Мемлекеттің жүйелі саясаты дарынды жастардың табысты тұлға ретінде қалыптасуына жол ашады — Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Гаждембек Тұрсынов оқушылардың халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері және дарынды оқушыларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндама жасады.

Қаныбек Жұмашев өз сөзінде өткен 2024-2025 оқу жылында қазақстандық 1720 оқушы халықаралық 35 олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1006 медаль жеңіп алғанын жеткізді. Оның ішінде: 193 алтын, 349 күміс және 464 қола медаль бар. Яғни, әрбір екінші қатысушы жүлдегер атанған. Соның ішінде, Қазақстан оқушылары әлем бойынша ең беделді саналатын 7 олимпиадада 27 жүлде еншіледі. Дарынды балаларымыз 4 алтын, 13 күміс, 10 қола алып, еліміздің абыройын асқақтатты. Бұл да өткен жылғы нәтижелерге қарағанда жоғары көрсеткіш.

«Мұндай айтулы жетістіктер – тұрақты мемлекеттік қолдау мен орта білім беру ұйымдарында жүргізілген жатқан жүйелі жұмыстың жемісі. Еліміз халықаралық рейтингілерде де көш басында тұр. Қазақстан құрамасы Халықаралық ғылыми физика олимпиадасында (ISPhO) – абсолютті чемпион атанса, халықаралық география олимпиадасында (IGeO) командалық есепте 2-ші орынға шықты. Оған қоса, Балқан математикалық олимпиадасында үздік үштіктен көрініп, First Global Challenge әлемдік робототехника чемпионатында үш мәрте жеңімпаз атанды», — деп мәлімдеді спикер. 

Сонымен қатар Қаныбек Жұмашев қазақстандық оқушылардың халықаралық аренадағы жетістіктері де мақтан тұтарлық екенін жеткізді. Мәселен, Астана қаласының 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова Азия физика олимпиадасында «Ең үздік қыз-қатысушы» атанған. Маңғыстау облысының 10-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев Азия-Тынық мұхиты аймағының «Үздік лингвисі» деп танылса, Шығыс Қазақстан облысының оқушысы Алдияр Амангелді Орталық Азияның «Үздік информатигі» атағына ие болған. 

«Осының бәрі оқушыларымыздың әлемдік аренадағы биік зияткерлік әлеуетін көрсетеді. Дарынды балаларды қолдауға қатысы тағы бір айрықша маңызды жаңалық – тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарымен Ақордада кездесті. Президент беделді 7 халықаралық сайыста оза шапқан 27 жүйрікті арнайы шақырып, қабылдады. Қасым-Жомарт Кемелұлы әрбір жеңімпаздың артында тұрған ұстаздар мен ата-аналардың еңбегін ерекше атап өтті. Бұл жүздесу жас таланттарға үлкен шабыт сыйлағаны рас», — деп толықтырды ол. 

Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде 2022 жылдан бері халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы тағайындалып келеді. Атап айтқанда, алтын медаль иегерлеріне – 1500 АЕК-ке дейін; күміс медаль иегерлеріне – 1000 АЕК-ке дейін; қола медаль иегерлеріне –500 АЕК-ке дейін сыйақы беріледі. 2025 жылы олимпиада жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлеріне жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам біржолғы сыйақы берілді. 

Сондай-ақ мемлекеттік қолдау тек оқушыларға ғана емес, олардың жетекшілеріне де бағытталған. Елордада өткен «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты республикалық Тамыз конференциясында Президент алғаш рет халықаралық жеңімпаздарды дайындаған ұстаздарға мемлекеттік наградалар табыс еткенін де атап өту қажет.

Білім беру саласының негізгі мақсаты – зияткерлік әлеуеті жоғары, шығармашыл және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан оларды дер кезінде анықтап, дұрыс бағыт-бағдар беру – бүкіл білім беру жүйесінің тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш. Осы мақсатқа қол жеткізуде дарынды оқуышларды анықтайтын да, дайындайтын да – біздің ұстаздарымыз. Сондықтан педагог кадрдың біліктілігін арттыру кезінде оқушыларының зерттеушілік және жобалық іс-әрекетін дамыту бағытына да ерекше мән беріледі.

Ал халықаралық зияткерлік конкурстарда бақ сынайтын оқушыларды дайындауға зерттеу және оқытушылық тәжірибесі бар ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD докторлар шақырылады. 

«Қазіргі буынды даярлауда бұрын республикалық және халықаралық олимпиадаларда көк байрағымызды желбіреткен жас дарындарымыздың еңбегі зор. Олар оқушыларға оқу-жаттықтыру жиындарын өткізіп, олимпиадалық тапсырмаларды шешуді үйретеді, эмоционалды интеллект, стреске төзімділік бойынша психологиялық тренингтер өткізеді», — деп түсіндірді спикер. 

Мемлекет басшысы жастарға жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, халықаралық олимпиада жеңімпаздарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберу туралы шешім қабылдады. Осылайша, дарынды да талапты жастарға қолдау арта түсті. 

Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде тағы бір жаңа жоба қолға алынды. Алматы қаласында заманауи үлгідегі «Үркер» білім беру орталығы салынады. Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің дарынды оқушылары мен жастарға тең мүмкіндік беріп, олардың ғылым, өнер, технология және кәсіпкерлік салаларындағы әлеуетін дамыту арқылы Қазақстанның интеллектуалдық, мәдени және инновациялық өркендеуіне үлес қосатын жаңа көшбасшылар буынын қалыптастыру.

Бұл орталық – еліміздегі дарынды балаларға арналған білім беру жүйесі дамуының жаңа кезеңі. Мұнда оқушылар халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа білім беру бағдарламалары арқылы ғылыми-зерттеу және шығармашылық қабілеттерін ашып, білімдерін шыңдауға мүмкіндік алады.

Орталықта математика, физика, химия, биология, информатика салаларында ғылыми мектептер мен зертханалар, стартап-инкубаторлар құрылып, робототехника, жасанды интеллект, биотехнология сияқты салалар бойынша ірі халықаралық компаниялармен серіктестік жобалар жүзеге асады. Сонымен бірге музыка, бейнелеу өнері, кино, театр және ұлттық өнерді дамытуға жағдай жасалады.

«Сонымен қатар жаңа жобалардың бірі – SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасы. Оқу-ағарту министрлігі дарынды оқушылар мен педагогтерді қолдауға бағытталған SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосты. SMART Daryn бірыңғай тестілеу жүйесін қалыптастырып, олимпиадалар мен конкурстарды тіркеуден бастап қорытынды нәтижелерге дейінгі барлық процесті автоматтандырады. Жаңа жоба оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, сондай-ақ білім беру процесіне заманауи цифрлық технологияларды енгізуге арналған маңызды қадам», — деп атап өтті Комитет төрағасы. 

Платформаның басты ерекшелігі – прокторинг жүйесін пайдалана отырып олимпиадалар мен конкурстарды онлайн форматта ұйымдастыру. Бұл әдіс зияткерлік сайыстардың әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге, SMART Daryn қатысушыларға тәжірибелі тренерлерден кеңес алу, онлайн-оқыту арқылы білім мен дағдыларды жетілдіру, интеллектуалдық жарыстарға сапалы дайындалу мүмкіндіктерін ұсынады.

«Мемлекеттік қолдау – дарынды балалардың қабілеттерін дер кезінде анықтап, олардың білім алу траекториясын тиімді құруға мүмкіндік беретін стратегиялық шешім. Бұл қолдау оқушыларға сапалы білім алуға, ғылыми-шығармашылық әлеуетін дамытуға және кәсіби бағдарын айқындауға жағдай жасайды. Мемлекеттің жүйелі саясаты дарынды жастардың табысты тұлға ретінде қалыптасуын қамтамасыз етіп, ұлттық ғылым мен инновацияның дамуына, Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің артуына ықпал етеді», — деп түйіндеді сөзін Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев. 

ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директоры Гаждембек Тұрсынов адами капиталды дамыту Қазақстанның стратегиялық басымдығы екенін, бұл бағыт ұлттық бағдарламалар мен бастамалардың негізгі тармақтарында толық көрініс тапқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған саясаттың өзегінде жастардың интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру жатыр. 

Министрлік білім алушыларға бастауыш сыныптан бастап жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Олардың қабілеттерін дамыту мақсатында республикалық деңгейде пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар байқауы, зияткерлік конкурстар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мұндай шаралар оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға және кәсіби бағдарын айқындауға зор мүмкіндік береді.

Қазақстанда дарынды балаларды анықтау мен қолдау жүйесі бірнеше деңгейден тұрады:

  • мектепішілік деңгей – әрбір мектепте қабілетті оқушыларды ерте кезеңде анықтау жұмыстары жүргізіліп, оларды арнайы дайындық топтарына қосу тәжірибесі бар.

  • аймақтық деңгей – облыстық және қалалық білім басқармалары арқылы олимпиадалар мен конкурстардың іріктеу кезеңдері ұйымдастырылады.

  • республикалық деңгей – халықаралық, республикалық олимпиадалар, ғылыми жобалар конкурстары, зияткерлік байқаулар өткізіледі.

  • халықаралық деңгей – халықаралық олимпиадалар, ғылыми жобалар конкурстарына құрама командаларды қатыстыру ұйымдастырылады.

Жүйенің тиімділігін бірнеше бағытта бағалауға болады:

  • Қамтылу ауқымы – республика бойынша әрбір үшінші оқушы түрлі интеллектуалдық жарыстарға қатысады. Бұл дарынды балаларды анықтаудың кең ауқымын көрсетеді.

  • Халықаралық жетістіктер – қазақстандық оқушылар жыл сайын халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленуде. Мәселен, математика, информатика, физика, химия, география бойынша Қазақстан командасы әлем бойынша үздік жиырма елдің қатарында.

  • Жүйелілік – дарынды балалармен жұмыс үздіксіз жүргізіледі: анықтау → қолдау → дамыту.

«Еліміздің өркендеуі, әлемде өзіндік орын алуы – оның ұлттық білім жүйесінің қалыптасуына, даму бағытына тікелей байланысты. Сондықтан да, мемлекетіміз болашақта еліміздің ғылымын көркейтер жас дарындарға үлкен қолдау көрсетуде. Осы тұрғыдан алғанда, дарынды балаларды анықтау мен қолдау – ел болашағы үшін маңызды стратегиялық міндеттердің бірі екені сөзсіз. Дарындылық – адамның белгілі бір іс-әрекетте ерекше қабілет көрсетуі. Мұндай қабілеттерді дер кезінде анықтау – баланың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді спикер.

Оның айтуынша, өңірлерде дарынды балалармен жұмысты аймақтық 20 «Дарын» орталығы үйлестіреді. Сондай-ақ республикада дарынды балаларға арналған 130 мамандандырылған білім беру ұйымы бар. Білім беру процесі халықаралық стандарттарға сай, бұл мектеп оқушыларының шығармашылық және зияткерлік әлеуетін барынша ашуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта еліміздің жоғары оқу орындарынан шақырылған ғылым докторлары, кандидаттары мен профессорлар арнайы курстар өткізіп, жыл сайын 1,5 мың сағат көлемінде сабақтан тыс ғылыми-шығармашылық жұмыстар жүргізіледі. 

Білім сапасы тікелей педагогтердің кәсібилігіне байланысты. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған ұйымдарда 8 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. 

2025 жылы мұғалімдер біліктілігін арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында 30-ға жуық іс-шара: семинарлар, тренингтер, педагогикалық шеберлік конкурстары мен мастер-класстар өткізілді.

Әр жылы педагогтерге арнап өткізілетін оқу-әдістемелік кеңестің кеңейтілген отырысында үздік өңірлік тәжірибелер, IT-жобалар, авторлық бағдарламалар мен ғылыми әзірлемелер ұсынылады. 

Нәтижелер айқын: 2024 жылы дарынды балаларға арналған мамандандырылған ұйымдардан 16 мұғалім «Жылдың үздік педагогі» республикалық атағының иегері атанды. Бұл әдістемелердің тиімділігін және педагогтердің кәсіби дайындығын нақты дәлелдейді.

Дарынды балаларға білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы соңғы үш жыл көлемінде ғылыми зерттеумен айналысып, жүйелі мониторинг жүргізді. Аталған зерттеулерге 32 білім беру ұйымы қатысып, психологиялық тестілер мен әдістемелер үш кезеңдік апробациядан өтті. Нәтижесінде маңызды деректер жиналып, педагогтерге оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыруға арналған әдістемелік ұсынымдар дайындалды.

Мониторинг барысында оқушылардың дарындылық түрлері анықталды:

  • жалпы зияткерлік (академиялық) дарындылық;

  • ақпараттық-коммуникативтік дарындылық;

  • шығармашылық дарындылық;

  • әлеуметтік дарындылық;

  • спорттық дарындылық.

Әр бағыт бойынша арнайы ұсынымдар әзірленіп, білім беру моделіне енгізілді. 

«2024-2025 оқу жылында 80-нен астам республикалық және халықаралық деңгейдегі зияткерлік іс-шара ұйымдастырылып, оларға еліміздің 1,6 млн-нан астам мектеп оқушысы қатысты. Бұл – жалпы оқушылар санының 40%-ы. Ерекше бастама – министр Ғани Бейсембаевтың қолдауымен ұйымдастырылған ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиада. 2025 жылы бастапқы кезеңге 125 мыңнан астам бала тіркелді, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12 мыңға артық. Ауылдық жерлердегі дарынды оқушылардың республикалық олимпиадалар мен байқауларға қатысуы соңғы үш жылда он есе өсті», — деп баяндады Гаждембек Тұрсынов.

Білім алушылар мен мектептер арасында біліми бәсекелестікті қалыптастыру, жетістіктерді бағалау және үздік тәжірибені тарату мақсатында елімізде олимпиадалық бағыттағы «100 үздік мектеп» рейтингі әзірленіп, жыл сайын жаңартылып отырады. Бұл – білім алушылар мен педагогтердің тынымсыз еңбегінің, үздіксіз ізденісінің және сапалы білім беру үдерісінің нақты нәтижесі. 

Инновациялық жобалар Қазақстан құрама командалары ғылыми жетекшілерінің, жаттықтырушыларының, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен конкурстары қазылар алқасы мүшелерінің кәсіби біліктілік деңгейі арқасында табысты жүзеге асырылатынын атап өту маңызды. 

«Осы ретте, көп жылдық зерттеу және оқытушылық тәжірибесі бар ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD, монографиялар, оқу құралдары, дарындылық тақырыбы бойынша бағдарламалар авторларын айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар қазіргі буынды дайындауда бұрын республикалық және халықаралық олимпиадаларда көк байрағымызды желбіреткен, қазір – жас ғалымдарымыздың еңбегі орасан зор», — деп атап өтті ол. 

Спикердің мәлімдеуінше, дарынды оқушыларды халықаралық зияткерлік олимпиадаларға дайындау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасын қалыптастыру үшін жүйелі түрде оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Барлық жаттықтырушы сарапшылар кеңесінде қаралып, бекітіледі.

Оқу-жаттығу жиындары өңірлерде жылына кемінде 3 рет өткізілсе, ұлттық құраманың мүшелері үшін республикалық деңгейде тоғыз пәннен ұйымдастырылады. Мәселен, 2024-2025 оқу жылында 300 олимпиадалық резерв кандидаты үшін 27 республикалық және 5 халықаралық оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Нәтижесінде халықаралық олимпиадаларға 121 оқушы іріктелді.

Оқушыларға психологиялық қолдау жұмысы жолға қойылған. Тренингтер дарынды балалармен жұмыс тәжірибесі бар кәсіби психологтермен өткізіледі. Бағдарламада мотивация, назарды шоғырландыру, уақытты тиімді басқару, күйзеліске төтеп беру және қазылар алқасы алдында сенімді сөйлеу дағдылары қамтылған. Сонымен бірге, топтық ойын әдістері мен жаттығулар және жеке кеңестер қолданылады.

Сапалы жұмыс нәтижесінде қазақстандық оқушылар жыл сайын халықаралық аренада тұрақты көшбасшылық танытып келеді.

«Қазақстан тек қатысушы ғана емес, халықаралық олимпиадалардың ұйымдастырушысы ретінде де өз әлеуетін көрсетіп келеді. 2006 жылдан бері елімізде 8 ірі халықаралық олимпиада өткізілді. Халықаралық академиялық қауымдастық олимпиадалардың ғылыми жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан жас ғалымдарымыздың еңбегін өте жоғары бағалап келеді», — деп атап өтті ол.

Келтірілген ақпаратқа сәйкес, 2024 жылы өткізілген IBO-ны сарапшылар ғылыми және ұйымдастырушылық жағынан 10/10 санатымен бағаласа, 2025 жылы экономикадан халықаралық олимпиаданың ғылыми жетекшісі «Ең үздік ғылыми жетекші» номинациясымен марапатталған. Қаңтар айында Астанада өткен Жәутіков олимпиадасында да жас ғалымдардың еңбегі еленіп, халықаралық ғылыми қауымдастықта Қазақстанның беделін арттыра түсті.

2025-2026 оқу жылында Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына сәйкес білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу аясында жаңа бастама – инженерлік жарыс AEROO Space AI Competition өткізіледі. Бұл жоба жас ұрпақтың ғылыми-шығармашылық әлеуетін арттыруға тың серпін береді.

Хабар агенттігімен бірлесе жүзеге асырылған «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойыны оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, биыл өз жалғасын табады. Осы сайыстың қорытындысы бойынша 2025 жылы үш жеңімпаз жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«2025 жылдың тың бастамаларының бірі – “Келешек мектептері” оқушылары үшін робототехникадан олимпиада ұйымдастыру. Бұл жоба инженерлік білімді дамытуға және оқушылардың заманауи технологияларға қызығушылығын арттыруға ықпал етпек. Қорытындылай келгенде, мемлекеттің жүйелі қолдауы дарынды балалардың қабілеттерін ерте кезеңде анықтап, олардың білім алу траекториясын дұрыс құруға мүмкіндік береді. Дарынды оқушылар – еліміздің интеллектуалдық әрі шығармашылық әлеуетінің негізгі тірегі. Сондықтан дарынды оқушыларды дер кезінде анықтап, қолдау – білім беру жүйесінің тиімділігінің басты көрсеткіші», — деп түйіндеді сөзін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директоры Гаждембек Тұрсынов.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу