Мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары 4,4 млн қазақстандықты қамтыды

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Қазақстанның әлеуметтік саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Президенттің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасы жетілдірілді, әлеуметтік кодекс әзірленіп, оған сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар білім мен ғылымды, мәдениетті, спортты, туризмді, сондай-ақ жастарды қолдауға бағытталған 7 жылдық Тұжырымдама қабылданды.

Халықтың табысын арттыру және жұмыспен қамту

Вице-министрдің айтуынша, инфляцияның өсу салдары – халықтың, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтардың нақты табысының төмендеуіне өз әсерін тигізді. Қазіргі таңда төмен жалақы алатын адамдардың саны 1 млн-ға жуықтады.

Егер өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 800 мыңға жуықтаса, тек осы жылдың І тоқсанында олардың саны 446 мыңды құрап отыр, негізгі бөлігін көп балалы отбасылар құрайды.

Азаматтарды әлеуметтік қолдау

А. Көлгіновтың айтуынша, биылғы жыл басынан бері мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған 900 мыңға жуық адамның әлеуметтік жәрдемақысы 8,5%-ға көтерілді. Ал биылғы 1 шілдеден бастап олар тағы 14,5%-ға өседі, биылғы жалпы өсім 23%-ды құрап отыр.

Сонымен қатар жыл басынан бері 1 млн 200 мың азаматтық қызметшінің жалақысы 30%-ға өсті. 1 қыркүйектен бастап 380 мыңнан астам студенттің шәкіртақысы жоғары оқу орындарында – 20%-ға, колледждерде – 50%-ға өседі.

«Мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік шаралары 4 млн 400 мың қазақстандықты, оның ішінде зейнеткерлерді, көп балалы аналарды, аз қамтылған отбасыларды және басқа да әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қамтыды», — деді А. Көлгінов.

Сонымен қатар салымдардың 10%-дық өтемақысына сәйкес, биылғы наурыз айында 2 млн 600 мың салымшыға 307 млрд теңге төленді.

Жалақының өсуіне ықпал ету

Вице-премьер атап өткендей, екі мыңға жуық кәсіпорынмен жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде жұмыс берушілер 1 млн-нан астам қызметкердің жалақысын 10-нан 50%-ға дейін арттырды.

«Мемлекеттік қолдауға ие болған ШОБ субъектілері қызметкерлердің жалақысын кемінде 10%-ға көтеруге міндеттеме алды. Сондай-ақ жыл басынан бері ең төменгі жалақы мөлшері ұлғайып, бұл шамамен 2 млн-ға жуық адамды қамтыды», — деді А. Көлгінов.

Сонымен бірге халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелерін кешенді шешу мақсатында Үкімет республикалық және өңірлік деңгейлерге бөле отырып, халықтың табысын арттыру бағдарламасын өзектендірді. Әкімдіктер өңірлік жұмыспен қамту карталарын қабылдады.

Нәтижесінде осы жылдың соңына дейін 1 млн-ға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

«Жергілікті атқарушы органдардың алдына жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізе отырып, Жұмыспен қамту карталарын сапалы жүзеге асыру міндеті қойылды», — деп атап өтті А. Көлгінов.

«Ауыл аманаты» жобасына келсек, Үкімет мүшелері өңірлерге шығып, әкімдермен бірлесе жобаның мүмкіндіктерін халыққа жеткізуде. Жобаға 100 млрд теңге бөлінді, ол 2,5%-бен беріледі.

Соның нәтижесінде 18 мың ауыл тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасып қана қоймай, өз ісін ашып, оны дамытуға мүмкіндік алды. Бағдарламада барлығы 350 мың адамды қамту көзделген. Бұл жұмыс «Аманат» партиясымен бірлесіп атқарылуда.

Сондай-ақ шағын және орта бизнес жыл сайын 15 мың жаңа жұмыс орнын ашатынын айта кеткен жөн.

Жастарға «Бәйтерек» холдингі тарапынан 42 000 және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 6 000-ға жуық жеңілдетілген шағын несие қарастырған.

Тұтастай алғанда, 70 мыңнан астам шағын кәсіпкерлікке 300 млрд теңге көлемінде несие беріледі.

Еңбек шиеленістері

Бүгінгі таңда 109 кәсіпорын мониторингте тұр, өткен жылы бұл 259 болған. Мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі және нақты шаралар қабылданады. 

Оның нәтижесінде 51 кәсіпорында мәселелер шиеленіске жеткізілмей шешілді. Жыл басынан бері жұмысшылардың 1 млрд теңгеден астам жалақы қарыздары өтелді, 8 мың адамның құқығы қорғалды.

Еңбек даулары тұрақты түрде бақылауда. Шиеленістерді болдырмау үшін әкімдіктерге жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды.

Үкімет мұнай-газ кәсіпорындары шоғырланған батыс өңірлеріне ерекше көңіл бөліп отыр.

Кейбір кәсіпорындарда қауіп сейілген жоқ. Сондықтан Самұрық-Қазына, ҚазМұнайГаз компаниялары бұл мәселені кешенді түрде қарастыруы қажет.

Аталған сервистік қызмет көрсететін компанияларға жұмысшылардың біржылдық еңбек шарттарын 3 жылға созу мәселелерін қарастыру тапсырылды.

Әлеуметтік қолдау шараларын жүйелеу

Әлеуметтік Кодекс шеңберінде 1 қаңтардан бастап мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелерінің 6 млн 300 мың отбасы туралы деректерін қамтитын Отбасының сандық картасы енгізілді.

Сандық карта әр отбасының нақты «әлеуметтік портретін» анықтайды, мемлекеттік қолдау шаралары мен тәуелділіктің алдын-алу қажеттілігін белсенді түрде анықтайды.

АӘК берудің қайта қаралған тетігіне сәйкес, отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылатын жұмыстан негізсіз бас тартқан жағдайда, отбасы АӘК алу құқығынан айырылады.

Сонымен қатар цифрландыру қолда бар мәліметтер базасы мен нақты сурет арасындағы сәйкессіздікті көрсетті. Мысалы, статистикалық мәліметтерге сәйкес еліміздегі NEET-жастардың саны 380 мыңнан астам адамды құраса, әкімдіктердің деректері бойынша бұл шамамен 200 мыңға жуықтаған.

А. Көлгіновтың айтуынша, мұндай сәйкессіздік басқа топтарда да бар. Бұл білім алушыларға, тұруға ықтиярхаты жоқ тұлғаларға, баспанасы жоқ отбасыларға, зейнетақы жарналарын аудармайтын кәсіпкерлерге және т. б.

«Сондықтан әкімдер отбасының сандық картасына енгізілетін мәліметтерді өзектендіру және ақпараттық жүйелерді интеграциялау жөніндегі жұмысты аяқтауы қажет. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек шын мәнінде мұқтаж жандарға ғана берілетін болады», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Жастар мәселелері

2022 жылдың қорытындысына сәйкес 408 мың жас – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 72 мыңы – жұмыссыздар, 235 мыңы NEET санатына жатады. Бұл жұмыс істемейтін және оқымайтын жастар.

«Жастар» санатының 35 жасқа дейін кеңеюін ескере отырып, NEET үлесі де артады. Сонымен қатар сарапшылардың пікірінше, қазіргі қолданыстағы әдістеме бұл көрсеткіштің нақты мөлшерін толық көрсетпейді.

Әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, жастарды толғандыратын 5 мәселе – табыстың төмендігі, жұмыссыздық, баспананың жоқтығы, білім сапасы мен тарифтер. Бұл жастардың әлеуметтік әл-ауқатына әсерін тигізеді.

А. Көлгінов атап өткендей, аталған түйткілді мәселелерді шешу үшін Жастар саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Жастардың бизнес жобаларын несиелеу басталды. Биыл 41 млрд теңгеге 9 мың грант беріледі. Қазір жастар тәжірибесі бойынша мемлекет жалақыны 2 есе көп төлейді.

Сонымен қатар «Жастар іс-тәжірибесі» 6 айдан 1 жылға дейін, ал «Алғашқы жұмыс орны» 18 айға дейін ұзартылып, жалақысы 103 мың теңгеден 138 мың теңгеге дейін көтерілді.

Жалпы, 2023 жылы 200 мың жасты (тұрақты жұмысқа – 107 мың адамды, ал уақытша жұмысқа – 70,6 мың адамды) жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Сонымен қатар жастарды қолдаудың өңірлік бағдарламаларын барлық әкімдіктер қабылдаған жоқ.

Осыған байланысты әкімдіктер бірінші жартыжылдықта мәслихаттармен бірлесіп өңірлік бағдарламалар қабылдауы қажет. Олар баспана, жұмысқа орналастыру, шағын несие беру, оқыту, еріктілер қызметі, бос уақытты өткізу және т. б. мәселелерді қамтуы тиіс.

Денсаулық сақтау мәселесі

Бүгінде денсаулық сақтау нысандарының 45%-ы тозған, медицина кадрларының тапшылығы 8 мыңға жуық, оның жартысы дәрігерлер.

Медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі байқалады, әсіресе бұл ауылдық жерлердегі өткір мәселе болып тұр.

Сондықтан Ұлттық жоба аясында 4 млн ауыл тұрғынына медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту басталды.

Сондай-ақ 600-ден астам дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салынады (2023 жылы – 309, 2024 жылы – 346), биылдан бастап 32 ауданаралық (2024 жылы - 7, 2025 жылы - 25) аурухананы жаңғырту басталады .

«Алдағы жылдары 13 жаңа перинаталдық және 5 онкологиялық орталық, Астанадағы Ұлттық шұғыл медицина және Алматыдағы жұқпалы ауруларды емдеу орталығы, сондай-ақ 9 көпбейінді аурухана, оның ішінде 6 университеттік клиника салу жоспарланған. Кадр тапшылығын шешу үшін медициналық жоғары оқу орындары мен колледждер түлектерінің саны 35 мыңға дейін артады», — деді А. Көлгінов.

Қазіргі уақытта медициналық қызметтердің сапасына әсер ететін 30-дан астам жеке Ақпараттық жүйе бар.

Бұдан басқа, жаппай тіркеу фактілері бар, бұл қолданыстағы пакеттер (ТМККК және МӘМС) шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің қайталануына және шығындарға әкеледі. Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін Е-Денсаулық бірыңғай АТ платформасының шеңберінде денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Білім туралы

Вице-премьер атап өткендей, жаңа мектептерді пайдалануға берудің қазіргі қарқыны әсіресе ірі қалалардағы демографиялық және көші-қон процестеріне аса сәйкес келмейді. Мәселен, оқушы орынының тапшылығы – 270 мың, үш ауысымда оқитын мектептер саны – 143, апатты мектептер саны – 52, ал сабан және ағаштан салынған мектептер 300-ден астам.

Халықаралық зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, қазақстандық мектеп оқушыларының білім деңгейі ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен (PISA – халықаралық студенттерді бағалау бағдарламасы, TIMSS-математика және жаратылыстану ғылымдарын зерттеудегі трендтер) артта қалып отыр. Қала мен ауыл арасында білім сапасының алшақтығы әлі де бар.

Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстарында білім сапасы республикалық деңгейден әлдеқайда төмен. 3 мыңға жуық мектептің интернет жылдамдығы секундына 4 мбит, бұл секундына 20 Мбит стандартына сәйкес келмейді.

Жатақханаларда 70 мың орын жетіспейді, олардың басым көпшілігі Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда.

«Бұл мәселелерді шешу үшін тиісті тұжырымдама қабылданып, ұлттық жоба жүзеге асырылуда. 2026 жылға дейін екі ауысымда 1,5 млн орындық мектеп салу жоспарланса, оның жартысынан көбі «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынбақ. Бұл мәселені түбегейлі шешпейді, сондықтан әкімдер мектептерді бюджет қаражатынан ғана емес, қосымша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, инвесторлар және басқа да кіріс көздерінің есебінен салуы қажет», — деді А. Көлгінов.

Сонымен қатар робототехника, химия, биология, физика, STEM заманауи 7 мың кабинет ашылып, 3 мың мектеп жаңғыртылады.

«Соңғы уақытта кейбір өңірлерде балалар арасындағы құқық бұзушылық, бұзақылық фактілері жиілеп кетті. Әкімдіктер министрліктермен бірлесіп, кәсіби психологтарды, жергілікті полиция бөлімшелерін және ата-аналар қауымын тарта отырып, балалардың бос уақытын қосымша үйірмелермен толықтыру арқылы мәселені жүйелі шешуі қажет», — деді А. Көлгінов.

Қазіргі таңда педагог кадрларды даярлау мен аттестациялауды жетілдіру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. Педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын студенттердің шәкіртақысы да екі есе (26 мыңнан 58 мыңға дейін) өсті.

Цифрландыру аясында барлық пәндерді электронды нұсқаға көшіру жұмыстары басталды (бүгінде 70%), студенттер үшін жыл сайын 10 мың орындық жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

#Алтай Көлгінов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу