Мерзімді әскери қызметке шақыру 30 желтоқсанға дейін жалғасады

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 2024 жылғы күзгі әскерге шақыру науқанының барысы тақырыбында өткен баспасөз конференциясында ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев баяндама жасады. 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 1 ақпандағы №443 Жарлығына сәйкес биылғы қыркүйек айынан бастап жергілікті атқарушы органдар әкімдері орынбасарларының төрағалығымен 195 қалалық және аудандық шақыру комиссиялары азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады. 

2024 жылғы 30 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатары әскерге шақырудан босатылу немесе кейінге қалдыруға негіздері жоқ, 18 жастан 27 жасқа дейінгі мерзімді қызметтегі жиырма мыңнан астам әскери қызметшімен толығады.

Фархат Айдарбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда белгіленген мерзімде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін жастармен толықтыру жұмыстары аяқталды, енді жоспарлы түрде Қарулы күштерге шақыру жалғасуда.

Азаматтарды 2024 жылы мерзімді әскери қызметке шақыру мынадай ерекшеліктермен:

  1. Қарулы Күштердегі мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер санының ұлғаюымен; 
  2. әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру мәселелерін шешумен;
  3. есепке алу-шақыру жұмысын цифрландырумен сипатталады.

Осы жылдың күзінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру үшін қорғаныс істері жөніндегі департаменттерде, басқармаларда және бөлімдерде 10 шілдеден бастап әскерге шақырылатын азаматтарды тексеру және іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті әскери басқару органдарының лауазымды тұлғалары зерделеу барысында әскерге шақырылушының отбасы құрамын, әскери қызметке жарамдылық санатын, білімі мен мамандығының болуын нақтылайды, сондай-ақ жеке іс құжаттарын тексеріп, олармен әңгімелеседі.

Айта кету керек, бүгінгі таңда барлығы 731 808 адам есепте тұр, олардың ішінде 120 452 адам әскерге шақыру санатына жатады және осы саннан тек 40 202 адамды мерзімді әскери қызметке шақыру қажет.

Әскери қызметке шақырылуы тиіс азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазы азаматқа жеке табысталады немесе оны қол қою арқылы жұмыс (оқу) орнындағы ұйым жетекшісі табыстайды, сондай-ақ әскерге шақырту қағазы SMS-хабарлама арқылы да жіберіледі.

Шақыру қағазын азаматқа жеке тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін тиісті ішкі істер органы қамтамасыз етуі тиіс.

«Биылғы күзгі әскерге шақыру кезінде қазақстандықтарға әскери қызметтен жалтарғаны үшін қатаң жауапкершілік шаралары ескертілуде. Қазақстан Республикасы заңнамасында әскери міндетін орындаудан бас тартуға тырысқандарға әкімшілік және қылмыстық жаза қолданылады», — деді Фархат Айдарбаев.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 647-бабына сәйкес, шақыру қағазы бойынша дәлелді себепсіз келмеген жағдайда бес айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады.

Егер азамат медициналық тексеруден немесе шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша тексеруден өтуден бас тартса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 648-бабына сәйкес ескерту немесе үш АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Заңды негіздерсіз әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін қатаң жаза қолданылады. Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес, жаза көлемі бір мың АЕК мөлшеріндегі айыппұлдан бастап, 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылуы мүмкін.

Әскери қызметтен жалтару мақсатында өзіне зиян келтіру, аурумын деп сылтаурату немесе құжаттарды бұрмалау арқылы жалтарғандар үшін қатаң шаралар қарастырылған. 

Бұл ретте жергілікті әскери басқару органдарының құзыреті әскерге шақырылушылардың әскери есебін жүргізу және оларды хабардар ету мәселелері бойынша ғана заңды түрде айқындалады.

Осыған байланысты, жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақырылушылардың медициналық комиссияларға келуін бақылайды, олардың қорытындысы бойынша келмеген азаматтардың тізімдері жасалады және материалдар іздестіру және жеткізу үшін тиісті ішкі істер органына өткізіледі.

«Әскерге шақыру комиссиясына уақытылы келмеу фактілері жастардың барлығы әскерде қызмет еткісі келмейді дегенді білдірмейді, себебі жастардың көбі шұғыл әскери қызмет білімді толықтыруға немесе тіпті оны ауыстыруға мүмкіндік беретін қосымша әлеуметтік лифт екенін түсінеді», — деді Ф. Айдарбаев.

Сонымен қатар жергілікті әскери басқару органдарының лауазымды тұлғалары іс жүзінде тұрғылықты жерін әскери есептен шығарусыз ауыстыру, еңбек және оқуы бойынша көші-қон сияқты сәттерге тап болып жатады. Тиісінше, әскерге шақыру жасындағы азаматтар шақыру комиссиясына қандай себеппен келмегені туралы түсініктеме бере алмайды.

Сондай-ақ денсаулығын тексеру және әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтау үшін әскерге шақырылушылар аудандық және облыстық медициналық комиссияның медициналық куәландыруынан өтеді.

Медициналық комиссияның құрамына денсаулық сақтауды басқарудың аумақтық органы бастығының орынбасары және білікті медициналық мамандар кіреді.

Әскерге шақырылушыларды медициналық куәландыру нәтижелері бойынша шақыру комиссиясы әскерге шақыру, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру не одан босату туралы шешім қабылдайды.

Шақыру комиссиясы мыналардан:

  • комиссия төрағасы – жергілікті атқарушы орган басшысының орынбасары;
  • комиссия мүшелері – жергілікті әскери басқару органының басшысы, Ішкі істер органдарының және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, денсаулық сақтауды басқару органы басшысының орынбасары және хатшы, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өзге де өкілдерінен тұрады.

Айта кету керек, мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мүмкіндігі төмендегі жағдайлар бойынша:

  • отбасылық жағдай; 
  • оқуын жалғастыру үшін; 
  • денсаулығына байланысты; 
  • педагогтерге, барлық жұмыс кезеңіне;
  • ауылдық жерлердегі дәрігерлерге, барлық жұмыс кезеңіне; 
  • Парламент немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттарына;
  • өздеріне қатысты тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқан адамдарға; 
  • азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипаждарының мүшелеріне және су кемелері экипаждарының мүшелеріне;
  • құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында бастапқы кәсіптік даярлықтан өтетін адамдарға ұсынылады.

Әскери қызметтен босату туралы рұқсат төмендегі жағдайларда:

  • денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған кезде;
  • жиырма жеті жасқа толғаннан кейін мерзімді әскери қызметке заңды негізде шақырылмаған жағдайда;
  • әскери қызмет кезеңінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде туыстарының бірі (әкесі, анасы, ағасы немесе әпкесі) қайтыс болған немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедек статусы белгіленгенде;
  • басқа мемлекетте әскери (балама) қызмет өткерсе;
  • Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендерге;
  • ғылыми дәрежесі бар азаматтарға;
  • тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметкерлеріне беріледі.

Бұдан басқа, сотталған азаматтар бейбіт уақытта әскери қызметке шақырылмайды.

Сонымен қатар аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті түріне тағайындау туралы шешім қабылдаған кезде олардың мамандығын, денсаулық жағдайын ескереді, осыған байланысты негізінен:

1) бронды танк техникасын шығаруға қатысты ұйымдарда жұмыс істейтін, ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрмен жабдықтау факультеттерін бітірген әскерге шақырылушылар Құрлық әскерлеріне жіберіледі;

2) зымыран, авиация және радиотехникалық аппаратураларды шығарумен байланысты ұйымдарда жұмыс істейтін математика, физика және инженерлік-экономикалық факультеттерді бітірген әскерге шақырылушылар Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерін жасақтауға жіберіледі;

3) Десанттық-шабуылдау әскерлерін жасақтау үшін жалпы орта білімнен төмен емес, дене бітімі жақсы дамыған, бірінші кезекте парашютші-спортшылар қатарынан әскерге шақырылушылар іріктеп алынады;

4) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету және қорғау жөніндегі әскери қызметтің ерекшелігіне байланысты тиісті дене және моральдық-психологиялық қасиеттері бар азаматтардан іріктелген әскерге шақырылушылармен жинақталады, білімі жалпы орта деңгейден төмен болмауы тиіс;

5) Мемлекеттік күзет қызметі күзетілетін тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыратын арнайы мемлекеттік орган ретінде бойы 180 см-ден төмен емес және 195 см-ден жоғары емес, сондай-ақ тиісті білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі және физикалық дайындығы бар азаматтардан жасақталады;

6) Ұлттық ұлан қоғамдық тәртіпті және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін қорғау жөніндегі жүктелген міндеттерге байланысты негізгі орта білімнен төмен емес білімі бар әскерге шақырылушылар қатарынан жасақталады;

7) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы уәкілетті орган ретінде Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру факультеттерін, физикалық және инженерлік факультеттерді бітірген әскерге шақырылушылар қатарынан жасақталады.

Бұл ретте, іріктеу барысында қорғаныс істері департаменттерінің психологтары әрбір әскерге шақырылушымен «ИТО», «ФСР-26» әдістемесі бойынша психологиялық тестілеу жүргізеді, сондай-ақ әңгімелесу, байқау, құжаттарды талдау (әскерге шақырылушының жеке ісі) әдістері қолданылады. Келесі ерекшеліктері бар әскерге шақырылушыларға ерекше назар аударылады:

  • ата-анасы мен жақын туыстарында психикалық ауруларының болуы;
  • бас миының жарақаттары мен жұқпалы аурулармен ауырған болса;
  • психоневрологиялық диспансерде бақылауда болуы;
  • тұрмысы нашар отбасында тәрбиеленуі;
  • ата-анасының бірі өмірден өтсе немесе ата-анасы ажырасқан болса;
  • дене жарақаттары және олардың пайда болу себептері;
  • дәстүрлі емес діни көзқарастар және деструктивті діни ағымдарға тартылуы; 
  • полицияға апару, үйден қашу, қылмыстық топтарға тартылуы;
  • ой-өрісінің тар болуы, сондай-ақ қызығушылықтары мен хоббилерінің жасына сәйкес келмеуі;
  • ашуланшақтық пен агрессивтілік;
  • тұйықтық және қарым-қатынасқа бейім болмауы.

Облыстық (қалалық) жинау пунктінде медициналық куәландыру, отбасылық жағдайы мен моральдық-іскерлік қасиеттерін зерделеу, психологиялық зерттеу және есірткіге тестілеу нәтижелері бойынша әскерлердің өкілдеріне қалыптастырылатын командаларға іріктеу үшін жіберіледі.

Жинау пункттерінде әскерге шақырылғандардан әскери құрамалар үш күн ішінде құрылады, осы уақытта жергілікті атқарушы органдар шақырылушыларды үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етеді.

Іріктеуден, әңгімелесуден өткен және әскери команда құрамына енгізілген әскерге шақырылған азаматтар шақыру комиссиясының шешімімен мерзімді әскери қызметке шақырылады.

Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының әскери қызметші мәртебесін алу және әскери қызметке жіберу үшін әскерге шақырылушыларды әскери команданың тізіміне дербес қабылдау туралы бұйрығы шығарылады.

Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының бұйрығы шығарылған күн мерзімді әскери қызметтің басталуы болып саналады.

«Айта кету керек, қазіргі таңда мерзімді қызметті өткеру үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Әскери ортада құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жеке құраммен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері енгізілді. Барлық әскери бөлімдерде бейнебақылау жүйелері орнатылған. Әлеуметтік сауалнамалар үнемі өткізіліп тұрады. Психологтар жұмыс істейді», — деді Фархат Айдарбаев баспасөз конференциясында.

Әскери қызмет кезінде мерзімді әскери қызметшілер барлық қажетті нәрселермен, атап айтсақ: тамақпен, киім-кешекпен, медициналық көмекпен және ақшалай жәрдемақымен қамтамасыз етіледі. 

Мерзімді әскери қызметшілерінің ақшалай үлесі айына 3 539 теңгені құрайды, олар оны өз қажеттіліктеріне жұмсай алады, сондай-ақ оларға пошта жөнелтілімдеріне өтемақы төленеді.

Медициналық көрсеткіштер болған жағдайда әскери қызметшілерге мемлекет есебінен санаторий-курорттық емдеу, сондай-ақ гарнизон шегінде демалыс беріледі. Бұған қоса, марапат ретінде қысқа мерзімді демалыстар, оның ішінде авто, теміржол және ішкі су көлігінде тегін жүру мүмкіндігі қарастырылған.

Әскери қызметшілердің отбасылары олардың өмірі мен қызмет жағдайларымен танысу үшін оларды көруге құқылы.

Осы шаралардың барлығы әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды сауықтыруға, жеке құрамның жақсы көңіл-күйі мен әскери қызмет жағдайларына қанағаттануына ықпал етеді.

«Сонымен қатар сарбаздардың өмірі қоғамдық бақылауда екенін атап өткен жөн. “Сарбаз аналары комитетіне” толық рұқсат берілді. Біз барынша ашықтықты қамтамасыз еттік және ашық диалогқа дайынбыз», — деді Ф. Айдарбаев.

«Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі жұмыс істейді. Бұл сарбаздарға туған-туыстарымен бейне байланыс арқылы хабарласуға мүмкіндік береді. Барлық бөлімшеде командирлердің сарбаздардың ата-аналарымен қарым-қатынас жасауы үшін әлеуметтік чаттар жұмыс істейді.

Жоғары оқу орындары бойынша сарбаздардың рейтингін анықтау және бөлу «Срочники 2.0» цифрлық платформасында автоматты түрде іске асырылады. Жоғары оқу орнына түсуге дайындалу үшін әскери қызметшілерге электрондық кітапхананы пайдалануға мүмкіндік жасалған. 

«ARMIA.KZ» ақпараттық сервисі әзірленді. Инновация Қарулы Күштерді цифрлық трансформациялау және «Ашық үкімет» қағидаты бойынша ел азаматтарымен өзара іс-қимылды жақсарту шеңберінде енгізіледі. Айта кету керек, бұл сервисті Ұлттық қорғаныс университетінің ғылыми взводында мерзімді әскери қызметін өткеріп жатқан ІТ білімі бар сарбаздар әзірлеп шығарған.

Жоба мобильді қосымша (iOS, Android үшін) түрінде жүзеге асырылған, сонымен қатар веб-сайты бар. Жобаның негізгі мақсаты — Қазақстан Республикасының Әскери қызметі мен Қарулы Күштері туралы ашық, шынайы және өзекті ақпарат беру арқылы азаматтардың Қарулы Күштерге деген сенімін арттыру.

Мерзімді әскери қызметтің тартымдылығы мен беделін арттыру мақсатында биыл Мемлекет басшысы мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген азаматтарға білім беру секторында және жатақханадан басым түрде орын алуға, сондай-ақ кредиттік каникулдар беруге жеңілдіктерді заңнамалық түрде бекітті.

Қабылданған заңнамада жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқу үшін білім беру гранттарына квоталар бекітілген.

Фархат Айдарбаевтың айтуынша тегін оқуға арналған мемлекеттік гранттар мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлықта жоғары нәтижелерге қол жеткізгендерге берілетін болады.

Қабылданған түзетулерге сәйкес мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің кредиттік міндеттемелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі мерзімді әскери қызметті өткеру мерзіміне және ол аяқталғаннан кейінгі 60 күнді қамти отырып, қарыз бойынша сыйақы есептемей беріледі.

Әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер туралы мәліметтермен алмасу, сондай-ақ олардың жұмыстан босатылуы, несие алуы немесе алмауы, несие бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігін беру Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен белгіленген тәртіпке сәйкес Қорғаныс министрлігінің, кредиттік бюролар мен кредиторлардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылы арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.

Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқу орталықтарында әскери қызметшілерге мемлекеттік үлгідегі куәліктер бере отырып, әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлау жұмыстары жүргізіледі. Олардың ерекшеліктерін ескере отырып, олар экономиканың нақты секторында сұранысқа ие болады.

Сонымен қатар, агитациялық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде осы жылдың басынан бастап мерзімді әскери қызметшілердің арасынан қызметін өтеген 600-ден астам адам келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданды.

17 жастағы жастарды әскери есепке қою процесі автоматтандырылды, ол жеке қатысуды талап етпейді.

Мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтарды медициналық куәландыру процестерін цифрландыру мақсатында медициналық ақпараттық жүйелерді өңірлердің шақыру пункттерімен интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау жұмыстары жалғасуда.

«Ерте заманнан бері Отанды қорғау қасиетті борыш болып есептеледі, ал әскери қызмет – әрбір ер азаматтың құрметті міндеті деп саналады. Мерзімді қызметтен өту қару-жарақ пен күрделі әскери техникамен жұмыс істеу дағдыларын игеруге ғана емес, сонымен қатар жастардың дене бітімі мен рухани тұрғыдан жетілуіне де ықпал етеді», — деді Фархат Айдарбаев.

Әскери қызмет – бұл мемлекетіміздің ұлттық егемендігін сақтаудың негізі екенін түсіну қажет. Ал жастарды тәрбиелеу және оларды Отанды қорғауға даярлау тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, ең алдымен бүкіл қоғамның маңызды міндеті болып табылады.

«Еске сала кетейін, әскери қызмет – әрбір жас азаматтың заңмен бекітілген міндеті, ал оны орындаудан жалтару қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Сонымен бірге, еліміздің барша азаматына үндеу жасау қажет деп санаймын. Ақша үшін жәрдем көрсетуге уәде берген адамдардың көмегімен әскерге шақыртуды кейінге қалдыру немесе шақырудан босату мәселелерін шешуге тырыспаңыздар», — деп сөзін түйіндеді Фархат Айдарбаев. 

Соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, пара беруші қарапайым тұрғындар болған барлық сыбайлас жемқорлық фактілеріне осы азаматтардың өздері бастамашылық жасаған.

Жиі кездесетін жағдай, ақпараттан хабарсыз азаматтар мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату мәселелерін шешу үшін шақыру комиссияларына түк қатысы жоқ алаяқтарға жүгінеді. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату мемлекеттік қызмет түрі болып саналады және азаматтарға «Электрондық үкімет» порталы арқылы ұсынылады. Аталған қызметтерді көрсетуге жергілікті атқарушы органдар жауапты.

Аталған мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі туралы толық ақпаратты egov.kz сайтынан алуға болады немесе арнайы әзірленген жадынамадан танысуға болады, олар барлық жергілікті әскери басқару органдарында бар.

Ал ақша бопсалаудың барлық жағдайы және басқа да ықтимал сыбайлас жемқорлық көріністері бойынша жедел шаралар қабылдау және туындаған жағдай бойынша консультация алу үшін Қорғаныс министрлігінің және құқық қорғау органдарының сенім телефондарына хабарласу қажет.

#Баспасөз конференциясы #ҚР Қорғаныс министрлігі

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу