ҚР Энергетика министрлігінің алқа мәжілісі: 2023 жылдың 1-ші тоқсанында ЖЭО-лардың және электр желілерінің аудиті аяқталады

1 ақпанда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен ҚР Энергетика министрлігінің алқа мәжілісі өтті, онда ведомство басшысы Болат Ақшолақов 2022 жылы атқарылған жұмысты қорытындылап, 2023 жылға арналған міндеттерді айқындады.

ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған 8 негізгі қызмет саласы шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды.

Мұнай саласының негізгі көрсеткіштеріне тоқталған ведомство басшысы 2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 84,2 млн тоннаны, мұнай экспорты 64,3 млн тоннаны құрағанын атап өтті.

Былтыр көмірсутек шикізатын өндіру мен экспорттауға бірқатар факторлар, соның ішінде өндірістік факторлар әсер етті. Бұл Қашаған кен орнындағы жоспардан тыс жөндеулерге, Қарашығанақ кен орнындағы мұнай конденсатын өндіруге әсер еткен Орынбор газ өңдеу зауытының тоқтауына, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумындағы жөндеу жұмыстарына байланысты. 2023 жылы мұнай өндіруді 90,5 млн тонна деңгейінде, ал мұнай экспортын 71 млн тонна деңгейінде қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Мұнай айналымын бақылау мақсатында мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі іске қосылды, ол бүгінгі таңда мұнай айналымының 95%-ын бақылауға мүмкіндік береді. Мұнай өндіру саласында еліміздің 3 негізгі кен орнында ірі жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасуда», — деді Болат Ақшолақов.

Теңіз кен орнында Келешекте кеңейту жобасы жүзеге асырылуда, Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын 2023 жылы, жалпы Келешекте кеңейту жобасын 2024 жылы аяқтау жоспарлануда және ол мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жұмыстардың жалпы ілгерілеуі – 96% құрайды.

Қарашығанақ кен орнында өткен жылы 4-ші газды кері айдау компрессоры іске қосылды, 5-ші компрессор салына бастады, оның құны шамамен $1 млрд-ты құрады, сонымен қатар $735 млн сомасына 6-шы компрессор салу бойынша түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды. Бұл жобалар кен орнында өндіруді жылына 10-11 млн тонна деңгейінде ұстап тұруға бағытталған.

Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метр ілеспе газды қайта өңдеу бойынша жобаны іске асыру басталды.

Биылғы міндет – Қашағандағы қуаты 2-ден 6 млрд текше метр газға дейін Газ өңдеу зауытының құрылысын жобалау бойынша тұжырымдамалық шешім қабылдау.

Мемлекет басшысы ел экономикасы үшін ірі жобалардың тиімділігін арттыру міндетін алға қойды. Президенттің тапсырмасын іске асыру үшін шетелдік әріптестермен бірлесіп, Ірі мұнай-газ жобаларын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр.

Көмірсутек шикізатының ресурстық базасын одан әрі ұлғайту үшін инвестициялық тартымдылықты жақсарту және жер қойнауын пайдалану саласындағы рәсімдерді жетілдіру бойынша заңнамалық өзгерістер қабылданды. Болат ақшолақов бұл жұмыс биыл да жалғасатынын айтты.

Былтыр 13,7 млн тонна мұнай өнімі өндірілді, бұл алдыңғы жылғы деңгейден 1 млн тоннаға артық. 2022 жылы АИ-92 бензині мен дизель отынының рекордтық мөлшері шығарылды. Осындай көрсеткішке қол жеткізу Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы күрделі жөндеуді 2023 жылға ауыстыруға байланысты болды. Осы жылы барлық 3 мұнай өндеу зауытындағы қажетті жоспарлы жөндеулерді ескере отырып, өндіріс көлемі 13,4 млн тонна деңгейінде болады деп болжанады.

2022 жылы ішкі нарықты мұнай өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында:

– АИ-80, 92-93 және жазғы дизель отынын бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды реттеу белгіленді;

– мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынды;

– дизель отынының бағасы бірнеше есе төмен шекара маңындағы елдерге бақылаусыз әкету тәуекелдерін төмендету мақсатында дизель отынының бағасына саралау белгіленді;

– мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесінде өнімсіз делдалдарды болдырмайтын заңнамалық нормалар қабылданды.

Осы жылы Энергетика министрлігінің негізгі міндеті – ішкі нарықты сапалы мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз ету болып табылады.

Мемлекет басшысының экономиканың сапалы жанар-жағармайға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндетін орындау шеңберінде биыл өндірісті жылына 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін, алдағы уақытта жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, сондай-ақ Шымкент мұнай өндеу зауытын кеңейтудің техникалық-экономикалық негіздемесі жобалау қолға алынады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша битум өндірісі 930 мың тоннаны құрады. 2023 жылға арналған жоспар – 1,1 млн тонна. Елдің жол саласын битуммен уақытылы қамтамасыз ету үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен, атап айтқанда, ҚазАвтоЖолдың қатысуымен тығыз өзара іс-қимылды талап ететін бірқатар шаралар әзірленді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша газ өндіру көлемі 53,2 млрд текше метрді құрады.

«Газ мұнайға ілеспе өнім болып табылады және дайындықты қажет етеді. Тауарлық газ өндірісі 27,8 млрд текше метрді құрады, оның ішінде 19,3 млрд текше метр ішкі нарыққа жеткізілді және 4,6 млрд текше метр экспортталды. Ішкі нарықта тұтыну айтарлықтай өсті, атап айтқанда, 2020 жылмен салыстырғанда 2 млрд текше метрден асты. Осы жылы 55 млрд текше метр ілеспе мұнай газын өндіру жоспарлануда, оның ішінде 28 млрд текше метр тауарлық газ өндіріледі», — деді энергетика министрі.

Сонымен қатар 2022 жылы газды өндіруге ынталандыру мақсатында бірқатар заңнамалық түзетулер қабылданды, атап айтқанда:

– тұтынушылардың 2 жаңа санаты (ірі коммерциялық тұтынушылар мен майнерлер) енгізілді;

– 5 жылдық кезеңге тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді реттейтін норма қабылданды. Бұл газ нарығы субъектілерінің қызметін ұзақ мерзімді перспективада жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұрын баға 1 жылға бекітіліп, ұзақ мерзімді жоспарлар құруға мүмкіндік бермеген еді.

Газ саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды, онда газдың ресурстық базасын ұлғайту, газ нарығын реформалау және азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін бағаларды тежеу жөніндегі шаралар көзделеді.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, 2022 жылы сұйытылған газ айналымының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында сұйытылған мұнай газын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша заң қабылдау жоспарлануда.

Газ саласының перспективті бағыттарының бірі – сығылған табиғи газ нарығын дамыту. Сығылған табиғи газ пайдалануды ынталандыру шаралары дизель отыны мен сұйытылған мұнай газына, әсіресе елдің автопаркі мен транзиттік маршруттар үшін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Газды тұтынудың белсенді өсіп келе жатқандығы аясында ел экономикасындағы газдың рөлінің артуын, оның әлеуметтік маңыздылығын және өңірлерді ауқымды газдандыруды ескере отырып, газды ұқыпты тұтыну мәдениетін ілгерілету қажет. Ол үшін тиісті заңнамалық бастамалар мен тетіктер пысықталады. 

Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандыру деңгейі 59%-ды құрады. Өңірлерде 96,1 млрд теңгеге 142 газ жобасы іске асырылды, бұл 107 ауылдық елді мекендегі 285 мың азаматтың табиғи газға қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

Газ тасымалдау жүйесінің одан әрі дамуын айқындайтын Қазақстан Республикасын газдандырудың 2022-2030 жылдарға арналған Бас схемасы өзектілендірілді.

2023 жылы бюджеттік инвестициялардың жалпы сомасы 74 млрд теңгеге 86 жобаны іске асыра отырып, халықты газдандыру үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл 56 ауылдық елді мекендегі 167 мың азаматты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, республиканың 11,4 млн азаматы газға қол жеткізе алады.

Елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыруға қатысты бірнеше нұсқалар пысықталуда, атап айтқанда:

– «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының 2-ші және 3-ші кезеңдерін салу;

– Ресей Федерациясымен Павлодар қаласына тармақталған «Барнаул-Рубцовск-Семей-Өскемен» магистральдық газ құбырын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде, сондай-ақ Өскеменге тармақталатын «Омбы-Павлодар-Семей» газ құбырын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл ретте газдың ресурстық базасы және импорттық газдың құны мәселесі тежеуші фактор болып табылады. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Болат Ақшолақовтың айтуынша, 2022 жыл еліміздің мұнай-газ-химия саласы үшін маңызды жыл болды. Атырау облысында әлемдік ауқымдағы ірі мұнай-химия зауытының бірі – қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт іске қосылды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ-химия өнімі өндірісінің өсуі 271,4 мың тонна көлемімен 43%-ды құрады.

2023 жылы мұнай-газ-химия өнімін өндіру көлемі 515 мың тонна деңгейінде жоспарлануда.

Саланы одан әрі дамыту шеңберінде құны шамамен $900 млн-ды құрайтын бутадиен өндіру кешенінің құрылысы басталады, сондай-ақ құны $10 млрд жуық полиэтилен өндіру жобасын іске асыру жалғасады.

2023 жылы полиэтилен жобасы аясында қуаты 9 млрд текше метр газды қайта өңдейтін газ сепараторлық қондырғыны қаржыландыру мәселесі шешіліп, қуаты жылына 1 млрд 250 млн тонна полиэтилен кешенін жобалау басталады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру 112,8 млрд кВтсағ құрады, осы жылға арналған жоспар 114,9 млрд кВтсағ құрайды.

Жаңартылатын энергия көздерін өндіру көлемі 5,1 млрд кВтсағ құрады, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 4,5%-ға жетті. 2022 жылы жалпы қуаты 385 МВт болатын 12 жаңартылатын энергия көздері жобасы іске асырылды. 2023 жылы қуаты 276 МВт болатын 15 жаңартылатын энергия жобасын іске қосу жоспарлануда.

Сонымен қатар инвестициялық келісімдер бойынша 225 МВт жаңа қуаттарды іске қосу көзделген.

Энергетикалық кешенді жоспарлы орнықты дамыту мақсатында 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім бекітілді, оған сәйкес жаңа қуаттардың 2 есеге жуық өсуі күтілуде.

Энергия жүйесіндегі теңгерімсіздіктердің туындау тәуекелдерін және жаңадан енгізілетін жаңа энергия көздерінен жоғары тарифтердің әсерін болдырмау үшін электр энергиясы нарығының жаңа нысаналы моделіне көшу бойынша нормалар пысықталды, онда электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және теңгерімдеуші нарықты енгізу қарастырылды.

Сонымен қатар сала үшін негізгі сын-қатер жұмыс істеп тұрған энергетикалық қуаттар мен объектілердің жоғары тозуы болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың 1-ші тоқсанында еліміздің барлық жылу электр орталықтарының және электр желілерінің аудиті аяқталады.

Нарық субъектілерін өз инвестицияларын қуаттарды реконструкциялау мен жаңғыртуға бағыттауға ынталандыру үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бағдарлама бойынша салаға тартылған инвестициялар көлемі жыл сайын шамамен 400 млрд теңгеге бағаланады.

Биыл «Жылу энергетикасы туралы» Заң қабылданады. Заң өңірлерді жылумен жабдықтау проблемаларын шешуге бағытталған, ұзақ мерзімді жоспарларды жүзеге асыруға, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара қарым-қатынастарды жүйелеуге мүмкіндік береді.

Сапалы жөндеу науқанын қамтамасыз ету және инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау саласында Атомдық және энергетикалық қадағалау комитетінің рөлін күшейту жоспарлануда. Тәуекелдерді басқаруға және станциялардың техникалық жай-күйін бақылауға мүмкіндік беретін энергетиканың цифрлық платформасы пайдалануға беріледі.

Энергетика министрінің айтуынша, барлық айтылған шаралар электр және жылу энергетикасы саласын дамытуға серпін береді.

2009 жылдан бастап Қазақстан өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында.

2022 жылдың қорытындысы бойынша уран өндіру көлемі 21,3 мың тоннаны құрады. Тұрақсыз геосаяси жағдайды ескере отырып, 2023 жылы уран өнімдерін тасымалдау бағыттарын әртараптандыру мәселесі пысықталатын болады.

Маңызды мәселелердің бірі – өндірілетін өнімді қайта бөлуді арттыру, сондықтан былтыры желтоқсанда Қытайға жылу бөлгіш құрастырмалардың бірінші партиясы жеткізілді, олар атом электр станцияларының жұмысына арналған.

Қазақстан атом электр станциясын салу мәселелерін қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ол үшін елімізде барлық объективті алғышарттар бар. Бұл – уран мен оны қайта өңдеу өнімдерінің қорлары, сондай-ақ ғылыми база.

2022 жылы Қытай (CNNC), Ресей (Росатом), Корея (KHNP), Франция (EDF) сияқты елдерден жеткізушілердің тексерілген реакторлық технологияларының «қысқа тізімі» жасалды. Осы жылы реакторлық технологияны таңдау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Атом электр станциясын орналастырудың оңтайлы алаңы ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы ұсынылды. 2023 жылы атом электр станциясын орналастыру ауданын таңдау мәселесі қоғамдық талқылауға шығарылатын болады.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтың мәліметінше, 2022 жылы электр энергиясын тұтыну көлемі 112,9 млрд кВт/сағ құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 2 млрд кВт/сағ төмен. Былтыр ең жоғары жүктеме – 16,4 ГВт, ал станциялардың барлығы өндірген қуат 15,7 ГВт құрады. Бұл жағдайда қолданыста болмай қалған қуат 3 ГВт-тан асты. Осылайша, Энергетика министрлігінің негізгі міндеті станциялардағы авариялық жөндеуді азайту және оларды қуат теңгеріміне тезірек тарту болып табылады.

Өткен жылы қуат тапшылығына жауап ретінде Министрлік алғаш рет жаңа станциялар салуға аукциондар өткізді. 2025 – 2026 жылдары жалпы қуаты 1 700 МВт маневрлік генерацияның жаңа көздері Алматы, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстарында пайда болады.

Бұдан басқа, жұмыс істеп тұрған электр станцияларда жаңғырту жөніндегі инвестициялық келісімдер арқылы 1 300 МВт қосымша қуат құрылысы жүріп жатыр.

2023 жылы Энергетика министрлігі көтерме нарықта электр энергиясын бірыңғай сатып алушының моделін және электр энергиясының теңгерімдеуші нарығын енгізеді. Бұл электр энергиясын сатып алу-сату кезінде алыпсатарлық операцияларды болдырмауға; үлестес делдалдарды қысқартуға; жаңадан енгізілетін генерация көздерінің жоғары тарифтерінің және тапшылық кезінде импорттық электр энергиясы бағасының әсерін азайтуға, сонымен қатар Ресей Федерациясымен шекарадағы электр энергиясының мемлекетаралық сальдо ағындарының ауытқуын азайтуға мүмкіндік береді.

2022 жылы алғаш рет  2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгеріммен, сондай-ақ электр қуатын орналастырудың перспективалық схемасымен байланысты электр энергетикасы саласын дамытудың ұзақ мерзімді тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдама барлық нарыққа қатысушылардың пікірін ескере отырып әзірленді, қауымдастықтар мен ҰКП алаңдарында талқыланды және электр энергетикасын одан әрі дамыту бойынша сала консенсусын көрсетеді. Барлық ұсыныстарды ескере отырып, ол жақын арада Үкіметке енгізіледі. 

2023 жылы базалық көмір энергия көздерін салу бойынша қолданыстағы жобалар жалғасады және жаңалары қолға алынады.

Қазіргі заманғы технологиялар бойынша жаңа Екібастұз ГРЭС-3 құрылысы бойынша жол картасы әзірленді, «Самұрық Энерго» АҚ Екібастұз ГРЭС-2-де қосымша энергия блоктарын салу жобасын қолға алды, ERG Ақсу ГРЭС-ін кеңейтуді жоспарлап отыр. Көкшетау және Семей қалаларында жаңа ЖЭО салу, Павлодарда Президенттің ЖЭО-ларды жаңғырту тапсырмасы орындалу үстінде.

2022 жылы уран өндіру көлемі 21,3 мың тоннаны құрады. Желтоқсан айында Үлбі металлургия зауытында өндірілген 30 тонна көлеміндегі ядролық отынның бірінші партиясы Қытай атом станцияларына жеткізілді. Реакторлық технологияларды жеткізушілердің «қысқа тізіміне» енгізілген 4 өндірушімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. 

Атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия қуаты 2,8 ГВт-қа дейінгі АЭС салу үшін оңтайлы аудан ретінде Алматы облысы Үлкен ауылының аумағын ұсынды. Халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Болат ақшолақовтың айтуынша, биыл бірінші тоқсанда Ұлттық ядролық инфрақұрылымды дамыту саласында қол жеткізілген прогресс дәрежесін бағалау үшін Атом энергетикасы бойынша халықаралық агенттігі Миссиясының МАГАТЭ сапары өтеді. АЭС-ті орналастыру үшін Алматы облысы Үлкен ауылының аумағын таңдау бойынша жария талқылау өтеді. Сонымен қатар Үкімет АЭС орналастыру аумағы туралы шешім қабылдап, реакторлық технологияны таңдайды. Уран өнімдерін тасымалдау маршруттарын әртараптандыру бойынша жұмыс жалғасын табады.

Сонымен қатар Атом саласын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы әзірленуде, Семей сынақ полигоны мәселелерін шешу үшін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.

2022 жылдың қорытындысы бойынша республикада белгіленген қуаты 2400 МВт болатын 130 ЖЭК нысаны жұмыс істейді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК өндіру көлемі 5,11 млрд кВтсағ (ЖЭС – 2411 млн кВтсағ; СЭС – 1763 млн кВтсағ; ГЭС – 934 млн кВтсағ;) немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 4,53% құрады. 2023 жылы бұл көрсеткіш 5%-ға жетеді.

Былтыр жалпы инвестиция сомасы 180 млрд теңгені құрайтын жалпы қуаты 385 МВт болатын 12 ЖЭК нысаны іске қосылды. 2023 жылы жалпы қуаты 276 МВт болатын 10 нысан пайдалануға беріледі

Қараша айында Франциямен қуаты 1 ГВт  жинақтағыштары бар ЖЭС салуға үкіметаралық келісімге (Total), қуаты 1 ГВт ЖЭС салу қағидаттары туралы келісімге (Masdar) қол қойылды.

2022 жылы ЖЭК бойынша аукциондық сауда-саттықта жалпы қуаты 440 МВт болатын 10 ЖЭК жобасы іріктелді, оның ішінде ЖЭС – 400 МВт, СЭС - 40 МВт. ЖЭС үшін тарихи ең төменгі баға алынды – 12,49 тг, 1 кВт/сағ үшін 3 центтен аз, бұл әлемдік рекордқа жақын.

«Президенттің 2030 жылға қарай ЖЭК-тің үлесін 15%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін энергия жинақтау жүйесімен ЖЭК  аукциондарының 5 жылдық кестесін бекіту жоспарлануда. Сондай-ақ Масдар, Тоталь, Acwa Power ірі компанияларымен бірге энергия жинақтау жүйесі бар ЖЭК салынбақ», — деді энергетика министрі.

2022 жылы Қазақстан Республикасының біртұтас энергетикалық жүйесінде апаттардың саны артып, 2021 жылғы кезеңмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 22,5%-ға өсті. Бұның бірден бір себебі қадағалау органының әлсіздігі болып табылады

Ірі технологиялық бұзушылықтардың алдын алу және энергия жабдықтарының пайдалануына бақылауды күшейту үшін Энергетика министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау органының функцияларын күшейту жөніндегі мәселеге бастама жасады:

  • мемлекеттік энергетикалық қадағалау функцияларын Кәсіпкерлік кодекс шеңберінен шығару;
  • келісу комиссиясының қорытындылары бойынша Нұсқамаларды сот тәртібімен мәжбүрлеп орындату;
  • энергия кәсіпорындарының әкімшілік жауапкершілігін ұлғайту;
  • Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің штат санын ұлғайту.

Бақылау функцияларын күшейту бойынша жоғарыда аталған ұсыныстар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде қойылған мақсаттарға қол жеткізу бойынша түбегейлі реформалар үшін маңызды қадам болып табылады.

Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінде баяндама жасаған вице-министр Асхат Хасенов жер қойнауын пайдалану саласында жер қойнауын игеру және осы салаға инвестициялар тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінгі таңда жер қойнауы саласында 304 келісімшарт бар, оның ішінде көмірсутектер бойынша – 276, уран бойынша – 28.

2022 жылдың 9 айында жер қойнауын пайдалануға салынған инвестициялар көлемі 5,9 трлн теңгені құрады. Заңнамаға сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың жылдық есептері қаңтар айының соңына дейін тапсырылады және наурыз айында қорытындыланады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде қабылданған келісімшарттық міндеттемелерді орындамай ұзақ уақыт ұсталатын жер қойнауы учаскелерін тексеру жөніндегі жүйелі бұзушылықтары бар 27 келісімшарт бойынша жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 12 келісімшарт тоқтатылды, 9 келісімшарт бойынша 1,8 млрд теңгеге берешек өтелді, 6 келісімшарт бойынша жұмыс жалғасуда, оның ішінде сот тәртібімен», — деді энергетика вице-министрі.

Мемлекетке қайтарылған жер қойнауының учаскелері инвестициялар тарту үшін аукционға қойылады. 2022 жылы 2 аукционға 49 учаскесі шығарылды, бюджетке 27 млрд теңге қол қою бонусы төленді. Инвестициялар сомасы 50 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар уран саласының жер қойнауын пайдаланушыларымен туындаған даулы мәселелерді арбитражға дейінгі реттеу бойынша келіссөздер аяқталды. Нәтижесінде республикалық бюджетке 24 млрд теңге мөлшерінде тікелей төлемдер қамтамасыз етілді және геологиялық барлауға 400 млрд теңге сомасына инвестициялар үшін жағдайлар жасалды.

2022 жылы 3 реформалық өзгерту енгізілді. 

Бірінші: Қиын қорларды игеруге жағдай жасау мақсатында «дәстүрлі емес көмірсутектер» – тақтатас майы, тақтатас газы, табиғи битум, газ гидраттары бөлігінде заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.

Екінші: Аукциондар арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын беру рәсімдері жеңілдетілді.

Үшінші: Реттеушілік және фискалдық преференцияларды, оның ішінде газ жобаларын көздейтін көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі күрделі жобалар үшін жер қойнауын пайдалану саласындағы жақсартылған модельдік келісімшарт (ЖМК) қабылданды. Аталған заңнамалық өзгерістер бұл салаға жүйелі түрде инвестицияларды тартуды қамтамасыз етеді.

Осы жылы Қаламқас-Хазар және Қаратон-тұз асты кен орындары бойынша инвестиция көлемі $9 млрд-ты құрайтын екі жақсартылған модельдік келісімшарт қол қою жоспарлануда.

Сондай-ақ кен орындарын іске жедел қосу үшін жер қойнауын пайдалану саласындағы рәсімдерді оңайлату жөніндегі заң жобасына бастамашылық жасалды. Қазіргі таңда тиісті заң жобасы Парламент Сенатының қаралуында.

Газ саласында. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ілеспе газ өндіру 53,2 млрд м3, сатуға арналған тауарлық газ өндіру – 23,9 млрд м3 (жеке қажеттілікке пайдалануды есепке алмағанда) құрады.

Ішкі тұтыну 19,3 млрд м3 (2020 жылы тұтыну – 17 млрд м3), экспорт – 4,6 млрд м3. 2022 жылы газ өндіру – 5,5 млрд м3, өндіріс – 28,2 млрд м3.

Газдың болжамды балансына сәйкес 2030 жылға қарай ілеспе газ өндіру көлемі 87,1 млрд м3 құрайды, бұл ретте тауарлық газ өндірісі 31 млрд м3 (жеке қажеттіліктерді есепке алмағанда) деңгейінде болады.

Ресурстық базаны ұлғайту мақсатында Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд м3 газ өңдеу зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарының ілгерілеуі 17% құрайды, бірінші партия жабдықтарының 100% жеткізілді. Құрылыс алаңына 705 адам және 293 арнайы техника жұмылдырылды. Құрылыстың шарықтау шегінде 2500 адам қатысады. Зауыт 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

«ҚазГӨЗ» ЖШС базасында қуаты 1 млрд м3 жаңа газ өңдеу зауыты салынуда. Биыл EPC мердігері анықталып, ерте құрылыс жұмыстары басталады. Жаңа зауытты іске қосу мерзімі – 2025 жылдың соңы.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Қашағандағы ГӨЗ-дің келесі кезектерін конфигурациялау бойынша түпкілікті шешім қабылданады, нәтижесінде 2030 жылға қарай осы кен орнында тауарлық газ өндірісі 4 млрд м3 ұлғаяды.

Сондай-ақ қуаттылығы 4 млрд м3 Қарашығанақ кен орнында газ дайындау кешенін салу мәселесі пысықталуда.

Сонымен қатар жақсартылған модельдік келісімшарт бойынша қабылданған заңнамалық өзгерістер шеңберінде жаңа газ кен орындары кезең-кезеңімен пайдалануға берілмек, бұл газ өндіруді 3 млрд м3 ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Энергетика министрлігінің басты міндеттерінің бірі ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету болып табылады. 2022 жылы сұйытылған мұнай газын ішкі тұтыну көлемі 1,8 млн тоннаны құрады. 2021 жылмен салыстырғанда тұтыну 380 мың тоннаға (28%) өсті.

Бүгінгі таңда көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындар отынның басқа түрлерінен сұйытылған мұнай газына ауысуда. Оның себебі отынның бұл түріне бағаның төмен болуы. Газды отын ретінде пайдаланатын көліктердің саны да артып келеді. Бір жыл ішінде өсім шамамен 180 мың автомашинаны құрады.

Сонымен қатар сұйытылған мұнай газын өндіру теріс динамиканы көрсетеді. Осылайша, өндірушілер үшін төмен инвестициялық тартымдылыққа байланысты 2022 жылғы өндіріс шамамен 400 мың тоннаға азайды.

Бүгінгі таңда автогаз құю станцияларындағы шекті бөлшек сауда бағасы литріне 50-70 теңге деңгейінде ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұйрығымен бекітілген. Қазіргі таңда сұйытылған газ айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша заң жобасы әзірленіп, Мәжілісте мақұлданды.

Заң жобасының негізгі нормалары Энергетика министрлігіне бөлшек бағаларды бекіту бойынша құзыретті беру болып табылады. Бұл сұйытылған мұнай газының бағасының күрт өсуіне жол бермейді, себебі тұтастай бағаны бекіту тізбегі бір органда болады. Бұдан басқа, сұйытылған мұнай газының айналымының барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін ілеспе жүкқұжаттар тетігін енгізу көзделеді.

ҚР энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, Қазақстанның мұнай-газ саласы өнеркәсіптік өндірістің көшбасшы саласы ретінде экономиканы дамытудың негізі болып табылады және көп жағдайда ел экономикасының дербестігін айқындайды. Елдің дамуында мұнай-газ кешенінде Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты үш ірі кен орны маңызды рөл атқарады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 29,2 млн тоннаны (2023 жылға арналған жоспар – 27,9 млн тонна), газ өндіру көлемі 16,1 млрд м3 құрады (2023 жылға арналған жоспар – 15,5 млрд.м3). Келешекте кеңейту жобасы/Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасы бойынша шығындар $41,7 млрд-ты құрады. «Теңізшевройл» ЖШС Келешекте кеңейту жобасын және Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын іске асыруда. Келешекте кеңейту жобасы объектілерін іске қосудың болжамды мерзімі – 2024 жылғы маусым. Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасы объектілерін іске қосудың болжамды мерзімі – 2023 жылғы желтоқсан. Іске асырылып жатқан жоба шеңберінде ТШО-ның өндіруі жылына 12 млн тоннаға ұлғаяды. Келешекте кеңейту жобасы бойынша болжамды қазақстандық қамту – 36%. Жобаның жалпы құны – $46,7 млрд. Іске асыру мерзімдері – 2016-2024 жылдар.

2022 жылы жоба бойынша жұмыстың жалпы орындалуы 96,1%, 2023 жылға арналған жоспар 99% құрайды. Сондай-ақ энергетика вице-министрі 2022 жылғы 19 шілдеде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Атырау облысының әкімдігімен және ТШО-мен бірлесіп, Келешекте кеңейту жобасын/Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасының босатылып жатқан жұмыскерлерін жұмыспен қамту және жоспарлы босату мониторингі бойынша іс-шаралардың 2022-2023 жылдарға арналған жол картасына қол қойғанын атап өтті.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Келешекте кеңейту жобасын/Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасынан 22 620 Қазақстан Республикасы азаматы босатылды, оның ішінде ТШО ішіндегі басқа объектілерге – 4 163, ТШО-дан тыс басқа объектілерге – 986 қызметкер ауыстырылды. 2023 жылға арналған болжамды деректер – 31 100 Қазақстан Республикасы азаматы жұмыстан босатылады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 12,7 млн тоннаны (2023 жылға арналған жоспар – 18,2 млн тонна), газ өндіру көлемі 8,1 млрд м3 құрады (2023 жылға арналған жоспар – 11,9 млрд м3). «Шикі газ айдаудың 2-ші компрессорын жаңғырту» жобасы іске асырылды, оның мақсаты Д аралында қолданыстағы 2 шикі газ айдау компрессорын (Шикі газ айдау) жаңғырту есебінен мұнай өндіруді ұлғайту. Шикі газ айдау-2 компрессоры былтыр тамызда, Шикі газ айдау-1 компрессоры 2022 жылдың 30 қыркүйегінде пайдалануға берілді. Мұнай өндіру деңгейінің өсуі тәулігіне 400-ден 435 мың баррельді құрады. Қазіргі уақытта Қашаған бойынша бірқатар жобалар іске асырылып жатыр. 

Энергетика вице-министрінің айтуынша, отандық МӨЗ-ді жаңғырту жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жеңіл мұнай өнімдерінің барлық түрлері бойынша тұтынудың өсуі байқалады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерін өндіру 13,68 млн тоннаны құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,1%-ға артық. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлері: бензин өндірісі – 4,97 млн тонна, дизель отынының рекордтық көлемі – 5,23 млн тонна, мазут – 2,81 млн тонна, битум – 930 мың тонна және авиакеросин – 660 мың тонна. 2023 жылға арналған өндіріс жоспары – 13,44 млн тонна.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарттың талаптары күшіне енуі тиіс. Ортақ нарықтарды қалыптастыру халықаралық шартты әзірлеу мен оған қол қоюды, сондай-ақ 2023 жылы әзірленуі тиіс Ережелердің үш түрін (халықаралық шарттың ажырамас бөлігі болып табылады) қамтиды. Олар: Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қол жеткізудің бірыңғай қағидалары; Одақтың Мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында Мұнай және мұнай өнімдерін сату Қағидалары (биржадан тыс сауда); Мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықты өткізу қағидалары. Қазіргі уақытта ЕАЭО мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы келісімнің және аталған қағидалардың жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2022 жылғы 12 мамырда жанар-жағармай материалдарын өндіру және тарату жүйесін реформалау жөніндегі шаралар кешенін мақұлдады.

Бірінші. Мұнай өнімдерін өндіру және тарату саласында ашықтық пен транспаренттілікті қамтамасыз ету. 30 желтоқсанда мұнай өнімдерін сату (көтерме жеткізушілерге қойылатын талаптарды күшейту) және МӨЗ-ге мұнай жеткізу кезінде басы артық делдалдарды болдырмау үшін түзетулер қабылданды.

Екінші. МӨЗ қызметін бақылау: ҚМГ және Petrosun монополияға қарсы комплаенске жанар-жағармайды бөлу жоспарлары мен фактісі бойынша есептілікті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне, Энергетика министрлігіне және Қаржы министрлігіне енгізу мәселесі пысықталуда.

Үшінші. Шағын МӨЗ қызметін реттеу және мұнай мен шығарылатын өнімге салық салу.

Төртінші. 2024 жылдан бастап мұнай базаларын бақылау құралдарымен жарақтандыру. Энергетика министрінің бұйрығы қабылданды.

Өндірісті одан әрі ұлғайту үшін бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Шымкент зауытында 2029 жылға қарай өндірістік қуаттылықты 9-12 млн тоннаға дейін жеткізіп, 3 млн тоннаға кеңейту жоспарлануда. Бұл шара ішкі нарықта өсіп келе жатқан сұранысты жабу үшін ЖЖМ өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жобаның алдын ала ТЭН әзірлеу аяқталады, базалық жобалауды бастау жоспарлануда. Павлодар мұнай өңдеу зауытында 2025 жылға дейін гидротазарту қондырғысын реконструкциялау жөніндегі жоба іске асырылатын болады, ол өнімділікті 6 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. (қазір 5,4 млн тонна), сондай-ақ 2024 жылдан бастап өндірісті 50 мың тоннаға арттырып, сұйытылған көмірсутек газын тазарту қондырғысын салу жоспарланған. 

Қазақстанның ішкі нарыққа экспорттау және жеткізу үшін мұнай тасымалдаудың әртараптандырылған жүйесі бар. Отандық мұнай экспорты келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

– КҚК мұнай құбыры;

– Атырау-Самара мұнай құбыры

– Атасу-Алашанькоу мұнай құбыры,

– Ақтау теңіз порты және темір жол.

Бүгінгі таңда мұнай экспорты бойынша шектеулер байқалмайды.

Қазақстан мұнайының Ресей Федерациясының аумағы арқылы транзитінің маңыздылығын атап өту қажет. Қазақстандық жүк жөнелтушілер үшін мұнайды тасымалдаудың ең тиімді бағыты болып табылатын КҚК мұнай құбыры бойынша ЕО және АҚШ елдерімен Ресей Федерациясы арқылы транзит кезінде қазақстандық мұнайдың санкциялық емес мәртебесін қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде келіссөздер жүргізілуде. Қазақстандық мұнайды сатып алушылар үшін сәйкестендіру мақсатында биыл шілдеден бастап мұнай KEBCO (Kazakhstan export blended crude oil) ретінде орналастырыла бастады.

Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша жұмыс тобы (Task force) құрылды. Жобаның мақсаты 2023 жылы тасымалдау қуатын 6,5 млн тоннаға дейін, 2024 жылы 7,5 млн тоннаға дейін және 2025 жылдың аяғында 15,0 млн тоннаға дейін жеткізу болып табылады. Жалпы осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

ҚР Энергетика министрлігің алқа мәжілісінде цифрландыру мәселелері бойынша энергетика вице-министрі Жанат Жахметова мұнай, газ жəне энергетика салаларында цифрландыру бойынша атқарып жатқан іс-шараларға тоқталды.

Мұнай, газ, жəне мұнай өнімдерінің айналымын есепке алу бағытында мемлекеттік ақпараттық жүйе өндірістік пайдалануға берілді. Осы жұмысты толыққанды жалғастыру мақсатында газ кен орындарының жəне мұнай өнімдер базаларының иелеріне есепке алу аспаптарын орнату арқылы айналым бойынша деректерді мемлекеттік ақпараттық жүйеге жіберу міндеттемесі заңнамалық түрде бекітілді.

«Сонымен қатар мұнай өнімдерін есепке алу ақпараттық жүйесінің негізінде, бөлшек бағамен сатылатын дизель отынын бақылау модулі іске қосылды. Дизель отынын бөлшек бағамен сатып алғанда қажетті құжаттарды талап етпес үшін екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшаларында арнайы виртуалды карталар іске қосылды», — деді Жанат Жахметова.

Мемлекеттік есепке алу ақпараттық жүйесіне мұнай мен газ компанияларының жəне мұнай өнімдер базаларының қосылу жұмыстарын Энергетика министрлігі одан əрі жалғастыратын болады.

Одан басқа, биыл «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен бірлесіп, жанар-жағармай құю бекеттерінде нақты уақыт режимінде жанармайдың болуы туралы мəліметтер жарияланатын болады. Одан əрі, екінші деңгейлі банктермен жəне жанар-жағармай құю бекеттерімен бірлесе отырып, жанармайды сатып алу процессін автоматтандырудың толық циклі бойынша жұмыс жалғасады.

Жер қойнауын пайдалану процестерін жетілдіру бөлігінде электрондық аукциондарды өткізуді техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ қағаз құжаттаманы қысқарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Өткен жылдың соңында өткізілген аукционның қатысушыларына екінші деңгейлі геологиялық ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жер қойнауын пайдалану құқығын үшінші тұлғаға беру, үлгілік келісімшарттар жасау бойынша мемлекеттік қызметтер автоматтандырылды.

«Осы жылы лицензиялық келісімшарт талаптарының орындалуын бақылау процесі автоматтандырылатын болады, жəне қажет болған жағдайда анықталған бұзушылықтар бойынша хабарламалар электрондық түрде жіберіледі», — деді энергетика вице-министрі.

Сондай-ақ бірінші жартыжылдықтың соңына дейін мемлекеттік бақылаудың 6 бағыты бойынша тəуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері іске қосылады.

Энергетиканың цифрлық платформасын әзірлеу бағыты бойынша 77 қуат өндіруші станциялардың негізгі жабдықтарына паспорттау, тәуекелдерді басқару жүйелеріне реинжиниринг жүргізілді, платформаға техникалық тапсырма әзірленді және бүгінгі күні жүйенің алғашқы үш модулін сатып алуға конкурс өткізілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биыл платформа базасында генерация картасы, тәуекелдерді басқару жүйелері және энергиямен жабдықтаушы ұйымды көтерме тұтынушылармен ауыстыру бойынша онлайн сервис іске қосылады. Бұдан әрі платформада инвестициялар мен тарифтердің мониторингі бойынша модульдер іске асырылады, сондай-ақ осыған ұқсас жұмыс электр энергиясын беру және бөлу блогы бойынша жүргізіледі.

Вице-министрдің айтуынша, Үкімет қаулысымен Энергетика министрлігіне бағынысты ұйымының негізінде Ситуациялық талдау орталығы құрылды. Орталықтың функциялары заңмен бекітіледі. Орталық негізінде 2003 жылдан бері жиналған мұнай мен газ өндіру бойынша тарихи деректер цифрландырылды.

Биыл салалардың негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ отын-энергетика кешеніндегі жағдайдың дамуын болжауға жəне модельдеуге арналған аналитикалық модульдері бар платформа іске қосылады. Платформа ірі компаниялардың негізгі ақпараттық жүйелерімен ықпалдастырылады.

Сонымен қатар Орталық отын-энергетика нысандарының төтенше жағдайлары бойынша дер кезінде əрекет ету жəне ақпарат беруді қамтамасыз етеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу