Министрлік халықтың денсаулығын жақсарту бойынша маңызды жұмыс жүргізуде – А. Ғиният

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ҚР денсаулық сақтау министрі А. Ғиният Алматы облысының тұрғындарымен кездесу өткізді. 

Жұмыс сапары барысында министр Алматы облысының денсаулық сақтау мәселелері бойынша өңір халқының алдында есеп беріп, Денсаулық сақтау министрлігінің өңірлермен бірлесе жүргізіп жатқан жұмысы мен 2023 жылға денсаулық сақтау саласының алдына қойған міндеттері туралы баяндама жасады.

Медициналық-демографиялық көрсеткіштер

Үкіметтің маңызды міндеттерінің бірі – республика азаматтарының денсаулығын жақсарту. 

ҚР денсаулық сақтау министрі А. Ғиният Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өткен жылы кешенді жұмыс жүргізілгенін, оны жүзеге асырудың арқасында халықтың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштері жақсара түсетінін атап өтті.

Министрдің мәліметінше, жалпы Алматы облысы бойынша 2021 жылмен салыстырғанда халықтың өлім-жітімі 13%-ға артқан.

Дегенмен, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім саны 26%-ға, обырдан – 5%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан 43%-ға және туберкулезден болатын өлім-жітім 25%-ға төмендеген.

Биыл өңірде өткен жылдармен салыстырғанда ана өлімі 3 есеге төмендеген. Атап айтсақ, жыл қорытындысына сәйкес 2021 жылы – 24 жағдай, 2022 жыл – 7 жағдай тіркелген. Ал, 2022 жылы нәресте өлім-жітімінің деңгейі 9%-ға өскен.

Денсаулық сақтау министрі А. Ғиният кездесу барысында өткен жылы халықтың өмір сүру ұзақтығы артқанын жеткізді.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек

Мемлекет басшысы халық денсаулығын сақтаудағы негізгі құралдардың бірі ретінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға ерекше назар аударып келеді.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында МСАК-тың мобильділігі мен халықтың кең ауқымына қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, іске асырылуда.

«2022 жылы жаңа 9 қалалық емхана мен амбулатория пайдалануға берілді. Азаматтардың пікірлерін ескере отырып, 9 бағыт бойынша консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз жүзеге асырылады», — деді А. Ғиният.

Денсаулық сақтау министрінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік туындаған жағдайда тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілген.

Елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жыл сайын артып келеді. 2022 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін нозологиялар тізбесі 3,6 млн адамды қамти отырып, 224,6 млрд теңге сомасына 126 нозологияға дейін кеңейтілген.

Сонымен қатар өткен жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халыққа озық тәжірибелер көрсету бойынша Еуропалық аймаққа мүше 53 мемлекет үшін әлемде алғашқы МСАК көрсету алаңы ашылған.

«2022 жылы МСАК дамыту бойынша іске асырылған іс-шаралар кешені шұғыл емдеуге жатқызуды 9,4%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Биыл медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты әзірленіп, бекітіледі. Медициналық көмект көрсету стандарты аясында дәрігерлер медициналық құжаттаманы жүргізуді орта медициналық персоналға беру арқылы пациентке көбірек көңіл бөлетін болады. Сонымен қатар биыл халық талап ететін медициналық қызметтерді қашықтықтан көрсету бойынша жұмыс күшейтіледі» — деп мәлімдеді ол.

Ауылдық денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау министрі ауылдық денсаулық сақтау саласына бөлек тоқталып, елімізде ауыл мен қала тұрғындарының арасында медициналық көмек көрсетуде теңсіздік байқалатынын атап өтті.

А. Ғинияттың айтуынша, ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 2022 жылы денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралған.

Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін өткен жылы 107 МСАК нысаны пайдалануға берілген.

Жетуі қиын ауылдық елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық емханалар кеңінен қолданылды. Алматы облысындағы 17 жылжымалы медициналық кешенінде 289 мың ауыл тұрғыны қамтылды.

Сонымен қатар 2022 жылы ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулер енгізілді. Алматы облысы ауылдарының 125 мыңнан астам тұрғыны зерттелді, 6 мыңнан астам адам динамикалық бақылауға алынды, олардан жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері анықталды.

«Сондай-ақ аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен қамтамасыз ету – 84%-ға дейін (жоспар – 74%) артқанын айта кету керек. Ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде медициналық ұйымдардың базасында қосымша 72 дәріхана пункті және ауылда 161 жеке дәріхана ашылды», — деді ол.

Ауыл халқына медициналық көмек көрсетуге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді.

Ұлттық жобаның шеңберінде:

  • 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын, оның ішінде Алматы облысында 38 объекті (оның ішінде ДА – 15, ФАП –12, МП – 11) салу;
  • «Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсете алатын, сонымен қатар ірі қалаларға бармай-ақ, оның ішінде телемедицина және басқа да мамандандырылған, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын 32 ауданаралық, аудандық орталық аурухана күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстарымен қамтамасыз етіледі. Алматы облысы бойынша 2 ауданда ауданаралық орталық аурухана ашу жоспарланған.

Сонымен қатар ұлттық жобада аудандық мекемелерді 965 заманауи медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету көзделген. Оның ішінде, Алматы облысындағы 84 мекемені медициналық құрал-жабдықпен қамту қарастырылған.

Сондай-ақ 2023 жылы ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында 307 медицина қызметкері, оның ішінде 54 жалпы тәжірибелік дәрігер, 253 орта медицина қызметкері даярланады.

Министрдің баяндауынша, аталған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2023 жылы қосымша 2,4 млн-нан астам ауыл тұрғыны мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз етілетін болады.

Медициналық көмек қызметі мен жоғары технологиялық медициналық көмек

Халықтың стационарлық көмектің сапасы мен жоғары технологиялық ем алуы үшін шетелге мәжбүрлі шығу жөніндегі шағымдарын ескере отырып, елімізде стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмекті жақсарту бойынша жұмыс жүргізіліп келеді.

Сондай-ақ мамандандырылған кардиохирургиялық және кардиологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасында 2022-2023 жылдарға арналған қан айналымы жүйесінің аурулары кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасы бекітілді және іске асырылуда.

Республикада 75 инсульт орталығы жұмыс істейді, оның 4-еуі 2022 жылы ашылған (2015 жылға дейін 36 инсульт орталығы болған), 41-і жедел коронарлық синдромы бар науқастарға көмек көрсетуге арналған тері арқылы коронарлық араласу орталығы. 

Бұл ретте А. Ғиният аталған сала бойынша өңірдегі жағдай туралы:

«Алматы облысында 11 инсульт орталығы және 4 теріішілік коронарлық алмасу орталығы бар. 2023 жылы 2 инсульт орталығы ашылды. Алдағы уақытта 3 теріішілік коронарлық алмасу орталығын ашу жоспарланған», — деп мәлімдеді.

Айта кету керек, Қазақстандағы медицинаның бірқатар бағыттары халықаралық деңгейде табысты бәсекелесуде. Осылайша, біздің елімізде халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің 80 түріне қолжетімділік қамтамасыз етілді. Мәселен, өткен жылы 209 орган трансплантациясы (162 бүйрек, 40 бауыр, 4 жүрек, 3 өкпе) жүзеге асырылса, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 %-ға артық.

Елімізде онкологиялық науқастар үшін гамма-пышақ, радионуклидтік терапия, томотерапия сияқты технологиялармен жоғары мамандандырылған емдеудің қолжетімділігі артып келеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру аясында 2023 жылы онкологиялық қызметті кешенді жаңғыртуды бастау жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша, биыл Алматы облысында жаңа онкологиялық орталық ашу жоспарланған.

«Біз халыққа мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті жетілдіру үшін ауруларды емдеу мен диагностикалаудың 250-ден астам хаттамасын қайта қарау жөніндегі іс-шараларды қарастырдық. Бұдан басқа, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биыл өңірлерде 7 денсаулық сақтау нысанын салу, сондай-ақ Астана қаласында – Ұлттық шұғыл медицина орталығы мен Алматы қаласында инфекциялық аурулардың Ұлттық ғылыми орталығын пайдалануға беру көзделіп отыр», — деді өз баяндамасында А. Ғиният. 

 Ана мен бала денсаулығын сақтау

Мемлекет басшысы ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.

2022 жылды Қазақстан Республикасының Президенті «Балалар жылы» деп жариялады.

Өткен жылы еліміздегі жүкті әйелдерді пренаталдық скринингпен қамту 6%-ға артып, 79%-ды (жоспар – 75%), ал Алматы облысы бойынша 85%-ды құрады. 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингпен қамту 81%-ға дейін (жоспар – 75%) артты, ал бұл көрсеткіш Алматы облысы бойынша 86%-ды құрады.

«2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделіп, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарламаның шеңберінде 2022 жылы Алматы облысында 535 квота бөлініп, 194 әйел жүкті болды, бүгінде 109 отбасы бала сүю бақытына ие болды. 2023 жылы 523 квота бөлініп отыр», — деп атап өтті денсаулық сақтау министрі.

А. Ғинияттың айтуынша, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен меморандумның шеңберінде өңірлерге 88 млн теңге сомасына офтальмологиялық скринингке арналған 24 бірлік құрал-жабдық жеткізілген.

Министр тарапынан ана мен баланың денсаулығын сақтау Министрліктің ерекше бақылауында екені баяндалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Алматы облысында заманауи жабдықтармен жарақтандырылған және білікті мамандармен жасақталған заманауи перинаталдық орталық ашу жоспарланған.

Кадрлық қамтамасыз ету

Қазіргі уақытта республикада денсаулық сақтау саласының кадр ресурстарына қажеттілігі 7,6 мың (7 620) бірліктен астам, оның 3,9 мыңға жуығы (3 915) дәрігерлер, 3,8 мыңға жуығы орта медицина қызметкерлер (ОМҚ-3 704).

Алматы облысында дәрігерлердің қажеттілігі 98 штат бірлігін, орта медицина қызметкерлерінің қажеттілігі 4 штат бірлігін құрайды.

Дәрігерлерге деген қажеттілікті қамтамасыз ету үшін, 2022 жылы тапшы мамандықтар бойынша республикалық бюджет есебінен 4700 білім беру гранты бөлінді. Оның ішінде резидентураға бағытталған 1500 грант, Алматы облысына 32 грант бөлінді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілді, оны депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады.

Медицина қызметкерлерінің табысын арттыру мақсатында 2022 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға (416 мың теңге), орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 20%-ға (208 мың теңге) көтерілді.

«Елімізде медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2022 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 4 200 дәрігер, оның 138-і шетелде, сондай-ақ 2 650 орта медицина қызметкері біліктілігін арттырды. Жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен қосымша 15 мыңнан астам дәрігер, оның 209-ы шетелде, сондай-ақ 29 мыңнан астам орта медициналық персонал білімін жетілдірді. Осылайша, 2022 жылдың нәтижелеріне сәйкес ауылдағы дәрігерлерге деген қажеттілік 12%-ға, ал республика бойынша жалпы қажеттілік 26%-ға төмендеді», — деп атап өтті денсаулық сақтау министрі. 

Оның хабарлауынша, 2023 жылы заң қабылданғаннан кейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу басталады. Бұл шаралар пациенттердің құқықтарын қорғауға, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды қамтамасыз етуге, медицина мамандығының беделі мен оған деген құрметті арттыруға, сондай-ақ жас ұрпақты денсаулық сақтау саласына тартуға арналған.

Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2,5 мыңға жуық дәрігерді, оның ішінде 43-ке жуық адамды шетелде, сондай-ақ 9 мыңнан астам медбикені оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ биыл Президент тапсырмалары шеңберінде республикалық бюджет есебінен резидентура гранттарының санын 70%-ға ұлғайту және оларды 2,5 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Келешекте кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру жөніндегі заң жобасы қабылданғаннан кейін 270 мыңнан астам медицина қызметкері заңмен қорғалатын болады.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету

Министрлік дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру және отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту бойынша жұмыс жүргізуде.

Министрдің ақпаратына сүйенсек, отандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасасу тетіктерін қайта қарау бөлігінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілген.

Сонымен қатар амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етудің тізбесі орфандық, сирек кездесетін ауруларға арналған дәрілік заттардың 18 түрімен кеңейтілді.

Бүгінгі таңда барлық денсаулық сақтау ұйымдарын, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтерін медициналық жабдықтармен қамту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

Медициналық техникамен жарақтандыру – 85%-ды, тозу – 49%-ды құрайды. Алматы облысы бойынша медициналық техникамен жарақтандыру – 91%-ды, тозу – 48%-ды құрап отыр.

2023-2025 жылдары Алматы облысының медициналық ұйымдарын жабдықтармен жарақтандыру үшін 12,4 млрд теңге қаражат қарастырылған.

  • ТОХ шеңберінде – 7 млрд теңге;
  • «Дені сау ұлт» ұлттық жоба шеңберінде – 4,4 млрд теңге;
  • «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде – 1 млрд теңге.

Министрдің айтуынша, 2023 жылдан бастап ұзақ мерзімге қызмет көрсететін медициналық жабдықты сатып алуды жоспарланып отыр. Бұл медициналық жабдықты жеткізуден бастап оның бүкіл жұмыс цикліне қатысты сервистік қызметке жеткізуші компаниялар жауапты болады. Медициналық ұйымдардың құрал-жабдықтар мен медициналық техникаға деген қажеттілігін өтеу үшін алдағы 5 жылға жабдықтандыру бағдарламасын бекіту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ 2023 жылы Министрлік дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың «Бағалық реттеу» тетіктерін, сондай-ақ «Бір терезе» қағидаты мен дәрілік заттар нарығына шығу мерзімін пысықтайтын болады. Биыл бірегей шетелдік препараттар өндірісін локализациялау есебінен Қазақстан аумағында дәрі-дәрмектерді келісімшарттық өндіру тетігі белсенді түрде енгізіле бастайды.

Министрдің айтуынша, аталған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарын құрал-жабдықтармен және медициналық бұйымдармен жарақтандыру – 90%-ды құрап отыр.

 Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру

Елімізде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске асырылып келеді. 2022 жылы МӘМС қаржыландыруы 25%-ға өсті.

2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған адамдардың саны 16,3 млн адамды немесе ел халқының 82,5%-ын құрады. Алматы облысында МӘМС жүйесінде 1 млн 142 мың адам немесе 75,8% сақтандырылды.

Қосымша қаржы ресурстары бұрын қаржы тапшылығын сезінген бағыттарды дамытуға бағытталған, сондықтан профилактикалық тексерулерді қаржыландыру көлемі 2 есеге, медициналық консультативтік-диагностикалық қызметтер мен оңалту 1,5 есеге, стационарлық көмек 1,2 есеге, жоғары технологиялық медициналық көмек 2,2 есеге ұлғайды.

«Біз азаматтарды ынталандыру мақсатында өткен жылдың есепті кезеңіндегі берешекті бір мезгілде есептен шығара отырып, 12 ай бұрын жарналарды төлеу арқылы дербес төлеушілер үшін МӘМС жүйесіне кірудің баламалы тетігін енгіздік. 2023 жылы біз медициналық қызметтерді қаржыландыруды 11%-ға 2 трлн 488 млрд теңгеге дейін (ТМККК шеңберінде – 1 трлн 405 млрд теңге, МӘМС аясында – 1 трлн 83 млрд теңге) ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар біз медициналық көмектің басым бағыттары бойынша, оның ішінде медицина қызметкерлерінің орташа жалақысының өсуін ескере отырып, тарифтерді қайта қарайтын боламыз. 2023 жылы біз халықты МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі жұмысты жалғастырамыз», — деді министр.

А. Ғинияттың мәліметінше, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және МӘМС қаржылық ағындарын медициналық көмектің тізбесі нақты белгіленген бірыңғай пулға біріктіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2023 жылы барлық кезеңдерде, соның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы қаржы ағындарын бақылау қамтамасыз етіледі.

Аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде биыл медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру осы бағыттар бойынша: жедел медициналық көмекті қаржыландыруды 2,5%-ға, жоғары технологиялық медициналық көмекті 7,8%-ға, стационарлық көмекті 2,7%-ға, консультативтік-диагностикалық қызметтерді 7,6%-ға, стационарды алмастыратын көмекті 5,3%-ға, оңалтуды 13,3%-ға арттыру күтілуде.

Атқарылған шаралардың қорытындысы нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы негізгі міндеттері белгіленіп, жүзеге асырылып келеді.

Биыл Министрлік Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2023-2027 жылдарған арналған даму жоспарын, сонымен қатар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыруда.

«2023 жылы медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді, сонымен қатар онкологиялық қызметті жаңғыртуды, инфекциялық емес аурулар бойынша халықты профилактикалық тексеру бағдарламаларын кеңейтуді жүзеге асыру қажет. Сонымен қатар биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Алдағы уақытта атқарылатын шаралар халқымыздың өмір жасын ары қарай ұзартады және медициналық көмекке қолжетімділікті арттырады деп күтілуде», — деп баяндады министр.

Денсаулық сақтау министрлігі өңір әкімдігімен бірлесіп, Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Жоспарда инфрақұрылымды дамыту, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, өңірдің кадрлық әлеуетін нығайту шаралары қарастырылады. 

«Министрлік халықтың денсаулығын жақсарту бағытында маңызды жұмыстар атқарып келеді. Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасы аясында біздің салада белгіленген барлық міндеттер жүзеге асырылатын болады. Біз ел тұрғындарына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын тиімді шешімдер дайындауда кәсіби және азаматтық қоғамдастықтың барлық күш-жігерін біріктіруіміз керек», — деп түйіндеді сөзін денсаулық сақтау министрі А. Ғиният.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу