Құрылыс материалдарын шығару, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамыту: Солтүстік Қазақстан облысының биылғы жылғы даму қорытындысы қандай

2021 жыл – халықтың өмір сүру сапасын  жақсартатын нақты істер кезеңі болды, солтүстік өңірде жыл бойы экономиканы дамытуға бағытталған көптеген жобалар іске асты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биыл атқарылған жұмыстарға нақты тоқталған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді.  

Оның айтуынша, облыс экономикасы қиындықтарға қарамастан дамып келеді, нгізгі салалар бойынша өсім бар. Атап айтқанда, халықтың табысы өсіп келеді және жалпы еңбекақы қоры ұлғаюда.  Биыл 9 айда барлық солтүстікқазақстандықтардың еңбекақысы 178 млрд теңгеге жетті (2020 ж. - 151 млрд теңге) немесе бір жылда еңбекақы қоры 18%-ға көбейді. Облыста орташа еңбекақы деңгейі 19%-ға өсті. Тиісінше, зейнетақы қорына түскен қаржы көлемі 22%-ға ұлғайды. 

Жыл басында 12 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндеті қойылған еді, жоспар толық орындалды. 

Экономиканың дамып жатқанының тағы бір белгісі – салық түсімдерінің өсуі. Былтыр облыс қазынасына 58 млрд теңге салық түсті, биыл оның көлемі 67 млрд теңгеге жетпек.

Облыс бюджеті былтырғы жылмен салыстырғанда 323 млрд теңгеден 393 млрд теңгеге дейін немесе 22%-ға өсті. Осының арқасында әлеуметтік маңызы бар көптеген жобалар жүзеге асты. Әсіресе, ауылдардың инфрақұрылымын жаңартуға көп қаржы бөлінді. Биыл 132 ауылды жаңғыртуға 22 млрд теңге бағытталды. Бұл қаржыға елді мекендерде мектептер, емдеу мекемелері, ауыл жолдары және су желілері жөнделді. 

Ауыл шаруашылығы саласында биыл инвестиция көлемін 140 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Қазақстандағы агроинвестицияның 4/1 бөлігі солтүстік облыстың үлесінде. Биыл агроөнеркәсіп саласында 48 млрд теңгеге 34 жоба жүзеге асуда. 

Сондай-ақ майлы дақылдардың алқабын ұлғайту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Тәуелсіздік алған жылдары облыста майлы дақылдар 51 мың га жерге себілсе, қазір оның көлемін 1 млн га дейін жеткізілді.  Енді майлы дақылдарды қайта өңдеу жұмысы қолға алынады. Қазір облыста майлы дақылдарды өңдейтін жылына 370 мың тоннаға дейін майлы дақылдарды өңдей алатын Қазақстандағы ең қуатты зауыт салынуда. Жаңа кәсіпорын облыстағы майлы дақылдардың 90%-ын өңдеуге мүмкіндік береді.

Облысқа 15 млрд теңге инвестиция тартылады. 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. 

Өңірде 7 астық сақтау қоймасы мен тұқым шығаратын зауыт салынуда. 3 мың тоннаға жуық көкөніс өндіретін жылыжай құрылысы басталды. 

Солтүстік Қазақстан облысы республика бойынша сүт фермаларын салу бойынша көш басында келеді. Қазақстанда биыл 29 сүт кешені салынуда, оның жартысы осы облыстың үлесінде. 

«Қазір елімізде сүт өндірісімен 500 шаруашылық айналысады, оның 90-ы біздің облыста орналасқан. Яғни, әрбір бесінші ферма солтүстікте шоғырланған. Биыл 16 ферманың құрылысын бастадық, жыл соңына дейін 10 кешенді іске қосамыз. Тек осы фермаларда ғана 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа фермалар қосымша  45 мың тонна өнім бермек.  Осы жобалардың арқасында бір жылдың ішінде сүт өндіру көлемі 598 мыңнан 630 мың тоннаға дейін өседі», – деді Қ. Ақсақалов. 

Жыл сайын сүтті қайта өңдеу көлемі ұлғайтылуда. Өңірдегі екі сүт зауыты өндірісті жаңғыртуға және заманауи желілерді іске қосуға 15 млрд теңге бөлді.

Тамыз айында «Маслодел» зауытында сүт өнімдерін шығаратын жаңа желі іске қосылды. Кәсіпорынның қуаттылығы 87 мыңнан 119 мың тоннаға дейін өсті. Қосымша 85 адам жұмысқа орналасты. 

Қазақстан былтыр 23 мың тонна ірімшік өндірді, осыншама көлемде өнім импортталды. 

«Ел тұрғындарын бұл өніммен толық қамтамасыз ету үшін 8 зауыт ашу керек. Біздің облыста осындай бір кәсіпорын салынды. Жуырда «Евразиан милк» жаңа зауыты іске қосылып, өңірді ірімшікпен толық қамтамасыз етеміз. 2,5 мың тонна ірімшік өндірмек. 120 жұмыс орны ашылады», – деді облыс басшысы.

Осы жобалардың арқасында облыста өндірілетін сүттің 60%-ын қайта өңдеу мүмкіндігі бар. Бұл 350 мың тонна, ал Қазақстан бойынша барлығы 1 млн тонна сүт қайта өңделеді. 

Ет өндіруді 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін өсіру жоспарда бар. Бұл мақсатқа жету үшін 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы салынуда.

Қазір елімізде тұтынылатын құс етінің 40%-ы – импорттық өнім. Импорт көлемін қысқарту үшін Қазақстанда 11 құс фабрикасы салынады. Облыста 2 жаңа құс фабрикасының құрылысы басталып кетті, соның бірі Аққайың ауданында бой көтеруде. 

Қазақстандық компания бройлер құс фабрикасының құрылысына 5,4 млрд теңге инвестиция салды, 168 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа кәсіпорын жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін болады. Осылайша, облыстың құс етіне деген қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі.

Қой шаруашылығын дамыту үшін өңірлік бағдарлама қабылданды. Облысқа 13 мың бас қой жеткізілді, 3 асыл тұқымды репродуктор құрылды.

Өнеркәсіп дамытылып, перспективалы инвестициялық жобалар іске асырылады. Әкімнің айтуынша, бұл индустриялық экономиканы трансформациялауға мүмкіндік береді.

Облыста сондай-ақ ламинатталған фанера комбинаты мен жұмсақ контейнерлер шығаратын фабрика іске қосылды. Жыл өтті, жаңа кәсіпорындар жақсы нәтижелер көрсетуде. Мысалы, фанер комбинаты іске қосылған сәттен бастап 8,5 мың текше метр өнім шығарды.

Біздің елге жыл сайын 90 мың текше метр фанер импортталатынын ескерсек, осылайша, республиканың осы өнімге деген барлық қажеттілігінің 10%-ы өтелді. Зауытта ламинатталған фанераға сұраныстың 30%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Қазір комбинат 100% жүктелген, 3 ай бұрын жасалған тапсырыстар бар.

Бұл инвесторда ағаш-жоңқа тақтайшаларын (ДСП) шығаратын зауыттың жобасы бар. Инвестиция көлемі 4 млрд теңгені құрайды. Жаңа жобаны іске қосу өңірдің жиһаз саласын дамытуға серпін береді.

Жұмсақ контейнерлер шығаратын фабрика айналымын ұлғайтуда. Ашылған күннен бастап 1,2 млрд теңгеге 220 мың биг-бэг шығарылды. Кәсіпорынға тапсырыс берушілер – «Қазмырыш» және «Қазақмыс» сияқты танымал компаниялар.

Биыл елімізде құрылыс материалдары айтарлықтай қымбаттады, ал облысқа олар сырттан әкелінеді. Құрылыс материалдарын басқа аймақтардан тасымалдау соңғы құнға әсерін тигізеді. Бұл мәселені шешу үшін облыс аумағында құрылыс материалдарының өндірісін ұйымдастыру қажет.

Өңірде қазір кірпіш зауытының құрылысы аяқталуда, ол өңірдің кірпішке деген қажеттілігінің 30%-ын өтеуге мүмкіндік береді.

Сұранысқа ие тағы бір құрылыс материалы – автоклавты газоблок. Жақында облыс орталығында автоклавты газоблоктар мен плиталар шығаратын зауыт ашылады. Қазірдің өзінде кәсіпорын құрғақ құрылыс қоспаларын шығаруды жолға қойды. Зауыттың қуаттылығы жылына 13 мың тонна дайын өнімді құрайды.

Тағы бір перспективалы бағыт – қағаз өнімдерін өндіру. Қазір біздің елге шығарылғаннан 2 есе көп қағаз өнімдері импортталады. Қағаз импортын төмендету үшін облыста инвестициялық жобаны іске асыру басталды. Мәселен, Петропавлда майлықтар, гигиеналық және кеңсе қағаздарын шығаратын қағаз бұйымдар фабрикасын салынуда.

«Қызылжар» арнайы экономикалық аймағының аумағында электротехника зауыты және «CLAAS» ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі кәсіпорын сияқты перспективалы инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қағаз өнімдерін өндіру бойынша тағы бір жобаны іске қосу күтілуде.

Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің дамуы шағын және орта бизнесті жоғары жылжытуда. Соңғы жылдары біздің облыста кәсіпкерлер саны 2,7 мыңға артты, ШОБ өнімдерін шығару 5 жылда 2 есеге, 374 млрд теңгеден 776 млрд теңгеге дейін өсті. Айта кету керек, бюджеттің кіріс бөлігінде шағын және орта бизнес салықтарының үлесі 49%-дан 61%-ға дейін өсті. 

Мұндай жобалар аз емес, олар көрсеткіштерді жақсарту үшін негіз бола алады. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіпте 360 млрд теңге сомасына өндіріс көлемі күтілуде. Бір жыл ішінде ол 45 млрд теңгені көрсетті  (2020 ж. – 315 млрд теңге).

Облыс инвесторлар үшін тартымды болуда. Бұған сандар дәлел бола алады. Инвестиция көлемінің өсуі 12%, яғни 286 млрд теңгеден 320 млрд теңгеге дейін құрайды.

Инфрақұрылым бойынша. 2021 жылы облыс бойынша жол желісін жөндеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Жол төсемі 813 шақырым жолда, оның ішінде елді мекендерде жақсарды. Өткен жылдағыдай, кентішілік жолдарды жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жалғастырылды. 44 ауылда асфальт төселді.

Биылғы жылы жақсы жолдардың үлесі 74% құрады, 4 жыл ішінде оны 98%-ға жеткізу жоспарланған. Жөндеу жұмыстарымен 2,1 мың шақырым жол қамтылады, осы жолдардың бойында 350 ауыл бар.

Өңір үшін өзекті мәселелердің бірі – сумен жабдықтау. 2021 жылы облыс бойынша оны қаржыландыру 1,8 есеге – 11,4 млрд теңгеге дейін артты. 49 елді мекенде ауыз судың сапасы артты.

Облыс үшін басты индикатор – үйлерде судың болуы. Бір жыл ішінде ауылдарда 159 км желі тартылып, 3 мың отбасы орталық сумен жабдықтауға қосылды. 11 мың адам тұртын 18 ауыл қосылған Преснов топтық су құбырының екінші кезегі іске қосылды. Келесі жылы сумен жабдықтау саласына 9 млрд теңгеден астам қаржы бағыттау жоспарланған.

Алдағы 4 жылда 78 ауылда су мәселесі шешілетін болады. Ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз ету 83,5%-дан 100%-ға дейін артады.

Құрылыс саласында 2021 жылы өсу кезеңі байқалды. Облыс бойынша 53 көпқабатты үй салынуда, оның 23-ін жеке құрылыс салушылар салуда. 3,5 мың пәтер тапсырылады. 12 мың солтүстікқазақстандық жаңа баспанаға ие болады.

Биыл 340 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, келесі жылы 400 мың шаршы метрге дейін тұрғын үй салу жоспары қойылған. Бұған жаңа және өтпелі жобалар негіз болады.

«Жас Өркен», «Береке» және «Орталық» ықшамаудандарын салу жалғасуда. «Қопай» және «Набережный» ықшамаудандарының құрылысы өз кезегін күтуде. 

Жаңа жөндеу бағдарламасы апаттық және ескірген тұрғын үйлерді бұзуға мүмкіндік береді. Қала бойынша барлығы 1,7 мыңнан астам ескі және көне үйлер бұзылды. 6 мыңға жуық қала тұрғыны тұрғын үй жағдайын жақсартты.

Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы дамытылуда. Солнечный-2 және Южный шағын аудандарына барлық қажетті инфрақұрылым жеткізіледі. Бұл – сумен жабдықтау, жолдар мен электр желілері. 3 мың дайын жер телімін ЖТҚ кезегінде тұрғандар алады.

5 жыл ішінде 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй, яғни 21 мыңнан астам пәтер салу көзделген. 70 мың адам, яғни облыстың әрбір жетінші тұрғыны баспаналы болады. Айта кету керек, тәуелсіздік жылдары өңірде 5 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Қалалық қоғамдық көлікті жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілді. 100 жаңа және жайлы автобус сатып алынды. Қала бойынша маршруттарға 180 автобус шығатынын ескере отырып, автобус паркінің 60%-ы бір уақытта жаңартылды.

Сондай-ақ, электронды билеттендіру жүйесі енгізілді, жолаушылар жол жүру ақысын картамен, QR код арқылы және тікелей байланыссыз тәсілмен төлейді. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу ашық есеп жүргізуге мүмкіндік берді, оның алғашқы оң нәтижелері байқалуда. Цифрлық жүйенің мәліметтері бойынша, биыл қыркүйектен қарашаға дейін 6,6 млн жолаушы тасымалданды. Сонымен қатар, тасымалдаушылар қала тұрғындары 2020 жыл бойы осынша рет сапарлағанын айтады. 

«Жалпы, қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшу бойынша мақсатты жұмыс жүргізілді. Облыс бойынша қазан айында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үлесі 62% құрады. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 17%-дан сәл ғана асатын», — деді Қ. Ақсақалов.

Әкімнің айтуынша, білім беру саласында да оң өзгерістер көп. Биыл  4 млрд теңгеге 52 білім мекемесі күрделі жөндеуден өткізілді. Мектептерді жаңарту жұмысы үшінші жыл атқарылуда. Осылайша, облыстағы барлық мектептердің 64%-ы жаңартылды, 84 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Мектептерге 18 автобус алынды. 

Облыс орталығында 900 балаға арналған қазақ тілді мектеп ашылды. Ауылдарда екі мектеп салынады. Қалада 1,2 мың орындық тағы бір мектептің құрылысы  басталады. Жалпы, алдағы жылдары өңірде 15 мектеп салынбақ. 

Биылғы жылы 5 ауылдық колледж 1,4 млрд теңгеге материалдық-техникалық базаны жаңартты. Студенттерге тәжірибелік білімдерге арналған жаңа комбайндар, тракторлар және басқа да жабдықтар сатып алынды. Небәрі 2 жылдың ішінде өңірдегі мемлекеттік колледждердің жартысына жуығы жаңартылды.

Заманауи зертханалары бар оқу-зертханалық корпустың құрылысы жалғасуда. Әскери институт үшін де жаңа корпустар салынуда.

Әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарының бірі – Аризона университетімен келіссөз жүргізілді, ол өзінің цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді, қос дипломды білім беруді енгізу жоспарлануда.

Денсаулық сақтау саласында медициналық жабдықтарды жаңарту және жаңа емдеу мекемелерінің құрылысы жүріп жатыр. Ауруханалар заманауи МРТ, КТ, ангиограф және рентген аппараттарымен жабдықталуда. Тәулік бойы қызмет көрсететін МРТ кабинеті жұмыс істей бастады, бұл кезектілікті айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.

Қалалық және балалар ауруханасында 2 жаңа компьютерлік томограф орнатылады. Қолда бар КТ басқа медициналық ұйымдарға қайта бөлінетін болады.

Көпсалалы аурухана корпустарының құрылысы жалғасуда. Құрылыс алаңында 250 адам жұмыс істейді. Аурухана озық техникамен жабдықталатын болады. 

«Біз пациенттердің басқа өңірлер мен елдерге кету проблемасын шеше аламыз, медициналық туризмді дамытатын боламыз», — деді әкім.

«Қолжетімді медицина» қағидаты іске асырылуда. «Береке» және «Жас Өркен» ықшамаудандарында жаңа емханалар пайда болады. Ауылдық жерлерде 47 медициналық нысанның құрылысы басталады. Сонымен қатар кадр тапшылығы мәселесі шешілуде. Биыл өңірге 103 жас дәрігер, оның ішінде 36 шағын бейінді маман келді. Алғаш рет еліміз бойынша рекордтық көлемдегі көтермеақы – 2,5 млн теңге төленді.

Спорт бойынша. Президенттің тапсырмасы бойынша өңірде мемлекеттік-спорттық тапсырыс жүзеге асырылуда. Облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлінді. Осы жобаның арқасында балалар спорт секцияларында тегін жаттығуға мүмкіндік алды. Бүгінде 2,1 мың бала спорт түрлері бойынша тегін жаттығады. Облыс бойынша барлығы 3,2 мың бала ақылы секцияларға барды. Жыл соңына дейін барлығы тегін үйренуге ауыстырылады.

Өңірде спорттық инфрақұрылым дамып келеді. Қазір 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 2 хоккей корты ашылады. Спорттық интернат-колледж тәрбиеленушілері үшін жатақхана салынуда.

Журналистің спорт тақырыбындағы сұрақтарына жауап берген Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласындағы стадионды қайта жөндеу жұмыстарының қалай жүргізілетініне тоқталды.  

«Біздің стадион Қазақстан бойынша адам ең көп келетін стадиондардың бірі, демек, стадионды қайта жөндеу қажет. UEFA еурокубокты қабылдаушы стадиондар үшін жоғары стандарттар қояды. Қазір ЖСҚ әзірлеу мәселесі пысықталуда, содан кейін қайта жөндеуге жұмсалатын сома белгілі болады», — деді әкім.

Ол стадионның футболшылар мен жанкүйерлер үшін жаңартылатынын, жақсартылған спорттық инфрақұрылымның футболды дамытуға оң әсерін тигізетінін айтты. Сонымен қатар, «Қызылжар» командасының негізінде жергілікті футболшылар саны артуда, қазір футбол орталығында 350 бала жаттығады. 

Журналистің жекешелендіру туралы сұрағына жауап бере отырып, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі бүкіл ел бойынша мемлекеттік объектілерді жекешелендіру науқаны жүріп жатқанын айтты. Оның айтуынша, облыс бойынша жекешелендіру жоспарына 2021 жылы 7 нысан енгізілді, оның 4-уі сатылды. Бір нысан жойылды, тағы біреуі банкроттық рәсімінен өтуде. Тағы бір нысанды таратуға құжаттар дайындалуда.

«Бұл атқарылуы тиіс жұмыс, себебі мемлекет коммуналдық кәсіпорындарды ұстауға шығындалмауы және және бизнеспен айналыспауы керек: бизнес бизнесті қалай жүргізу, шығындарды оңтайландыру және қызмет көрсету саласын қалай жақсартуды мемлекеттен гөрі жақсы біледі. Сондықтан мұндай құрылымдарды бәсекелестік ортаға беру керек», — деді Қ. Ақсақалов. 

Облыстағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қатысты сауалдарға жауап бере отырып, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасының өсуін тежеу бойынша жүргізілп жатқан жұмыстарға тоқталды. 

«Бүгін біз тұрақтандыру қорынан картоп пен сәбізді 115 теңгеден, қырыққабат пен пиязды 95 теңгеден, супермаркеттерде әлеуметтік нан 73 теңгеден сатылады, бұл ҚР бойынша ең төмен бағалардың бірі. Тұрақтандыру қорына өнімдер жеткілікті көлемде сатып алынды. Осылайша, маусымаралық кезеңде бағаның өсуін тежейміз», — деді облыс басшысы.

Тұрғындарды көмір қорымен қамту мәселесі бойынша, облыста 4,7 мың тонна көлемде көмір қоры бар, оның бағасы 8 мың теңгеден 17 мың теңгеге дейін. 

«Көмір жылыту маусымы бойы жеткізілетін болады. Қалада күн сайын 500 тоннадан 1 500 тоннаға дейін көмір сатылады. Жаз айларында тұйықтарда қажетті көмір қоры болған. Халыққа көмірді алдын ала алу қажеттігі туралы бірнеше рет хабарланды. Қазан айында Шұбаркөл көміріне қатысты мәселе туындады, оны жеткізуде іркілістердің орын алу себептері вагондардың разрездерге уақтылы жеткізілмеуімен және тиеу кестесінен қалып қоюмен байланысты болды», — деді әкім. 

Облыс әкімдігі, ҚР ИДДМ, ҚТЖ және «Шұбаркөл көмірмен» бірлескен жұмыс барысында көмірдің қажетті көлемін жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді. 

Шұбаркөл көмірі сатылатын тұйық Петропавл қаласында орналасқан. Осы тұйықта 2020 жылы 35 мың тонна көмір, ал биыл 51 мың тонна көмір сатылды, яғни, биылғы жылы Шұбаркөл көмірі 40%-ға көп сатылды.

Облыс тұрғындарын газбен қамту мәселесі бойынша. Бүгінгі күні облысқа газ тарту «Сарыарқа» құбыры арқылы  қарастырылуда. Бұл жобаның екінші кезеңінде Ақмола және СҚО газ тарту қарастырылған. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі түзетуден өтуде. Одан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталады.

«Алдын-ала есептер бойынша облысымызға газ жүргізу құны 140 млрд теңгені құрайды. 457 мың адам тұратын 139 елді мекенді қамтимыз», — деді Қ. Ақсақалов. 

Солтүстік Қазақстан облысында 635 ауылдық елді мекен, оның ішінде ауыл халқының 82%-ы (245 мың адам) тұратын 307 перспективалы (тірек – 94 АЕМ, серіктес – 190 АЕМ, шекара маңындағы – 23 АЕМ) бар, 328 ауыл – басқалары (55 мың адам).

Жыл сайын ауыл инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат бөлінеді. Облыстың 132 ауылын жаңартуға 22 млрд теңге бағытталды. Бұл ауылдарда мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, кентішілік жолдар және сумен жабдықтау желілері жөнделді.

Мәселен, Уәлиханов ауданында ауылдарды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Биыл Амангелді ауылдық округіне «Амангелді-Агро» ЖШС инвестиция салуда, 12 тұрақты және 15 уақытша жұмыс орны құрылды.

2020 жылдан бастап Ақбұлақ ауылдық округінде «Орда Солтүстік» ЖШС инвесторы жұмыс істейді, ол 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салып жатыр. Бүгінде мал шаруашылығы базаларының құрылысы жүргізілуде. Қазірдің өзінде 1,2 мың ірі қара мал әкелінді. 15 жұмыс орны құрылды. Жалпы, биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 14 152 адам, ал  Петропавл қаласы бойынша 3 422 адам жұмысқа орналастырылған.  

Биыл шекара маңындағы Қаратерек ауылында (212 адам) ұялы байланыс орнатылды. 2022 жылы Амангелді ауылдық округінің Тілеусай (205 адам) және Ақбұлақ ауылдық округінің Қарашілік (125 адам) елді мекендерін ұялы байланыспен қамту жоспарлануда. 

Жалпы, осы ауданда өткен жылы 5 мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, 8 ауылға көше жарығы орнатылды. 3 ауылда кентішілік жолдарға қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс 2022 жылы да жалғасатын болады.

Ал Петропавл қаласында ескі тұрғын үйлерді бұзу және жаңа ықшамаудандарды салу осы аудандарда тұратын халықтың мүддесін ескеру тұрғысынан қаншалықты ұтымды деген сауалға орай облыс әкімі облыста тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы жұмыс істейтінін айтты. Бағдарлама инвесторларды тарту арқылы апатты жағдайдағы және ескірген тұрғын үйлерді бірлесіп бұзуға мүмкіндік береді.

«Биыл қала бойынша барлығы 1,7 мыңнан астам ескі жеке үйлер бұзылды (2021 ж. - 463). 6 мың қала тұрғыны баспана жағдайын жақсартты. Ескі тұрғын үй иелерінің 90%-дан астамы жайлы пәтерлерді тұруды таңдайды. Әрине, ескі тұрғын үйлерді бұзудың оң ықпалы бар. Бұл жерде бұзылған үйлердің тұрғындарының мүдделері ескеріледі, ескі тұрғын үйлерді бұзу көп пәтер салуға мүмкіндік тудырады. Айталық, бір орамда 22-38 ескі үй бар. Осындай орамның орнында біз 250-335 пәтер салып жатырмыз. Қала ішіндегі ескі үйлерді бұзу және жаңа үйлер салу қолданыстағы қоғамдық көлік желісін сақтауға, қолда бар әлеуметтік инфрақұрылымды пайдалануға мүмкіндік береді», — деді Қ. Ақсақалов.

Облыстағы «BioОperations» астықты терең өңдеу зауытында крахмал, глютен және биоэтанол өндіріледі. Биыл мұнда 3 850 м3 биоэтанол, 6 800 тонна құрғақ бидай желімі, 19 мың тонна бидай крахмалы және 16 мың тонна жем өндірілді. 75 мың тонна астық өңделді.

2022 жылы 146,5 мың тонна бидай өңдеп, шамамен 16 мың м3 биоэтанол, 14 мың тонна бидай желімі, 38 мың тонна бидай крахмалы және 35 мың тонна жем өндіру жоспарлануда.  

Павлодар мұнай-химия зауытымен биоэтанол жеткізу туралы шарт жасалды. Қазіргі уақытта жеткізу көлемі анықталуда. Келесі жылы биоэтанолды Түркия мен Еуропаға экспорттау жоспарлануда.

Қазір облыстың суармалы жерлер көлемі 1 860 га, оның ішінде жаңбырлатып суарумен 1 576 га, тамшылатып суарумен 284 га жер қамтылған, суармалы картоптың ауданы – 537 га, көкөніс – 224 және жем-шөп дақылдары – 1 мың га.

«Суармалы жерлерді кеңейту агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес жүргізіледі. Бізге су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы (тамшылатып суару, жаңбырлату)  1860 гектарды ескере отырып, шамамен 5 мың га жер көлемін ұлғайту қажет. Бұл алаңда картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз, қызылша, жүгері, жоңышқа, эспарцет, күнбағыс және қара бидай суару жоспарланған», — деді облыс басшысы.

Ауыл шаруашылығы саласына қатысты тағы бір сауалға жауап бере отырып, облыс басшысы 2021 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы өзі барып аралаған «CLAAS» құрастыру бойынша жаңа кәсіпорнының жұмысына тоқталды. Биыл аталмыш кәсіпорында 92 комбайн жиналды, келесі жылы 253 бірлік техника (150 комбайн, 54 трактор, 49 егіс кешенін) жинау жоспарланған. 

CLAAS техникасының (Tucano комбайндары, XERION тракторы, аспалы CERIO дестелегіштері, HORSCH себу кешендері) технологиялық операцияларын кезең-кезеңімен оқшаулау үрдісі қамтамасыз етілетін болады.

Сондай-ақ, Қазақстан аумағында өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасына қосалқы бөлшектерді өндірушілерді дамыту жоспарланған.

Халықты вакциналаумен қамту мәселесіне тоқталған Қ. Ақсақалов облыс бойынша вакцинация науқаны жалғасып жатқанын хабарлады. Бүгінгі таңда вакцинаның бірінші компонентімен 264 мың адам немесе 71%-ы егілді. Вакцинацияның толық курсын 247 мың адам немесе 66% аяқтады (жоспар – 370 мың адам).

Күн сайын облыста вакцинаның бірінші компонентін 150-ден 400-ге дейін тұрғын алады.

Сонымен қатар, Pfizer вакцинасын салу жүріп жатыр, 23 күнде 3,7 мың адам (вакцина алуы тиіс 42 мың адамның 8,7%-ы) егілді, оның ішінде 12-18 жастағы адамдар – 2,8 мың, жүкті әйелдер – 102 және бала емізетін әйелдер – 768. 

Сондай-ақ, 22 қарашадан бастап ревакцинация басталды. Әкімнің мәліметінше, бүгінгі күні 3,1 мың (вакциналауға жататын 50 мыңадамның 6,2%-ы) адам қайта вакциналанды.

Сонымен қатар,  облыста 2021 жылы санақ аяқталғаннан кейін аудан орталықтарында көше аттарын ауыстыру науқаны басталған. Әкімнің айтуынша, ауылдар мен көше атауларын өзгерту заңнамаға сәйкес тиісті аумақ тұрғындарының пікірін ескере отырып жүргізіледі.

«Соңғы екі жылда облысымызда идеологиялық ескірген атауларды өзгерту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілді. 2020 жылы 2 ауылдық округ, 3 ауыл, 300-ден астам көше қайта аталды. 2021 жылы облыс аудандарда 103 көшені қайта атау бойынша ұсыныс қаралды», — деп нақтылады Қ. Ақсақалов.

Сондай-ақ, алдағы уақытта 41 көшенің атын өзгерту туралы ұсыныс облыстық ономастика комиссиясында қаралатын болады. 

Биылғы жылдың тағы бір қуанышты жаңалығы – Алаштың ардақты ұлдары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Смағұл Сәдуақасұлының есімдерін 3 мектепке және даңқты балуан Қажымұқанның есімін 1 спорт мектебіне беру туралы ұсыныстар 7 желтоқсанда Республикалық ономастика комиссиясында қаралып, комиссия мүшелері тарапынан қолдауға ие болды.

Әкім ономастика саласында жұмыс әлі де жетерлік екенін, өңірдегі, соның ішінде облыс орталығындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген, мән-мағынасыз қойылған атауларды өзгерту бойынша жұмысты жүргізу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл тұрғыда, облыс және республика көлемінде танылған тарихи тұлғаларды ұлықтау бойынша жүйелі жұмыс жалғасатын болатын.

Бұдан басқа, Уәлиханов ауданында «Қызылоба мазары» ескерткішін қамтитын тарихи-өлкетану мұражайын ашу жоспарда бар. Ғалым-археологтардың болжамы бойынша, мазар маңында қалашық бар. Сондықтан, археологиялық қазбаларды одан әрі жүргізіп, қалашықты іздеу жалғастырылады. 

Айта кетейік, 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында ортағасырлық «Қызылоба мазары» ескерткіші табылды. Үш жыл бойы тарихи мекенге кешенді зерттеу жүргізілді. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл нысан киелі ескерткіш ретінде жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізілді. Алдағы уақытта республикалық маңызы бар ескерткіш мәртебесін беру жұмыстары жүргізілмек.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу