Медициналық сақтандыруды іске асырудың бірінші жылы: қорытындылар мен 2021 жылға арналған міндеттер

2020 жыл барлығына, әсіресе еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне қиын жыл болды. Сонымен қатар медициналық сақтандыру жүйесін іске асырудың алғашқы жылы коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2020 жылды қандай нәтижелермен аяқтағаны және 2021 жылға қандай міндеттер алға қойылғаны туралы онлайн-брифинг барысында «ӘМСҚ» КЕАҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов, Медициналық көмек сапасын мониторингілеу департаментінің директоры Ләззат Шоманова және Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жүргізу департаментінің директоры Забира Оразалиева айтып берді.

Б. Төкежанов өз сөзінде атап өткендей, қордың негізгі міндеті — медициналық ұйымдарды үздіксіз қаржыландыру және КВИ-мен күреске тартылған медицина қызметкерлерін материалдық қолдау.

«Қор бұл тапсырманы толығымен орындады. Аурушаңдықтың өсуіне дайындықты қамтамасыз ету үшін бірнеше маңызды қадам жасалып, іске асырылды», — деп атап өтті Б. Төкежанов.

Оның айтуынша, пандемия кезінде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі күшейтілді — мобильді бригадалар құрылды, үйде күндізгі стационарлар ұйымдастырылды, қашықтан медициналық қызмет көрсету басталды. Сонымен қатар ПТР диагностикасы бойынша зертханалық қызметтің қуаты артты. Қор медициналық сақтандыру жүйесіне қатысып-қатыспауына қарамастан, бүкіл халық үшін осы көмекті қолжетімді етті.

Спикерлердің пікірінше, форс-мажорлық жағдайларға қарамастан, МӘМС іске асырудың бірінші жылының қорытындылары медициналық сақтандыру жүйесінің толыққанды жұмыс істегенін көрсетеді. Ол денсаулық сақтау жүйесіне 500 млрд теңгеден астам қаржы құюға мүмкіндік берді. Осы қаражат есебінен медициналық қызметтер көлемі айтарлықтай артты — бейінді мамандардың консультациялары, диагностика, тексеру, күндізгі стационарлар қызметтері бар. Сондай-ақ, медициналық оңалту, оның ішінде постковидті синдромы бар науқастарға қолжетімді болды.

Сонымен қатар жоғары технологиялық операцияларды қаржыландыруға және осындай медициналық қызметтердің кезектілігін төмендетуге мүмкіндік туды.

 

Медициналық сақтандыру жүйесімен кім қамтылған?

Қордың басқарма төрағасы атап өткендей, өткен жылдың қорытындысы бойынша жүйенің қатысушылары — халықтың 85%-ы, бұл – 15,9 млн адам.

Карантиндік шараларға, осы кезеңде бизнестің төлем қабілетсіздігіне қарамастан, МӘМС жүйесіне қатысушылардың санын бірінші жыл ішінде 1 млн адамға: 2020 жылғы қаңтардағы 14,9 млн адамнан биылғы қаңтарда 15,9 млн адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік болды.

Қазіргі таңда 3 миллионнан астам қазақстандық МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Б. Төкежановтың айтуынша, олар кез келген уақытта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді алуға құқылы.

Қор әкімдіктермен және бейінді министрліктермен бірлесіп, халықты МӘМС-ке тарту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.

2020 жылы МӘМС-ке жарна мен аударым ретінде 550 млрд теңге түсті. Қаржының басым бөлігі жеңілдік жасалған топтар үшін төленген мемлекеттік жарналарға тиесілі – 297,6 млрд теңге немесе барлық түсімдердің 54%-ын құрады. Осылайша, мемлекет бұрынғысынша халық алдындағы өзінің әлеуметтік міндеттемелерін сақтайды. Жұмыс берушілердің өз қызметкерлері үшін аударымның жалпы сомасы 162,6 млрд теңге (30%) мөлшерінде. Сонымен қатар жеке тұлғалардың жарнасы 16% құрады.

 

МӘМС есебінен медициналық көмек: халық қандай көмек алды

Б. Төкежановтың айтуынша, МӘМС түскен барлық қаражат халыққа медициналық көмек көрсетуге жұмсалады. Өткен жылы қордың медициналық қызметтерді сатып алу жоспары 1,8 трлн тг құрап, 2019 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге артты. ТМККК қаржыландыру – 1,2 трлн теңгені, МӘМС – 569 млрд теңгені құрады. 

«Қаржыландырудың айтарлықтай артуы халыққа медициналық көмек көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Біз үшін амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру әлі де басымдыққа ие», — деп атап өтті Б. Төкежанов.

Өткен жылы амбулаториялық деңгейде халыққа 215 млн-ға жуық қызмет көрсетілді.

Бұл:

  • 110 млн қабылдау, оның ішінде 33 млн-ға жуық бейінді мамандардың қабылдауы; 
  • 65 млн зертханалық диагностика қызметі;
  • шамамен 28 млн процедура мен манипуляция; 
  • 11 млн диагностикалық қызмет, оның ішінде 454 мың КТ/МРТ, 2,8 млн УДЗ, 13,5 мың ПЭТ диагностикасы.

Қордың басқарма төрағасының айтуынша, емханалар арқылы көрсетілген барлық консультациялық-диагностикалық қызметтердің негізгі бөлігі медициналық сақтандыру есебінен төленген.

Өткен жылы күндізгі стационарға 1 млн-нан астам адам жатып емделді, оның ішінде ТМККК шеңберінде – 508 мың және МӘМС жүйесінде – 578 мың емдеуге жатқызу.

2,7 млн-ға жуық пациент тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда ем алды.

«Ауруханаға жатқызудың жалпы құрылымында әлі де шұғыл көмек 62%-ды құраса да, шұғыл ауруханаға жатқызу жағдайлары айтарлықтай төмендегенін атап өткен жөн», — деп атап өтті Б. Төкежанов.

Спикердің айтуынша, шұғыл ауруханаға жатқызу науқастың асқынулармен немесе кеш анықталған диагнозбен түскенін көрсетеді. Бұл адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Жоспарлы ауруханаға жатқызу ауруды ерте анықтауды және оны уақытылы емдеуді көздейді.

2020 жылдың алдын ала қорытындылары оны күту мерзімдерін төмендету есебінен жоспарлы емдеуге жатқызуға қол жеткізу үрдісінің артқанын көрсетеді.

Пациенттердің 86%-ы бір күннен он күнге дейінгі мерзімде стационарларға орналастырылды және тек 5%-ы 30 күннен астам уақыт күтті. 2019 жылы бір айдан астам уақыт ауруханаға жатқызуды күткен пациенттер саны 12% жеткен болатын.

Медициналық сақтандыру қаржысы есебінен 10 мыңға жуық қымбат, жоғары технологиялық операция жасалды. Емнің орташа құны 3 млн астам теңгені құрады. 

Хирургиялық араласудың көп бөлігі ангиохирургиялық, офтальмологиялық, кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, травматологиялық және ортопедиялық бейіндерге жатады.

«Жүрек ырғағының бұзылуы кезінде эндоваскулярлық қымбат оталардың көбеюі байқалады. Мысалы, автоматты кардиовертер/дефибрилляторды имплантациялау саны 1,5 есе өсті. Мұндай операцияның орташа құны 6 млн теңгеден асады, өткен жылы осындай 1200 астам операция жасалды», — деді Б. Төкежанов. 

Сондай-ақ Қордың басқарма төрағасының айтуынша, медициналық сақтандыру қаражаты есебінен мүмкіндігі шектеулі балаларға көбірек операциялар жүргізілді. Шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын емдеу операциялары және электромагниттік есту аппаратын имплантациялау саны бір жарым есе өсті. Осындай бір қызметтің құны орта есеппен 5,5 млн теңгені құрайды.

«Бізге немесе жақындарымызға кез-келген уақытта медициналық көмек қажет болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Мұндай сәттерде медициналық сақтандырудың рөлі ерекше түсінікті және ол жинақтылық емес, әлеуметтілік, қолжетімділік қағидаттары бойынша жұмыс істеуі тиіс», — деп атап өтті Б. Төкежанов.

 

МӘМС: Оңалтуды қаржыландыру 9 есеге өсті

Медициналық сақтандырудың тағы бір бастамасы халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру болды. 2020 жылы оңалтуды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 9 есеге, 56 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Бұл медициналық ұйымдарда жаңа оңалту орталықтарының, бөлімшелер мен оңалту кабинеттерінің ашылуын ынталандырды. 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда осы қызметтерді жеткізушілер саны 64-тен 559 медициналық ұйымға дейін артты.

Коронавирустық пандемия оңалтудың қаншалықты маңызды екенін және бұл бастама қаншалықты уақытылы жүзеге асырылғанын көрсетті.

Қазір бұл орталықтар мен бөлімшелерде коронавирус инфекциясынан кейін денсаулығы нашарлаған науқастар оңалтудан өтуде.

Өткен жылдың басынан бастап медициналық ұйымдар 31 млрд теңгеден астам сомаға оңалту қызметтерін көрсетті, оның ішінде стационарлық жағдайда — 132 мың оңалту жағдайы. Олардың ең көп саны өткен жылдың соңғы тоқсанында болды. Бұған Covid-19 және коронавирус инфекциясымен ауырған науқастарды оңалту кіреді.

 

Коронавируспен күрестегі қордың рөлі

2020 жылы коронавирус инфекциясымен күрес шеңберінде іс-шараларды қаржыландыру үшін 187,7 млрд теңге бөлінді. Желтоқсандағы болжамды соманы қоса есептегенде:

  • медицина қызметкерлеріне үстемақыға – 110 млрд теңге;
  • медициналық көмекке және КВИ таралуын тоқтатуға – 53,9 млрд теңге, провизорлық, карантиндік және инфекциялық стационарларға 384 мың адам емдеуге жатқызылды және емделді;
  • ПТР диагностика қызметіне – 19,7 млрд теңге бөлінді, 1,9 млн-нан астам ПТР-тест жасалды;
  • мобильді бригадалар – 3,2 млрд теңге, 550 мыңға жуық шақыруға қызмет көрсетілді.

Сондай-ақ спикерлердің айтуынша, бизнес өкілдері жарналарды төлеуден босатылған.

«Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға Үкімет шараларының арқасында біз сақтандыру мәртебесін қайтардық. Қордың негізгі құндылықтары адамдардың денсаулығы болғандықтан, Қор айтарлықтай қаржылық шығындарға қарамастан осындай маңызды ымыраға қол жеткізді», — деп атап өтті Б. Төкежанов.

Бұдан әрі оның айтуынша, 2020 жылы медицина қызметкерлері эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін үстемақы төлеумен қамтамасыз етілді. Жарты миллионға жуық медицина қызметкерлері қауіп-қатер деңгейіне байланысты жалақыға үстемақы алды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры наурыз-желтоқсан айларында осы мақсаттарға 110 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады.

«Жақында ынталандыру үстемелері 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында да төленеді деген шешім қабылданды. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты үстемеақы алушылардың контингенті мен тобы өзгеруі мүмкін», — деп атап өтті Б. Төкежанов.

 

2021 жылға жоспар

«2020 жылы пандемияға байланысты біз бастамаларымыздың бір бөлігін толық жүзеге асыра алмадық. Бірақ біз олардан бас тартпаймыз және оларды ағымдағы жылы іске асыруды жалғастырамыз. Бұл амбулаторлық-емханалық көмек, мектеп медицинасы, стационарды алмастыратын көмек деңгейінде қаржыландыруды ұлғайту, оңалтуды кеңейту және т. б. арқылы медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыру», — деді Б. Төкежанов.

Желтоқсан айының басында қор 2021 жылға арналған ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша медициналық қызметтердің негізгі көлемін сатып алуды жариялады.

«Бұған дейін хабарланғандай, Қор бірыңғай стратегиялық сатып алушы ретінде медициналық қызметтерді сатып алудың электрондық форматына көшті. Ол үшін "Электрондық қаржы орталығы" АҚ-мен бірлесіп медициналық қызметтерді сатып алу веб-порталы іске қосылды. Электрондық формат рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ қателердің туындау тәуекелдерін барынша азайтады, қағаз құжат айналымын жояды. Мұның бәрі қор үшін де, медициналық ұйымдар үшін де сатып алу рәсімдерін жеңілдетеді», — деді Б. Төкежанов.

Негізгі сатып алу сомасы шамамен 1,5 трлн теңгені құрады. Бұл соманың жыл соңына дейін орташа есеппен 20%-ға ұлғаюы болжанып отыр.

2021 жылға өткізілген сатып алу қорытындысы бойынша қазіргі уақытта 1373 медициналық ұйым Қордың жеткізушілері болып табылады, оның ішінде 704-і — мемлекеттік (51%), 669-ы — жеке (49%).

Халықтың қажеттілігінің артуын және елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, медициналық көмекті сатып алу көлемі ұлғайды. ТМККК пакетінде бұл инфекциялық ауруларымен ауыратын пациенттерге, обырмен ауыратын пациенттерге арналған медициналық көмекке, паллиативтік қызметтерге қатысты.

Сақтандырылған халық үшін мамандандырылған медициналық көмектің, оның ішінде ауылдық жерлерде қымбат жоғары технологиялық қызметтердің көлемі ұлғайтылды. Сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын 30%-ға дейін және орта медициналық қызметкерлердің жалақысын 20%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру да назардан тыс қалған жоқ, осы бағыт бойынша қаржыландыру көлемі 20%-ға өседі. Өткен жылы ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынып, өңірлерге берілді. Олар шалғай ауылдық округтердегі халыққа консультативтік, мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге, диагностикалық тексерулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ЭКО қызметтерінің саны жеті есеге артқанын атап өткен жөн. Егер 2020 жылы 1000-нан астам отбасы ана мен әке болу қуанышын сезіну мүмкіндігін пайдаланса, 2021 жылы олардың саны 7 мыңға дейін артады.

Тарифтік саясатты жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қор Денсаулық сақтау министрлігіне тарифті орташа республикалық деңгейге дейін жеткізу арқылы туберкулезге күресу қызметін қаржыландыруды өзгерту бөлігінде ұсыныстар енгізді. Сонымен қатар, онкологиялық қызмет қызметтеріне ақы төлеуді кешенді тарифтен клиникалық-шығынды топтарға көшіру бойынша ұсыныстар берілді.

 

Қор пациенттерді қорғайды

«Қор халық үніне құлақ асатын ұйым ретінде пациенттерді қорғайды және өзінің барлық байланыс арналары арқылы кері байланыс орнатуға басты назар аударады», — деді Б. Төкежанов.

Оның айтуынша, өтініштер мен шағымдардың негізгі бөлігі 1406 тегін байланыс орталығы арқылы келіп түседі. Бұл өтініш-шағымдар үш деңгейлі өңдеу моделінен өтеді. Бірінші деңгейде оператор консультация жүргізеді. Екінші деңгейде өтініш Қордың медициналық ұйымдары мен филиалдарына жіберіледі. Үшінші деңгейде медициналық ұйымдардың жауаптарының сапасын бақылау және өтініштердің себептерін талдау жүргізіледі.

Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы кеңінен таралуда, ол арқылы әр азамат өз өтінішін жіберуге, МӘМС жүйесіндегі мәртебесін тексеруге болады. Өткен жылы қосымша арқылы 22 мыңнан астам өтініш түскен. Пайдаланушылар саны артып келе жатқанын ескере отырып, қосымшаның мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда.

«Өткен жыл ішінде біз 720 мыңға жуық өтінішті қабылдап, өңдедік. Оның 95%-дан астамы — МӘМС жүйесіне қатысу, медициналық көмек алу, коронавирус бойынша консультациялар», — деді Б. Төкежанов.

Осы өтініштердің ішінде Қормен келісімшарт жасасқан медициналық ұйымдарға қатысты 8 мыңға жуық шағым бар. Барлық шағымдар бойынша шаралар қабылданып, өтініш берушілерге жауап берілді. Көрсетілген шағымдар санынан 214 өтініш бойынша Қор медициналық көмек көрсету сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізді. 

Халық көбіне консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне (жабдықтың болмауы, күту ұзақтығы, жолдаманың берілмеуі, кадр тапшылығы), медицина қызметкерлерінің дөрекі қарым-қатынасы мен біліксіздігіне, медициналық көмек көрсету сапасына, ақылы қызметтерге жіберуге, ауруханаға жатқызудан бас тартуға, КДҚ ұзақ күтуге және т. б. шағымданады.

Олар, ең алдымен, халыққа медициналық көмекті дұрыс ұйымдастыруға қатысты, оның мәселелерін жергілікті жерлерде медициналық ұйымдар мен денсаулық сақтау басқармалары шешуі тиіс.

Спикерлер атап өткендей, қор медициналық қызметтерді қаржыландыру бойынша өз міндеттемелерін тұрақты орындағанына қарамастан, пациенттің жолында түрлі кедергілер туындайды — бұл жағдайлардың болмауы, жабдықтардың жетіспеушілігі, бейінді мамандардың тапшылығы, ұзақ кезектер, қандай да бір қызметтерді көрсетуден бас тарту.

Денсаулық сақтау саласындағы жүйелі проблемаларды медициналық ұйымдардағы менеджмент деңгейін арттыру, инфрақұрылымды қосымша қаржыландыру, медицина қызметкерлері үшін қолайлы еңбек жағдайларын жасау арқылы бірлесіп шешу қажет.

«Денсаулық сақтау жүйесінің негізгі қатысушысы ретінде Қор осы мәселелерді бірлесіп шешу жөніндегі жұмысты 2021 жылы жалғастырады, басты мақсат — пациенттердің құқықтарын қорғау. Денсаулық сақтаудағы басты тұлға — пациент, оның мүдделері мен денсаулығы», — деді Б. Төкежанов.

ӘМСҚ басқарма төрағасының айтуынша, Қордың мақсаты — денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық көмектің сапасын арттырудың катализаторына айналатын медициналық қызметтерді жеткізушілердің бәсекеге қабілетті және ашық нарығы.

Осы жылдар ішінде жеке жеткізушілер нарығының динамикасы 50%-дан асты. Бұл соңғы 3 жылда қол жеткізілген үлкен нәтиже.

«Біз өзіміздің адал бәсекелестік қағидатымызға адал боламыз, бұл сапалы медицинаға апаратын жалғыз жол», — деді Б. Төкежанов.

Журналистердің елде төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін коронавируспен күресуге ӘМСҚ-дан қанша қаражат жұмсалғаны туралы сұрағына жауап бере отырып, ӘМСҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов осы кезеңде коронавирус инфекциясымен күресуге шамамен 187 млрд теңге жұмсалғанын атап өтті. Нақты бағыттар бойынша: 110 млрд теңге денсаулық сақтау субъектілерінің қызметкерлеріне үстеме ақы төлеуге (коронавирус инфекциясымен күрескен медицина қызметкерлеріне), 54 млрд теңге медициналық көмекке және коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша қызметтерге, сондай-ақ ПТР-диагностикалау қызметтеріне шамамен 20 млрд теңге (1,9 млн ПТР-тест жүргізілді) және мобильді бригадалардың шығуына 3,2 млрд теңге бағытталды.

ТЖ кезінде 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы алушылар медициналық сақтандыру қорының алдында борышкерлер болып табыла ма деген әлеуметтік желілерде таратылған ақпаратқа келетін болсақ, «ӘМСҚ» КЕАҚ заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Забира Оразалиева өзін бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер санатына жатқызатын барлық азаматтар Қорға тұрақты жарналарды енгізуі тиіс екенін, алайда 42500 теңге көлеміндегі біржолғы әлеуметтік төлем алу үшін БЖТ төлеген азаматтарға қатысты, ведомствоаралық комиссияның шешімімен адамдардың осы санаты әлеуметтік төлем алынған айлар үшін жарналарды төлеуден босатылғанын айтты.

«БЖТ төлеушілер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқық алу үшін Қорға жарналарды медициналық көмекті алатын күннің алдындағы күнге дейін қатарынан кемінде үш ай бойы төлеуге міндетті. Егер азамат өзін бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші ретінде белгілесе, онда сізде үзіліссіз тұрақты төлемдер болуы керек. Егер төлемдерде үзілістер болса, онда адам қандай да бір айда БЖТ төлеушілерге танылмайды», — деді ол.

Осылайша, заңнамада өткен кезең үшін БЖТ төлеуге жол берілмейді, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқық алу үшін Қорға аударымдар мен жарналар төлемеген адамдар төленбеген кезең үшін, бірақ төлем күнінің алдындағы он екі айдан аспайтын кезең үшін Қорға жарналарды республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінің 5% мөлшерінде төлеуге міндетті, бұл бүгінгі күні айына 2125 теңгені құрайды.

Забира Оразалиеваның айтуынша, стационарлық терапия жағдайында коронавирус инфекциясымен ауыратын бір науқасты емдеу шығындары аурудың ауырлығына байланысты. Ауырлығы орташа дәрежедегі науқасты емдеу шамамен 400 мың теңге, ауырлығы ауыр дәрежедегі науқасты емдеу 800 мың теңгеден астам мөлшерде өтеледі. Бұл сомаларға зертханалық, диагностикалық қызметтерді жүргізуге, стационарлық және оңалту терапиясын алуға арналған шығындар кіреді.

Жұмыскерлері жоқ және МӘМС тек өзі үшін төлейтін жеке кәсіпкерлер үшін Қорға ай сайынғы міндетті жарналардың мөлшеріне келетін болсақ, олар және жалпы жеке практикамен айналысатын адамдар үшін мөлшерлемелердің мөлшері салық есептілігі нысандарына қарамастан белгіленетінін білу маңызды. Бұл бірыңғай мөлшерлеме. Бүгінде олардың мөлшері 2975 теңгені құрайды, ол 2020 жылы өзгермеген. Бұл жойылмаған, өз қызметін тоқтатқандар тізімінде жоқ, яғни өз қызметін тоқтата тұру бойынша салық органдарына тиісті өтініш бермеген, сондай-ақ әрекетсіз жеке кәсіпкерлер тізімінде жоқ ЖК-ға қатысты. Қызметін тоқтатқан және әрекетсіз ЖК-ға келетін болсақ, ЖК-ның осы санаттары жарналарды дербес төлеушілер ретінде бір ЕТЖ-дан 5% мөлшерінде төлейді.

Жалпы, ӘМСҚ-ға қаражат 2017 жылғы 1 шілдеден бастап жинақтала бастады. 2020 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда, бүкіл кезең ішінде Ұлттық Банкте орналасқан қордың шотына 798 млрд теңге түсті. Бұл қаражат МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтерге ақы төлеуге жұмсалады.

Өз бетінше жұмыспен айналысатын, өзгелері сияқты қор шотына жарналар салуға міндетті азаматтар туралы айта отырып, олар үшін 2 анықтама бар екенін атап өткен жөн. Біріншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтушы — БЖТ-ны өз бетінше төлейтін адам, ол өз кезегінде мынадай пропорцияда 4 бағыт бойынша бөлінеді:

  • БЖЗҚ-ға аударымдар;
  • МӘСҚ-қа аударымдар;
  • міндетті медициналық сақтандыру;
  • жеке табыс салығы.

Тәуелсіз төлеуші ұғымы да бар. БЖТ төлеушімен болған жағдайда оның медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекке құқығы болуы үшін төлемнің қатарынан кемінде 3 ай жүргізілуі маңызды. Тәуелсіз төлеушіге келетін болсақ, ол 2020 жылы жарналар салғанына немесе жасамағанына қарамастан, егер соңғы 12 айда жарналар төлеу міндеттемесі орындалмаса, ол сақтандыру мәртебесін ала алмайды.

Сондай-ақ, егер адам оңайлатылған салық салу жүйесін қолданатын жеке кәсіпкер болса, алайда ол үшін МӘМС-ті жұмыс беруші төлейтін басқа компанияда жұмыс істесе, ол сондай-ақ МӘСҚ-қа ЖК ретінде жарна салуға міндетті. Осылайша, қордың шотына жұмыс берушіден және ЖК ретінде өзінің жарнасы төленеді (егер ЖК әрекетсіз немесе қызметін тоқтатқан ретінде тіркелмеген болса).

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу