Мәдениетімізді мыңжылдықтарға жалғаған бұл өңір – біз үшін қашанда қастерлі: А. Оралов өңір тұрғындарымен кездесті

ҚР мәдениет және спорт министрі А. Оралов Жамбыл облысының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Тараз қаласында өткен халықпен кездесу барысында ол мәдениет, спорт және туризм салаларына қатысты Министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынған мәселелер жайлы тоқталып, алға қойылған мақсаттармен бөлісті.

Жиынға мәдениет, спорт және туризм салаларының қызметкерлері, шығармашыл зиялы қауым өкілдері, атақты спортшылар, қоғам белсенділері, журналистер, туризм саласындағы кәсіпкерлер мен өңірдің аудандарынан келген азаматтар қатысты. Асхат Оралов кездесуді Министрліктің қол жеткізген нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы баяндамадан бастады. 

«Екі мың жылдан астам бай тарихы бар Тараз шаһары – ежелден өркениеттің ордасы болған көне мекен. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған тұғырлы Тараз – талай ғасырдың куәгері, абыз шежірешісі. Мәдениетімізді мыңжылдықтарға жалғаған, көне мен жаңаны байланыстыра білген бұл өңір – біз үшін қашанда қастерлі», — деді сөз басында мәдениет және спорт министрі А. Оралов.

Өңірдегі Қарахан мен Айша Бибі кесенелері, Жайсаң киелі жері, Көксай шатқалы, басқа да тарихи орындар – халқымыз үшін ортақ мәдени құндылықтар. 

Оның айтуынша, Қазақстанда 10-нан астам нысан ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген болса, олардың бесеуі, атап айтқанда Ақыртас, Өрнек, Құлан, Ақтөбе, Қостөбе қалашықтары осы Жамбыл облысында орналасқан.

«Жамбыл десе көз алдымызға ұлы ақын, жыр алыбы Жамбыл атамыз, халық қаһарманы, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы, Қазақстанның халық жазушылары Шерхан Мұртаза, Несіпбек Дәутайұлы, қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров сынды қазақтың біртуар азаматтары келеді. Бұл өңір – дүниежүзілік додаларда ел мерейін асырған даңқты спортшылар мекені. Атап айтқанда, аты аңызға айналған әйгілі спортшымыз Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атамыз, даңқты боксшы, халықаралық спорт шебері, Кеңес Одағының екі дүркін чемпионы Серік Қонақбаев, Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибрайымов пен Бахтияр Артаев сияқты қазақ батырларының кіндік қаны тамған жер», — деді ол.

Министр өз сөзінде бүгінгі таңда халықаралық аренаның төрінде еліміздің көк байрағын көтеріп жүрген бокстан Әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов, дзюдодан Азия чемпионы Данияр Шамшаев, Олимпиада жүлдегері Елдос Сметов, Әлішер Ерғали, Рахат Қалжан (еркін күрес) және пара жүзуден Әлем кубогінің жүлдегері Нұрдаулет Жұмағали сияқты спортшылардың Жамбыл облысынан шыққан талантты тарландар екенін атап өтті. 

Ол мұндай даңқты спортшылар алаңында төрт жылда бір өтетін VI жазғы Спартакиаданың Тараз қаласында жалауын көтеруі де бекер емес екенін айтты.

«Жалпы, өздеріңізге мәлім былтырдан бері Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы тапсырмасымен барлық министр өңірлерде халықпен кездесулер өткізіп келеді. Елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету мақсатында, өңірлердегі мәселелерді жедел шешу және нақты қоғамдық сұрау салуды тұжырымдау үшін осында арнайы жиналып отырмыз», — деп сөзін жалғады министр.

А. Оралов әуелі Мәдениет және спорт министрлігінің атқарып жатқан жұмыстары, қолға алған мәселелері туралы баяндап, сонымен қатар алға қойған мақсаттармен бөлісті. 

Ол ең алдымен ұлт руханиятының төл тірегі – мәдениетіміздің дамуы туралы баяндады. 

Оның айтуынша, жыл басында мәдени саясатымыздың жаңа тұжырымдамасы бекітіліп, алдағы жетіжылдықтың даму жоспары айқындалған. Сонымен қатар биыл тұғырлы тұлғалардың мерейтойын кеңінен атап өту жоспары жүйелі атқарылып келеді. 

Министр атап көрсеткен тізімде ең алдымен даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы тұр.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау, өнеге өрісімізді кеңейту екенін әр кез айтып келеді. Осы орайда Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына арнайы әзірленген жалпы республикалық жоспар мәдени-танымдық, идеологиялық және ағартушылық мазмұнды іс-шараларды қамтиды. Сондай-ақ Үкімет жанынан беделді қоғам қайраткерлерінің, тарихшылардың басын қосқан жұмыс тобының құрамы жасақталған.

Дешті Қыпшақ даласының даңқты перзенті мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, шығармашылық кештер, көрмелер ұйымдастырылып келеді. Жыл басталған бетте Бейбарыс сұлтанның есімі елорданың бір көшесіне берілді. Сонымен қатар Мысырда Сұлтан Бейбарыстың мешіті ашылады, Қазақстанның Мысырдағы Мәдениет күндері өткізілмек.

А. Ораловтың мәліметінше, озық мәдениет революциясының бас жасампазы, кемеңгер көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына арналған жалпыреспубликалық жоспар жобасы 100-ге жуық мерейтолық іс-шараны қамтиды. Бұл ретте ол Темірбек Жүргеновтің мерейтойы күллі түркітілдес елдерге де ортақ оқиға екендігін ескере отырып, ТҮРКСОЙ ұйымы осы жылды «Жүргенов жылы» деп жариялағанын айрықша атап өтті.

«Халқымыз тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білген. Бұл орайда, биыл қазақ мәдениетінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің есімін ел есінде айрықша қалдыру мақсатында «Тағылымға толы ғасыр» атты арнаулы жобаны қолға алып отырмыз. Оның аясында біртуар қайраткерлердің рухани мұрасын дәріптеп, мерейтойлары кең көлемде насихатталады. Бұл – еліміздің мәдени игілігіне зор үлес қосатын ауқымды жоба болады деп сенемін», — деді мәдениет және спорт министрі.

Оның ақпаратына сүйенсек, Министірлік тарапынан қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар назардан тыс қалмайды. Бұл бағытта Министрлік тарапынан мәдениет саласының майталмандары мен архившілерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар шара қабылданған.

Атап айтқанда, 2022 жылдан бастап мәдениет, архив ісі ұйымдарының барлық санаттағы қызметкерінің жалақысы жыл сайын 20%-ға өсіп, нәтижесінде 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ды құрайды. Сондай-ақ еліміздегі «Ұлттық» статусына ие мәдениет саласындағы 5 ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға артты. Биыл бұл тізімнің санын арттыру жоспарланып отыр. Ал, мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия 20-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.

«Сонымен қатар жиырма жылдан астам уақыт бойы берілмей келген "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағы қайтарылды. Бұл мәдениет қайраткерлері үшін өте маңызды әрі қуантарлы жайт деп есептеймін. Әртіс үшін бұл марапат – халықтың бағасы мен батасынан бөлек, шығармашылығының жоғарғы деңгейде мойындалуы деп санаған дұрыс. Осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобын марапаттау биыл қазан айына жоспарланып отыр. Сонымен бірге құрметті атаққа ие болған мәдениет қайраткерлеріне базалық лауазымдық еңбекақының 100% мөлшерінде үстемақы төленеді», — деді А. Оралов.

Бұл ретте, Министрлік тарапынан аты аңызға айналған, 50 жылдан астам тарихы бар «Гүлдер» эстрадалық ансамблін жандандыру бойынша үлкен жұмыс жасалды. Бұл шын мәнінде елдің мәдени тынысын жаңғырту екені даусыз. Бұдан әрі ансамбльдің республика ішінде ғана емес, шетелде де өнер көрсетуі жоспарланып отыр.

Жалпы, Министрліктің 2023 жылға жоспарлаған мәдениет және архив қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларын қабылдау бойынша жүргізіп жатқан жұмысы аз емес. Мәселен, мемлекеттік мәдениет ұйымдарының үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын қызметкерлері және би ансамблі әртістерінің әл-ауқатын жақсарту мәселесі жіті назарда. Осы орайда, заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары басталып кетті. Бұдан бөлек, 12 мыңға жуық архив және кітапхана кызметкеріне ерекше еңбек жағдайларына байланысты жалақыға қосымша ақы тағайындау жоспарланған.

Мәдениет саласындағы инфрақұрылым тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытта қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында тың серпіліс алды. Аталған стратегиялық құжатта елімізде 2025 жылға дейін 1 500 мәдени нысанның құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Министрдің айтуынша, былтыр ғана республикада 22 нысанның құрылысы мен 287 объектіге жөндеу жұмыстары қабылданған. Биылғы жоспар бойынша – 40 объектінің құрылысы мен 260 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Олардың ішінде, Жамбыл облысында 17 мәдениет нысанында жөндеу және 14 нысанды салу жұмыстары көзделіп отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мәдениетті дамыту және елдегі креативті индустриялар базасын қалыптастыруға қатысты тапсырмасын ескере отырып, кітапханаларды коворкинг-орталықтарға айналдыру мәселесін қарастыру көзделген. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жанданатын болады.

«Архив саласының инфрақұрылымы да біздің жіті назарымызда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп 200 мың бірлікке арналған архив ғимаратын салу үшін үлгілік жобалау-сметалық құжаттама дайын құрылыс жобаларының тізіліміне енді. Осылайша кез келген өңір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге үнемдей отырып, архив ғимаратын салу мүмкіндігіге ие болды. Қазіргі таңда 500 мың бірлікке жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу бойынша жұмыстар тиісті мемлекеттік органдармен пысықталуда», — деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, осы Жамбыл облысының Қордай ауданында жаңа архив ғимаратының құрылысы жүруде және аяқталу уақыты осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Меркі, Шу, Рысқұлов аудандарында жерді заңдастыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Сондай-ақ мәдениет және өнер саласындағы жылда жүзеге асырылып келе жатқан «Umai» ұлттық сыйлығы, «DALA DAUYSY» республикалық байқауы, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы сияқты бірқатар ауқымды жоба ары қарай жалғасын табады.

«Жоғарыда аталған осы "Айбоз" ұлттық әдеби сыйлығына жамбыл өңірінің қаламгерлері де 1 мамырдан бастап өз шығармаларын ұсына алады. Өтінімдер 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Әдебиеттің 7 аталымы бойынша берілетін ұлттық сыйлықтың әрбір жүлдесі 5 млн теңгені құрайтынын айрықша атап кеткен дұрыс», — деді ол.

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы 7 «Үздік» номинация бойынша жүргізіледі: «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті», «Әдеби аударма», «Кітап дизайны», «Үздік комикс».

Олардан бөлек, бұрын еш жерде шығармалары жарық көрмеген қаламгерлерді қолдау мақсатында «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы қолға алынды.

Сондай-ақ биыл алғаш рет еліміздің жас жазушылары мен ақындарына арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық беріледі. Бұл сыйлық осы жылдан бастап, жыл сайын «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» атты 4 номинация бойынша ұсынылатын болады.

«Мәдениетімізді қарқынды дамыту мақсатында биыл соңғы он жылда алғаш рет шамамен 1 млрд теңгеге мәдениет және өнер ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алу көзделгенін айта кету қажет. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Бірлескен күш-жігермен бірге үлкен нәтижелерге қол жеткізу үшін демеушілердің көмегін арқау етеміз», — деп мәлімдеді А. Оралов.

Сондай-ақ мәдениет және спорт министрі еліміздегі кино саласы жайына тоқталып, мәдениет саласын дамытуда киноиндустрияның әлеуеті айрықша екенін атап айтты. Соңғы жылдары отандық режиссерлердің туындылары қоғамда жоғарғы сұранысқа ие бола бастағанына, сонымен қатар отандық кинода бәсекелестіктің артып келе жатқанына тоқталды. Жалпы алғанда конкурстық іріктеу қорытындысына сәйкес мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаржыландырылатын киножобалар саны жыл санап өсіп келеді.

«Отандық кинотуындыларымыздың халықаралық аренада да беделі арта түсуде. Күні кеше ғана Министрліктің қолдауымен жарыққа шыққан «Бесік жыры» анимациялық фильмі Мадридте өткен үлкен кинофестивальде «Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм» жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар біз қаншама ғасырдан бері үзілмей келе жатқан ұлттық өнер түрін ерекше қолдауымыз керек. Осы орайда халқымыздың материалдық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында елордамыздағы Ұлттық музейде Қолөнершілер орталығы мен «Палеонтология» залы өз жұмысын бастады. Жалпы көне Тараз топырағы қолөнерге ежелден айрықша мән береді. Сондықтан елодамыздағы аталған орталық жұмысын жандандыруда өздеріңіздің үлес салмақтарыңыз ерекше болуы керек деп санаймын», — деді ол.

Деректерге сәйкес Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ұлттық мәдениеттің бірегей нысандарын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу мақсатында «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясын әзірлеу жұмысы жалғастырылады.

Бұл дәлізге 6 нысан кіреді. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Сауран, Отырар, Ясы, Қызылорда облысындағы Жеті Асар, Жанкент, Сығанақ нысандары қамтылады.

Министр мәдениет саласы бойынша баяндаманы түйіндей келе, аталған айтулы міндеттер мен мақсаттарға бірге күш біріктірген жағдайда ғана жетуге болатынын айтты.

Оның мәліметінше, Министрлік өз құзіреті шеңберінде тарихи сананы жаңғырту мақсатында ономастика саласындағы жұмысты үйлестіреді. Бұл бағытта мемлекет пен қоғамның дамуына үлес қосқан қайраткерлер қатарынан «Тарихи тұлғалар» тізімі жинақталды.

2021-2025 жылдарға арналған идеологиялық жағынан ескірген атауларды қайта атау жөніндегі жол картасы шеңберінде республикада идеологиялық жағынан ескірген 34 елді мекен мен 562 құрамдас бөліктің атауы өзгертілген.

Сонымен қатар бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өскелең ұрпақтың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту басым назарда. Бұл ретте мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс институты белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, Жамбыл облысында 9 мыңнан астам бала мен жасөспірім тегін үйірмелермен және түрлі секцияларымен қамтылған.

«Биыл біз осы жобаны жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты жалғастыру мақсатында 2023 жылы 560 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдардан 86,7 млрд теңге бөлінді», — деді мәдениет және спорт министрі. 

Бүгінгі таңда спорт еліміздегі маңызды саланың бірі екеніне тоқталған министр, ел спортының ертеңін еңселі ету, санасы сергек, бойы шымыр ұрпақ тәрбиелеу – әр қазақстандықтың борышты міндеті екенін, бұл орайда дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы бекітілгенін атап айтты.

Министрдің мәліметіне сүйенсек, елімізде шахматты қарқынды дамыту мақсатында тұжырымдама бекітіліп, 2025 жылға дейінгі 38 іс-шарадан тұратын жол картасы әзірленген. Өткен жылы қыркүйекте УЕФА-ның мамандарымен бірлесіп, «Қазақстан футболының 2034 жылға дейінгі даму стратегиясы» әзірленді. Аталған стратегия футбол қызметінің барлық саласын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету, әлемдік деңгейдегі қазақстандық футболшыларды даярлау жүйесін құру және кәсіби футболды трансформациялау бөлігінде оң нәтиже әкеледі деп күтіледі.

Тұжырымдамада айқындалған негізгі мақсаттың бірі – спорттық инфрақұрылымды дамыту арқылы оның халыққа қолжетімділігін арттыру.

«Осы бағыттағы жұмыстар стратегиялық құжаттар аясында өз жалғасын табатын болады. Елімізде 2025 жылға дейін 113 жаңа спорт нысаны салынып, жұмыс істеп тұрған 26 нысан қайта жаңғыртылады. Осы орайда, Жамбыл облысында өткен жылы 4 нысанның құрылысы аяқталса, биыл 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы алғанда, спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында, біріншіден, біз еліміздегі барлық спорттық инфрақұрылымға ауқымды түгендеу жүргізуіміз қажет. Екіншіден, спорт нысандарын санау әдістемесіне өзгерістер енгізуіміз керек, үшіншіден, спорттық инфрақұрылымның бірыңғай тізімін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз», — деді ол.

Келтірілген деректерге сәйкес, аталған жоспарлар нәтижесінде спорттық инфрақұрылымға сұранысы жоғары өңірлер мен шалғайдағы ауылдарда аз шығынмен тез салынатын модульдік нысандарды құру жұмыстары жүргізілмек. 

Министрлік биыл Республикалық олимпиадалық дайындық базасының құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін Мемлекет басшысының қатысуымен ашуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге Астана қаласында «Олимпиадалық даярлау орталығы» көпфункциалы спорт кешенінің негізінде «Ұлттық спорт университетінің» құрылысы жүргізілуде. Нысанды 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы атап өткендей спорт ғимараттарының басым бөлігі мемлекет меншігінде және оларды күтіп ұстауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді. Осы орайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдана отырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану қажет. Бұқаралық спортты дамытуға өз қаражатын салатын кәсіпкерлер мен басқа да азаматтар ең жоғары мемлекеттік наградаларға ие болатынын атап өткен жөн.

Министрдің мәліметінше, сала қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында сабақтан тыс спорттық секцияларды өткізгені үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне лауазымдық жалақыдан 100% қосымша ақы төленеді, мектеп-интернаттардың жаттықтырушы-оқытушыларына олардың біліктілігіне қарай санат бойынша 6 мың теңгеден 22 мың теңгеге дейін үстемақы төленеді.

Сала қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыда қолдау мақсатында Минитрлік жаңа шешімдер қабылдайтын болады. Сонымен қатар спорттағы жоғары жетістіктерге қол жеткізу жолында алда үлкен міндеттер тұр. Ұлттық құрама командалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың штаты 1 000 бірліктен 3 000 бірлікке дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар елімізде ұлттық құрама командаларды жасақтау қағидаты өзгерді. Енді құрамаға жылдың басты республикалық және халықаралық жарыстарында 1-ден 8-ге дейін орын алған спортшылар қабылданады. Айта кетейік, бұған дейін тек чемпиондар мен жүлдегерлерден ғана жасақталған болатын. 

Ал спортық ойын түрлеріне де осы тәртіп қолданылады, бірақ негізгі және қосалқы командаларға жылдың басты республикалық және халықаралық турнирлерінде 1-ші орыннан 10-шы орынға дейін иеленген спортшылар шақырылады. Бұл – мемлекеттен қаржыландырылатын атлеттердің пулын кеңейтуге және ұлттық құрамдағы орын үшін бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Деректерге сүйенск, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарына, олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы төлемнің мөлшері 24-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін артқан. Сонымен қатар спорт төрешілерінің жалақысы 2024 жылға қарай негізгі лауазымдық жалақының 100%-на дейін көтеріледі.

Сондай-ақ заңнамалық тұрғыда спортшыларға Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай жоғарғы оқу орнына түсу үшін грант беру туралы норма енгізілді. Олимпиадалық резервті дайындау пирамидасы күшейтіліп, Республикалық спорт колледжінің базасында Жаттығу орталығы пилоттық режимде өз жұмысын бастады.

«Өңірлік құрамалармен жұмысты бір жүйеге келтіру мақсатында Астана қаласында және Ақтөбе, Алматы, Жетісу облыстарында Спортты дамыту дирекциялары ашылды. Биыл қалған 16 өңірде осындай құрылымдар салынатын болады. 2025 жылға дейін 8 өңірде Астана, Шымкент қалаларымен қоса, Алматы, Абай, Атырау, Маңғыстау, Қостанай және Ұлытау облыстарында спорттық мектеп-интернат-колледждер ашылады. Олимпиаданың қарсаңында бұл мәселені қатаң бақылауға алу қажет», — деді А. Оралов.

Министр тоқталған келесі жұмыс бағыты – Париж қаласында өтетін 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына сапалы дайындықты қамтамасыз ету мәселесі болды.

Оның мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда «Париж-2024» дайындық бағдарламасы бекітілді. Ұлттық құраманың жоғарғы дәрежедегі дайындығын қамтамасыз ету мақсатында былтырдан бастап заманауи жабдықтар сатып алынды. Осы жыл Олимпиадаға дейінгі маңызды жыл екендігін ескере отырып, бұл жұмыстар биыл да қарқынды жалғасын табатын болады.

Спорттық медицинаны жаңғыртпай, инновациялық технологияларды енгізбей, заманауи спорттық құрал-жабдықтарды жаңартпай, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды көбірек өткізбей жоғары нәтижелерге жету мүмкін емес. Бұл бағытта кешенді ғылыми топтар құру, ұлттық құрама командаларды спорт дәрігері, травматолог, реабилитолог, нутрициолог, спорттық медицина бойынша физиотерапевт, спорт психологтары, массажистер және өзге де мамандармен жасақтау жөнінде шаралар қабылдау жоспарланып отыр.

«Біз оқу-жаттығу процесстері мен спорттық іс-шараларға қатысатын спортшыларға жедел шұғыл көмек көрсету бойынша фармакологиялық құралдар тізбесін жаңарту, инновациялық спорттық технологияларды енгізу бойынша жұмыс істейтін боламыз. Еліміз жылдан-жылға қарыштап дамып, ұлттық спорт та қанат жайып, еліміздің рухын көтеріп ел мақтанышына айналуда. Бұл бағытта ұлттық спортымызды, ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған "Ұлы дала жорығы" марафон-бәйгесі биыл да өз жалғасын тапса дейміз. Өздеріңізге мәлім еліміз 2024 жылы Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарын өткізу мүмкіндігіне ие болды», — деп атап өтті ол.

А. Ораловтың айтуына қарағанда, жыл басынан бастап елімізде спорт саласында елеулі оқиғалар орын алып жатыр. Оның бірі – 7 сәуір және 1 мамыр аралығында Астанада шахматтан әлем чемпионаты өтті. Бұл тарихи чемпионатта Дин Лижэнь жаңа әлем чемпионы атанды.

Сонымен қатар аталған чемпиондық матчты өткізуге Аргентина, Мексика және Қытай елдері өтінім білдіргеніне қарамастан, біздің елімізден алынған өтінім географиялық жағдайы мен әлемдің шахмат жарыстарын өткізу тәжірибесіне байланысты жеңіске жеткенін ерекше атап өткен жөн. Жыл соңына дейін бұлардан да бөлек тың жобалар қолға алынып, ел спорты еңселене береді деген сенім мол.

Министрлікке қарасты тағы бір ауқымды сала – туризм. Мәдениет және спорт салаларымен қатар туристік саланы дамытудың да жетіжылдық жаңа тұжырымдамасы бекітілді.

Тұжырымдама көліктік және қалалық инфрақұрылымды дамытуды, әуе және теміржол қатынасын жақсартуды, сервистік және басқа да туристік инфрақұрылымды жандандыруды қоса алғанда, елдің туристік дестинацияларын және жол бойындағы сервисті кешенді дамытуды көздейді.

Қазіргі таңда елімізде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Оны туризмнің жаһандық рейтингінде Қазақстанның 14 орынға көтерілгені растайды. 2022 жылдың қорытындысына сәйкес ішкі туристер саны 8,6 млн адамнан, ал сыртқы туристер 900 мың адамнан асады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.

«Жамбыл облысында өткен жылы туристтер саны 135 мыңды құрады, оның 3 мыңнан астамы шетелдіктер үлесіне келеді. Біз 2 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасын қалпына келтірдік. 74 ел үшін визасыз режим жаңартылды, құрлық шекаралары ашылды және елдер санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Еліміздегі бағаның қолжетімділігі, бірегей табиғаты мен бай мәдени мұрасының болуы сияқты көрсеткіштер бойынша ең жоғары орынға ие. Сондықтан да біз еліміздің орасан зор туристік әлеуетін пайдалануымыз керек», — деп баяндады министр.

Оның айтуынша, ішкі туризмді дамыту мақсатында бүлдіршін саяхатшыларға арналған Kids go free бағдарламасы енгізілген, жыл басынан бері қонақүйлерде тұрған әрбір шетелдік туристтен Bed Tax салығы алынып келеді. Одан бөлек биыл жаңа құрал – туристік кешбэк енгізу жоспарланып отыр.

Министрлік іске асырып жатқан жоғарыда аталған барлық шара бірінші кезекте отандастарымыздың дұрыс демалысын дамытуға бағытталған. Туристер арасында демалыс мәдениетін қалыптастыру – Министрліктің негізгі міндеттерінің бірі. 

«Тараз қаласы Қазақстанның мәдени туризмінің ең танымал төрт бағытының қатарына кіреді. Осынау тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, орта ғасырлардан жеткен ұзын-саны 1000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұралар бар», — деп айтып өтті мәдениет және спорт министрі.

ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ортағасырлық Ақыртас, Өрнек, Құлан, Ақтөбе, Қостөбе қалашықтарын айтпағанның өзінде, «Тектұрмас», «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешендері, Қарахан, Айша бибі, Бабаджа қатын кесенелерінің өзі көпшіліктің қызығушылығын тудырып, ұлттың ұлы тарихынан сыр шертеді.

Сонымен қатар Қарасай, Тамдысай және жартастағы бейнелері бар Бота-Мойнақ шатқалдары мен Жуалы ауданынындағы Маймақ шатқалындағы петроглифтер де туристер арасында танымал.

Бұл ретте ертедегі ортағасырлық түркілердің Ұлы Жібек жолындағы ірі қалаларының бірі болған, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Ақтөбе» қалашығын да атап өтуге болады. Осы қасиетті мұралардың арқасында мәдени туризмді ілгерлетуге мол мүмкіндік бар.

Министрдің ақпаратына сүйенсек, Ішкі туризмді насихаттауға бағытталған «Neo Nomad» ауқымды акциясы шеңберінде Айша Бибі кесенесі жоғарыда аталған тізімге қосылған.

«Сөзімді өздеріңіздің жерлестеріңіз, ұлт батыры Бауыржан Момышұлы атамыздың: “Елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып қызмет ет” деген аталы сөзімен аяқтағым келіп тұр. Алдымызға қойған маңызды міндеттеріміз аз емес. Қашанда дара дәстүрлерімізді арқау етіп, ұлт тамырына бойлай білсек ел мүддесі жолындағы қызметтің ірісі сол деп есептеймін», — деп түйіндеді сөзін А. Оралов. 

Жиынды қорытындылаған ол аталған іс-шаралар әр қазақстандықтың тұрмыс деңгейін, мәдени-рухани өмірін, денсаулығын жақсарту үшін аса қажет екенін баса айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу