«Құрылыс – өсімнің драйвері: Қазақстандағы 2025 жылдың негізгі қорытындылары»

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Құрылыс – өсімнің драйвері: Қазақстандағы 2025 жылдың негізгі қорытындылары» тақырыбында  баспасөз конференциясы өтті. Оған ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов қатысып, журналистердің сұрағына жауап берді.

Комитет төрағасы еліміздің тұрғын үй қорының қазіргі жай-күйіне тоқталды. 2025 жылы құрылыс саласы бойынша атқарылған жұмыстардың негізгі қорытындыларын таныстырды. Бүгінде республика бойынша тұрғын үй қоры шамамен 59 мың көппәтерлі тұрғын үйді құрайды. Оның ішінде 37,6 мың үй (63,6%) қанағаттанарлық жағдайда, 17,8 мың үй (30,1%) күрделі жөндеуді қажет етеді, 2,6 мың үй (4,4%) тозығы жеткен, ал 1,0 мың үй (1,7%) апатты деп танылған.

«2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында және кредиттік бағдарламалар арқылы 2026–2028 жылдарға 363 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізуге 20,7 млрд теңгеге бюджеттік өтінімдер берілген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес 79 көппәтерлі тұрғын үй сүріліп, 2 008 меншік иесі жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Одан бөлек, 2020 жылдан бастап республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға 0,1% мөлшерлемемен бюджеттік кредиттер бөлініп, осы қаражат есебінен 1 015 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум объектілерінің үлесі 33,1%-дан 28,8%-ға дейін төмендеді», — деді ол.

Оның айтуынша тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру және оны ынталандыру мақсатында 2025 жылы бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Атап айтқанда, кезекте тұрған азаматтар үшін 14,5 мың жалдамалы пәтер 217,8 млрд теңгеге сатып алынды, сондай-ақ 14,1 мың кредиттік тұрғын үй 140,2 млрд теңгеге салынды және сатып алынды. Инженерлік желілер 10,5 мың жер теліміне жеткізілді. Бұдан бөлек, 2% және 5% мөлшерлемемен 5,3 мың жеңілдетілген ипотекалық қарыз беріліп, оның жалпы сомасы 67,8 млрд теңгені құрады. «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары аясында 8,6 мың қарыз беріліп, қаржыландыру көлемі 233 млрд теңге болды.

2026 жылы кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу үшін жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын 155 млрд теңгеге дейін сатып алу жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар, «2-10-20», «5-10-20» және «Наурыз» бағдарламалары арқылы 12,2 мың жеңілдетілген ипотекалық қарыз беру жоспарланған. Жалдамалы тұрғын үй сатып алу және инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жалғасады. 

«2025 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және жалдамалы тұрғын үйді бөлу функциясы жергілікті атқарушы органдардан «Отбасы банк» АҚ-ға берілді. Банк ұлттық даму институты мәртебесіне ие болды. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 951 мың азамат, оның ішінде шамамен 600 мыңы әлеуметтік осал санаттарға жатады. 2025 жылы азаматтарға шамамен 8 мың жалдамалы тұрғын үй беріліп, 11 мыңнан астам жеңілдетілген ипотекалық қарыз ұсынылды. Сонымен қатар, заңнамалық түзетулер арқылы бұрын «сатып алу құқығынсыз» берілген жалдамалы тұрғын үйлерді жекешелендіру мүмкіндігі қарастырылды. Бұл құқықты 70 мыңға жуық азамат пайдалана алады. 2025 жылы 15 мыңнан астам азамат жекешелендіру құқығын іске асырып, оның ішінде 9 мыңға жуығы тұрғын үйді өтеусіз алды», — деді ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков. 

Мемлекеттік қолдаудың қосымша тетігі ретінде тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялау және тұрғын үй сертификаттарын беру жалғасуда. 2025 жылы 11 мыңнан астам азамат субсидия алып, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінді. 2026 жылы тағы 11 мың азаматты субсидиялау жоспарланып отыр. Сонымен бірге, 2025 жылы 1 733 азаматқа 2 млрд теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді. 

Президенттің сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеті қойылған. Бүгінде бұл бағдарлама 51,4%-ға орындалды. 2025 жылы жоспарланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,1%-ға жоғары көрсеткішті құрады. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар көлемі 3,8 трлн теңгеге жетті. 

Коммуналдық шаруашылық саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. 2025 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен қайта жаңғыртуға 242 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде су құбыры желілерінің тозу деңгейі 38%-ға, су бұру жүйелерінікі 54%-ға дейін төмендеді. 

Баяндаманың қорытындысында Бақытжан Жүнісбеков қабылданып жатқан шаралардың барлығы құрылыс саласын жүйелі жаңғыртуға, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу