Қызылорда облысының 2024 жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары

2024 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша Қызылорда облысы еліміз бойынша үздік аймақ атанды. Биылғы 9 айда әлеуметтік-экономикалық дамуды сипаттайтын негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасып, республика өңірлері арасында Қызылорда облысы «көшбасшылар» қатарынан көрінді. Өңірде бүгінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Экономика құрылымын әртараптандыру нәтижесінде өткен жылдан бастап облыс өңдеуші өнеркәсіп саласы бойынша республикада көш бастап тұр. Осы өңдеу саласында оң қарқынды сақтап қалу мақсатында биыл құны 10,7 млрд теңге болатын 13 жоба іске қосылатын болады. Оның бүгінде құны 8,2 млрд теңге болатын 6 жобасы іске қосылды.

Экономика салаларына инвестициялар тарту белсенді жүргізілуде. Биылға 517 млрд теңгенің инвестицияларын тарту межесі белгіленіп, оның бүгінде 82%-ы игерілді (424 млрд теңге). Өңірде өндірістік нысандармен қатар, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жобалары жүзеге асырылуда.

Биылдың өзінде өңірде 180,7 млрд теңгеге 341 жобаның құрылысы жүргізілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстары көлемі бойынша да өңір «көшбасшы» позициясында тұр. Өңірде ірі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Мәселен, физика-математика бағытындағы 400 орындық мектеп-интернат, инновациялық шығармашылық орталығы, 300 орындық көпсалалы аурухана, Руханият орталықтары, 10 000 орындық орталық стадион, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Тұрғын үй құрылысы саласында биыл барлық қаржыландыру көздерінен 863,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2024 жыл қорытындысы бойынша да оң нәтижеге қол жеткізіп, «көшбасшылар» қатарында қалу жоспарда бар. 

Қызылорда облысында өңірлердің өсіп-өркендеуіне үлкен мүмкіндік беретін өндіріс орындары қарқынды дамып келеді. Алдағы бесжылдықта өңірде құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 77 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Биыл іске қосылуы жоспарланған 21 жобаның (құны 31,6 млрд теңге) 11 жобасы іске қосылды (құны – 12,2 млрд теңге, 258 жұмыс орны).

Сонымен қатар жаңадан пайдалануға берілетін «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалын дамыту үшін оның жанынан арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі пысықталуда.

Сондай-ақ «Шалқия» кен орнында қуаттылығы жылына 4 млн тонна өнім өндіретін тау-кен байыту фабрикасы жобасына 5 жылға пайдалы қазбаларға қосылған құн салығынан босатылды. Ал 2022 жылы іске қосылған шыны зауытына жан жақты қолдау шаралары көрсетілуде. 2024 жылы тауарлық газдың құны 52,3 теңге/текше метрден 36 теңге/текше метрге дейін төмендеді, бұл өндірілген өнімдегі газ құны үлесінің төмендеуіне және компанияның тауарлық газға жұмсаған шығындарының азаюына септігін тигізді. Кәсіпорын биыл құны $15 млн құрайтын, жылдық қуаттылығы 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндіру жобасын іске қосты. Одан бөлек, шыны зауытының айналасында шыны кластерін құру бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.

  1. «Seven Rivers Technologies» ЖШС Horn glass неміс технологиясы бойынша жылына 220 млн бөтелке өндіру жобасына жер телімі бөлініп, жобалау жұмыстары жүргізілуде, құны – 31 млрд теңге.
  2. «Айна Гласс» ЖШС қуаттылығы жылына 720 мың ш.м. айна өндіру жобасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде, құны – 1,5 млрд теңге;
  3. «Комфорт-1КЗ» ЖШС қуаттылығы 22,6 мың ш.м. шыны өндіру жобасы бойынша жер телімі берілді, құны – 5,5 млрд теңге.

Одан бөлек, «Акса Энерджи» түрік компаниясы қуаттылығы 240 МВт құрайтын жаңа жылу электр стансасының құрылысын жүргізуде. Жобаға мемлекеттік қолдау шарасы ретінде ол кедендік баждан және қосылған құн салығынан босатылды. Бұл жұмыстар жоба бойынша жалпы 11 млрд теңге қаражат үнемдеуге көмектесті (кедендік баж – 4 млрд теңге, қосылған құн салығы – 7 млрд теңге).

Катарлық инвесторларға қуаттылығы 1 100 МВт құрайтын бу-газ электр стансасын салу үшін 250 га жер телімі белгіленді. Жоба аясында «Қызылорда – Шымкент» және «Қызылорда – Жезқазған» бағыттарында электр желілерінің құрылысын салу көзделуде (Іске асырылу мерзімі – 2024-2029 жылдар, құны – $1,7 млрд)

Корейлік With You E&C компаниясының құны $36 млн құрайтын қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жобасына 4 га жер телімі табысталды.

Арал ауданындағы құм алқаптарын көгаландыру мақсатында қытайлық BGI Group компаниясымен өңір климатына төзімді өсімдіктер мен ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. 

Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың 6 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 1 300,4 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105,5%-ды құрады. Жан басына шаққандағы көлемі – 1 541,8 мың теңге.

Жалпы өңірлік өнім көлемінде экономиканың негізгі салаларының үлесі төмендегідей қалыптасты: 

  • өнеркәсіп саласы – 30%, 
  • көлік – 9,5%, 
  • сауда – 9,3%, 
  • құрылыс – 7,1%, 
  • ауыл шаруашылығы – 2,9%, 
  • байланыс – 0,4%.

 

Азық-түлік бағасына қатысты жағдай

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағаларының өсуіне жол бермеу және тұрақтандыру шаралары тұрақтандыру қорының тауарлық интервенциялары арқылы, кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру, жәрмеңкелер ұйымдастыру және сауда жүйесінде делдалдық тізбектерді анықтап, қысқарту шаралары арқылы қабылданып жатыр.

Бүгінгі таңда өңірлік тұрақтандыру қорында 1327,4 тонна өнім қоры қалыптастырылған.

29,9 тонна қарақұмық жармасы, 34 тонна картоп, 1,7 тонна пияз, 39,3 тонна макарон өнімі, 41,5 тонна күнбағыс майы, 477,6 тонна ұн, 3,2 тонна тауық еті, 472,7 тонна күріш, 191,9 тонна қант, 35,6 тонна тұз, 1274,6 мың дана жұмыртқа бар).

2024-2025 жылғы қысқы-көктемгі маусымаралық кезеңде өңір тұрғындарын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорына 5 942 тоннаға форвардтық келісімшарт жасалды (оның ішінде картоп – 4 018 тонна, сәбіз – 709,9 тонна, пияз – 500 тонна, қырыққабат – 714 тонна).

Айналым схемасы аясында 14 кәсіпкерлік субъектісіне әлеуметтік маңызы бар 4,7 мың тонна азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелер белгіленіп, 1 650,9 млн теңге қарыз берілді.

Әлеуметтік нан мен бірінші сортты бидай ұны бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында тұрақтандыру қорына Түркістан облысының ұн өндіруші кәсіпорнынан 5350 тонна бірінші сортты ұн сатып алуға келісімшарт жасалып, өңірдегі наубайханалар арзандатылған ұнмен қамтамасыз етілді.

Делдалдық схемаларды қысқарту бағытында бүгінге дейін қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстың 16 наубайханасын ұн өндіруші кәсіпорындардан тікелей ұнмен қамтамасыз ету арқылы өңірдегі барлық сауда үйлеріне нан 80-85 теңге көтерме бағада босатылуда. Облыс орталығындағы бір ірі наубайханаға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы есебінен қарыз беріліп, қосымша ұнмен қамтамасыз ету арқылы 36 әлеуметтік дүкенге 65 теңгеден нан жеткізу жүйесі қалыптастырылған.

Мал бордақылау кәсіпорындарына әлеуметтік сауда дүкендерін ақысыз жалға беру арқылы тұрғындарға сиыр етін 2000 теңгеден және басқа да ет түрлерін өндіруші бағасымен босату келісілген.

Құс өнімдерін көтерме жеткізушіні қаржыландыру арқылы интервенция бойынша 3 сауда үйіне және 36 әлеуметтік дүкенге тауық жұмыртқасы 35 теңгеден жеткізілуде.

Сүт өңдеуші кәсіпорынға қарыз беру арқылы сауда үйлерінде интервенция бойынша және әлеуметтік дүкендерде делдалсыз өндіруші бағасымен сүт өнімдерін босату жүйелендірілген.

Азық-түлік тауарларына өнімсіз делдалдар санын қысқарту бойынша апта сайын жүйелі түрде комиссия отырысы өткізіліп, белгіленген алгоритмге сәйкес 275 кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жұмыстары жүргізіліп, 98 кәсіпкерге әкімшілік шара (94 ескерту, 4 айыппұл – 193 830 теңге) қолданылды.

Өңірдің азық-түлік өнімдерін қамтамасыз етуде «Aray Food» ЖШС қуаттылығы 4000 тонналық көкөністер мен жемістерді сақтауға арналған мұздатқыш қоймасы іске қосылды.

Облыс халқын тікелей тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жыл басынан бері 248 жәрмеңке өткізілді.

Жыл басынан бері осы азық-түлік бағаларын реттеу бағытында қабылданған шаралар негізінде бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсу индексі 97,8% деңгейінде қалыптасты (ҚР – 99,5%).

 

Жұмыспен қамту мәселесі

Кез-келген облыс әкімінің алдындағы басты міндеттердің бірі – халық арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету арқылы олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, сонымен қатар қоғамда патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық үрдісін төмендету.

Биыл да жұмыссыздық деңгейін 4,9% деңгейінде ұстап тұру міндеті қойылды. Жұмыссыздыққа жол бермеу үшін ағымдағы жылға «Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы» бекітіліп, барлық ұлттық жобалар және кәсіпкерлердің жеке бастамалары есебінен 46,5 мыңға жуық жұмыс орынын ашу жоспарланса, бүгінгі таңда 36,8 мыңға жуық облыс тұрғыны жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 79,2%-ға орындалды. Ашылған жұмыс орындарының 54 пайызы тұрақты жұмыс орындарының үлесінде (19,9 мың).

Мемлекет басшысының әкімдерге әрбір 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын ашу тапсырмасына сәйкес, 8,6 мың жұмыс орны құрылып, жылдық меженің 81,1%-ы орындалды.

Жастардың жұмыссыздығы ерекше бақылауда. Жұмыспен қамту бағытындағы атқарылған шаралардың нәтижесінде осы жылы көрсеткіш 3,4%-ға дейін төмендеді.

13 368 жас азамат әртүрлі шаралармен қамтылды:

  • жұмыс берушінің сұранысына сәйкес 89 жас азамат қысқамерзімдік курстарға жолданды;
  • 974-і онлайн курстарды және 1 427-і «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсын оқыды (оның 1 162 жобасын қорғады, 11 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 64 грант алды);
  • 10 270-і жұмыспен қамтылды: 4 300 жас азамат еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарына, 5 970-і субсидияланған жұмыс орындарына жолданды;
  • 608 азамат өз кәсібін ашуға мемлекеттік қайтарымсыз грант алды.

 

Шағын және орта бизнес 

Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласын дамыту және қолдау бағытында жан-жақты қолдау шаралары қарастырылған. Үкіметтік және өңірлік бағдарламалар аясында биыл 9 айда жеке кәсіпкерліктің 3 мыңға жуық жобасы 42,5 млрд теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде, шағын және орта бизнестің несие портфелі 25,3 млрд теңгені құрайтын 766 жобасы субсидияланып, 534 жобаға кепілдік берілді. Мемлекеттің субсидиясы мен кепілдігін беру үшін бюджеттен 9,5 млрд теңге қарастырылды.

Мемлекеттік қолдау шараларының нәжижесінде, жыл басынан бері облыста 19,1 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, жұмыс істейтін кәсіпкерлер саны 65,6 мыңға жетті. Мұнда облыс тұрғындарының 116,8 мыңы жұмыспен қамтылған.

2024 жылғы қаңтар-маусым айларында шағын және орта кәсіпкерлік 432,9 млрд теңгеге өнім өндірді. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 20,4%-ға жетті.

 

Ауыл шаруашылығы 

2024 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 103,8%-ға, ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция – 119,7%-ға, тамақ өнімдерін өндіру көлемі – 103,3%-ға орындалды, сондай-ақ төрт түлік мал басы мен өндірілген өнімдерінде де тұрақты өсім байқалады.

Қызылорда облысының егіншілік саласы табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сәйкес толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш ауыспалы егістік жүйесіне негізделген. Сондықтан, күріш дақылы аймақтың негізгі дақылы болып саналады.

Күріш мелиоративтік дақыл болғандықтан, су үнемдеу технологияларын қолдану мүмкін емес. Дегенмен, өңір дихандары су шығынын азайту мақсатында соңғы он жыл көлемінде күріш алқаптарына лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесінде суды 20%-ға дейін үнемдеуге, өнімділікті 30%-ға дейін көтеруге болатынына көз жеткізді.

Биыл егілген күріш егістігінің 55 мың гектарына лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы 5 жылда оны 72 мың гектарға жеткізу жоспарланған.

Облыс бойынша күріш дақылын өңдеу жолға қойылған. Есепті кезеңде 152,8 мың тонна күріш жармасы өңделіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,3%-ға артты. Осы жылы жалпы қуаттылығы 10 мың тоннаны құрайтын 6 күріш ақтайтын зауыттың құрылысын салу жоспарланып, қазіргі таңда 4 жоба жүзеге асырылды. Қалған 2 жобаны қараша-желтоқсан айларында іске қосу көзделген.

Үкімет қаулысымен Қызылорда облысы Ұлытау облысының жайылымдарын 2050 жылға дейін пайдалануын жалғастыратын болып шешілді. Осыған байланысты өңірде жерді тиімді пайдалану тұрғысынан көптеген шаралар атқарылуда. Аталған аумақ ертеден Қызылорда облысы малшыларының шалғай мал жайылымдығы ретінде пайдаланылып келген. Бұл аумақта Қызылорда облысының төрт ауданының жайылымдық алқаптары орналасқан (Арал ауданы – 135,4 мың га, Жалағаш ауданы – 591,6 мың га, Сырдария ауданы – 1356,1 мың га, Қармақшы ауданы – 127,8 мың га). Қазіргі уақытта аумақта 120-ға жуық жер пайдаланушы осы жерлерде тұрақты мал шаруашылығымен айналысады, олардың қолында 20 мыңға жуық мал басы шоғырланған.

Сонымен қатар дәстүрлі мал шаруашылығын жүргізу тәсілдеріне сәйкес жалға алған аумақта Жалағаш, Қармақшы, Сырдария және Шиелі аудандары тұрғындары мен шаруашылықтарының 123,3 мың бас малы маусымдық мал жайылымына шығарылып, бағылуда. Яғни, шаруашылықтардың мал жайылымы қажеттігі негізінен осы аумақтан қанағаттандырылуда.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару және елді мекендерді жайылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ауылдық елді мекендердің жайылыммен қамтамасыз етілуіне талдау жасалды.

Облыс бойынша өзіндік қосалқы шаруашылықтардағы 153,8 мың бас шартты мал басына 1 966,5 мың га жайылым алқабы қажет етіледі. Жалпы облыс бойынша жетпей тұрған жайылым көлемі – 530,1 мың га, қамтамасыз ету деңгейі – 73%.

2022-2024 жылдары пайдаланылмай отырған 420 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып, бүгінгі күнге 457,7 мың га жер қайтарылды (жоспар 108% орындалды). Қайтарылған 457,7 мың га жердің 49,5 мың га шаруашылық жүргізу мақсатында конкурс арқылы қайта айналымға енгізілді. Елді мекендердің маңында орналасқан 40,9 мың га жер 19 елді мекеннің жайылымы үшін белгіленді.

 

Су мәселесі

Биыл Арал теңізіне шамамен 1 млрд м3 су жіберілді. Ел Президенті мен Үкіметтің қолдауымен дер кезінде жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, биыл аймақта су тапшылығы орын алған жоқ. Осы жылдың басынан бері теңізге барлығы 2 млрд текше метр су түссе, оның 977 млн текше метрі вегетация кезеңінде жіберілді. Соның нәтижесінде Арал теңізіне 2020-2023 жылдары маусым, шілде, тамыз айларында орташа есеппен секундына 15 текше метр су түссе, биыл 70 текше метрге дейін су түсіп, теңіз суының көлемі едәуір ұлғайды.

2022 жылы теңіздегі су көлемі 18 млрд 500 млн текше метрге дейін азайған болса, биыл түскен судың көлемі 22 млрд текше метрге жетті.

Өздеріңізге белгілі, Сыр өңірінің экономикалық-экологиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің деңгейіне тікелей байланысты. Әлемдегі су ресурстары тапшылығы суға деген көзқарасты өзгертуде. Су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру, әсіресе, егін шаруашылығында күріштен басқа дақылдарды тамшылатып суару көлемін ұлғайту – бүгінгі күннің басты талабы.

Президенттің суды үнемдеу туралы тапсырмасына сәйкес, аймақта суды көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, су үнемдеу технологиялары енгізілді.

Биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 4 мың 400 гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге артық (2023 жылы 872 гектар).

Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 3 ірі жоба іске асуда.

Су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егіс еккен шаруа қожалықтарына су беру қызметтерінің құнын субсидиялау қағидаларына сәйкес су жеткізу тарифының 60%-ы субсидияланады.

Сонымен қатар инвестициялық субсидиялау қағидасы бойынша қолданылған су үнемдеу технологияларының жобалық сметалық құжаттамасына сәйкес құнының 50%-ы субсидияланады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Мемлекет басшысының бес жыл ішінде Арал теңізінің құрғаған 1 млн 100 мың гектар жеріне сексеуіл егу тапсырмасы бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2021-2023 жылдар аралығында 544 мың 200 гектар жерге сексеуіл көшеттері егілді.

Биылғы көктемде 65 мың гектар жерге сексеуіл көшеттері отырғызылды. Қараша-желтоқсан айларында 211 мың гектар аумаққа ормандандыру жұмыстары жүргізіледі.

2025 жылы қалған 280 мың гектар аумаққа сексеуіл көшеттері мен галофитті тұқымдарын егу жоспарлануда (19,5 млн дана көшет, 218 тонна тұқым).

Қажетті сексеуіл көшеттерімен қамтамасыз ету үшін 150 гектар жерге уақытша 8 тұқымбақтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар Дүниежүзілік банк арқылы 440,7 млн теңгеге көлемі 33,5 гектар аумақты құрайтын тұқымбақ салынды.

Облыс аумағында 4 қала және 230 ауылдық елді мекен бар. Барлық қалалар 100% ауыз сумен қамтылған.

Облыс тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту үлесі 98,4%-ды құрайды. Бүгінде орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған 26 ауылдық елді мекенде 7 мыңға жуық халық қоныстанған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған 26 елді мекенді 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен қамту мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда.

Жол картасы аясында 5 елді мекенді топтық су құбырына қосу, 5 елді мекенге су тұщытқышын орнату, 3 елді мекенде ішкі су жүйесінің құрылысы, 12 елді мекенді қазіргі жағдайда қалдыру, 1 ауылдан елді мекен мәртебесін алып тастау жоспарланған.

  • Топтық су құбырына қосу: Арал ауданы; Ақбасты, Абай, Тоқабай (Су ресурстары комитеті арқылы іске асырылуда); Ерімбетжаға, Тастүбек (Құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға 2025 жылға ӨҚМ-ге бюджеттік өтінім ұсынылды);
  • Ішкі су жүйесін салу: Қазалы ауданы: Шәкен, Шилі, Сарбұлақ (Құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға 2025 жылға ӨҚМ-ге бюджеттік өтінім ұсынылды);
  • Су тұщытқыш орнату: Қазалы ауданы: Жұбан, Ажар, Бірлік; (Жұбан елді мекеніне су тұщытқыш қондырғысы орнатылып, қабылдау актісі ӨҚМ-ге ұсынылды, Ажар елді мекеніне мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, 13 096 мың теңгеге «Қазалы Тұлпар» ЖШС-мен келісімшарт жасалды, Бірлік елді мекеніне су тұщытқыш қондырғысын орнату жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде). Шиелі ауданы – Лесхоз, Ақтам (су тұщытқыш қондырғысын орнату жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде);
  • Қазіргі жағдайда қалдыру: Арал ауданы – Жіңішкеқұм, Сазды; Қазалы ауданы – Қожақазған, Мәдениет, Тапа, 101 разъезд, 102 разъезд, Шөлқұм; Қармақшы ауданы – Кекірелі, Шобанқазған, Ордазы Сарытоғай (Жергілікті қоғамдастықтың хаттамалары мен лабораториялық сынаманың оң қорытындылары ӨҚМ-ге қазіргі жағдайда қалдыру бойынша келісімге жолданды);
  • Елді мекен мәртебесін алып тастау: Арал ауданы – Күршек; (оңтайландыру жұмыстары бойынша облыстық мәслихаттың шешімімен елді мекен мәртебесі алып тасталды). 2024 жылғы 11 жобаға (оның ішінде: 5 жаңа жоба, 6 өтпелі жоба) барлығы 2,7 млрд теңге қаржы бөлінді (оның ішінде РБ – 2,4 млрд теңге, ОБ – 0,3 млрд теңге). 2024 жылғы жобалар бойынша барлығы 88,3 шақырым ауыз су және су бұру желілеріне жаңғырту және салу жұмыстары атқарылуда.

2025 жылғы 28 жобаға барлығы 20,9 млрд теңгеге тиісті министрлікке бюджеттік өтінім ұсынылды.

 

Өңдеу өнеркәсібінің дамуы 

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста өңдеу өнеркәсібі саласында 350-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, жұмыспен қамтылғандар саны 13 мыңға жуық адамды құрайды.

Өңірдің мұнай өндіруге тәуелділігіне қарамастан, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту есебінен экономиканы әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі жылдан-жылға артып келеді. 2013 жылы өнім көлемі 67,3 млрд теңгені құраса, 2023 жылы 328,7 млн теңгені құраған немесе 4,8 есеге артқан. Соның нәтижесінде аймақта түссіз шыны, энергия үнемдейтін түсті шыны, тампонажды цемент, құрылыс желімі, аммоний метаванадаты, шыны пластик құбырлар, жүгері шырыны, фри, шоколад, каскалар, қарулы күштерге арналған арнайы киім және басқа да жаңа өнім түрлері игерілген.

 

Облыстағы экономикалық басым салалар көрсеткіштері 

Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың 9 айында өңірлік экономиканың басым салаларында өсім динамикасы орын алды. Атап айтқанда: ауыл шаруашылығы – 3,8%-ға, өнеркәсіп өндірісі – 2%-ға, құрылыс – 43,6%-ға, жалпы сауда – 6%-ға, көлік – 3,5%-ға, байланыс – 9,7%-ға артты.

Бұл 6 басым сала жалпы өңірлік өнімнің 60%-дан аса бөлігін құрайтынын ескерсек, 2024 жылдың 9 айында өңірлік экономика деңгейі 7,2%-дық өсім қамтамасыз еткенін көрсетті (қысқа мерзімді экономикалық индикатор – 7,2%). 

 

Индустриялық жобалар

Биыл өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайтуға әсер ететін құны 10,7 млрд теңгені құрайтын 13 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Оның 9 жобасы іске қосылды (құны – 9,1 млрд теңге).

Атап айтсақ:

  • «Жанкент Агро» ЖШС күріш ақтау зауыты, құны – 501 млн теңге;
  • «АНК Дәулет» ЖШС шағын газоблок өңдіру цехы, құны – 150 млн теңге;
  • «Орда гласс ЛТД» ЖШС энергия үнемдейтін шыны өндірісі, құны – 6,7 млрд теңге;
  • «СПК «Айдын 777» ЖШС шағын шлакоблок өндірісі, құны – 50 млн теңге;
  • «Строительно-транспортная компания» ЖШС металл өңдеу цехы, құны – 300 млн теңге;
  • «Шалқия минералс» ЖШС минералды ұнтақ өндірісі, құны – 500 млн теңге;
  • «Тұрлыбаев Досжан» ЖК күріш ақтау цехы, құны – 350 млн теңге;
  • «Жаннұр» ЖК құрт өндірісін кеңейту, құны – 80 млн теңге;
  • «Ержанов» ЖК күріш ақтау зауыты, құны – 500 млн теңге.

Жыл аяғына дейін құрылыс индустриясында асфальтбетон өндірісі, тамақ өнеркәсібінде – 2 күріш зауыты («Ақмая» ФҚ, МАА Invest Group) және ылғалды майлықтарды өндіру жобаларының іске қосылуы көзделген.

 

Құрылыс индустриясы

Мемлекеттік қолдаудың арқасында Қызылорда облысының құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Бюджет көлемі де 2022 жылмен салыстырғанда 5 есеге артқан. 2024 жылы 189 жобаны жүзеге асыруға 134,8 млрд теңге бөлінді.

Бөлінген қаржы төмендегілерге бөлінеді:

  • Білім беру саласында – 36 нысан (44,3 млрд теңге);
  • Денсаулық сақтау саласында – 22 нысан (11,2 млрд теңге);
  • Мәдениет саласында – 13 нысан (9,2 млрд теңге);
  • Спорт саласында – 14 нысан (14,1 млрд теңге);
  • Қоғамдық тәртіпте – 1 нысан (34,9 млн теңге);
  • Жұмылдыру – 1 нысан (89 млн теңге);
  • Мемлекеттік орган – 3 нысан (1,8 млрд теңге);
  • 21 тұрғын үй құрылысы – 1 154 пәтер (10,8 млрд теңге);
  • Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым тарту – 78 жоба (15,3 млрд теңге);
  • 1 696 пәтер сатып алуға және 135 апатты үйдің орнына пәтер сатып алуға бөлінеді (26,1 млрд теңге). 

Биыл Қызылорда облысындағы құрылыс жұмыстары көлемінің көрсеткіші республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 869,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Ұлттық жоба аясында 1 154 пәтерді құрайтын 21 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтар үшін 1 696 пәтер сатып алу және апатты үйлер орнына 135 пәтер сатып алу көзделген.

Соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді.

Тұрғын үй құрылысының көлемі 126%-ға өсіп, 2022 жылы 683,2 мың шаршы метрден 2023 жылы 740,2 мың шаршы метр көрсеткішке жетсе, жыл соңына дейін 863,9 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланған.

Облыс бойынша ірі әлеуметтік жобалардың қатары көбейіп, аймақта құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл облыс орталығында «Өнер орталығы», Облыстық қан орталығы пайдалануға берілсе, құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 300 орындық жатаққанасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты жыл соңына дейін табысталатын болады.

Бұған қоса, жалпы құны 11,5 млрд теңге болатын 7 ауданда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының құрылысы қарқынды жүруде. Барлығын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 жыл ішінде облыста 21 білім ошағы салынатын болады, өткен жылы 10 жайлы мектептің құрылысы басталып, оларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар. Қалған 11 жайлы мектептің құрылысы осы жылы басталады.

Сол жағалаудағы Оқушылар сарайының, Үстел теннисі орталығының құрылысы аяқталды. Музыкалық колледж құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, оны келесі жылы аяқтау жоспарланған.

2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. Өткен жылы олардың 16 нысаны аяқталып, ел игілігіне табысталды. Осы жылы 11 дәрігерлік амбулатория салынып жатыр, олар жыл соңына дейін аяқталатын болады. Сондай-ақ бүгінде емхана мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана салынып жатыр.

Сонымен қатар 10 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионының құрылысы және құны 6,9 млрд теңгені құрайтын «Көпсалалы дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы» жүргізілуде.

 

Инженерлік желілерді жаңғырту

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Үкіметке жұмыс істеп тұрған жылу орталықтарын жөндеу, инженерлік жүйелерді жаңғырту керектігін тапсырған болатын. Бүгінгі күні облыс орталығын электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуші «Қызылорда жылу электр орталығы» кәсіпорны 1964 жылы пайдалануға берілген. Жалпы стансада 9 қазандық және 6 турбогенератордан қазіргі кезде тек 2 қазандық пен 1 турбогенератор жұмыс істеп тұр.

Жылу электр орталығының тозуы 75 пайызды құрайды және республика бойынша 19 апаттық стансаның тізіміне кіреді. Тозу деңгейін азайту мақсатында биыл жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 11,7 млрд теңге қаржы қаралды. Оның ішінде 4,8 млрд теңге жылу энергия көздерін және 6,9 млрд теңге жылу желілерін жаңғыртуға бағытталған.

Жылу энергия көздерін жаңғыртуға 5 млрд теңге қаржы бөлініп, 2 газотурбиналық қондырғының генераторымен 11 қазандыққа күрделі, 1 турбина мен 15 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен жүргізілді.

Жылу желілерін жаңғырту бойынша бюджеттен 6 жоба бойынша 9,3 шақырым жылу желілері жаңғыртылды. Соның нәтижесінде тозу деңгейі 45%-дан 42%-ға төмендеді.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының қолдауының арқасында Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 МВт электр энергиясы мен 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу электр орталығы салынып жатыр. Жобаның жалпы құны – 215 млрд теңгені құрайды. Бүгінде инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы тарапынан құрылысқа салынған инвестиция көлемі 115 млрд теңгені құрады. Станса құрылысы 2025 жылдың 4 тоқсанында аяқталып, іске қосылатын болады.

Электр энергиясымен қамту желілерін жаңғырту мақсатында 11 млрд теңгеге 741 шақырым электр желісі мен 127 дана қосалқы стансаға күрделі жөндеу және 45 шақырым электр желіcі мен 48 дана трансформаторға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде желілер мен қондырғылардың тозу деңгейі 66%-дан 62%-ға төмендеді.

 

Пайдалы қазбаларды игеру

Арал ауданындағы өзендердің төменгі ағысындағы тұзды күмбездер мен сорлардың литий құрамының өнеркәсіптік әлеуетін анықтау мақсатында далалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу барысында геохимиялық талдау сынағы тексеріліп, нәтижесі бойынша тапсырыс берушіге тиісті есептер тапсырылады. Жұмыстар 2023 жылдың ІІ тоқсанында басталып, 2025 жылы аяқталатын болады.

Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 440 млн теңге қарастырылған. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті.

Одан бөлек, Қызылорда облысы мұнай, газ, полиметалл кендері мен уранды қоса алғанда, минералды шикізат және сирек кездесетін металдар ресурстарының елеулі әлеуетіне ие аймақ. Мысалы, Шалқия полиметалл кен орнында С2 санаты бойынша 1 433,3 тонна германий техногендік минералдық түзілімдер ретінде қорлары бекітілген.

«Баласауысқандық» ванадий кен орнында 15 336 тонна молибден қоры бар және де уран кен орындарында болжам бойынша 80 926 тонна селен қоры табылған. Сондықтан, тау-кен металлургия кешенін дамытуға ұзақмерзімді стратегияны әзірлеу бойынша аталған сирек кездесетін металдарды өндіру мәселесін қарастыру бойынша орталық органдармен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

 

Көлік-логистика

Өңірдің географиялық қолайлы орналасуы және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің облыс арқылы өтуі аймақтың транзиттік әлеуетін дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді.

Республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» күре жолы біраз жылдардан бері күрмеуі шешілмей келген, халық арасында біраз талқыға салынған мәселелердің бірі болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының құрылысын мерзімінде бастауды және сапалы әрі халыққа қолайлы жағдай жасауды тапсырған болатын. 

Сыр өңірін еліміздің орталық бөлігімен жалғайтын күре жолдың жалпы ұзындығы 424 шақырымды құрайды. Ал Қызылорда облысының аумағындағы автомобиль жолының ұзындығы 216 км құрайды. Жоба құны – 108,5 млрд теңге. (96,9 млрд теңгесі Еуропа қайта құру және даму банкі, 11,6 млрд теңгесі республикалық бюджет есебінен).

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 50% аяқталып, жыл соңына дейін 140 шақырымын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталған автомобиль жолының құрылыс кезеңі – 2022-2026 жылдар аралығы.

Республикалық маңызы бар М-32 «Самара – Шымкент» автомобиль жолының «Қызылорда – Ақтөбе» бағыты бойынша жүк көліктерінің қарқындылығы жыл сайын орташа есеппен 10%-ға өсіп, тәулігіне 10 мың автокөлікті құрауда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында Қызылорда қаласынан Ақтөбе қаласына дейінгі жол бөлігін І санаттағы жолға ауыстыруды тапсырды және Қызылорда облысына 2023 жылғы 10 қазанда жасаған сапарында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға облыс халқын толғандырған мәселені бақылауға алуды және 2024 жылы жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуді тапсырған болатын.

Осыған орай, «ҚазЖолҒЗИ» АҚ және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп аталған автомобиль жолын 2-техникалық санаттан 1-санатқа ауыстыру бойынша ағымдағы жылдың соңында техникалық-экономикалық негіздемесіне (ТЭН) мемсараптамадан қорытынды алу жоспарда бар.

Сонымен қатар 2023 жылы Қызылорда қаласының темір жол вокзалы ғимаратына және аумағына 577 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді («Қазақстан темір жолы» компаниясы – 322 млн теңге бөлді және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 255 млн теңге қаржы қарастырылды).

2024 жылы Қызылорда қаласының сол жағалауында жоба құны 975 млн теңгені құрайтын жаңа автовокзал салынып, пайдалануға берілді. Жаңа терминал құрылысы жеке инвестор Болат Өтемұратов қорының қаржысымен жүргізілді. Жобаның жалпы құны: 20,9 млрд теңге (Қордан – 16,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 4,3 млрд теңге бөлінді).

Жергілікті бюджет қаржысы есебінен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын жеткізуге жұмыстар жүргізілді (жылу, су, электр және кәріз желілері, телефон, автожол және автотұрақ салу, көгалдандыру, жарықтандыру).

Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың ақпанында басталып, 2024 жылғы мамырда аяқталды. Бұл нысан толықтай іске қосылғанда көлік саласының көрсеткіштерін шамамен 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Осылайша, әуе көлігімен жолаушылар тасымалының көлемі 137 мың жолаушыдан 200 мың жолаушыға дейін ұлғаяды, жүк тасымалының көлемі жылына шамамен 1,5 есе артады деп жоспарлануда.

Облыс әкімдігі Қызылорда қаласының «Қорқыт Ата» әуежайын вьетнамдық Vietjet Air операторына сенімгерлік басқаруға беру бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Халықаралық ойыншының Қызылорда өңіріне келуі Qazaq Air компаниясының әуе кемелерінің базалық паркін орналастыруға, сыртқы және ішкі әуе рейстерін ашуға, жүк тасымалының логистикасын дамытуға серпін береді.

Сонымен қатар Қорқыт ата әуежайының жанынан аумағы 550 га құрайтын арнайы экономикалық аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда тұжырымдамасы әзірленіп, тиісті орталық мемлекеттік органдармен жұмыстар басталды.

Арнайы экономкалық аймақта келесі қосалқы аймақтар құрылады деп жоспарлануда:

  • авиацияға қызмет көрсету аймағы;
  • көтерме және бөлшек сауда аймағы, қоймалау және сақтау;
  • логистика, көлік қызметтері және өндірістік аймақ.

Жаңа жобаларды орналастыру үшін 6 индустриялық аймақта (525 га) 200 гектарға жуық учаске пайдалануға дайын. Бұдан басқа, облыста шағын және микробизнесті қолдау мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен шағын өндірістік парктер құруға 1 млрд теңге бөлінді. Қызылорда қаласының сол жағалауында 2 шағын өнеркәсіптік парк құрылысы жүргізілуде («Тұмар» ЖК, «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС).

 

Автожолдардың жай-күйі 

2024 жылы жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 43,3 млрд теңге бөлініп (РБ – 17 155,3 млн теңге, ОБ –26 144,7 млн теңге), ұзындығы 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары, көшелер және көпір өткелдерін жөндеуден өткізу жоспарлануда.

Қазіргі таңда облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына 20,3 млрд теңгеге ұзындығы 112 км құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары және Қызылорда қаласы мен аудандарға қарасты елді мекен көшелеріне 23 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 186 км-ге күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3580,5 шақырым, оның 1014,5 шақырымы республикалық, 2566 шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Оның ішінде: 1814 км асфальтты, 252 км қиыршық тасты (ГПС), 500 км топырақты жолдар.

2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесін 92%-ға жеткізу көзделіп отыр.

 

Туризм

«ҚР Туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде өңірлерде туризмді дамытудың жол карталарын әзірлеу тапсырылды. Осы ретте, аталған тұжырымдамаға сәйкес, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Қызылорда облысының туризмін дамытудың 2024-2027 жылдарға арналған жол картасын бекітті.

Аталған Жол картасы аясында барлығы 10 тапсырма белгіленген. Оның ішінде 5 тапсырма осы жылға жоспарланып, бүгінде толығымен орындалды.

  1. Қызылорда облысының туристік нысандарына түгендеу жүргізу;
  2. Қызылорда облысының туристік бизнесімен кеңес өткізу;
  3. Республикалық және облыстық туристік көрмелер мен форумдарға қатысу;
  4. Сырдария өзенінің сол жағалауында автовокзал салу;
  5. Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалын салу. 

Ал, 2025-2027 жылдарға жоспарланған 5 тапсырма бүгінде орындалу үстінде.

1. 2025 жылы – 1 тапсырма;

  • Имидждік өнімдер әзірлеу;

2. 2026 жылы – 3 тапсырма;

  • Қамыстыбас көлінің жағалау аймағын дамыту;
  • Байқоңыр қаласында туризмді дамыту;
  • «Pana» қонақ үйінің құрылысы.

3. 2027 жылы – 1 тапсырма;

  • Жол бойындағы сервис объектілерін 2027 жылға дейін
    100% ұлттық стандартқа сәйкестендіру. 

Жалпы өңірдегі туризм саласында өткен жылмен салыстырғанда өсім қалыптасты. ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша туристердің жалпы саны 27,5%-ға өсіп, 67 мыңға жетті (өткен жылғы есепті кезеңде 53 189 адамды құрады).

Оның ішінде ішкі туристер саны – 63,8 мың адамды (меже – 142 мың), сыртқы туристер саны – 3 106 адамды (меже – 8000) құрады. Биыл облыстың даму бағдарламасы аясында туризм саласындағы инвестиция көлемі жоспар бойынша 19,7 млрд теңге болып бекітілсе, қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша 23,1 млрд теңгені құрап, өткен жылғы есепті кезеңімен салыстырғанда 2,6 есеге өсті.

2023 жылдың есепті кезеңінде – 8,9 млрд теңге; жылдық жоспардың 117,6%-ын құрайды. Министрлік бекіткен меже – 12,3 млрд теңге, орындалуы – 23,1 млрд теңге немесе 187,8%. 

 

Экология

Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу туралы тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда құны 43 млрд 122 млн теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылмақ. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық аудандары мен облыс орталығы, Қызылорда қаласы толық қамтылады.

Бүгінгі таңда инвесторлар анықталды. Қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласында 9 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының (42 млрд 647 млн теңге) қаржыландыру механизмі арқылы іске асырылады, 1 жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаржы қаралды (Сырдария ауданындағы сұрыптау кешені мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысы қараша айында аяқталады).

Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 500 тұрақты жұмыс орны ашылады және қалдықтарды өңдеу үлесі 30,1 пайыздан 33,6 пайызға ұлғаяды. Соның нәтижесінде құрылысқа қажетті тас кеспекше, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны өнімдері шығарылады.

Бүгінгі таңда 9 жобаның 8-і бірінші кезеңінен өткізілді («Өнеркәсіптік дамыту қоры» АҚ). Қалған 1 жоба бойынша ескертпелерді жою жұмыстары жүргізілуде.

Екінші кезеңге қараша айында өткізу жоспарланған. Айтып өту керек, әрдайым «Геопортал» жүйесі бойынша ғарыштық мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде 2024 жылы Қызылорда облысының аумағында 120 (Қызылорда қаласы – 18, қалаға қарасты елді мекендер – 32, Сырдария – 12, Арал – 42, Жаңақорған – 16) рұқсатсыз қалдық орындары анықталып, толықтай тазартылды.

Қызылорда облысының аумағында стихиялық қоқыс орындарын жою мақсатында тұрақты түрде жергілікті әкімдіктермен және экология, полиция органдары, еріктілер мен қоғам белсенділерінің қатысуымен бірлескен мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді.

Жасыл екпелерді көбейту арқылы да экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жұмыстар атқарылуда. Қызылорда облысының елді мекендерін көгалдандырудың және жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңіраралық жоспарына сәйкес 2024 жылы елді мекендер аумағында 87,8 мың дана, жасыл аймақ құру бойынша 33,4 мың дана ағаш көшеттері егілді.

Орман шаруашылығы мекемелері орманды көгалдандыру жұмыстарына қажетті сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін 158 гектар уақытша орман тұқымбақтарын ұйымдастыруда. Онда 12 түрлі жергілікті жерге жерсіндірілген көшеттер отырғызылған (шаған, үйеңкі, сән ағаш (катальпа), қарағаш, жиде, терек, ақтерек, сырталы, вавилон талы, айлант, бүйірген және сексеуіл).

Қаланың және елді мекендердің жасыл белдеу көлемін ұлғайту және көшелерін көгалдандыруға қажетті ағаш-бұта көшеттерімен орман шаруашылығы мекемелері қамтамасыз етуде.

«Таза Қазақстан» акциясы

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын өңірде өткізудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, экологиялық шаралар өткізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда акцияға барлығы 580 мыңнан аса (581 310) ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Соның нәтижесінде 22 мың тоннадан (22 491) астам қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі 505 сквер мен парктер, 225 тарихи мәдени ескерткіш, 791 әлеуметтік нысан (мектептер, балабақшалар, спорт, денсаулық сақтау мекемелері және т.б.), 4 056 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 322 су объектісі (өзендер, көлдер, жасанды су айдындары, субұрқақтар, арықтар және т.б), 47 451 аула мен көшелердің бойы (6 929 көп қабатты үйлер мен 40 522 жер үйлердің аулалары) тазартылды. Оған 500-ден аса техника (548) жұмылдырылды.

Көркейту-көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, барлығы 129 мың 358 дана өңірдің климатына сәйкес жерсінетін қарағаш, терек және сырталының көшеттері егілді.

Қызылорда қаласында – 25 200 дана, Арал ауданында – 7 474, Қазалыда – 30 254, Қармақшыда – 16 450, Жалағашта – 5 530, Сырдарияда – 7 700, Шиеліде – 33 350 және Жаңақорған ауданында – 3 400 дана.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыста жүргізілген шаралар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында кең көлемде ақпараттандырылды. Тазалық шараларының сапасын арттыру мақсатында іске қосылған «Таза Қазақстан» онлайн-платформасы аясында салалар бөлінісіне қарай бекітілген операторлар, модераторлар мен орындаушылар тұрғындардан келіп түскен өтінімдер (203 өтінім) бойынша тиісті шаралар қабылдап, уақытылы жауап берілуде.

 

Білім беру саласы

Қызылорда облысында білім беру саласын цифрландыру және интерактивтік технологияларды оқу процесіне енгізу бағытында бірқатар шаралар атқарылып жатыр.

Цифрлық технологияларды белсенді түрде қолдануды жалғастыру, қолда бар ресурстар мен инфрақұрылым мүмкіндіктерін кеңейту арқылы сапалы білімді қамтамасыз ету қажеттілігі еселей түсуде. Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жол картасының 82-тармағы бойынша балалар қауіпсіздігін, асхана мен кітапхана жұмысын цифрландыруға бағытталған сәйкестендіру карточкалары жүйесімен қамтылған мектептер үлесі 75%-ды құрауы тиіс. Осы бағытта облыстық бюджеттен 120 млн теңге қаржы бөлініп, 87 мектепке аппараттық бағдарламалық кешен орнатылды.

Қазіргі таңда мектептерде 865 (биология – 221, физика – 243, химия – 240, СТЕМ – 32, робототехника – 129) жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді оқытатын кабинет болса, биыл 56 (физика – 9, химия – 9, биология – 10, СТЕМ – 28) жаңа пәндік кабинет сатып алуға 496 млн 871 мың теңге қаржы бөлінді. 

60 мектеп СТЕМ кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Мектептер 484 интерактивті панель, 14 мектеп ЛЕД-экрандармен жабдықталды. Бастауыш сынып және ерекше қажеттілігі бар балалар үшін 17 интерактивті логопедтік құрылғылар орнатылуда.

Сонымен қатар 6 ІТ мектеп-лицейге (Қызылорда қаласы №3, 4, 12, 187, 217, 278) жасанды интеллект элементтерін тереңірек енгізу үшін адамтәрізді роботтар алынды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 878,2 млн теңге қаржы бөлінді.

«Қазақстан халқына» қоры арқылы ауылдық жерлердегі ресурстық орталықтар ретінде 2024 жылы 3 мектеп (Қазалы ауданындағы №266 мектеп-лицей, Жалағаш ауданындағы №201 мектеп-лицей, Шиелі ауданындағы №219 орта мектеп – 750 млн тг) интерактивті және заманауи оқу кабинеттерімен қайта жабдықталып жатыр.

2022 жылы – 1 мектеп (Арал ауданындағы №62 мектеп-лицей – 250 млн теңге), 2023 жылы – 2 мектеп (Қармақшы ауданындағы №250 мектеп-лицей және Жаңақорған ауданындағы №286 орта мектеп – 500 млн теңге) толығымен қайта жабдықталған. 

Өңірдегі 297 мемлекеттік мектеп 100% жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз етілген және интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзіне қосылып жұмыс істеп тұр.

Интернет жылдамдықтарының бөлінісі бойынша:

20-50 мб/с – 120 мектеп (40,4%);

50-80 мб/с – 59 мектеп (19,8%);

80-100 мб/с – 36 мектеп (12,2%);

100 мб/с жоғары – 82 мектеп (27,6%).

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жаңа талаптары бойынша мектептердегі интернет жылдамдығы 400 оқушыға дейін 20 Мбит/с кем болмауы және контингент 400 оқушыдан асатын болса, 20 оқушыға 1 Мбит/с есебінен жылдамдықты арттыруы ұсынымына аймақтағы 267 мектеп немесе 89% сәйкес келеді.

Осы жылдың маусым айында StarLink спутниктік технологиясы 41 мектепке орнатылды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 42,9 млн теңге қаражат бөлінді.

Сонымен қатар Қызылорда облысының әкімдігі 2023 жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде мектепке дейінгі мекемелерді қаржыландыруды бақылауды жүзеге асыру мақсатында деректердің бұрмалануын және бюджет қаражатының тиімсіз шығынын болдырмау үшін «Фейс-бақылау» мобильдік қосымшасын пилоттық режимде енгізген болатын. Бағдарламалық өнім сынақтан ойдағыдай өтіп, Қызылорда облысының барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.

2023 жылғы тамыз-желтоқсан айлары аралығында бағдарламалық өнімді енгізу нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне бармаған 4 159 бала анықталып, 3 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.

2024 жылдың 8 айында балалардың нақты қатысуын есепке алу арқылы 3,9 млрд теңге, барлығы 2023-2024 жылғы ағымдағы жағдайда 6,9 млрд теңге үнемделді. 

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы 

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 2024-2025 жылдары 12 300 орындық 21 мектепті пайдалануға беру жоспарда бар. 2024 жылы жалпы саны 6 900 орындық 10 мектеп, 2025 жылы 5 400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі деп көзделген.

Қызылорда облысының әкімдігі тарапынан мектептерге инфрақұрылымды жеткізу бойынша жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда 10 мектеп бойынша инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары толық аяқталды.

  • Қызылорда қаласы Арай мөлтек ауданында 1500 орындық мектеп;
  • Қызылорда қаласы СПМК-70 шағын ауданында 1500 орындық мектеп;
  • Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауында 900 орындық мектеп;
  • Қызылорда қаласы КБИ мөлтек ауданында 600 орындық мектеп;
  • Қызылорда қаласы Қызылжарма мөлтек ауданында салынатын 600 орындық мектеп;
  • Арал қаласында салынатын 300 орындық мектеп;
  • Арал ауданы Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп;
  • Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылында 300 орындық №94 апатты мектеп;
  • Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кенті Саяжай ш/а 600 орындық мектеп;
  • Жаңақорған ауданы, Жаңарық елді мекенінде 300 орындық мектеп салу.

Оның ішінде 7 200 орындық 8 мектеп облыс орталығында салынады. Олардың бірі – осы жылдың 1 қазан күні пайдалануға берілген Қызылорда қаласының Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 900 орындық 3 қабатты мектеп. Жаңа шағын ауданда мемлекеттік мектеп жоқ еді. Осыған байланысты шағын аудандағы мектеп мәселесі толық шешімін тапты. Ғимараттың жалпы ауданы – 14,2 мың м2.

Мектеп бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, қауіпсіздік жүйесі, оқу-зертханалық құрылғылар және жаңа модификация кабинеттерімен қамтамасыз етілген.

 

Денсаулық сақтау саласы

Қазіргі таңда аудандық деңгейге дейінгі және аудандық деңгейден төмен барлық медициналық ұйымдар компьютермен 100%-ға, интернетпен 93%-ға және кешенді медициналық ақпараттық жүйемен толық қамтылған. 

15 медицина ұйымында телемедицина құралдарының кешендері орнатылған. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жасанды интелект орнату жұмыстары пысықталуда.

Сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 9 млрд 800 млн теңгені құрайтын 27 нысан салу көзделген.

Өткен жылы ұлттық жоба аясында елді мекендерде құны 6 млрд 100 млн теңгеге 16 нысан (15 ДА, 1 МБ) пайдалануға берілді.

  • Арал ауданы Бөген, Қызылжар ауылдары;
  • Қазалы ауданы Абай, Бозкөл, Кәукей ауылдары;
  • Қармақшы ауданы Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Ақжар ауылдары;
  • Жалағаш ауданы Мырзабай, Есет батыр ауылдары;
  • Сырдария ауданы Н. Ілиясов ауылы;
  • Шиелі ауданы Бала би, Буланбай бауы, Досбол би ауылдары;
  • Жаңақорған ауданы Қаратөбе ауылдары.

Сонымен қатар 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 1 медициналық бекеттің (Арал ауданы Көктем елді мекені) құрылысы аяқталып, іске қосылды.

Ал, биыл құны 3,7 млрд теңгені құрайтын қалған 11 нысан (9 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік бекет) жыл соңына дейін халық игілігіне табысталады.

  • Арал ауданы Тоқабай дәрігерлік амбулаториясы;
  • Қармақшы ауданы Қуандария, Қармақшы фельдшерлік-акушерлік бекеті;
  • Жалағаш ауданы Қаракеткен дәрігерлік амбулаториясы;
  • Шиелі ауданы Ортақшыл, Тәжібаев, Тортоғай, Бестам, Алмалы дәрігерлік амбулаториясы;
  • Жаңақорған ауданы Бесарық, Әбдіғапар дәрігерлік амбулаториясы. 

Сонымен қатар амбулаториялық дәрілік заттармен 2023 жыл қорытындысы бойынша 7,9 млрд теңгеге 172 997 тұрғын республикалық бюджет есебінен дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілді. 2024 жылға амбулаториялық дәрі-дәрмектерге 9,3 млрд теңгеге өтінім беріліп, ағымдағы жылдың 10 айында 8,7 млрд теңгеге қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда 2,1 млрд теңгеге дәрі-дәрмек қоры бар.

Жергілікті бюджет есебінен 2024 жылы 500 млн теңгеге медициналық бұйымдар сатып алынды. Қазіргі таңда дәрі-дәрмектің 90 млн теңгеге қоры бар және 56 млн теңгеге сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әрбір тұрғынды дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табатын болады.

 

Бұқаралық спорт

Бүгінде Қызылорда облысында бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 39%-ды (328 597 адам) құрады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша аймақта тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар үлесін 40%-ға немесе 331 882 адамға жеткізу жоспарланған.

Дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайтуға мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде спорт нұсқаушыларын кірістіру арқылы қол жеткізілді. Жыл сайын аталған тапсырысқа жергілікті бюджеттен 117 млн теңге бөлінеді.

Қазіргі таңда қоғамдық бірлестік арқылы 138 елді мекенде 270 спорт нұсқаушысы 41 мың адамды спортқа тарту мақсатында жұмыс жүргізеді. Атқарылған шаралардың нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандар спорты дамып келеді. Бүгінде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын, дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдардың үлесі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 11,7% немесе 1 520 адам деңгейінде күтіледі.

2023 жылы облыс бойынша 826 дене шынықтыру ұжымы жұмыс істеді, өткен жылмен (2022 жылы – 780 ұжым) салыстырғанда 46 ұжымға артқан.

Спорт мектебінде мүгедектер спорты бөлімшесі жұмыс істейді. Оларға жеңіл атлетика, волейбол, пауэрлифтинг, үстел теннисі, таеквондо, дзюдомен шұғылдануға жағдай жасалған. Осыған орай, Қызылорда қаласы мен аудандарда аталған тұлғаларды тарту бойынша жұмыстар қолға алынған, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар арасында спорт түрлері бойынша штаттық негізде 25 жаттықтырушы қызмет атқарады.

Халықтың қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін ұлғайту мақсатында осы жылы Қызылорда қаласында құны 3 млрд 400 млн теңге болатын үстел теннис орталығы ел игілігіне табысталатын болса, халықаралық талаптарға сай 10 мың орындық стадионның құрылысы басталды.

Сонымен қатар көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені салынады. Нәтижесінде, 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс халқының 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 46% құрайды. (2023 жылы – 44%). Есепті кезеңде 2024 жылдың 9 айында облыста 885 спорттық бұқаралық шаралар өтіп, оларға 115 мың адам қатысқан. Осы аралықта 48 спорт түрінен облыс біріншіліктері, 8 республикалық турнир, жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында спартакиада, мемлекеттік қызметішлер арасында дәстүрлі спартакиада, ересектер арасында көкпардан Қазақстан Республикасының чемпионаты, жасөспірімдер мен жастар арасында жүгіру жарысы, қазақ күресінен «Алтын белбеу» облыстық турнирі өтті.

Жасөспірімдер арасында спортпен шұғылданушылар үлесін арттыру мақсатында 2024 жылы облыста 3 балалар жасөспірімдер дене даярлығы клубы ашылды (Қармақшы, Сырдария және Арал ауданы). Қызылорда қаласы және Қазалы, Жалағаш, Шиелі және Жаңақорған аудандарының бюджеттік өтінімдері әзірленіп, нақты жұмыстар жүргізілуде. Клубта волейбол, баскетбол, футбол және гандбол спорт түрлерінен секциялар жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ жыл соңына дейін спортшыларға арналған дәрігерлік диспансер ашылады. 

Өңірде ұлттық спорт түрлері тұрақты дамып келеді. Ұлттық спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 2022 жылы 1 277 секцияда 26 396 шұғылданушыдан, 2023 жылы 1 292 секцияда 31 054 адамға өсті. Ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың үлесін ұлғайту үшін өңірде асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спорт түрлері дамып келеді.

Ауыл спортын дамыту мақсатында ауыл спортшылары арасында жыл сайын «Алтын күз» спартакиадасы өткізіледі. Спартакиада 15 спорт түрін біріктерсе, оған 1000-ға жуық спортшы қатысады.

#Ауыл шаруашылығы #Білім беру #Денсаулық сақтау #Жұмысқа орналастыру #Спорт #Туризм #Экология #Экономика #Өнеркәсіп #Өңдеу өнеркәсібі

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу