Өзара сауда, тауарларды қадағалау және интеграциялық әлеуетті дамыту: Нұр-Сұлтанда ЕҮАК отырысы қалай өтті

Биылғы 24-25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті. Отырысқа Армения Республикасының Үкімет басшысы Н. Пашинян, Беларусь Республикасының Үкімет басшысы Р. Головченко, Қырғыз Республикасының Үкімет басшысы А. Жапаров, Ресей Федерациясының Үкімет басшысы М. Мишустин, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттердің өкілі Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А. Арипов қатысты. ЕҮАК отырысы шағын және кеңейтілген құрамда өтті.

Бірінші күні, 24 ақпанда Қазақстан астанасына Михаил Мишустин, Ақылбек Жапаров, Михаил Мясникович және Роман Головченко келді. ЕҮАК отырысы шеңберінде Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайылов шетелдік әріптестерімен бірқатар келіссөз және жұмыстық кездесу өткізді.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы шеңберінде ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичпен, сондай-ақ Ресейден келген М. Мишустинмен, Қырғызстаннан келген А. Жапаровпен, Беларусьтен келген Р. Головченкомен келіссөз жүргізді. Шағын құрамда тараптар экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселені талқылады.

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалары өткен жылы барынша белсенді қалпына келтіріліп, пандемияға дейінгі деңгейге шықты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Одақтың ЖІӨ өсімі 4,5% құрады.

«Әр ел өзінің ұлттық мүдделері мен ұлттық нарығын қорғауға тырысады. Ұлттық мүдделер мен интеграциялық үдерістер арасындағы оңтайлы теңгерімді табу, әсіресе, экономикалық тұрақсыздық жағдайында болашаққа деген стратегиялық көзқарасымызды айқындау маңызды», — деді Қазақстан Премьер-Министрі Ә. Смайылов.

Отырысқа қатысушылар алдында сөз сөйлеген ҚР Үкіметінің басшысы биылғы жылға арналған бірқатар басымдықтарға тоқталды.

Бірінші. Өткен жылдың қорытындысы пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда үшінші елдермен арадағы сауда-саттықпен салыстырғанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара саудасының өсуі озық серпін көрсетті. Осылайша, ЕЭК-ке мүше мемлекеттердің өзара саудасы 18%-ға, ал сыртқы сауда көлемі 15%-ға өсті. Алайда, өзара сауда үлесі біздің мемлекеттеріміздің тауарларының жалпы саудасының 15%-нан аз.

Бұл көрсеткіш ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Мысалы, осындай басқа интеграциялық бірлестіктердегі өзара сауда көлемі 40%-дан астам. Өзара сауданы ұлғайтудың міндетті шарты – ішкі нарықта кедергісіз орта құру.

Әлихан Смайылов серіктестердің нарығына қолжетімділіктің шектеулілігіне қатысты мәселелердің едәуір бөлігі жылдан жылға өз шешімін таппай келе жатқанын айтты. Мәселен, 10 жылдан астам уақыт бойы одаққа мүше мемлекеттердің нарықтарына алкоголь өнімдерінің тең қолжетімділігі үшін жағдай жасау мәселесі шешілмей келеді.

«Кейбір жағдайларда кедергілерді жою бойынша жұмыс ресми сипатта ғана болып қалатынын мойындау керек. Егер біз ЕАЭО-да ашық нарық құруға мүдделі болсақ, онда біз ілгері жылжуға ықпал ететін шешім қабылдауымыз қажет. Комиссияға қолданылып отырған кедергілерді экономикалық бағалау әдістемесін әзірлеуді ұсынамыз. Кедергінің бар екенін нақтылаудан басқа, бизнеске және жалпы интеграцияға келтірілген залалды бағалау қажет. Сонымен қатар, сауда байланыстарын нығайта отырып, біз көбінесе өзара жеткізілімдерге тәуелді боламыз. Осыған байланысты серіктестерімізді өзара саудаға қатысты ішкі шешімдерді қабылдауға байыпты қарауға шақырамыз», — деді Әлихан Смайылов.

Екінші. Экспортты ұлғайту және оны ынталандыру жөнінде шаралар қабылдау басым міндет болып табылады. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үшінші елдер нарығына экспортын ілгерілетуге жәрдемдесудің тиімді шарасы көлік инфрақұрылымына, оның ішінде теңіз порттары арқылы бәріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің негізінде оны қамтамасыз етудің қажеттілігі зор. Алайда, осы қағиданы іс жүзіне асыру бойынша 5 жыл бұрын басталған жұмыс бүгінгі күні аяқталмаған. Ә. Смайыловтың айтуынша, шарт ережелерінің тезірек орындалуын және порт қызметтеріне кемсітусіз қол жеткізуге кепілдік беретін тиісті келісімдер жасасуды қамтамасыз ету қажет.

Сонымен қатар ҚР Үкіметінің басшысы елдеріміздің экспортын дамыту үшін тауарлардың еркін транзиті мәселесін шешу қажет екенін айтты. Транзиттің ұсынылып отырған шарттары көбіне экспорт үшін еңсерілмейтін кедергіге айналады, бұл теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекеттер экономикасына теріс әсер етеді. 

«Комиссия осы және басқа да мәселелерде проактивті позицияны ұстануы қажет. Сырттан бақылаушы болған тиімсіз. Кез келген мәселеде алқа мүшелері одақ туралы шартта белгіленген барлық нормаларды жедел іске асыруға бағытталған ымыралы шешімдер табуға тиіс. Бұл ретте халықаралық қызметкерлердің мәртебесі туралы ұмытпау керек және жіберген елдердің пайдасын көздеу қажет емес», — деді Ә. Смайылов.

Үшінші. Сыртқы және өзара сауда статистикасын теңестіру және сыртқы сауданың ашықтығын қамтамасыз ету қажеттілігіне қатысты жиі айтылады. «Сұр» импорт ішкі өндірушілерге, заңды импорттаушыларға айтарлықтай зиян келтіреді, мемлекеттердің бюджетіне теріс әсер етеді. Қазіргі таңда Қазақстан ҚХР-мен шекарадағы кедендік бақылау шараларын едәуір күшейтті. Қабылданған шаралар небары екі айға жетер-жетпес уақыт ішінде кедендік төлемдер мен тауарлардың рәсімделуінің өсуіне алып келді.

Сонымен қатар ҚХР-дан көршілес елдерге импорттың айтарлықтай өскенін байқалады, ол уақыт өте келе тиісті кедендік рәсімдерсіз және салық төлемдерінсіз ортақ нарыққа келіп түседі. Сыртқы сауданы, бірінші кезекте, ҚХР-мен саудада толыққанды және сапалы кедендік рәсімдеуге бірлескен күш-жігер жұмсау қажет, барлық процестерді және деректерді алмасуды шұғыл түрде цифрландырған жөн. Бұл қайта өңдеу секторын дамытуға, шынайы бәсекелестікке, салықтар мен кедендік баждар есебінен бюджетке түсетін түсімдердің артуына серпін береді. Қоғамның ЕАЭО қызметінің нәтижелеріне ерекше назар аударуы жағдайында бірлестіктің тиімділігіне, атап айтқанда, оның мүшелерінің экономикасына әсер етуіне бағалау жүргізу қажет. Нәтижелер қабылданатын құжаттар санымен емес, нақты, тікелей және есептелетін көрсеткіштермен өлшенуі тиіс.

Қазіргі уақытта комиссия шешімдер жобаларының бизнеске реттеуші әсерін бағалауды жүргізеді. Алайда, көп жағдайда бұл шешімдердің бизнес конъюнктурасына әсерін сандық бағалауды көздемейді. Осыған байланысты Ә. Смайылов комиссияға қабылданатын шешімдердің бизнесті дамытуға әсерін сандық және сапалық бағалау көрсеткіштерін әзірлеуді ұсынды. Бұл жаңа бастамаларға байыпты қарап қана қоймай, қоғамға жұмыстың нақты нәтижелерін жеткізуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда пандемиядан кейінгі кезеңде одақ елдерінің экономикалық белсенділігін арттыру жөніндегі жұмысты бұрынғыдан да күшейту қажет. Барлық тараптардың келісілген күш-жігері ғана мемлекеттер азаматтарының әл-ауқатын арттырудың кілті болып табылады.

«Өз кезегінде, Қазақстан ЕАЭО құқығында бекітілген негіз қалаушы қағидаттарды іске асыру бойынша жүйелі және дәйекті жұмысқа дайын екенін атап өткім келеді. Өзара түсіністік, сенім және сындарлы диалог атмосферасында дәстүрлі түрде өтіп жатқан бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша біз қабылдаған шешімдер интеграциялық бірлестікті дамытуды және қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды одан әрі қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», — деді ҚР Үкіметінің басшысы.

 

Теріс сыртқы әсерді тежеу үшін ЕАЭО-ға сыртқы экономикалық қысымды жою бойынша бірлескен шаралар қабылдау қажет — А. Жапаров

Өз кезегінде Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров ЕАЭО-ға қатысушы елдердің экономикалық белсенділігінің қалпына келуі мен өсуінің оң динамикасын атап өтті.

«Өткен жыл экономикалық белсенділікті қалпына келтіру беталысын айқындап берді және біздің экономикаларымыз пандемиялық дағдарыстан соң қалпына келе бастады», — деді А. Жапаров.

Одақтың өткен жылғы қызметін қорытындылай келе, Қырғызстан Премьер-Министрі Қазақстанның төрағалығына жоғары баға берді.

«Сақталып отырған пандемияға, сауда протекционизмінің өсуі мен әлемдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан Республикасының төрағалығымен одақ 2021 жылды өте жемісті аяқтады», — деп оң пікірін білдірді Қырғызстан Министрлер кабинетінің басшысы.

Оның айтуынша, жалпыодақтық ЖІӨ өсімі өткен жылдың қорытындысы бойынша 4,4% деңгейінде қалыптасты, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары. ЕАЭО-да өнеркәсіп өндірісінің өсімі 5,1% құрады. Үшінші елдермен сыртқы сауда көлемі 34,3%-ға, оның ішінде тауарлар экспорты 42,5%-ға өсті. Өзара сауда көлемі үштен бірге өсті, ал экспорт көлемінің өсуі ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттерде байқалады. Экономикалық белсенділікті қалпына келтіру — пандемияға қарсы іс-қимыл, тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету және дағдарыс жағдайында бизнес үшін жағдай жасау жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың нәтижесі.

Қырғыз делегациясы басшысының пікірінше, ЕАЭО қызметінің маңызды бағыттарының бірі макроэкономикалық тұрақтылықты, сондай-ақ сыртқы әсерлерге тұрақтылықты қамтамасыз етуді қоса алғанда, қатысушы елдер экономикаларының ішкі орнықтылығын арттыру үшін жағдайлар жасау болуға тиіс.

«Бұл бағыт мүше мемлекеттердің Шартта көрсетілген макроэкономикалық көрсеткіштерді сақтауына мониторинг жүргізуге және ұсынымдар шығаруға ғана бағытталған», — деді ол.

Қырғызстан Министрлер кабинетінің басшысы сондай-ақ бүгінгі таңда сыртқы күйзелістер мен макроэкономикалық толқуды іс жүзінде барлық мемлекеттер бастан кешіріп отырғанына, ал ЕАЭО жүйесінде бұл қысымды ұстап тұру бойынша алгоритмдер жоқ екеніне назар аударды.

«ЕАЭО елдерінің біріне сыртқы қысым жасау бүкіл Одаққа біртіндеп әсер етуге әкеп соқтыратыны біздің тәжірибемізде бар. Сонымен бірге, геосаяси турбуленттілік ұйымға мүше барлық мемлекеттердің экономикаларына жүктеме мен қысымның артуына алып келеді. Мұндай жағдайларда тығыз экономикалық өзара байланыстарды ескере отырып, біз топтасып, осы сын-қатерлерге бірлесе төтеп беруге тиіспіз. Теріс сыртқы әсерді тежеу үшін ЕАЭО-ға сыртқы экономикалық қысымды жою жөнінде бірлескен шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте макроэкономикалық тұрақтылықты және сыртқы күйзелістерге төзімділікті қамтамасыз ету мақсатында Ұйымның экономикалық дамуын нысаналы қолдау бағдарламаларын әзірлеу қажет», — деп түйіндеді Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы.

 

Азаматтық авиақұрылыс саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуді де маңызды деп санаймыз — Н. Пашинян

Үйлесімді жұмыстың арқасында 2021 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында өзара іс-қимылдың оң қорытындысы мен үрдістері беки түсті. Бұл туралы Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Ол одақ шеңберіндегі эпидемиологиялық шектеулер мен жалпы әлемдік экономикалық серпілістер жағдайында жұмыс жүйелі негізде жалғасқанын атап өтті. Бұдан басқа, әлемдік сауда мен өнеркәсіптік өндірістің өсу қарқынының баяулауы сияқты сыртқы факторларға байланысты 2020 жылы өзара сауданың төмендеуі аясында Армения экономикасы ЕАЭО елдерімен өзара сауда көлемінің едәуір өсуін қамтамасыз етті.

«2021 жылы тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 20,6%-ға ұлғайды және $2,7 млрд құрады, ЕАЭО-ға экспорттық жеткізілімдер көлемі 25,2%-ға ұлғайды, бұл ретте өзара саудадағы экспорттың өсу көрсеткіші үшінші елдерге армян өнімдері экспортының өсу қарқынынан жоғары. Өсім алкогольді және алкогольсіз сусындардың, тоқыма және аяқ киім өнеркәсібі өнімдерінің және т.б. жаңа және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері есебінен қамтамасыз етілді», — деді Н. Пашинян.

Сонымен қатар ол экспорт көлемінің өсуімен қатар одақ елдерінен Арменияға импорт көрсеткіштері де ұлғайғанын, атап айтқанда, шыққан елі бойынша импорт 18,5%-ға артқанын атап өтті. Н. Пашинян ағымдағы жылы ынтымақтастық, оның ішінде Одақ интеграциясының негізгі бағыттары бойынша ілгерілеу және жаңа бастамаларды іске асыру есебінен жемісті болады деп сенетінін жеткізді.

Армения Премьер-Министрі бұл ұлттық үкіметтер мен одақ органдарының үйлесімді күш-жігерінің арқасында мүмкін деп санайды. Алайда, оның пікірінше, бұл кезеңде қарқынды сақтау және экономикалық сын-тегеуріндерге бірлесіп әрекет ету тетіктерін әзірлеуді жалғастыру аса маңызды.

Сонымен қатар Пашинян бірлескен бағдарламалар мен жобаларды іске асыру шеңберінде, оның ішінде одақ шеңберіндегі жекелеген бастамалар бөлігінде ЕАЭО бақылаушы мемлекеттерімен ынтымақтастықты дамытуға дайындығын растады. Армения күрделі электрондық өнім шығаруға мүмкіндік беретін микроэлектроника саласындағы құзыреттерге ие, бұл ЕАЭО шеңберінде микроэлектроника кәсіпорындарының кооперациясын дамытудағы тағы бір маңызды қадам болуы мүмкін.

«Біз азаматтық авиақұрылыс саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуді де маңызды деп санаймыз», — деді Н. Пашинян.

Оның айтуынша, бұл бағытты дамыту өнеркәсіпшілердің күш-жігерін неғұрлым сұранысқа ие тауар түрлерін өз өндірісіне шоғырландыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты одақ елдеріндегі өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау құралдарын және оларды үдемелі жақындастырудың ықтимал бағыттарын кеңейту қажет.

Премьер-Министр Н. Пашинян Арменияның микроэлектроникада жақсы әлеуетке ие екенін, бұл күрделі өнім өндіруге мүмкіндік беретінін, ал бұл өнеркәсіп шеңберіндегі маңызды қадам болуы мүмкін екенін қосты. Никол Пашинян навигациялық пломбаларды қолдану және тауарларды қадағалау туралы келісімнің маңыздылығы туралы айтты.

«Пломбаларды қолдану тасымалдау кезінде жүктерді бақылауға бағытталған. Бұл бізге тасымалдарды ашық етуге мүмкіндік береді, бұл сауданың өсуіне оң әсер етеді», — деді ол.

Никол Пашинян сондай-ақ электрондық сауданы дамыту туралы баяндап, әлемдік практика бойынша е-саудаға салық салу тетігін жетілдіру жөніндегі жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.

 

ЕАЭО елдері арнайы демпингке қарсы қорғау және өтемақы шараларын қолдану жөніндегі нормаларды әзірлеуді аяқтауы қажет — Р. Головченко

Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко ЕҮАК кеңейтілген отырысы аясында ЕАЭО-ның негізгі міндеттерінің бірі ретінде өнеркәсіптік кооперация мен импортты алмастыруды дамытуды, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді атады.

«Біз Қырғызстан жариялаған төрағалық ету басымдықтарын толық қолдаймыз. Тереңдетілген өнеркәсіптік кооперация, импортты алмастыру процестерін үйлестіру, келісілген агроөнеркәсіптік саясат есебінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешудің маңыздылығын жеке атап өткім келеді. Бұл, біздің ойымызша, одақтың оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ететін негізгі міндеттері», — деді Роман Головченко өз сөзінде.

Сөз сөйлеу барысында Беларусь Министрлер кабинетінің басшысы жедел даму траекториясына өту үшін ұзақ мерзімді инвестициялардың барлық ықтимал көздерін жандандырып, олардың экономикаға түсу арналарын кеңейту қажет екенін атап өтті.

«Инвестициялар көздері мен көлемін арттыру үшін банктер мен даму институттарын қайта қаржыландыру үшін жағдай жасау маңызды деп санаймыз», — деді Беларусь Республикасының Премьер-Министрі.

Беларусь Премьер-Министрінің пікірінше, ЕАЭО елдері арнайы демпингке қарсы қорғау және өтемақы шараларын қолдану жөніндегі кейбір нормаларды әзірлеуді аяқтауы қажет.

«Атап айтқанда, бұл вето құқығын қолдануға, комиссияның әрбір тергеу қорытындылары бойынша шешімдер қабылдауына, ЕАЭО аумағының бір бөлігінде қорғау шараларын қолдануға қатысты. Бұл ЕАЭО-да қорғау шараларын қабылдау тетігін жетілдіруге мүмкіндік береді және қазіргі заманғы әлемдік практикаларға сәйкес келетін болады», — деп атап өтті Р. Головченко.

Беларусь Үкіметінің басшысы өз сөзінде тасымалдарды қадағалау үшін ЕАЭО-да навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді дайындау бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

«Қабылданып жатқан шаралар жүк тасымалын мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыратыны және Одақтағы тауар айналымын жеделдететіні сөзсіз. Бұл ретте жүктердің халықаралық автотасымалын ырықтандыру мәселесін шешуді қамтамасыз ету қажет», — деп түсіндірді Премьер-Министр.

Отырыс барысында беларусь тарапы ЕАЭО-дағы қадағалау тетігі тақырыбын қозғады. Өз сөзінде БР Министрлер кабинетінің басшысы тиісті интеграцияланған ақпараттық жүйені жетілдіру қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ азық-түлік экспорты үшін «Еуразиялық агроэкспресс» жобасын іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

«Еуразиялық интеграция жыл сайын дамып, алдымызға күрделі міндеттер қойып отыр. Бірлескен күш-жігерімізбен біз бұл міндеттерді шешіп, бірлескен дамудың жаңа кезеңіне шығатынымызға сенімдімін», — деп түйіндеді Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко.

Беларусь делегациясының басшысы ЕАЭО-ға жасыл экономика құрудың ортақ тактикасын әзірлеу қажеттігіне де назар аударды.

Роман Головченко ЕАЭО-да климаттық күн тәртібі мен жасыл экономиканы құру тәсілдерін жақындастыру және үйлестірілген қадамдарды әзірлеу қажеттігін атап өтті.

«Біздің сауда серіктестеріміз де осындай шаралар қабылдауда. Біз шетте қала алмаймыз және біздің ойымызша, ЕАЭО-да өнеркәсіптік өндіріс саласында, электр көлігін дамытуда, тіпті жасыл қаржыландыру саласында жасыл экономика құрудың ортақ тактикасын әзірлеуіміз керек. Тиісті құжаттарды әзірлеу кезінде әлемдік тәжірибедегі үздік мысалға сүйену қажет. Тиісті ұлттық бағдарламаларды үйлестіру өте маңызды», — деді ол.

Өз сөзін қорытындылай келе, Беларусь Премьер-Министрі Еуразиялық даму банкі мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын ЕАЭО-да энергия және ресурс үнемдейтін технологияларды қолдануды ынталандырудың өз нұсқаларын әзірлеуге шақырды.

 

Еуразиялық экономикалық одақ табысты ілгерілеуде — М. Мишустин

Бұл туралы Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы М. Мишустин мәлімдеді.

«Өткен жылы Одақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, өткен жылдың қаңтар-қараша айларында жиынтық ішкі жалпы өнімнің өсуі 4,5%-ға жақындады. Мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымының көлемі үштен бірге ұлғайды. Одақтық өнім экспорты 42,5%-ға өсті. Бұл сандардың пандемияға дейінгі 2019 жылдағы көрсеткіштен асып түскені маңызды. Атап айтқанда, өзара сауда іс жүзінде 18%-ға, ал сыртқы сауда 12,6%-ға өсті», — деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, мұндай нәтижелерге Одақтың барлық интеграциялық құрылымдарының үйлесімді іс-қимылының арқасында қол жеткізілді. М. Мишустин экономикалардың өсуін ынталандыру және халықтарымыздың әл-ауқатын арттыру үшін оңтайлы және тиімді шешімдерді одан әрі іздестіру қажет екенін айтты.

Негізгі бағдар — бұл Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру. Іс-қимыл жоспары өте ауқымды, оған 200-ден астам іс-шара кіреді. Ресей Премьер-Министрі ортақ нарықты жетілдіру, төрт еркіндікке – тауарлар, қызметтер, капитал және жұмыс күшінің қозғалысы бойынша кедергілерді жою жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

М. Мишустин бірлескен қызметтің басым бағыттарының бірі — өнеркәсіптік кооперацияны ынталандыру екенін айтты. Өткен жылдың қаңтарынан қарашасына дейінгі кезеңде ЕАЭО елдерінің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 5%-дан астам өсті. Ынтымақтастықты ортақ жобаларға инвестициялар тарту, тауарларды шетелге шығару және қосылған құнның еуразиялық тізбегін құру есебінен өрістеткен жөн.

«Сұр» импортпен және тауарлардың заңсыз айналымымен күресу үшін бақылау жүйесін енгізу қажет. РФ Үкіметінің басшысы комиссияның 1 маусымнан бастап тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтардың қадағалануы бойынша пилотты бастау туралы шешімін қолдады. Егер жобаға деген сұраныс дәлелденсе, оны өнімнің басқа түрлеріне де енгізуге, өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалыс жолын бақылауға болады.

Ол сондай-ақ өткен жылғы желтоқсанда Одақ елдерінің президенттері қол қойған навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімнің зор маңызын атап өтті. Оның негізінде озық цифрлық технологияларды пайдалана отырып, тауарлардың кедендік транзитінің жіксіз жүйесі құрылады. Енді келісімнің барлық мүше мемлекеттерде тезірек ратификациялануын қамтамасыз ету қажет.

«Біз “Шекарасыз жұмыс” бірлескен бірыңғай іздеу жүйесін іске қостық. “COVID-19-сыз саяхаттаймын” қосымшасы белсенді түрде қолданылады. Пайдаланушыларға ыңғайлы және сұранысқа ие осыған ұқсас цифрлық шешімдер басқа салаларға де енгізілуі тиіс. Цифрландырудың негізінде ЕАЭО аясында техникалық реттеудің бірыңғай жүйесін одан әрі жетілдірген жөн. Ол қазірдің өзінде өте жақсы дамыған – қамту ауқымы мен іске асырудың тиімділігі бойынша халықаралық тәжірибеде теңдесі жоқ. Одақтық нарықта өнімнің 85%-ы бойынша 50-ден астам техникалық регламент қабылданды», — деді М. Мишустин.

Ол қатысушы елдердің мүддесіне сәйкес жаңа тауарлар бойынша талаптарды бекітуді жеделдетуге, олардың сақталуын бақылаудың одан да тиімді тетігін құруға мүмкіндік беретін электрондық сервистерді іске қосу қажет екенін атап өтті. Соның нәтижесінде қауіпсіз және сапалы өнім ортақ нарыққа жылдам жеткізіледі, демек ол біздің азаматтарымызға қолжетімді болады. Одақ аясында сұранысқа ие жаңа бастамалар іске қосылады. Олардың қатарында – «Еуразиялық агроэкспресс». Оны іске асыру Одақтық ауыл шаруашылығы өнімдерін темір жол көлігімен Азия және Еуропа мемлекеттеріне, сондай-ақ теңіз тасымалдарымен бәсекелес тарифтер мен жылдамдықтар бойынша тезірек жеткізуге көмектеседі. Жоғары интеграциялық құрамы бар бұл жоба Еуразиялық экономикалық одақтың қажеттілігін тағы да растайды.

М. Мишустин тағы бір маңызды тақырып — климаттық күн тәртібіне тоқталып өтті. Көптеген елдер жасыл экономика мәселелерін шешуге аса қатты көңіл бөледі. Одақ осы жолда өзара әрекеттесу үшін айтарлықтай әлеуетке ие. ЕАЭО халықаралық ынтымақтастықтың осы және басқа да салаларында жетекші өңірлік бірлестіктермен әріптестік орнатуға дайын. Ең алдымен бұл – ТМД, ШЫҰ және АСЕАН.

«Өткен жылы Қазақстанның ЕАЭО органдарындағы төрағалығы сәтті аяқталды. Біз интеграциялық құрылыстың көптеген бағыттары бойынша ілгерілеп, жақсы экономикалық нәтижелерге қол жеткіздік. Бүгін біз Кеңестің биылғы бірінші отырысын Қырғызстанның төрағалығымен өткіземіз. Әріптестеріме табыс пен тиімді жұмыс тілеймін», — деді М. Мишустин.

 

Өзбекстанның Одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 30%-ға артты — А. Арипов

Өз кезегінде Бақылаушы мемлекеттердің өкілі Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А. Арипов пандемияның сын-тегеуріндері мен теріс салдарларына қарамастан, Өзбекстанның Одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 30%-ға ұлғайып, $13 млрд-ты құрағанын атап өтті.

«Өткен жылы өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ӨР Президенті Ш. Мирзиёев Өзбекстанның Одақ елдерімен өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге бейілділігі тұрғысынан Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бірлескен шешімді талап ететін аса өзекті міндеттерді белгіледі», — деді А. Арипов.

Қазіргі таңда Өзбекстанның Еуразиялық Даму Банкіне қосылуы жөніндегі шарттар мен рәсімдерді келісу бойынша белсенді процесс жүріп жатыр. Өзбекстан Үкіметі мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы бірлескен жол картасының картасын келісу жұмыстары аяқталып қалды. Бұл құжат Өзбекстанның бейінді органдары мен сауда, өнеркәсіп, кеден, қаржы және салық салаларындағы, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымын техникалық реттеу саласындағы миссиялар департаменттері арасындағы тығыз ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар нақты іс-шараларды қамтиды.

«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің осы құжаттың қабылдануының мақұлдануына қолдау көрсететініне сенім білдіреміз. Сондай-ақ Өзбекстанның ЕАЭО шеңберіндегі электрондық сауданы дамыту, цифрландыру, теміржол тасымалы және климаттық күн тәртібі бойынша ынтымақтастық сияқты бастамаларға қатысуын мақұлдауды сұраймын», — деп атап өтті А. Арипов.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен өзара сауданы арттыру Өзбекстан үшін басым бағыт болып табылады. Осыған байланысты биылғы жылы кейбір өзекті бағыттар бойынша күш-жігерді жандандыру қажет.

«Сауданың еркін қозғалуының толыққанды режимін қамтамасыз ету мақсатында орын алған кедергілерді жою және жаңа шектеу шараларын енгізуден бас тарту қажет. Тауар айналымын одан әрі арттыру үшін техникалық реттеу нормаларын, санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық талаптарды үйлестіру және өзара тану бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру қажет. Еуразиялық экономикалық комиссия тарифтік емес реттеу саласындағы құқықтық актілерді жақындастыру және біріздендіру жөніндегі шараларды бірлесіп әзірлеу бойынша белсенді түрде қолдау көрсетеді деп сенеміз», — деді А. Арипов.

Халықаралық сауда мен елдердің экономикалық дамуын жеделдетудің маңызды факторы – кеден ережелерін сақтай отырып, сауда рәсімдерін оңайлату және цифрландыру. 

«Өзбекстан ЕАЭО елдерімен сауда қатынастарында тауарларды қадағалау тетіктерін және электрондық навигациялық пломбалар жүйесін енгізу бойынша тәжірибе алмасуға мүдделі», — деп толықтырды А. Арипов.

 

Бізге инвестиция көлемін ұлғайтып, ЖІӨ-нің 30% көрсеткішіне шығу керек — М. Мясникович

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы М. Мясникович атап өткендей, ЕАЭО жұмысының нәтижелері қуантады, себебі басты көрсеткіш — өнеркәсіптік интеграцияның өсуі. 

«Биылғы жыл – ЕАЭО төрағалық ететін жылы. Осыған орай Қырғызстан Президентінің ЕАЭО мемлекеттері басшыларына арнаған үндеуіне назар аударғым келеді. Біз ЕЭК-те іс-қимыл жоспарын әзірледік, 2022 жылға арналған құжаттарға қол қойдық. Сондықтан бұл жай ғана үндеу емес, ол жоспарға айналды. Біз Үкімет пен Мемлекет басшыларына нәтижелер туралы баяндап отырамыз», — деді ол.

М. Мясникович сондай-ақ 2022 жылы комиссия жұмысында болатын жаңалық туралы айтты. 

«Бірінші – негізгі капиталға салынатын инвестициялар. Инвестициялардың аздап өскеніне қарамастан, бұл бәсекелестік нарық үшін жеткіліксіз деп санаймыз. Біз инвестициялар көлемін одан әрі ұлғайтып, ЖІӨ-нің 30% көрсеткішіне шығу керек деп ойлаймыз. Соңғы жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда, оны бір жарым-екі есе көбейту керек. Әсіресе, өнеркәсіп өндірісіне салынатын инвестицияларды ұлғайту қажет», — деп атап өтті М. Мясникович.

Екінші бағыт, оның айтуынша, цифрландыру мәселесі.

«Біз бұл жұмысты қазірдің өзінде жүргізіп жатырмыз және біздің күн тәртібіміз жаңа негізде қалыптастырылады. Біз үкімет басшыларына қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар 2022 жылы жалпы интеграциялық процестерді пайдалануға беруді 9 жыл ішінде жасалғанға қарағанда көбірек ұлғайту жоспарымызда бар. Бізде үйлесімді жұмыс жүріп жатыр, бірақ көп нәрсе ұлттық сегменттердің дайындығына байланысты болады. Кейбір елдерде ортақ жүйеге кірігу бойынша артта қалушылық бар», — деді ол.

ЕЭК басшысының сөзінше, негізгі капиталға салынатын инвестициялар, цифрландыруды дамыту және кооперациялық байланыстар дамуға серпін беруі тиіс.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу