ҚР БҒМ есептік кездесуі: педагог мәртебесі, оқулықтар сапасы және қашықтан оқыту

Бүгін ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халық алдында есеп беру кездесуін өткізіп, министрлік жұмысының негізгі қорытындылары мен қызметінің нәтижелері туралы айтып берді.

Қазақстанда «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды және қазіргі жағдай бойынша республикада 347 мың педагог бар. Болашақ педагогтардың шәкіртақысы 2 есеге өсіп, ең жоғарғысына айналды.

«Біз педагогикалық мамандықтарға шекті балдарды 50-ден 75-ке дейін ұлғайттық. Біз үшін ең мықты түлектердің осы мамандыққа түскені өте маңызды. Педагогикалық мамандықтарға түсушілер үшін орташа балл 60-тан 90-ға дейін өсті. Бұл жерде біз мықты түлектердің педагогикалық мамандықтарды таңдайтынын байқап отырмыз. Өткен ҰБТ қорытындысы бойынша "Алтын белгі" иегерлерінің саны 2 есеге артты», — деді министр.

А. Аймағамбетов сондай-ақ педагогтардың құқықтарын қорғау мәселесіне назар аударды.

«Біз педагог толтыруы тиіс құжаттар санын азайттық. Күн сайынғы мұғалімнің есебі 2 құжатқа дейін қысқартылды. Біз педагогтарды өзіне тән емес функциялардан босаттық, әр өңірде педагогикалық этика бойынша кеңестер құрылды», — деп атап өтті А. Аймағамбетов.

Министрлік алдында жаңа міндеттер тұр — бұл түлектерді сертификаттау. 2021 жылы түлектер кәсіби жарамдылыққа сертификаттаудан өтеді, сондай-ақ 2025 жылға қарай мұғалімдердің жалақысын 2 есеге арттыру, педагогтерге біліктілік санаттары үшін 30-50%-ға қосымша ақы төлеу жоспарда бар.

«Біз мектепке дейінгі ұйымдардың, мектепке дейінгі оқыту мен білім берудің жаңа моделін дайындадық. Дәл осы жаста негізгі басым қызмет түрі – ойын түрі. Біз модельді қайта қарадық, көптеген мамандар қатысты. Біз мемлекеттік, жалпы қабылданған стандарттар мен үлгілік оқу жоспарларын қайта қарайтын боламыз», — деп уәде берді А. Аймағамбетов. 

Министрдің айтуынша, орта білім беруде оқулықтармен қамтамасыз ету және олардың сапасы басты мәселе болып қала береді.

«Біз оқулықтарды әзірлеу мен сараптаудың жаңа тәсілдерін дайындадық. Бұл типтік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын сараптау, оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар, оқулық авторлары мен сарапшыларын оқыту және сертификаттау, сондай-ақ сараптама мен апробацияның жаңа әдістемесі мен құралдары», — деп атап өтті ведомство басшысы.

Министрлік дарынды балаларға ерекше назар аударады, алайда А. Аймағамбетовтың пікірінше, назар тек дарынды балаларға ғана емес, үлгерімі нашар балаларға да аударылуы тиіс. 

2020 жылы қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 437 медаль жеңіп алды. Жалпы, пандемия мен қиындықтарға қарамастан, дарынды оқушылар жақсы нәтиже көрсетуде.

Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 102 мемлекеттік және 56 жекеменшік мектеп салынды. 53 мың орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Жалпы, қысқа мерзім ішінде, 1,5-2 жыл ішінде жекеменшік мектептер саны екі есеге артты.

Министрдің айтуынша, елімізде алғаш рет қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын болады, шығармашылық бағыттар дамиды. Бұл робототехника ғана емес, сондай-ақ музыка мектептері, би үйірмелері, шығармашылық мектептері және басқа да бағыттар болады.

Министр атап өткендей, эпидемиологиялық жағдайға байланысты аурулардың өсуіне қарай әрекет етуге тура келді, осыған байланысты жыл бойы оқыту форматы өзгерді. Жалпы, бір миллионға жуық бала дәстүрлі форматта білім алды. 3 тоқсаннан кейін көп бала қашықтан оқудан шықты. 

«Біз келесі жылы вакцинация мен санитарлық шаралардың арқасында дәстүрлі оқыту форматына көшеміз деп үміттенеміз», — деді А. Аймағамбетов.

Өткен жылы білім бөлімдерін білім басқармаларына беруге қатысты үлкен реформа жүргізілді. Оның ішінде — қаржыны аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру. Жүйе қаңтардан бастап жұмыс істейді.

Министрдің айтуынша, реформаның нәтижелерін алдағы бір-екі жылда көруге болады. 

Сонымен қатар мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша маңызды жұмыс жүргізілді.

«Біз мектептер мен колледждердің аттестациясын қайтардық. Бұл мәселе бойынша заң қабылданды. Енді сапаны бақылау, балаларымыздың білім жетістіктерін мониторингілеу тұрғысынан бұл маңызды шешім деп санаймын», — деді А. Аймағамбетов.

Сондай-ақ өткен жылы «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруда елеулі өзгерістер болды. Бұдан былай 6 турдың орнына үміткерлер 3 турдан, кешенді тестілеуден өтуі керек. Республикалық комиссия жұмысының форматы өзгертілді. Квота санаттары алып тасталды.

Шетелде тілдік біліктілікті арттыру курстары да болмайды. Бұл Қазақстанда қазір тілдерді, әсіресе ағылшын тілін үйрену үшін жеткілікті мүмкіндіктердің болуымен байланысты.

Сондай-ақ, қазір мемлекеттік тапсырыс мамандықтар бойынша қажеттілікке қарай бөлінетіні өте маңызды. Егер 20 медицина қызметкерін дайындау қажет болса, онда сәйкесінше 20 орынға квота бөлінеді. Бұл елді ең қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кадр саясаты мәселесі де шешілді.

«Біз мектеп директорларын ротациялаудың жаңа институтын енгіздік. Бұл өте маңызды шешім, бірақ бұл бір жыл ішінде біз барлық директорларды бір аймақтан екінші аймаққа ауыстырамыз дегенді білдірмейді. Сонымен қатар біз бір әкімшілік-аумақтық бірлік аясындағы ротация туралы айтып отырмыз. Бұл мектеп директорларын тағайындаудың жаңа жүйесіне қатысты. Енді мектеп директорларын жұмысқа қабылдау меритократия қағидаттары бойынша конкурстық рәсімдер арқылы өтетін болады. Бұл осы процесте орын алған қандай да бір тәуекелдерді жоюға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді ҚР БҒМ басшысы.

Сондай-ақ министр кадрлық резерв және сертификаттау туралы маңызды мәселеге тоқталды.

Биылдан бастап мектепке жұмысқа орналасуға келетін барлық ЖОО түлектері сертификаттау рәсімінен өтетін болады. Олар ұлттық біліктілік тестін тапсырып, ең төменгі балл жинап, сабақты қалай өткізетінін көрсетіп, педагог біліктілігін алуы тиіс. Осыдан кейін ғана ол осы мамандық бойынша жұмыс істей алады.

Балалардың құқықтарын қорғау бойынша маңызды мәселе — тамақпен қамтамасыз ету мәселесі. Қазіргі уақытта мектептерде балаларды тамақпен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік сатып алу электрондық форматқа көшірілді.

Мектеп асханаларында қолма-қол ақшасыз төлем жасау мүмкіндігі енгізілетін болады.

Сонымен қатар, асханаларда, атап айтқанда, тамақ дайындау аймақтарында бейнекамералар орнатылады. Жалпы, мектептердегі тамақтану сапасын бақылайтын комиссиялардың жұмысы тиісті нормативтік құқықтық құжатта көрсетілген.

Отандық ғалымдар үшін де жақсы мүмкіндіктер туындады. Мәселен, 500 ғылыми қызметкер халықаралық тағылымдамадан өте алады. Жобаны «Болашақ» бағдарламасы арқылы іске асыру жоспарлануда. Осылайша, қазақстандық ғылыми қызметкерлер тек жоғары оқу орындарында ғана емес, ғылыми ұйымдарда да тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болады.

А. Аймағамбетов халықтың сұрақтарына жауап бере отырып, мектептерде дәстүрлі оқыту форматына оралу шарттары туралы айтып берді.

«Пандемия кезеңінде орта мектеп мұғалімдері мен оқушылары мектептерде дәстүрлі оқыту түріне тезірек оралуды қалайтыны туралы жиі айтты. Есептік кездесу барысында бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ», — деді министр.

Оның пікірінше, барлығы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға және қоғамға байланысты.

«Мен бүгінгі таңда мемлекет қабылдап жатқан вакциналау қарқыны мен эпидемияға қарсы шаралар келесі оқу жылында мектептерді ашып, дәстүрлі оқыту форматына оралатынымызға сенуге негіз береді деп үміттенемін. Тағы да айтамын, бұл бәрімізге байланысты», — деді А. Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, ең бастысы – халықтың көп бөлігін вакциналау және барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен шектеулерді сақтау.

Республикалық педагогикалық кеңесте А. Аймағамбетов педагогтерді вакциналауға белсенді қатысуға шақырды, олар бірінші қатарда болуы тиіс деп мәлімдеді.

«Егер біз жаңа оқу жылының басында мектептерді ашқымыз келсе, әріптестеріміздің, ең алдымен педагогердің басым көпшілігі вакцина алмаған болса, бұл мүмкін болмайды. Бұл ерікті процесс болса да, мен сіздерді мұнда белсенділік танытуға шақырамын. Менің өзім вакцина алдым, қасымда жұмыс істейтін барлық әріптестер – вице-министрлер, департамент қызметкерлері, барлығы вакцина алды. Біз үлгі көрсетуіміз керек», — деді А. Аймағамбетов.

Сонымен қатар, пандемия кезеңінде жинақталған қашықтан оқыту тәжірибесін сақтау қаншалықты мүмкін екендігі туралы сұрақ қойылды.

Министрдің айтуынша, қашықтан оқыту зерттеледі, жетілдіріледі және қандай да бір жағдайда сақталады.

Қауіпсіздік мәселесі мектептерде әрдайым өзекті болып қала береді, ал Қазан қаласындағы қайғылы оқиғадан кейін ол әсіресе, өзекті бола түсті.

«Әрине, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік туралы сөз болғанда, бұл тек білім беру ұйымдарының, директорлар мен ұжымдардың күш-жігерімен ғана жүзеге асуы тиіс емес. Олар бұл проблемамен жалғыз қалмауы керек. Тиісті министрліктер де белсенді қосылуда, қазір үлкен әдістемелік жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді А. Аймағамбетов.

Оқыту курстарына қатысты министр бұған дейін өткен педагогикалық кеңесте өзінің қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне «қандай да бір науқан тәрізді» қарауға болмайтынын еске салғанын айтты.

«Қазір барлығы белгілі бір курстардан өтуге асықты. Бұл курстардың мазмұны, курстардың өздері әлі де белгілі бір жерлерде күмән тудырады. Біз қазір Жол картасын әзірлеп, жүзеге асырып жатырмыз. Біз әзірлеген іс-шаралар бойынша біртіндеп, жүйелі, кешенді әрекет ету қажет», — деді А. Аймағамбетов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды нәрсе оқу орындарын, әсіресе, қалалық мектептерді бейнебақылау камераларымен жабдықтау болып отыр.

«Бұл камералардың орналастырылуы, сапасы, арнайы күзет компанияларымен қамтамасыз етілуі, дабыл түймелерімен қамтамасыз етілуі, психологиялық қызметтердің жұмысы. Бұл мәселелердің барлығы кешенді түрде шешілуі тиіс», — деді министр.

Бірақ оның пікірінше, ұжымның да, балалардың да құзыреттіліктеріне байланысты мәселелерді шешу өте маңызды.

«Көптеген адамдар Қазан қаласында болған оқиға туралы айтады, бірақ біз сонымен қатар алыс шет елдердің көптеген мектептерінің кейстерін зерделедік. Оларда мұндай жағдайларда үн қатудың көмегі өте зор. Мұндай жағдайларда балалар, мұғалімдер және жалпы мектеп қызметкерлері өздерін қалай ұстауы керек, біз осы мәселеге басымдық беру қажет деп санаймыз», — деді А. Аймағамбетов.

Қауіпсіздік тұрғысынан өңірлерде мектептерде жылы дәретханалардың болмауы да проблема тудырып отыр. А. Аймағамбетов осы тақырыпқа түсінік бере отырып, жергілікті атқарушы органдар бұл бағыттағы жұмысты тұрақты жүргізіп отыратынын атап өтті.

«Президенттің тапсырмасы бар екенін білесіздер. Осыдан бір жыл бұрын елімізде 1,7 мың аула дәретханасы болған. Бір жыл ішінде 1,6 мың жылы дәретхана салынды», — деді А. Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, бүгінде 100 дәретхана мәселесі әлі де бар.

«Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Біз жақында, ең әрісі 1 қыркүйекке дейін бұл міндетті толығымен шешу міндетін қойдық. Жақында ғана біз бұл мәселені ҚР Үкіметі жанындағы балалардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияда қарадық», — деп түйіндеді А. Аймағамбетов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу