Сот төрелігі академиясының 2025–2027 жылдарға арналған дамыту тұжырымдамасы: оқу процесіне цифрлық шешімдер енгізілуде

ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының вице-ректоры Қанат Мусин мен ҚР Жоғары Сот Кеңесі Аппаратының Сот оқуы және біліктілік емтиханын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Аида Қайжақпарова Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының дамыту Тұжырымдамасын іске асыру туралы баяндама жасады. 

Қанат Мусин ҚР Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының 2025-2027 жылдарға арналған дамыту тұжырымдамасының іске асырылу барысы мен магистратураға қабылдау нәтижелері туралы ақпарат ұсынды. 

Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясы – кәсіби судьялар корпусын даярлауда маңызды рөл атқаратын бірегей жоғары оқу орны. Академия судьяларды және сот жүйесінің қызметкерлерін даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жөніндегі міндеттерді жүзеге асыратын ерекше мәртебеге ие жалғыз оқу орны болып саналады. 

«Мемлекет басшысы 2024 жылғы қазандағы Қазақстан судьяларының IX съезінде сөйлеген сөзінде сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет екенін айтқан болатын. Ол Жоғары Сот Кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуға тиіс екенін атап өтті. Осы міндеттерді орындау мақсатында, 2025 жылғы 11 ақпанда Кеңес Төрағасының өкімімен Сот төрелігі академиясын 2025-2027 жылдарға даму тұжырымдамасы қабылданды. Бұл стратегиялық құжатта Жоғары Сот Кеңесінің қызметінде, сот жүйесінде, процессуалдық және материалдық заңнамаларында жүргізіліп жатқан реформалар, сондай-ақ сот практикасын жетілдіруді ескере отырып, Сот төрелігі академиясын дамытудың негізгі бағыттары көрсетілген», — деп атап өтті Қанат Мусин. 

Тұжырымдамада 6 стратегиялық бағыт анықталды:

- жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жетілдіру;

- қосымша білім беру жүйесін дамыту;

- Академия қызметінің ғылыми жұмысын жандандыру;

- Академияның кадр саясатында жаңа тәсілдерді іске асыру;

- Академияның материалдық-техникалық инфрақұрылымын жақсарту;

- Академияның оң имиджін нығайту. 

Тұжырымдама аясында Академия қызметін кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Осы мақсатта нақты Іс-шаралар жоспары әзірленді. 7 айдың ішінде Академия келесі нәтижелерге қол жеткізді: Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жетілдіру бағытында сот практикасының сұранысын ескере отырып, бейіндік және ғылыми-педагогикалық магистратура бойынша жаңа оқу жоспарлары бекітілді. Биыл алғаш рет ғылыми-педагогикалық магистратураға қабылдау жүзеге асырылды. Бұл шаралар Академия дипломының еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. 

2025 жылғы 4 маусымда Академия құрылғаннан бері алғаш рет «Құқық» бағыты бойынша докторантура білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік лицензия алды. Бұл шешім Академияның ғылыми әлеуетін кеңейтіп қана қоймай, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің мансаптық әрі ғылыми өсуіне жол ашады. Қазіргі таңда докторантураға құжаттарды қабылдау жүріп жатыр, оқу 2025 жылғы қарашада басталады деп жоспарлануда.

«Қосымша білім беру жүйесін дамыту бағытында судьялардың біліктілігін арттыру Жоғары Сот Кеңесінің ерекше назарында. Судьялардың нақты кәсіби сұранысына бейімделген жекелендірілген оқу бағдарламалары енгізілді. 2025 жылғы сәуір мен мамыр айларында алқабилер қатысатын сот өндірісі және азаматтық істердегі ар-намысты қорғау тақырыптарында мамандандырылған курстар өткізілді. Бұл қадам оқыту бағдарламаларын судьяның біліміндегі «олқылықтарға» нақты бағдарлауға мүмкіндік береді және тиісінше оқыту курстарын ұйымдастырудың сапалы жаңа деңгейін қамтамасыз етеді», — деді Сот төрелігі академиясының вице-ректоры. 

Судья лауазымына үміткерлердің теориялық даярлығын арттыру мақсатында Академияда алғаш рет референдиат институты енгізілді. 2025 жылғы наурыз-сәуір аралығында «Азаматтық-құқықтық дауларды шешу кезінде кейбір құқық салаларын қолдану ерекшеліктері» тақырыбында қарқынды курс өткізілді. Референдиаттың бірінші легі сәтті өтуіне байланысты сәуір айында қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамаларын қолдануға арналған екінші курс ұйымдастырылды.

Ғылыми қызметті жандандыру бағытында 2025 жылғы 10 сәуірде ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті Академияны ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеді. Бұл – Академияның жоғары ғылыми әлеуетінің мойындалуы және оның еліміздің сот жүйесін дамытудағы рөлін арттырудағы маңызды қадам. Сондай-ақ ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің бұйрығымен «Сот төрелігі академиясының хабаршысы» ғылыми журналы ұсынылатын басылымдар тізіміне енгізілді. Бұл журналдың талаптарға сәйкестігін және құқық пен сот тәжірибесі саласындағы ғылыми зерттеулерді жариялауға арналған беделді алаң екенін растайды. Сонымен қатар журналдың жаңа сайты іске қосылды, халықаралық идентификатор берілді.

Материалдық-техникалық инфрақұрылымды жақсарту бағытында материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша іс-шаралар іске асырылуда. Алғаш рет криминалистикалық полигон құрылды, компьютерлік парк жаңартылды, оқу процесін автоматтандыруға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе енгізілді, медициналық пункт жабдықталды. Осы аталған кешенді шаралар Академияны жаңғыртуда сапалы серпіліс жасап, оны сот жүйесіне жоғары білікті кадрлар даярлайтын заманауи орталық ретінде дамытуға берік негіз қалады.

Академия қызметінің 2025 жылғы тамыздағы маңызды нәтижелерінің бірі – магистратураға қабылдау болып отыр. Қабылдау науқанының басталуына дейін 2025 жылғы 21 ақпанда уәкілетті орган жаңа Қабылдау ережелерін бекітті. Тұжырымдама аясында алғаш рет ғылыми-педагогикалық магистратураға қабылдау көзделді. Қабылдау науқанына алғаш рет Жоғары Сот Кеңесінің мүшелерінің, сондай-ақ судьялық және адвокаттық қоғамдастық пен ғылыми орта өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген комиссиялар қатысты, бұл рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етті.

Құжаттарды қабылдау 2025 жылғы 1 маусымнан 29 шілдеге дейін egov.kz порталы арқылы және тікелей қабылдау жолымен жүзеге асырылды. Нәтижесінде 605 өтініш тіркелді, конкурс бойынша 1 орынға 10 адам үміткер болды.

Магистратураға түсу емтихандары 7–15 тамыз аралығында өткізілді және үш кезеңнен тұрды:

  • Кешенді тестілеу
  • Кейс шешу
  • Эссе жазу

Нәтижесінде магистратураға 98 адам, оның ішінде 60-ы мемлекеттік грант негізінде қабылданды. Конкурстық іріктеу нәтижесінде бюджет орындары білікті үміткерлер арасында тиімді бөлініп, магистранттардың сапалы құрамы қалыптастырылды.

«Барлық жасалған жаңашылдықтар судьялар мен заң қауымдастығының оң бағасын алуда. Академия даму тұжырымдамасын әрі қарай іске асыру бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда», — деп қорытындылады Қанат Мусин.

Өз кезегінде сөз алған Аида Қайжақпарова Сот төрелігі академиясының қызметін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар Академияны Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына бергеннен бастап жүзеге асқанын атап өтті.

Оның сөзінше, бастапқыда Сот төрелігі академиясын дамыту тұжырымдамасын 5 жылға қабылдау жоспарланған-ды, бірақ кейін оны жүзеге асыру мерзімін 3 жылға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Бұл шешім Сот төрелігі академиясын және жалпы Сот білімін одан әрі жаңғырту бағдарларын айқындайтын стратегиялық қадамдарды қабылдаудың бастамасы болды. 

Сот төрелігі академиясы бейінді және алғаш рет ғылыми-педагогикалық магистратура бойынша жаңа оқу жоспарларын іске асырып, олардың сот практикасының сұраныстарына сәйкестігін қамтамасыз етті. Сот төрелігі академиясында алғаш рет докторантураның ашылуы Тұжырымдаманы жүзеге асыруда шешуші орын алады, өйткені 10 жыл ішінде Академия тиісті лицензияны алуға бірнеше сәтсіз болған. Мұндай лицензияны алу барлық қажетті аспектілерді терең және егжей-тегжейлі пысықтаудың арқасында мүмкін болды. Бұл тарихи қадам болып табылады, өйткені бұл алғаш рет судьялар мен заңгерлер үшін жаңа мансаптық және ғылыми перспективалар ашты. 

Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнен басқа Кеңес басшылығы қазіргі судьялардың біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Дәл осы мақсатта Академия биылғы жылдың басынан бастап алғаш рет судьялар үшін олардың практикалық сұраныстарына барынша бейімделген дараланған курстарды енгізді. 

«Сот төрелігі академиясының ғылыми журналы туралы айта отырып, КОКСОН тізіміне кіретін отандық журналдардың барлығы 7-еуі бар екенін атап өткен жөн. Сот төрелігі академиясының хабаршысы журналы 8-ші болды. Академияның бұл жетістігі барлық қазақстандық заң ғылымы үшін маңызды деп санаймын. Сот білімі жүйесінде жүргізіліп жатқан барлық реформалар, сондай-ақ сот кадрларын даярлау жөніндегі бірегей ЖОО ретінде Сот төрелігі академиясының қызметін жетілдіру жөніндегі қадамдар судьялар қауымдастығы, сондай-ақ кәсіби ғылыми заң қоғамдастығы тарапынан оң пікірлер мен қолдау табатынын атап өту маңызды», — деп атап өтті Аида Қайжақпарова.

Сонымен қатар ол Сот төрелігі академиясының халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмысын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, биыл Жоғары Сот Кеңесінің қолдауымен Академия қызметінің халықаралық бағыттағы қызметі айтарлықтай күшейтілді. Көптеген халықаралық ұйымдар, сондай-ақ шетелдік серіктестер Академияға және қазіргі кездегі реформаларға қызығушылық танытуда. 

«Мемлекет басшысының соңғы жолдауы бүкіл қоғам үшін ғана емес, Жоғары Сот Кеңесі мен Сот төрелігі академиясы үшін де бағдар берді. Жасанды интеллект технологияларын ақпараттық дамытуға және енгізуге баса назар аудару жалпы сот білімі үшін жаңа басымдықтарды айқындайды. Кеңестің қолдауымен, ел Президентінің стратегиялық бағытын қолдай отырып, Академия білім беру процесіне заманауи цифрлық шешімдерді  қолдануды бастады», — деді Аида Қайжақпарова.

Оқу процесін кешенді автоматтандыру үшін жаңа ақпараттық жүйе құрылып, енгізілуде. Сонымен бірге Академияда жасанды интеллект технологияларын білім беру процесіне де, сот процестерін модельдеуге де, құқық қолдану практикасын талдауға да енгізу мәселесі пысықталуда. Мұның бәрі болашақ судьялардың жоғары кәсіби талаптарға сай болып қана қоймай, сонымен қатар жылдам цифрлық прогресс жағдайында жұмыс істеуге дайын болуын қамтамасыз етуге бағытталған. 

Кеңеспен жақын арада жоспарланған маңызды іс-шаралардың бірі Сот төрелігі академиясын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу болып табылады. Сот төрелігі академиясын Кеңес қарамағына берген сәттен бастап бір жыл уақыт өтті, бұл оның қызметінің қорытындыларын объективті бағалауға және болашақтағы қадамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Кеңес төрағасының бастамасымен ағымдағы айда Академия тарихында алғаш рет мемлекеттік аттестаттау өткізіледі, ол үшін тиісті комиссияның құрамы бекітілді. Комиссияға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері, ғылым мен білім берудің түрлі салаларындағы беделді ғалымдар мен кәсіби сарапшылар кірді. Комиссия жұмысының қорытындылары Кеңеспен мен Академияның ресми дереккөздерінде жарияланады. 

«Осылайша, бүгінгі таңда Академия 21-ғасырдың барлық сын-қатерлеріне жауап бере алатын судьялар корпусын құра отырып, Мемлекет басшысы Кеңес пен Академияның алдына қойған міндеттердің маңызды жетекшісіне айналуда», — деп түйіндеді баяндамасын Аида Қайжақпарова. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу