекеттік органда (13 республикалық және 17 жергілікті деңгейде) жаңа құрам қалыптастырылады.

Үшіншіден, қайырымдылық пен волонтерлікті ынталандыруға және дамытуға екпін беріледі. Осыған байланысты тиісті заң жобасы ұсынылды (жоба Мәжіліс қарауында, қабылдану мерзімі 2022 жыл). Заң қабылданғаннан кейін көтермелеу квоталары көбейеді. Осылайша, жұмысқа орналасқан волонтерлер саны айтарлықтай артады. 

«Жалпы, биыл түрлі форматтағы 20 мыңнан астам іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. 2022 жылы республикалық және 17 өңірлік фронт-офистер тұлғасында волонтерлік қызметтің инфрақұрылымымен 20 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда», — деді А. Омаров.

Ақпарат министрлігі қызметінің келесі маңызды бағыты ақпараттық сала болып табылады.

2021 жылы министрлік құқығы бұзылған журналистердің құқығын қорғау регламентін қабылдады. Құжат қоғам өкілдерімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және тиісті органдармен бірлесіп мұқият талқыланды.  Төрт мыңнан астам маман салалық журналистика бойынша тәжірибеден өтті. Атап айтқанда, медициналық, экологиялық, діни және IT салалары бойынша тәлім алды. Журналистерді аккредиттеудің жаңа қағидалары бекітілді. Салауатты өмір салтын насихаттайтын әлеуметтік жарнамаларды отандық телеарналарда көрсету қағидалары нақтыланды.

«Басты мәселенің бірі – отандық бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді қолдану. Былтыр алғаш рет «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігі» сөздігі жарық көрді. Цифрлы телерадионы енгізу жобасын іске асыру жалғасты», — деді министр.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында 73 медиа жоба іске асырылды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы отандық телесериалдар, деректі тарихи фильмдер өндірісін ұлғайтуға ден қойылды. Телеарналардан Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтпаев секілді ұлт зиялылары туралы сериалдар көрсетіліп, көрермен көзайымына айналды. 

2022 жылы ведомство алдында мемлекеттің ақпараттық жұмысы сапасын, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілетін одан әрі дамыту міндеті тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің ақпараттық жұмысы деңгейін айтарлықтай көтеру қажет. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелердің жұмысын БАҚ арқылы бағалау көзделіп отыр. 

Биыл БАҚ саласын дамыту БАҚ және ҮЕҰ өкілдерімен кеңінен талқыланады. Бұл жұмыс Ақпарат саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспары шеңберінде жүргізіледі. 2022-2023 жылдарға арналған оқыту жөніндегі арнайы жоспарды іске асыру жоспарланған. Бұл медиа мамандардың біліктілігін дамытуға, халықтың медиа және ақпараттық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған.

Қазақстандық интернет-сегментін дамыту биылғы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Қазақ тіліндегі интернет-ресурстарды, мультимедиялық контентті және онлайн-платформаларды дамыту қажет. Тұрғындардың медиа сауатын арттыру үшін үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп медиа және ақпараттық сауаттылық аптасын өткізу жоспарланды.

Сонымен қатар министрлік мемлекеттік телеарналарды жетілдірудің жаңа тәсілдерін әзірледі. Бұл мемлекеттің ақпарат саясатты тиімді әрі сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. (2020 жылғы 30 желтоқсанда қабылданды, 2021 жылғы қаңтарда күшіне енді). Соған сәйкес, ақпаратқа қол жеткізуге жауапты уәкілетті тұлға институты енгізілді. Бүгінде бүкіл мемлекеттік органда жауапты адамдар анықталып, оқытылды. Қазіргі таңда олардың жалпы саны мың төрт жүзден асады.

Алғаш рет Мемлекет басшысына Қазақстандағы ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы жылдық есеп дайындалды. Баяндама қоғамда және сараптамалық ортада кеңінен талқыланды. Сондай-ақ Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында қаралды. Мәслихаттар сессиялары Ai-tube платформасында онлайн көрсетіле бастады.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын енгізу тәсілдері 2030 жылға дейінгі мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасында бекітілген. Бұл міндетті орындау мақсатында министрліктік мынандай жоспары бар. 

Бірінші. Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде жобаларды іске асыру. Атап айтқанда «мемлекеттік органдардың халықпен өзара іс-қимылын жүйелеу», «әлеуметтік тәуекелдерді бақылау мен болжамдаудың кешенді жүйесі», «ашықтық стандарттарын енгізу», «ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласында үздік практикалар мен халықаралық стандарттарды енгізу» және т.б.

Екінші. Мемлекет басшысына ұсынылатын ақпаратқа қол жеткізу саласында кезекті есепті дайындау. 

Үшінші. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдауға атсалысу. Құжат петиция институтын заңдастыруға бағытталған.

Төртінші. Ақпарат иеленушілердің ашықтық стандарттарын, сондай-ақ ақпарат иеленушілердің ашық отырыстарына қол жеткізу қағидаларын қабылдау.

Бесінші. Мемлекеттік органдардың ашық деректерінің бірыңғай тізбесін қайта қарау. Халық пен бизнестің сұраныстарын ескеру керек. 

Алтыншы. Мемлекеттік мекемелердің жұмысын БАҚ арқылы бағалау өлшемін енгізу. Қоғам мен БАҚ пікірін ескере отырып, жыл сайынғы бағалау жүргізіледі.

Жетінші. Орталық мемлекеттік мекемелер басшыларының халықпен кездесуін жаңа форматта өткізу. Бұл өзара байланысты күшейтеді. 

«Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда Тұжырымдама аясында қоғамдағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін ынталандыру және ілгерілету жұмыстары жүргізіліп келеді. Былтыр 24 желтоқсанда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер құқықтарын қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін атап өткім келеді. Құжат БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2022-2025 жылдарға арналған бірнеше қарарын іске асыруға бағытталған», — деді ақпарат министрі.

Сондай-ақ 2021 жылы «Мерейлі отбасы» конкурсын өткізу Ережесіне өзгерістер енгізілді. Еліміздің 17 өңірінен 17 үлгілі отбасы жеңімпаз атанды. Олар туралы роликтер мен сюжеттер БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. 2022 жылы «Мерейлі отбасы» конкурсын жаңа ақпараттық форматта өткізу жоспарланған.  

Рухани жаңғыру бағдарламасының алты негізгі бағыты бойынша бүгінде  17 арнайы жоба жүзеге асырылып келеді. Былтырдан бастап бағдарлама өскелең ұрпақты, әсіресе оқушыларды және мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуге басымдық берілді. «Ұлттық тәрбие», Tiji және Nickelodeon арналарының балалар контентін аудару секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.  

Қазіргі басты басымдық – «Ұлттық рухани жаңғыру» және Жол картасы жобаларын сапалы іске асыру. Бұл стратегиялық құжаттар Қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті, мемлекеттік тілді дамытуға, ұлттың мәдени кодын сақтауға және ілгерілетуге, жастардың жан-жақты дамуы мен өзін-өзі танытуына бағытталған.

Министрліктің бастамасымен 2021 жылы Еуразиялық ұлттық университетінде «Этнополитология» мамандығы бойынша магистратура ашылды. Этносаралық қатынастың өзекті мәселелері бойынша 15 әдістемелік ұсыным әзірленді. 23 семинар-тренинг ұйымдастырылды. Мемлекеттік және азаматтық сектордан 3 мыңнан астам адам қамтылды. 

Халық бірлігі пен келісімнің қазақстандық үлгісін насихаттау мақсатында 4 облыста республикалық дәріс ұйымдастырылды. Оған 2 мыңнан астам адам қатысты. Шет елдердегі отандастарымызбен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Биылғы қаңтардан бастап қандастар және шетелдегі этностық қазақтар мәселесімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі айналысады. 

Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспары аясында министрлікке этносаралық сала бойынша мынандай міндеттер жүктелген.

  • Тілдік және этностық белгісі бойынша ар-намысын таптап, қорлауға жол бермейтін кешенді шаралар қабылдау. 
  • Қазақстан халқының бірлігі мен этносаралық келісімді нығайтуға үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын барынша тарту. 

Сонымен қатар Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты базасында кәсіби келіссөз жүргізетіндер мен конфликтологтарды дайындау үшін Этномедиация орталығы құрылады.

ҚХА-ны 2025 жылға дейін дамытудың жаңартылған тұжырымдамасы бекітіліп, жүзеге асырыла бастайды. 

«Келесі маңызды бағыт - дін саласы. Жалпы, министрлік дін саласындағы қызметті үш негізгі бағытта жүргізеді. Олар: ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстары, интернеттегі діни экстремизмнің алдын алу және оған қарсы насихат жүргізу», — деді А. Омаров.

2021 жылы 28 мыңнан астам ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Соның ішінде 10 мыңы жастар арасында өтті. 

Интернетте діни экстремизмнің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс жалғасты. Мәселен, 2021 жылы діни экстремизм мен терроризмге шақырған 220 мыңнан астам заңсыз материал өшірілді және бұғатталды. Әлеуметтік желілердегі радикалды діни топтардан 156 мыңнан астам қолданушы (512 мыңнан 356 мыңға дейін) анықталды.

Оқушылармен жұмыс істеу мақсатында бірнеше жинақ әзірленді. Тұңғыш қазақстандық «MEIRMAN» комиксі, «Жоғары сынып оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттеріне арналған әлем діндерінің рухани-адамгершілік мәдениеті жөніндегі әдістеме» құралы және «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсының мұғалімдерге арналған оқу-әдістемесі әзірленді. 

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, елімізде деструктивті діни ағымдарды ұстанушылар саны азаймай отырғанын атап өткен жөн. Бұған негізгі себеп мыналар: жұмыссыздық, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендігі, материалдық қолайсыздықтар, сыни пайым деңгейінің төмендігі, дінтану мен құқықтық сауаттылықтың төмендігі, уағызшыларды, деструктивті діни ағымдар идеологиялық көшбасшыларын белсенді насихаттау.

Дін саласындағы заңнама жетілдірілді. «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында құжатқа жекелеген өзгерістер енгізілді. 

Ендігі жерде министрліктің алдында келесі шаралардың іске асыру міндеті тұр.

Бірінші. Қолда бар пікірталас алаңдары шеңберінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің XX Хатшылығы мен VII съезін және діни сенім бостандығы мәселелері жөніндегі Қазақстан-Америка сараптамалық жұмыс тобының бесінші отырысы өткізіледі. 

Екінші. Тиісті топтарға ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді жалғастыру (72% қамтылған). Экстремизмге шақыратын, деструктивті және радикалды діни көзқарастары бар адамдарды теологиялық-психологиялық тұрғыда оңалту (қамту – 72%). Сондай-ақ діни экстремизмге қарсы іс-қимыл шеңберінде интернетте алдын алу жұмысының тиімділігін арттыру қажет.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы жастар саясатында маңызды әрі ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Былтыр «Ұлттық Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы қабылданды. Онда жастарды қолдауға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» арнайы бағыты бар (8 көрсеткіш, 15 жалпыұлттық іс-шара). Аталған ұлттық жобада жастарды қоғамға бейімдеу, жұмысқа орналастыру, қоғамдық қызметке тарту сияқты жаңа мүмкіндіктерді дамытуға ерекше көңіл бөлінген.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш рет «Тәуелсіздік ұрпақтары» жеңімпаздарына грант тапсырды. Жоба ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және медиа аталымдары бойынша дарынды жастарды қолдауға арналған.

Мәжіліске 2021 жылы мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша заң жобасы енгізілді. Жастарды қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспары қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. 

Ведомство NEET санатындағы жастармен жүйелі жұмыс жүргізіп отыр:

  • Республикалық жобалау кеңсесі құрылып, жұмысқа кірісті;
  • Шағын және моноқалалардағы жастар ресурстық орталықтар базасын пайдаланып, өңірлерде жастар бастамаларын қолдайтын 15 бөлім ашылды. 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы жаңартылды. Оған Президенттік жастар кадр резервінің, республикалық жастар ұйымдарының өкілдері, жас кәсіпкерлер, ғалымдар мен белсенділер кірді. 23 гранттық жоба жүзеге асырылды. Соның арқасында 120 мың адам әлеуметтік қызметке қол жеткізді. 

Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспары шеңберінде министрлік бірқатар шара қарастырған. Бұл жастарды қоғамға бейімдеуге, өмір сүру дағдыларына үйретуге, кәсіптік бағдарлауға және жұмысқа орналастыруға бағытталған. 

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Сергеевич Данилов өз баяндамасында мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың жаңа тәсілдері туралы толығырақ айтып берді.

«Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспары шеңберінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастарды, әсіресе ауылдық және әлеуметтік жағынан осал жастарды әлеуметтендіруге, кәсіптік бағдарлауға және жұмысқа орналастыруға бағытталған бірқатар шараларды ұсынды. Бірінші кезекте, бұл жұмысқа азаматтық қоғамды тарту қажет, сондықтан біз барлық мемлекеттік органдарда консультативтік-кеңесші органдардың құрамын жаңарту рәсімін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Біз жастардың дербестігін көтермелеуге тиіспіз, жыл сайын барлық мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарау рәсімін енгізу, олардың тиімділігіне талдау жүргізу және тиімсіз бағдарламалардан арылу қажет», — деді вице-министр.

Сондай-ақ, оның айтуынша, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті дамыту қажет. Министрлік ұлттық тағылымдама бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр, оның шеңберінде жастарды өндіріске тарту және олардың алғашқы кәсіби дағдыларын алу үшін бірыңғай ойын ережелері әзірленетін болады.

Министрлік әкімдіктермен бірлесіп «Zhas project» жастар корпусын дамыту жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр, оның шеңберінде кемінде 1000 жас адам үшін бизнес ашу немесе шағын және моноқалаларда жұмысқа орналастыру және әлеуметтік осал жастарға қызмет көрсету және гранттар беру рәсімдерінің барынша ашықтығын қамтамасыз ету арқылы жас кәсіпкерлер кооперативтерін құру жоспарлануда. Министрлік БҒМ және әкімдіктермен бірлесіп моноқалаларда алғашқы жұмысшы мамандығын алу үшін мектептер жанындағы оқу-өндірістік комбинаттарды енгізуді жоспарлап отыр.

«Қоғам мен сарапшылардың үлкен сынына бірыңғай модель бойынша жұмыс істей алмайтын жастар ресурстық орталықтарының қызметі себеп болып отыр, оны қайта қарау және өңірге және жастар контингентіне байланысты сараланған тәсілді енгізу қажет. Бүгінде ЖРО үлкен жұмыс атқаруда. 2021 жылы біз олардың қызметін трансформациялауды NEET санатындағы жастармен атаулы жұмыс жөніндегі бөлімдер ашудан бастадық. Моно және шағын қалаларда барлығы 15 осындай бөлім құрылды. Осыған байланысты, тиісті білімі бар мамандар жұмыс істейтін ЖРО қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру міндеті тұр» , — деді А. Данилов.

ЖРО жастарға арналған проактивті консалтингтік қызметтерге, жастарды тарту орталықтарына айналуы, өңір жастары туралы бәрін білуі, барлық өзекті мәселелер бойынша кеңес беруі тиіс.

Бұдан басқа, жастар саясатының басты әдіснамалық орталығы болуға тиіс «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының қызметін трансформациялауды жүргізу жоспарлануда. Барлық мемлекеттік органдар, әсіресе жергілікті атқарушы органдар «Жастар» ҒЗО зерттеу қызметінің нәтижелеріне кедергісіз қол жеткізе алады, қажетті ақпаратты сұратып, ала алады.

Жастар саясатындағы барлық жаңалықтарды заңнамалық тұрғыдан бекіту үшін Министрлік «Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасын әзірледі.

Министрлік отбасын нығайту мәселелері бойынша одан әрі сүйемелдеуді жалғастырады.

Анықтама: заң жобасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың құқықтық тетіктерін ретке келтіру көзделген;

  • заңның мақсаттары мен міндеттерін, жаңа қағидаттарды айқындау;
  • ұғымдық аппаратты кеңейту;
  • зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі шараларды үйлестіруге, мониторингтеуге және бағалауға жауапты мемлекеттік органды айқындау;
  • ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі норманы бекіту;
  • тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе қауіп-қатер фактілері туралы хабарлауға құқығы бар адамдар тобын кеңейту;
  • уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылау;
  • орталық және жергілікті атқарушы билік органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары арасында өкілеттіктер мен функцияларды бөлу;
  • құқық бұзушыларға қатысты қорғау нұсқамасын немесе сотты, ерекше талаптарды және т. б. шығарған кезде оларды бақылау бойынша полицияның жауапкершілігін күшейту.

Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын одан әрі іске асыру жалғасады (екінші кезең: 2020 – 2022 жылдар). Тұтастай алғанда, жастар және отбасы саясатын іске асыру жөніндегі қызмет барынша ашықтық және жұртшылықты өзекті мәселелерді талқылауға ғана емес, сондай-ақ нақты бастамаларды іске асыруға тарту қағидаттарына негізделетін болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу