Биылғы І тоқсандағы ӘЭД, шикізаттық емес экспортты ілгерілету: Үкімет отырысы қалай өтті

Үкіметтің кезекті отырысында 2019 жылдың І тоқсанындағы ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының көрсеткіштері, сондай-ақ, шикізаттық емес экспортты ілгерілету және Ұлттық экспорттық стратегияны іске асыру барысы қаралды. Үкімет кулуарында БАҚ қызығушылық танытатын мәселелерді талқылау жалғастырылды.

Отырыстың күн тәртібінің алғашқы мәселесі бойынша ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов баяндады. Оның айтуынша, осы жылдың І тоқсанында экономиканың өсуі жалғасып, жекелеген өңдеу секторлары екі таңбалы өсуге шыққан, инвестициялар мен құрылыс айтарлықтай өскен.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев 2019 жылғы наурызда айлық инфляция 0,5% болғанын айтты. Жылдық инфляция 4,8% деңгейінде сақталды, бұл 2019 жылға арналған 4-6% нысаналы дәліздің ортасына сәйкес келеді.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов 2019 жылғы І тоқсандағы мемлекеттік бюджетттің атқарылуы туралы айтып берді. Ағымдағы қаржы жылының І тоқсанында бюджеттің барлық деңгейлерінде кірістер жоспардан асыра орындалып, оң өсу қарқынын көрсетті.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы А. Есімов өз сөзінде қор активтерін шетелде қорғау мәселесіне тоқталды. Ол ҚР-ға қарсы шығарылған халықаралық арбитраж процестері бойынша шешімдер тетігін әзірлеуді ұсынды.

Сонымен қатар, отырыста Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаевтың, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Б. Сұлтановтың баяндамалары тыңдалды.

Баяндамаларды тыңдағаннан кейін, ҚР Премьер-Министрі А. Мамин жыл қорытындысы бойынша оң көрсеткіштерді қамтамасыз ету үшін негізгі капиталға, құрылысқа және басқа да секторларға салынатын инвестицияларды одан әрі өсіру бойынша жұмысты күшейту керек екенін айтты. Сондай-ақ, орталық және жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын уақытылы әрі толық игеру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.

А. Мамин әлемдік экономика өсімінің бәсеңдеуі және сарапшылардың оның қарқындарының 2018 жылы 3,6%-дан 2019 жылы 3,3%-ға дейін төмендеуі туралы болжамдары жағдайында экономиканың инклюзивті және сапалы дамуына көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Белсенді дамушы елдердің сәтті тәжірибесі көрсеткендей, экономиканың орнықты дамуы негізгі капиталға инвестициялар көлемін үнемі сандық әрі сапалық арттыру есебінен қамтамасыз етілуі қажет екенін көрсетті.

«Инвестициялық саясатта таза тікелей шетелдік инвестицияларды тарту басымдық болуы тиіс», — деді А. Мамин.

Күн тәртібінің екінші мәселесін — шикізаттық емес экспортты ілгерлету мәселелері және Ұлттық экспорттық саясатты іске асыру барысын қарастыру ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленовтың баяндамасынан басталды. Ол дамудың басты көрсеткіштерін сандармен көрсетті.

Өз кезегінде ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның шикізаттық емес экспортында оң динамика байқалып отырғанын атап өтті.

«Химия өнеркәсібі 2,6%-ға, минералды өнімдер 14,6%-ға, машина жасау 11%-ға, азық-түлік өнімдері 7,6%-ға өсті», — деді Р. Скляр. Бүгінгі таңда Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады.

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын дамыту желісі бойынша баяндады. АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасында өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2021 жылы $2,4 млрд дейін жеткізу жоспарланған.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасы А. Әріпханов Елбасы тапсырмасы бойынша отандық кәсіпорындарды қаржылай және қаржылай емес қолдауды күшейту үшін алдағы 3 жылда 500 млрд теңге бағытталатынын, оның ішінде 470 млрд теңге «Бәйтерек» холдингінің құралдары арқылы бағытталатынын айтты.

Өз кезегінде, сыртқы істер министрі Б. Атамқұлов мемлекеттік органдармен міндеттерді ажырату бойынша ортақ түсіністік әзірленген, соған сәйкес ҚР СІМ-нің сыртқы деңгейдегі үйлестіруші ретіндегі рөлі бекітілгенін атап айтты. Салалық министрліктермен бірге нысаналау және мақсатты өнім түрлерін шетелдік нарықтарға ілгерілету мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Өнеркәсіптік бұйымдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ғана емес, құрылыс, логистика, туризм, ғарыш, қаржы, медицина және білім салаларындағы қызметтерді қамтитын тауарлық қатысуды бекіту және кеңейту мақсатында шекаралас елдермен сауданы кеңейтуге ерекше назар аударылады», — деді ҚР сыртқы істер министрі.

Мәселелерді талқылаудың қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі А. Мамин ЕАЭО аясында серіктес елдермен, Қытаймен және басқа да мемлекеттермен сауда айналымын ұлғайтудың басты шарты отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру екенін атап өтті. Бұл үшін экспортты мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған, Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы құрылды. Бизнесті мемлекеттік қолдаудың қаржылай құралдары өндірістен бастап экспортқа дейін бір жерде шоғырланады.

«Трансшекаралық инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстарын күшейту қажет. Бұл аса маңызды, себебі біздің көршілес сауда серіктестеріміздің экономикаларының өсу болжамдары тұрақты», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ілгерілетуге жекелей көңіл бөлінді.

«Біздің өнімдеріміз басқа елдерде танымал болуы тиіс, әрі ортақ экспорттық брендті құру арқылы экспортты дамыту қажет. Заманауи зертханалық базаны құру керек. Бұл бизнестің өз тауарлары мен көрсетілетін қызметтеріне тиісті сертификаттар алуына көмектеседі», — деді ҚР Үкіметінің басшысы.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин бір ай мерзімде барлық салалар бойынша экспортты дамыту және көрсетілетін қызметтердің басым секторлары бойынша жол карталарын әзірлеуді, сондай-ақ, халықаралық деңгейге сай келетін қазақстандық стандарттар, техникалық регламенттер мен нормаларды әзірлеп, енгізуді тапсырды.

Үкімет кулуарында журналистердің қызығушылық танытқан сұрақтарына ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов жауап берді. Осы жолы журналистер Үкімет қорынан 2019 жылдың маусым айында өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу үшін бөлінген қаражат туралы сұрақ қойды.

«Бүгін Үкімет отырысында Үкіметтің қорынан 9,4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды, аталған қаражат сайлау өткізуді қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Бұл сома негізінен жалпы Қазақстан бойынша 70 мыңға жуық адам жұмыс істейтін, шамамен 10 мың сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға бағытталады», — деді Ә. Смайылов.

Оның айтуынша, қаражаттың негізгі бөлігі сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін адамдардың еңбек ақысына жұмсалады.

«Сомасы түзетілді. Әрбір өңір бойынша учаске санын, онда жұмыс істейтін адамдардың санын нақтыладық. Аталған учаскелерде барлық адамдар толық мерзім жұмыс істеуге алынбаған. Біз осы өзгешеліктердің барлығын ескеріп, 9,4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдадық», — деді қаржы министрі.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр мобильдік қосымшалардың көмегімен адамдарды жеке тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерге қойылатын жаңа талаптарды түсіндіріп берді.

«Бүгінгі таңда такси жолаушыларын тасымалдауға клиенттердің тапсырыстарын өңдейтін интернет-ресурстар кең таралған. Заң жобасында мобильді қосымшаларды ұдайы пайдаланатын заңсыз тасымалдаушыларды көлеңкеден шығаруға мүмкіндік беретін аталған онлайн-сервистердің қызметі реттелген. Тасымалдаушы қосымшаға тіркеліп, өзінің жеке деректерін қалдырып, жүргізуші куәлігінің, көлік құралының және сақтандыруының нөмірімен бөлісуі керек», — деді Р. Скляр.

Р. Склярдың айтуынша, жүргізушінің тұлғасы айқын болуы тиіс, себебі тіптен жүргізуші куәлігі жоқ азаматтардың тасымалдаумен айналысып жүрген жағдайлары анықталған.

ҚР әділет министрі М. Бекетаев Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы А. Есімов өз сөзінде атап өткен, Қазақстанға қарсы шығарылған халықаралық арбитраж процестері бойынша шешімдер тетігін әзірлеу туралы ұсынысқа түсініктеме беріп өтті.

«Мәселе мынада, шетелдік инвесторлар біз келіспейтін арбитраждық соттардың шешімі бойынша өтемақы өндіріп алуға тырысқан кезде уақыт жоғалады (кідіріс). Арбитраждық шешім шығады, біз апелляцияға береміз және осы сәтте біз төлем жасамайтын, алайда олар тезірек ақша алғысы келетін жағдай туындайды. Апелляциялық сатыға шағым түсірудің мәні де осыда. Осындай кезде инвесторлар "Самұрық-Қазына" активтеріне тыйым салуға тырысады, себебі олар "Самұрық-Қазына" толықтай ҚР Үкіметімен бақыланатынына, және, сәйкесінше, Қордың Үкімет міндеттемелері бойынша жауап беретініне сенеді. Біз мұнымен мүлдем келіспейміз. Бірлесіп жұмыс істеп, бұндай сенімдермен келіспейміз. Себебі, мысалы, акционер АҚ міндеттемелері бойынша ешқашан жауап бермейді, керісінде АҚ акционер міндеттемелері бойынша жауап бермеуі тиіс. Бұл екі бөлек заңды тұлға. Сондықтан да, осындай инвесторлардың іс-қимылдарына қарсымыз», — деп түсіндірді М. Бекетаев. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу