30 Қаңтар 2026, 17:20

Екібастұзда Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында энергетикалық және көмір кешенін кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде МАЭС-2 электр энергиясын өндіру ұлғаяды, инвестициялар есебінен ЖЭО тозуы азаяды және елдің ірі көмір өндіруші кәсіпорнында цифрлық технологиялар енгізілуде.
Екібастұз МАЭС-2 электр энергиясын өндіру көлемін арттыруды жоспарлап отыр
Екібастұз МАЭС-2 стансасында 1481 адам еңбек етеді. Қазіргі уақытта бірінші және екінші энергоблоктар толыққанды жұмыс істеп тұр. Әр қондырғының қуаты 500 мегаваттты құрайды, ал стансаның жалпы қуаты — 1000 мегаватт.
Кәсіпорынның техникалық кеңесшісі Өмірхан Салмановтың айтуынша, 2025 жылы стансада жалпы көлемі 5,3 млрд киловатт-сағат электр энергиясы өндірілген. Ал 2026 жылға бұл көрсеткішті 6 млрд киловатт-сағатқа дейін жеткізу жоспарланып отыр.
«Стансаның алдағы дамуы үшінші және төртінші энергоблоктарды орнатумен тікелей байланысты. Жаңа қондырғылар іске қосылған жағдайда әр блоктың қуаты 50 мегаваттқа артып, бір энергоблок 550 мегаваттқа дейін жетеді. Нәтижесінде стансаның жалпы қуаты 1100 мегаваттқа дейін ұлғаяды. Сонымен қатар кеңейту жұмыстары экологиялық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін станса жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр», — деді Өмірхан Салманов.


«Богатырь Көмір» ЖШС-де цифрландыру және автоматтандыру бойынша жаңа технологиялар енгізілуде
Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, көмір генерациясын дамыту және экономика мен халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін жабу үшін жаңа қуаттарды іске қосу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында елімізде кең ауқымда жұмыстар жүзеге асуда. «Богатырь Көмір» ЖШС басқарма директоры Асылбек Нұрғалиев кен орнының бүгінгі тынысы туралы айтып берді.
«"Богатырь Көмір" ЖШС – Қазақстанның көмір өндіретін ең ірі кәсіпорындарының бірі. Бүгінгі күні өндіріс қуаты 42 млн тоннаға дейін жетеді. Оның ішінде 32 млн тоннасы "Богатырь" кенішіне, 10 млн тоннасы "Северный" кенішіне тиесілі. Көмірдің жиынтық баланс қоры – 2 млрд 377 млн тонна. Кәсіпорындарымыздың тау-кен техникалары 8 роторлы эксковатор, 48 шөміш және гидравликалық эксковатор және 68 ауыр жүк автокөлік, 12 конвейерлік желілер мен қайта тиегіштерден тұрады.
Бұған қосымша компаниямызда цифрландыру және автоматтандыру бойынша жаңа технологиялар енгізілуде. Мысалы, бұрғылау-жару жұмыстарын жобалауға арналған Blast Maker жүйесі, диспетчерлік басқаруды автоматтандыру, электр энергиясы мен техникалық есепке алу, тексерулер мен ескертулерді автоматтандыру жүйелері бар. Жылдан жылға одан да басқа жүйелер енгізілуде», — деді ол.




Екібастұз ЖЭО-ның тозу деңгейі 54%-дан 47%-ға төмендеді
«Energy Solution Center» ЖШС бас директоры Айдарбек Қыстаубаев 2024 жылдан бері стансаға көп қаражат салынғанын, оның ішінде сол жылы «Самұрық-Энерго» АҚ-дан жөндеу жұмыстарына 4,2 млрд, әкімдіктен 4,7 млрд қаржы бағытталғанын атап өтті.
Оның сөзінше барлығы 8,9 млрд қаржы салынған.
#Президенттің тапсырмасы #Электр энергетикасы #Өнеркәсіп«Өткен жылы тек “Самұрық-Энерго” компаниясынан ағымдағы және күрделі жөндеуге 6,4 млрд ақша салынды. Ал биыл аталған компания 10 млрд қаржы бөлуге дайын. Стансаның тозу деңгейі 54%-дан 47%-ға төмендеді. Стансаның жылу жағынан қуаттылығы – 750 Гкал, бүгінде қалаға – 400 Гкал жылу жіберіліп тұр. 4 су қазандық пен 2 бу қазандық және турбина жұмыс істеуде. 2025 жылы №8, №5, №3-қазандықтар бойынша және бірінші турбинаны кеңейтілген, ауқымда 3 күрделі жөндеу өткіздік. Биыл №9, №12, №14-қазандықтарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда 10 қазандықтың 6-уы жұмыс істеп тұр, 3-уі резервте, біреуінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Біз қабылдап алған уақытта стансада 370 адам жұмыс істейтін, қазір олардың саны 570-ке жетті. Бүгінгі таңда орташа жалақы 514 мың теңгені құрайды», — деді бас директор.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу