Павлодар облысында 1 млн тоннадан астам астық жиналды

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндама жасады. 

Жалпы, жыл басынан бері Павлодар облысы қарқынды дамып келеді, сондай-ақ экономиканың барлық саласы бойынша тұрақты өсім көрсеткіштерін сақтауда.

Сонымен қатар өңірде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамалары мен тапсырмаларының уақтылы әрі сапалы орындалуы да басты назарда.

 

Әлеуметтік-экономикалық даму

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысының барлық негізгі макрокөрсеткіштері оң динамикаға ие.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,8 трлн теңгеге немесе 3,6%-ға жетті, ал өңдеу секторы 8,2%-ға өсті.

«Аймағымыз еліміздегі өңдеуші өнеркәсіп бойынша үздік үштікке кіреді, сондай-ақ шикізаттық емес экспорт көлемі бойынша 5-орында. Біз 815 млрд теңгеге жуық инвестиция тарттық, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30%-ға жоғары. Инвестициялардың өсу қарқыны бойынша республикада біз 2 орында болсақ, аграрлық салаға инвестициялар көлемі бойынша өңірлер арасында көшбасшы қатарындамыз», — деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Оның 88%-ы – жеке компаниялардың инвестициялары. Осылайша, аймақта қолайлы инвестициялық орта қалыптасқан. Жалпы, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашатын 2,8 трлн теңгеге 140 инвестициялық жобалар пулы бар (өнеркәсіп – 44 жоба, АӨК – 76, туризм – 20, энергетика – 1).

 

Экология мәселесі

Өнеркәсіптің дамуы өңірдегі экологиялық жағдайға теріс әсер ететіні анық, сондықтан өңірді индустрияландыру серпінін сақтай отырып, шығарындыларды кезең-кезеңімен азайту міндеті алға қойылған.

Яғни, әкімнің айтуынша, барлық ірі кәсіпорындарда кешенді экологиялық шешімдерді енгізу, сондай-ақ әлі салынып жатқан немесе салынуы жоспарланған зауыттарда соңғы ecofriendly технологияларын қолдануды талап ету арқылы осыған қол жеткізу көзделген.

Бұл ретте, құны 178 млрд теңге болатын кешенді экологиялық шешімдер ERG тобының 4 ірі кәсіпорнында енгізілуде, бұл оларға шығарындыларды 50 мың тоннаға немесе 57%-ға төмендетуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін болады.

Бұнымен қоса, 2025 жылдан 2027 жылға дейін аталмыш шаралар Павлодар мұнай-химия зауытында, өңірдің үш жылу энергетикалық орталықтарында, Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2-де қолданылады.

«Қоршаған ортаны қорғаудағы маңызды бағыттардың бірі – коммуналдық қалдықтарды басқару жұмысы. Бұл бағытта пластик, металл, қағаз және шыны шығаратын аймағымыздағы алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы көмектесетін болады», — деді Асайын Байханов.

Жоба инвесторы барлық қажетті жұмыстарын жүргізді, яғни жобалау-сметалық құжаттама дайындалды, «Жасыл даму» операторынан оң сараптама алынды, сонымен қатар қаржыландыру бойынша «Бәйтерек» холдингімен алдын ала мақұлданды.

Зауыт құрылысының басталуы сәуір айына көзделген. Кәсіпорынды келесі жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.

 

Агроөнеркәсіп кешені 

Соңғы он жыл ішінде аймақ экономикасы құрылымының біртіндеп өзгеруі байқалады. Павлодар облысы өнеркәсіптік шикізаттан, әртараптандыру процестері арқылы қуатты өңдеу саласы және әлеуеті мол ауыл шаруашылығы аймағына айналып келеді.

«Қазіргі таңда біздің өңір аграрлық салаға тартылған инвестициялар көлемі бойынша елімізде көш бастап тұр. Қаңтар айынан бастап агробизнеске 190 млрд теңгеден астам инвестиция салынды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен екі есе жоғары», — деді Павлодар облысының әкімі.

Айта кетейік, 32 инвестициялық жоба іске қосылды, онда 500-ден астам жұмыс орны құрылды, агроөнеркәсіптік кешен өнімінің өсуі 20,9% немесе 372,5 млрд теңгені құрады.

Өңірдің жалпы егіс алқабы 1,6 млн гектардан асты. Егіннің 100%-ы жиналды.

Өткен маусым күрделі, бірақ нәтижелі болды – Павлодар облысы үшін рекордтық астық көлемі жиналды. Егіншілер шамамен 1,1 млн тонна астық жинады, бұл өткен жылғы өнімнен 3 есе көп.

Сонымен қатар кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында суармалы егіс алқаптары 12,7 мың гектарға ұлғайып, 179 мың гектарға жетті. Әсіресе, суармалы алқаптарға 100% ылғал үнемдейтін технологиялар, яғни, дисперсиялық суару тәсілі немесе жаңбырлатып суару әдісі қолданылады.

Агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту және әртараптандыру әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына да жақсы әсер етуде.

«Соңғы мәліметтерге сәйкес, біздің өңірдегі бағалар азық-түлік тауарларының 16 позициясы бойынша орташа республикалық мәндерден төмен, ал 8 позиция бойынша біз ең төмен бағамен ТОП-5 өңірге кіреміз», — деді Асайын Байханов.

 

Әлеуметтік сала

Әлеуметтік салаға облыстық бюджеттің барлық қаражатының 52%-ы бағытталады, бұнымен аталмыш сала жоғары әлеуметтік маңыздылығын көрсетеді.

«Біз жұмыссыздықтың салыстырмалы төмен деңгейін, яғни 4,7%-дан аспайтын көрсеткішін ұстаудамыз. Бұған 26,2 мың жаңа жұмыс орнын құру әсер етуде, оның 73,6%-ы тұрақты», — деді әкім.

Өңір бойынша орташа айлық жалақының мөлшері шамамен 360 мың теңгені құрайды, 9 айдағы өсімі 14,1% шамасында.

Кәсіпкерлікті және өзін-өзі жұмыспен қамтуды дамыту үшін халықтың әлеуметтік осал топ өкілдеріне 653 млн теңге сомасына 442 грант бөлінді.

Сонымен қатар өңірде балаларға қосымша білім беруге және олардың бос уақытын ұйымдастыруға көп көңіл бөлінеді. Жақында балалар шығармашылығының 3 жаңа орталығы ашылды. Оның бірі, былтыр Екібастұз қаласына Мемлекет басшысының жұмыс сапары барысында берген тікелей тапсырмасы аясында «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы салынды.

Павлодарда оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін 1 200 және 600 орындық екі «Жайлы» мектептің құрылысы жүргізілуде, оларды келесі жылдың наурыз айында ашу көзделген. 

«Жаңа әлеуметтік нысандарды салып жатсақ та, жұмыс істеп тұрған мекемелердің жай-күйі де басты назарда. Биыл біз 11,5 млрд теңгеге 73 әлеуметтік нысанды жөндедік және 4,9 млрд теңгеге 35 жаңа әлеуметтік нысан салынуда», — деді облыс әкімі.

Мәселен, 7,2 млрд теңгеге 35 білім беру нысаны; 2,1 млрд теңгеге 19 денсаулық сақтау нысаны; 2,2 млрд теңгеге 19 мәдениет мекемесі жөнделді. Сондай-ақ 30 медициналық нысан, 6 аяқталды (Ақшиман, Ақжар, Қарақұдық, Қызылағаш, Арбиген және Жабағылы ауылдарындағы МП); 5 спорт нысаны (Ақсу қаласының Мұз аренасы, ипподром, жасыл тоғай спорт орталығы, Успен ауданының ФОКи, Ақсу қаласының Үштерек ауылы) салынуда. 

Облыстың қалалары мен ауылдарында бұқаралық спортты дамыту үшін 125 жаңа спорт алаңы жабдықталды.

Сонымен қатар медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін 511 бірлік жабдық және 40 бірлік санитарлық көлік сатып алынды, бұл олардың жарақтандырылуын 68%-дан 84%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Келесі жылы бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу көзделген.

Нәресте өлімінің көрсеткіші 11,7%-ға төмендеді. Ана өлімі жағдайлары тіркелген жоқ. 

Сырқаттанушылық көрсеткіштері:

  • туберкулезбен ауыру – 2,8%-ға;
  • қатерлі ісік аурулары – 1,9%-ға;
  • АИТВ-инфекцияларымен сырқаттанушылық – 0,6%-ға төмендеді.

 

Инвестициялар

Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен конкурстарда павлодарлық оқушылар 84 медаль еншіледі (18 алтын, 23 күміс, 43 қола). Бұған қоса, Павлодар облысының оқушылар командасы «2024 жылдың үздік олимпиадалық командасы» атағын жеңіп алды.

Облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 2 мыңнан астам медальға қол жеткізді. Республикалық жарыстар: алтын – 543, күміс – 632, қола – 631; халықаралық жарыстар: алтын – 114, күміс – 107, қола – 102.

«Биыл біз атақты жерлестеріміздің мерейтойларына орай ауқымды мәдени-білім беру шараларын өткізгенімізді ерекше атап өткім келеді. Бұл геолог ғалым, Қазақ Ғылым Академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, ағартушы жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы, қазақ киносының атасы Шәкен Айманов пен ғалым-археолог Әлкей Марғұланның 110 жылдықтары. Сонымен қатар өңіріміздің театр өнерін дамытудағы маңызды шаралардың бірі – “Ертіс-Баян” І республикалық театр фестивалі болды, оған еліміздің түрлі облыстары мен қалаларынан 10 үздік театр ұжымы қатысты», — деді Асайын Байханов.

 

Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым

Барлық тұрғынды толғандыратын проблемалардың бірі – үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесі.

Баршаға мәлім, облыстың инженерлік инфрақұрылымының әбден тозығы жеткен. Сондықтан, бұл мәселені шешу, желілерді жаңарту және энергия көздерін дамыту – күнделікті атқарылып жатқан жұмыстардың негізі.

«Жыл сайынғы жөндеу науқанын біз 3 қаланың тәуелсіз жылу-техникалық аудитінің қорытындысы және жүргізіліп жатқан гидравликалық сынақтар негізінде ұйымдастырдық. Мәселен, биылғы жылыту маусымына дайындық үшін біз 25 млрд теңгеге 31 шақырымнан астам жылу желілерін салу, қайта құру және жөндеу бойынша іс-шаралар өткіздік», — деді Павлодар облысының әкімі.

4 жаңа жылу магистралі салынды, 9 және 19,3 шақырым желі жөнделді. Бұл коммуникациялардағы апаттар қаупін азайтуға мүмкіндік берді, алайда атқаратын жұмыс жетерлік. Жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 0,8%-ға (80,5%-дан 79,7%-ға дейін) төмендеді. 

Желілердің жалпы ұзындығы – 1 438 км: 

  • Павлодар қаласы – 828,1 км (желілердің тозуы 82%-дан 81,8%-ға дейін); 
  • Екібастұз қаласы – 422,5 км (желілердің тозуы 90,7%-дан 89,8%-ға дейін);
  • Ақсу қаласы – 99 км (желілердің тозуы 59%-дан 54,5%-ға дейін); 
  • аудандар – 88,3 км (желілердің тозуы 46,9%-дан 44,7%-ға дейін).

«Біз сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылысын белсенді жүргізіп жатырмыз. Бұл салада 16,4 млрд теңгеге 18 жоба іске асырылды», — деді облыс әкімі.

Қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 97%-дан 98,5%-ға дейін ұлғайды. Ауыл тұрғындарының сапалы ауыз суға қолжетімділігі 99,3%-ға дейін жеткізілді. Келесі жылы бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарда бар. (2024 жылғы жобалар – Павлодар ауданы – Қарағөл ауылы, Баянауыл ауданы – Жалғызқайың ауылы, Күркелі ауылы, Сәтбаев ауылы, Ақтоғай ауданы – Барлыбай ауылы, Железин ауданы – Есқара ауылы, Успен ауданы – Қаратай ауылы).

Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасының арқасында ауылдық инфрақұрылымды жаңарту бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. 18 мыңға жуық тұрғыны бар 15 ауыл жаңғыртылуда. 57 нысанды жаңартуға 9,2 млрд теңге бағытталды.

Осы жылдың 10 айында 296 мың м2 астам тұрғын үй пайдалануға берілді немесе өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 27%-ға артық.

«Келесі айда біз халықтың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрғандар үшін 331 пәтерді жалға берілетін тұрғын үй түрінде сатып аламыз, олардың ішінде үш қалада 146 пәтер және облыстың 10 ауданында 185 пәтер. Бұл соңғы 15 жылда бір мезгілде алатын тұрғын үйдің ең көп саны екенін баса айтқым келеді», — деді Асайын Байханов.

 

Жол инфрақұрылымы 

Биыл өңірде елді мекендердің көшелерін жөндеуді қоса алғанда, республикалық маңызы бар 46,5 шақырым және жергілікті маңызы бар 616 шақырым жол жөнделді.

Облыс орталығында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталды. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Жол инфрақұрылымын жақсарту және жаңарту келесі жылы да жалғасады, жергілікті маңызы бар 325 шақырым жол мен елді мекендердің көшелерін 16,5 млрд теңгеге жөндеу, оның ішінде топырақ жамылғысы бар 31 ауылға кірме жолдар салу міндеті қойылды.

Қалалардың жайлылығының негізгі факторларының бірі – қоғамдық көлік жүйесінің дамуы. Облыста қазірдің өзінде осы салада белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді, оны қала тұрғындары оң бағалаған.

Мәселен, соңғы екі жылда 218 автобус жаңартылды. Бүгінде облыстың үш қаласы 75% заманауи жоғары класты автобустарға ие. Жыл соңына дейін жаңа автобустардың саны 250-ге дейін жеткізіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс орталығының трамвай жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 70 трамвайды жаңарту жоспарлануда.

«Осыдан екі апта бұрын біз Еуропа қайта құру және даму банкімен 25 жаңа вагон сатып алу туралы бас келісімге қол қойдық. Олардың бірінші легі келесі жылдың бірінші жартыжылдығында келуі тиіс», — деді әкім.

Бұған қоса, облыс орталығында маршруттық желіні кеңейту мақсатында 2025 жылдың жазында «Достық» жаңа шағын ауданына трамвай желісін салуды бастау көзделген.

Авиатасымалдарды дамыту үшін биыл Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары басталды. Жұмыстар қыркүйек айында басталды, оларды 2025 жылдың қазан айында аяқтау жоспарлануда.

Айта кетерлік жайт, демеушілік қаражат есебінен Павлодар теміржол вокзалы жаңартылды. Ал, Екібастұз вокзалын дәл осылай жаңғырту келесі жылдың наурыз айында аяқталады.

 

Қоғамдық қауіпсіздік 

«Біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Оны жақсарту үшін 156 әлеуметтік нысанда 5 567 бейнебақылау камерасы орнатылды, оның 5 384-і Полиция департаментінің жедел орталығына шығарылды. 2025 жылы біз AI-жасанды интеллект аналитикалық платформасын қолдана отырып, облыстың үш қаласында “Ақылды қала” ауқымды жобасын іске асыруды жоспарлап отырмыз», — деді Асайын Байханов.

Сондай-ақ өңірдің үш қаласында қоғамдық орындарда, 150 қиылыста, 250 желілік және 20 республикалық жол учаскелерінде 4 мың камера орнатылады.

 

Азаматтардың өтініштері

«Бүгін біз жүзеге асырып жатқан міндеттердің едәуір бөлігі халықпен үздіксіз байланыс барысында қалыптасқанын, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде облыс тұрғындарының сұраныстарына жауап болғанын атап өту қажет деп санаймын. Тиімді коммуникациялар құру және кері байланыстың басты алаңы – әлеуметтік желілер біздің жұмысымыздың негізіне айналды деп санаймын», — деді Павлодар облысының әкімі.

Жыл басынан бері 60 мыңнан астам азаматтың өтініштері қабылданды, олардың 70%-дан астамы оң шешілді және олар бойынша қажетті шаралар қабылданды.

Осы жұмыстың арқасында Павлодар облысы «Халықпен ашық жұмыс бойынша» үздік 5 өңірдің қатарына кіреді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде “Біз ұлт мүддесін қорғап, халыққа адал қызмет етуіміз керек” деп баса айтқан болатын. Осы ұстаным – біздің жүмысымыздың негізгі қағидаты», — деп түйіндеді сөзін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

 

#Баспасөз конференциясы #Инвестициялар #Инфрақұрылымдық даму #Президенттің тапсырмасы #Экономика #Әлеуметтік қорғау

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу