Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Атырау облысының тұрғындарымен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Атырау облысына барып, өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Ведомство басшысы тұрғындар алдында өз саласы бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

«Таңғажайып табиғаты ғана емес, тарихы терең Атырау топырағы біз үшін қашанда қастерлі. Азаттықтың алып байрағындай бұл өлке небір марқасқа тұлғаның берекелі бесігі болды. Атырау жері біз үшін – тілі өткір ақындардың, білегі құрыш батырлардың, айбарлы хандардың, бәтуәлі билердің салтанатты ордасы», — деп сөзін бастады мәдениет және спорт министрі.

Орда деп бекер айтпасақ керек. Шын мәнінде осы топыраққа, ерке Жайықтың жағасына табаны тиген кез келген адам тамыры терең тарихпен үнсіз тілдескендей болады. Көне Сарайшықтан бастау алатын сан тарау шежіре бізді сонау Алтын Орда заманына, Ұлық Ұлыс кезеңіне, даңқты бабамыз Бейбарыс Сұлтанды дүниеге әкелген киелі топыраққа жетелейді. Содан да болар, байтақ Отанымыздың Батыс қақпасы, мұнайлы астанамыз Атырау десе, біздің бойымызды ерекше рух кернейді.

Атырау десе, көз алдымызға күй атасы Құрманғазы, теңдік деп өткен азатшыл ақын Махамбет пен Исатай, мемлекеттік әнұранымыздың авторы, жұмбақ шайыр Жұмекен Нәжімеденов, Фаризадай ақын, Хиуаздай батыр келеді.

«Бүгінде сол біртуар тұлғарлардың іргелі істерін, тағылымды жолдарын жалғап келе жатқан қаламгер де қайраткер ағаларымыз аз емес. Бір ғана, қазақ даласын әсем әндерімен әлдилеген Илья Жақанов ағамыздың өзі біз үшін тұтас дәуірмен тең», — деді Асхат Оралов.

Жалқы сөзбен жеткізсек, айбарлы Атырау жұрты біз үшін көк Ту үшін күресіп, азаттығымыз үшін атқа қонар алып қорғанымыз дер едік.

Сонымен қатар Атырау облысы дүниежүзілік додаларда ел мерейін асырып жүрген даңқты спортшылар мекені ретінде де айрықша орынға ие. Мәселен дзюдодан Әлем чемпионатында медаль жеңіп алған тұңғыш қазақ қызы Абиба Абужақынова, парадзюдодан Ерлан Өтепов, Аманжол Жанбота және паражүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия пара ойындарының екі дүркін чемпионы Ержан Сәлімгереев сияқты спортшыларымыз – осы өңірдің мақтаныштары. Оған қоса Азия ойындарында жүлдегер атанған (3-орын) волейбол құрамасының 10 спортшысы – осы Атыраудың талантты түлектері.

«Жалпы, өздеріңізге мәлім, былтырдан бері Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасымен барлық министр өңірлерде халықпен кездесу өткізіп жатыр. Елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету мақсатында өңірлердегі мәселелерді жедел шешу және нақты қоғамдық сұрау салуды тұжырымдау үшін осында арнайы жиналып отырмыз», — деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Министр алдымен Мәдениет және спорт министрлігінің атқарып жатқан жұмыстары, қолға алған мәселелері туралы баяндап, сонымен қатар алға қойған мақсаттарымен бөлісті.

А. Оралов бірінші кезекте ұлт руханиятының төл тірегі – мәдениетіміздің дамуы туралы баяндады.

«Жақында Мәдени саясатымыздың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Онда алға қойған негізгі мақсаттарымыз айқындалды. Жаңа сөзіміздің басында да ірі қайраткерлерімізді тілге тиек етіп кеткеніміздей, биыл да тұғырлы тұлғалардың мерейтойын кеңінен атап өтудеміз», — деді Асхат Оралов.

Атап айтқанда, даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту жоспарда бар.

Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау, өнеге өрісімізді кеңейту екенін әр кез айтып келеді.

Осы орайда Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдық мерейтойына арнайы әзірленген жалпыреспубликалық жоспар мәдени-танымдық, идеологиялық және ағартушылық мазмұнды іс-шараларды қамтиды. Сондай-ақ Үкімет жанынан беделді қоғам қайраткерлерінің, тарихшылардың басын қосқан жұмыс тобының құрамы жасақталды.

Дешті Қыпшақ даласының даңқты перзентінің мерейтойына арналып халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, шығармашылық кештер, көрмелер ұйымдастырылып жатыр. Жыл басталған бетте Бейбарыс Сұлтанның есімі елорданың бір көшесіне берілді (Сарыарқа ауданы, бұрынғы Е 189 к-сі). Сонымен қатар күзде Қазақстанның Мысырдағы Мәдениет күндерін өткізу жоспарда бар.

«XXX Каир халықаралық заманауи эксперименталды театр фестивалінде өздеріңіздің іргелі қара шаңырақтарыңыз, Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының репертуарынан жазушы Рахымжан Отарбаев ағамыздың “Бейбарыс Сұлтан” спектаклін сахналау, республикалық айтыс, суретшілердің республикалық симпозиумы сияқты шаралар ұйымдастырып жатқан облыстың мәдениет мекемелері белсенділігіне ерекше тоқталуға болады», — деді Асхат Оралов. 

Қазақ халқының ұлы күйшісі – композиторы, дүниежүзілік мәдениеттің биік тұлғасы – Құрманғазының мерейтойы аталып өтуде. Бұдан басқа тұңғыш озық мәдениет революциясының бас жасампазы, кемеңгер көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойына арналған Жалпыреспубликалық жоспар жобасы 100-ге жуық мерейтолық іс-шараны қамтиды.

Министрдің айтуынша, Темірбек Жүргеновтің мерейтойы күллі түркітілдес елдерге де ортақ оқиға екенін ескере отырып, ТҮРКСОЙ ұйымы осы жылды «Жүргенов жылы» деп жариялаған.

«Халқымыз тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білген. Осы орайда биыл қазақ мәдениетінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің есімін ел есінде айрықша қалдыру мақсатында “Тағылымға толы ғасыр” атты арнаулы жобаны қолға алып отырмыз. Оның аясында біртуар қайраткердің рухани мұрасын дәріптеп, мерейтойлары кең көлемде насихатталады. Бұл еліміздің мәдени игілігіне зор үлес қосатын ауқымды жоба болады деп сенемін», — деді Асхат Оралов.

Оның айтуынша, министрлік тарапынан қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар да назардан тыс қалмайды. Бұл бағытта министрлік мәдениет саласының майталмандары мен архившілерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар шараны қабылдады. Атап айтқанда, 2022 жылдан мәдениет, архив ісі ұйымдарының барлық санаттағы қызметкерінің жалақысы жыл сайын 20%-ға өсіп, нәтижесінде 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ды құрайды.

Еліміздегі «Ұлттық» статусына ие 5 мәдениет саласындағы ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға артты. Биыл бұл тізімнің санын арттыру жоспарда бар. Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия 20-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

«Сонымен қатар жиырма жылдан астам уақыт бойы берілмей келген “Қазақстанның халық әртісі” құрметті атағы қайтарылды. Бұл мәдениет қайраткерлері үшін өте маңызды және қуантарлы жайт деп есептеймін. Әртіс үшін бұл марапат – халықтың бағасы мен батасынан бөлек, шығармашылығының жоғарғы деңгейде мойындалуы деп санаған дұрыс. Осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобын марапаттау биыл қазан айына жоспарланып отыр. Сонымен бірге құрметті атаққа ие болған мәдениет қайраткерлеріне базалық лауазымдық еңбекақының 100% мөлшерінде үстемақы төленеді», — деді мәдениет және спорт министрі. 

Оның айтуынша, күні кеше ғана 50 жылдан астам тарихы бар аты аңызға айналған «Гүлдер» эстрадалық ансамблін жандандыру бойынша үлкен жұмыс жасалды. Бұл шын мәнінде біздің мәдени тынысымызды жаңғырту болып отыр. Бұдан әрі ансамбльдің республика ішінде ғана емес, шетелде де өнер көрсетуі жоспарланып отыр.

Жалпы Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және архив қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын қабылдау бойынша 2023 жылға жоспарлар аз емес. Шығармашылыққа бағытталған жоғары оқу орындарындағы концертмейстерлер, сондай-ақ үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, би ансамблі әртістерінің әл-ауқатын көтеру мәселесі жіті назарда деуге болады. Осы орайда заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары басталып кетті.

Бұдан бөлек 12 мыңға жуық архив және кітапхана кызметкеріне ерекше еңбек жағдайларына байланысты жалақыға қосымша ақы тағайындау жоспарланып отыр.

Жалпы Мәдениет саласындағы инфрақұрылым тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытта қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында тың серпіліс алды.

«Өздеріңіз білетіндей, қазір экотуризмге көп көңіл бөлінуде және Атырау облысы оның дамуындағы негізгі бағыттардың бірі деуге болады. Бұл ретте өздеріңізден сүйінші сұрай отырып, салтанатты ашылуы бүгінге жоспарланған Сарайшық визит-орталығы ішкі туризмді дамытуда үлкен рөл атқаратынына сенімім зор», — деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов. 

Аталған стратегиялық құжатта 2025 жылға дейін елімізде 1 500 мәдениет нысанының құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Былтыр ғана республикада 22 нысан тұрғызылып, 287 нысанда жөндеу жұмыстары жүрді. Биылғы жоспар бойынша 40 нысан салынып, 260 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Олардың ішінде Атырау облысында 12 мәдениет нысанына жөндеу жүргізіп, 2 нысанды көтеру жұмыстары көзделіп отыр.

Сонымен қатар, мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, Мемлекет басшысының әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мәдениетті дамыту және елдегі креативті индустриялар базасын қалыптастыру тапсырмасын ескере отырып, кітапханаларды коворкинг-орталықтарға айналдыру мәселесін қарастыру керек. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жанданатын болады.

Архив саласының инфрақұрылымы да – Мәдениет және спорт министрлігінің жіті назарында. Күні кеше ғана Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, 200 мың архив ғимаратын салу үшін үлгілік жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұл құжат дайын Құрылыс жобаларының тізіліміне енді. Сәйкесінше кез келген өңір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаржылық ресурстарын үнемдей отырып, архив ғимаратын салу мүмкіндігіге ие болды. Оған қоса жыл соңына дейін 500 архив ғимаратының үлгілік жобалау-сметалық құжаттамасын аяқтау жоспарланып отыр.

Мәдениет және өнер саласында жылда «Umai» ұлттық сыйлығы, «DALA DAUYSY» республикалық байқауы, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы сияқты бірқатар ауқымды жоба жүзеге асыра берілмек. 

«Мәселен, қазірден бастап жоғарыда аталған “Айбоз” ұлттық сыйлығына осы өңірдің қаламгерлері өз шығармаларын ұсынса болады. Әдебиеттің 7 аталымы бойынша берілетін ұлттық сыйлықта жүлдегер атануларыңызға тілектеспін», — деді Асхат Оралов.

Олардан бөлек, бұрын еш жерде шығармалары жарық көрмеген қаламгерлерді қолдау мақсатында «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы қолға алынды. Биыл алғаш рет еліміздің жас жазушылары мен ақындарына арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы беріледі. Бұл сыйлық осы жылдан бастап жыл сайын «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» атты 4 номинация бойынша беріледі.

Одан бөлек мәдениетімізді қарқынды дамыту мақсатында биыл соңғы он жылда алғаш рет шамамен 1 млрд теңгеге мәдениет және өнер ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алу көзделгенін айта кету қажет. Министрдің айтуынша, бұл жұмыстар әлі де жалғасын таппақ. Бірлескен күш-жігермен үлкен нәтижелерге қол жеткізу үшін демеушілердің көмегі арқау болмақ. 

Одан кейін мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов кино саласы туралы баяндады.

«Мәдениет саласын дамытуда киноиндустрияның әлеуеті айрықша зор. Кейінгі жылдары отандық режиссерлердің туындылары қоғамда жоғарғы сұранысқа ие, бәсекенің ерекше артып келе жатқаны қуантады. Жалпы конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаржыландырылатын киножобалар саны жыл санап өсіп келеді», — деді министр.

Айталық, былтыр аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы фильм прокатта өзін толығымен ақтап шықты. Қазақ тіліне дубляждалған «Аватар. Су жолы» фильмін 43 мыңнан астам көрермен тамашалап, кассалық табыс алғаш рет 71 млн тенгеге жетті. Бұл Голливуд фильмдеріне дубляж жасаудың 12 жылдық тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Сонымен қатар отандық кинотуындыларымыздың беделі халықаралық аренада да артып келеді. Күні кеше ғана Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарыққа шыққан «Бесік жыры» анимациялық фильмі Мадридте өткен беделді кинофестивальде «Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм» жүлдесін жеңіп алды. 

«Сондай-ақ біз қаншама ғасырдан бері үзілмей келе жатқан ұлттық өнер түрін ерекше қолдауымыз керек. Осы орайда халқымыздың материалдық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында елордамыздағы Ұлттық музейде Қолөнершілер орталығы мен “Палеонтология” залы өз жұмысын бастады», — деді А. Оралов.

Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында ұлттық мәдениеттің бірегей нысандарын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу үшін «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясын әзірлеу жұмысы жалғасады. Бұл дәліз 6 нысанды қамтиды. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Сауран, Отырар, Ясы, Қызылорда облысындағы Жеті Асар, Жанкент, Сығанақ нысандары қамтылады. 

«Мәдениет саласы бойынша баяндаманы түйіндей келе, аталған айтулы міндеттер мен асқақ мақсаттарға біз бірге күш жұмсағанда ғана жете аламыз. Бұл орайда өздеріңіздің қолдауларыңыз өте маңызды», — деді Асхат Оралов.

Мәдениет және спорт миинистрлігі аясында өз құзіреті аясында тарихи сананы жаңғырту үшін ономастика саласындағы жұмысты үйлестіреді. Бұл бағытта мемлекет пен қоғамның дамуына үлес қосқан қайраткерлер қатарынан «Тарихи тұлғалар» тізімі жинақталды.

2021-2025 жылдарға арналған идеологиялық ескірген атауларды қайта атау жөніндегі жол картасы аясында республикада идеологиялық тұрғыдан ескірген 34 елді мекен мен 562 құрамдас бөліктің атауы өзгертілген. 

Әрі қарай мәдениет және спорт министрі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өскелең ұрпақтың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту – басты назарда. Осылайша, бүгінде мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс институты белсенді жұмыстарды жүзеге асыруда.

Мәселен, Атырау облысында 14 мыңнан астам бала мен жасөспірім тегін үйірмелермен және секцияларымен қамтылды (2022 жылы 219,2 млн. теңге бөлінді).

«Биыл біз осы жобаны жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты жалғастыру мақсатында 2023 жылы 560 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдардан 86,7 млрд теңге бөлінді», — деді Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы. 

Одан кейін Асхат Оралов дене шынықтыру және спорт мәселелеріне тоқталды.

Ел спортының ертеңін еңселеу, санасы сергек, бойы шымыр ұрпақ тәрбиелеу – әрқайсымыздың борышты міндетіміз. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

Тұжырымдамада айқындалған негізгі мақсатымыздың бірі – спорттық инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың қолжетімділігін арттыру. Осы бағыттағы жұмыстар стратегиялық құжаттар аясында өз жалғасын табатын болады. 2025 жылға дейін 113 жаңа спорт нысаны салынып, жұмыс істеп тұрған 26 нысан қайта жаңғыртылады. Оның ішінде Атырау облысында 2027 жылға дейін 20 спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр.

«Жалпы спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында, біріншіден, біз еліміздегі барлық спорттық инфрақұрылымға ауқымды түгендеу жүргізу, екіншіден, спорт нысандарын санау әдістемесіне өзгерістер енгізу, үшіншіден спорттық инфрақұрылымның бірыңғай тізімін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде қажеттілігі бар өңірлерде, шалғай ауылдарда аз шығынмен тез салынатын модульдік нысандарды құру жұмыстарын жүргіземіз», — деді министр. 

Одан бөлек осы жылы Республикалық олимпиадалық дайындық базасының құрылысы аяқталып, осы жылдың аяғына дейін Мемлекет басшысының қатысуымен ашуды жоспарланып отыр. Сонымен бірге Астана қаласында «Олимпиадалық даярлау орталығы» көпфункционалды спорт кешенінің негізінде «Ұлттық спорт университеті» құрылысы жүргізілуде. Нысанды 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы атап өткендей, спорт ғимараттарының басым бөлігі – мемлекет меншігінде және оларды күтіп ұстауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік тәсілін кеңінен қолдана отырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалануы қажет. Бұқаралық спортты дамытуға өз қаражатын салатын кәсіпкерлер мен басқа да азаматтар ең жоғары мемлекеттік наградаларға ие болатынын атап өткен жөн.

Сала қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында сабақтан тыс спорттық секцияларды өткізгені үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне лауазымдық жалақыға 100% қосымша ақы төленеді, мектеп-интернаттардың жаттықтырушы-оқытушыларына олардың біліктілігіне қарай 6 мың теңгеден 22 мың теңгеге дейін санат бойынша үстемақы енгізілді. Сала қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін жаңа шешімдер қабылданатын болады.

«Жалпы жоғары спорт жетістіктері саласында алдымызда бұдан да үлкен міндеттер тұр. Ұлттық құрама командалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде», — деді министр.

Оның айтуынша, спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың штаты 1 000-нан 3 000-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар елімізде ұлттық құрама командаларын жасақтау қағидаты өзгерді. Енді құрамаға жылдың басты республикалық және халықаралық жарыстарында 1-ден 8-ге дейін орын алған спортшылар қабылданады. Айта кетейік, құрамалар бұған дейін тек чемпиондар мен жүлдегерлерден ғана жасақталған болатын. Ал спортық ойын түрлеріне де осы тәртіп қолданылады, бірақ негізгі және қосалқы командаларға жылдың басты республикалық және халықаралық турнирлерінде 1-ден 10-шы орынға дейін иеленген спортшылар шақырылады.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, бұл мемлекеттен қаржыландырылатын атлеттердің пулын кеңейтуге және ұлттық құрамдағы орын үшін бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді.

Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарына, олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы төлемнің мөлшері 24-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Сонымен қатар спорт төрешілерінің жалақысы 2024 жылға қарай негізгі лауазымдық жалақының 100%-ына дейін көтеріледі. Заңнамалық тұрғыда спортшыларға Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай жоғарғы оқу орнына түсу үшін грант беру туралы норма енгізілді.

Олимпиадалық резервті дайындау пирамидасы күшейтілді. Пилоттық режимде Республикалық спорт колледжінің базасында Жаттығу орталығы өз жұмысын бастады. Өңірлік құрамалармен жұмысты бір жүйеге келтіру мақсатында Астана қаласында және Ақтөбе, Алматы, Жетісу облыстарында Спортты дамыту дирекциялары ашылды. Биыл қалған 16 өңірде осындай құрылымдар салынатын болады. 2025 жылға дейін 8 өңірде спорттық мектеп-интернат-колледждер ашылмақ (Астана, Шымкент қалаларында, Алматы, Абай, Атырау, Маңғыстау, Қостанай және Ұлытау облыстарында). 

Асхат Ораловтың айтуынша, келесі жұмыс бағыты – Париж қаласында өтетін 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына сапалы дайындықты қамтамасыз ету.

Бүгінгі таңда «Париж-2024» дайындық бағдарламасы бекітілді. Ұлттық құраманың жоғарғы дәрежедегі дайындығын қамтамасыз ету мақсатында былтырдан бастап заманауи жабдықтар сатып алынды. Осы жыл Олимпиадаға дайындықтың маңызды жылы екенін ескере отырып, бұл жұмыстар биыл да қарқынды жалғасын табатын болады.

«Спорттық медицинаны жаңғыртпай, инновациялық технологияларды енгізбей, заманауи спорттық құрал-жабдықтарды жаңартпай, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды көбірек өткізбей, жоғары нәтижелерге жету мүмкін емес. Бұл бағытта кешенді ғылыми топтар құру, ұлттық құрама командаларды спорт дәрігері, травматолог, реабилитолог, нутрициолог, спорттық медицина бойынша физиотерапевт, спорт психологтары, массажистер және өзге де мамандармен жасақтау жөнінде шаралар қабылдау жоспарлануда», — деді А. Оралов.

Сонымен қатар министрлік оқу-жаттығу процестері мен спорттық іс-шараларға қатысатын спортшыларға жедел көмек көрсету бойынша фармакологиялық құралдар тізбесін жаңарту, инновациялық спорттық технологияларды енгізу бойынша жұмыс істейтін болады.

«Еліміз жылдан-жылға қарыштап дамып, ұлттық спорт та қанат жайып, еліміздің рухын көтеріп ел мақтанышына айналуда. Бұл бағытта ұлттық спортымызды, ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған “Ұлы дала жорығы” марафон-бәйгесі биыл да өз жалғасын тапса дейміз», — деді А. Оралов. 

Еліміз 2024 жылы Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарын өткізу мүмкіндігіне ие болды. Жыл басынан бастап елімізде спорт саласында елеулі оқиғалар орын алып жатыр. Оның бірі – 7 сәуір және 1 мамыр аралығында Астанада шахматтан әлем чемпионаты өтті. Бұл тарихи чемпионатта Дин Лижэнь жаңа әлем чемпионы атанды.

«Сонымен қатар аталған чемпиондық матчты өткізуге Аргентина, Мексика және Қытай елдері өтінім білдіргеніне қарамастан, біздің елімізден алынған өтінім географиялық жағдайы мен әлемдің шахмат жарыстарын өткізу тәжірибесіне байланысты жеңіске жеткенін ерекше атап өткен жөн. Жыл соңына дейін бұлардан да бөлек тың жобалар қолға алынып, ел спорты еңселене береді деп сенеміз», — деді министр.

Ендігі кезекте министрлікке қарасты тағы бір ауқымды сала – туризм.

Мәдениет және спорт салаларымен қатар, 2023-2029 жылдарға арналған туристік саласын дамытудың да тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама көлік және қала инфрақұрылымын дамытуды, әуе және теміржол қатынасын жақсартуды, сервистік және басқа да туристік инфрақұрылымды жандандыруды қоса алғанда, елдің туристік дестинацияларын және жол бойындағы сервисті кешенді дамытуды көздейді.

Қазіргі таңда елімізде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Оны туризмнің жаһандық рейтингінде Қазақстанның 14 орынға көтерілгені растайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 8,6 миллион адамнан, ал сыртқы туристер 900 мың адамнан асады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.

«Атырау облысында өткен жылы туристтер саны – 160 мың, оның 23 мыңнан астамы – шетелдіктер. Біз 2 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасын қалпына келтірдік. 74 ел үшін визасыз режим жаңартылды, құрлық шекаралары ашылды және елдер санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр», — деді Асхат Оралов.

Осылайша, ішкі туризмді дамыту мақсатында бүлдіршін саяхатшыларға арналған Kids go free бағдарламасы енгізілді, жыл басынан қонақ үйлерде тұрған әрбір шетелдік туристен Bed Tax салығы алынуда. Одан бөлек биыл жаңа құрал – туристік кешбэк енгізу жоспарланып отыр.

«Министрлік іске асырып жатқан жоғарыда барлық аталған шара бірінші кезекте біздің отандастарымыздың дұрыс демалысын дамытуға бағытталған. Туристер арасында демалыс мәдениетін қалыптастыру – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Осыған орай, барлық азаматтар үшін туризмдегі шараларды қолданып, мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырамыз», — деді министр.

Президент Атырау облысына сапарында мұнай мен газға ғана үміт артпай, өңірде туризм секілді болашағы зор саланы да дамыту қажет екенін айтқан. Расында, бұл жақта экологиялық және танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Атап айтқанда, Қиғаш өзенінің бойында лотос гүлдері өсетінін көбі біле бермейді. Сондықтан Президент тапсырмасы аясында лотосты туристік құндылық ретінде танымал ету бойынша 2023 жылға арналған медиажоспар әзірленіп, бекітілді.

Сол сияқты Индердегі тұзды көл аймағында емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға болады. Жабайы табиғат, үңгірлердің жұмбақ әлемі, таңғажайып табиғи ескерткіштер, шытырман оқиғалар – мұның бәрін Ақкергешеннің бор тауларынан табуға болады. Осы ретте бүгін ашылатын «Сарайшық» визит-орталығы аймақтағы мәдени туризмді ілгерлетуге мол үлес қосуы қажет.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, жалпы 2022 жылы туризм саласын цифрландыру мақсатында 6 туристік нысанға (Сарайшық қалашығы, Сарайшық музей қорығы, Хиуаз Доспанова, Жұмекен Нәжімеденов, Дина Нүрпейісова және Құмаршық ескерткіштеріне) QR кодтар орнатылды. Туристер 5 тілде ақпарат алуға және 3D тур жасау мүмкіндіктеріне ие болды. 11 туристік нысанға жол көрсеткіштер мен ақпараттық стендтер орнатылды. Осы қатарда ішкі туризмді насихаттау үшін «Neo Nomad» ауқымды акциясы жүріп жатқанын айта кеткен жөн.

«Жалпы бұл баяндама іске асырылып жатқан жұмыс туралы қысқаша есеп. Оның мазмұнына енбегендердің барлығын «сұрақ-жауап» сессиясы барысында талқылауды ұсынамын. Бүгінгі кездесу біздің әрі қарайғы диалогымызға жаңа серпін береді деп ойлаймын», — деді А. Оралов.

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, осы аталған іс-шаралар әр қазақстандықтың тұрмыс деңгейін, мәдени-рухани өмірін, денсаулығын арттыру үшін қажет.

#Жұмыс сапары #Мәдениет #Спорт #ҚР Мәдениет және спорт министрлігі #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу