Педагог мәртебесін арттыру – мемлекет саясатының стратегиялық басым бақыты

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында оқу-ағарту вице-министрі Ш.Қ. Акпарова «Педагогтерді аттестаттау қағидаларына өзгерістер енгізу» тақырыбында баяндама жасады.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданған сәттен бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындаған басымдықтарға сәйкес педагог еңбегінің құндылығын арттыру және кәсіби дамуына қолдау көрсету бағытында жүйелі әрі мазмұнды реформалар іске асырылып келеді. Аталған шаралар білім беру жүйесін сапалық тұрғыдан жаңғыртуға ғана емес, педагог мамандығының қоғамдағы беделін нығайтуға да негіз болды.

Жүргізілген саясаттың нәтижелілігі TALIS 2024 халықаралық зерттеуі арқылы нақты дәлелденді. Аталған зерттеу Қазақстанда педагог еңбегінің қоғамдық маңыздылығы айтарлықтай артқанын көрсетті. Еліміз педагогтердің жалақыға қанағаттану деңгейі жоғары бес елдің қатарына енді.

«Мұғалімдер жүктемесінің азаюы және әкімшілік рәсімдердің қысқаруы олардың кәсіби қызметіне шынайы көңіл бөлуіне мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар бүгінде педагог кадрлардың сапалық құрамы да нығайып, магистр дәрежесі бар мамандардың үлесі тұрақты өсім көрсетуде. Әлеуметтік қолдау шаралары да нақты нәтижелер берді», — деп түсіндірді спикер. 

Оның айтуынша, кейінгі жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есеге ұлғайып, мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің еңбекақысы 30%-ға өскен. Қосымша төлемдердің енгізілуі және еңбек демалысының 56 күнге ұзартылуы педагогтердің әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтіп, мамандықтың тартымдылығын арттырды. Соның нәтижесінде қазақстандық педагогтердің 95%-ы өз кәсібіне қанағаттанатынын білдіріп, педагог еңбегінің қоғам тарапынан лайықты бағаланатынын атап өтуде.

Қалыптасқан оң динамиканы ескере отырып, жүргізіліп отырған реформалар мазмұндық тұрғыдан жаңа кезеңге өтуде. 

«Осы ретте педагогтерді аттестаттау жүйесін түбегейлі жетілдіру мәселесі айрықша стратегиялық мәнге ие болып отыр. Себебі аталған тетік – әрбір педагогтің кәсіби қызметіне тікелей ықпал етеді және білім беру сапасына әсер ететін маңызды құрал. Кәсіби ортада бұл өзгерістерге қатысты түрлі пікірлердің болуы заңды және үдерістің ашықтығын көрсетеді», — деді ол. 

Қолданыстағы аттестаттау тетіктері педагогтерге негізсіз артық жүктеме түсіріп отыр. Атап айтқанда, тестілеуге дайындықтың уақытты көп алуы, портфолио қалыптастырудың күрделілігі, сондай-ақ әзірленген материалдардың практикада қажеттілігіне қатысты мәселелер. 

Мұндай факторлар педагогтің негізгі міндеті - оқыту сапасына толыққанды назар аударуына кедергі келтіреді.

Осыған байланысты жаңартылған тәсіл артық рәсімдерді қысқарту арқылы педагог қызметін оңтайландыруға бағытталған.

Бұл өз кезегінде педагогке кәсіби еркіндік беріп, оның шығармашылық және әдістемелік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді..

Бірінші. Педагогтер үшін міндетті пәндік білімді бағалау тестілеуі алынып тасталды. Бұл ретте тестілеу педагогикалық қызметке жаңадан келген түлектер, қызметін қайта бастаған педагогтер, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары мен әдіскерлер үшін сақталады.

Педагогтің қызметі тест нәтижесімен емес, оның күнделікті жұмысы мен білім беру сапасына қосқан нақты үлесі арқылы бағаланады. 

Бүгінгі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеуге тәуелділікті біртіндеп төмендетіп, педагогикалық жоғары оқу орындарына іріктеуде тест нәтижелерімен қатар арнайы емтихандарды қамтитын гибридті бағалау моделіне көшу басымдығы айқындалуда.

Сонымен қатар педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтіліп, шекті балл 75-ке дейін көтерілді. 

Яғни, мұғалім мамандығына үміткерлер талаптар қатаңдатылып, жоғары оқу орнына түсу кезеңінің өзінде-ақ қабілетті, мықты талапкерлер іріктеледі.

Жас мамандар үшін тестілеудің сақталуы – академиялық дайындық деңгейін айқындау көрсеткіші, басшылық құрам үшін – басқарушылық шешімдердің заңдылығына қажетті нормативтік-құқықтық білім деңгейін бағалау тетігі.

Екінші. Аттестаттау талабынан эссе жазу, ғылыми мақалалар жариялау, авторлық бағдарлама мен оқу-әдістемелік материалдар алынып тасталды.

Аталған шешім педагог қызметін қосымша құжаттардың санына емес, оның нақты жұмыс нәтижесіне қарай бағалауға бағытталған. Тәжірибе көрсеткендей, аталған материалдар оқу үдерісінде тұрақты қолданылмайды және білім сапасына нақты әсер етпейді.

Оған қоса уақыт пен күш қосымша материалдар әзірлеуге жұмсалып, бұл оқу процесінің тиімділігін төмендету тәуекелін туындатады.

Үшінші. Аттестаттау жүйесін жаңартудың маңызды тетіктерінің бірі – процесті толық цифрландыру.

Барлық біліктілік санаттары бойынша аттестаттау ақпараттық жүйелермен интеграцияланған «Ұстаз» платформасы арқылы жүзеге асырылады. 

Платформада педагогке қатысты негізгі мәліметтер автоматты түрде қалыптастырылып, еңбек өтілі, біліктілігі, кәсіби жетістіктері, сертификаттары және портфолиоға қажетті өзге де деректер жүйеленеді. Бұл құжат айналымын қысқартып, аттестаттау рәсімдерінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ педагогтің күш-жігерін есептілікке емес, оқыту сапасына бағыттауға жағдай жасайды.

«Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тестілеуден өтіп, шекті балл жинаған және портфолиосын белгіленген талаптарға сай қалыптастырған педагогтерге өтініш берген біліктілік санатына сәйкес қосымша ақы 1 қыркүйектен бастап төленеді. Алғашқы тестілеуде шекті деңгейге жете алмаған, бірақ портфолиосы талаптарға сәйкес келетін педагогтерге шілде айында қайта тестілеуден өту мүмкіндігі беріледі. Егер қайта тестілеу нәтижесінде де шекті балл жинай алмаса тиісті біліктілік санаты берілмейді және олар 1 қыркүйектен бастап енгізілетін аттестаттаудың жаңа моделіне қатыса алмайды», — деп түсіндірді вице-министр. 

Сондай-ақ спикердің айтуынша, екінші рет тестілеуден өтуді қаламайтын педагогтер биылғы қыркүйек айынан бастап пилоттық режимдегі аттестаттаудың жаңа моделі шеңберінде аттестаттауға қатыса алады.

Педагогтерді аттестаттаудың қолданыстағы моделі бойынша ұстаздардың артық жүктемесін қысқартып, олардың білім және тәрбиеге байланысты еңбектеріне басты басымдық беріледі. 

Осылайша, педагог қызметі енді тек академиялық көрсеткіштермен ғана емес, ең алдымен оқушы тұлғасын қалыптастыруға қосқан нақты үлесі арқылы бағаланады.

Педагог-модератор санаты үшін ашық сабақтар саны едәуір қысқартылады: бұрын жыл сайын 5 сабақ (яғни аттестаттау кезеңінде 25 сабақ) өткізу көзделсе, енді аттестаттау кезең ішінде барлығы 4 ашық сабақ өткізу жеткілікті болады:

  • біліктілікті арттыру көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылады;

  • педагогтің білім беру ұйымы деңгейінде шығармашылық (сараптамалық, жұмыс) топтарына, жобаларға (әлеуметтік, ғылыми, зерттеу, волонтерлік және т.б.) қатысуы талап етіледі; 

  • білім беру ұйымында сынып сағаттарын немесе сыныптан тыс іс-шаралар (6 сағ.) өткізу талабы енгізіледі.

Педагог-сарапшы санаты үшін ашық сабақтар саны едәуір қысқартылады: бұрын жыл сайын 5 сабақ (яғни аттестаттау кезеңінде 25 сабақ) өткізу көзделсе, енді аттестаттау кезең ішінде барлығы 4 ашық сабақ өткізу жеткілікті және оның ішінде 1-еуі аудан/қала деңгейінде.

  • Біліктілікті арттыру көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылады. 

  • Педагогтің білім беру ұйымы деңгейінде шығармашылық (сараптамалық, жұмыс) топтарына, жобаларға (әлеуметтік, ғылыми, зерттеу, волонтерлік және т.б.) қатысуы талап етіледі. 

  • Білім беру ұйымында сынып сағаттарын немесе сыныптан тыс іс-шараларды (6 сағ.) өткізу талабы енгізіледі.

Бұрын семинар, конференцияда баяндама жасау талабы болған, ол тәжірибені тарату форматымен алмастырылады, аудан/қала деңгейінде. 

Педагог-зерттеуші санаты үшін ашық сабақтар саны қысқартылады: бұрын жыл сайын 5 сабақ (яғни аттестаттау кезеңінде 25 сабақ) өткізу көзделсе, енді аттестаттау кезең ішінде барлығы 6 сабақ (оның ішінде 3 офлайн және 3 онлайн форматта) өткізу жеткілікті және оның ішінде 1-еуі облыс деңгейінде.

  • Біліктілікті арттыру көлемі 80 сағаттан 72 сағатқа дейін қысқартылады. 

  • Педагогтің білім беру ұйымы деңгейінде шығармашылық (сараптамалық, жұмыс) топтарына, жобаларға (әлеуметтік, ғылыми, зерттеу, волонтерлік және т.б.) қатысуы талап етіледі. 

  • Білім беру ұйымында сынып сағаттарын немесе сыныптан тыс іс-шараларды (6 сағ.) өткізу талабы енгізіледі.

Бұрын семинар, конференцияда баяндама жасау талабы болған, ол тәжірибені тарату форматымен алмастырылады, облыс деңгейінде.

Сонымен қатар қосымша ретінде білім беру ұйымы деңгейінде кемінде 2 педагогке әдістемелік сүйемелдеу жүргізу талабы енгізіледі, ол тәлімгерлік емес екені атап өтілді.

Бұдан бөлек, тәуекел тобындағы балаларды анықтау бойынша біліктілікті арттыру курсынан өту талабы енгізіледі.

Педагог-шебер санаты үшін ашық сабақтар саны едәуір қысқартылады: бұрын жыл сайын 5 сабақ (яғни аттестаттау кезеңінде 25 сабақ) өткізу көзделсе, енді аттестаттау кезең ішінде барлығы барлығы 8 сабақ (о.і. 4 офлайн және 4 онлайн форматта) өткізу жеткілікті және оның ішінде 1-еуі – республика көлеміндегі сабақ.

  • біліктілікті арттыру көлемі 108 сағаттан 72 сағатқа дейін қысқартылады. 

  • педагогтің білім беру ұйымы деңгейінде шығармашылық (сараптамалық, жұмыс) топтарына, жобаларға (әлеуметтік, ғылыми, зерттеу, волонтерлік және т.б.) қатысуы талап етіледі.

  • білім беру ұйымында сынып сағаттарын немесе сыныптан тыс іс-шараларды (6 сағ.) өткізу талабы енгізіледі.

Бұрын семинар, конференцияда баяндама жасау талабы болған, ол тәжірибені тарату форматымен алмастырылады, республика деңгейінде.

Қосымша ретінде білім беру ұйымы деңгейінде кемінде  3 педагогке әдістемелік сүйемелдеу жүргізу талабы енгізіледі, ол тәлімгерлік емес.

Сонымен қатар тәуекел тобындағы балаларды анықтау бойынша біліктілікті арттыру курсынан өту талабы енгізіледі.

Қосымша түрде менторлық, тәлімгерлік және волонтерлік белсенділігі ескеріледі. 

«Пилоттық кезеңге арналған бұйрық жобасы әзірленді, қазіргі уақытта келісу жұмыстары жүргізілуде. Қосымша барллық мүдделі тараптарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте өтпелі кезеңде педагогтердің құқықтары толық сақталады. Аттестаттау тек қосымша қаржылық ынталандыру құралы емес, ең алдымен педагог қызметінің сапасын әділ бағалау тетігі ретінде қарастырылып отыр», — деп түсіндірді спикер. 

Сонымен бірге аттестаттау педагогтің негізгі қызметіне кедергі келтірмей, оны қолдайтын жүйе ретінде қалыптастырылады, яғни педагогтің уақыты артық есептілікке емес, оқушымен жұмысқа бағытталуы қамтамасыз етіледі.

«Бұл тәсіл Конституцияда бекітілген адам құқықтарының басымдығы мен адам капиталын дамыту қағидаттарына негізделген. Педагогтерді артық жүктемеден босатып, тәрбие мен оқыту үдерістерін бір арнаға тоғыстыру арқылы педагогтер үшін мазмұнды әрі объективті аттестаттау жүйесін ұсынамыз», — деп түйіндеді сөзін оқу-ағарту вице-министрі Шынар Акпарова.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу