Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру мен балалар құқықтарын қорғау туралы заң жобасын таныстырды

Мәжілістің жалпы отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты баяндама жасады.

Оның айтуынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленді. Аталған құжат еліміздің мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ құқықтық олқылықтар мен коллизияларды реттеу мақсатында ұсынылып отыр.

Заң жобасындағы негізгі ұсыныстардың бірі – қосымша білім беру ұйымдары үшін хабарлама жасау тәртібін енгізу. Бүгінгі күні орта және техникалық кәсіптік білім беру лицензияланады, мектепке дейінгі білім беруде хабарлама жасау тәртібі қолданылады. Алайда қосымша білім беру жүйесінде лицензиялау немесе хабарлама жасау тәртібі бүгінгі күнге дейін қолданылмай келген. Осыған орай, қосымша білім беру қызметтерін ұсыну сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін бақылау мақсатында Заң жобасында қосымша білім беру ұйымдарына хабарлама енгізу тәртібі ұсынылады. Қосымша білім беру ұйымдары рұқсат құжаттарын ұсына отырып, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерді өз қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар етуге міндетті болады. Бұл механизм халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады, тіпті қосымша білім беру ұйымдары үшін кейбір мемлекеттерде лицензиялау талаптары кездеседі.

Тағы бір негізгі ұсыныс жеке мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде әлеуметтік көмек көрсету көзделеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік мектептерде оқитын ХӘОТ (халықтың әлеуметтік осал топтары) санатындағы 500 мыңнан астам балаға жалпыға міндетті білім беру шеңберінде тамақтанумен қамтамасыз ету және киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алу түрінде көмек көрсетіледі. Алайда жеке меншік мектептерде оқитын ХӘОТ санатындағы 25 мыңнан астам бала әлеуметтік көмек ала алмай отыр. Осыған орай, меншік нысанына қарамастан ХӘОТ санатындағы барлық балаларға тең көмек көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтілуде.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әрбір баланың «отбасында өмір сүру және тәрбиелену» құқығын іске асыру бойынша түзетулер әзірленді. Қиын жағдайға тап болған балаларға сенім мен жылулық атмосферасын қалыптастыру, психо-эмоционалды жағдайын сақтау, күйзелістен қорғау, қоғамда табысты әлеуметтендіру мақсатында отбасылық орналастырудың жаңа нысанын енгізу ұсынылады. Бүгінгі таңда республикада 21 мыңнан астам жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрады. Жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесінде 12 жыл ішінде балалар үйінің тәрбиеленушілерінің саны 4 есеге, ал балалар үйінің саны 2,5 есеге азайды. Қазір 115 ұйымда 3 727 жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленуде.

Сонымен қатар ТжКБ ұйымдарында онлайн оқыту және академиялық ұтқырлық енгізіледі. Бүгінгі күні еңбек нарығының талаптарына жауап беретін мамандарды сапалы даярлауды іске асыру үшін колледждер жүйесіне онлайн-оқытуды енгізу ұсынылады. Бұл өзгеріс өндірістен қол үзбей кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған және студенттерге оқу мен еңбек қызметін үйлестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік беру көзделген. Мұндай тәжірибе АҚШ, Канада, Қытай, Австралия және Ұлыбритания сияқты елдерде кездеседі. Бұл елдердегі онлайн оқыту білім беру процестерінің тиімділігін арттырған. Онлайн оқыту форматын енгізудің негізгі мақсаты колледждерге сала сарапшылары мен озық технологияларды тарта отырып, білім беру бағдарламаларын икемді бейімдеу, ал студенттерге жұмысты процесін үзбестен нақты жағдайларда практикалық дағдыларды қалыптастыруға жағдай жасау. Экономиканы цифрландыру жағдайында ерекше сұранысқа ие IT-мамандықтарға басты назар аударылатын болады. Елімізде IT-сала секторы дамып жатыр. Қазіргі уақытта осы бағыттар бойынша 56 мың студент оқытатын 227 колледж дайындықты жүргізіп келеді.

Бұдан бөлек, ТжКБ-да академиялық ұтқырлық қағидатын енгізу ұсынылады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне академиялық ұтқырлықты енгізу студенттерге қазіргі уақытта әрқашан қол жеткізе бермейтін озық инфрақұрылымы, жабдықтары мен ресурстары бар колледждерде оқуға мүмкіндік береді. Осының арқасында толық жабдықталмаған оқу орындарының студенттері халықаралық стандарттар бойынша жабдықталған колледждер базасында білім беру қызметтерін ала алады. Материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға бағытталған «Жас маман» жобасы 180 колледжде жабдықтарды жаңартуға және негізгі бағыттар бойынша 234 құзыреттілік орталығын құруға мүмкіндік берді. Мұндай орталықтарда студенттер заманауи салалардың талаптарына сәйкес келетін озық зертханаларды, жоғары сапалы оқу материалдарын және жабдықтарды пайдалана алады. Осы ресурстарға қолжетімділіктің арқасында академиялық ұтқырлық студенттерге жеке білім беру траекторияларын құруға мүмкіндік бере отырып, олардың кәсіби дайындығының сапасын едәуір арттырады.

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Ендеше, ұсынылып отырған өзгерістер саланың сапалы дамуына тиісті үлесін қосатынына сенімдімін. Заң жобасы Мәжілістің барлық жеті комитетінде таныстырылды», — деп түйіндеді баяндамасын Ғани Бейсембаев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу