Отандық экспорттаушыларға жаңа мүмкіндіктер ашу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырамыз – Қ. Төребаев

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев баяндама жасады. Вице-министр Қазақстанның шикізаттық емес экспортын дамыту саясатын іске асыру үшін қабылданған шаралар мен іс-қимылдар туралы айтып берді.

«Біз үшін өңдеу өнімдері экспортын 2025 жылы $41 млрд-қа жеткізу аса маңызды. Өткен жылы көрсеткіш $26,5 млрд болды», — деді Қайрат Төребаев.

Оның айтуынша, осы жылдың 1-тоқсанында өңделген өнімнің сыртқы саудасының жалпы көлемі $18,8 млрд болған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 32%-ға жоғары. Соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш 63%-ға өсті. 

Осы кезеңде шикізаттық емес тауарлардың экспорты $5,9 млрд-ты құрады. Өсім 7,6%-ды көрсетті.

Вице-министрдің сөзінше, экспорттың өсуі тауар позицияларының санын кеңейту есебінен де қамтамасыз етілді. Осы жылдың 1-тоқсанында экспортқа жіберілетін тауарлардың номенклатурасы 767 тауар позициясына ұлғайды. Экспорт географиясы да кеңейіп келеді. Осы жылы қазақстандық шикізаттық емес экспорт әлемнің 106 еліне жөнелтілді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6 елге артық. Өңделген тауарлардың негізгі импорттаушылары: Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Нидерланды, Ұлыбритания, Жапония, Қырғызстан, Грузия, Ауғанстан болды.

Экспортқа жіберілетін негізгі тауарлар:

  1. мыс және мыс катодтары – $688,8 млн (11,7% үлес);
  2. ферроқорытпалар – $644,5 млн (11%);
  3. уран – $610,7 млн (10,4%);
  4. мұнай өнімдері – $344,9 млн (5,9%);
  5. қоспасыз болаттан жасалған жалпақ қаңылтыр – $171,7 млн (2,9%);
  6. күміс – $171,5 млн (2,9%);
  7. бидай немесе бидай мен қара бидай ұны – $155 млн (2,6%);
  8. мырыш – $129 млн (2,2%); 
  9. табиғи газ – $121,6 млн (2,1%). 

Экспорт бойынша өсім көрсеткен тауарлар:

  1. уран – 51,6%-ға;
  2. мұнай өнімдері – 52,5%-ға;
  3. күнбағыс майы – 19,9%-ға;
  4. минерал тыңайтқыштар – 2,8 есе;
  5. жеңіл автокөліктер – 46%-ға;
  6. сутегі, инертті газдар және басқалар – 24%-ға.

«2020 жылдан бастап біз қолданыстағы құрылымдарды оңтайландыру жұмысын жүргіздік. Осылайша, экспорттаушыларға қолдау шаралары көрсетілді. Бұл экспорттаушылардың да, уақыттың да сұранысы болды», — деді сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Нәтижесінде экспортты қолдау институттарының саны екі есе қысқарды. Қазір олар – KazakhExport қаржылық шаралар операторы және QazTrade қаржылық емес шаралар операторы. Осыған ұқсас жүйе Оңтүстік Кореяда да құрылған. Оларда К-Sure және KOTRA экспорттық-кредиттік агенттігі тең дәрежеде жұмыс істейді.

Әрі қарай вице-министр мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында көрсетілетін шараларға толығырақ тоқталды.

«Ең алдымен, қолда бар деректерге сәйкес өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда кемінде үш жыл бойы экспортпен айналысатын 650 белсенді экспорттаушы бар екенін атап өту қажет. Олардың шамамен 80%-ы – шағын және орта бизнес өкілдері, ал 48%-ы – тамақ өнімдерін экспорттаушылар. Бұл ретте өткен жылы 463 кәсіпорын қаржылық емес шараларды пайдаланды. Бұл акселерация, маркетплейстерге шығару, cауда миссиялары және экспорттық шығындардың бір бөлігін өтеу сияқты шаралар», — деді Қайрат Төребаев.

Сауда және интеграция министрі кері байланыс мәселесіне де тоқталды. Өткен жылы 3 400-ге жуық экспорттаушылардың сұранысы өңделген.

«Біздің негізгі шараларымызға оралсақ, әрбір шара салынған бюджет ақшасын қайтару арқылы нәтиже көрсетеді. Мәселен, акселерация бағдарламасы бойынша қайтарым 158 теңгені құрады. Маркетплейстерге шығару бойынша салынған әрбір бюджеттік теңге үшін 213 теңге қайтарылды. Сервистік шаралар бойынша – 652 теңге», — деді Қ. Төребаев.

Акселерация бағдарламасы – біздің флагмандық бағдарламаларымыздың бірі, деді ол. Бағдарлама шикізаттық емес бизнесті халықаралық нарықтарға тиімді шығаруды қамтамасыз етеді. Оған 190-нан астам компания қатысты немесе постмониторингте. Биыл тамақ, жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау және қызмет көрсету секторларынан 110 компания іріктеледі. Көздеп отырған нарықтар ҚХР, Ресей, БАӘ, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Вьетнам болмақ.

Сондай-ақ сауда және интеграция вице-министрі бұл бағдарламаның өндірушілерге не беретінін айтып берді.

  1. Бұл бағдарлама халықаралық серіктеспен бірлестікте жүзеге асырылмақ. Ол кәсіпорынды диагностикалауға және өнімнің нысаналы нарықтарға шығуға дайындығын бағалауға қолдау көрсетеді.
  2. Бұл компаниялардың бизнес-процестерін және өнімін жақсартуға арналған нақты Жол карталары. Оған кем дегенде үш халықаралық сарапшы қатысады.
  3. Бұл нысаналы нарықтарда серіктестер іздеу және олармен B2B нүктелік келіссөздер ұйымдастыру.

«Біз үшін басты нәтиже – жалпы ел бойынша кәсіпорындардың экспорттық әзірлігінің көрсеткіштерін жақсарту. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылы акселератор аясындағы қолдаудың арқасында 38 экспорттық келісім-шартқа қол қойылды. Бұл шамамен $260 млн, яғни 38 сәтті кейс жасалды», — деді Қ. Төребаев. 

Сонымен қатар биыл Өзбекстанға $19 млн-ға өнім жеткізуге екі келісім-шартқа қол қойылды, Ресейге тұрмыстық химияны жеткізуге бір ұзақ мерзімді келісім-шарт жасалды, ҚХР нарығына $5 млн-ға мыс өнімдерін жеткізуге арналған екі келісім-шарт жасалды. Оңтүстік Кореямен азық-түлік жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. 

Экспорттаушыларды сервистік қолдау сауда-экономикалық миссияларды өткізуді және халықаралық көрмелерде қазақстандық өнімнің ұлттық стендтерін ұйымдастыруды қамтиды. 2023 жылдың басынан бері Вьетнам (Ханой қ.), Әзербайжан (Баку қ.), Иран (Тегеран қ.), Қытай (Сиань қ.), Өзбекстан (Ташкент қ.) сияқты елдерде бес сауда-экономикалық миссиясы өткізілді. Сауда-экономикалық миссиялардың қорытындысы бойынша $300 млн-нан астам сомаға экспорттық келісім-шарттарға қол қойылды, 300-ден астам келіссөз жүргізілді.

Сауда-экономикалық миссиялар аясында өткен аптада Сиань қаласында ҚР Бас консулдығы базасында қазақстандық тауарлар шоурумы ашылды. Демонстрациялық алаң май және ет өнімдері, макарон және кондитерлік өнімдер, бал, шарап және арақ өнімдері, кебек, шырындар және т.б. сияқты 30 өнімді жинады. Осы жылдың соңына дейін тағы бес сауда-экономикалық миссия өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар биыл Шанхай қаласындағы Шанхай импорттық көрмесі (тамақ өнеркәсібі), Қытай-Еуразия 8-ші ЭКСПО, және т.б. сияқты халықаралық көрмелерде Қазақстан Республикасының Ұлттық стендтерін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«Министрлік шағын және орта бизнес үшін электрондық коммерция нарығына қолжетімділікті жеңілдету мақсатында ынтымақтастыққа және бірлескен жұмысқа дайын. Біз олардың мол тәжірибесін пайдалана отырып, өз күш-жігерімізді қазақстандық кәсіпорындарды цифрлық нарыққа шығаруға бағыттаймыз» , — деді Қайрат Төребаев.

Экспорттаушыларды қаржылық емес қолдау құралдарының бірі – отандық экспорттаушыларды Alibaba.com электрондық платформасына шығару.

Жалпы 2020-2022 жылдары Alibaba платформасында 220 компания орналастырылды. Платформада орналасқан компаниялар үшін шағын сайттар құрылады. Платформада жұмыс істеу және тауар сату үшін вебинарлар өткізіледі. Аталған кезеңде бағдарламаға қатысушылардың сату көлемі шамамен $225 млн-ды құрады.

«Биыл біз алтын аккаунттарды ұсыну бойынша жұмысты жалғастырамыз және тағы 70 компания бұл мүмкіндікті алады», — сауда және интеграция вице-министрі.

Жақында ҚР Президентінің Сиань қаласына сапары аясында «JD.com» платформасында Ұлттық павильонның ашылу салтанаты өтті. Ұлттық павильонның ашылуы қазақстандық өнімдердің қытай нарығына қатысуын күшейтіп, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар осы жылдың наурыз айында Астанада ресейлік Ozon компаниясының фулфилмент-орталығының құрылысы аяқталды. Логистикалық хаб қазақстандық кәсіпкерлерге онлайн-бизнесті масштабтауға, бірінші кезекте интернет-тапсырыстарды орындауға, тауарларды тұтынушыларға жеткізу мерзімдерін қысқартуға және өңірде 2 000-нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Деректерге сәйкес бүгінгі таңда алаңда 15 000-ға жуық қазақстандық сатушы тіркелген, олардың көлемі 2022 жылы 10 млрд теңгеден асты.

Жаһандық алаңдармен ынтымақтастық шикізаттық емес экспортты ілгерілетуге, Қазақстаннан тауарлар жеткізу көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың қызығушылығын тудыратын жаңа мүмкіндіктерді ашуға серпін береді. Осы бағыттағы белсенді жұмыс жалғасатын болады.

ҚР-ның «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңы аясында QazTrade Үкімет қаулысымен экспорт бойынша шығындарды өтейтін Бірыңғай оператор болып айқындалды. 2022 жыл ішінде 8,8 млрд теңге сомасына шығындар өтелді. Өсім 2021 жылмен салыстырғанда 47%-ды құрады. 212 экспорттаушыға қолдау шарасы көрсетілді. Бір жыл ішінде отандық кәсіпорындардың 486 өтінімі өңделді. 2021 жылмен салыстырғанда өтініш берушілердің саны 31%-ға өсті.

Өткен жылы экспорттық шығындарды негізінен шағын бизнес кәсіпорындары өтеді. Олардың үлесі шамамен 48%-ды құрады. Бұл – азық-түлік өндірісі және көтерме сауда салаларында жұмыс істейтін кәсіпорындар.

«Осы қолдау шарасын көрсету нәтижесінде экспорт географиясы үш елге – Кипр, Франция және Жапонияға кеңейгенін атап өткен жөн. Шығындарды өтеу жүзеге асырылатын тауарлардың номенклатурасы 53 позицияға өсті. 2023 жылға арналған жоспар көп. Осы қолдау шарасын алуға өтінімдерді қабылдау 21 сәуірден бастап, 3 ай 21 шілдеге дейін жүргізіледі», — деді сауда және интеграция миниситрі Қайрат Төребаев.

2023 жылдың соңына дейін шамамен 10 млрд теңгеге өтінімдерді мақұлдау жоспарланып отыр, бұл осы қолдау шарасын пайдаланған кәсіпорындардың санын 300-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта шығындарды өтеу процестері оңтайландырылды:

Біріншіден, өтінім нысанын цифрландыру және өтінім беруші тарапынан өтінім беру процесін жүйелеу, есептерді, тексеістерді және бақылау функцияларын автоматтандыру. Бұл өтініш берушілер тарапынан да, оператор менеджерлері тарапынан да манипуляциялардың жолын кесу бойынша ең жылдам шешім. Экспорттаушы өз өтінімін толығымен басқарады, оның құрылымын басқарады және оны өңдеу нәтижелерін егжей-тегжейлі көре алады.

Екіншіден, бұл процесс үшін ең маңызды дерекқорлармен интеграциялық жұмыстар – электрондық шот-фактуралар туралы мәліметтер және кедендік шекарадағы тауарлардың қиылысы туралы мәліметтер. Бұл жағдайда барлық ақпарат толығымен цифрландырылады және оператордың функциясы тек жасалған механизмдер жұмысының дұрыстығын бақылауға дейін азаяды. Осы бастамаларды толық іске асыру процесті тұрақты, ашық етуге мүмкіндік береді.

Экспорттаушыларды оқыту оларды қаржылық емес қолдаудың негізгі құралдарының біріне айналды, оған деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Біздің курстар бизнес қажеттіліктеріне және әрбір ШОБ субъектісінің экспорттық жетілу деңгейіне қарай қалыптастырылған.

Өткен жылы Еуропалық одақтың қаржылық қолдауымен Ready4Trade – Орталық Азия бағдарламасының жобасы аясында құрылған QazTrade Academy білім беру порталы іске қосылды.

Бұл ШОБ үшін оқыту курстарын ұйымдастыратын толыққанды виртуалды платформа, атап айтқанда, онда экспорт және халықаралық сауда ережелері бойынша модульдік курстар, «Ақылды экспорт» бизнес-практикумы аясында жазылған 49 вебинар, экспорттың негізгі түсініктері мен процестері туралы әңгімелейтін әлеуеті бар және тәжірибелі экспорттаушыларға арналған қысқаша бейне нұсқаулық ретінде тоғыз бейнеролик бар.

Сонымен қатар Қазақстанның 15 қаласында экспорттаушыларды оқыту бойынша жылжымалы семинарлар өткізілді, оған тренингтер өткізу үшін арнайы оқытудан өткен алты кәсіби нұсқаушы жұмылдырылды, сондай-ақ 673 жаңа және бұрыннан келе жатқан экспорттаушы қамтылды.

«Сонымен қатар біз экспорттағы сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сауда және интеграция министрлігі барлық өткізу бекеттерінде бизнес-процестер мен экспорттық рәсімдерді талдау бойынша жұмыс жүргізуде. Біз отандық өнімнің экспортын кешіктіретін рәсімдерді анықтау мақсатында “құпия сатып алушы” ретінде өткізу бекеттерін аралау тәжірибесін бастаймыз. Уақыт, шығындар мен процедураларға баса назар аударылады», — деді сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев. 

Жұмыс нәтижелері Үкіметке экспорттаушылар үшін шекарадағы қазіргі жағдайды жақсарту бойынша ұсынымдар әзірлеуге, экспортты ілгерілету үшін ұлттық тәжірибелерді халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге көмектеседі деп күтілуде.

Өткен аптада ЕО – Орталық Азия форумы аясында Қазақстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда және Өзбекстанда сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ақпаратты біріктіретін, сондай-ақ бизнеске өнімнің ерекшелігін ескере отырып, трансшекаралық сауданың шарттылығы туралы ақпаратқа оңай қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Central Asia Gateway» сауда ақпаратының Орталық Азия порталы таныстырылды. Бүгінгі таңда 50 тауар тобы кезең-кезеңмен егжей-тегжейлі сипатталған және бұл сан осы жылдың соңына дейін 75-ке дейін жеткізілетін болады. Бұл, ең алдымен, экспорттық қызметті бастайтын кәсіпорындар үшін жарамды.

«Біз отандық экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырамыз. Мәселен, Еурокомиссия өкілдерімен наурыз айындағы келіссөздердің қорытындысы бойынша балық өнімдерінің экспортын қалпына келтіру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бал, ет өнімдері, құс еті мен жұмыртқа экспорты бойынша келіссөздер басталды», — деді Қайрат Төребаев. 

Тәжікстан Президентінің жуырдағы сапары аясында сумму $1,8 млрд-тан астам сомаға 39 коммерциялық келісім жасалды, оның ішінде $155,7 млн өңделген шикізаттық емес өнімді Тәжікстан нарығына жеткізуге кететін шығын. ТАЛКО ірі тәжік алюминий кәсіпорнымен ынтымақтастық туралы стратегиялық келісімдер жасалды. Сауд Арабиясының нарығына өнім экспорттау мүмкіндігі бар компаниялардың тізімін кеңейту бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазір олар – ет және бал өндіруші 34 компания.

Осы аптада Қытайға бұршақ пен жасымық, күнбағыс, мақсары, соя және зығыр өнімдерін экспорттау туралы хаттамаларға қол қойылды. Салқындатылған ет, құс еті және қосалқы өнімдер, жылқы еті және т.б. экспорттауды бастау бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Сонымен қатар Қытайға сапар аясында Сауда және интеграция министрлігі қытайлық Xinjiang Shutu Technology компаниясымен қазақстандық өнімді сертификаттауға мүмкіндік беретін бірлескен экспорттық орталықтар құру бойынша тиісті уағдаластықтарға қол қойды, бұл біздің өнімдеріміздің ҚХР нарығына жеткізілуін жеделдетуге мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта, көріп отырғанымыздай, шикізаттық емес экспортты қолдаудың функционалдық жүйесі құрылған. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады», — деді сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу