01 Маусым 2023, 19:00

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.
Өңір басшысының айтуынша, 2023 жылғы қаңтар-сәуірдегі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақтылық қамтамасыз етіліп, негізгі макрокөрсеткіштердің барлығында оң динамикаға қол жеткізілді.
«Бүгінгі таңда экономиканың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру маңызды. Оның ішінде шетелдік инвестицияларды тарту – жалпы экономикалық саясатымыздың басымдықтарының бірі», — деді Нұрлан Ноғаев.
Өткен жылы экономиканың түрлі саласында жалпы сомасы 25 млрд теңгеге 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 600-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 6 жоба өңдеу өнеркәсібі саласында, 5-і әлеуметтік жоба, ауыл шаруашылығында 2 жоба, туризмде 4 жоба жүзеге асырылды. Биылғы 4 айда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 266 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 46%-ға артты.
«Жалпы Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуеті өте зор. Біздегі шикізат базасының мол болуы, экономикалық тұрақтылық, инвестициялық климаттың қолайлы болуы, географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы инвестиция көлемін бұдан әрі ұлғайтуға септігін тигізетіні сөзсіз», — деді өңір басшысы.
Осы орайда 2026 жылға дейін іске асырылатын 100 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Осы жобаларды сәтті жүзеге асыру арқылы өңір экономикасына 1,9 трлн теңге көлемінде инвестиция тартып, 6 000 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды.
Биыл 100 млрд теңгеге 18 жобаны іске асырып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде инвестиция көлемі 2 млрд теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылып, нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орны құрылды. Олар: Жаңаөзен қаласында өндірістерді оқшаулау аясында іске қосылған «Көркем Әлем» ЖШС ет өнімдерін өңдеу және ет дүкендерінің желісін ашу жобасы және «Kaz Fruit Company» ЖШС Ақтау қаласында көкөніс және жеміс-жидектерді сақтау қоймасы. Бұл өңір үшін маңызы бар жобалар.
Биылға жоспарланған жобалардың ішінде өңдеу өнеркәсібінде 35 млрд теңгеге 6 инвестициялық жобаны іске асырып, жаңадан 400-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды.
Бұған қоса Нұрлан Ноғаев өңірде іске асырылуы жоспарланған ауқымды жобаларға тоқталды. Олар:
Біріншісі – «Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов» кен орындарын игеру жобасы. Оған $6 млрд тікелей инвестициялар тартылады. Шетелдік стратегиялық серіктесі – ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясы. Бүгінде жобалау жұмыстары басталды. Жобаны іске асырудың бастапқы кезеңінде 2 мың жұмыс орны құрылады. Өндіріс 2028 жылы басталып, жылына 4 млн тонна мұнай өндіру күтілуде. Президент тапсырмасы бойынша жобаны іске асыру аясында металл конструкцияларын өндіру бойынша қазақстандық верфтер мен алаңдардың қатысуы көзделеді.
Екіншісі – «металлургия зауытын салу». Аталған жобаны «YDA» түрік компаниясымен жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Келіссөздер оң нәтиже берсе, жобаны іске асыру арқылы өңірге 441 млрд теңге инвестиция тартып, құрылыс кезінде 6 мың, іске қосылғаннан кейін 2,5 мың астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Үшіншісі – SVEVIND неміс-швед компаниялар тобымен іске асыру жоспарланған «Жасыл сутегін өндіру және тарату» жобасы. Жоба тұщыландыру зауытын, 40 ГВт жаңартылатын энергия көздері станциясын және өндірістік қуаты жылына 2 млн тонна су электролизін орнатуды және пайдалануды көздейді.
«SVEVIND» компаниясы 2022 жылғы 27 қазанда Үкіметпен инвестициялар туралы келісімге қол қойды. Компания өз қаражаты есебінен жобаның алдын ала ТЭН-ін аяқтап, «Хайрейжа уан» ЖШС-нің жергілікті еншілес компаниясын құрды. Жобалау-іздестіру жұмыстары үшін 3 жыл мерзімге жалпы ауданы 3,4 млн гектар жер телімдері бөлінді. Бүгінгі таңда геологиялық-геофизикалық іздеу, экологиялық және әлеуметтік ортаға әсерді бағалау, жобаны қаржыландыру бойынша құрылымдау және басқа да жұмыстар жалғасуда.
Жоба 2023-2031 жылдар аралығында іске асырылады деп күтілуде. Оның құны – $50 млрд немесе 22,5 трлн теңге. Құрылыс кезінде 3 500, пайдалану кезінде 1 800 жұмыс орнын құруды көздейді. Аталған келіссөздер оң нәтиже беріп, жобалар сәтті жүзеге асырылған жағдайда өңірге 26 трлн теңге немесе $58 млрд көлемінде инвестиция құйылып, құрылыс кезінде 11 мыңнан астам, іске қосылғаннан кейін 4 800 жұмыс орнын құруға мүмкіндік туады.
Әрі қарай Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев туризм саласы бойынша баяндама жасады.
«Өңірде туризм саласын дамыту маңызы жылдан жылға артып келеді. Қызығушылық танытып келетін туристердің де қатары көп. Оны саладағы оң динамикадан да байқауға болады», — деді ол.
2022 жылы салада көрсетілген қызметтер көлемі 11,5 млрд теңгені құрап, 1,6 есе өсті. Өңірге шет елдер мен ел аймақтарынан 310 мыңнан астам турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға артық. Туризмді дамыту көлік инфрақұрылымына тікелей байланысты. Оның ішінде туристердің әуе көлігімен келуі үшін барлық жағдайлар жасалуда. Бүгінге Үкіметтің қолдауымен аптасына 24 бағытқа 110 әуе рейсі халықаралық және ішкі бағыттар бойынша ұшады, соның ішінде 16 бағытта 45 әуе рейсі алыс және жақын шет елдерге ұшады.
Жыл басынан бері «Ақтау халықаралық әуежайымен» тасымалданған жолаушылар саны 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға өссе, тасымалданған жүк көлемі 14%-ға артты. Ішкі туризм мақсатында келушілер теміржол көлігін де пайдаланады. Биыл жыл басынан бері теміржол көлігі арқылы 260 мыңға жуық жолаушы тасымалданған.
«Аймақтың туризм саласын одан әрі дамыту әлеуеті зор. Ол үшін туристер мен инвесторларға қолайлы жағдай жасауды жақсартуды біз одан әрі жалғастырамыз. Ақтау қаласындағы жылы жағажайды инфрақұрылыммен қамту жобалары жалғасуда», — деді Маңғыстау облысының әкімі.
Курорттық аймақты дамыту аясында 2022 жылы жергілікті инвесторлармен 4 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 1,1 млрд теңгеден астам инвестиция тарту арқылы 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 130 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жалпы құны 76 млрд теңгеге 2 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Бұған қоса биылғы маусым айында Түпқараған ауданындағы «Сартас» визит орталығының жанында «Қазақ ауылы» жобасының ашылуы жоспарланған. Сонымен қатар 2025 жылға дейін Ақтау қаласында және Қарақия ауданында 2 сапар орталығының ғимаратын салу жоспарланды.
Өңірде туризм саласы бойынша 2023-2025 жылдар кезеңінде 1 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына мультипликативті оң серпін бере отырып, туристердің қызығушылығын одан әрі арттырары сөзсіз.
Әрі қарай Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев инфрақұрылымды дамыту туралы сөз қозғады.
Экономикалық өсім өңір инфрақұрылымына да тікелей байланысты. Оның ішінде автомобиль жолдары – өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды сала. 2022 жылы автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту мақсатында облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлініп, 48 шақырым жолға асфальт төселді.
Бұдан басқа «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 1,5 млрд теңге қаражат бөлініп, жалпы ұзындығы 45 шақырымды құрайтын 8 ауылдың ішкі жолдарына құрылыс жұмыстары жүргізілді. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нормативті жағдайы 96%-ды құрады. Аталған көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы – республикада алдыңғы қатарда.
Биыл 238 шақырымды қамитын 13 жобаны іске асыру жұмыстары басталады.
Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 8 ауылдың ішкі жолдарына құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осы жылы көзделген жұмыстардың нәтижесімен жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 97%-ға көтеру қамтамасыз етілетін болады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың сөзінше, өңірдің маңызды мәселелерінің бірі – инфрақұрылымды реконструкциялау және олардың қуатын арттыру. Өңірдегі тіршілікті қамтамасыз етуші «МАЭК» кәсіпорнының негізгі құрал-жабдықтарының тозу деңгейі 81%-ды құрайды. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасы жасақталды. Бағдарлама аясында жобамен құны 128 млрд теңге құрайтын 6 жобаның құрылысын және жаңғырту жұмыстарын іске асыру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек Ақтау қаласы тұрғындарының көкейінде жүрген мәселелердің бірі – инженерлік желілерді қайта құрылымдау. Тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға дейін 5 аймаққа бөле отырып, Ақтау қаласының 25 шағын ауданында 919 км инженерлік желілерге жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Бүгінде 1 кезең бойынша жалпы құны 20,4 млрд теңгені құрайтын 19 жоба әзірленіп, қаржыландыру мәселелері пысықталуда. Оның ішінде осы жылы Ақтау қаласының 3, 3А, 3Б, шағын аудандары мен 1 шағын ауданы аурухана қалашығында жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары басталатын болады. Ол үшін республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді, мердігер анықталды. Қалған шағын аудандарды кезең-кезеңмен жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады.
Сондай-ақ өңірде жылумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Облыс бойынша жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – 713 км, тозу деңгейі – 53%, оның ішінде Ақтау қаласында бұл көрсеткіш жоғары, яғни 88%.
«Облыс орталығының жаңа шағын аудандарында көп қабатты тұрғын үйлер көптеп салынуына байланысты кейбір шағын ауданда жылу қуатының тапшылығы пайда бола бастады. Осыған байланысты тұрғындарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы шұғыл шаралар кешені қабылданды. Жергілікті бюджет есебінен қуаты 25 МВт құрайтын 5 блокты модульді жылу қазандығы сатып алынып, орнатылды. Сонымен қатар 17 шағын аудандағы қазандықты қосымша 24 МВт қазандық орнату арқылы жаңғыртылды», — деді Нұрлан Ноғаев.
Алдағы жылыту маусымына дайындықты сапалы жүргізу мақсатында 40 МВт қосымша 4 блокты модульдік жылу қазандығы орнатылатын болады. Оған бюджеттен 906 млн теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ «МАЭК» кәсіпорнында 4 қазандық агрегатын, 1 турбо агрегатын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Сонымен бірге, кәсіпорынның қажетті деңгейде қызмет етуі үшін қосалқы жабдықтар сатып алу мен жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге қарастырылуда. Өңірді сапалы әрі тұрақты жылумен қамту оған қажетті табиғи газ көлемінің жеткілікті деңгейде болуына тікелей байланысты.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, осы орайда өңірді тұрақты газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Ақтау қаласының солтүстік бөлігінде жаңа шағын аудандарды тұрақты газбен қамтамасыз ету мақсатында іске асырылып жатырған «Каспий энергетикалық хабы» аясында «Жаңаөзен – Ақтау» МГ құбырынан басталатын автоматтырылған газ тарату станциясы бар магистральды газ құбырын салу жобасы биыл аяқталмақ. Ол үшін республикалық бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлінді.
Осы жылдың басында Үкіметтің қолдауымен «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды. Бұл жұмыс «QazaqGaz» компаниясымен іске асырылуда және ол жыл соңына дейін аяқталады. Бұған қоса «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырының 4-тармағын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 5,3 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстары басталды.
«Бұл жобалар жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік бере отырып, облыстың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады», — деді Маңғыстау облысының әкімі.
Сонымен қатар өткен айда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Құрық ауылы маңындағы АГТС-нан бастап «Жылы жағажай» курорттық аймағындағы «Сарша» жерінен «Риксос» қонақ үйіне дейін жоғары қысымды газ құбыры іске қосылды. Бұл жоба осы аумақта орналасқан Құрық елді мекенін және ондағы өндірістік, демалыс орындарын газбен қамтуға мүмкіндік береді. Осы арқылы теңіз жағалауындағы туризмді дамыту үшін өте маңызды жоба.
Әрі қарай өңір басшысы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы сөз қозғады.
«Облыстың дамуы және халық саны өсу қарқынының жоғары болуына байланысты суға деген сұраныс артып келеді. Қазіргі уақытта облыста ауыз суды тұтыну көлемі – 162 мың м3. Өңірде, әсіресе жаз мезгілінде тәулігіне 77 мың текше метр суға тапшылық бар», — деді Нұрлан Ноғаев.
Өңірдегі ауыз су тапшылығын кезең-кезеңмен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы су тұщыту қуаты 191 мың текше метрді құрайтын 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту зауыты іске қосылды. Нәтижесінде «Астрахан – Маңғыстау» су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауыз су Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді.
Сондай-ақ «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2022 жылы жазғы маусымда су тұщыту қондырғысының 5 мың текше метрі қолданысқа берілді. 2023 жылы осы жұмыстарды толықтай аяқтау көзделіп отыр.
Ақтау қаласында жеке инвестор есебінен тәулігіне 20 мың текше метр су тұщыту қондырғысын салу жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл соңына қарай 10 мың текше метр су алу жоспарланып алды. Бұдан басқа Мемлекет басшысының 12 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша қойылған міндеті бүгінде толықтай орындалды. Нәтижесінде елді мекендерде халықтың ауыз суға қолжетімділігі 96%-дан 100%-ға дейін жеткізілді.
Биыл Ф. Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр, «МАЭК» аумағында 24 мың текше метр және Кендірлі аймағында 50 мың текше метр су тұщыту қондырғыларын салу жұмыстары басталады.
Су ресурстарының баламалы көздерінің бірі – Ақтау қаласынан 43 шақырымда орналасқан технологиялық су көзі ретінде пайдаланатын Құйылыс кен орны. Осы кен орынның суын толық игеру үшін Каспий су тұщыту зауытына дейін су құбырын тарту мәселесі туындады. Өйткені қазіргі бар құбыр 1964-1987 жылдары салынып, тозу деңгейі 80%-ды құрайды. Осы орайда Каспий су тұщыту зауытына дейін жаңа құбыр тарту үшін ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба Мемлекет басшысынан қолдау тауып, республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Биыл құрылыс жұмыстары басталады.
«Осы жобалар белгіленген мерзімде толықтай жүзеге асқан жағдайда 2026 жылға қарай тапшылықты толығымен жоюды межелеп отырмыз», — деді Нұрлан Ноғаев.
Әрі қарай өңір басшысы әлеуметтік сала мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 100%, ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 84,9%-ды құрады. Соңғы 5 жылда оқушылар саны 36 мыңға артты.
2022-2023 оқу жылына 1 800 балаға арналған 2 мемлекеттік мектеп және 624 балаға арналған 2 ғимарат пайдалануға берілді. Бұдан бөлек 4 650 орындық 12 жеке меншік мектеп ашылды. Нәтижесінде 3 ауысыммен оқытатын мектептер саны 18 ден 15-ке азайды. Сонымен қатар білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен әрқайсысы 1 200 балаға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтауға 14 млрд теңге қаражат қолдау тапты. Оның екеуі Ақтау қаласында, екеуі Мұнайлы ауданында орналасқан.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген болатын. Осы орайда Үкімет «жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алды. Ұлттық жоба аясында облыста 2025 жылға дейін 2 ауысыммен оқытатын 44 мың орындық 21 мектеп ғимаратын салу жоспарланды. Барлық мектептің жер учаскелері бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар биыл NCOC компаниясы демеушілігімен Бекі ауылында 100 орындық мектептің құрылысы басталды. 2021 жылдан бастап ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары басталып, соңғы екі жылда 43 мектеп жаңғыртылды. 2025 жылға дейін 103 ауыл мектебін жаңғырту көзделуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы оқу жылынан бастап 2 және 4-сынып оқитын 44 мыңға жуық баланың барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Осылайша, облыс бойынша тегін тамақпен барлығы 90 мың бала қамтылмақ.
Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндет. Өңірдегі барлық білім беру ұйымы бейнебақылау жүйелерімен, дабыл түймелерімен қамтамасыз етілді және жедел басқару орталығына қосылды.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәлімдеуінше, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2022 жылы жеке инвестициялар есебінен Жаңаөзен қаласында 175 төсек-орны бар көпбейінді аурухана құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған 100 төсе-орны бар онкология орталығы іске қосылғаннан кейін науқастардың басқа өңірлерге кетуі азаюда. Осы ауруханада 345 адам сәулелік терапия курстарын алып, 377 күрделі хирургиялық ота жасалды.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының қолдауымен «Қамқорлық» атты 100 төсек-орны бар оңалту орталығы ашылды. Осы ірі орталықтың ашылуы оңалту және қалпына келтіру, ем-шараларға мұқтаж балалар республикалық орталықтарға бармай, облыс деңгейінде ем алуға мүмкіндік туды.
Оған қоса медициналық қызметтің жақын жерде қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсететін 6 жеке меншік ұйым ашылып, ел игілігіне берілді. Облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында Мұнайлы ауданында 150 төсек-орны бар аудандық орталық аурухананың құрылысы жалғасуда.
Бұдан басқа «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңаөзен қаласы Рахат ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталуда. 2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету объектілерін салу жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, денсаулық сақтау обектілердің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылуда. Осы бағытқа облыстық бюджет есебінен 4,2 млрд теңгеге барлығы 352 дана медициналық техника сатып алынды. Оның ішінде 1,6 млрд теңгеге 12 дана күрделі медициналық техника сатып алынып, орнату жұмыстары жүргізілуде.
Бұған қоса облыстың Кешенді жоспары аясында республикалық бюджет есебінен лизинг арқылы жедел-жәрдем станциясына 5 реанимобиль сатып алынды. Осылайша, бүгінге емдеу орындарының жабдықталу көрсеткіші 93%-ды құрады. Бұл жұмыстар 2023 жылы да жалғасады. Ол үшін бюджеттен 4 млрд теңге қаржы қарастырылды.
Саладағы негізгі мәселенің бірі – кадр тапшылығы, бүгінгі таңда тапшылық 228 маманды құрап отыр. Маман тапшылығын шешу үшін 2021 жылы 64 облыс әкімінің гранты бөлінсе, 2022 жылы оның саны 157-ге ұлғайтылды. Одан өзге басқа өңірлерден мамандар шықырту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде былтыр денсаулық саласына 110 дәрігер келді.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы және басқа да қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2023 жылы жұмыс орны бойынша тұрғын үйге мұқтаж ауылдық жерге жұмыс істеуге жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға 70 млн теңге қаржы бөлінді.
Қазіргі таңда «Резидентура» біліктілігі бойынша облыстың медициналық ұйымдары үшін 36 кадр даярлауға 66 млн теңге қаражат қарастырылуда. Сондай-ақ 15 дәрігердің біліктілігін арттыру мақсатында Мәскеу және Вильнюс қалаларына халықаралық практикадан өтуге жолданатын болады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2022 жылы 208 маманға үй сатып алуға несие және 423 маманға бір жолғы жәрдемақы берілді. Осы бағдарлама аясында 2023 жылы 411 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы төлеуге 143 млн теңге, жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алуға немесе салуға 231 маманға 1,2 млрд теңге жәрдемақы қарастырылды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.
Сонымен қатар өңірде халықты жұмыспен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. 2022 жылы 21 548 жұмыс орны құрылды, оның 58,6%-ы тұрақты. 2022 жылы жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,0%-ды құрады.
Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында 27 мыңнан аса адам әртүрлі жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, оның ішінде 20 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылды. Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын ашу тапсырмасы аясында жаңа құрылған жеке кәсіпкерлік субъектілерінде 14 142 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар өңірдегі ірі мұнай өндіруші кәсіпорындарға және олардың мердігер ұйымдарына
1 741 жергілікті тұрғындар жұмысқа орналасты.
Бұдан басқа «Жұмыс жасаймын» өңірлік жобасы аясында бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылып, 754 азамат қамтылды. Сонымен қатар жастар және әлеуметтік осал топтар санатындағы 987 адам бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін қайтарымсыз грант алды. 2023 жылы да осы шаралар жалғасатын болады.
«Ұлттық жобалар шеңберінде 20 мыңға жуық тұрғынды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартатын боламыз. Сондай-ақ 122 жоба аясында 9 550 жұмыс орны құру жоспарланып отыр. Осылайша, 2023 жылы облыс бойынша 39 мыңнан аса адамды жұмысқа орналастыру көзделуде», — деді Нұрлан Ноғаев.
Оның айтуынша, жыл басынан бері облыстағы халықты жұмыспен қамту орталықтарына 25 мыңнан астам адам хабарласып, 14 мыңға жуық адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Барлығы 8 863 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 2 536 адам тұрақты жұмыс орындарына, 6 327 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды. Жұмыспен қамтудың өзге де белсенді шараларымен 5 105 адам қамтылды.
Мемлекет басшысының қолдауымен жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5%-бен 5 млн теңгеге дейін несие беру көзделген. Осы орайда 2023 жылы 163 жастың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда 27 жастың бизнес жобалары комиссия шешімімен мақұлданды.
Сонымен қатар жұмыс орындарын құрудың Өңірлік картасына сәйкес, облыста 11 833 адам жұмысқа орналастырылды.
«Қорытындылайтын болсақ, қазіргі уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты. Біз осы экономикалық өсу қарқынын сақтай отырып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін барлық қажетті шараны одан әрі жалғастыратын боламыз. Сондай-ақ Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындауға бар күш-жігерімізді салатын боламыз», — деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу