Шығыс Қазақстан облысы: Биыл Қара Ертіске 23 мың сібір бекіресі қайтарылды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз конференциясында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндама жасады. 

2024 жыл Шығыс Қазақстан облысы үшін де, жалпы еліміз үшін де тарихи оқиғаларға толы жыл болды.

Облыс әкімінің айтуынша, энергетика саласындағы мәселелерді түбегейлі шешу үшін АЭС салу бойынша референдумға облыс тұрғындарының 73%-ға жуығы қатысып, оның ішінде 75%-дан астамы бастаманы қолдады. Бұл – облыс тұрғындарының бірлігі мен болашаққа сенімін көрсетеді.

Тағы бір маңызды оқиға – Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін, Орталық Азиядағы ең ірі көпірдің ашылуы. Нысанның инфрақұрылымы жасалып, 19 шақырым жол салынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған көпірдің өңір үшін стратегиялық маңызы зор. Облыстың 7 шалғай ауданы енді Қытай мен Ресей арасындағы транзиттік аудандарға айналып, қуатты көлік-логистикалық хаб қалыптасып келеді.

«Шығыс Қазақстан халқы Президентіміздің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының жүзеге асып жатқанын бірнеше маңызды шешімдерден көріп отыр. Үлкен Нарын, Катонқарағай және Марқакөл аудандары қайта құрылып, тарихи әділдік орнады. Реформалардың оң нәтижелеріне 3 жыл бұрын қайта түлеген Тарбағатай мен Самар аудандарының тұрғындары да куә болды. Президент Катонқарағай мен Зайсан аудандарында әуежай салу туралы шешімін жариялағанда, өңір халқы бұл мемлекеттің шекарада жатқан шалғай аудандарын дамыту үшін жасалған тағы бір маңызды қадам екенін сезінді», — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерге экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуды, сонымен қатар еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастыруды тапсырған болатын. 

 

Экономика

Шығыс Қазақстан облысы Президенттің тапсырмаларын іске асыра отырып, экономиканы қарқынды дамытып келеді.

Өңір экономикасының өсімі 6,5%-ды құрады, өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,1% өсіммен 2,1 трлн теңгеге жетті. 

Бұл нәтижелер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы тұрғындар үшін неғұрлым қолайлы және дамыған орта құру және инвесторлар мен туристер үшін өңірдің тартымдылығын арттыру үшін алға қойылған ұлттық даму мақсаттары мен стратегиялық бастамаларына сәйкес келеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, біз инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау жолында жұмыс істеп келеміз. Президент еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті, сондай-ақ 2029 жылға қарай экономиканың өсу қарқынын екі есеге арттыру мақсатын қойды, бұл барлық саланың белсенді әрі үйлесімді жұмысын талап етеді», — деді Ермек Көшербаев.

Бүгінгі таңда, 2032 жылға дейін 913 млрд теңгеге 40 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Олардың ішінде биыл 46 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр және 478 жұмыс орны құрылды.

Бұл жобалардың қатарына кейіннен өңірдің экспорттық әлеуетін дамытуға және импортты алмастыруға әсер етуі тиіс 2 зауыттың құрылысы кірді, олар: түрік инвесторының қатысуымен, 1,5 млрд теңгеге «KAZMETALEXPORT» ЖШС түсті металл сынықтарын өңдеу зауыты (Өскемен қаласы) және 1,2 млрд теңгеге «УК Трубтех» ЖШС полиэтилен құбырларын дайындау зауыты.

Түсті металлургия тау-кен өнеркәсібімен тығыз байланысты екенін ескере отырып, биыл Маралды ауылында жылына 250 мың тонна кен өндіретін алтын өндіру фабрикасы («ВСАМ Продакшен» ЖШС) пайдалануға берілді.

Сондай-ақ облыстың ортамерзімді жоспарларында екі ірі жобаны іске асыру көзделген:

  • Тарбағатай ауданында жылына 25 млн тоннаға дейін кен өндіретін, инвестиция көлемі 216 млрд теңгені құрайтын, 1000 жұмыс орны бар мыс өндіру және қайта өңдеу бойынша тау-кен байыту комбинатын салу. Кәсіпорын өнімі ҚХР мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттауға бағытталған;
  • Ұлан ауданында инвестиция көлемі 235 млрд теңгені құрайтын, 120 жұмыс орны бар литий өндіру және қайта өңдеу бойынша тау-кен байыту комбинатын салу. Кәсіпорын өнімдері алыс және таяу шет елдерге экспортталатын болады.

Облыс әкімінің айтуынша, геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуге, геофизикалық зерттеулер жүргізуге ерекше назар аударылатын болады.

Сонымен қатар өңір экономикасын әртараптандыру және минералдық-шикізат базасын толықтыру үшін баламалы кен орындарын іздеу жұмыстары жүргізілуде.

Тағы 9 нысан бойынша, оның ішінде сирек жер және полиметалл кен орындары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоспарланған жобаларды іске асыру берік өнеркәсіптік негізді қалыптастыру және облыстың экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуі бойынша алға қойылған міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.


Агроөнеркәсіп кешені

«Ауыл шаруашылығы – Шығыс Қазақстан экономикасының күретамыры! Бұл саланы дамыту – басты міндеттеріміздің бірі. Биыл дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі 25%-ға өсіп, экспорт ұлғайды. Өңделген өнімдердің экспорты бір жылда 37,6%-дан 65,5%-ға дейін өсті. Күнбағыс майын өндіруден – Шығыс Қазақстан 1 орында. Келешекте тұрақты даму үшін түрлі факторларды ескеріп, шешімін іздеу керек. Облыстың экспорттық потенциалын көтеру үшін биыл халықаралық шаралар шеңберінде экспортқа өсімдік майын тасымалдауға бірнеше ірі келісім-шарт бекіттік», — деп Ермек Көшербаев жаңалықтармен бөлісті.

  • Мәселен, ҚХР халықаралық көрмесінде $11 млн тұратын келісім-шартқа қол қойылды («ВостокЭкоЛайн», «Сей-Нар» және «Янтарь УК» компаниялары); 
  • Самарқандта өткен 4-ші «Қазақстан – Өзбекстан» халықаралық ынтымақтастық форумында $12 млн-ға келісім-шарт жасалды ($10 млн Altyn Shyghys серіктестігі мен өзбектің Pet Agro Oil компаниясы және $2 млн OskemenAgroProduct пен TEXNO SERVIS SAM компаниялары арасында);
  • Шанхайдағы 7-ші халықаралық импорт көрмесінде B2B-келіссөздердің нәтижесінде $3 млн-ға келісім-шарт жасалды.

Сонымен қатар Ұлан мен Зайсан аудандарында су үнемдейтін агротехнологиялар бойынша ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының» қатысуымен ERTIS BEREKE OSKEMEN компаниясы бірлескен кәсіпорын құрып, Su Bereke брендімен отандық жаңбырлатып суару қондырғысын өндіруге кірісті. Жобаға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. 

Бұған қоса, Өскеменде жылына 50 мың тонна шикізат өндіретін «Алтай май» май экстракциялау зауытының құрылысы аяқталады. Оның құны – 17,3 млрд теңге. Бюджеттен – 2,5 млрд теңге, инвестор – 14,8 млрд теңге бөліп отыр. Бұл зауыт өңделген өнімнің көлемін 595 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ өсімдік майының экспорты бір жарым есеге ұлғаяды.

Шығыс Қазақстанда 80 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Облыс жылына 20 мың тонна сүт және 33 мың тонна ет өндіреді. 32 мың тонна сүт 14 мың тонна ет өнімін тұтынады.

Биыл Шемонаиха, Ұлан және Алтай аудандарында өнімділігі жылына 40 мың тонна сүт шығаратын 6 ірі сүт-тауар фермасы іске қосылады. 

«Агроөндірістік кешеннің, соның ішінде ет өнімдерін экспортқа шығарудағы кедергілерді еңсеру үшін бірыңғай көпсалалы лаборатория ашқалы отырмыз. Өнімді экспорттайтын негізгі ел – Қытай. “Республикалық ветеринарлық лабораторияның” облыстық филиалының негізінде ашылатын мекеме халықаралық стандарттарға сай аккредитациялау жүйесінде тіркеліп, алыс-беріс операцияларын жүргізуге рұқсатнама құжаттарын беретін болады. Ветеринарлық жағдай еліміз үшін өте маңызды. Сондықтан келесі жылы 3 млрд теңгеге материалдық базаны күшейту жсопарланған. Бұл сала біздің ерекше бақылауымызда», — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 

 

Балық шаруашылығы 

Еліміздегі су ресурстарының 40%-ы ШҚО-да орналасқан. Өңірде 16 балық шаруашылығы 2 мың 200 тонна өнім өндіреді. Бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 10 мыңға дейін ұлғайту жоспарланған. 

Сонымен қатар өткен ғасырда құрып кеткен бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіру қолға алынды. OstFish компаниясы жас бекірені жасанды бассейнде жетілдіріп, қалыптасқан табиғи ортасына қайтаруда. Биылғы экологиялық акция аясында Қара Ертіске 23 мың бас сібір бекіресі қайтарылды. Су қоймаларының тұрақты экологиясын қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр. Айналмалы арналардың құрылысы бекіренің жандануына қолайлы жағдай жасады.

Сондай-ақ форель шаруашылығын дамыту үшін Түркияның тәжірибесі зерттелді. Бұл ел әлемдік нарықтың 15%-ын қамтамасыз етіп отыр. Инновация енгілізіп, бизнес жауапты түрде іске кіріссе, бұл сала өңірдегі агроөндірістік кешеннің драйверіне айналмақ. 

 

Ауыл аманаты

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 млрд теңгеге 181 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Өткен жылы қаржының 80%-ы мал басын көбейтуге берілсе, биыл басым бөлігі қайта өңдеу өнімдеріне бөлініп отыр. 

Дамыған экономиканың негізгін қалыптастыру үшін қажетті басым бағыттың бірі – шағын және орта бизнесті қолдау.

Кәсіпкерлікті нығайтуға бағытталған шаралар аясында 674 жобаны субсидиялауға және кепілдендіруге 2,1 млрд теңге бөлінді. «Ақ-Ниет» өңірлік бағдарламасы 167 жобаға 1,8 млрд теңгеге несие берді. Бұл салық төлемдерінің 28,9%-ға, инвестиция көлемінің 16,4%-ға және шағын-орта бизнес өндірген өнімнің 15,7%-ға ұлғаюына ықпал етті.

ШҚО әкімінің айтуынша, азық түлік бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті фермерлер мен тауар өндірушілерді субсидиялау, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау шаралары жүзеге асырылады. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды төменгі бағамен сату орындары тұрақты бақылауда.

Тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді азық-түлік жеткізу үшін жыл басынан бері 1,4 млрд теңгеге 462 жәрмеңке ұйымдастырылды.

«Алтай» көтерме және бөлшек сауда орталығы толық іске қосылғанда тауарды шаруа қожалықтарынан делдалсыз, тікелей алатын мүмкіндік туады. 

«Атқарылған шаралар мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 28 жаңа өндіріс орны мен шағын өңдеу цехтары ашылды. Осылайша ет және балық өнімдерінен консерві шығару бойынша республикада екінші орынға шықтық», — деді Ермек Көшербаев.

Шығыс Қазақстан экономикасының ерекшелігі – оның 40%-ы өнеркәсіпке тиесілі. Ал тұрғындарға табыс әкелетін, халықты жұмыспен қамтитын сауда-саттық саласы 13%-ды ғана құрайды.

«Алматымен салыстырсақ, онда керісінше – экономиканың 30%-ын сауда, ал өнеркәсіп тек 5%-ын ғана құрайды. Алматыны мысалға келтіріп отырған себебім, бұл республикалық бюджеттің донорларының бірі. Ал Шығыс Қазақстанның өз кірістері 36%-ды ғана құрайды. Қалғаны республикадан алынатын дотация. Экономиканы әртараптандыруға келсек, Шығыс Қазақстан облысы жыл бойы жұмыс істейтін туризмді дамытуға ниетті. Өңірдің тағы бір ерекшелігі – бізде туристік сала жыл бойы жұмыс істей алады. Ал туризм өз кезегінде шағын және орта бизнесті дамытудың драйверіне айналары сөзсіз», — деді облыс әкімі.

 

Туризм 

Өңірде туристік ақпараттық орталықтар желісі кеңейіп келеді. Марқакөл мен Алтай аудандарында жаңа екі орталық ашылып жатыр. Жол бойындағы сервис те бір стандартқа сай келтіріліп жатыр. Орындар анықталды, бұл, негізінен, туристер жиі тоқтайтын жерлер.

«Меймандар жолай соға алатын дәретханалардың сапасы сын көтермейді. Сондықтан, әр ауданда кемінде 2 санитарлық-гигиеналық торап салынады. Бұл – заманауи, адамның қажеттілігіне сай орындар болады», — деді әкім.

Туризмді дамытудың басты факторы – қонақжайлық мәдениет қалыптастыру. Ол үшін тур-бизнесмендердің қабілеті мен қызмет көрсету сапасын арттыру керек. 

Бұған қоса, өңірдің туристік тартымдылығын арттыру үшін брендтік іс-шаралар өткізіліп келеді. Соның ішінде «AltaiFest – Өрлеу» жазғы фестивалі және «Шығыс Салбұрыны» құсбегілер мен бүркітшілер фестивалі бар. Бұдан бөлек, Бозанбай ауылында ұлттық спорт түрлерінің құзыреттілік орталығы ашылуда. Әкімнің айтуынша, оны әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан басқарады.

«Қонақжай үйлері ұйымдастырылған туризмнің үлгісіне және тұрғындардың табыс көзіне айналды. Катонқарағайдағы Коробиха ауылы бүгінде бүкіл елге мәлім. Ондағы әрбір үй алажаздай турист қабылдап, толайым табысқа жетіп отыр. Қазір Зимовье және Поперечное ауылдары осы бағытта дамып келеді. Табиғаты әсем, айналасы таулы аймаққа қысы-жазы келушілер жеткілікті. Риддер қаласында белсенді демалыс және тау шаңғысы спортымен шұғылдануға арналған кластер қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Ал, Катонқарағай ауданында 4 жұлдызды отель мен 2-3 жұлдызды қонақ үйлер салынады», — деді Ермек Көшербаев. 

Қолға алған іс-шаралар жыл басынан туристік саладағы инвестициялар көлемін 23%-ға, қонақтарды орналастыру көлемін 50%-ға, ал демалушылар санын 20%-ға арттыруға мүмкіндік берді. 

Туристерді көбейту үшін инфрақұрылым жақсартылып, қорықтар мен ұлттық саябақтар, тарихи-мәдени орындар жан-жақты насихатталуда.

Тағы бір жаңалық – Қытай тарапымен бірлесіп, Марқакөл және Қанас көлдері арасында трансшекаралық туристік маршрут ұйымдастыру көзделген. Ол үшін Марқакөл ауданындағы Теректі және Қытай жағындағы Ақтүбек ауылдары маңында жаңа шекара өткелін ашу және Марқакөл көліне дейінгі жол құрылысы мәселелері пысықталып жатыр.

Шығыстың табиғаты мен дәрігерлердің кәсіби әлеуеті өңірде медициналық және санаториялық-курорттық туризмді дамытуға да ықпал етеді.

Бұл бағытта алғашқы қадамдар да жасалуда. Пантымен емдеу орындары облыстың брендіне айналған. Оған қоса қазір үздік технологиямен жабдықталған және білікті кадрлары бар облыстық онкология орталығы өзге өңірлер мен шет ел тұрғындарын емге қабылдай бастады. 

«Біздің кейбір ауылдастар баруды жөн көретін Түркияда немесе Кореяда мұндай рәсім шамамен $3 мың құрайды. Туризмді дамыту – бірінші кезекте жол бойындағы сервис, ас мәзірі, қызмет көрсету сапасы, инфрақұрылым, электр қуаты және жолдың сапасына байланысты. Біз осы мәселелерді кешенді түрде шешумен айналысып келеміз», — деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.

 

Жол инфрақұрылымы

«Жол жылы» аяқталып қалды. Біздің республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеумен рекордтық деңгейде қамтамасыз еткенімізге назар аударғым келеді. Мәселен, биыл республикалық маңызы бар 392 шақырым автожолда жөндеу жұмыстары басталды, оның 110 шақырымы бүгінде аяқталды», — деді әкім.

Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қаржыландыру 7-ден 15 млрд теңгеге дейін 2 есеге ұлғайтылды. Ал елді мекендердің көшелері мен жол құрылыстарын жөндеуді ескере отырып, 31,5 млрд теңге салынды. Соның нәтижесінде 600 шақырым жол жөнделді.

Негізгі маршруттар экономикалық тиімділік, туристік бағыттар, сондай-ақ тұрғындар мен автокөлік иелерінің тілектері негізінде таңдалды. Бұған дейін ешқашан асфальт болмаған 79 шағын ауылда 6,9 млрд теңгеге 120 км орталық көшелерді кезең-кезеңімен асфальттау және көше жарығын орнату жоспарланған. Биыл 9 ауылда асфальт төселді, оның ішінде 4 ауылда орталық көшелер жарықтандырылды.

Барлық жөндеу жұмыстарына 33 жергілікті компания тартылды, соның арқасында барлық салық аударымдары облыста қалды. 1 362 жұмыс орны құрылды.

 

Ауыз су мәселесі

 

Мемлекет басшысы халықты 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Ол үшін сумен жабдықтаудың 16 жобасы іске асырылып жатыр, оның жетеуі жыл соңына дейін аяқталады.

Жыл қорытындысы бойынша ауыл халқының ауыз суға қолжетімділігі 98,5%-ды (1,3% өсім; ҚР – 97,8%, 239,5 мың адам), ауылдарды қамту – 98,5% (2,4% өсім; 350 АЕМ-нің 345-і) құрайды. Жалпы халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі 99,4%-ды (0,4% өсім, ҚР – 98,6%), оның ішінде қала халқы – 99,9% (ҚР – 99,5%, 483,4 мың адам) құрайды.


Тұрғын үй мәселесі

Мемлекет басшысының жалға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде тұрғын үй қорын едәуір кеңейту жоспарлануда. 

Ағымдағы жылы жалға берілетін тұрғын үй саны 2,4 есеге өседі және кезекте тұрған азаматтарға 769 пәтер беріледі. Оның ішінде «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша жеке құрылыс салушылар 425 үй салды.

Сондай-ақ 672 пәтер кредиттік тұрғын үй салынды. Осылайша, бюджет есебінен барлығы 1 441 пәтер пайдалануға берілді.

Өңірде Отбасы банкімен алғаш рет мамандарды тартуға бағытталған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылды, бұл тұрғын үй жағдайларын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар облыста білікті кадрлар санының өсуін қолдай отырып, әлеуметтік проблеманы шешуге ықпал ететін болады.

«Өскеменде үш ТҮК үлескерлерінің шешілмеген мәселелері бар. Құрылыс салушылар тиісті құжаттамасыз құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізгені үшін және үлескерлердің қаражатын заңсыз жұмсағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бірде-бір үлескер мемлекеттің қолдауынсыз қалмайды. Барлық мәселе заңнамада белгіленген тәртіппен шешілетін болады. Сонымен қатар азаматтарға тұрғын үй сатып алмай тұрып, құрылыс салушыда объектіні салуға барлық рұқсат құжаттарының бар екеніне көз жеткізу қажет екенін еске салғым келеді. Осы оқиғада адамдардың жіберген қателігі – бұл үлестік құрылыс деп ойлаған, алайда, бұл пәтерлерді брондау жағдайы болды. Сол себепті, салынған ақшаны қайтару қиынға соқты», — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар үлескерлердің қаражатын тарту үшін құрылыс салушыда үлескерлердің қаражатын тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсаты немесе «ҚЖК» АҚ бірыңғай операторының кепілдігі болуы тиіс. 

 

Цифрландыру

Бүгінгі таңда цифрландыру әлеуметтік прогрестің негізі ғана емес, сонымен бірге өмірдің барлық саласында жобаларды жүзеге асыратын құрал болып табылады. 

Облыста халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жоба іске асырылып жатыр. Бейнебақылау жүйесін жаңғырту аясында бейнелерді интеллектуалды талдау үшін отандық O.P.E.R. бағдарламасы енгізілді.

Өскеменде 3 100-ден астам камера орнатылды, сондай-ақ стратегиялық объектілерде және адамдар жаппай жиналатын орындарда бейнеаналитика функциясы бар 300 жаңа камера қосылды. 

Дегенмен, облыста әлі де «цифрлық алшақтық» бар, ол шағын және шалғайда орналасқан ауылдарда (357 елді мекеннің 139-ы) интернеттің болмауымен байланысты, олар 2 жыл ішінде кезең-кезеңімен байланыспен қамтамасыз етілетін болады.

Биыл 45 ауыл байланыс операторларымен және Республикалық ғарыштық байланыс орталығымен бірлескен жұмыс нәтижесінде интернет желісіне қосылды.

 

Білім беру саласы

«Қолжетімді және сапалы білім беру келешігіміздің кепілі екенін жақсы білесіздер. Балалардың 99,3%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. 2-3 жастағы 1 912 бала балабақшадағы орынға кезекте тұр. Бұл мәселені шешу үшін 1 948 бала орны ашылды, жыл соңына дейін тағы 25 орын ашылады. Әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың 5 233 баласы балабақшаға тегін барады. Орта білім беру жүйесінде апатты немесе үш ауысымды мектептер жоқ», — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мың орындық 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр, олардың 4-еуі биыл іске қосылуға дайын, қалған 3 мектеп келесі жылы ашылады.

Сонымен қатар биыл облыстық бюджет есебінен Өскеменде 600 орындық мектеп іске қосылды. 500 орындық тағы 2 мектептің құрылысы аяқталу сатысында. 

Офтейк-келісімшарттар шеңберінде 2025 жылы аяқталатын 1 130 орындық 7 мектептің құрылысы басталды. (600 орындық мектеп Риддерде, 150 орындық мектеп Зайсан ауданында, 130 орындық 2 мектеп Тарбағатай ауданында, 50 орындық мектеп Күршім ауданында, 50 орындық мектеп Марқакөл ауданында, 150 орындық мектеп Самар ауданында).

Биылғы оқу жылынан бастап мектептерде «Біртұтас тәрбие» атты бірыңғай бағдарлама енгізілді, ата-аналарды педагогикалық қолдау кабинеттері ашылды, одан бөлек «Даналық мектебі» клубтары құрылды. 

Буллинг, суицид, тәрбие мәселелерімен айналысатын және психологтардың жұмысын арттыруға ықпал ететін Аймақтық психологиялық қолдау және көмек орталығы ашылды. Орталықта булингке қарсы «Kiva» пилоттық бағдарламасы іске асады, тәулік бойы «сенім телефоны» жұмыс істейді.

Сонымен қатар 170 мектепті жылдамдығы жоғары интернетпен 100% қамту үшін 5 мектепте талшықты-оптикалық байланыс желілері орнытылып, 161 мектепте «Starlink» спутниктік терминалдары енгізілді. Қалған 4 мектепте жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.

Биыл облыста 549,3 млн теңгеге 45 жаңа модификациядағы кабинет сатып алу жоспарланған. Жыл басынан бері 397,3 млн теңгеге 38 кабинет қойылды.

Бұған қоса, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 38 колледж 101 мамандық бойынша кадрлар даярлайды. 5 колледжде WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Қосарлы білім беру бойынша 27 колледж 448 кәсіпорынмен байланыс жасайды.

Ермек Көшербаевтың айтуынша, мемлекеттік тілді дамыту мәселесі – басты назарда. Жастармен қатар, ересек тұрғындарды да оқыту үшін мемлекеттік тілді дамытудың 100 орталығын ашу жобасы іске асырылуда.

«Қонақжай отбасы» жобасы оң нәтиже беріп, ел аумағына қолдануға ұсынылып отыр. Жоба аясында Өскемен, Риддер қалалары, Глубокое, Шемонаиха және Алтай аудандарынан 100 бала Катонқарағай ауданының отбасыларында тұрып, мемлекеттік тілді үйренсе, Зайсан мен Тарбағатайдың 20 баласы Глубокое ауданы мен Риддер қаласының отбасыларында орыс тілін меңгерді.

 

Денсаулық сақтау саласы

Президент өз Жолдауында ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыру және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта іске қосу қажет екенін атап өтті.

Облыста 364 денсаулық сақтау нысаны бар (28 аурухана, 131 дәрігерлік амбулатория, 36 ФАП, 169 медпункт). Оның 65-і жөндеуді қажет етеді.

«Мұның бәрін бір сәтте қалпына келтіру мүмкін емес. Қаржы өз алдына, оған қоса күнделікті халыққа қызмет етіп тұрған медициналық мекемелердің жұмысын тоқтата алмаймыз. Сондықтан, біз шетелдік тәжірибені қолданып, 3 жылдық жоспар аясында, кезең-кезеңмен жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз», — деді Ермек Көшербаев.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бойынша былтыр 17 нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 18 нысанды аяқтау жоспарланған.

Денсаулық сақтау жүйесінде елеулі өзгерістер күтілуде, мұнда инфрақұрылымды жақсартумен қатар, медициналық қызмет көрсету сапасы мен азаматтардың ыңғайлылығына назар аударылады.

Гематология орталығы, Риддердегі аурухана кешені және Ұлан ауданындағы жаңартылған емхана сияқты жаңа медициналық нысандар салынып жатыр. 

Ауруханалар мен клиникалар заманауи жабдықтармен белсенді түрде жабдықталуда, онкологиялық және кардиологиялық қызметтер дамып жатыр, инсульт орталықтары ашылып, жедел жәрдем стансасы кеңейтілуде. 

Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және жоғары технологиялық көмектің жаңа түрлерін енгізу мақсатында осы жылы Ресей, Германия және Түркияның жетекші клиникаларында 44 маман оқытылды. Тағы 57 маман білім алып жатыр.

 

Экология

«Денсаулық туралы айта тұра, экология мәселесіне тоқталмасқа болмайды. Өскемен әуе бассейнінің жай-күйіне климаттық, географиялық, антропогендік шарттар әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, қаланың орналасуы, желдің бар-жоғы, өндірістік кәсіпорындар, автомобильдер, қазандықтар және жер үйлердің түтіні ықпал етуі мүмкін. Бір апта бұрын эколог мамандар және қоғам өкілдерімен бірге Қоғамдық кеңес жанынан тұрақты жұмыс істейтін «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросын» құру туралы ұсынысты талқыладық», — деді облыс әкімі.

Қоғам, билік пен өнеркәсіп өкілдері диалог арқылы ауа сапасына қатысты қордаланған мәселелердің шешімін табуы керек. Бюро осы бағытта ұсыныстар әзірлеп, тұрғындарға ауаның ластануының қауіп-қатері мен оны азайтудың жолдарын түсіндіреді. Ең бастысы, қоғамдық бақылау күшейтіледі, дейді ШҚО әкімі.

«Топан суға келсек, былтыр уақтылы қабылданған алдын алу шараларының арқасында көктемде өңірді су тасқынынан аман алып қалдық. Келесі су тасқыны кезеңіне дайындық, оның алдын алу мәселесі жіті бақылауда», — деді Ермек Көшербаев. 

Президент өз Жолдауында экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі екенін, қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек екенін айтып, экология және тазалық мәселелеріне ерекше назар аударды.

Әкімнің айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынған «Таза Қазақстан» акциясы – тек көше сыпырып, аула тазартатын сенбілік емес, қоғамның санасын тазартуға бағытталған. Рухани тазалыққа шақырады. 

«Жас ұрпаққа ата-ана, мұғалім, қоғам болып үш жақтан тәрбие беріп, табиғатқа ұқыпты қарауды, қарапайым мінез-құлық нормаларын үйретуіміз керек. Қала, аудан, ауыл әкімдеріне – «сынған терезелер теориясы» деген түсінік туралы үнемі айтамын. Жол-жөнекей өтіп бара жатқанда елді-мекендердің жанынан бос жатқан, қираған ғимараттар, шашылған қоқысты көрсе, адамның көңілі құлазиды. Мұндай көрініс елдің келешекке деген үмітін, билікке сенімін жояды. Сондықтан, күл-қоқыс дер кезінде шығарылып, халықтың демалатын, жиналатын орындарын ұйымдастыру қала, аудан, ауыл әкімдерінің басты міндерттерінің бірі», — деді Ермек Көшербаев.

Елдің көкейінді жүрген тағы бір маңызды сұрақ – уақыттың аусуы. Қазақстанның бір уақыт белдеуіне өтуі туралы Сауда және интеграция министрлігінің ұсынысын Үкімет қолдады. Қазір жұмыс кестесін, қоғамдық көліктің кестесін өзгерту сияқты ұсыныстар қарастырылып жатыр. Уақыттың ауысуының түрлі салаларға қалай әсер ететінін зерттейтін арнайы комиссия жұмысының да нәтижесін күткен жөн, дейді ШҚО әкімі.

 

Халықты әлеуметтік қорғау

Халықты әлеуметтік қолдау мәселелері тұрақты негізде шешіліп келеді. 

Осы жылдың басынан бастап Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде 26 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 6,7 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды. Азаматтардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттарына 318 млн теңгеге 216 грант берілді. Шекара маңындағы аудандарды нығайту аясында облысқа оңтүстік өңірлерден 756 адам көшіп келді. Қабылданған шаралар нәтижесінде АӘК алушылар саны 30%-ға азайды.

Зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік шараларын қатаңдату үшін «Жанұя» отбасын қолдау орталығы құрылды, онда 482 отбасы көмек алды.

Облыста жабық ат спорты манежі салынды, ол жыл бойы иппотерапия әдісін қолдана отырып, тірек-қимыл аппараты бұзылған және бірқатар ақыл-ой кемістігі бар балаларға оңалтудан өтуге мүмкіндік береді. 


Спорт саласы

Ат спорты орталығы медициналық оңалтуда ғана емес, сонымен қатар спортта да маңызды рөл атқарады. Ұлттық паралимпиаданың ат спортына қатысты құрамасы толығымен Шығыс Қазақстан өкілдерінен тұрады.

«Дәстүр бойынша, біздің облыста бұқаралық спортты дамытуға басымдық беріледі. Дене шынықтыруды дамыту орталығы ашылды, ол мектеп, студенттер және жастар лигалары, спартакиадалар үшін тұғырнама, сондай-ақ спорт саласындағы жетістіктерге жету жолында жас ұрпақтың дене дамуы мен тәрбиесі үшін негіз болады», — деді Ермек Көшербаев.

Биыл 67 республикалық және 2 халықаралық іс-шара өткізілді (облыс спортшылары 4 968 медаль жеңіп алды, оның ішінде: 1 787-сі – алтын).

Риддер қаласында шаңғы-роллер жолының құрылысы, Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында ДСК құрылысы аяқталды, Ұлан ауданының Таврическое және Бозанбай ауылдарында ДСК құрылысы аяқталу сатысында тұр. Шаңғы базасын, 4 ДСК, спорт модулін салу, стадионды қайта құру жұмыстары жалғасуда.

 

Мәдениет саласы

Облыс креативті экономиканы дамытуға белсенді қатысады.

Осы жылдың басында Astana Ballet-те толық аншлагпен облыстық симфониялық оркестрдің концерті өтті.

Көрнекті композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Айсұлу» операсы қойылды. 

Сонымен қатар Иоганн Штраустың «Жарғанат» опереттасының дебюті өтті, Астана күніне орай Mamma Mia мюзиклінің премьерасы өтті. 

Тамыз айында осы бірегей музыкалық жанрды жандандыруға бағытталған, барлық өңірлік ұжымдардың қатысуымен үрмелі оркестрлердің облыстық фестивалі өтті.

Көшпенділердің 5-ші дүниежүзілік ойындары кезінде Астананың Ұлттық музейінде археология, мәдени мұраны сақтау және музей ісі саласындағы жетекші мамандарды жинаған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

«Біздің барлық мақсатымыз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдымызға қойған міндеттерге толық сәйкес келетіні сөзсіз», — деп сөзін түйіндеді Ермек Көшербаев.

#АӨК #Білім беру #Инфрақұрылымдық даму #Спорт #Туризм #Экономика #Өнеркәсіп

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу